
4.Техногендік жер сілкіну
Кейінгі кезде қоғамның инженерлік әрекетінен де жер сілкінуі өршитіні байқалды. Алдымен бұл құбылыс ірі су қоймаларын салумен байланысты. Қазір де сейсмологтарға осындай пайда болған 30-дан артық жер сілкіну белгілі. Американдар тіпті су қоймасын салсаң оған қосымша жер сілкінуін де иемденесін деген мәтел де шығарды. Мұндай жер сілкінуі Тәжікстанда дүние жүзіндегі ең ірі қатарынан 2 (Нүрек және Рогун) су қоймасын салудан пайда болды. Олар суға тола басталысымен-ақ сейсмикалық соққылар жиіледі. Оның үстіне Рогун бөгеті әлі де қимылы бар тектоникалық жарық үстінен тұрғызылғаны анықталды.
Су қоймаларынан басқа жер сілкінуіне оның қойнауынан көптеген мұнай мен газды, суды алу немесе керісінше, оның қойнауына су айдау себеп болады. Ташкент қаласының тура астынан 1956 жылдан бері 9 скважина мен минералды сулар ағызып алынды. Оның үстіне қала екі тектоникалық жарықтың түйіскен жерінде орналасқан. Айтқандай-ақ, 1966 жылы жер сілкінуі өтті. Жер сілкінудің жер астынан су алудың салдарынан болатындығына нақтылы дәлел-жер сілкіну алдында Ташкент астында гидростатикалық арын (қысым) 15 кг/см²-қа төмендеген.
Техногендік жерсілкінудің себебі - сұйық (не газ) алғаннан жыныс кесектерінің өзара тарту күші бәсеңдейді де сілкіну соққысынан жыныс жарылады. Немесе грунт арасы суға толады, ол серіппелі болғандықтан шамалы жер сілкінуіне қосымша дем береді.
5.Тектоникалық қозғалыстар
Біздің мәңгілік тірек-таянышымыз - әншейінде тастай мықты дейтін жер қабығы жас баланың миындай үнемі қозғалып, тербелуде. Бұдан 2,5 мың жыл бұрын Пифагор былай деген: «Берік жер теңізге көмілген, теңіз құрлыққа ауысқан. Теңіз жәндіктерінің қабыршақтары мұхиттан алыс жатыр, ал зәкір тау басынан табылған ... Жазықтар көтеріліп тауға айналған».
Жер қабығының үнемі төмен не жоғары баяу тербелуін ғасырлық қозғалыстар деп атайды. Солтүстік Еуропа халықтары мұндай тербелістерді ерте заманнан-ақ байқаған. Балтық теңізінің жағалауларындағы кемелер тоқтайтын гавандар біртіндеп тайыздап, порт құрылыстары теңіз жиегінен алыстай беретінді. Сол сияқты жағдай Жаңа Жер аралдарының жиегінен де көптен бері байқалып жүр. Ендеше, табаны көтерілуіне байланысты бұл өлкелерде теңіздер кейін шегінгені. Ал 1977 жылдан бері қарай Каспий теңізінің деңгейі 1,74 м-ге көтерілді.
Теңіз деңгейінің көтерілуі мен төмен түсуінің паршасын тек оның табанының төмен майысып, не жоғары көтерілуінен деп түсіндіруге болмайды. Бұл жай Әлемдік мұхиттің су көлемінің азайып, не көбеюіне де байланысты. Ондай аумалы-төкпелі құбылысты эвстатикалық тербеліс деп атайды. Мұндай көріністер әсіресе қалың материктік мұзарт басу күшейген немесе кеміп жойылған замандарда көзге түседі. Осылайша төрттік кезеңінде өткен мұз басудан мұхиттың 55 млн. км³ суы мұзға көшіп, деңгейі 125 м-ге төмендеген екен. Қазіргі кезде Антарктида мен Гренландия мұздарының еруінен жыл сайын 250 км³ шамасында су мұхитқа төгіліп, оның деңгейі жылына 0,7 мм-дей көтерілуде.
Теңіз деңгейінің көтерілу-төмендеуін жағаға орнатылған тең сызықтарға кертілген рекламалармен өлшеп отырады. Оған деңгей қалпын өзі қағазға түсіріп отыратын құрылғы қосса мареограф (латынша «маре»-теңіз) деп атайды.
Жер қабығының тербелісін мезгіл-мезгіл қайталап жүргізетін нивелировка(французша «нивелир»-тегістеу) арқылы өлшейді. Ол бойынша екі мезгілдің арасындағы жер бетінің биіктігін салыстырады. Оның негізі Ферғана ойпатының тұрғындары ерте дәуірде қолдана біліпті. Жері көтерілген кезде олар еселеу үші арықтарын ауық-ауық тереңдетіп отырған. Сонда бұл маңның көтерілуі жыл сайын 1 см-ден асқан көрінеді.
Жер үстіндегі осындай баяу көтерілу немесе төмен ылдилауларда ондаған, жүздеген млн геологиялық жылдарға шақсақ, олар алып өзгерістерге әкеп соғады екен. Мысалы, бұдан не бары 40 млн жыл бұрын Гималай жоталары мұхиттың түбі болатын. Қазірде олар теңіз деңгейінен 9 км-ге таяу биік бой түзеп тұр.
Жер қабығындағы қозғалыстар әсерінен қазіргі жер үстіндегі тау жыныстарының әр түрлі деформациялары көрінеді. Ол қозғалыстардың негізгі көзі жердің ішкі энергиясы, М.В.Ломоносов сөзімен айтсақ: «Жер құрсағының қызуы». Деформация салдарынан алғашында жазық бағытта қабаттасқан жыныстар тобы енді қатпарлар түзеді, олар жарықтарға үзіліп, бөлшектері бір-бірінен ығысып, алшақтайды. Осы қатпарлар, жарықшақтар, бөлшектер тау жыныстарының дислокациясы (латынша «дислокатио»-бұзамын) деп аталады. Оларды тік жарлардан жол оймаларынан көруге болады.
Жер қабығының қозғалыстарын, деформациясын, дислокацияларын геологияның арнаулы саласы тектоника (грекше «тектоникс»-құрылуы, құрушы) немесе геотектоника зерттейді. Ендеше «тектоника» деген термин «құрылым» деген сөзбен пара-пар, бір-бірінің синонимі. Бұл жерде деформация-процесс, дислокация - сол процестің нәтижесі, ал тектоникалық қозғалыс - бір жағынан себебі және сонымен қатар оның салдары екенін есте ұстау дұрыс.
Тектоникалық қозғалыстар өткен мерзіміне байланысы үшке бөлінеді. Қазіргі қозғалымтарға адам қауымының көз алдында(кейінгі 3000 жылда) өтіп жатады да оларды аспап-құралдармен тікелей өлшеп бағытын да жылдамдығын да анықтауға болады. Сонда тік бағыттағы қозғалыстар жоғары қарай өтіп, көтерілімдер түзеді де дұрыс бағытты деп аталады, ал тар құрса, оларды теріс бағытта деп атайды. Ең жаңа (неотектоникалық) қозғалыстар жер тарихының кейінгі 30-40 млн жылдарында болып, олардың белгісі жер бетінен байқалады. Көтерілген жерлерде таулар бой түзейді, төмен ығысқан өлкелерде ойпаттар, теңіз-мұхит шаралары пайда болады.
Жазық бағыттағы қазіргі қозғалыстарды геодезия аспаптарымен және Айда не жердің жасанды серіктерінде орнатылған лазер аспаптарымен өлшейді. Осылайша Памирдегі Гарм полигонындағы бақылау бойынша кейінгі 40 жылда Памир Тянь-Шань жотасына қарай жылына 2 см жылдамдықпен жылжығаны анықталды. Осындай жылжуды енді ғарыштан ауық-ауық фотоға түсіріп те көреміз.