- •Адвокатура
- •Адвокатура, оның даму тарихы, өмірдегі рөлі және адвокатура қызметінің құқықтық және ұйымдық негізі
- •Адвокаттық қызметінің ұйымдық нысаны:
- •Адвокаттар мынадай заңдық көмек көрсетеді:
- •Нотариат пен адвокаттық қызметі саласындағы заңдылыққа өзгерістер
- •Қазіргі кездегі нотариат саласындағы өзекті мәселелер
- •Қорытынды
- •Пайдаланған әдебиеттер тізімі
Қазіргі кездегі нотариат саласындағы өзекті мәселелер
«Нотариат туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша түсініктеме берген Әділет министрінің орынбасары Әмірхан АМАНБАЕВТЫҢ айтуынша, бұл құжат нотариаттық қызметті мемлекеттік реттеуді жетілдіру және осы саладағы сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын бірқатар өлшемдерді жою мақсатында әзірленіпті. Соның маңыздысы ретінде Әмірхан Тапашұлы нотариустардың бос орнына үміткерлерді конкурс бойынша іріктеу мен олардың санын шектеу өлшемінің алынып тасталғанын атады. Оның айтуынша, бұл – бүгінде нотариус қызметінде әр- түрлі деңгейдегі құқықбұзушылықтардың көбеюіне орай қабылданған шешім. Өйткені, мұндай заңсыздықтар қатары жылдан-жылға артып бара жатыр.
Мәселен, 2008 жылы әртүрлі сатыдағы соттар 145 нотариат іс-әрекетінің құқықбұзушылық екенін анықтаған болса, 2009 жылы 116, 2010 жылы 277 жұмысты заңсыз деп тапқан. Сонымен қоса, үш жылдың ішінде нотариаттардың заңсыз іс-әрекеттері бойынша 68 қылмыстық іс қозғалыпты. Әмірхан Тапашұлы осының бәрі нотариус қызметіндегі өзара бәсекелестіктің жоқтығының, бұл қызметке қол жеткізуде тамыр-таныстық пен сыбайласқан жемқорлықтың орын алуының салдары екендігін айтты. Осы орайда, квотаның алынып тасталуы жеке нотариусқа қызмет етуге шынымен ниетті әрі білікті мамандардың келуіне жол ашады деген сенімін жеткізді.
Әмірхан Тапашұлы квоталауды алып тастауға байланысты айтылып жатқан қауіптердің негізсіздігі жөніндегі өз пайымдарын да ортаға салды. «Шектеу алынған жағдайда нотариустар қатары көбейіп кетеді деген қауіпке еш негіз жоқ. Мәселен, 2007 жылдан бастап осындай жүйеге көшкен Украинада нотариустар саны жиырма пайызға ғана өскен. Мұндай жағдайда ауылдық елді мекендерге нотариустар көшпейді, оларға басқа өңірден нотариус тарту қажеттігі тумайды. Нотариустар қай жерде қызметтік қажеттілік бар, сол жерге назар аударатын болады. Ал, егер кейбір елді мекендер нотариустық қызметсіз қалған жағдайда осы заң жобасы бойынша әділет органдарында мемлекеттік нотариустарды бөлу қарастырылған. Құзырлы ұйым өзінің құрамында лицензиясы бар нотариусты тағайындайды», –деді ол.
Заң жобасында, сонымен қатар, азаматтардың құқықтары бұзылатын жағдайлар да назардан тыс қалмапты. Құжатта осы мақсатта есептік тіркеудің рөлін анағұрлым арттыру және лицензияның қолданысын тоқтату және одан айыру өлшемдері қарастырылыпты. Сондай-ақ, нотариаттық ұйымдардың іс-қимылын автоматтандыру бағытында бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйе енгізілмек. Вице-министрдің айтуынша, бұл жеке нотариаттар тарапынан құқық- бұзушылыққа, алаяқтықтың орын алуына бірден-бір пәрменді тосқауыл болады.
Парламенттегі жұмыс тобында, комитет отырыстарында қаралған кезде заң жобасына бірқатар сапалық өзгерістер енгізіліпті. Әмірхан Тапашұлы олардың негізгілері ретінде біліктілік емтихандарын өткізуді орталықсыздандыру, оларды жергілікті ұйымдардың құзыретіне беру, нотариаттық тарифтердің қатаң ставкалары белгіленуі туралы өлшемдерді атады. Заң жобасында көзделген мақсаттардың халық үшін де, мемлекет үшін де өте пайдалы екендігін айта келіп, Әмірхан Аманбаев аталмыш құжатқа депутаттардың қолдау көрсетуін сұрады.
Алайда, басында айтып кеткеніміздей, халық қалаулылары бұл заң жобасына бірден қолдау көрсете қоймады. Депутаттар Аманкелді Аршабаев пен Ержан Рахметов «құжатқа депутаттар енгізген біраз ұсыныстардың жеткілікті талқыланбау салдарынан енгізілмей қалғандығын, көптеген өлшемдердің толықтай жетілдірілмегенін айтып, жобаны екінші оқылымда пысықтау керек» деген ұсыныс айтты. Мұндай әңгіме заң жобасы бойынша қосымша баяндама жасаған депутат Зағипа Балиеваның да аузынан шықты. Оның айтуынша, аталмыш заң жобасында, ауылдық елді мекендерді нотариус қызметімен қамтудың тетіктері толыққанды дәйектелмеген. Сонымен қатар, нотариустардың заңсыз іс-әрекеттері бойынша жауапкершілігінің өлшемдері, жеке нотариустардың біліктіліктерін көтеру мәселелері тиісті деңгейде қарастырылмаған. Зағипа Жақияқызы осы орайда жобадағы әр нотариустың өз қаржысы есебінен біліктілігін арттыру жөніндегі өлшемін сынады. Ол нотариустардың өз қаржысымен білімін көтеруге мүдделі болмайтындығын, сондықтан, бұл мәселе мемлекет қаржысы есебінен шешілуі қажеттігіне назар аудартты.
Сұрақ пен жарыссөздің тайталасын депутат В.Нехорошевтің «Заң нотариат қызметіндегі сыбайласқан жемқорлықты жояды, бәскелестікке жол ашады, сондықтан, оны қолдайық» деген ұсынысы тоқтатқандай болған. Алайда, салыстырмалы кестеге түсірілген депутаттар ұсынысын қабылдау пікірталасты қайтадан қыздырды. Сөз кезегі өзіне келгенде депутат Ирак Елекеев сұрақ қоюға, жарыссөзге шығуға тоқтау салу өрескелдік дей келіп, жалпы аталмыш заң жобасына деген қарсылығын білдірді. «Өйткені, осы заңдағы квоталау жүйесінің алып тасталуы үш жүзден астам ауданды нотариуссыз қалдырайын деп отыр. Ауданға кім барады? Бәрі Алматы мен Астанаға келгісі келеді. Алдымен тәртіп орнату керек», – деді ол. Оны құптағандар да, құптамағандар да аз болмады. Ұзақ талқының соңы аталмыш заң жобасының көпшілік дауыспен мақұлданып, Сенатқа бет түзеуімен бітті.
