
- •Мазмұны
- •Жалпы жағдай
- •Курстық жұмысты орындау тәртібі
- •Курстық жұмыстың мазмұны жөнінде нұсқаулар
- •Курстық жұмысты безендіру талаптары
- •Қазақстандағы инфляция қарқыны
- •Курстық жұмысты қорғауға дайындау және қорғау тәртібі
- •«Макроэкономика» пәнінен курстық жұмыстар тематикасы
- •7. Ұсынылатын әдебиеттер тізімі
Курстық жұмысты орындау тәртібі
Курстық жұмысты орындау келесі кезеңдерді қамтиды:
тақырыпты таңдау;
жұмыс жоспарын құру;
тақырып бойынша қажетті әдебиеттер мен статистикалық материалдарды жинау, іріктеу және қорыту;
курстық жұмысты аталған әдістемелік нұсқаулыққа сай орындау және безендіру, жұмысты жетекші-оқытушыға рецензиялауға ұсыну;
жетекші-оқытушы жұмысқа өзінің оң пікірін білдірсе, онда жұмыс қорғауға жіберіледі, ал егер рецензияда жұмыстың кемшін тұстары көрсетілсе, онда сол кемшіліктерді қалпына келтіріп, курстық жұмысты қорғауға дайындау;
курстық жұмысты қорғау.
Курстық жұмысты орындау ең алдымен тақырыпты таңдаудан басталады. Тақырыпты таңдауда студенттің теориялық дайындық деңгейін, статистикалық ақпараттарға қол жетімділік мүмкіндігін, сонымен қатар оның болашақтағы кәсіби қызметтің белгіленген түріне қызығушылығын есепке алу маңызды. Сондықтан әрбір студент тақырыпты саналы да мақсатты түрде курстық жұмысқа жетекшілік ететін оқытушымен келісе отырып таңдайды. Тақырыпты дұрыс таңдау жұмыстың белгіленген мерзімінде орындалуына мүмкіндік береді.
Тақырыпқа сәйкес әдебиеттер мен материалдарды жинау, талдау және қорыту – бұл жұмысты орындаудың ең күрделі кезеңі. Өйткені қажетті ресурстар базасынсыз курстық жұмысты орындау мүмкін емес. Қолданылатын деректер тізіміне қазіргі отандық және шетелдік экономикалық оқулықтар мен оқу құралдарын, монографияларды, мерзімді басылымдар (газет, журналдар) мен статистикалық ақпараттарды (ҚР жылнамалығы), Қазақстан Республикасының заңнамалық және нормативтік актілерін, сондай-ақ Internet ресурстарын да енгізген жөн.
Студенттерге ұсынылатын курстық жұмыстар тематикасы ұлттық экономиканың нақты міндеттері мен мәселелерін есепке алатын көкейтесті тақырыптардан құралып, макроэкономика курсын толықтай қамтыды.
Курстық жұмыстың мазмұны жөнінде нұсқаулар
Студент жұмыстың тақырыбына сәйкес жинақтаған әдебиеттері мен материалдарына сүйене отырып, курстық жұмыстың жоспарын құрады. Жоспардың сұрақтары бір-бірімен логикалық түрде байланысуы шарт. Әдетте ең оңтайлы жұмыс жоспары кіріспеден, екі-үш параграфтан тұратын 2-3 тараудан, қорытындыдан және қолданылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Жоспардағы сұрақтардың тақырыптық атауы қайталанбауы тиіс.
Ең алдымен, барлық материалдарды мұқият талдап, жүйелеу керек. Жұмысты орындау үдерісінде курстық жұмыс жоспары материалды меңгеру дәрежесіне байланысты өзгеруі мүмкін.
Кіріспе.
Кіріспеде тақырыптың өзектілігі анықталып, оны шешудегі негізгі мәселелер мен сұрақтар құрастырылады, сондай-ақ курстық жұмыстың мақсаты және осы мақсатқа жету үшін орындалатын міндеттер негізделеді. Сонымен қатар жұмыстың зерттеу объектісі мен пәні, жұмысты орындауда қолданылатын талдау әдістері мен ақпараттық базасы көрсетіледі.
Бірінші тарау.
Бірінші тарау жалпы теориялық (әдістемелік) сипатқа ие. Онда нормативтік деректерді, отандық және шетелдік экономистердің еңбектерін терең зерттеудің негізінде мәселенің теориялық мәні мен мазмұны, оны шешудегі әртүрлі теориялық тағылымдар қарастырылады және оларға баға беріледі, сонымен бірге студенттің өзіндік ұстанымы да көрсетіледі. Бұл тарау 2-3 параграфтан тұрады және келесі тараулар үшін теориялық негіздеме болып табылады.
Екінші тарау.
Бұл тарау аналитикалық (талдау) сипатқа ие. Тарауда зерттелетін мәселені Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму жағдайымен байланыстыра отырып, аталған мәселенің пайда болу ерекшеліктері мен себептерін ашып көрсету қажет. Жұмыста қарастырылатын сандық мәліметтерді кесте, сызба, графиктер және диаграмма түрінде жүйелеп көрсеткен дұрыс. Ал кесте, сызба және диаграммалар сәйкесінше жасалған түйін мәтіндерімен толықтырылады. Зерттелетін объектіні талдау үшін соңғы 3-5 жылдағы мәліметтерді пайдаланған жөн. Келесі тарауда ұсынылатын іс-шаралардың ғылыми негізділігі мен тереңдігі осы тарауды орындаудың сапасы мен толықтығына тікелей байланысты болмақ.
Үшінші тарау.
Бұл тарау жобалық тарау болып табылады. Студент курстық жұмысты орындау барысында анықталынған мәселені шешуде елімізде жүргізіліп отырған экономикалық саясаттың тиімділігіне баға беріп, құқықтық-нормативтік құжаттарды зерттеудің негізінде осы мәселені шешу механизмін ұсынуы тиіс. Курстық жұмыс тақырыбының бағытына қарай мәселен, қаржы жүйесінің, банктер мен салық салу жүйесінің және т.с.с. қызметін жетілдіру жөнінде шаралар жиыны ұсынылады. Сондай-ақ бұл тарауда ұсынылатын шаралардың тиімділігі анықталады.
Сонымен, курстық жұмыстың мазмұны мынадай: бірінші тарау – теория, екінші тарау – талдау, ал үшінші тарау – жетілдіру жөнінде ұсыныстар жасау.
Әрбір тараудың тақырыптық атауы жұмыстың мазмұнын толық ашатындай қысқа болғаны дұрыс.
Қорытынды.
Қорытындыда барлық жасалған теориялық және практикалық түйіндер мен ұсыныстар қысқаша баяндалады. Олар жұмыстың мазмұнын, мәнін және негізділігін толық ашып көрсететіндей қысқа, әрі түсінікті болуы қажет.
Қосымшалар.
Қосымшаларда курстық жұмыстың тақырыбына тікелей қатысты есептеулер, қосымша кестелер, әдістемелер, нұсқаулар, есептіліктің толтырылған нысандары және басқа да құжаттар келтіріледі.
Қолданылған әдебиеттер тізімі курстық жұмысты орындауда қолданылған Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілері, экономикалық оқулықтар, оқу құралдары мен монографиялар, мерзімді басылымдар мен Internet ресурстары тізімінен тұрады. Олардың тізімі стандартқа сәйкес безендіріледі.