
1. Ақмола аймағының өткені мен бүгіні.
1.1. Ерте кезең зерттеушілері: аймаққа жалпы сипаттама
Ақмола аймағы- бұл өңір бағзыдан тартып, қазаққа құтты қоныс болған мекен. Мұнда көне өркениеттің іздері, әрі сан қырлы тарихтың сырын бауырына басып жатқан мәдени жәдігерлер баршылық. Тарихыңа қарап болашағыңды болжай алатындығыңды ғұлама ғалым, түрколог Лев Гумилев те дәлелдеп берді. Оның сендіруінше, өткен тарихтың ұлы кезеңдері де, тоқырау мерзімдері де араға белгілі бір уақыт салып қайталанып отырады.
Мұны түрік-қазақ тарихы, оның ішінде Астана шаңырақ көтерген Ақмола-Қараөткел тарихы да растайды. Бұл дала қай кезде де адамзаттық өркениетке үлес болып қосылған өрелі мәдениетімен ерекшеленген.
Дәуірінен озған мәдениеті бар Ақмола-Қараөткел біздің бабаларымызды өркенділігімен де, географиялық тиімділігімен де, кең өріс, көкорай шалғы-нымен де, «балығы жылқы жаптырмаған, қаз-үйрегі арылмаған» өзен-көлдерімен де (Ақмола облысында 4 мың көл бар) қызықтырған.Әр империя, әр қағандык, Есіл мен Нұра жарыса аққан жерге Астана салып, түбегейлі орнығуды қарастырған. Мұндай алғашқы әрекет біздің заманымызға дейінгі III мынжылдықта жасалды. Осы дәуірде жарты әлемге әмірін жүргізген Ғұн көсемдері Ақмоланың жанындағы Тайтөбе дөңесіне қамал салдырған. Қазіргі таңда Ақмола сол қорғанның аты екендігі, "Ақ" ғұн тілінде - Батыс, мола "қамал" ұғымын білдіретіні тарих ғылымына жаңалық емес.Сонымен, "мола, могила" дегізіп Кеңес басшыларын түршіктірген атау көне ғұн, яғни ежелгі арғын тілінде "Батыстағы қамал" болып шығады [2,29]
Ғұн империясына биіктегі қорған әскери-стратегиялық қызмет атқарса, сол арадан 40-50 шақырым қашықтықта, Нұраның Қорғалжынға қарайғы жағасына салынған Бытығай қаласы Сарыарқаның кіндігіндегі алғашқы астаналардың бірі еді. Бұған көне жазба мұралары куә.
1253-1255 жылдары Фламанд саяхатшысы Рубрук Виллем француз королі Людвих ІХ-шының тапсырмасымен монғол жері мен қазақ даласын, Есіл-Нұра аймағын шарлайды. Мақсаты - осы араны мекендеген арғын, қыпшақ, керейлердің жауынгерлік қуат-күшін анықтау, христиан дініне үгіттеп көру, Ұлы далаға крест жорығы ұйымдастырыла қалса, соғыс стратегиясын дұрыс белгілеуге қажетті деректер жинау.Саяхатшы-барлаушы еліне монғол жері арқылы оралған. Корольге жазған толық есебінде Есіл, Нұра, Ертіс, Кеңгір, Сарысу өзендері, Қорғалжын мен Балқаш көлдері туралы мол мәліметтер келтіреді. Анжа-там, Болған-ана, Жұбан-ана, Бытығай қалаларын жан-жақты сипаттайды.
Атақты жиһанкез Марко Полоның да Сарыарқа өңірі жайлы құнды деректерді 1271-1295 жылдардағы саяхатынан соң испан короліне жеткізгенін білеміз.Осы сынды деректер 1375 жылы Италияда басылып шыққан "каталон картасында" пайдаланылған. Бұдан соңғы жылдарда ол Дешті-Қыпшақтың даласын Жібек жолы арқылы ерсілі-қарсылы кезген көпестердің деректерімен толықтырылып бірнеше рет жарық көрген. Солардың ішінде жақсы сақталғаны -1459 жылы Венецияда "Фра-Маура" деген атпен басылған нұсқасы. Ал 1742 жылғы соңғы басылымына Қытай мен Ресей мәліметтері енгізілген. Осы карталардың бәрінде Бытығай қаласы- үзбей көрсетіліп келіпті. Географиялық орналасу реті, халқы, мәдениеті жайлы қысқа да тұжырымды айтылады. Сонымен бірге Орталық және Солтүстік Қазақстанда болған, бүгінде орны да қалмаған Сарай, Сүзген-тұра, Бесік-тұра, Қашлық, Ақтоғай, Іскер, Қайнақ, Ханыкей ңалалары туралы да біле аласыз. Осы айтылғандардан шығатын қорытынды: Бытығай -Ғұн заманынан келе жатқан көне қала, Сарыарқаның кіндігіндегі алғашқы ас-на. Шаһар өзінің осы астаналық аңызын үш жүздің басын алғаш рет қосып, далалық мемлекет құрған тұңғыш конституциямыз-Жеті жарғыға ғұмыр берген атақты Әз Тәукенің тұсында да жойған жоқ. Бұл пікірімізге мынандай нақты дерек келтіре аламыз.1694 жылы Ресейде "Казачья орда" деп аталатын карта басылып шықты. Оның авторлары соның алдындағы жылдары Әз Тәукеге келіп кеткен орыс елшілері Ф. Скибин мен М.Трошин болатын. Олар картамен бірге сапарнама да жазған. Біз үшін аса құнды осы мұрағатта Әз Тәукенің Нұра өзенінің бойында да тігіп отырғаны, сол жерге бару үшін Есілді кешіп өтуге тура келгені, хан ордасынан Қорғалжын көлінің алыс еместігі айтылады.[3,77] Орда Нұраның жағасына салынған Бытығай атты қалаға жақын тұрғанын, Әз Тәукенің шаһарды ерекше қамқорлықпен ұстап отырғанын әңгімелей келіп, елшілер шаһардың салтанаты қайран қалдырғанын, архитектуралың жағынан айрықша дін орындары көп екенін, Жібек жолымен жеткен керуендер сапырылысып жататынын баяндайды.