Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
отбасы кешен.doc
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
449.02 Кб
Скачать

3. Сендіру, әңгіме, диспут, конференция, жаттығу әдістері.

Әңгіме. Отбасы туралы әңгімелер оқушылардың жастарына байланысты жүргізіледі. Бастауыш сыныптарда ата-аналар, ата-әже, бауырлар туралы әңгіме жүргізілсе, орта сыныптарда «сенің отбасың», «адамға дос керек», «әкенің ыстық алақаны» деген тақырыптарда әңгімелер жүргізіледі. Балаларға жастайынан отбасы туралы, ондағы адамның бір-бірімен қарым-қатынастары туралы әңгімелер өткізіп тұрудың маңызы зор. Біртіндеп жоғары сыныптарда отбасын талқылағанда күрделі тақырыптарға көшуге болады. Оқушылармен өткізілетін әңгімелердің тақырып үлгісін былай бөлуге болады.

а) 1-4 сынып оқушылары үшін әңгіме тақырыбы – отбасының адам өміріндегі маңызы, әке – шешені, ата-әжені, әпке-сіңлі мен аға-інісін, сыйлауы.

Отбасы - адамның өте маңызды, өте жауапты жанұясы, себебі отбасы адамға бақыт, толық мәнді тыныс-тіршілік әкеледі. Отбасы қоғамдық құрылымның кіші тобы, алғашқы ұясы [ 6. 118 б.].

Ата – ананың жылы жүрегі, мейірімді жүзі, аялы алақаны, ыстық құшағынан балаға дүние есігі ашылады, оның дүниетанымы өмірді білуден басталады. Ата – ана ұлы саялы терек. Теректі перзенттері күтсе, жемісті мол береді. Ата – ана отбасының жүрегі, олар өнегелі ісімен, ар тазалығымен сәбилерінің болашағын қалыптастырады. Ата – ана үшін ең асқан бақыт – балалардың дұрыс азамат болып өсіп шығуы, оқуы, білім алуы, денінің сау болуы, еліне елеулі, халқына қалаулы болып өсіп шығуы.

Ана баланың мейірбаны, балапанын жаңбырдан қанатымен қорғаған қызғыш құстай, өмір бақи ұрпағы үшін басын ажалға байлауға да дайын жан. Оның өмірі «Баламның табанына кірген шөңге, маңдайыма кірсе етті» деген ниетке құралады. [ 2. 49 б. ]

ә) 5-6 сыныптарда – «Сенің туған отбасың», «Сенің отбасыңдағы міндеттерің».

Отбасына деген сүйіспеншілік адамның бойына жас кезінен ұялайды. Адамның бақыты жанұя құруы осы сүйіспеншілікке және оның адам өмірінен қандай орын алатынына байланысты болады.

Адамның рухани болмысы сырт келбетінен де, тұратын орнынан да көрінеді. Үйді жайлы ететін қымбат дүниелер де, кілемдер мен хрусталь да емес. Бәрі де үй иелерінің талғамына және өз үйлеріндегі жағдайдың қаншалықты ұнамдылығына байланысты.

Үйдегі жайлылық пен сауаттылықтың алғы шарты-тазалық пен тәртіп, сондай-ақ барлық жанұя мүшелерінің тату-тәтті тұруға ұмтылуы.

Тазалық пен тәртіп жоқ жерде үй ішінің жайлылығы болмайды. Үйдің таза болуын, онда тәртіптің сақталуы үйдегі әрбір заттың өз орнында тұруын, орындықтарға киім-кешектің үйіліп тасталмауын, ол балалар ойыншықтарының бүкіл үй ішінде шашылып жатпауын талап етеді. Үй иесі әйел жұмыс істеген жағдайда үйдегі барлық міндеттер бөліп атқарылатын болуы керек. Қыз балалар шамасы келгенше анасына қолғабыс беріп, ас әзірлеуге, кір жууға, үй ішін жинастыруға, ер балалар әкесімен бірігіп басқа да шаруаларға көмектеседі. Кішкене балаларға да көмектеседі. Кішкене балаларға да шамасы келетін тапсырмалар беру қажет, өйткені бұл олардың бойында еңбекке деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін тәрбиелейді [ 5. 170-171 б.].

б) 7-8 сыныптар үшін – «Туған үйдің ошағы», «Ананың ақ сүтін ақтау» - «Анаң алдыңдағы мәңгілік борышың », «Әкенің ыстық алақаны», «Ата мен әже», «Аға – інілер мен әпке - қарындастар», «Отбасында кім-кімге көмектеседі».

Ең жақын әрі жасы үлкен туыс –ағалар, әпкелер десек, әке-шеше жоқта солардың орнына жүретін жүретін кісілер ретінде, оларға құрмет көрсету, айтқандарына құлақ асып, пікірлерімен санасу, үлкендіктерін ұмытпау- апа-сіңлі, аға-іні, араларындағы әдептіліктің негізін құрайды. Мұның өзі, екінші жағынан, отбасындағы татулық, береке-бірлік, жарастықтың, ауыз-бірліктің кепілі де. «Ағасы бардың-жағасы бар, інісі бардың-тынысы бар », деген мақалды, бір жағынан, өмір шындығы бейнеленген болса, екінші жағынан, халықтың солай болуға тиіс деген талабы көрініс тапқан. Бұған бала-шаға жас кезінен және уағыздау жолымен ғана емес, іс-жүзінде күнделікті ұсақты-ірілі іс-әрекет үстінде, үлкендердің үлгісі арқылы үздіксіз әрі жүйелі түрде тәрбеленуге тиіс.

Балалар бір-бірінен ештеңе аямайтын, жомарт, ақ көңіл болса да, заттарын қажет болғанда, сұрап алатын етіп әдеттендіру қажет. Сұрамай алу өзім білерлік, менмендік ретінде қабылданып, аяғы ренішке соғуы ықтимыл да, сұрап пайдалану әдептілік мәдениеттілік ретінде ара қатынастарына сенімділік, жайдарлылық, сұлулық дарытады.

Ата – ананың аясындағы, үлкен шаңырақ астындағы бұл татулық, жан-жүректері біте қайнасқан жақындық, бір-бірін іздеп, алаңдап тұрушылық олар ер жетіп, әрқайсысы өз алдына отау көтеріп, жеке отбасы болып кеткенде де жалғасып жатуы тиіс. Бір – біріне тілектес болып, бір-бірімен жүздесіп - қауышуды қуана күтіп жүретін болу керек. Өмірдің мәні, туыстықтың сәні – осында! [ 4. 44-45 б.]

в) 9-11 сыныптардағы орналған әңгіме тақырыптары – «Өзіңді-өзің тәрбиелей біл», «Сенің жанұяңдағы еңбегің», «Достықтың мәні», «Махаббат туралы сыр».

Адамдар арасындағы достық сезімі өмірде олардың бірін-бірі қажетсінуінен, құрмет тұтуынан, шынайы тілектестік пен өзіндей көріп сенуінен, бірін-бірі тірек, медет болуынан, қам-қайғысыз кезде ғана емес, әсіресе, қиын-қыстау күндерде іркілместен қасынан табылудан, есепсіз жомарттылықтан көрінеді. Абай армандағандай, сын сағаты «Мұнан менің қай жаным аяулы» деп, қасында бірге тұрып қала алатын адам ғана дос деген атқа лайық. [4. 159 б.]

Өмірде достықтың жарқын жағы, асыл қасиеті әлдеқайда басым түсіп отырады. Өйткені достық – адамның жан дүниесі мен тіршілік болмысының табиғи қажеті. Балаларға араласып, ойнап-күліп, еркін-сөйлесіп, серіктесіп жүретін ойы-бойы шамалас, адамдар арасындағы орны мен атқаратын ролі ұқсас құрбылар керек. Дос – жолдастарымен бірге жүрген адамның көңілі тоқ, сенімі берік болады. Қандайда бір істі атқаруға тайсақтамай кірісіп кетеді. Жолдастарымен бірге істеген іс, жүрген жол, мойынға алған міндеттеме, қызықты болады. Әсіресе балалық шақта адам дос жолдасқа кешірімді келеді, өкпесі ұзаққа бармайды, бірін-бірі керексініп, іздеп тұрады.

Махаббат адам жүрегін нұрлы қуанышқа бөлеп, рухына қанат бітіретін ең күшті, ең тұрақты, ең асқақ сүйіспеншілік сезімі. Махаббат - өмірдің мәні, жұпар шашқан гүлі, тамылжыған ән-жыры. Білімпаздар: «Сүйіп көрмеген-өмір сүріп көрмеген», - десе, осы заманның ақын –философы: «Ғашықтықпен өткен күндер ғана -өмір, ал қалғаны- жай күндер», - деп нақтылай түседі. Махаббатттың қасында атақ-даңқ пен батырлық, байлықтың өзін кәдеге алғысыз саналады. [4. 178 б.]

Кейбіреулер махаббатқа жеңіл-желпі қарап, бір лап еткен сезімнің жетегінде кету, сайып келгенде, үйленгісі келген қалыңығыңның тағдырына, өзінің келешегіне немқұрайлы қарайды. Мұндай жағдайлардың соңы зардапты болып жатады. Мұндай жағдайлар әсіресе қазіргі жастарда көптеп кездеседі. Сонықтан оқушыларға махаббаттың не екенін, қыз бен жігіттің арасындағы достық пен қарым-қатынастың қандай болатынынтүсіндіре білу керек. [ 4. 216 б. ]

Диспут. Жоғары сынып оқушыларын отбасылық өмірге даярлауда диспуттар өткізіп тұрудың маңызы өте зор. Диспутты түрлі тақырыптарда өткізуге болады. Диспуттарлы өткізуге арналған тақырыптар үлгісі: «Махаббатты қалай қастерлеу керек?», «Бақытты болу жеке аданың ғана ісі ме?», деген тақырыптарда жүргізуге болады. Мұғалым оқушыларды достық, махаббат және неке туралы диспутқа тиянақты даярлауы қажет.

Адамның бақыты, негізінен, бірегей қоғамдық құрылым болып табылатын отбасына байланысты. Оның соры да көбіне сол отбасылық өмірдің оңды болмауынан туындап жатады. өйткені адамның басым көпшілігі үшін өмірдің мәні мен қызығы, мұраты отбасының тату-тәттілігі мен бейіл-берекесінде, келе-келе одан өсіп, тараған ұл-қыздың ұясы мен қиясына қонуына тірек, сүйеніш бола алуында. Ол үшін жас жұбайлардың бір-біріне деген шынайы сүйіспеншілігіне қоса, өз беттерімен үй ұстауы, оның болмай қоймайтын үлкенді-кішілі қиыншылықтарына тап келгенде, абдырап, сасып қалып, жаңадан басталып жатқан ерлі-зайыптылық өмірлеріне сызат түсіріп, зақым келтіріп алмайтындай әзірліктері болуға тиісті. Ол әзірліктер шешуші роль атқаратын іс-қимыл түрлерінен, икемділіктерден, сабыр мен төзімнен тұрады. Күні ертең отау тігіп түтін түтетуге тиісті бозбалалар мен бойжеткендердің бәрі бірдей бұл айтылғандардың мәнін жете түсіне бермегендігінен, оларды аталмыш талаптардан мүлде хабарсыз деуге болмайды.

Екі жастың некеге дейінгі барлық тіршілігінің тынысы болған махаббат олардың жүоегінде тағы бір рет шешек жарып, құлпыра гүл ашады. Демек өмірдің бейтаныс, жаңа, сонымен бірге жан дүниені құлшындыратын тың өріс, беттері ашылады. Сүйгенің мен бұдан былай барлық уақытта бірге тұру мүмкіншілігінің өзі, оның өмір бақи «сенікі екенін» сезіну-ол жаңа сипатта бақыттылық сезімнің негізі. Алайда ең шынайы сүйіспеншілік те, отты құшақтар мен ыстық лептер де адам өмірінің мазмұнын толық құрап, қамти алмайды. Әсіресе, отбасылық өмірдің алғашқы кезеңінде жас жұбайлар махаббаты жаңа мазмұнмен байып отырмаса, ол ұзаққа бармай, лап етіп өшіп қалуы, ақын айтқандай таңғы думандай тарап кетуі мүмкін. Бұл өмір шындығы, оны түсіну әрі мойындау керек. [ 4. 233-234 б. ]

Конференция. Конференция тақырыптары шамамен мынадай мәселелерге арналады: «Махаббаттың отбасылық өмірде және көркем әдебиеттегі шындық көрінісі мен бейнесі», «Әке мен шешенің көркем әдебиетте бейнеленуі, ана туралы қазіргі кез бен бұрынғы ақындардың ой-пікінлері, «Міне ғашықтық та келді» ».

Ата – баба салтымызға көз жіберсек «әйел ананың» ролі өте жоғары болған. Ұлы Абай мен Шоқанның тәрбиесіне әжесі мен анасының қаншы ықпалы болғанын байқаймыз. Аты аңызға айналған домалақ ана, Айша бибі, Құртқа, Жібек, Баян, Ғ.Мүсіреповтың шығармаларындағы Ұлпан секілді қазақ аналарының бейнесі бүгінгі ұрпақты тәрбиелеуде таптырмас тәрбие құралы [3.55-56 б. ]

Әйелдің еріне қарым-қатынасы балалардың әкеге көзқарасының сипатын анықтайтыны берік есте болуға тиңс. Балалар үшін әке беделі аналарының сөзі, іс-қимылы, қас-қабағы, арқылы қалыптасады. Мысалы, ерлі-зайыптылар балаларының көзінше бір-біріне қатты, балағат сөздер айтыспақ түгіл, дауыс көтеріп керісуге тиіс емес. Аналардың балаларға: «әкеңмен ақылдас», «әкең біледі», «әкеңнің айтқанын істе», т.б. деген сияқты дәстүрімізде бар сөздерді айтып отыруы қандай ғанибет.! Атақты «Абай» эпопеясында халқымыздың осыған орайлас қадірлі дәстүрін танытатын мынадай бір тағылымды эпизод бар!

Семей қаласында үш жыл оқып, жайлаудағы әке үйіне күн кешкіне жетіп жығылған 13 жасар шәкірт бала – Абай аттан түскен бетте, амандасу үшін, шешеге қарай жүреді. Сонда ақылды да байсалды ана Ұлжан: «Әй, балам, онда әкеңдер тұ, әкеңе барып, сәлем бер! »- дейді. Бір сәтке балалық сезім жеңіп, қателік жіберіп алғанын түсінген жас Абай кілт бұрылып, ортасында әкесі Құнанбай бар шеткерірек тұрған оқшау топқа қарай адымдай жөнеледі.

Ата–ананың бір-бірінің қадір-қасиетін осылайша ардақтап, беделін өсіруі, араларында өкпе-наз, кикілжің туа қалғанда, оны балалардан оңашада, екеу ара шешіп отыруы-шынайы инабаттылық, әдептілік. Сонда ғана олар үйдің «Қос алтын босағасы » деген халықтық марапатқа лайық биіктен көрінбек. [ 4. 49-50 б.]

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Әбілов З. «Этнопедагогика» Алматы, 1997ж. 47-49 б.б.

  2. Шотамбекова А. Әбілбекова А. «Азаматтану» Алматы, 1998ж. 49б.

  3. Төлеубекова Р. «Бала тәрбиесіндегі халықтық педагогика» Алматы, 1994ж. 37-38-40 -55-56 б.б.

  4. Асылов. Ұ. Нұсқабайұлы Ж. «Әдептану» Алматы, 2003ж. 44-45-49-50 -216-219-159-178-233-234 б.б

  5. Аасаллаа И. «Әдептен озбайық» «Валгус», 1976ж. 170-171 б.б.

  6. Тұрғынбаев Ә. Х. «Социология» Алматы, 2001ж. 118б.б.

14-лекция Жастарды отбасылық өмірге тәрбиелеудегі пән аралық байланыстар

Жоспар:

  1. Оқу пәндердің өзара байланысы

  2. Мектеп пен басқа ұйымдардың бірігіп атқаратын жұмыстары

  3. Болашақ ата-ананы тәрбиелеуде пән аралық байланыстың ерекшелігі

  4. Сынып жетекшісінің жүргізетін жұмыстары