
- •Тұрақты ток машиналары
- •Тұрақты ток машиналарының құрылысы
- •Тұрақты ток генераторының жұмыс істеу принципі
- •Якорь реакциясы
- •Тұрақты ток генераторының негізгі параметрлері және сипаттамалары
- •Тәуелсіз қоздырылатын генератордың сипаттамалары
- •Параллель қоздырылатын генератордың сипаттамалары
- •Тұрақты ток қозғалтқышының жұмыс істеу принципі
Якорь реакциясы
Тұрақты ток машинасы бос жүріс режимінде (якорь орамасында ток жоқ) жұмыс жасаған кезде негізгі магнит өрісін (В0) тек бас полюстер ғана тудырады. Бұл өріс полюстердің осіне симметриялы болады және оның осі полюстер осімен сәйкес келеді.
Машинаны сыртқы жүктемеге Rж (қабылдағышқа) қосылған кезде якорь орамасы арқылы ток жүреді, сондықтан орама да айналысында өзінің магнит өрісін тудырады. Бұл өріс якорьдің өрісі деп аталады. Оның осі щеткаларды қосатын сызықпен (геометриялық нейтральмен) сәйкес келеді, яғни бас полюстердің осіне перпендикуляр болады. Якорь айналған кезде оның орамасының сымдарындағы токтардың таралуы өзгермейді, сондықтан якорь өрісі кеңістікте қозғалмайды. Ал өрістің магниттік индукциясы Вя якорь тогына тура пропорционал.
Машина жүктемеге жұмыс жасап тұрған кезде бас полюстердің негізгі магнит өрісі мен якорьдың өрісі бірі - бірімен әрекеттеседі де, қорытынды магнит өрісін (магнит индукциясы Вқор) құрайды. Бұл құбылысты якорь реакциясы деп атайды.
Қорытынды магнит өрісінің осі бас полюстердің магнит өрісінен осінен белгілі бір бұрышқа γ ығысады. Соның нәтижесінде якорьдың нейтральдық сызығы (В=0) да геометриялық нейтральдан (1-1) сол γ бұрышқа ауытқып, физикалық нейтраль деп аталатын сызық бойына орналасады. Генераторда бұл физикалық нейтраль якорьдың айналу бағыты бойынша жылжыған (ауытқыған), ал қозғалтқышта ол кері бағытта ауытқиды.
Якорь реакциясы тұрақты ток машиналарының жұмысына зиянды әсерін тигізеді: щеткалардың астында қарқынды ұшқындар пайда болуы және коллекторлық пластиналардың күюі мүмкін, сонымен қатар магнитсіздендіру өрісі пайда болуы мүмкін.
Сурет – Якорь реакциясы
Якорь реакциясының машинаның жұмысына зиянды әсерін азайту үшін қосымша полюстер қолданылады. Олардың магнит өрісі якорьдың магнит өрісіне қарсы етіп, жоюы тиіс. Қосымша полюстер бас полюстер арасындағы геометриялық нейтраль сызық бойына орналасады, ал олардың орамасы якорь орамасымен бірізді жалғанады және якорь өрісіне шамасы жағынан тең, бағыты жағынан қарама-қарсы магнит өрісін тудырады.
Сурет –Қосымша полюстердің орналасуы және жалғануы
Қосымша полюстер өз функциясын генераторлық режимде де, қозғалтқыштық режимде де атқарады.
Тұрақты ток машинасын қоздыру тәсілдері
Тұрақты ток машинасын қоздыру деп якорь орамасында белгілі бір мәнді э.қ.к.-ті (генераторлық режим) алу үшін немесе якорьдың айналу моменті (қозғалтқыштық режим) пайда болуы үшін қажет магнит өрісін тудыру айтады. Машиналарда негізгі магнит өрісін бас полюстер мен оларда орналасқан қоздыру орамалары тудырады.
Машиналарда қоздыру орамасы мен якорь орамасы желіге әр түрлі тәсілдер бойынша жалғануы мүмкін: бірі - біріне тәуелсіз, бірі - біріне параллель, бірімен бірі бірізді және параллель – бірізді (аралас).
Осы орамалардың жалғану тәсілдеріне байланысты тұрақты ток машиналары төрт түрге бөлінеді:
А) тәуелсіз қоздырылатын машиналар, оларда қоздыру орамасы мен якорь орамасы бірі - біріне тәуелсіз, әр түрлі қоректендіргішке жалғанады;
Б) параллель (шунттық) қоздырылатын машиналар, оларда қоздыру орамасы мен якорь орамасы бірі - біріне щетка арқылы параллель жалғанады және якорь орамасының э.қ.к.-нен қоректенеді;
В) бірізді (сериестік) қоздырылатын машиналар, оларда қоздыру орамасы якорь орамасы мен бірізді жалғанады;
Г) аралас (компаундтық) қоздырылатын машиналар, оларда әр полюстік өзекшеде екі орама шунттық және сериестік болады. Шунттық орама якорь орамасымен параллель жалғанады, ал сериестік орама онымен бірізді жалғанады.
Сурет –Тұрақты ток машиналарын қоздыру сұлбалары
Қоздыру орамасы мен якорь орамасын өзара жалғау тәсілдері генераторлардың электрлік қасиеттері мен тұрақты ток қозғалтқыштарының механикалық қасиеттеріне өте күшті әсер етеді.