
2.Ақмола аймағы -өркениеттің ежелгі іздері: көне заманнан бүгінге дейін.
2.1. Бозоқ-Астананың атасы.
Астана тарихы ерте замандардан басталады. Нақ қай уақыттан бастап қала негізі салынғанын дөп басып айту қиын. Кем дегенде мың жыл осы өңірді адамдар мекен етіп келеді. Оған Астана маңындағы Бозоқ қалашығын зерттеудің нәтижелері куә.Ұлы Жібек жолы әркезде түрлі бағыттарда өтіп отырды.Бұл жолдар мен бұтақтар Еуразия кеңістігін ендік және бойлық бағыттарда бөлді. Дала ірі су артериялары- Ертіс, Есіл, Тобыл, Жайық, Еділ секілді өзендерді бір-бірімен байланыстарын ұсақ өзен-бұлақтарға толы еді. Су мен көлдің көптігі, көкке толы өрістердің кеңдігі керуендерге барлық мүмкіндіктерді жасады.
Сарыарқаның керуен жолдарын зерттеушілердің бірі Ә.Х. Марғұлан. Жазба деректер мен өз зерттеулерінің негізінде ортағасырлық керуен жолдарының картасын жасаған болатын. Бұл картада ¥лы Жібек жолынан Бетпақдала арқылы солтүстікке қарай өткен керуен жолдары белгіленген. Ол 4 басты жолды анықтады.Сарыарқаның ыңғайлы жолы ретінде Нұра өзенінің ағымын белгілеуге болады, ол өзенді бойлай жүре отырып, Есіл өзенінің жоғарғы және ортаңғы аңғарларына келесіз. Есіл 500 км бойы ендік бағытта ағады, содан кейін тікелей солтүстікке бұрылып, толқындарын Солтүстік Мұзды мұхитқа қарай бағыттайды. Дәл осы Есіл өзенінің аңғарында, Нұра мен Есілдің бір-біріне ең жақын орналасқан жерінде Бозоқ қалашығы орналасқан. Бозоқ қалашығы Есіл өзенінің сол жағалауындағы жайылымдық жазықтықтағы Бозоқты көлінің шығыс жағалауында, Қараөткелден 5 шақырым оңтүстік- батысқа қарай орна- ласқан. Шығыстан батысқа Монғолия-Алтай-Хазария-Булгария-Русия арқылы өтетін керуен жолдарының тоғысында бой көтерген. [9,44] «Қараөткел» топо-нимі И.Р.Шангиннің (1816 ж) жол жазбаларында кездеседі және күні бүгінге дейін сақталған. Қалашық Нұра өзенінің Есілге ең жақын бұрылып келетін саласында орын тепкен. Осы жерде оларды 40 шақырымдық кеңістік бөліп тұрады. Екі өзен аралығында оңтүстіктен солтүстікке қарай бағытталған кіші өзендер және көлдер жүйесі көптеп кездеседі. Бұл жер шаруашылық игерулер, әскери-стратегиялық плацдарм, ендік және бойлық бағыттағы керуен жолдарын бақылау тұрғысынан ерекше қолайлы болып табылады. Орыс әскери топографы және тау-кен инженері өз жазбаларында мынандай мәліметтер береді: «Бозоқты өзенінің бойында ежелгі қаланың қиратындылары жатыр, ақ үйінділер сол үйінділер менің қызығушылығымды туғызды.»[10,56].
Тәуелсіздік жылдарында осы ежелгі қаланы зерттеуге ел ғалымдарына мүмкіндік берілді.1997жылдан бастап, археолог Кемел Ақышұлы 500 шақырым аумақта Нұра мен Есілдің барлық салаларының бойында ауқымды барлау-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Археологтардың табанды еңбегі өз жемісін берді, 1998 жылы олар Астанадан 5 шақырым жерден Бозоқ өзенінің маңынан ортағасырлық қаланың белгілерін тапты. Қазірдің өзінде орлардың және қоршаған қорғандардың қиратындылары айқын көрінеді. Қорғандар мен орлар әрқайсысының көлемі 55-60 шаршы метрлік 3-4 бұрышты орамдарды қоршап жатыр. Табылған олжаның бірегейлігі астананы көшіруді жақтаушылардың дәйектерін ғана бекітіп қойған жоқ, археологиялық ғылымға мүлдем жаңа материалдарды тарту етті.
Ең алдымен, ортағасырлық қалашықтың орамдарын жоспарлауының өзі қызықты. Олар үш желек пішін түрінде орналасып, орталық алаңның айналасына топтастырылған. Алаңның үйінділері айналадан 2 метр биікте тұр. Есіл археологиялық экспедициясының жетекшісі М.Қ.Хабдулинаның айтуынша, бұл Еуразияның далалық аймағындағы қалашықтың жоспарлы құрылымының бірден бір және бірегей үлгісі. К.Ақышев пен М.Хабдулина-ның пайымдауынша, бұл қыпшақ тайпалары одағы билеушісінің ордасы болуы керек. Оның жанындағы өзенге билеуші Бозоқты деген атау берген, бұл аңыз бойынша «шығыс» деген мағынаны білдіреді. Осыған қарап, қыпшақ тайпалары шығысжақтан келген болуы мүмкін деген жорамал жасауға болады, бұл көлдің атауында сақталған.[11,95]
Жұмыс істеген бес жылдың ішінде Есіл археологиялық экспедициясы жаңа қызықты жаңалықтарға олжаларға кенелді. Алғашқы табылған олжалардың өзі - күйдіру пештері, кірпіш үлгілері, суландыру құрылыстарының іздері - көшпенділерде қалалар да, егін шаруашылығы тәжірибесі де болған емес деген кеңінен тараған пікірлерді жоққа шығарды. Археологиялық олжалар парсы және араб жазбаларындағы деректерді қуаттады.
Ғалым Марал Хабдулинаның айтуына қарағанда, ескерткіш Х ғасырға жатқызылып жүргенімен, 2002 жылы табылған жер үйдің орнынан алынған заттарды тіпті VII ғасырғада телуге болатын көрінеді.Өйткені, бұл тіршілікке қажетті заттардың Түркі қағанаты кезіндегі дүниелерге ұқсастығы өте көп. Бұл- қазақстандық археологтар бекіткен «далалық» өркениеттің өте ертеден қалыптасқанын айғақтаса керек-ті.Өткен ғасырларда «Еуразия кеңістігінің далалық өлкесі тек көшпелілер өмір сүрген орта» деген ұғымның белең алып тұрғаны жасырын емес.Малмен ғана күн көрген көшпелілер жақсы жайылым іздеп, қыпшақ даласын кезіп жүре бергенге саятын бұл тұжырымның жаңсақтығына табылып жатқан тың деректер куә.Сондықтанда Астананың тап іргесінен табылған Бозоқ қалашығының тарихи мәні өте зор.
Осылайша Астананың орнында VІІІ-Х ғасырларда қала болғандығын күмәнсіз дәлелдейтін негізгі дәйектемелер бірте-бірте жинала бастады. Орталық алаңның солтүстігіндегі 70 метр жерде ескі орындар мен қазан шұңқырлар кешені табылды. Бұл жер үйлердің қалдығы болып шықты. Үйлердің жанынан көлден тартылған суды шығырмен тартып шығаратын құдықтың орны табылды. Маңызды олжалардың бірі жалаңашталып қалған күйдірілген кірпіштердің табылуы болды. Олардың тұрқы Х-ХІІ ғасырларда- ғы кесенелердің дәстүрлеріне сәйкес келеді.
Әсіресе, 2002 жыл олжалы болды. VІІ-VІІІ ғасырларда Қазақстанның аумағына ислам таралғанымен, далалы аймақтарда монғолға дейінгі және монғол басқыншылығы кезіндегі пұтқа табыну (мәжусилік) салт бойынша жерлеу одан әрі жалғаса берді. Қалашықтың мазары осыны дәлелдейді.
Бір қарағанда әдеттен тыс болып көрінетін жағдай, Астананың «кешегімен астасқан бүгін» тұжырымдамасы қаланың археологиялық бұ-рынғы дәуірін негізге алады. 2002 жылдың өзінде К.Ақышев «Ортағасырлық Бозоқ қалашығы» тарихи-сәулеттік орталығын құру идеясын ұсынған бо-латын. Ол Бозоқты Қазақстанның жас елордасының бірегей ортағасырлық орталығы есебінде тануға негізделген.
Бозоқ қалашығы — Қазақстанның далалық аймағында осылай үлкен ауқым-да зерттелген алғашқы ортағасырлық ескерткіш. Қалашықтың ашылуы мен зерттелуі Қазақстан аймағын ерте ортағасырларда қандай тайпалардың мекендегені жөнінде сұрақтар қояды. Ерте ортағасырлар- VI-IX ғғ. Қазақстан территориясына түркі тілді және монғол тілді тайпалардың ену кезеңі. Жазба деректер бұл кезде Қазақстанның оңтүстігінде болған саяси және этникалық үрдістердің сипатын береді. Жетісу, Оңтүстік Қазақстан, Орта Азияның жартығасырлық зерттелуі кезінде көптеген жазба деректер археологиялық дәйектермен дәлелденді. 603 жылы Түрік қағанаты, Батыс және Шығыс болып бөлінгеннен кейін әр мемлекеттің өз тарихы өз бетімен кеткені мәлім. Батыс Түрік қағанатының орталығы Жетісуда орналасты. Түркештер, қарлұқтардың елордалары ретінде Суяб, Тараз, Баласағұн қалалары белгілі.
Бозоқ- аумағы жылдан жылға ұлғайып келе жатқан Астанамыздың кіндігі десек артық емес.Түркі-оғыз термині болып табылатын Бозоқ барлық түркі-монғол халықтары мемлекеттілігінің шығыс бір бөлігінің атауы екенін ескерсек, сонау ықылым заманнан бүгінгі күнге өзгеріссіз жеткені таңғалдырады.Есіл мен Нұра арасындағы бір көлдің Бозоқты атануы, соның маңында сол аттас бекініс салынып, қалдығы бүгінгі күнге жетуі шынында да үлкен құбылыс. Осы себепті мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев: «ортағасырлық Бозоқ қаласын Ақмоланың тікелей атасы, ал оның соңғы ұрпағы Астана-осы заманғы Қазақстанның астанасы болып табылады» [15, 234] деп әділ бағасын берді.
Қорытынды.
Ел мен жер тарихын түгендей отырып, ежелгі қанатты сөздің ақиқат екендігіне көзіміз жете түседі.Ол: «келешегіңді тарих айқындайды» деген тұжырым. Әр халықтың тарихында, оның мәдениеті мен өткен өмірінің белгісі ретіндегі көне жәдігерлер қашанда бірге мәңгі жасайды. Ұлт тарихын түгендеуде Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасының құндылығы ерекше, өмірмен тығыз байланысы айырықша.Осы мемлекеттік бағдарламаның аясында Ақмола аймағындағы археологиялық жәдігерлерді зерттеу, аймақты көне өркениеттің ошағы ретінде ел санасына бекіту бағытында келелі жұмыстар жасалды. Мемлекеттік бағдарламада аймақ тарихына ерекше орын беріліп, мемлекетшілдік идея мен ұлттық тарихымыздың үйлесуі елдік рухани мүмкіндігіміздің белгісі ретінде көрінді. Аймақты ежелден өркениетің ірі ошағы ретінде негіздеу жұмыстары әлі де жалғасын табуда.Олар ерте темір дәуірінің қорғандары, ежелгі және ортағасырлық қалалар мен елді мекендер, кесенелер мен тағы да басқа тарихи мәні зор ескерткіштер.Жалпы зерттеулердің мақсаты тек қазба жұмыстарын жүргізу емес, осы қазба жұмыстарынан кейін сол ескерткіштерді туризм саласымен байланыстырып, қорық-мұражайларға айналдыру, сол арқылы ел мүддесіне қызмет еткізу.
Зерттеу жұмысымызды қорытындылай келе аймақты көне мәдениеттердің ірі ошағы деп танып, мынандай ұсыныстар енгіземіз:
-Болашақта аймақтағы барлық маңызды кесенелерді, археологиялық жәдігерлерді , тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіріп, «Қазақтың байырғы мәдениеті» деген атаумен, ұлттың тарихымен танысам деген адам іздегенін табатындай біртұтас кешенге айналдыру.
-Аспан астындағы ашық мұражай жобасы ретінде насихатталып, мемлекет қорғауына алу, осы арқылы «ұлттық тарихи брендке айналдыру», ондай мұражайлар әлемнің көптеген елдерінде бар. Мысалы, Египет мемлекеті Ніл өзенінің бойына «Көне Мысыр мәдениеті» атты жүздеген шақырымға созылып жатқан «Дала мұражайын» салып қойды.Туристтер кемеге мініп Ніл өзені бойымен саяхаттап жүріп-ақ көне Мысыр мәдениетімен танысып шығады. Германияның Саксониясында да сондай мұражай бар. Бүкіл неміс ұлтының тарихын көз алдыңызға әкеліп, еріксіз құрмет туғызады.
-Келешекте Астанаға келген жұртта Бурабайға барып таза ауа жұтып, Бозоқ-Бытығайға келіп көне мәдениеттің тірі бейнесін көреді, Қорғалжын қорығына барып табиғат тамашасына бөленеді, Астанамызға келіп заманауи архетиктураның жаңа үлгілеріне тамсанады деген сенімдеміз.
-Бұл кешенді елордамыздың рухани құрылымын қалыптастыруымен қатар, аймақта туризмді дамытуға үлкен серпін беретін жоба ретінде де қарауға болады. Елбасымыздың Астана аймағында туристік класстерді қалыптастыру жобасымен сабақтас, тарихи маңызымен қатар экономикалық-саяси мәні бар ұсыныс деп есептеуге болады.