
Мазмұны
Кіріспе
Қазақ зиялының діни уағыздамалары
М. Дулатовтың рухани-діни шығармашылығы
2.1 Міржақыптың өлеңдері
2.2 Міржақып Дулатовтың шығармашылығының орны
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер
\
Кіріспе
Міржақып Дұлатұлы (1885—1935) — қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері. Туған жері — Торғай уезінің, Сарықопа облысының бірінші ауылы(қaзipri Қостанай облысының Жанкелдин ауданына қарасты "Қызбел" ауылы). Алғашқыда бала Міржақып ауыл молдасынан оқып, хат таниды. Молдадан екі жыл оқығаннан кейін, 1897-1902 жылдары, ауыл мектебінде орысша оқытатын Мұқан мұғалімнен дәріс алады. Бұл мектеп Міржақыптың білімін толықтырумен қатар, азамат ретінде қалыптасуына да аса зор ықпал жасайды, Мұқан мұғалім ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариніргетасын қалаған оқу орнының, дәлірек айтқанда, Торғай қаласындағы уездік орыс-қазақ мектебінің түлегі болатын. Өз шәкірттеріне де ол осы рухта тәлім-тәрбие, терең білім береді. Бұл кезең патша өкіметінің отаршылдықты қазақ даласында күрт күшейтіп, қалың елге тізесін қатты батырып тұрған шағы болатын. Бұл жағдай сол кездегі қазақтың көзі ашық, оқыған, зиялы азаматтарына қозғау салды. Өз бетінше талпынып, білім жинап, орыс тілін жетік меңгерген Міржақып орыстың озық ойлы азаматтарының еңбектерімен танысуы арқасында замана тозаңын суырып, дүниені дүр сілкіндірер дауылды күндердің тақап келе жатқанын өзгелерден бұрын сезеді. Міржақып Дулатов — әдебиеттің әр түрлі жанрына қалам тартқан қаламгер. Алғашқы кітабы — "Оян, қазақ!" деген атпен Петербург қаласындағы жарық көрген өлең жинағы. Одан кейін 1913 жылы Орынборда "Азамат", ал 1915 жылы "Терме" атты өлеңдер кітаптары басылып шығады. Ақын өлеңдерінің басты такырыбы—ел тағдыры болды. Алғашқы кітабы "Оян, қазақ!" жұртшылық арасында ауыздан-ауызға, қолдан-қолға тез тарап кетеді. Қайта басылады. Кітаптың нeriзгi мазмұны халықты оятуға, әділетсіздікпен күресуге шақырған өлеңдер құрады. Сол себепті де кітап тұтқындалып, авторы қуғынға ұшырайды.
Қазақ зиялының діни уағыздамалары
Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,
Қарағым, енді жату жарамас-ты.
(М.Дулатов, «Оян, қазақ»)
Қазақ халқы ислам дінін өз халқының діні ретінде ұстанғанына да мың жылдан аса уақыт өтіпті. Дәлірек айтқанда, VIII ғасырдан бастау алғанымен, Х ғасырдың екінші жартысында арғы қазақ тайпалары тарихи шынайы таңдау жасап, ислам дінін қабылдады. Міне, осы кезеңнен бастап қазақ жері ислам өркениеті тараған аймаққа айналды. Сунниттік бағыттағы мұсылман діні қазақ халқы рухани байлығының ажырамас бір бөлігіне айналды.
Негізінде, қазақ халқы мәдениеті мен тарихындағы ислам дінінің рөлін екі аспектіде қарастыруға болады. Бір жағынан алғанда, құлдырап бара жатқан нанымдардың орнына келген ислам діні адамдардың адамгершілік тұрғыдан биіктеуіне, интеллектуалды және мәдени ілгерілеуіне ықпал етті. Әсересе, бұл дін ұлттық сипаттағы ең үздік қасиеттердің қалыптасуына оң әсер етті. Келесі жағынан алғанда, исламнан нәр алған халық тарих белестерінде өзіндік орнын жоғалтпау үшін мәдени күреске ұмтылды. Өйткені, бұл кезеңде қазақ жұртына қиыр шығыстық және христиандық дәстүрлер пәрменді ықпалын тигізіп, тұрақты қысымға алып отыратын. Ал ислам діні осыларға қарсы қойылған «сауыт» қызметін атқарды, ұлттық «мәнді» сақтап қалуға мүмкіндік берді.
Қазақ даласында «Құран», «пайғамбар», «шариғат», «ислам» сөздері үнемі айтылып жүрді. Араб-парсы классиктерінің шығармалары қазақ ұлттық мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналды. Өзінің бүкіл саналы ғұмырында қазақ халқы араб жазуын пайдаланып келді. Соңынан мұны Ахмет Байтұрсынов реформалап, өзіндік «төте жазуға» айналдырды, оған қазақтың төл дыбыстарын білдіретін таңбалар ендірді.
Қазақ мәдениетінің майталмандары атанған ақын-жыраулар, күйшілер, билер қырдағы ислам өркениетінің көрнекті өкілдері атанды, олардың діни білімдері ерекше болды. Қожа Ахмет Ясауи мен Асан Қайғыдан бастап Шәкәрім мен Міржақып Дулатовқа дейінгі қазақ мәдениетінің барлық өкілдері ислам руханиятының тасымалдаушыларына айналды.
Жалпы Алаш қозғалысында діни-рухани мәселе басты мәселелердің біріне айналды. Қозғалыстың тарихында хазіреттердің, ишандардың, молдалардың рөлі жоғары болғандығын ерекше атап айтқанымыз жөн. Ұлт зиялыларының қалыптасу кезеңі болған бұл жылдар қазақтың саяси жағдайын, мәдени өресін көтеруге бағытталған ізденіс жылдары болды.
Қазақ зиялыларының барлық өкілдері мұсылмандықты ұлттық-мәдени өмірдің қажетті бөлігі деп санады. Олар осы діннің мәдени, гуманистік және ұйымдастырушы кезеңін өркендетуге ұмтылды. Міржақып Дулатовтың «исламға қалай жол ашамыз» деген жан айқайы осы дінге деген ерекше құрмет белгісін танытады.
Халық жүрегіне ерекше қымбат тұлғалардың бірі – Міржақып Дулатұлы. Жақаңның бар ғұмыры халқымен тығыз байланысты. Оның халық деп соққан жүрегінің дүрсілі ғасыр сағатының тіліндей тырсылдап естіліп тұратынына ешкімнің күмәні болмаса керек. Ол өлеңдерімен халықтың діни білім алуға, имандылық жолына түсуге үгіттеу жүргізген. «Дегенмен «мен мұсылман» іс бітпейді, Бұл күнде жұрттың көбі дін күтпейді...» – деген екен Міржақып Дулатұлы бабамыз. Білімді алудың құралы көп екеніне тоқталды. Мысалы, мешіттердегі діни сауат ашу курстарына қатысу, кітап, газет-журнал оқу, уағыз-насихат тыңдау, т.б.