
10.5. Кәсіпорынның қаржы жоспары
Қаржы жоспары – экономикалық және әлеуметтік даму жоспарының басқа бөлімдері негізінде жете зерттеледі. Онда өндірістік қорлардың пайдаланылуын жақсарту мен өндіріс пайдалылығын арттыру тапсырмалары белгіленеді.
Қаржы жоспары — кіріс пен шығыс балансы түрінде құрастырылады, ол кәсіпорынның өндірістік-шаруашылық және қаржы қызметінің нәтижелерін, бюджетпен, банктермен өзара қатынастарын ақшалай нысанда көрсетеді. Баланста кәсіпорынның кірісі мен қаражаттың түсуі, оларды пайдалану бағыттары мен үйлесімдіктері, кәсіпорынның айналым қаражаты жөніндегі қажеттіліктері көрсетіледі.
Кәсіпорынның кіріс пен шығыс балансын әзірлеу барысында оның ресурстарының пайдалану резервтерін анықтау, өндірістің тиімділігін, оның пайдалылығын арттыру, пайда табу, кәсіпорынның өндірістік-шаруашылық қызметіне қажетті қаржымен қамтамасыз етілуі және оның ырғақты, әрі табыстылықпен жұмыс істеуін ынталандыратын жағдай жасау сияқты міндеттер де шешіледі.
Кіріс пен шығыс балансы – бөлімдер бойынша әзірленеді, олардың баптары қызметтің ерекшеліктеріне, пайдалы қазбаларды өндіру саласына байланысты. Ол төрт бөлімнен тұрады: табыс пен қаражат түсімдері, шығындар мен аударымдар, несие қатынастары, бюджетпен өзара қатынастар.
10.6. Несие
Несие - бір заңды тұлғаның екінші тұлғаға беретін ақшалай немесе заттай нысандағы қарыз, яғни ақша немесе тауарларды қарызға (қайтарым шартына негізделген уақытша пайдалану) пайыз төлеу шартымен беріледі. Несие беруші мен қарыз алушы (қарызгер) арасындағы экономикалық қатынастарды білдіреді. Сонымен, несие қатаң түрде белгіленген мерзім өткеннен кейін, белгілі бір пайызбен қайтару шартымен беріледі.
Несиені, несие желілерінен ажырата білу керек. Несие – бір жолғы қарыз, ал несие желілері – белгіленген уақыт бойынша және шартта келісілген лимит шегінде несие сома сериясын беру. Ақшалай қаражаттың берілу мақсаты мен мерзіміне қарай несие мына түрлерге бөлінеді:
ұзақ мерзімді (3 жылдан жоғары мерзімге);
орта мерзімді (1 жылдан 3 жылға дейін);
қысқа мерзімде (1 жылға дейін).
Кім несиегер екеніне қарай несие мына түрлерге бөлінеді:
- акцептілік несие – банк өзінің клиенттерінің атына жазылған вексельді төлеуге қабылдайтын жағдайда орын алатын несие. Банк несиегерге дисконтты шегеріп тастай отырып, вексельдің құнын төлейді, ал оны өтеу мерзімі өткеннен кейін бұл соманы борышкерден өндіріп алады;
- банк несиесі – несиенің негізгі нысаны, мұнда банктер ақшалай қаражатты уақытша пайдалануға береді. Банк процентін төлеп қайтару негізінде беріледі;
- ипотекалық несие – ипотекалық, комерциялық банктер, сақтандыру және басқа несие-қаржы мекемелері жылжымайтын мүлік (жер, құрылыс) кепілдігімен берілетін несие;
- басқа несие түрлері – мемлекеттік, онкольдық, тұтынушылар және халықаралық, т.б.
Кәсіпорынның қаржы міндеттемелері – кәсіпорынға оның қызметін қаржыландыру үшін көрсетілген мерзімінде қайтару шартымен берілген несие.
10.7. Кәсіпорындардың банктермен өзара әрекеттестігі
Кәсіпорындар шаруашылық қызметін жүзеге асыру процесінде банктердің, инвестициялық қорлардың, сақтандыру, т.б. ұйымдардың көрсететін қызметтерін пайдаланады.
Кәсіпорындар есептесу және кассалық қызмет көрсету үшін банкты өз бетімен таңдап алады. Банктер өз кезеңінде кәсіпорындарға әртүрлі шоттарды, оның ішінде есеп айырысу шоттарын ашады. Банктер кәсіпорындардың өтініштері бойынша қысқа және ұзақ мерзімде несиені ұсынуы мүмкін. Несие берер алдында банктер мына критерийлерді есепке алады:
- кәсіпорынның тиімді қызмет атқаратындығын;
- меншік нысаны - жекеменшік, акционерлік немесе бірлескен кәсіпорындар, т.б.;
- кәсіпорындардың сенімділігі, төлем қабілеттілігі, басшыларының құзыреті;
- жарғылық қордың мөлшері;
- кепілдік беру кейде басқа тұлғадан кепілдік алу.
Банк несиесін алу үшін меншік нысанына қарамастан, заңды тұлғалар келесі құжат түрлерін ұсынуы қажет:
- өтініш;
- бизнес-жоспар немесе техника-экономикалық негіздеу;
- келісім-шарттардың жобаларын;
- қарыз алушының сауал-сұрағы;
- қарыз алушының құрылтай құжаттары;
- кәсіпорынның жарғысы, құрылтайшылық келісім-шарт, тіркелу жөніндегі куәлік;
- кәсіпорынның салық инспекциясымен куәландырылған қаржы құжаттары (кәсіпорнның балансы, қаржы нәтижелері мен оларды пайдалану туралы есептеме);
- кепіл және кепілдік құжаттар.
Банктер ұсынылған жобаларға, бизнес-жоспарға техникалық және экономикалық негіздеуге өте жоғары талаптар қояды. Олар несие беруді, егер кәсіпорын қарызгер жобаны орындау үшін меншікті қаражатын пайдаланып, жобаға жұмсалатын шығынның 25 пайызын көтеретін болса ғана қолдайды. Банк проценті Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі белгілеген қайта қаржыландыру мөлшерлемесі (оның мөлшері 2008 жылдың 1 қаңтарында 9 % болған) мен инфляция деңгейіне байланысты.