
4.3. Формулалар редакторын қолдану
Егер құжатқа қандай да бір формула енгізу керек болса, Word-тың формулалар редакторын – Microsoft Equation 3.0 редакторын қолдануға болады. Ол үшін:
Курсорды құжаттың формула енгізілетін жеріне орналастыру;
Кірістіру (Вставка) → Обьект командасын таңдау;
Құру (Создание) ішкі бетіндегі Обьект типі (Тип обьекта) тізімінен Microsoft Equation 3.0 обьектісін таңдау;
Пайда болған формулалар редакторының терезесінде, саймандар панелінің төменгі қатарында орналасқан шаблоннның бірін таңдау (4.11-сурет);
Саймандар панелінің жоғарғы қатарынан қажет символды таңдау керек;
Бір шаблонды екіншісінің ішіне қою үшін, курсорды формула редакторының керек жеріне орналастырып, саймандар панелінен керек шаблонды таңдау;
Сонан кейін, курсорды жылжыту пернелерінің не тышқанның көмегімен шаблон элементтері бойынша жылжып, формула енгізу керек.
4.11-сурет. Формулалар редакторының сыртқы көрінісі
Формулалар редакторынан шығу үшін, енгізу терезесінен тыс жерді шерту керек. Терілген формулаларға қайта түзету енгізу үшін, формула аймағын қос шерту арқылы, автоматты түрде формула редакторы шақырылып, қажетті әрекеттер жасалынады. Мәтінге енгізілген формуланы белгілеп алып, өшіріп тастауға немесе басқа жерге жылжытуға болады.
Формулалар редакторында математикалық белгілерге қатыссыз қысқа фразаларды жазу үшін, меню жолынан Стиль→ Мәтін (Текст) режимі таңдалады. Бұл режимде алфавит символдары кәдімгі мәтін сияұты енгізіліп, сөздер арасындағы интервалдар " Бос орын" ("Пробел") пернесінің көмегімен беріледі. Математикалық стильде бос орын енгізу үшін, саймандар панелінің жоғарғы қатарынан сәйкес символды таңдау қажет.
4.4. Графикалық обьектілермен жұмыс
Графикалық обьект - графикалық кескін түрінде ұсынылған шынайы әлем обьектісінің моделі. Жеке жағдайда - дисплей экранындағы обьектінің бейнесі,кескіні.
Басқаша графикалық обьект деп - графика форматындағы файлда дискіде сақталынған сурет. Word-та алдын-ала әр түрлі қосымша программаларда дайындалған, графикалық файлдарды пайдалану мүмкіндігі бар. Бұдан басқа Word-та құжатқа кірістіруге болатын суреттер кітапханасы бар. Сондай-ақ Word-тың өзіндегі сурет салу саймандар панелін пайдаланып қарапайым суреттерді,блок-схемаларды және т.б. даярлауға болады.
Файлдан суреттерді кірістіру. Құжатқа графикалық файлдан сурет қою үшін,келесі әрекеттерді орындау керек:
курсорды құжаттың сурет кірістіретін жеріне орналастыру;
Кірістіру (Вставить)→Сурет (Рисунок)→ Файлдан (Из файла) командасын таңдау;
қажетті суретті таңдап,Кірістіру (Вставить) батырмасын басу керек.
Картиналарды кірістіру.Құжатқа картина кірістіру үшін:
курсорды құжаттың картина кірістіретін жеріне орналастыру;
Кірістіру (Вставить)→Сурет (Рисунок)→ Картиналар (Картинки) командасын таңдау;
Картиналарды кірістіру (Вставка картинки) қосымша терезесінен Картинкалар коллекциясы... (Коллекция картинок...) гипермәтінді ашып, 4.12-суреттегідей Коллекция тізімі шығады;
қажетті картинканы таңдап, оның оң жағында орналасқан ашылатын тізімді (4.12-сурет) шертіп,Кірістіру (Вставить) командасын таңдау керек.
Сурет салу саймандар панеліндегі Картинка қосу (Добавить картинку) батырмасы арқылы картиналарды кірістіруге болады.
4.12-сурет.Картиналарды кірістіру
Сурет даярлау. Құжатта қарапайым сурет не схема даярлау үшін, бос орын таңдап, сурет салу саймандар панелін шақырамыз (Түр (Вид)→ Саймандар панелі (Панели инструментов)→Сурет салу (Рисование) командасын, не стандартты саймандар панелінен -Сурет салу (Рисование) батырмасын таңдау керек). Сонан кейін, экранда суретті даярлауға болатын, сурет салу саймандар панелі (4.13-сурет) шығады.
4.13-сурет. Сурет салу саймандар панелі
Суретке жазу енгізу. Егер суретке мәтін енгізу керек болса, Жазу (Надпись) элементін құру керек. Ол үшін, Жазу (Надпись) батырмасын (4.13-сурет) басып, қажетті жерге тік төртбұрыш сызылады және форматтаудың бүкіл элементтерін (туралау, қаріптер және т.б.) пайдаланып, оның ішіне мәтін енгізіледі.
Сурет элементтерін форматтау. Суреттің әрбір элементін (жазу,сызық, сопақша, бағыттауыш сызықтар және т.б.) салып болған соң, олардың әр қайсысын, қосымша жеке форматтауға болады. Мысалы, Жазу (Надпись) элементінің жақтауын, ішкі бояуын алып тастауға, өлшемін өзгертуге, орналасуын дәл анықтауға және т.б. өзгертуге болады. Ол үшін, форматтайтын элементтің контекстік менюін шақырып, Автофигура форматы (Формат автофигуры) командасын таңдау керек. Пайда болған диалогтық терезесінен қажетті параметрлерді орнатуға болады.
Элементтерді орналастыру және оларды бір суретке топтастыру. Әрбір элементті салып және форматтап болғаннан кейін, оларды өз ара дұрыс орналастыру қажет және барлық элементтерді бір суретке біріктіруге болады.
4.14-сурет. Элементтерді орналастыру
Элементтерді бір-біріне қойғанда, жауып тұратын болса, біреуін беткі жағында, келесісін астыңғы жағында орналастыруға болады. Ол үшін қажетті элементтің контекстік менюін шақырып, Рет(Порядок) командасынан тиісті орналастыруды таңдау(4.14-сурет).
Барлық элементтерді бір суретке біріктіру немесе топтастыру үшін, "Shift" пернесін басып тұрып, әрбір элементті белгілеп (ерекшелеп) шығып, контекстік менюден Топталу (Группировка) →Топтастыру (Группировать) (4.14-сурет) командасын таңдау керек. Сонан соң, бірнеше элементтерден тұратын топталған суреттер бір сурет деп есептелінеді де, оны тұтасымен жылжытуға, көшіруге,өлшемін өзгертуге болады.
Қажетті әрекеттерді орындап болған соң, геометриялық элементтер тобын қайтадан бөлек-бөлек элементтерге жіктеуге болады. Бұл үшін сол біріктірілген топты белгілеп алып, контекстік менюден Топталу (Группировка)→Топты жіктеу (Разгруппировать) (4.14-сурет) командасын таңдау керек.
Обьектіні көшіру,орын ауыстыру,өлшемін өзгерту және форматтау. Обьекті ретінде - салынған сурет,файлдан кірістірілген бейне және т.б. болуы мүмкін. Обьектіні көшіру,яғни көшірмесін алу үшін, оны алдын-ала біріктіріп (егер сол элементтер тобынан тұрса) белгілеп алу керек, сонан соң, контекстік менюден Көшіру (Копировать) командасын қолдануға болады. Обьектінің көшірмесін алу үшін, оны <Ctrl> пернесін басып тұрып тышқанмен іліп алып, жылжытса да жеткілікті.
Обьектінің орнын ауыстыру үшін, алдымен оны белгілеп алу қажет, сосын оны тышқанмен іліп алып, қажетті орынға жылжыту керек. Егер ол элементтер тобынан тұрса, оларды бір топқа біріктіріп, сосын жылжытуға болады.
Обьектінің өлшемін өзгерту үшін, оны қоршап тұрған тіктөртбұрыштың жақтауындағы сегіз белгі ( - дөңгелек) бойынша, тышқанмен жылжыту арқылы, масштабын үлкейтуге немесе кішірейтуге болады.
Егер өлшемін өзгерту кезінде <Shift> пернесін басып ұстап тұрсақ, өзгертулер пропорционалды түрде екі бағытта (горизонтальді және вертикальді) жүргізіледі. Егер өлшемін өзгерту кезінде <Ctrl> пернесін басып тұрсақ, өзгертулер обьектінің центріне байланысты жүргізіледі.
Егер <Shift> + <Ctrl> пернелер комбинациясын басып тұрып обьектінің өлшемін өзгертсек, өзгертулер оның центріне байланысты пропорциональды түрде екі бағытта жүргізіледі.
Обьектінің форматын өзгерту үшін, контекстік менюден Обьект форматы (Формат обьекта) командасын таңдау керек.