Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ТБК КАП.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
855.55 Кб
Скачать

2.3. Семинар сабақтардың жоспары

Тақырыптың атауы

Күндізгі

сырттай

1

Лингвистика – дербес ғылым

1

1

2

Тіл және ойлау

1

1

3

Тіл – таңбалық жүйе. Тілдің жүйелік қасиеттері

1

1

4

Халықаралық табиғи және жасанды тілдер

1

1

5

Фонетика

1

1

6

Сөйлеу дыбыстарының акустикалық және артикуляциялық сипаттамасы

1

1

7

Буын және оның түрлері. Сингорманизм. Екпін.

1

1

8

Лексикология

1

1

9

Синоним. Антоним. Омоним. Полисемия

1

1

10

Фразеологизмдер

1

1

11

Грамматика

1

1

12

Грамматикалық ұғымдар

1

1

13

Грамматиканың салалары

14

Тілдердің генеологиялық және типологиялық топтастырылуы

15

Жазудың шығуы және оның даму кезеңдері

Барлығы

15

15

Семинар сабақтарды орындауға арналған әдістемелік нұсқау:

Төмендегі ұсынылып отырған тақырыптар негізінде берілген сұрақтарға дайындалып, өздерінің ой-пікірлерін дәлелдеу.

Ұсынылған тақырыптар бойынша конспект, реферат жазу. Ғалымдардың ой-пікірлерін саралап, өз пікірлерін білдіру.

1 семинарлық сабақ тақырыбы: Лингвистика – дербес ғылым

1 сағат. 1-апта.

Сұрақнама:

  1. Тіл білімінің зерттеу пәні, нысаны не?

  2. Тіл білімінің салаларын атаңыз.

  3. Тіл білімінің ғылымдар жүйесінде алатын орны қандай?

  4. Тіл білімінің зерттелу тарихы. Салыстырмалы-тарихи әдіс.

Тапсырмалар:

1-тапсырма. Анықтамада берілген тілдің әр сипатына тоқталып, мысалдар келтіріп, талдау жасаңыз.

Тіл дегеніміз – тарихи қалыптасқан, қоғамдасқан, бір географиялық мекенде орналасқан, бір нәсілге жататын, қандас адамдар қоғамының, ойын жарыққа шығаратын, қарым-қатынас жасайтын, мұралық қасиеті бар, ортақ дыбыстық құрамы, лексикалық қоры, грамматикалық құрылысы бар коммуникацияның ең негізгі түрі.

2-тапсырма. «Тіл» сөзінің омонимдеріне түсініктеме беріңіздер.

Тіл – адам организмінің – ауызы ішіндегі ең жылжымалы органының бірі: тіл – адамдар арасындағы коммуникативтік қатынас құралы. Тіл – адамдардың қарым-қатынас құралы. Тіл адамдардың қарым-қатынас құралы болуымен бірге, олардың ой-сезімін бір-біріне жеткізуші құралы; тіл – адамдардың дыбыстық, лексикалық, грамматикалық құралдарының жүйесі (Ә.Хасенов).

3-тапсырма. Тілдің атқаратын негізгі 3 қызметіне тоқталып, түсініктеме беріңіздер. Олар:

1. Коммуникативтік

2. Экспрессивтік

3. Аккумулятивтік

4-тапсырма. Тілдің теориялық және практикалық мәнін түсіндіріңіз.

5-тапсырма. Ғалымдардың зерттеуі бойынша дүниежүзінде қанша тіл бар? Олардың бүгінде қаншасы тірі, қаншасы өлі болып саналады?

Әдістемелік нұсқаулар: Тапсырмаларды орындау барысында тіл білімінің нысаны – тілге (адамзаттың дыбыстық тілі) берілген анықтамаларға назар аударып, оның қоғамда атқаратын рөліне, негізгі қызметіне тоқталыңыз. Басқа ғылым салаларымен байланысын көрсетіңіз. Оның басқа ғылымдармен байланысын жете түсіну үшін, оның қоғамдық ғылымдар мен жаратылыстану ғылымдарының әртүрлі салаларымен байланысына арнайы тоқталу қажет. Дүниежүзінде қанша тіл бар екендігіне қатысты мәліметтер әртүрлі. Осыған салыстырмалы түрде статистикалық талдау жасаңыз.

2 семинарлық сабақ тақырыбы: Тіл және ойлау

1 сағат. 2-апта.

Сұрақнама:

  1. Тіл мен ойлаудың арақатысы қандай?

  2. «Тіл – ойдың шарты» дегенді қалай түсінесіз?

  3. Тіл білімінің логикамен байланысы қандай?

  4. Ойлаудың қандай түрлері бар?

Тапсырмалар:

1-тапсырма. «Тілдегі сөз логикалық категория – ұғыммен тығыз байланысты, сөйлем пайымдаумен тығыз байланысты» дегенді қалай түсінесіз?

2-тапсырма. Тіл мен ойладың байланысына қатысты берілген төмендегі тұжырымға сипаттама беріңіз.

Адам тіл арқылы ойлайды. Ұғым сөз арқылы жатталып қалады. Ал сөз мазмұн мен форманың бірлігінен тұрады. Сөздің мазмұнын оның ұғымы мен мағынасы жасайды да, сөздің формасын оның дыбыстық, морфемалық құрамы туғызады. Ұғымның сөзбен (формамен) айтылуы қаншалықты міндетті болса, сөздердің дыбыстар тіркесімен жасалуы да соншалықты міндетті. Сөздерді бір-бірімен тіркестіріп қолдану арқылы ғана ойды білдіруге, пікір алысуға болады. Осы тұрғыдан алғанда, тіл – ойды айтып жеткізудің құралы. Тіл біздің ойымызды туғызып, оны жеткізіп қана қоймайды, сонымен бірге, ол адамдардың сан ғасырғы мол тәжірибесін сақтайды және оларды ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырады.

3-тапсырма. Берілген өлең ойлаудың қандай түріне жатады

Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,

Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.

Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,

Басқан жері сықырлап, келіп қалды.

Дем алысы – аз бен қар,

Кәрі құдаң – қыс келіп, әлек салды.

Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып,

Аязбенен қызарып ажарланды.

Бұлттай қасы жауып, екі көзін,

Басын сілкісе, қар жауып, мазаңды алды (Абай).

4-тапсырма. Тіл мен ойлаудың шығуы және бұл екеуінің байланысы жөнінде айтқан академик И.П.Павловтың қағидаларына конспект жасаңыздар.

Әдістемелік нұсқаулар: Тіл мен ойлау өзара тығыз байланысты. Біріншіден, тіл мен ойлау да – адам миының туындысы, екіншіден, тіл де, ойлау да қоғамдық құбылыстар болып табылады. Берілген тапсырмаларды орындау барысында тіл мен ойлаудың өзара қарым-қатынасын біліп, ойлаудың сөз, ұғым, мағынамен байланысын анықтаңыздар. Тіл білімінің басқа ғылым салаларымен байланысына шолу жасап, логикамен байланысына кеңірек тоқталыңыз.

3 семинарлық сабақ тақырыбы: Тіл – таңбалық жүйе. Тілдің жүйелік қасиеттері

1 сағат. 3-апта.

Сұрақнама:

  1. Тілдің таңбалық сипаты дегенді қалай түсінесіз?

  2. Тілдік және тілдік емес таңбалар

  3. Тілдің жүйелік қасиеттері

Тапсырмалар:

1-тапсырма. Төмендегі берілген мәтіннен тілдің жүйелік және құрылымдық қасиеттерін анықтаңыздар.

Әлі күн шыққан жоқ, елең-алаң еді. Жиырма ауыл жүктерін артып жатқанда жым-жырт, үнсіз қимылдаса, енді түйелерін тұрғызып, жөнеліп бергенде жамыраған қозыдай неше алуан үнге басты. Біресе жүк батқан түйе бақырады. Енесінен адасқан бота боздайды. Әр ауылдың өш иттері бір-біріне арсылдасады. Айқай салып шапқылаған аттылар, жүкші жігіттер көрінеді. Бала жылайды, шешелер ұрысады. Қиқулап айқай салып, мал қайырған малшылар, жас-кәрілер үндері әлсін-әлі келеді (М.Әуезов).

2-тапсырма. Тілдік және тілдік емес амалдарды көрсетіңіз.

1. Көзі шекесіне шыға шадырайып, адам шошитындай қанталап кетіпті. Ағасының долы ашуға мінгенін Қаби түсінді. «Бұл үйге ендігәрі Боташ екеуің бас сұқпа!» - дегенім қайда? Көзіме көрінбе! – Орнынан қарғып тұрып, Мәмет қолымен есікті нұсқады (Б.Нұржекеев). 2. Бетінде жалғыз тамшы қан жоқ. Ашудан көкпеңбек боп, булығып алған еді. Ернін тістеп, қабағын тастай түйіп ап, шыдай бермек болды. Тыста мұның қолын артына байлап, бір семіз шабдар атқа мінгізді де, артына Төлепберді қарғып мініп алды. Ашулы топ Қарашоқыға қарай тасырлатып шапқылап жөнелді (М.Әуезов). 3. Қалың қабағы түйілген жалпақ бет Әліпқалидың өңінде бір қасық қан жоқ... Екі қолын жайып, уықтай саусақтарын бүркіттің тұяғынша бүрістіріп: – Буындырып, өлтірейін! – деп екі қолын екі жаққа серпіп жіберіп атылған Әліпқали киіз аяғымен жер соққанда, жан даусымен айғай салып, етпетінен түсті (С.Жүнісов).

3-тапсырма. Төмендегі берілген анықтамаға сипаттама беріп, таңба мен таңбаланушы арасындағы ерекшелікті түсіндіріңіз.

«Таңба дегеніміз ­ сезім мүшелерінің бірі арқылы қолданылатын, бірдемені білдіретін, хабарлайтын материалды элемент, ал таңбаланушы дегеніміз ­ сол таңбаның білдіретін мағынасы. Яғни таңба болу үшін, оның сыртқы формасы мен ішкі мазмұны (мағынасы) бірдей болуы керек. Бұлардың бірі болып, екіншісі болмаса, таңба бола алмайды. Бұдан таңба мен таңбаланушының өзара тығыз байланыстығын көруге болады. Бірақ бұл екеуінің бірлігі тепе-тең бірлік емес, бір-бірінен өзгешеліктері бар бірлік» (Б.Қалиев).

Әдістемелік нұсқаулар: Дыбыс тілін таңбалар жүйесі деп санау қазіргі заман тіл білімінде ең көп тараған пікір. Тілдің таңбалық сипатын дұрыс түсіну үшін, алдымен таңба, семиотика дегендерді біліп алған жөн. Тіл белгілі бір құрылымы және қызметі бар, бір бүтін жүйелі құбылыс ретінде өмір сүреді. Құрылым мен жүйе тілге ғана емес, сонымен бірге басқа да құбылыстарға тән болып табылады. Жалпы «жүйе», «құрылым» туралы ұғымдарды айқындау тілдің жүйелі сипаты мен құрылымдық қасиетін танып білуге көмектеседі.

4 семинарлық сабақ тақырыбы: Халықаралық табиғи және жасанды тілдер

1 сағат. 4-апта.

Сұрақнама:

  1. Халықаралық тілдерді қалай түсінесіз және оған қандай тілдер жатады?

  2. Жасанды тілдер дегеніміз не?

  3. Жасанды тілдердің табиғи тілдерден ерекшелігі

  4. Жасанды тілдердің қандай түрлері бар?

Тапсырмалар:

1-тапсырма. Пиджин тілі және оның ерекшеліктеріне мысалдар келтіріңіздер.

2-тапсырма. Креол тілі және оның ерекшеліктеріне мысалдар келтіріңіздер.

3-тапсырма. «Бұқаралық ақпарат құралдары және ғаламдастыру үрдісі: тілді сақтап қалу мәселесі» атты тақырыпта баяндама дайындаңыздар.

4-тапсырма. Жаргон және арго. Әлеуметтік рөлі мен оның тілдегі көрінісіне сипаттама беріңіздер.

Әдістемелік нұсқаулар: Дүниежүзі тілдері халықаралық және табиғи тілдер болып бөлінеді. Халықаралық тілдер көпшілікке таныс, белгілі бір немесе бірнеше мемлекеттің тілі есебінде жүретін, ұлттың қалыптасу кезеңінен бірге жасасып келе жатқан тілі болса, жасанды тілдер уақыт өте келе белгілі бір жағдайларға байланысты қоғам қажеттігін өтеуден туған тіл болып саналады. Тапсырмаларды орындау барысында ғаламтор материалдарын кеңірек пайдаланыңыз. Себебі қазақ тілінде жасанды тілдер жайында дерек жоқтың-қасы.

5 семинарлық сабақ тақырыбы: Фонетика

1 сағат. 5-апта.

Сұрақнама:

  1. Фонетиканың зерттеу нысаны

  2. Фонетиканың қандай салалары бар?

  3. Фонема, дыбыс, әріп ұғымдарының ерекшеліктерін атаңыз

Тапсырмалар:

1-тапсырма. Әрбір дауысты, дауыссыз фонеманы салыстыра отырып, олардың бір-бірімен ұқсастығын және бірінен екіншісінің айырмасын көрсетіп жазыңыз.

Ақын сияқты күйшінің де ашынытын, өнер ашатын кезі бар (Т.Ә.). Омар бір оңаша қалып өз тіршілігіне өзі бір оқшаудан оқшия қарап, көз салғаны осы еді (Ш.М.). Жүз мың аттың тұяғының баспаған жері жоқ (Ә.К.). – Бота! – деген жіңішке дауыс құлағына тигенше, Ботагөз бетінен алақанын алған жоқ (С.М.). Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық (Б.Мом.).

2-тапсырма. Дауыстылардың монофтонг, дифтонг болып бөлінуінің себебін түсіндіріп, оларға талдау жасаңыз.

Кемпір есікті сипалап ашып, күбір-күбір сөйлеп жүр, өзі де көз ілмей, ұзақ көлбеп ақыры тысқа шықты (Х.Е.). Тегіс-тепсең жерлерде, бұлақ бойларында жараның орнындай болып киіз үйлердің көшкен жұрттары көрінеді. Кеудесі сырылдап, өкпесі аузына тығылып, әлсін-әлсін тоқтап дем алады (Қ.Ж.). Атадан қалған аңыз бойынша, әңгіме өткен ғасырларда жуан-жуандардың Сарыөзек даласын басып алуынан басталады. Сол көнді кесіп-кесіп, әлі жып-жылы буы бұрқыраған қалпында тұтқынның жап-жаңа шашы алынған тақыр басына қаптай қойған кезде, осы өзіміздің қазіргі заманда суға жүзгіштердің басына киіп алатын рәзеңке шәпке сияқты сып-сығыр желімдей жабыса қалады (Ш.А.).

3-тапсырма. Фонетикалық процестерді түсіндіріп, әрқайсысына мысалдар келтіріңіздер.

1. Диереза

2. Эпентеза

3. Протеза

4. Эпитеза

5. Апокопа

6. Метатеза

Әдістемелік нұсқаулар: Адамзаттың сөйлеу тілі дыбыстық тіл болғаннан кейін, тіл дыбыстарын арнайы қарастыратын сала фонетика деп аталады. Тапсырмаларды орындау кезінде дауысты, дауыссыз дыбыстардың өзіндік ерекшеліктеріне мұқият назар аударыңыз. Фонема, дыбыс, әріп ұғымдарының ерекшеліктеріне тоқталыңыз. Себебі кез келген тілдің дыбыстық жүйесінің өзіндік ерекшеліктері бар.

6 семинарлық сабақ тақырыбы: Сөйлеу дыбыстарының акустикалық және артикуляциялық сипаттамасы

1 сағат. 6-апта.

Сұрақнама:

  1. Дыбыстардың акустикалық қасиетін қалай түсінесіз?

  2. Дыбыстардың артикуляциялық ерекшелігі деген не?

  3. Дыбыстардың функционалдық қызметін түсіндіріңіз.

Тапсырмалар:

1-тапсырма. Берілген мәтіннен дауысты, дауыссыз фонемаларды түгел теріп жазып, олардың әрқайсысына жеке-жеке акустикалық-артикуляциялық ерекшеліктеріне қарай толық мінездеме беріңіз.

Аздан соң Оспанды ертіп Тәкежанның үйінен Абай аттанғанда, күн кешкіріп, екінтіге тақап қалған екен. Екі туысқан кешкі қоналқада қайда боларын шешпесе де, атқа мінісіп, өлкені, өзенді бойлады. Кешкі суға келіп жатқан қалың жылқыларды шеттей жағалай түсіп, ешбір ауылға соқпай, белгілі бір сейілге шыққандай. Осылайша атқа мініп, оралып қайтуын Оспан тілеген соң, бағанағы сөзін айтар деп, Абай үндемей ерген-ді. Бірақ Бұл жүрісте де Оспан сөзін бастағанша көлденең бір жай олардың келелі сөзінің арасына түсіп кетті. Ол күйдің себепшісі — бұл екеуінің аңшы інісі, әдемі көк қаршығаны қолына ұстаған, сұлу жарау, ақсұр байтал мінген Шәке болатын (М.Ә.).

2-тапсырма. Тіл-тілдегі дыбыстарды бір-бірімен салыстыра отырып, ұқсастықтары мен айырмашылықтарын көрсетіңіз.

Мысалы үлгі: қазақ тіліндегі ы дыбысы орыс тілінде ый болып оқылады немесе орыс тіліндегі элеватор сөзі қазақ тілінде елеватор болып айтылады.

3-тапсырма. Берілген сөйлемдердегі сөздерді ережеге сай тасымалдап жазыңыз.

Жиырма мыңға жаңа толған халқы бар Омбы қаласы ең әрісі жиырма үйден отыратын қыр қазақтарына ұшы-қиыры жоқ үлкен көрінді (Ғ.М.). Баланы құшақтап маңдайынан бір сүйді де, «әкеңе бар» деп есікті көрсетті (Ғ.Мұст.). Күніне үштен, төрттен бордақы семіз қойларды сойғызып үйткізеді (М.Ә.). Жомарт бинокльмен қарап әйел екенін таныды (Ғ.Мұст.). Мен кішкентайымнан далада қой бағып өстім («Жұлдыз» ж.). Сағитты мен сол Жоламанның үйінен кездестірдім (С.М.).

Әдістемелік нұсқаулар: Тіл дыбыстарының жасалуы мен акустикалық ерекшеліктеріне (күші, ырғағы, созылыңқылығы, әуені) назар аударыңыз. Тіл-тілде бірдей дыбыстар кездеседі, бірақ олардың өзіндік дыбысталу ерекшеліктері бар. Себебі фонетика тіл дыбыстарының заңдарымен ғана шектелмейді, сонымен қатар, тілдің барлық жағдайларында және қызметтерінде көрінетін дыбыстық құрамдары мен тәсілдері және тілдің дыбысталу түрі мен жазба түрінің арасындағы байланыстарды да қарастырады. Осыған назар аударыңыздар.

7 семинарлық сабақ тақырыбы: Буын және оның түрлері. Сингорманизм. Екпін. Интонация.

1 сағат. 7-апта.

Сұрақнама:

1. Сөздерді буынға бөлу мен тасымалдаудың ерекшелігі бар ма?

2. Дыбыс үндестігі мен буын үндестігінің айырмашылығын түсіндіріңіз.

3. Екпін және оның түрлерін атаңыз.

Тапсырмалар:

1-тапсырма. Мәтіндегі сөздерді буынға бөліп, түр-түріне ажыратыңыз.

Шыңғыс асып, күн бата Шалқарда отырған Ұлжан ауылына жеткенде, екі жігіт Абайдың осы байлауына біржолата тұрақтап келіскен еді.

Шалқар деген кең төскей, мол жайлау құлпырып тұр екен. Өзені тұнық бірдей, құнан шаптырымдай. Шалқар десе Шалқар еді. Күндіз-түні айықпай, самал боп есетін Арқаның майда қоңыр желі Шалқарда, әсіресе рақат лебіндей майысып желпитін. Төрінде бетегелі белестері бар – жасыл толқынындай. Осы Шалқарға биыл қонған ауылдар көп екен. Абайлар өз ауылын тапқанша талай қалың ауылды аралап өткен. (М.Әуезов).

2-тапсырма. Сөздердің буын жігі мен морфологиялық жігін ажыратыңыз.

Үлгі: басшылықтарын

Морфологиялық жік: бас – шы – лық – тар – ы – н

Буын жігі: бас – шы – лық – та – рын

Сол бір жаз балалықтың соңғы жазы екен. Сол жазда он алтыға жаңа толған Шымданның жүрегіне алау от пайда болды. Ауылдары Аякөздің бойына қонған. Шымдан таң қараңғысынан тұрып, мөлдір сулы, ну орманды – үлкен өзеннің жағасына барып қиялға шомар еді. Артта таңғы самалмен баяу аймаласқан қалың Терек. Аяқтың астында кең арна. Ағынды су. Бет алдында қөгілдір аспан. Әрине, қараңғыда бұның ешқайсысы көрінбейді. Теректің сылдыры, судың сырылы ғана естіледі. Ал қалғанын Шымдан оймен көріп, қөңілмен сезеді. Шымдан солқылдаған көк шым қабаттың үстінде тізесіне басып салған күйі маужырап ұзақ отырды. Тұңғиық қара күмбездің шығыс жақ жиегі сәл тарап, қою көк түске енген кезде басын көтеріп, таң атып келе жатқан ғажайып сәтті тамашалайды. Манағы қою көк енді көк торғын түске енеді. Көкжиектің қанаты баяу көтеріледі. Осы кезде өзеннің бойында ерке таңғы самал еседі. Міне, көк торғын жиек енді зеңгірге айналады. Лебіне аспан тұтана бастағандай. Көкжиектен кып-қызыл тасқын көрінеді. Сол кезде дала лап етіп қызыл арайға бөлінеді. Жан есі тәтті ұйқының соңғы жұтымын тауысар шақ. Қас қағым ғана уақыт. Содан кейін жаңағы қызыл тасқын биіктей түсе кақ жарылады да, ішінен алтын күн жарқырап шығады.

3-тапсырма. Буын жігінің орфоэпиялық бөлінуі мен орфографиялық бөлінуінің кейде сәйкес келмейтінін мысалдармен түсіндіріп беріңіз.

4-тапсырма. Тіл-тілде интонацияның рөлі қандай?

Әдістемелік нұсқаулар: Берілген тапсырмаларды орындап, жаттығуларға фонетикалық талдау жасаңыздар. Буынға анықтама беріп, оның түрлерін атаңыз. Қазақ тілінде буынның түрлеріне қатысты ғалымдар тарапынан берілген пікірлер әртүрлі (2, 3, 4, 6). Себебін түсіндіріңіздер. Сингорманизм заңдылығына сипаттама беріңіздер. Екпіннің түрлерін атаңыз. Екпін қазақ тілінде фонетиканың ғана қарастыратын мәселесі болса, орыс тілінде сөзжасамдық тәсіл болып табылады.

8 семинарлық сабақ тақырыбы: Лексикология

1 сағат. 8-апта.

Сұрақнама:

      1. Лексикология және оның салалары

      2. Сөз және оған тән белгілер. Сөздің ұғым және мағынамен байланысы қандай?

      3. Сөз мағынасының өзгеру себептері мен ауыспалы мағынада қолданылу тәсілдері

Тапсырмалар:

1-тапсырма. Берілген мәтіннен сөздердің ауыспалы мағынада қолдану тәсілдерін анықтап, жасалу жолдарын түсіндіріңіздер.

Алты жыл қаралы, қайғылы алты жыл өтті. Әрбірі бір-бір өмірдей сарылған ұзақ. Қара жел үзілмей соққан күздің суық күніндей қуарған жүдеу жылдар... Содан бері Қарагөз қаралы тор бұлбұлындай, бұл төсектің иесі. Сансыз көп күндер өтіп жатса да, не бір жаңа үміт әкеліп сергіткен, не болмаса жүдеу көңілді бір сағатқа болса да селт еткізіп алаңдатқан мезгіл болған емес. Қарагөз бұл өмірге әбден мойындап болған. Көп жыл бойына созылған қаралы күй Қарагөз өмірінің қалпы болған. Күндегі дағдысы, салты болып кеткен... Күздің айсыз қараңғы түнінде, түнғатып жүрген жолаушы ұзақ қараңғылыққа қалай мойындап бағынса, Қарагөз де сондай мойындап, көніп болған... Содан бөлек халді көксететін өзге түрлі ой келсе, оны көңліне дарытпай, өшіруге асырады. Сол Қарагөздің аулы бүгін қалың таудың ішімен жайлаудағы көк шалғынды, салқын сулы шалқар қонысқа көшіп келе жатыр. Таң қылаңдап келе жатқаннан жүгін арта бастаған ауыл жаздың күні жақын белден жаңа қызарып шығып келе жатқанда ескі жұртынан жөнелген...   Қазірде көш жарым жолға келіп қалды. Бүгін тау аса қонбақшы болған ауыл қалың таудың ішімен жартасты, тоғайлы, шалғынды езекпен шұбатылған шұбар топ болып, дабырлап, шулап келе жатты... (М.Әуезов, Қаралы сұлу).

2-тапсырма. Берілген жаттығудан тура және ауыспалы мағынада тұрған сөздерді көрсетіңіз.

Қыркүйек аяқталып, күздің қарбалас сәттері бәсеңси бастаған. Ауыл адамдары бақшадағы жемістерін жинап, қораларына шөбін тасып, Алтайдың алты ай бойына сұлап жатып алар ұятсыз қысына әзірленіп жатыр. Колхозшылар биылғы күздің берекелі, жомарттығына риза, жақсылықтың нышанын сезгендей сеніммен қимылдайды. Майдандағы жағдай оңала бастапты, ентелеп келген жаудың беті қайтып, тұмсығы тасқа тиіпті, біздің айбынды әскеріміз ннемістің әпігін басып, әкесін танытыпты деген сықылды жылы хабар дүркін-дүркін естіледі. Амал не, күн өткен сайын, қара қағаз да көбейіп, ауылдан аттанған азаматтардың жартысынан айрылдық. Адам баласы жамандыққа да көндігіп, үйренеді екен, қаралы үйге көңіл айтып шыққанымыз болмаса, бұрынғыдай ағыл-тегіл жылау, шашымызды жайып жоқтау бәсеңсіп, байсалды төзімділік жеңген. Қазан айы тынышты, жауын-шашынсыз өтерін сездіргендей жарықтық ай да ораққтанып қырынан әдемі туды (О.Бөкей, Бәрі де – майдан).

3-тапсырма. «Табу мен эвфемизм және дисфемизм» атты тақырыпта баяндама дайындаңыздар.

Әдістемелік нұсқаулар: Жаттығуларды тапсырмада берілгендей орындап, сөздердің тура және ауыспалы мағынасын түсіндіріңіздер. Сөздердің ауыспалы мағынада берілуінің тәсілдерін анықтаңыздар. Баяндама дайындау барысында мысалдар келтіріп, негізгі мәселелерге назар аударыңыз.

9 семинарлық сабақ тақырыбы: Синоним. Антоним. Омоним. Полисемия

1 сағат. 9-апта.

Сұрақнама:

      1. Синонимдерге тән белгілер және жасалу жолдары қандай?

      2. Антонимдерді қолданудың жолдары қандай?

      3. Омоним мен полисемияның айырымдық белгілерін атаңыз

Тапсырмалар:

1-тапсырма. Төмендегі берілген сөздердің синонимдік қатарларын толықтырыңыз.

Әдемі, батыр, білімді, көз, маңдай, ақымақ, ас, той т.б.

2-тапсырма. Антонимдердің қайсысы тура, қайсысы контекстік жолмен жасалып тұрғандығын көрсетіңіздер.

  1. Елдестірмек – елшіден, жауластырмақ – жаушыдан; 2) Оң көзіңе сол көзің қарауыл болсын; 3) Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады; 4) Жаз жайлауға шығасың, қыс қыстауда боласың; 5) Ақ дегенім – алғыс, қара дегенім – қарғыс; 6) Қарадан тер шыққанша, сарыдан жан шығады; 7) Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады.

3-тапсырма. Берілген сөздердің қайсысы омонимге, қайсысы полисемияға жатады.

Ара, қанат, бас, жас, жаз, аяқ, табан, көз, бауыр, қас, ер, тер, кеш, бар, құлақ, ақ, қара, бел, құс.

4-тапсырма. Оксиморон, плеоназм, парафраза терминдеріне сипаттама беріп, мысал келтіріңіздер.

Әдістемелік нұсқаулар: Берілген жаттығуларды тапсырмаға сай орындап, синоним, антоним, омонимдердің өзіндік белгілері мен жасалу жолдарын түсіндіріңіздер. Омоним мен көпмағыналы сөздердің ара жігін ажыратыңыздар. Оксиморон, плеоназм, парафраза қазақ тіл білімінде зерттеле қоймаған ұғымдар болғандықтан, түсініктеме беріп, мысалдар келтіріңіздер.

10 семинарлық сабақ тақырыбы: Фразеологизмдер

1 сағат. 10-апта.

Сұрақнама:

  1. Фразеологизмдерге қандай белгілер тән?

  2. Фразеологиялық оралымдардың түрлерін атап, оларға сипаттама беріңіздер

  3. Фразеологизмдердің мақал-мәтелдерден айырмашылығы неде?

  4. Фразеологизмдердің пайда болу мен шығу негіздері

Тапсырмалар:

1-тапсырма. Фразеологизмдердің түрлеріне мысал келтіріңіздер.

1) фразеологиялық тұстастық:

2) фразеологиялық: бірлік:

3) фразеологиялық тізбек:

2-тапсырма. Тіл-тілдегі соматикалық фразеологизмдерге мысал келтіріп, олардың ұқсастықтары мен ерекшеліктерін салыстырыңыздар.

Мысалы: қазақ тілінде жүрегі аузына тығылды болса, орыс тілінде сердце ушло в пятки. Айырмашылығы қазақтарда жүрек сөзі орыстарда өкше ұғымымен жеткізіліп тұр.

3-тапсырма. Берілген бағанаға мысал келтіріңіздер.

Фразеологиялық синоним

Фразеологиялық антоним

Фразеологиялық варианттар

Көз ілмеді – көз шырымын алмады;

ер жүрек – қоян жүрек;

ағама жеңгем сай – апама жездем сай;

4-тапсырма. Тұрақты тіркестерді басқа тілге аударғанда қандай жағдайлар негізгі басшылыққа алынады? Мысал келтіріп түсіндіріңіздер.

Әдістемелік нұсқаулар: Фразеологизмдерге тән негізгі үш белгіні атаңыздар. Олардың негізгі түрлеріне анықтама беріп, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктерін көрсетіңіздер. Соматикалық фразеологизмдер дегеніміз адамның дене мүшесіне қатысты тұрақты тіркестер екенін ескеріңіздер. Тіл-тілге тән тұрақты тіркестерден мысал келтіріп, олардың өзіндік белгілерін көрсетіңіздер. Фразеологизмдерді басқа тілге аударғанда олардың көбіне сол тілдегі баламасы алынады.

11 семинарлық сабақ тақырыбы: Грамматика

1 сағат. 11-апта.

Сұрақнама:

  1. Грамматика туралы түсінік.

  2. Грамматиканың тіл білімінің басқа салаларымен байланысы

  3. Тіл-тілдегі грамматикалық ерекшеліктер

Тапсырмалар:

1-тапсырма. Мәтінге грамматикалық талдау жасаңыздар.

Ауыл жақтағы иттердің манағы шабаланғаны жоқ, анда-санда сақ қаншықтың безілдеген, жас күшіктің шәуілдеген әлсіз даусын төбеттердің күңіренген ұзын сарыны басып тұрғандай. Сөйтіп тұрғанда бірдеме ысқырғандай болды. Ауылдан иттерді шабаландырған аттың дүрсілі тауға қарай кетті. Ит дауысы алыстап барып, қайта жақындап, абалады. Ажал да абалады. Дүрсіл ауылға қайтып келді. Күбір-күбір адам дауысы естілген тәрізденеді. Ақбілектің жүрегі зырқ ете түсті (Ж.Аймауытұлы, Ақбілек).

2-тапсырма. Грамматиканың фонетика мен лексикологиямен байланысын көрсетіңіздер.

Өзен жағасында қолау тайға мінген қоңқақ мұрын, арық бала Байсүгір тайының шоқтығына еңкейе жабысып, ауылдың сыртына тақап кеп, ән тыңдап тұрып қапты. О да бай ауылдың сонау шетіндегі төрт қанат тозған, құрым үйдің қозышы баласы. Осы ауылдың баяғыдан бергі кедей көршісі, қазір құяң болып, жер төсекте сарғайып, инеліктей қатып жатқан қартаң ғарып Байторының баласы. Қозыға елең-алаңда кеткен бала аузына ас та тимей, аш жүрсе де, ән тыңдауда аштығын ұмытып, тайының үстіне жабысып, ұзақ тұрып қапты. Ауылға келіп, тайдан түсіп, үйге тақап тыңдай алмайды. Ауылда қой жатыр. Қосақты қойдың арасында шелегін көтеріп, ыстық күнге маңдайы шыжып сауын сауып, бүкшеңдеп жүрген қартаң шешесінің бойын Байсүгір анда-санда бір көреді (М.Әуезов, Абай жолы).

3-тапсырма. Тіл-тілдегі грамматикалық ерекшеліктерге мысал келтіріңіздер.

Әдістемелік нұсқаулар: Грамматика сөздердің бір-бірімен қатынасын білдіреді. Қатынас жасау, пікір алысу ой жұмысы нәтижелерінің сөйлемдердегі сөздер мен сөз тіркестеріне негізделіп, соларға орнығып тұрақталуы нәтижесінде ғана мүмкін болады. Грамматика ойды материалдық-тілдік қалыпқа енгізуге, өзара пікір алысуға мүмкіндік береді.

12 семинарлық сабақ тақырыбы: Грамматикалық ұғымдар

1 сағат. 12-апта.

Сұрақнама:

  1. Грамматикалық мағынаның лексикалық мағынадан ерекшелігі неде?

  2. Грамматикалық форма дегеніміз не?

  3. Грамматикалық тәсілдің түрлерін атаңыз

  4. Грамматикалық категорияға түсінік беріңіз

Тапсырмалар:

1-тапсырма. Грамматикалық ұғымдарды назарға ала отырып, мәтінге грамматикалық талдау жасаңыздар.

Биік тас үйлері иық тірескен кварталдарды мен жаңа ғана көлденең кесіп өткемін. Қаланың тар көшелі, бір қабат үйлі шет жағына жеткенім осы. Жапон қалаларының бір қабат үйлі шет жақтары адам тұруға әрі жайлы, әрі көркем келеді. Бұл бабалардың бабасы мен әжелердің әжесінің қолы тиген үйлер. Мұндай үйлердің ауласындағы әрбір бұршақтай тасты адам қолы ойып орнатқан. Әр үйдің шағын-шағын ауласынан жапон географиясының бір алқабын көргендей боласың. Кішкене-кішкене таулар кішкенелігіне қарамай тауға ұқсайды. Алақандай ғана көлдер көлге ұқсайды... Өзендер, көпірлер. Аласа-аласа шие ағаштары, тырбық қарағайлар, шатыр жапырақты ағаштар. Хризантема гүлдері. Түкті кілемдей көк алаң... Соғыс кезеңі қанша қыспаққа алса да жапон әйелі бұл ауласына шаң жұқтырмай, күтімді ұстайтын. Жапонның музыкасы да, әлемге таныс сурет өнері де өзінің жаратылыс табиғатынан көшіріп алғандай. Сондықтан болу керек, жапон баласы бір бұтаны сындырмайды, жапон көгалдарын адам аяғы таптамайды.Алдыңғы жағымнан жапонның мұңды бір музыкасы естіледі. Абыройсыз соғысты басынан кешірген жапон бұқарасы бұл кезде ылғи мұңды музыканы ойнайтын. Күн ыстық, музыка үні әлдекімнің ауласынан келеді. Мені тап осы секундта арқамнан түйіп жіберді. Бір қабат үйлі кварталдың не болғанын мен аңдай алғаным жоқ. Бұл кезде менің миым асты-үстіне келіп қайнап кеткен... (Ғ.Мүсірепов, Жапон балладасы).

2-тапсырма. Сөйлемдерге талдау жасай отырып, грамматикалық категория ұғымын түсіндіріңіз.

Қара қатқақ болған бөктерді дүбірлетіп, тасырлата басып, қалың қол Жігітекке қарай тартты. Құнанбай қолы осы күні, түс аумастан, Тоқпамбеттің батыс жағындағы салбыраған тұмсыққа келе жортып шыға-шыға келді. Бөжей қыстауы қозы өрісіндей жерде тұр. Қораға кірген екен. Мұржаларынан сары қидың түтіні бықси, шығып жатыр (М.Әуезов).

3-тапсырма. Мәтінді оқып шығып, сөздердің лексикалық және грамматикалық мағыналарын түсіндіріңіздер.

Әмірқандай әнді ешкім сала алмайды. Жай жүргенде Әмірқанды ешкім де елемейді. Әмірқан ән салса, сонда кім екенін білесің. Ән салса, ол өзін-өзі ұмытады, әннің әуеніне төңкеріледі, оның дауысы көмейінен шықпайды, жүрегінен шығады. Ол әннің әр нақысын ұғады, әнді ғана сүйеді. Ол тәтті үнге, топқа бола жаралған адам. Ән салса рақаттанып, гүл-гүл жайнайды. Көзі де, аузы да, денесі де, қолы да бірге салады. Әмірқан кісі емес, әнге айналады. Оның ән салғандағы түріне қарап отырсаң, тоясың.    Бірақ Әмірқан үнемі олай айта бермейді. Әмірқан қымызы, тобы, ойын-сауығы, қыз-келіншегі бар жерде өзін-өзі ұмытып айтады. Әнін ұғушы, тыңдаушы болса, шабыттанып айтады. Тыңдамай, жыбырлап сөйлесе бастаса, Әмірқан тұрып кетеді, айтпайды (Ж.Аймауытов, Әнші).

Әдістемелік нұсқаулар: Грамматикалық бірліктердің (морфема, сөз, сөз тіркесі, сөйлем) табиғатын толық түсіну үшін, олардың байланысы мен арақатынасын айқындау үшін грамматикалық ұғымдардың алатын орны ерекше екндігін ескерген жөн. Грамматикалық ұғымдарға грамматикалық мағына, грамматикалық тәсіл, грамматикалық форма, грамматикалық категория енеді. Тіл-тілде грамматикалық ұғымдар әр түрлі.

13 семинарлық сабақ тақырыбы: Грамматиканың салалары

1 сағат. 13-апта.

Сұрақнама:

  1. Сөзжасам және оның түрлері

  2. Морфологияға түсінік беріңіз. Сөз таптастырудың негізгі принциптері қандай?

  3. Синтаксис. Сөздердің байланысу амалдары мен формалары. Сөйлемнің түрлері.

Тапсырмалар:

1-тапсырма. Төмендегі сөздердің қандай сөзжасамдық тәсіл арқылы жасалып тұрғандығын түсіндіріңіздер.

Тасбақа, Қарағанды мемлекеттік университеті, жап-жақсы, әрбір, БҰҰ, саңырауқұлақ, көк, АҚШ, алтын сағат, қара, жақсы-жаман, Барсакелмес, елтаңба, сары ала қаз.

2-тапсырма. Мәтінге морфологиялық талдаулар жасаңыздар.

Қыс болса-ақ қыр елінің әдеті. Әркім өз халінше соғым сойып, жақын-жұрағатын, құдандалы-тумаларын шақырысып, күнде бір-біріне ағылып жатқандығы. Қалың қарға түскен тар жолда көсем салған қарағайдай қасқыр ішікті шаналы байлар, жоталы шонжарлар алыстағы ауылдарға сыпыртып, боран-шашыныңа, күн-түніңе қарамай өздеріндей дәулетті адамдармен сауық құрады. Енді қайсыбірі әр тұста қылт етіп көрінген қырмызыдай жаңа бір қауыз ашылса, ауыздарын арандай ашып, бірі інісіне, бірі баласына дегендей, немесе қатын үстіне қатын етіп алмаққа жанұшырып шұбыртады. Қыз он беске келді дегенше тұс-тұсынан тіміскіген аңшылардың аңдуына түскен мүсәпір көжектің халіне ұшырады дей бер. Қай аңшының қағуында кететінін білмей, көзі жаудырап, тұла бойы қалтырайды. Елдегі болыс, билердің де өз әбігері өзінде. Алда келе жатқан ұлы сайлаудыойлағанда олардың да халі әлгі балиғаға толған қыздардың ахуалындай. Олар да әрісі Омбы, берісі Көкшетаудағы ұлықтарға шапқылап, қыстай шабуылдап, алдын-ала пара-шараның, айла-амалдың торын төрт қабаттап құрып жүр (С.Жүнісов, ақан сері).

3-тапсырма. Мәтінге синтаксистік талдаулар жасаңыздар.

Еңсеп ол күні бұл зымыранға енді қайтып түспейтінін білген жоқ. Шай ішіп шықты да ыстық қайта, құдықтың басына келді. Серіктері шайланып болғанша айналада шашырап жатқан шеген тастарды көрді. Ернек шың бұл арадан үш қонып төртінші түнемелікке әзер жететін жерде. Одан беріде тас баласы табылмайды. Жылмиған қара сұр жазық. Байсал бай жайлауға көшкенде қиялама ат жолдан шығады. Ернек асқан соң, екі түнемелікте суат бар да, үшінші түнемелік, құламаның құла түзі, малды да, көшті де әбден болдыртып тастайды. Нағыз қоңыр бұйра кең өріс суат жоқтықтан қысырап жатыр. Өткен жазда қырқым өте Байсал бай Еңсепке құдық қазып бер деп қолқа салған-ды. Ол шыңырауды дәл осы арадан, ала қырдың үстінде оқшау қылауытқан тастақ жүлгенің терістігінен қазатын болды. Бір-екі ақсақал тастақ жыраның құбыла бет құйрығын қалай көріп еді, оған Еңсеп өзі ыңғай берген жоқ. Сонша қыңыр тартуында бір мән бар. Бірақ оны әзір жан баласына тісінен шығармақшы емес. Шет жағасын ертең Байсал байға шыңырау біткен той үстінде айтпақ. Шеген тастардың бірсыпырасы түсіпті. Әрқайсысы алып тоқаш сияқты; қалыңдығы қарыс жарым да, биіктігі кез жарым. Бұндай тасты сонау үш күндік жердегі құлама ернектен тасып әкелудің өзі күш. Ол үшін белді-белді нарды кәтептеп, ауыттап қомдайды да, екі жағына бір-бір шеген тас сыйып кететін екі үлкен кебеже теңдейді. Оған нардың нары ғана шыдайды, анада зауза айында, жабағы жүнді ернектің астында қырыққан Байсал бай Жем бойына көшіп өткен-ді. Жол жөнекей бұның қосының қасына бір күн қонды. Сонда Еңсеп Байсал байдың келе-келе түйелерін аралап жүріп, тас тасытуға осы шыдайды-ау деген он бес нарды өзі таңдап алып қалып еді. Қазір соны жеті-жетіден кезек аттандырып тұр (Ә.Кекілбаев, Шыңырау).

Әдістемелік нұсқаулар: Грамматика тілдің грамматикалық құрылысын зерттейді. Грамматикалық құрылыс белгілі бір тілдегі грамматикалық қатынастардың жүйесін қарастырады. Тіл-тілде грамматиканың салалары түрлі болып келеді. Ол тілдердің типіне байланысты. Сөз таптастырудың негізгі принциптеріне назар аударыңыздар. Түрлі тілдердің сөз құрамына, сөйлем құрылысына кеңірек тоқталыңыздар.

14 семинарлық сабақ тақырыбы: Тілдердің генеологиялық және типологиялық топтастырылуы

1 сағат. 14-апта.

Сұрақнама:

  1. Генеологиялық классификация бойынша дүниежүзі тілдерін жіктеу қалай топтастырылады?

  2. Тілдердің туыстығы, жақындығы неден көрінеді?

  3. Тілдерге типологиялық классификация жасауда тілдерді қандай типтерге жіктеуге болады?

  4. Ф.Шлегель, В.Гумбольдт, А.Шлейхер, Г.Штейнталь, Ф.Фортунатов, Э.Сепирдің тілдерді типологиялық тұрғыдан жіктеулері жайындағы пікірлері

Тапсырмалар:

1-тапсырма. Туыстас тілдердің тілдік ерекшеліктеріне мысал келтіріңіздер.

Мысалы: қазақша – күн, өзбекше – кун, қырғызша – күн, туваша – хүн, түркіменше – гүн, башқұртша, татарша – көн.

2-тапсырма. Туыс емес тілдердің грамматикалық ерекшеліктерін салғастырыңыздар.

Мысалы: қазақ тілінде 7 септік бар. Француз тілінде септік категориясы жоқ. Септік жалғауларының рөлін сол тілдегі предлогтар атқарады. Қараңыз:

1) Мен вокзалға бара жатырмын.

2) Je vais a la gare.

3-тапсырма. Н.Баскаковтың түркі тілдеріне жасаған классификациясына конспект жасаңыздар.

Әдістемелік нұсқаулар: Дүниежүзінде бес мыңнан аса тіл бар. Тіл білімінде дүниежүзіндегі тілдер біріншіден, тілдері тілдік материалдың (түбірлер мен аффикстердің, сөздердің) бірлігі, екіншіден, шығу тегіне байланыстырылмай, құрылысы мен типінің, грамматикалық құрылысының ыңғайластығы, ұқсастығы тұрғысынан топтастырылатынын білген жөн. Осыдан келіп тілдерді генеологиялық және типологиялық классификациясы келіп шығады.

15 семинарлық сабақ тақырыбы: Жазудың шығуы және оның даму кезеңдері

1 сағат. 15-апта.

Сұрақнама:

  1. Жазудың шығуы мен даму кезеңдері, оның түрлері

  2. Алфавит. Графика. Орфография

  3. Транскрипция мен транслитерация

Тапсырмалар:

1-тапсырма. «Жазудың шығуы мен даму кезеңдері, оның түрлері» атты тақырыпта реферат дайындаңыздар.

2-тапсырма. Әлемге кең тараған латын алфавиті мен кириллица алфавитінің өзіндік ерекшеліктерін көрсетіңіздер. Қазақ тіліне тән дыбыстық таңбаларды атаңыздар.

3-тапсырма. Қазақ тілінің орфографиялық заңдылықтарына мысал келтіріңіздер.

4-тапсырма. 5-7 сөйлемнен мәтін құрастырып, транскрипциясы мен транслитерациясын көрсетіңіз.

Әдістемелік нұсқаулар: Дыбыстық тіл жазу арқылы таңбаланады. Жазу – адамдардың кеңістік пен уақытқа тәуелді болмай, өмірдің барлық саласында кең түрде қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беретін құралы. Жазудың тарихы өте ерте замандардан басталады. Оның түрлерін атаңыздар. Жаттығуларды тапсырмаға сай орындаңыздар. Р.Сыздықтың «Қазақ тілінің анықтағышы» еңбегін, «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігін» пайдаланыңыз.

2.4. Лабораториялық сабақтар типтік оқу бағдарламасы бойынша қарастырылмаған.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]