Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
этнопедагогика УМКД каз .doc
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
605.18 Кб
Скачать
  1. Қазақ отбасында отбасының және жеке тұлғаның ерекшеліктеріне байланысты дамыту мен тәрбиелеудің мәселелері.

  2. Жас шамасының периодизациясы

  3. Балалардың мүшел жас кезеңіндегі дамуымен тәрбиесі.

 Қазақ этнопедагогкасының ғылыми-әдiстемелiк жүйесiн қарастырсақ, ол төмендегідей жүйе болып шығады:

1. Қазақ этнопедагогикасының «Сегiз қырлы, бiр сырлы» ұстанымы, мақсаты мен мiндеттерi: жан-жақты жетiлген азамат тәрбиелеу. 2. Мазмұны: Ұлттық салт-дәстүрлер арқылы балаға ақыл-ой, адамгершiлiк, әсемдiк, дене, денсаулық, еңбек тәрбиелерiн беру, мiнез-құлық дағдыларын қалыптастыру. 3. Әдiстері: әңгiмелесу, кеңесу, түсiндiру, сендiру, талап ету, кеңес беру, үйрету, көрсету, үлгi көрсету, өтiну, бұйыру, жаттықтыру, бата беру, мадақтау, алғыс айту, жалбарыну, қарғау, сөгу, кiнәлау, айыптау, жазалау т.б. 4. Түрлерi: Ойындар, тойлар, еңбек мерекелерi, ойын-сауықтар, кештер. 5. Құралдары: Санамақ, жаңылтпаш, өлең-жыр, тақпақ, ертегi-аңыздар, жұмбақтар, айтыстар, мақал-мәтелдер, шешендiк сөздер, салттар, ырымдар, жол-жоралар, ұлттық ойындар, әңгiме, айтыстар, сабақтар мен үйiрмелер. 6. Нәтижесi: «Сегiз қырлы, бiр сырлы», жаны таза, тәнi сау адам. 7. Тәрбиеге себепшi күштер: Табиғат, еңбек, тұрмыс, салт-дәстүр, өнеркәсiптер, дiн, ана тiлi, ұлттық ойындар. 8. Тәрбие ортасы: Отбасы, ауыл-аймақ, ру, қауым, тайпа, ұлт, мектеп, медресе. 9. Тәрбие объектiсi: Бала. 10.Халық тәрбиешiлерi: Әке-шешесi, атасы мен әжесi, апа, ағалары, ауыл үлкендерi, өнер иелерi.

  1. Білім мен тәлім-тәрбие құралдары әр елдің орналасу аймағына, тіршілік салтына, өмір сүру дағдыларына байланысты ортақ мінез-құлық ережелері, жүріс-тұрысы, тыныс-тіршілігі негізінде қалыптасады. Қазақ тәлім-тәрбиесі өзінің көл-көсір молдығымен де, адамгершілік қуат-тегеурінімен де, тарихи тәлім-тәрбиесі айқындылығымен де халықтың рухани өмірінде ерекше орын алады. Қазақ тәлім-тәрбиесінің ежелгі бастау қайнар көздері үш мың жылдай Еуразияның Ұлы даласында өркендеген скиф-сақ, ғұн, үйсін, қаңлы мен түрік бірлестіктерінің мол мәдениетінен нәр алған. Осыдан 2600 жыл бұрын өмір сүрген скиф-сақ ойшылы, «жеті ұлы ғұламаның бірі» Анахарсис (Анарыс) әдеп және адамгершілік туралы терең пікірлер қалдырған.

Ұлттық тәлім-тәрбиенің қалыптасып, дамуына ғұлама-ойшылдар да (Қорқыт, Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Ясауи, Ахмет Махмұдұлы Жүйнеки және т.б.) елеулі үлес қосқан. Егер Қорқыт ата өзінің ел-жұртына, кейінгі ұрпағына қалдырған өсиет сөздерінде: «Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді, Өтірік сөз өрге баспайды. Өтірікші болғаннан жарық көріп, өмір сүрмеген көп артық. Сөзіне берік, шыншыл адамға бұл дүниеде отыз жылды үшке көбейтіп, өмір сүргенде аз. Басқалардан өзін жоғары ұстаған адамға тәңірі бақ бермейді. Қара есектің басына жүген таққанмен тұлпар болмас. Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман...» - десе, әл-Фараби тәлім-тәрбиелік категорияларға жақсылықты, зұлымдықты, достықты, өзара көмекті, әділеттілікті, әділетсіздікті, абыройды, қанағаттануды, бақытты жатқызады, адамның бақыты туралы сөз қозғайды, тәлім-тәрбиелік ілімдердің адамгершілік аспектісіне талдау жасайды.

  1. Тәрбие теориясына байланысты Әл Фарабидың «адамға ең алдымен білім емес, тәрбие беру керектігі» жөніндегі нақыл сөзі кейінгі жылдары баспасөз беттерінде және педагогикалық жиындардағы баяндамаларда жиі айтылуда. Фараби мұраларының бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне берер тағылымдық құндылықтарының мол екені рас.

ХI ғасырда Жүсiп Баласағұн айтқандай, ата-аналар балаларының жеке ерекшелiктерiн жас күннен танып, соған қарай бағыт-бағдар, тәрбие берудiң маңызы ерекше. Ата-ана балаларына жақсы тәрбие беруде қоғам алдында жауапты. Жүсіп Баласағұн өзінің «Құтты білік» еңбегінде адамгершілік ұстанымдарына: парасат, ар-ождан, әділет пен бақыт жайлы сұрақтарға өзіндік ізденістерімен түбірлі жауап береді, ақиқатты адамның қайырымдылық мұратынан іздейді. ...Ақ сүтпен бiрге сiңген жақсылық айнымайды еш, алғанша ажал қапсырып. Ет сүйекпен бiрге бiткен қылығың, өзгермейдi салғанша ажал құрығын. Мiне, Жүсiп Баласағұн атамыздың «Құтты бiлiк» еңбегiндегi ойлар ана сүтiмен дарыған қасиеттi дәстүрлер халықтың салт-санасынан берiк орын алады» - дейді. Махмұт Қашқари «Диуани лұғат-ат-түрікте», «Тіл - тәрбиелік пен қайырымдылықтың басы», «Ақылды сөз алтын табаққа жеткізер», «Тіл түйгенді тіс шеше алмайды», «Белгі болмаса жол бұзылады, білім болмаса сөз бұзылады», «Шақпақты жақса - от тұтанар, сөз ұғындырылса - ой білінер»- деп тіл мәселесіне аса мән береді. Тіл - тәрбиеліктің көрсеткіші және ақпарат алмасудың маңызды құралы деп түсіндіреді. Ал, Қожа Ахмет Ясауи болса «Диуани Хикметте» оқып білім алу, иманды, ізгі қасиетті болу, жақсы мен жаманды айыра білу сияқты тәлім-тәрбиелік қатынас құндылықтарын уағыздайды. Ахмет Махмұдұлы Жүйнеки «Ақиқат сыйы» атты дидактикалық дастанында тәлім-тәрбиелік ілімдердің педагогикалық мүмкіндіктеріне аса мән береді, ізгі істерді, адамгершілікті, имандылықты алдыңғы орынға қояды.

Ата-бабаларымыз жазу-сызуды бiлмеген кездiң өзiнде де бала тәрбиесiне ерекше көңiл бөлiп, адам құқығын қорғауды назарда берiк ұстаған. Мысалы, «Қасымның қасқа жолы» (1511-1518), «Есiмнiң ескi жолы» (1598-1628), Әз Тәукенiң «Жетi Жарғысы» (1680-1718) сияқты көрнектi заңдардың өзi қағазға түспеген. Бұл - заңдық құжаттар. Ата-заңды аттаған азғындарды «етегiн кесiп, елден қу» деген қағидамен аяусыз жазалаған.

Ұлттық тәлім-тәрбиелік ілімі Асан қайғы, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар жырау, Дулат, Шортанбай және т.б. шығармаларында да, Шоқан, Ыбырай, Абай, Шәкәрім дүниетанымында да заман талабына қарай биік белестен көрінеді. Оны Шоқан Уәлихановтың «Сот реформасы жөніндегі жазбасында» қазақтың дәстүрлі тәлім-тәрбиесіне берілген талдауынан да, Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінен де байқау қиын емес. Мысалы, Абай «адам бойындағы барлық қасиеттер ананың ақ сүтiнен жаралған» деген ғұламалық ойды тарата келе, ол қасиеттердiң мiндеттi түрде тәрбиеленуi қажеттiгi туралы айтады. Абай жетiншi қара сөзiнде былай дейдi: «Жас бала анадан туғанда екi түрлi мiнезбен туады. Бiреуi iшсем, жесем, ұйықтасам деп туса, бiреуi - бiлсем екен демектiк. Не көрсе соған талпынып, жалтұр-жұлтыр еткен болса, соған қызығып, аузына салып, дәмiн татып, тамағына, бетiне басып қарап, сырнай, керней болса дауысына ұмтылып, онан ер жетiңкiрегенде ит үрсе, мал шуласа да, бiреу күлсе де, бiреу жыласа да тұра жүгiрiп, «ол немене», «ол неге үйтедi», «бұл неге бүйтедi» деп, көзi көрген, құлағы естiгеннiң бәрiн сұрап, тыныштық көрмейдi. Мұның бәрi өмiрге жаңа келген нәрестенiң жан құрамы, «бiлсем екен, көрсем екен, үйренсем екен» дегенi.

Балалардың адамгершілік қасиеттерін, ұлттық сана-сезімін дамыту мақсатында халық педагогикасы материалдарын мектеп практикасында пайдалану қажеттігін кезінде ұлы ағартушы Ы.Алтынсарин өзінің тәжірибесі мен еңбектері арқылы дәлелдеген болатын. Ол ұлттық мектеп ашты, халықтың ауыз екі шығармашылығын, ұлттық қолөнерді, салт-дәстүрлерді, т.б. бала тәрбиесінде пайдаланды. Ағартушы-ұстаз қазақ даласының ұлы ойшылдары «Қорқыт, Әл-Фараби, Ж.Баласағұни, Қ.А.Ясауи» мен жыршы-жырауларының (Асан Қайғы, Шалкиіз, Дулат Бабатайұлы және т.б.) педагогикалық ой-пікірлерінде көрініс тапқан ұлттың өнегелі дәстүрлерінің бала тәрбиесіндегі мән-маңызын жақсы түсінді.

Қазақ зиялылары мен ғалым-педагогтары Ш.Құдайбердиев, Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов және т.б. ана тілінде мектеп ашу мәселесімен бірге халықтың өнегелі салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрпын, ауызекі шығармашылығын оқу-тәрбие процесінде ұлттық сананы ояту, туған жерге, елге аялы көзқарастарын қалыптастыру мақсатында пайдалануға аса мән берді.

Шәкәрім болса өзінің «Үш анық» атты еңбегінде тәлім-тәрбиенің көптеген сұрақтарын теориялық тұрғыда ашып көрсетеді, адамгершілікті «ар ілімі» деп қарастырады. Ар-ұжданның мазмұнын нысап, әділет, мейірім құрайды деп дәлелдеп, оларды адамшылық ұғымымен байланыстырады.

Осы айтылғанның бәрі ғұлама ойшылдардың бала тәрбиесіндегі қазақ халық педагогикасының тұғырындағы көзқарастарының бірін-бірі толықтыратынын, тәлім-тәрбиеге берілген анықтамаларының нақтылана түсетінін дәлелдейді.