
8 Билет
Шымтезек
Адамдар шымтезекті отын ретінде ерте кезде-ақ пайдаланған. Оның құрамы барлық кен орындарында бірдей емес. Шымтезек кендері негізінде көлдер мен су қоймаларында сулар тартылғаннан кейін, оларда мол жиналған өсімдік қалдықтарының құрғауынан пайда болады. Бұл әрине, ұзақ уақыт жүретін күрделі табиғи процесс. Ғылыми болжамдарға қарағанда, қалыңдығы бір метр шымтезек кені кемінде 30-50 жылда түзіледі. Шымтезектің кептірілген түрлерінде орта есеппен 60% көміртек, 6%сутек, 32% оттек, 2% азот болады. Оның жылу бергіштігі ағашқа қарағанда жоғары, көмірге қарағанда төмен болғанымен, құрамында күкірттің болмауы және күл қалдықтарының аздығы оларды энергетикалық ірі өндіріс орталықтарында, сондай-ақ ауылдық жерлерде тұратын үйлерді жылытуға тиімді арзан отын ретінде пайдалануға мол мүмкіндігін туғызады.
Қазақстанда шымтезек Қостанайда, Көкшетауда және Солтүстік Қазақстан облыстарының жазық далаларында көп кездеседі. Қостанай өңірінде кездесетін шымтезек сапасы жоғары, жанғанда 3500-4200 калорияға дейін жылу бөледі. Осы аймақтың ең ірі шымтезек кендері Тобыл мен Тоғызақ өзендерінің алқаптарындағы Қайыңдыкөл, Шәкірай, Өтегенкөл, Шайтомар, Аюкөл, Ащыөзек атты жерлерде және Меңдіқара ауданының көлтомарларында орналасқан. Іле Алатауының жазықтарынан да Ақтөбе облыстарынан да шымтезектің қорлары табылады.
9 Билет
Мұнай көздері Жер қойнауындағы химиялық элементтердің сан алуан қосындыларынан пайда болған сұйық-каустобиолиттер. Негізінен алғанда көмірсутектерінен тұратын бұл заттар дербес үйірімдер шоғыры түрінде жекеленеді: метанды, нафтенді, және хош иісті (ароматты ) тізбектер. Оның құрамында оттегі, азот, күкірт, асфальтты шайыр қосындылары да кездеседі. Мұнайдың түсі қызғылт, қоңыр, қошқыл, кейде ол ашық сарғыш түсті, ақшыл болып та келеді. Мысалы, Әзербайжанның Сурахана алаңында ақшыл түсті мұнай өндіріледі. Мұнай судан жеңіл, оның меншікті салмағы 0,65 – 0,95 г/см. Мұнай өз бойынан электр тоғын өткізбейді. Сондықтан ол электроникада айырушы (изолятор) ретінде қолданылады. Қазақ жерінде алғашқы мұнай көздері өткен ғасырдың (XIXғ.) аяғына қарай белгілі болды, бірақ өндірістік жолмен алғашқы мұнай 1911 жылы Доссор мен Ембіден, ал 1965 жылы Мақат кен орындарынан алынған еді. Жан-жақты жүргізілген геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде Маңғыстау түбегінен Жетібай, Өзен, Қаламқас, Бозашы, Теңге, Тасболат сияқты ірі-ірі мұнай кен орындары ашылып, Қазақстан ірі мұнайлы аймаққа айналды. Қазіргі белгілі Орал-Ембі мұнайлы алқабы Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының жерлерін қамтиды, оның жалпы аумағы 500 мың шарша км-дан асады. Ақтөбе облысында таралған Жаңажол, Шұбарқұмдық, Жақсымай кен орындарының болашағы зор, Каспий ойпатынан ашылған Кеңқияқ, Прорва кен көздері қазірдің өзінде едәуір көлемде мұнай беріп отыр. Шу-Іле және Балқаш-Алакөл аймақтары да мол мұнайлы аудандар қатарына қосылуда. Мұнай Торғай мен Жезқазған жерлерінде де табылуда. Сондай-ақ Қызылорда облысының жазықтары да мамандардың болжауынша мұнайлы аудандардың қатарына жатады.