Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
этнопедагогика УМКД каз .doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
605.18 Кб
Скачать

2. Жас шамасының периодизациясы

Бала жасын кезеңдерге бөлудің жобасы, біріншіден, жабайы өмірден алынған; екіншіден, психология ғылымы тұрғысынан дәлелденген. Жасты кезеңдерге бөлуді жабайы өмір тұрғысынан Г.Гете мен Л.Н.Толстой жазған. Л.Н.Толстой бөбек пен жеткіншек («отрочество») балалардың балалық және ересек («юность») туралы кітап жазып, сол кітабын балалардың есеюіне арнаған.

Жасты кезеңдерге бөлуде мынадай деректерге сүйенеді. Әр жас кезеңдеріне жататындардың бәріне тән өзінше психикалық қасиеттер бар деген шешімге келген. Өзінше психикалық қасиет деп отырғаны, сол жас кезеңіне тән болатындай ақыл-ой жағынан белгілі бір дәрежеге жету. Осыны ғылым дамымай тұрғанда көптеген елдерде жақсы білген. Азия мен Африканың кейбір елдерінде бала бір жас кезеңінен екінші бір жас кезеңіне өтерде той жасап, оны жігіттік дәрежеге көтеретін болған. Осындай ғұрыптың бір жақсы жері бала осы мейрамды алдын-ала күтіп, жұрттың алдында өзінің ептілігін көрсету үшін әдейі даярланады. Той етіп, баланы жігіт деп атағаннан кейін, оған сенім білдіріп, үлкендермен бірге игіліктерді өндіруге не жауға қарсы шығуға бірге аттанатын болған.

Әр елде есеюді, әр жас кезеңіне қандай ат беруді өзінше түсінген. Себебі, әр елдің қоғамдық және мәдени дамулары әр түрлі дәрежеде болып келген. Кейбір тайпалардың қоғамдық қатынасы мен мәдениеті төменгі дәрежеде болған. Мұнымен қатар, осы даму сатысындағы тайпаларда балаларды материалдық игіліктерді өндіруге ерте жасынан (мысалы, эскимос елінде 5-6 жасынан, өзгелерінде 7-8 жасынан) жекті. Осыған сүйене отырып есеюді әлеумет жасына және әр баланың өзіне тән хроникалық жасына бөлген. Әлеумет жасы дегеніміз әр елде есеюді қоғамдық жағдайы нашар болғандықтан балалар 5-6 жастан еңбекке жегіліп отырған. Ал, біздің қазақ елінде қыздарды 13-14 жасында тұрмысқа беріп, ер балаларды 15-16 жасында үйлендірген. Қазіргі кезде «есеюдің» бұл түрі өзгеріліп, балалалық кез 18-20-ға дейін созылды. Демек, әркімнің өзіне тән хроникалық жастың арасында едәуір айырмашылық бар. Себебі әлеумет жасы деп отырған әркімнің туғаннан кейінгі жасы емес, заманның талабына қарай есеюдің әр түрлі болып келуі. Әлеумет жасы Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ елінде ерекше рөл атқарды.

Қазақ еліндегі адамдар өзге халықтар сияқты балалары қай жасында қандай өзгерістерге ұшырайтынын бақылап, оның есеюіне орай жасты неше түрлі кезеңдерге бөлген. Әр жас кезінде баланың өз үй-ішінде және құрбылары арасында алатын орны түрліше келеді дегенде, қазақ халқы олардың атқаратын қызметінің жасына қарай болуын, не киетін киімдерінің түрліше келуін сипаттап отырған. Осыған орай жас кезеңін төмендегіше топтастырған:

Туғаннан бір жасқа дейінгі кезең - нәресте жас кезеңі. Нәресте жасы мынадай 2 кезеңге бөлінді: а) бесік жасына (туғаннан 7 айға дейін); ә) еңбектеу жасына (7 айдан 12 айға дейін).

Бірден үш жасқа дейінгі кезеңді - бөбектер жасы деді. Бұл кез баланың тілі шығып, денесі нығайып, ойнай бастау мезгілі. Бөбек өте мейрімді келеді. Мысалы, малдың төлдерін (лақты, қозыны, бұзауды т.б.) осы жастағылардың ұнататыны сондай, мысалы, қозының қасына келіп, үстінен сипап, не солардың даусын салып еліктейді. Қыздар мен ұлдардың осы жастағы ойыны алдыңғы жастарға қарағанда қарапайым келеді. Қыз ойын үстінде көбінесе шешесіне, ұлы әкесінің жұмыстарына еліктейді.

Үштен жетіге дейінгі кезең сәби жасы. Бұл жастағылар жұмыстың қарапайым түрлерін орындауға қатысқан: Қыздар көбіне қазан-аяқ ұстап шешелеріне көмектескен (нан илеу, от жағу, су әкелу т.б.) ұлдар бұзау, не қозы-лақ бағып, тезек теріп, оны түйеге артып әкелген. Шөмеле тасу үшін түйеге мініп, не биелер мен түйелерді қайырып келген.

Сегіз жастан он бір жасқа дейін періште жасы. Психологиялық және физиологиялық даму жағынан қыз бала ұл балаға қарағанда қазіргі ғылым тұрғысынан (бір-бір жарым) жыл алда келетінін, елде мәдениет таралмай тұрған кезде әбден жақсы білген. Бұл жас кезеңін періште жасы дейтін себебі әдет-ғұрыптарды сақтау міндеттелген. Егер бұлар осы кезеңде бұзақы іс жасаса, онда оның кінә екені осы кезеңдерден кейін есептелінген. Осы кезеңде қыздар анасына көмек көрсетуге тиіс болған, ұл балалар үй ішінен сыртқы жұмыстарға жегілген. Осы жастағылар игілікті өндіруге қатыстырылған. Дегенмен бұл жас, әлі кішкентай болып есептелінген. Мәселен, біреудің үйіне қонақтар келсе, осы жастағы балалар солармен бірге дастархан басына отырғызылмаған, тек анасымен бірге ғана ас ішетін.

Он екі жастан он бес жасқа дейін бозбала (қызбала) кезеңі. Бұл кезең ұл мен қыздардың едәуір есейіп қалған кезі. Мұны мынадан байқауға болады: үйге қонақ түскенде осы жастағы қыздар қонақтардың көзіне көрінбеген. Ұлдарды үлкендермен бірге табақтас еткен, киген киімі де өткен кезеңдердегідей емес, үлкендермен қатар атқа мініп, саяхат жасауға (аң аулау) қосылатын.

Он бес жастан бастап үлкендер жасы. Бұл кезеңде ұлдарды үйлендіріп, еншісін бөліп беріп, қыздарды ұзату мезгілі болған.

Бұл айтылған кезеңдерге қарай қазақ ұлтында сол кездегі бала өзінің ісін (қай кезде үйленуін т.б.) соған түгелдей арнаған деп есептеуге болмайды, тек шамамен айтылып отыр. Осы мағлұматтар баланың өз жасынан (хронологиялық жасынан) басқа әлеумет жасының кездескеніне дәлел бола алады.

Қазақ ұлтының тарихында осы кезеңдер жөнінде сөз еткенде оқу мәселесін қозғаған жоқпыз. Осы кезеңдерде бірен-сараңдары болмаса, (онда да үстем тапқа жататындардың балалары) бұқара халықтың балалары оқымаған, бірақ олар өздерінің білімін, ақыл-ойын тіпті дамытпады деуге болмайды. Біріншіден, балалар кіші жас кезеңінен бес-алты жасында туған-туысқандарымен бірге жұмыс істеп, үлкендерге еліктеу арқылы өзінің білімін, еңбек дағдыларын дамытқан. Екіншіден, бозбала, не қызбала ол кезде түрлі ойын-сауықтарға қатысып, мәселен айтыс кезінде кім қандай деректер келтірілгенін тыңдап, кейін өлең шығаруға, сөзді тауып айтудың айналасына ұмтылып, шешендік қабілетке ие бола бастаған. Оқымаған адам ешнәрсе білмейді деу қате пікір, осыған орай баланың психикалық дамуына қарай ғұламалардың ой-пікірлеріне, заман талабына сай қандай кезеңдерге бөлінгеніне тоқталайық.

«Ұлы дидактика» Я.А.Коменскийдің педагогикалық жүйесін толық және дәлелді түрде баяндаған шығарма болды. Бұл еңбекте ақыл-ой, адамгершілік тәрбиесінің мәселелері, сондай-ақ ұлы педагог ұсынған жаңа мектепті ұйымдастыру мәселелері зерттелді.

  1. Я.А.Коменский табиғатқа сәйкес тәрбиелеу қағидасын табиғаттың жалпы заңдарына сүйену ретінде түсінумен қатар ал жас кезеңдерін, мектеп жүйесін және кейбір дидактикалық қағидаларды және ережелерді негіздеуге адам табиғатын (туа біткен белгілер) және балалардың табиғи жас кезеңдеріне сүйену кездеседі.

Я.А.Коменский, адамның табиғатын ескере отырып, балалардың жас әрқайсысы 6 жастан 4 жас кезеңіне бөліп қарастырды: балалық шақ - туғаннан бастап 6 жасқа дейін; жеткіншек шақ - 6 жастан 12 жасқа дейін; жастық шақ - 12 жастан 18 жасқа дейін; ересектік шақ - 18 жастан 24 жасқа дейін.

Балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, осындай жас кезеңдерге бөлді: Ол әр жас кезеңіне сипаттама береді. Балалық шақ. Баланың дене жағынан тез қарқынмен өсуімен және сезім органдарының дамуымен сипатталады; жеткіншек шақ - есі мен қиялының, оның орындаушы органдары - тілі мен қолы дамиды; жастық шақ кезінде көрсетілген сапалардың дамуымен қатар өте жоғары деңгейде ойлау деңгейі жан-жақты дами түседі.

Әрбір осы жас кезеңдерге жас ерекшеліктеріне сәйкес Коменский білім берудің ерекше сатысын ұсынған: 6 жасқа дейінгі балалар үшін ол аналық мектепті ұсынған. Ананың басшылығымен мектепке дейінгі тәрбие іске асырылған. Жеткіншектер (6 жастан 12 жасқа дейін) үшін әрбір қауымда, жергілікті жерлерде алтыжылдық ана тілі мектебін ұсынған. Жастық шақ кезеңіндегілер (12 жастан 18 жасқа дейін) әрбір қалада латын мектебі немесе гимназия ұсынған.

Я.А.Коменский балаларды жас кезеңдерге бөлуге бірыңғай мектептің демократиялық қағидасын ұсынған болатын.

Тәрбиенің негізгі құралдарына Я.А.Коменский: ата-ананың, мұғалімдердің, жолдастарының үлгісін, балаларға ақыл-кеңес беру, әңгіме өткізу, адамгершілік мінез-құлыққа балаларды баулуды, жағымсыз мінез-құлыққа қарсы күресті жатқызды.

Жан-Жак Руссоның педагогикалық теориясы негізінен көркем шығармасы «Эмиль» атты романында баяндалды, бірақ бұл әдеби мұра болуына қарамастан, онда ағартушы өзінің тәрбие жөніндегі пікірлерін жүйелі теория дәрежесіне жеткізді, тәрбиенің тым нәзік проблемаларына жете көңіл бөле отыра зерттеп, өз заманының арнасынан шығып жатқан топшылаулар жасап, ұсыныстар айтты.

Баланың өсу кезеңдері және єр кезеңдегі тәрбие ерекшеліктері. Жан-Жак Руссо баланың өмірін 4 кезеңге бөледі: 1-кезең - баланың туған күнінен 2 жасқа дейінгі; 2-кезең - 2-ден 12 жасқа дейінгі; 3-кезең - 12-ден 15 жасқа дейінгі; 4-кезең - 15 жастан ер жетуіне дейінгі өсу дәуірлері. Бала­ның осындай жетілу дәуірінің әрқайсысына тәрбиенің негізгі бір саласын кеңінен және негізгі түрде жүргізуді ұсынды.

Ұлттық тәрбиенің басты құралы ауыз әдебиеті және дала даналарының тәлімдік өнегелері - қазақ этнопедагогикасының теориялық алғышарттарының негізі болып табылады. Бала тәрбиесін заттың атын атап, сан үйретуден бастаған қазақтың ұлттық тәліміндегі ерекшеліктер сол ұлттың тұрмыс-тіршілігіне, тарихи және табиғи жағдайларына байланысты. Балаға сан үйретуді, тіл ширатуды, мақал-мәтел үйретуді, тақпақ жаттауды игі әдетке, одан әдепке, әдептен дәстүрге айналыдырып, қазақ халқы «тілашар» дәстүрін қалыптастырған. Қалыптасқан тілашар дәстүрі бойынша қазақ ұлты баланың бес жасқа дейінгі тәлім-тәрбиесін осы тілашар дәстүрімен байланыстырған. Тілашар дәстүрі баланың шілдехана тойы, бесікке салу, тұсау кесер рәсімдерінен басталып, бөбектің тілі шыға бастағанда оған сан үйрету, жаңылтпаштар айтқызу, үш жастан бастап тақпақ айтқызу, ән үйрету, дарынын дамыту рәсімдері орындалған.

Қазақ этнопедагогикасының теориялық негізі - ұлттық әдебиет және тәлімдік өнегелер.

Қазақ халқының тілі, ділі, болмысы оның этнопедагогикалық негіздері болып табылады. Қазақ халқының тілі, ділі, болмысы оның этнопедагогикалық негіздері болып табылады.

Бала тәрбиесін жас ерекшеліктеріне орай белгілі кезеңдерге бөліп қарастырудың маңыздылығы Ислам өркениетінде де қарастырылған. Сондықтан Құран аяттары мен хадистердегі балаға қатысты мағлұматтарды және Ислам ғалымдарының тәрбиеге қатысты көзқарастарын ескере отырып, дін негізінде бала тәрбиесін келесі топтарға бөліп қарастырған: сәбилік кезең: 0-2 жас аралығы; бүлдіршін кезең: 2-6 жас аралығы; «Тәмииз» кезеңі: 7-9 жас аралығы; «Мураһиқ» жасы: 10-15 жас аралығы; балиғат жасы - 16 жастан жоғары.

Баланың болашағы үшін балалық шақтың мәні зор. Себебі, оның негізгі қасиеттері осы кезеңде қалыптасады. Алғашқы жылдары бала белгілі бір деңгейде әке-шешесіне тәуелді болғандықтан, оның болмысының қалыптасуына ата-ананың әсері мол болған.

Шәкәрім Құдайбердіұлы бала тәрбиесін үш кезеңге бөлуге болады деген: құрсақтағы тоғыз ай, тоғыз күн, дүние есігін ашқаннан басталатын бесікке бөлену кезеңі және тәй-тәй басқаннан ат жалын тартып мінгенге дейінгі уақыт.

3. Бүгінгі таңда қазақстандық зерттеуші ғалым М.Р.Құрсабаев өзінің «Атамекен» ұлттық ғылыми-тәлімдік рухани-танымдық бағдарламасында адам танымының жас ерекшеліктеріне байланысты мынадай кезеңдерге бөліп көрсеткен: 1.Ана құрсағындағы кезең; 2. Сәбидің дүниеге келуі (1-12 ай); 3. Сәбилік кезең (2-3 жас); 4.Балғын кезең (4-7 жас); 5.Балдырған кезең (7-8 жас); 6. Жас жеткіншек кезең (9-10 жас); 7. Жас Ұлан кезеңі (11-13 жас); 8. Жасөспірім бозбалалық кезең (14-18 жас).

Ал, К.Ж.Қожахметова өзінің еңбегінде қазақ халқындағы адамның жас ерекшелігіне және жыныстық айырмашылығына байланысты жіктеудің мына төмендегідей 3 түрлі тәсілі болғанын баяндайды.

Бірінші адам дамуындағы физиологиялық және психологиялық ерекшелікпен байланысты тәсіл: Туғаннан бастап 1 жасқа дейін «нәресте», 1 жастан бастап 7 жасқа дейін «сәби», 7 жастан бастап 12 жасқа дейін «ойын баласы», 12 жастан бастап 15 жасқа дейін «сығыр, ересек бала», 16 жастан бастап 19 жасқа дейін «бозбала».

Егер, біз, этнографтарды алып қарастыратын болсақ, онда С.П.Кульсариеваның диссертациялық жұмысынан келесі ұқсас жіктелуін кездестіреміз: «нәресте» - барлық мүмкін зиянды әсерлерден қорғалмаған жаңа туған балалар; «бөпе», «бөбек», «сәби» - бесікке бөленетін емшек жасындағы балалар; «кішкентай бала» - еңбек ету міңдеті жүктелмеген, 2-3 жасқа дейінгі балаларды білдіретін термин; «ақылы кірген бала» - айтқанды түсінетін, 3-4 жастағы бала, осы жастан бастап белсенді қарым-қатынас жасау үрдісі жүзеге асырылады; «ұл бала» - ата-анасының алдында белгілі міндеттері бар 5-12 жас аралығындағы ұл; «қыз бала» - бекітілген міндеттері бар 5-15 жас аралығындағы қыз; «жігіт» - жасөспірім, боз бала; «бой жеткен» - жасөспірім қыз бала, қыз.

Белгілі отандық этнолог, мәдениеттанушы Н.Ж.Шаханова жастық ерекшеліктерін арнайы қарастырып, оларды үш жіктемеге бөле отырып, өзінің келесі нұсқасын ұсынған: Сәбилік кез және ерте балалық шақ, туғаннан бастап шамамен 3 жасқа дейін («нәресте», «сәби», «бөбек», «шақалақ»). Балалық шақтың бірінші, екінші және үшінші кезеңдері. Бірінші жасаралығы 3-7 жас аралығын; екінші аралық - шамамен ұлдар үшін 8 жас пен 12 жас аралығын, қыздар үшін 7-11 жас аралығын; үшінші кезең ұлдар үшін 12-15 жас аралығын, қыздар үшін 11-13 жас аралығын қамтиды. Жасөспірім шағы (балалық пен жігіттік аралығы). Бұған 15-16 жастан үлкен жасөспірімдер (жігіт) мен 13-15 жастан үлкен қыздар (бой жеткен қыз) жатқызылады.

Сонымен біз, зерттеу жұмысымыздың барысында жоғарыдағы тарихи мағлұматтарға сүйеніп, ғұлама ойшылдар мен ағартушы-ғалымдардың, зерттеуші-ғалымдардың, қазақ ұлтының өміріндегі баланы жас және дара ерекшеліктеріне байланысты кезеңдерге, сатыларға бөліп, топтастыруын негізге ала отырып, баланың ақыл-ойының өріс алуы тек білімге тәуелді еместігін және білім мен психикалық дамуының бір емес екенін ескере отырып, психиканың дамуына оқыту әсер етпейді деген Ж.Пиаженің пікірін басшылыққа аламыз.

Әрине, бала психикасының әр жаста қандай болып келуіне әлеумет ортасының едәуір ықпалы болады. Себебі, балаға әсер ететін бүгінгі әлеумет ортасы бұрынғыдан мүлде өзгеше: қазіргі ғылым мен техниканың, өндіріс саласының өркендеуі, Қазақстан Республикасының бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына ұмтылуы, бүгінгі бала жасының көпшілігін оқуға, білім алуға арнауы тиіс деп есептеп, өзіміздің зерттеу проблемамызға байланысты жасты ғылыми тұрғыдан, сол кезеңге тән баланың есеюіне байланысты төмендегідей бала жасына қарай кезеңдерге бөлуді ұсынамыз.

Туғаннан 1 жасқа дейін - нәресте жасы. Бұл кезең әр нәрсені сезуден және қозғалудан (еңбектеу т.б.) тұрады.

1-ден 3 жасқа дейін алғашқы балалық, яғни бөбек кезі. Бұл кезде баланың тілі шығып, әсіресе тілдің лексикасын және грамматикалық ережелерін меңгере бастайды.

3-тен 7-ге дейін мектепке дейінгі жас. Баланың қимыл-қозғалысы ойын үстінде қалыптасып, тіл қабілеті кеңінен өріс алады.

7-ден 11-ге дейін - бастауыш мектеп жасы. Бұл жаста баланың сөйлеу қабілеті үлкен дәрежеге жетеді, нақты бейне ойы күрделеніп дамиды.

11-16 - орта сыныптағылар, яғни жеткіншек жасы. Оқытудың ықпалының бұл жаста баланың ой-өрісі мен қиялдары кеңінен өріс алады. Бұл жастарда балалар биологиялық (жыныс т.б.) жағынан үлкен өзгерістерге ұшырайтындықтан, осы жас кезеңі ерекше сипатталады. Жеткіншек - балалық кез бен ересек жасының шекарасы болып есептеледі.

16-18 - жоғары сынып, яғни ересектер жасы. 16-ға толғандар ересек болғанымен, бұлардың балаға да ұқсас жақтары бар. Сондықтан оларда ересек бала мен үлкендердің аралығындағы ортақ белгілер кездеседі. Бірақ ересек жасқа өткен сайын «балалық» қасиеттер бірте-бірте азая бастайды. Балалар жасын тиісті кезеңдерге бөліп, сол мезгілде кездесетін баланың есеюі мен оған қоятын үлкендердің талабының арасында кездесетін қайшылықтарға байланысты алынады. Бір жас кезеңінен екінші жас кезеңіне көшуде бұл үйлеспеушілік толық дәлел бола алмайды. Егер осы болған қайшылыққа сай баланың қажеттілігін қанағаттандыра алмағандықтан көңілі бұзылады да, соны қамтамасыз ету үшін бала әрекет жасайды. Осы іс-әрекет алға қарай есеюдің тетігі болып саналады. Жасты кезеңдерге бөлудің келтірілген осы жолы үнемі өзгерілмейтін нәрсе емес. Заман талабына сай және оның өзгерілуіне, соның ішінде әлеумет ортасының жағдайына сай бала жасына қарай кезеңге бөлу мәселелерінде азды-көпті өзгерістер болып отырады.

Әрбір жас шағы психикалық дамудың ерекше сапалы кезеңі болып табылады және бала дамуының осы кезеңдегі оның жеке басының өзіндік құрылымының жиынтығы құрастыратын көптеген өзгерістермен сипатталады.

Жас ерекшеліктері көптеген жағдайлардың жиынтығымен анықталады. Бұл - әрі балаға оның өмірінің осы кезеңінде қойылатын талаптар жүйесі әрі айналасындағылармен қарым-қатынастарының мәнісі, әрі ол игеретін білім мен іс-әрекеттер түрі, әрі осы білімдерді игеру тәсілдері.

Мектепке дейінгі шақтың ерте сәбилік, сәбилік, естиярлық және ересектік жас кезеңдері (немесе кейде бұл кезеңдерді ерте сәбилік шақ, балдырғандық және мектепке дейінгі шақ деп атайды) бала-бақшадағы топтарға сәйкес (үш жасқа дейін - ерте сәбилік шақ тобы; кішкентайлар тобы - балалар өмірінің төртінші жылы; естиярлар тобы - бесінші жыл; ересектер - алтыншы жыл және даярлық тобы - жетінші жыл) бөлінеді. Оқыту мен тәрбиелеудің негізгі кезеңдеріне және олармен байланысты оқушылардың даму ерекшеліктеріне сай мектептік шақ үш кезеңге бөлінеді: төменгі сынып оқушылары (1-ден 3-4 сыныпқа дейін), ортаңғы сынып оқушылары 4-5-тен 7-8 сыныпқа дейін, жоғары сынып оқушылары (8-ден 10-шы сыныпқа дейін).

  1. Тәрбиенің табиғилық принципі - кез келген тәрбие әрекеті мен педагогикалық процестің жетекшісі болып, нақты даму деңгейімен ерекшеленеді. Бұл принциптің мәні мынада: тәрбие мен білім беру табиғи және әлеуметтік-мәдени процестердің өзара байланысы туралы ғылыми түсінігінің негізінде танылады.

Мектепке дейінгі ұйымдарда баланың адамгершілік тәрбиесі ұлттық сана-сезім арақатынасына байланысты айқындалады. Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиеші-педагогтарының ұлттық тәлім-тәрбие жөніндегі білімдерін дамыту, мектепке дейінгі ұйым мен мектеп арасындағы өзара сабақтастықты ескеру қажет, себебі баланың келесі жасайтын қадамы - мектеп табалдырығын аттау болып табылады.

Мектепте дайындық сыныптарына (6-7 жас), 1-4, 5-11 сыныптарының оқушыларына және жоғары оқу орындарының студенттеріне этнопедагогикалық білім беру жөніндегі оқу бағдарламалары әзірленді.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Ұлттық тәрбие кафедрасы құрылды. ЖОО-дағы педагогикалық мамандықтар бойынша оқып жүрген жоғары оқу орындарының студенттері үшін қазақ тілінде «Таным және студент» қосымша оқу құралы әзірленді.

ЮНЕСКО-ның қолдауымен «Баршаға арналған білім» ұлттық бағдарламасының шеңберінде этнопедагогикалық білім беру бойынша жоба іске асырылуда.

Қазақ халқының рухани құндылықтарының этномәдени талдамасы (талдауы) бағытында мемлекеттік бағдарлама аясында автордың қатысуымен ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

Білім беру жүйелерінің (бала-бақша, жалпы орта мектеп, колледж, жоғары оқу орындары) оқу үдерісінің пән бағдарламаларына «Қазақ этнопедагогикасындағы бала жасына қарай кезеңге бөлу» тақырыбы бойынша факультативтік сабақтар енгізілді.

Алайда, бұның бәріне қарамастан бұл проблема өзінің шешімін әлі толық таба қойған жоқ. Біріншіден, қоғамның елеулі бөлігі оқу-ағартудың және ұлттық білім беру жүйесін құрудың қажеттілігін жете түсінбейді; екіншіден, адамдарда арнайы білімнің болмауы, ұлттық білім беру мәселесінің жеткіліксіз зерттелуі, арнайы даярланған оқулықтар мен оқу құралдарының аздығы өзінің кедергісін келтіруде.

Педагогика ғылымының құрамдас бөлігі этнопедагогиканың қоғамның тарихи дамуы барысында көкейкесті проблемаға айналғанын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Соңғы жылдары әр республиканың егемендік алып, жеке мемлекет болуына, сонымен бірге ұлттық сана-сезімнің жетілуіне, қоғам өмірінің рухани жандануына байланысты оның көкейкестілігі бұрынғысынан да арта түсуде. Мұны ғылымның барлық саласында, соның ішінде педагогика ғылымы саласында орындалған зерттеу еңбектері де дәлелдеді. Оларда этнопедагогика жеке ғылым тұрғысында қарастырылып, оның бүгінгі заман жеткіншектерін тәрбиелеудегі мән-мағынасына зерделенуде.

Бұл тұрғыда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен жоғары оқу орындарында 90-шы жылдардан бастап «Этнопедагогика» пәнінің ендірілгенін, білімгерлерге арнап бірнеше альтернативті бағдарламалардың даярланып, жоғары мектеп тәжірибесіне ендірілгенін айта кету керек. Бағдарламалардың мазмұны ұлттық рухани мәдениетке, салт-дәстүрге негізделеді. Мәселен, С.А.Ұзақбаева, К.Ж.Қожахметованың қазақ және орыс тілдерінде жоғары мектеп студенттеріне «Этнопедагогикалық білім беру тұжырымдамасы», Ә.Табылдиевтің «Этнопедагогика», З.Әбілова, Қ.Қалиеваның «Этнопедагогика» оқулықтары жоғары орны студенттеріне арнап жазылған, С.Тілеуова, А.Әліпбек «Этнопедагогика» оқу құралы және т.б. жоғары орны студенттеріне арнап жазылған. М.Құрсабаевтың «Ғаламдық жаһандану жағдайында қазақ мектебінің ұлттық моделі һәм этнопедагогика негіздері» ғылыми еңбегі заман сұранысына сай қазақ мектептеріндегі пионер-комсомол ұйымдарының орнына тәуелсіз ел жасөспірімдерінің қозғалысын дүниеге әкелді. Бұл қозғалыс мектептердегі оқушылардың өзін-өзі басқару, мектептен және сыныптан тыс тәрбие шараларын халықтық педагогика элементтері арқылы ұйымдастыруға себеп болды. З.Ахметованың «Кәусар бұлақ» бағдарламасында қазақтың қыз балаларды тәрбиелеудегі әдеп жүйесі ұсынылады. Ұлттық дәстүр құндылықтарын бойына жинаған балаларға тән адамгершілік ұғым-түсініктерге мазмұндық сипаттама беріліп, мәні ашылады. Қазақ тәлім-тәрбие жүйесіндегі тұлғааралық қатынастарды реттеу қызметі айқындалады. Адамгершілік қасиеттер - кісіліктің маңызды бөлігі деп дәлелденеді.

Білім және ғылым министрлігінің қазақ халқының рухани бай қазынасына, озық дәстүрлеріне негізделген «Тәлім-тәрбие тұжырымдамасы» да (1993) оқушылардың адамгершілікті мәдениетін дамытуды, ұлттық мұраға аялы көзқарасты қалыптастыруды көздейді.

Бұның бәрі, әрине орынды. Әйтсе де басылым көрген еңбектердің мазмұнына енген халықтың тәрбие саласындағы дәстүрлі тәжірибесі балалардың жалпы мәдениетін көтеруді көздейді, халықтың балаларды жасына қарай адамгершілікке тәрбиелеудің озық дәстүрлері бүгінгі балаларға тәрбие беруде мақсатты түрде қарастырылмайды.

Қазақ халық педагогикасына жасаған талдау, онда бала тәрбиесінің, соның ішінде бала жасына қарай кезеңге бөліп адамгершілікке тәрбиелеу мәселесінің аса өзекті болғанын, бұл салада өзіндік дәстүрлер, танымдық көзқарастар қалыптасқанын дәлелдейді. Біз қазақ халық педагогикасындағы балалардың тәрбиесін төмендегіше жіктемелейміз (Сурет 2): 1. Келер ұрпақтың ақылды, намысқой, арлы, өміршең азамат болуын тілеу.

Сурет 2 - Қазақ халық педагогикасындағы бала тәрбиесінің жіктемесі

Жас нәрестенің дүниеге келуі ата-ана, ағайын-туыс, қауым-көпшілікке зор қуаныш әкелумен бірге, борыш та жүктей келеді. Дәлірек айтсақ ұрпақты тәрбиелейтін халық мектебінің есігі сәбидің алғаш дүниеге келген күнінен бастап айқара ашылады. Ол белгілі мақсат-тілекпен байланысты туындайды.

Отбасы үлкендерінің бәрі жаңа туған жас баланы Отанның, елдің асыл азаматы болуын аңсап армандайды. Өнегелі үлкендерге ұқсасын деп дарынды, өнерлі, ақылды ақсақалдарға баланың ауызына түкіртіп, азан шақыртып, атын

қойғызады. «Ақылын, жасын берсін» деп жаңа туған нәрестені қарияның шапанының етегіне орайды. Ұрпағы өскен қадірлі анаға кіндігін кестіреді, бесікке салдырады, қырқынан шығарту ырымдарын жасатады, тұсауын кескізеді. Үлкендерден бата алғызады. Халықтың балаға арналған ырым, бата-тілектерінде келешектен күткен үлкен үміт, аңсау арман бар. Тәрбиенің алғашқы қағидасы ата-ананың аңсау арманымен, баладан күтер үмітімен үндесіп жатыр.

2. Баланы жастайынан еңбексүйгіш, елгезек азамат етіп тәрбиелеу. Ол бесік жырлары мен тұсау кесер жырларынан, бата, тілек, терме өлеңдерден өзекті орын алған. Еңбек қағидаларын жастардың бойына сіңіру отбасындағы еңбектің қарапайым түрлерінен басталып, қоғамдық маңызды істермен ұштасқан. Ұл баланы қозы, лақ қайтаруға, отын-су әзірлеуге, мал өнімдерінен тұрмысқа қажетті құрал-жабдық (қамшы, шідер, жүген өру, тері илеу, қару-жарақ т.б.) жасауға әзірлеу, қора салу, киіз үйдің ағашын істеу, ұсталық зергерлік өнерге үйрету т.б. көзделсе, ал қыз балаларды ыдыс-аяқ жуу, үй сыпыру, шай құю, төсек жинау, кесте, өрнек тоқу, ас пісіру, бала күту, қонақ күту т.б. үйреткен.

3. Халық педагогикасында «бірінші байлық - денсаулық» деген ұғым өзекті орын алған. «Дені саудың жаны сау», «ас адамның арқауы», «Ауру астан» деп, рухани, материалдық байлықтың тәрбиенің негізін жеке бастың, яғни тәннің саулығына байланысты қарастырған. Баланы туған күннен бастап тұзды сумен шомылдыру, маймен сылау, дене күтіміне ерекше мән беріп шынықтыру, мерзімінде жақсы ас беріп тамақтандыру мен ұйықтатудың бәрі тән сұлулығы үшін жасалған әрекеттер.

4. Халық педагогикасында адамгершілік қасиеттерді баланың бойына дарыту, ізгілікке, имандылыққа, адалдыққа тәрбиелеу, ар-ожданды қастерлеу басты қағида болып есептелген. «Жаным - арымның садағасы» деп, арды адамгершілік қасиетінің үлгісі санаған.

5. Гуманизм - халықтық тәрбиенің басты қағидаларының бірі. «Отан отбасынан басталады» деп ұққан ата-бабамыз отбасының намысын қорғауды, қарттарға, ауру, кемтарларға көмектесуді, басқа ұлт өкілдерін сыйлауды отбасы тәрбиесінің өзекті принципі деп бағалаған. «Атаның баласы болма, адамның баласы бол», «Жақсы - көпке ортақ», «Ел үшін еңбек ет, халқын сүйген қор болмайды» деген өсиет тәрбиеден өзекті орын алған.

6. Тіршіліктің тұтқасы, өмірдің шамшырағы өнер мен ғылым деп түсінген халқымыз жастарға «Өнерлі өлмейді», «Білегі жуан бірді жығады, білімі жуан мыңды жығады», «Білім таусылмас кен, өнер өлмес мұра» дегенді насихаттап, өлең-жыр, мақал-мәтел, аңыз әңгімелер ұсынған.

7. Адам өмірі мәңгі табиғат құшағында өтетін болғандықтан, ата-бабамыз өз ұрпағын ағаш бесіктен жер бесікке жеткенше табиғи ортаны аялауға тәрбиелеп келген. Ол туралы әлденеше жұмбақ, өлең-жыр, ертегі, аңыздар шығарған.

Халықтық тәрбиедегі осы жіктемелердің этнопедагогикамен байланысы негізінде қазақ этнопедагогикасындағы баланы тәрбиелеудің бағыт-бағдарын қарастырақ (Сурет 3).

Сурет 3- Қазақ этнопедагогикасындағы баланы тәрбиелеудің бағыт-бағдары

Халық педагогикасында тәрбие ісін баланың жас ерекшелігін ескере отырып жүргізуді талап еткен. Мәселен, «Ұлыңа бес жасқа дейін патшадай қара, он бес жасқа дейін қосшыңдай сана, он бес жастан асқан соң ақылшы досыңдай бағала» деген мәтел баланы еркін тәрбиелеудің, көмекшім деп үмітпен қараудың, ақылшым деп тең санаудың қажеттігін меңзейді. Ал бұл ғылыми педагогиканың ыңтымақтастық принципімен қабысып жатыр.

Халық педагогикасында тәрбие ісін әр баланың жеке бас ерекшеліктерін (психологиясын) ескере отырып жүргізуді де ескертеді. «Баланы туады екенсің, мінезді тумайды екенсің», «Бір биеден ала да туады, құла да туады», «Балаға үміт арту - әкенің парызы, ақтау - баланың қарызы» деп ой түйіндеген.