
Міндетті әлеуметтік сақтандырудың құқықтық негізі.
Әлеуметтік сақтандыру –
әлеуметтік қамсыздандырудың негізгі нысандарының бірі;
экономикалық тұрғыдан белсенді халықты жұмыстан, еңбек ету қабілетінен және табыстан айырылуға байланысты түрлі тәуекелден зиянды өтеудің ұжымдық ынтымақтастығы негізінде әлеуметтік қорғау нысаны;
азаматтарды қартайғанда, сырқат, жазатайым оқиға салдарынан, бала туу себепті, т.б. мән-жайларға байланысты еңбекке уақытша немесе тұрақты жарамсыз болған жағдайда, сондай-ақ олардың денсаулығын сақтау, қорғау мақсатымен материалдық жағынан қамсыздандыру жүйесі.
Әлеуметтік сақтандырудың ерекшелігі – жұмыс берушілердің және мемлекеттің қолдауымен жұмыскерлердің мақсатты жарналарынан құралатын мамандандырылған қорлардан қаржыландыру, яғни әлеуметтік сақтандыру кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың міндетті жарналарынан құралатын ерекше қорлардың есебінен жүзеге асырылады. Халықты әлеуметтік қорғаудың қазіргі жүйесі мынадай негізгі элементтерді қамтиды:
мемлекеттік көмек берудің дәстүрлі нысаны (әлеуметтік көмек);
әлеуметтік жеңілдіктерді қоса халықтың жекелеген санаттарына берілетін мемлекеттік әлеуметтік кепілдіктер жиынтығы;
Әлеуметтік сақтандырудың екі нысаны бар, олар: міндетті әлеуметтік сақтандыру және ерікті әлеуметтік сақтандыру. Міндетті әлеуметтік сақтандыру бюджеттен тыс мақсатты (мемлекеттік немесе қоғамдық) қорлар арқылы қамтамасыз етілетін мемлекеттік әлеуметтік кепілдіктердің бір түрі. Бұл қорлардың тапшылығы жағдайында мемлекет оларға мемлекеттік бюджет қаражатынан көмек көрсетеді. Сөйтіп, ол осы қорлардың қаржылық орнықтылығының және міндетті Әлеуметтік сақтандыру бағдарламасының іске асырылуының кепілі болып табылады.
Екі түрі бар, олар: міндетті жалпы сақтандыру және міндетті кәсіптік сақтандыру. Міндетті жалпы сақтандыру еңбек шартымен немесе келісімшартпен жұмыс істейтін барлық тұлғаларға қолданылады. Міндеті кәсіптік сақтандыру жарақаттану қауіпі жоғары, ерекше қауіпті және еңбек етуге жағдай қолайсыз жұмыстарда істейтін тұлғаларға қолданылады. Ерікті әлеуметтік сақтандыру мемлекеттің (мемлекеттік бюджеттің) сақтандыруды қолдауы жоқ болғанда ұжымдық ынтымақ және өзара көмек қағидаты негізінде құрылады. Адам және бүкіл қоғам үшін барынша мәнді қажеттіліктерді қанағаттандырудың мемлекеттік әлеуметтік кепілдіктері халықты әлеуметтік қорғаудың жаңа жүйесінің негізі болып табылады.
Әлеуметтік арналым қорларын қалыптастырудың екі қағидаты бар:
1) ұрпақтар ынтымақтастығының негізінде; жұмыс істейтін ұрпақ жұмыс істемейтіндерді қамтамасыз етеді, ал, өз кезегінде, еңбекке жарамдылықтан айырылуына қарай оларды еңбек қызметіне кірген жаңа ұрпақ ауыстырады. Бұл қағидатқа негізделген жүйе Қазақстанда 1998 жылға дейін қолданылды;
2) әлеуметтік қорларға, көбінесе әлеуметтік қорға азаматтардың дербес аударымдарының негізінде; бұл қағидаттың іс-әрекеті кезінде төлемақылардың мөлшері нақты тұлғаның бүкіл жұмыс істеген кезіндегі салған сомасына байланысты болады. Бұл қағидаттың іс-әрекетіне негізделген жүйе Қазақстандағы зейнетақы реформасының негізіне қойылған.
Бірінші қағидатқа негізделген және Қазақстанда 1998 жылға дейін қолданылған жүйе мынадай ерекшеліктермен сипатталады:
1) зейнетақымен қамсыздандыруга мемлекеттік монополия;
2) әлеуметтік қамсыздандыру қорларына түсетін міндетті зейнетақы жарналарының топтастырылуы;
3) жүйе ішінде қаражаттарды қайта бөлу.
Мұндай жүйе жоспарлы директивалық экономика, еңбекке қабілетті халықтың жұмыспен толық қамтылуы, мемлекет тарапынан жан-жақты бақылау, зейнеткерлерге жұмыс істейтін халықтың жоғары ара қатынасы жағдайында тиімді болды. Өмір сүрген жүйе азаматтардың түрлі кәсіптік және әлеуметтік санаттарына арналған жеңілдіктердің көптеген түрлерінің болуымен сипатталады.
90-жылдардың басы мен ортасындағы экономиканың дағдарысы әлеуметтік сақтандыру жүйесінің де дағдарысына қозғау салды, бұл жарналарды төлеудің базалық көрсеткіштерінің құлдырауына да, сондай-ақ әлеуметтік қорларға оларды толық және уақтылы аударып отыруға төлеушілер мүдделігінің болмауы да әлеуметтік сақтандыруға төленетін жарналардың жиналымдылығының төмен деңгейінде көрінетін еді; бұл зейнеткер мен жәрдемақылар алатындар алдында берешектің үлкен көлеміне жеткізді; әлеуметтік қорлар қаражаттарыныңинфляциялық құнсыздануы зейнеткерлердің күнкөрістің ең төменгі деңгейіндегі қажеттіліктерін қамтамасыз етпеді және қорлар қаражаттарының аса шектеулілігі жағдайында әлеуметтік төлемақыларды өнбойы индекстеп отыру қажеттігін тудырады.
Қазақстанда жүргізіліп жатқан зейнетақы реформасының негізіне қойылған екінші қағидаттьің іс-әрекетіне негізделген жүйе мыналармен сипатталады.
1) зейнетақымен қамтамасыз етуді мемлекеттік реттеу;
2) зейнетақы қорын қалыптастыруға қатысқан 30 жастан төмен емес азаматтар үшін күнкөрістің ең төменгі денгейін сақтау жөніндегі мемлекеттің кепілдіктері;
3) зейнетақы жинақақшасын және әлеуметтік қамсыздандырудың басқа нысандарын межелеу;
4) зейнетақы қорланымдарын қалыптастыруға еңбек етуге қабілетті жастағы барлық азаматтардың міндетті қатысуы;
5) еңбек етуге қабілетті азаматтардың қартайғанда өзін зейнетақымен қамсыздандыруы үшін жеке жауапкершілігі;
6) инвестициялаудың тиімділігін және зейнетақы жинақақшасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
7) жинақтаушы зейнетақы қорларындағы қорланымдарға азаматтардың мұралану құқығын белгілеу;
8) қосымша ерікті зейнетақымен қамсыздандыруға азаматтарға құқық беру;
9) зейнетақы жинақақшасын экономикаға инвестициялау, бұл оның дамуына жәрдемдеседі.
Міндетті мемлекеттік әлеуметтік сақтандырудан басқа мемлекеттік емес зейнетақылық сақтандыру - зейнетақылық келісімшартқа сәйкес жұмыскерлердің және (немесе) олардың жұмыс берушілерінің ерікті жарналары есебінен қосымша зейнетақы қалыптастыру арқылы және мамандандырылған мемлекеттік емес зейнетақы қорлары арқылы зейнетақылар төлеу жолымен азаматтарды әлеуметтік қорғау қатынастары қолданылады.