
- •Мазмұны
- •Оқу уақытын бөлу
- •7. Пән бойынша сөж тапсырмаларын орындау және тапсыру кестесі
- •8. Әдебиеттер тізімі
- •2.Әлеуметтік институттар мен ұйымдар.
- •Әлеуметтік институттар мен ұйымдар. Қоғамның құрылымы өте күрделі. Әлеуметтік құрылым дегеніміз, қоғамның ішкі құрамы, оның элементтерінің жиынтығы мен олардың арасындағы сан алуан байланыстар.
- •Семинар сабақтарының тапсырмалары
- •Әдебиеттер:
- •Әдебиеттер:
- •Әдебиеттер:
- •Әдебиеттер:
- •Әдебиеттер:
- •Әдебиеттер:
- •Әдебиеттер:
- •Әдебиеттер:
- •Әдебиеттер:
- •Әдебиеттер:
- •Әдебиеттер:
- •Әдебиеттер:
- •Әдебиеттер:
- •Әдебиеттер:
- •Әдебиеттер:
- •Соөж тапсырмалары
- •Әлеуметтану пәні бойынша негізгі түсініктер (глоссарий)
- •Студенттің білімін бақылауға арналған тест тапсырмалары
- •Қолданылған әдебиеттер тізімі
Әлеуметтік институттар мен ұйымдар. Қоғамның құрылымы өте күрделі. Әлеуметтік құрылым дегеніміз, қоғамның ішкі құрамы, оның элементтерінің жиынтығы мен олардың арасындағы сан алуан байланыстар.
Әлеуметтік құрылымның басты элементтеріне: а) өзара тығыз байланыста, қарым-қатынаста болатын индивидтер немесе адамдар жатады; ә) қоғам мүшелерінің бірігуі, топтасуы негізінде пайда болып, дамып отыратын әлеуметтік қоғамдастықтар және б) сол қоғамда қалыптасқан, белгілі бір функцияларды атқаратын әлеуметтік институттар жатады.
Әлеуметтік институттар алғашқы қауымдық қоғамнан қазіргі заманға дейінгі кез келген қоғамда болған. Оларсыз қоғам өзін құрайтын адамдарға қатысты өзінің негізгі функцияларын - біріктіру, қорғау, қамтамасыз ету, тұлғаны әлеуметтендіру, рухани және мәдени даму, т.б. орындай алмас еді.
Адамдардың әлеуметтік өзара байланыстары мен қарым-қатынастары мінез-құлықтың жалпы ережелері мен қоғамдық мүддеге және жеке адамдардың мүддесіне қол жеткізудің қалыптасқан, рұқсат етілген тәсілдерінің негізінде құрылады. Ең алғашқы институттардың бірі жыныстық қатынастарды, қандас туыстар мен тайпаластар арасындағы қолдау көрсету мен өзара көмектесуді реттеген, мәдени сабақтастықты, әлеуметтік тәжірибені ұрпақтан ұрпаққа беру нормаларын баянды еткен отбасы және неке институты болып табылады.
Социологтар “институт” ұғымын құқықтанушылардан бай әлеуметтік мазмұнмен толықтырып алған. Ол базалық социологиялық категориялардың бірі болып табылады, теориялық тұжырымдамаларды құру мен шынайы қоғамдағы әлеуметтік қатынастарды талдауда оны айналып өту мүмкін емес.
Ағылшын социологі Г.Спенсер “әлеуметтік институт” терминін алғаш ұсынған адам. Кез келген мекеме (әлеуметтік институт) әлеуметтік әрекеттердің орнықты құрылымы ретінде қалыптасады. Ол институттар қоғам өмірін реттеу мен жайластыру және адамдардың мінез-құлқына ықпал ету ісінде маңызды рөл атқаратынын атап өткен. Ол әлеуметтік институттардың алты түрін сипаттап, талдаған: өнеркәсіптік, кәсіподақтық, саяси, әдет-ғұрыптық, шіркеулік, үй.
Латын тілінен іnstіtutum - орнату, жайластыру деп тәржімаланады. “Институция” термині орнату, қоғамда қалыптасқан әдет-ғұрып, тәртіп дегенді білдіреді. “Институт” ұғымы әдет-ғұрыптар мен тәртіптердің заң немесе мекеме түрінде бекітілуін білдіреді. Әлеуметтік институт әлеуметтік жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ететін қоғамдық байланыстар мен қатынастардың кез келген тәртіптелуі, ресмиленуі дегенді білдіреді.
Әлеуметтік институт деп көбінесе адамдардың бірлескен қызметінің тарихи қалыптасқан орнықты нысандарын айтады. Институттардың негізігі мақсаты - жеке адамдардың, топтардың және жалпы қоғамның іргелі қажеттіліктерін қанағаттандыру. Олардың сәтті қызмет атқаруы адамдар қауымдастығының өмірін сақтауға мүмкіндік береді, оларды топтар мен қоғамға біріктіреді, олардың өмірін тұрақты етеді. Дәл осы әлеуметтік институттар ұйымдардағы бірлескен корпоративтік қызметті үйлестіреді, әлеуметтік қатынастар сипатын анықтайды және оларды сақтап отырады.
Әрбір институт:
- белгілі бір қызмет аясын;
- белгіленген құқықтар мен міндеттер негізінде қоғамдық, ұйымдық немесе басқару функцияларын орындауға өкілетті адамдар тобын;
- ресми тұлғалар арасындағы қарым-қатынастың ұйымдық нормалары мен принциптерін;
- қойылған міндеттерді шешуге қажетті материалдық құралдарды (қоғамдық ғимараттар, құрал-жабдықтар және т.б.) қамтиды.
5-тақырып. Әлеуметтік стратификация және әлеуметтік мобильдік теориясы
1.Әлеуметтік стратификацияның теориясы.
2.Қазақстандағы әлеуметтік стратификация.
Қоғам мүшелерінің арасында әлеуметтік теңсіздіктің табиғатын, себептерін, оның заңды құбылыс ретіндегі мәнін түсінуде әлеуметтік стратификация теориясының маңызы зор. «Страта» деген геология термині жердің құрылымындағы қабаттарды анықтауға байланысты қолданылады. Қоғам адамдарын страталарға жіктеудің тарихи үш типі белгілі. Олар: а) касталар; ә) сословиелер; б) таптар. Осы аталған жіктеудің үш типіне байланысты стратификациялық жүйе ашық және жабық жүйелерге бөлінеді. Қоғам мүшелерінің статустары мен әлеуметтік жағдайларын өзгертулеріне мүмкіндік бар әлеуметтік құрылым ашық стратификациялық жүйе деп алады да, ал, мұндай мүмкіндік балмайтын қоғам жабық стратификациялық жүйе деп аталады. Жабық жүйеге Үндістан қоғамында орын алған касталық жүйені жатқызуға болады. «Каста» - латын тілінде castus (таза) деген мағынаны береді.
Сословиелік жүйелер – феодалдық қоғамда орын алған стратификациялық жіктеу типі. Бұл қоғамдағы адамдар жоғары және төменгі сословиелерге бөлінген. Сословиелік статустар атадан балаға мұра ретінде беріліп отырған. Жоғары сословиеге дворяндар, дін иелері, ал, төменгі сословиеге – қолөнершілер, шаруалар, көпестер жатқан. Бұл аталған жүйеде бір сословиеден екіншісіне өту шектелгенімен, олардың арасында кейбір жағдайда некенің орын алуы және төменгі сословие адамдарының сіңірген еңбектеріне байланысты билік тарапынан оларға жоғары сословиелік статусты сый ретінде беру сияқты жағдайлар орын алған.
«Тап» деген ұғым ғылыми айналымға жаңа заманда енді. Әсіресе, XVIII-XIX ғасырларда Батыс Еуропа ойшылдарының еңбектерінде бұл ұғымның мәні негізделіп, қоғамда таптардың бар екендігін мойындау болды. Бастапқы кезде таптар деген ұғымның саяси мазмұны баса айтылды.
К. Маркс өз заманында таптар туралы ілімді одан әрі дамытып, өзінің тап күресі туралы теориясын негіздеді. Соның нәтижесінде ол әлеуметтік стратификация теориясына өз үлесін қосты. Ол таптардың пайда болуының экономикалық себептерін ашып көрсетті. Бұл себептерге К. Маркс қоғамдық еңбек бөлінісі мен жеке меншіктің шығуын жатқызады. Сонымен қатар К. Маркс қоғамда негізгі және негізгі емес таптардың болатынын атап көрсеткен. Негізгі таптар қоғамдағы өмір сүріп тұрған негізгі меншік қатынастарының түрінен туындайды. Сонда: құл иеленушілік қоғамдық-экономикалық формацияның негізі таптары - құл иеленушілер мен құлдар; феодалдық қоғамда – феодалдар мен шаруалар; капиталистік қоғамда – буржуазия мен жұмысшы табы негізгі таптар болып есептеледі.
Әлеуметтік стратификация теориясына өз үлесін қосқан М. Вебер бұл мәселеге байланысты тұжырымдамаларында К. Маркстің теориясынан өзгеше және оған ұқсас жақтары да бар екендігін айта кету керек. М. Вебер К. Маркстың қоғамның тапқа жіктелуінің объективтік экономикалық негіздері бар деген ойымен келіседі. Ол пікірді ол басқа да экономикалық факторлармен толықтырады. Біріншіден, М. Вебер таптық айырмашылықтар тек меншіктің болу, болмауына байланысты емес, сол сияқты адамдардың жоғары білімінің болуына, мамандық түріне, кәсіби дәрежесі мен шеберліктеріне де байланысты дейді.
М. Вебердің пікірінше, статус әлеуметтік топтар мен индивидтердің қоғамдағы алатын орны мен мәртебесіндегі айырмашылықты көрсетеді. Адамның белгілі бір тапқа жатуы объективтік факторларға байланысты да, ал адамның статусы – білімі мен шеберлігінің дәрежесі, өмір салты сияқты субъективтік факторлармен түсіндіріледі дейді.
М. Вебер қоғамдағы тапқа бөлінуге әсер ететін факторларды ескере отырып, 4 түрлі таптарды атап көрсетеді. Олар;
1) капитал иелерінің табы;
2) интеллектуалдар мен менеджерлерден, басқарушылардан тұратын тап;
3) дәстүрлі ұсақ буржуазия табы;
4) жұмысшы табы.
Қазіргі нарықтық экономика жағдайында қазақстанның әлеуметтік құрылымы бұрын-соңды болмаған күрделі өзгерістерге ұшырап отыр. Егемендік, тәуелсіздік алған уақыттың ішінде республиканың әлеуметтік құрылымында жаңа таптар, топтар, жіктер пайда болды. Олар: бизнесмендер, кәсіпкерлер, фермерлер, банкирлер, ауан түрлі жеке фирмалардың, дүкендердің, қонақ үйлерінің, мейрамханалардың, т.б. жеке меншік иелері. Тіпті бұдан басқа да өзгерістер бар. Мысалы, бұрынғы Кеңес дәуіріндегі таптар мен әлеуметтік топтардың өздері де біршама өзгеріп кетті. Қоғамдағы белгілі бір әлеуметтік-экономикалық топтар екінші бір топтарға ауысы, өтіп жатыр, демографиялық жағдай, ел-жұрттың миграция мәселелері мен үдерістері де ерекше болып отыр. Жалпы алғанда, негізінде табысқа және экономикалық жағдайға байланысты қоғамда топқа, жікке бөлінушілік күшейе түсуде. Осылардың нәтижесінде Қазақстанда ауқатты, дәулеті орташа, кедей адамдарпайда болды. Қоғам қоғам мүшелерінің бұлайша жіктелуіне меншік формасының өзгеруі, жалпы нарық қатынастарының орын алуы ықпал етті.
Әлем қауымдастығы әлеуметтік құрылымның үш түрін біледі:
1. Орта таптың күшті топтары ұстап тұрған демократиялық нарықтық қоғам. Онда әлеуметтік топтардың бөлінісі орталық бөлігі дамыған (орта топтар), жоғары тап (бай элита) пен кедейлер тобы полюстері онша үлкен емес ромбты елестетеді.
2. Нашар дамыған, бірақ нарықтық экономикаға аяқ тіреген әлеуметтік құрылым үлгісі. Эйфель мұнарасын еске түсіретін пирамида түрінде (кедей топтар орналасқан кең ауқымды үлкен табан).
3. Бұрынғы социалистік елдердің қабатталу моделі табаны аса үлкен үшбұрышты еске түсіреді, оның көп ауданын “еңбекшілер” қабаты, ал төбесін - “билік адамдары” алып жатыр. Орта тап іс жүзінде жоқ.
Біздің бүгінгі қазақстандық қоғамымызға келер болсақ, оның стратификациялық жүйесі көптеген ғалымдардың пікірі бойынша екінші үлгі нысанына ие - бүйір жақтары ойыңқы пирамида. Бұл пирамиданың төбесінде негізінен ірі бизнесмендерден, сондай-ақ көрнекті саяси және мемлекет қайраткерлерінен тұратын жоғары тап орналасқан.
Кәсіпкерлік болса қызметтің бір түрі ретінде - тек заңды ғана емес, аса жауапты шаруа ретінде өзін ақтап отыр. Бизнесмендер өз кәсіптерінің рейтингтері бойынша спортшылар мен эстрада артистерін едәуір артқа тастап, неғұрлым құрметті және танымал адамдарға айналуда. Бизнестің банктер, қаржы компаниялары, жарнама агенттіктері және т.б. сияқты түрлері көркейіп келеді.
Соңғы жылдары елімізде әр түрлі сарапшылардың пікірі бойынша жалпы халықтың 3%-дан 10%-ға дейін құрайтын меншік иелерінің жоғарғы тобы (әлеуметтік пирамиданың ұшы) қалыптасты. Қоғамның әлеуметтік түбі де (пирамиданың табаны) пайда болды, олардың тіршілік деңгейі кедейліктен де төмен. Eнді ғана орнап келе жатқан нарықтық экономика үшін қалыпты жағдай болатын мүліктік теңсіздіктердің тереңдеуі, бағалардың босатылуы қоғамның едәуір бөлігінің кедейленуіне әкелді, экономистердің есептеулері бойынша халықтың 70%-дан 85%-ға дейінгі бөлігін кедейлік деңгейіне немесе ол деңгейден төмен қоюға болады.
Әлеуметтік мобильділік - бұл әлеуметтік мәртебелер жүйесінде адамның жағдайының өзгеруіне байланысты әлеуметтік стратификациялар механизмі.
Адам туылғанда аскриптивті немесе маңдайға жазылған мәртебе деп аталатын өзінің ата-аналарының мәртебесін алады. Ата-аналары, туыстары және отбасына жақын адамдар баланың бойына өздерінің мінез-құлық нормаларын, тиісті және мерейлі нәрселер туралы түсініктерін сіңіреді. Алайда адам өзі қызметінің белсенді кезеңінде бұл қабаттағы жағдайына қанағаттанбауы, одан да зорына ұмтылуы және қол жеткізуі мүмкін. Соңғы жағдайда ол қол жететін мәртебеге ие болады. Егер де адамның мәртебесі неғұрлым мерейлі, жақсы мәртебеге өзгерсе, онда жоғарылау мобильділік орын алды деуге болады. Алайда адам өмірде кездесіп тұратын алапаттар (жұмысынан айрылу, ауырып қалу, т.с.с.) салдарынан төменгі мәртебелер тобына өтуі де мүмкін - бұл кезде төмендеу мобильділік орын алады. Зерттеушілер әлеуметтік мобильділіктің барлық түрлерін (ұрпақаралық, кәсіптік және т.б.) бөліп қарауға мүмкіндік беретін статистикалық рәсімдер мен көрсеткіштер жүйесін пайдаланады, бұл жалпы алғанда халық қозғалысының әр алуан түрлерін талдауға мүмкіндік береді. Тігінен орын ауыстырулардан (жоғарылау және төмендеу мобильділіктер) басқа көлденеңінен орын ауыстырулар болады, ол табиғи мобильділіктен (бір жұмыстан екінші жұмысқа мәртебесін өзгертпей ауысу) және аумақтық мобильділіктен (бір қаладан екінші қалаға көшу) құралады.
6-тақырып. Тұлға және әлеуметтену
1.Тұлға ұғымының мәні.
2.Тұлға туралы теориялар.
3.Тұлғаның әлеуметтену процесі.
Адамның жеке басының және тарихи дамуының түрлі деңгейлеріндегі нақты-тарихи даму ерекшеліктерін көрсету үшін «жеке адам» ұғымымен қатар «тұлға» ұғымы пайдаланылады. Тұлға - жеке адам дамуының нәтижесі, оның барлық адамдық қасиеттерінің неғұрлым толық жүзеге асуы.
Мәселен, философия тұлғаны таным мен шығармашылықтың, іс-әрекеттің субъектісі ретінде қарастырса, психология оны психикалық қасиеттер мен процестердің: мінез-құлық, темперамент, қабілет, т.б. тұрақты жиынтығы ретінде зерттейді.
Осы аталған және басқа да ғылымдардың ғылыми мәліметтеріне сүйене отырып, әлеуметтану ғылымы тұлғаны әлеуметтік өмірге белсенді түрде араласатын, әлеуметтік қатынастардың субъектісі ретінде қарастырады. Тұлға - әлеуметтанудың өзекті мәселелерінің бірі, өйткені қоғамдағы болып жататын әлеуметтік құбылыстар мен процестердің, сол сияқты жекелеген адамдар мен әлеуметтік топтардың іс-әрекеттерінің себептерін, мәнін жеке тұлғалардың мәнді сипатты белгілері арқылы түсінуге болады. Басқаша айтқанда, жеке тұлғаның мінез-құлқы арқылы тұтас топтың, қоғамның өмірін түсінуге болады.
Әлеуметтану тұлғаның қоғам өмірінің барлық дерлік салаларындағы қызметін (отбасы, экология, саясат, құқық, білім беру мен тәрбие, мәдениет) өзінің зерттеу пәніне жатқызады.
Тұлға әлеуметтік қатынастар мен байланыстардың бастапқы агенті болып саналады. «Тұлға» дегеніміз кім? Бұл сұраққа жауап беру үшін «адам», «индивид», «тұлға» деген ұғымдардың арасындағы мазмұндық айырмашылықты біліп алуымыз керек. «Адам» деген – адамзат баласының жер бетіндегі басқа биологиялық организмдерден өзгеше қасиеттерін сипаттайтын жалпылама ұғым.
«Индивид» адам тегінің нақты өкілі, жеке адам. Индивидуалдық – бұл әр адамның өзіне ғана тән жеке-дара қасиеттерінің жиынтығы, яғни бір адамның екінші адамнан айырмашылығы. Ал, «тұлға» дегеніміз, адамның тек табиғи-биологиялық қасиеті ғана емес, ол табиғаттан тысқары тұрған, тек қана қоғамда өмір сүріп, қоғаммен тығыз байланыс-қатынастар негізінде қалыптасқан адамдардың мәні. Мұны адамның әлеуметтік сипатының бастамасы деп те атайды. Нақтылап айтсақ, тұлға дегеніміз, индивидтің табиғаттан тыс адами қасиеті, яғни оның әлеуметтік өмірінің мәнді жақтарын сипаттайтын сапасы.
Адам қоғамсыз өмір сүре алмайды. Менің өмір сүруім, сенің өмір сүруіңді және басқалардың өмір сүруін қажет етеді және керісінше де солай.
Индивид – жеке-дара адам. Барлық адамға тән ортақ қасиет – ол тек қоғамда ғана өмір сүреді. Ол қоғам ішінде ғана нәтиже алады, себебі ол қоғамдық болмыс тәжірибесін бойына сіңіреді. Жаңа туған сәбидің ата-анасынан тәуелсіз өмір сүруге ешқандай қабілеті болмайды. Бұл жағынан ол жануар, хайуанаттардың кез келгенінен әлсіз екені белгілі. Мысалы, жұмыртқадан шыққан құс балапаны бірден тамақ іздеп жүгіреді. Ата-ананың, басқа адамдардың қамқорлық көмегінсіз адам баласы өсіп жетіле алмаған болар еді. Мысалы, кездейсоқ бір жағдайлармен кішкентай адам балаларын аңдардың алып кетіп, жылдар бойы өз орталарында тірі қалдырып қойған фактілерін тарихтан жақсы білеміз. Қырыққа жақын мәлім болған жағдайлардың барлылығында да балалар адам қалпынан айырылып қалған. Төрт аяқтап еңбектеп жүріп, өзін асырап өсірген жануарлардың барлық қимылдарына еліктеуден басқа ешбір қабілеттері болмаған. Кейбір олардың қолға түскендерін адам қалпына келтіріп, сөйлеуді, екі аяқпен жүруді үйретуге тырысқан талай белгілі маман ғалымдардың әрекеттері нәтиже бермеген.
Демек, адамның адамдық қасиеттерін қалыптастыратын тек қоғамдық орта. Ол үшін адам туған күнінен бастап, сол ортадан қол үзіп кетпеуі міндет. Осы ортамен тығыз байланыс, қатынаста болып, сол ортаның (топтың, ұйымның, алуан түрлі басқа қауымдастықтардың) іс-тәжірибелерін, сапа қасиеттерін өзінің бойына сіңіруі қажет.
Адамның жануарлар дүниесінен бөлініп шығуының негізі - өмір сүру ортасын өз еңбегімен өзгерту, қайта жасау тәсілін, ол үшін еңбек құралдарын, оның ең қарапайым түрінен бастап, бірте-бірте жетілдіру жолын меңгеру қабілетінде болды. Тек еңбек процесінде адамдар бір-бірімен қатынас, байланыс жасауды, ойларын сөз арқылы жеткізуді үйренеді. Бара-бара адам еңбегі материалдық және рухани мәдениет жүйесінің субъектісі, яғни жасаушысы болып шықты. Қоғамдық қатынастар адамның өмір сүруіне қажетті материалдық игіліктерді (тамақ, киім, баспана) өндіру қажеттілігінен туады.
Осыларды еске ала отырып, адам дегеніміз, еңбек әрекетімен шұғылдана алатын, әлеуметтік қатынастарға түсетін, өзара байланыс жасауға толық қабілеті бар тіршілік иесі деп анықтама беруге болады. Бұдан адам мәнінің тек қоғамдық-әлеуметтік жағы шамадан тыс үлкейтіліп, оның биологиялық, психологиялық жақтарының маңызы төмендетіліп, жоққа шығарылып отыр деген пікір тумауы тиіс. Анығында адамның өлшемі (кейбір уақытта құрылымы деп те айтады) үш түрлі болады: биологиялық, психологиялық және әлеуметтік. Бологиялық өлшем – бұл адам организмінің түр бейнесі мен құрылымының (морфологиясын), басқаша айтқанда, органимзнің құрылысын және формаларын зерттейді, оның атқаратын, орындайтын қызметін, шығу негізін, ми, жүйке жүйесін, т.б. қамтиды. Психологиялық өлшем – адамның ішкі жан дүниесі, онда жүріп жататын саналы және санадан тыс құбылыстар мен процестер, (сезім жүйесі, мысалы, құмарлығы, жек көру, не сүю, мақтаныш, не қорлану, күйініш, не наразылық, ойлау) адамның еркі мен сипатын (бейнесін) темпераментін, т.б. қамтиды. Осыған орай жеке-жеке алып қарағанда бұл екі өлшемнің әрқайсысы адам ұғымын тұтас тұлға ретінде ашып бере алмайды, өйткені биология мен психология адамдарды жеке-дара зерттеп, оларды тұлға ретінде көрсете алмайды. Әлеуметтік өлшем – адамды тұлға, яғни белгілі бір тип, бірнеше адамның үлгісі, образы, бейнесі, моделі ретінде қарайды. Тұлғаны жан-жақты осылай қалыптастыратын оны қоршап тұрған орта, мұнда ол үнемі іс-әрекет, қызмет атқарады, үнемі онымен тығыз байланыс, қатынаста болады. Осыған сәйкес әрбір қоғам өзіне тән лайықты тұлғаны қалыптастырып отырады.
Әлеуметтану тұлғаның идеалды типін, яғни оның қоғамның идеясына сәйкес келетін немесе идеалды емес, яғни қоғамға сәйкес келмейтін типін, оның идеалды типтен қандай ерекшілігі, айырмашылығы барын зерттейді. Әлеуметтануда тұлға негізгі екі тұрғыдан қарастырылады:
1.Тұлғаның қоғамдық қатынастар жүйесіне араласып, мұның бар жақсылықтарын бойына сіңіріп, тұлға ретінде қалыптасуын;
2.Әлеуметтік қатынастардың және саналы іс-әрекеттің субъектісі ретінде тұлғаны қарастырады.
Туған сәби әлі тұлға емес. Ол тек қана индивид. Ол адам тегінің өкілі. Ол тұлға болу үшін негізгі екі шарт қажет:
Биологиялық, генетикалық дамудың алғы шарттары. Әлеуметтік ортаның болуы қажет, өйткені онда мәдени орта болады, онымен жас сәби бала әр уақытта байланыста, қатынаста болуы қажет. Онсыз, яғни әлеуметтік ортасыз сәби бала жан-жақты дами алмайды.
Әрбір тұлғаның белгілі бір деңгейде іштей санасы, қасиеті болады. Осылардың жиынтығы тұғаның құрылымын қалыптастырады.
Тұлға тек қана әлеуметтік-қоғамдық қатынастардың жемісі ғана емес, сонымен қатар әлеуметік іс-әрекеттердің маңызды субъектісі де болып саналады. Бұл іс-әрекет, қызмет қоғамның барлық салаларында әрдайым көрініп отырады. Мысалы, экономикада, саясатта, рухани өмірде. Көрнекті неміс әлеуметтанушысы Макс Вебер әрбір адам өзінің іс-әрекетіне белгілі бір мән, мағына береді деп атап көрсеткен. Олар осыларды өмірде қолданады. Одан әрі саналы адамның әлеуметтік іс-қимылы, әрекеті, қызметі өзінше жеке дара бағытталып, өмір сүре алмайды, ол әр уақытта басқа адамдарға бағытталады. М.Вебер осындай іс-әрекеттің біреуге бағытталуын, нысаналануын тосу, күту, үміт ету дейді. Мұнсыз ешқандай іс-әрекет, қимыл әлеуметтік болып саналмайды. Мұндай әлеуметтік іс-қимылдың алуан түрлері болады. Олардың ең бастысы мақсатқа сәйкес келетін іс-әрекет. Бұл мақсатқа сәйкес келетін іс-әрекет тұлғаның ойлаған мақсатына жетуі үшін қолданылады. Бұл жолда тұлға өзіне сәйкес қажетті құралдарды пайдаланады. Ал, саналы емес іс-әрекеттің салдары әруақытта қалыптасқан нормадан ауытқуға (девиацияға) әкеледі.
Тұлғаның әлеуметік қызметі деп, адамның өмірді өзінше игеріп, меңгеруі және адамның өзінің қоғамдық қатынастарды, құбылыс, процестерді өзгертуші субъект ретінде дамып, жетілдіруін айтады.
Әлеуметтік іс-әрекет пен қызметтің қозғаушы күші объективтік жағдайлармен байланысты. Объективтік жағдай адамдардың қажеттілігінен, мұң-мұқтажынан, мүддесінен, мақсатынан шығады.
7-тақырып. Әлеуметтік бақылау және девиация
1.Әлеуметтік девиация.
2.Әлеуметтік девиацияны түсіндіруші ілімдер.
3.Әлеуметтік бақылау және оның элементтері.
Қоғамның дамуы ауытқуларсыз болмайды. Кез-келген жүйе жоғары дәрежеде дамығанына қарамастан өзінен, мүшелерінен нормаларды, ережелерді мүлтіксіз талап ете алмайды. Осы нормаларды, ережелер мен қалаптасқан тәртіпті жүйе мүшелерінің қатаң сақтайтыны рас. Ауытқуды бақылау үшін қоғам әлеуметтік бақылауды жүзеге асырады.
Әлеуметтануда ауытқуды «девиация» деген терминмен анықтайды. Осы ұғымның пайда болуын француз социологы Эмиль Дюркгеймнің есімімен байланыстырады. Мысалы, ол қоғамдағы тәртіп пен тәртіпсіздік мәселелеріне аса көп назар аударды. Оның «Өзін-өзі өлтіру» деп аталатын еңбегі - осының айғағы.
Девиация (әлеуметтік ауытқу ) - адамдардың, әлеуметтік топтардың қоғамда қалыптасқан нормаларға немесе көпшілік мойындаған ғадет түрлері мен үлгілеріне сәйкес емес іс-әрекеттері, қызметі.
Девиацияның категориясын анықтай отырып, біз ережеден ауытқу бағыты саналуан екенін көруімізге болады. Олардың бірі қоғамға пайдалы болса, енді бірі - сол қоғамды ыдырауға алып келетін әлеуметтік патологияны қалыптастыруы мүмкін. Мысалы, көзсіз ерлік те девиация болса, маскүнемдік жағымсыз девиация. Көбіне «девиация» ұғымы қоғамда қалыптасқан құқықтық, адамгершілік және басқа ережелердің бұзылуын көрсететін ауытқу ретінде қабылданады, себебі нақ осы ауытқу әлеуметтік тұрақтылыққа нұқсан келтіреді. Неғұрлым тар ұғымында девиация деп қылмыстық жазалауға соқтырмайтын, басқаша айтқанда құқыққа қайшы болмайтын ауытқуларды айтады. Ал, құқыққа қайшы келетін іс-әрекеттерді делинквентті әрекет деп атайды. Оған мысал әрине қылмыс.
Мәдени тұрғыдан қолдау табатын және қолдау таппайтын ауытқулар да ерекше категориялар болып табылады. Мәдени жағымды ауытқу марапатттау ұғымымен байланысты және жоғары зияткерлік, ерекше қабілет, жоғары мотивация, тұлғалық қасиеттер, сәттілік сияқты ғадеттік қасиеттер мен әдістерге негізделеді.
Көптеген қауымдар мәдениеттің көпшілік мойындаған құндылықтарын дамытуға бағытталған ерекше қозғалыстар мен белсенділік түріндегі әлеуметтік ауытқуды қолдайды және мадақтайды. Олар өздері жақтайтын ауытқуға қол жеткізудегі жеке сәтсіздіктерді аса қатаң бағаламайды. Мәдени тұрғыда жақталмайтын ауытқу адамгершілік нормалар мен заңдардан ауытқу қай кезде де қолдау таппаған және жазаланған.
Девиация үш түрде көрініс табады: әрекетте, қызметте, өмір сүру салтында.
Девиацияның себебін түсіндіруде негізгі бес ілім бар:
Биологиялық ілім (И.Ломбразо, У.Шелдон) девиацияны адамның табиғи болмысын байланыстырады.
Психологиялық ілім (З.Фрейд) тұлғаның мінез-құлықын басты назарға ала отырып, оның әрекетке әсерін қарастырады. Тұлға өзінің қажеттіліктерін толық қанағаттандыра алмағандықтан девиацияға барады.
Әлеуметтанулық ілім (Э.Дюркгейм) девиацияны қоғамның әлеуметтік даму жағдайының ерекшелігімен түсіндіреді. Қоғамдағы реттіліктің бұзылуы, құндылықтар мен байланыстардың тұрақсыз болуы, заңдардың күшін жоюы девиацияның пайда болуына әкеледі.
Ауытқудың мәдени және әлеуметтік негізін түсіндірген Р.Мертон. Ол девиацияның себебін мақсат пен мүмкіндіктің сәйкес келмеуімен байланыстырды, яғни мақсат пен оған жету жолындағы мүмкіндік арасындағы алшақтықты бес түрде көрсетті: жаңашылдық - мақсатпен келісу, бірақ мүмкіндіктен бас тарту; ритуализм - мақсаттан бас тарту, бірақ мүмкіндікпен келісу; ретреатизм, эскейпизм - мақсаттан да, мүмкіндіктен де бас тарту; конформизм - мақсат пен мүмкіндікті мойындауға мәжбүр болу; бүлік-ескі мақсат пен мүмкіндіктен бас тартып, жаңа мақсат пен оған жету жолын ұсыну.
Мәдениеттанымдық бағыт (В.Мюллер, А.Коэн, Э.Сазерленд) девиацияны мәдени ережелердің арасындағы қақтығыспен байланыстырады. Г.Беккер стигматтау ілімінде («аутсайдер») девиация «таңба тағудың» нәтижесінде пайда болады, яғни қоғам ұсынған стандартты әрекеттерден ауытқыған адамның іс-әрекетін бетіне басу.
Радикалды криминология заңдар қабылдауды қоғамдағы келіспеушіліктің қайнар көзі деп қарастырады.
Бастапқы және қайталама (қосалқы) ауытқу ілімін жасаған Х.Беккер. Бастапқы ауытқу деп тұлғаның қоғамда қабылданған мәдени нормаларға сәйкес ғадеті айтылады. Бастапқы ауытқу деңгейі аса қауіпті емес және қалыпты, тұлға девиант деп есептелмейді және әлеуметтік роль аясына сыйымды іс әрекеті бастапқы деп саналады. Ал қайталама (қосалқы) ауытқу девианттық деп саналады. Кейде бір рет ғана көрініс тапқан ауытқу салдарынан адамға девиант атағы өмір бойына таңылады. Бұл ауытқудың тереңдеуіне яғни қайталануына алып келуі мүмкін.
Қайталанған ауытқу индивид өмірін түбегейлі өзгертуі мүмкін және қоғамнан шектету шараларының жүзеге асуы оны тұрақты девиантқа айналдырады.
Аталмыш теориялардың бәрі ережеге сәйкес емес ауытқыған кез келген әрекетті ауытқу деп таниды. Осы жерде қоғамда кейбір адамдардың іс -әрекеті қалыптасқан үлгілерден әлдеқайда алда болуы яғни прогресшіл болуы мүмкін.Әсіресе қоғамдық даму сатысындағы өзгерістер кезеңінде.
Сонымен девиация себептері біркелкі емес: бұл әлеуметтік ережелер мен құндылықтардың әлсіздігі және қарама –қарсылығына, әлеуметтік мәдени мақсаттар мен оларға жетудің әлеуметтік мойындалған құралдары арасындағы алшақтыққа байланысты. Әдетте девиация бір ғана себепке қатысты емес, ол объективті және субъективті жағдайлар мен фактілер жиынтығына байланысты. Девиацияның пайда болуындағы басты мәселе – тек қажеттіліктерді қанағаттандыру ғана емес, әртүрлі әлеуметтік топтардың арасындағы айырмашылық дәрежесі мен қанағаттындыру мүмкіндіктері арасындағы алшақтық.
Девиантты мінез-құлықтың әлеуметтанулық түсіндірілуі объективті әлеуметтік бағыттылықты және тұлғаның, әлеуметтік топтардың, қауымдастықтар мен тұтас қоғамның қызмет атқаруы және дамуы тұрғысынан алғандағы мінез-құлқының қоғамдық нәтижелері сияқты көрсеткіштерді, мінез-құлықтың әлеуметтік құндылықтар мен нормаларға сәйкестігін, қоғамдық пікірге берілген бағалар мен әлеуметтік санкцияларды қамтиды.
Қоғам түрлі тәсілдер мен құралдарды пайдалана отырып, әрқашан ауытқытушы мінез-құлықтардың жағымсыз нысандарын басып тастап отыруға тырысады. Әрбір әлеуметтік топта өз мүшелерінің мінез-құлықтарын тиісінше жасалған үлгілер шеңберінде сақтайтын әлеуметтік бақылау жүйелері болады.
“Әлеуметтік бақылау” – терминін айналымға алғаш рет енгізген Г.Тард бастапқыда қылмыскердің қоғамдық қызметке қайта оралуының құралы ретінде қарастырған болатын Р.Парк әлеуметтік бақылауды әлеуметтік күштер мен адам табиғаты арасындағы белгілі бір арақатынасты қамтамасыз ететін құрал деп түсінеді. Ол әлеуметтік бақылаудың үш нысанын бөліп қарайды: 1) қарапайым (мәжбүрлеуші) санкциялар; 2) қоғамдық пікір; 3) әлеуметтік институттар.
Әлеуметтік бақылаудың түрлері: салт-дәстүр, әдет-ғұрып, адамгершілік қағидалары, дін, құқық.
Әлеуметтік бақылаудың негізгі екі элементі бар: норма және санкция.
Норма қоғамда өзін дұрыс ұстаудың үлгісі. Санкция әлеуметтік нормалардың орындалуын қадағалайтын, марапаттау мен жазалау құралы. Санкциялардың түрлері:
- ресми жағымды арнайы мекемелермен бекітілген көпшілік мақұлдау: мемлекеттік наградалар табыстау, атақ, дәреже беру, мемлекеттік үстемақы беру, мақтау қағазы, алғыс хат, т.б.
- бейресми жағымды арнайы мекемемен бекітілмеген, бірақ көпшіліктің қолдауы: құрмет көрсету, алғыс білдіру, қол соғып, қошемет көрсету, т.б.
- ресми жағымсыз құқықтық заңдар, үкіметтік жарғылар, әкімшілік бұйрықтар арқылы жазалау: бас бостандығынан айыру, айыппұл төлеу, жұмыстан шығару, т.б.
- бейресми жағымсыз санкцияларға - топтан шектету, ескерту жасау, жала жабу, менсінбеу, т.б.
Әлеуметтік бақылауды санкцияларды қолдана отырып агенттер мен институттар жүзеге асырады. Олар ресми, тіркелген ( мектеп, полиция) және бейресми (отбасы, достар) болуы мүмкін.
Әлеуметтік бақылау мойындауды білдіру, марапаттар мен ерекшелік жүйелері ретінде анықталады, солардың арқасында тұлғаның әрекетін қабылданған мінез-құлық үлгілеріне сәйкестендіріледі.
8-тақырып. Әлеуметтік шиеленіс
1.Әлеуметтік шиеліністердің дамуындағы сатылар.
2.Шиеліністердің алдын алу мәселесі және шешу жолдары.
Адамзат қоғамының тарихына көз жүгіртсек, көне заманнан бастап бүгінгі күнге дейін қоғам дамуының барлық сатыларында әлеуметтік орын алғандығын байқауға болады. Біздің тілімізде «шиеленіс» деп аталып жүрген бұл құбылыс латын тіліндегі «confliktus» – қақтығыс деген ұғымды білдіреді.
Шиеленісті, даулы жағдайды көпшілік қолдамайды, тіпті одан іргелерін аулақ салуды көздейді. Алайда, күнделікті өмірде адамдар кейде өздерінің еркінен тыс осындай жағдайларға душар болып жатады.
Шиеленіс жекелеген адамдардың, әлеуметтік топтардың бір-бірімен қарым-қатынас жасау, өзара әрекеттесу процесінде туындайды. Қазіргі кезді, әсіресе, біздің қоғамызда әлеуметтік шиеленістер жиі орын алып отыр. Еліміздің нарық қатынастарына көшу барысында қоғам өмірінің бар саласында қайшылықтар бұрын-соңды болып көрмеген шиеленісті жағдайда ұласуы жиі ұшырасып отырды. Міне, сол себептен әлеуметтік шиеленістерді оқып-үйренудің теориялық және қолданбалық маңызы бар. Болашақ мамандар шиеленіскен жағдайларға басшылық ете білуі, оны дұрыс шешу жолдарын табуы, сол сияқты шиеленістің алдын алу шаралары туралы біліммен қарулануы қажет. Шиеленістер барлық қоғамдық ғылымдарда қарастырылады. Бұл құбылыстың жалпы ғылыми тұжырымдамалары ең алғаш рет әлеуметтану ғылымда қалыптасты.
Әлеметтану ғылымындағы түрлі бағыттағы зерттеушілер өз кездерінде шиеленістің қоғам дамуындағы маңызы туралы ойларын білдіріп, бұл құүбылысты жан-жақты зерттеудің қажеттілігін мойындаған еді. XIX ғасырдың соңында жарық көрген Г.Спенсер, М.Вебер және Л.Гумпловичтің еңбектерінде шиеленістер әлеуметтік дамуға ықпал ететін құбылыс ретінде қарастырылады. Л.Гумплович К.Маркстен кейін көп ұзамай шиеленістердің шығу себептерін адамдардың материалдық қажеттерін өтеуге бағытталған қүрестен іздеу керектігін айтты.
«Әлеуметтік шиеленіс» деген терминді алғаш рет ғылыми айналымға енгізген неміс ғылыми Г.Зиммель болды. Г.Зиммель шиеленісті қоғам өмірінің қалыпты және маңызды формасы ретінде қарастырған.
Г.Зиммельдің бұл бағыттағы ғылыми көзқарастарын XX ғ. 20–жылдары Чикаго мектебінің көрнекті өкілдері Роберт Парк, Эрнст Бюрджесс және Альбион Смолл қолдады. Олар «әлеуметтік өзара ықпалдасу теориясын» негіздеді. Бұл теория бойынша шиеленіс еркін бәсеке, бейімделу ассимиляция, әлеуметтік өзара ықпалдасудың түрлері ретінде қарастырылған.
Әлеуметтік шиеленістерді күрделі әлеуметтік процестер ретінде түсіну керек.Әлеуметтік келіспеушілік деп әрбір қарсы жақты қолайсыздыққа ұшыратып, істі насырға шаптыратын қарама-қарсы мүдделердің, пікірлердің, көзқарастардың қайшы келуін, таласты айтамыз.
Әлеуметтік шиеленістер өзінің даму барысында бірнеше кезеңдерден өтеді. Алғашқы кезеңде кикілжіңдерге негіз туады. Қоғамның кейбір салаларында қиындықтар пайда болады. Оларға айтарлықтай мән бермесе, өрби түседі. Мысалы, адамдардың өмір сүру деңгейі төмендейді, құқықты сақтау, адамгершілік тәртіптері бұзылады. Әділетсіздікті бұрынырақ сезетін қарсы жақтың алдыңғы қатарлы адамдары өздерінің келіспеушіліктерін білдіре бастайды. Келесі кезеңде келіспеушілік, наразылық ашық айтылып, алғашқы қақтығыстар болуы мүмкін.
Сондықтан қазір көбіне шиеленістерді дер кезінде шешуге тырысады. Оның екі жолы бар: 1)Шиеленісті мәмілеге келу арқылы бейбіт жолмен шешу. Мәміле деп дау-жанжалға қатысушы жақтардың өзара кешірімділік білдіріп, ымыраға келуін айтады. Онда екі жақ бірін-бірі ұғынысып, өзара кешірімділік жасасып, ортақ келісімге келеді. 2)Зорлық негізінде бітістіру, келістіру. Мұндай жағдай бір жақтың күші айтарлықтай басым болғанда, екінші жақ жеңілгенде немесе оны толық жойып жібергенде туады.
Екі жақты татуластырудың кең тараған түрі-келіссөздер. Ол арқылы қарсы жақтың пікірі, дәлелдері белгілі болады, күштің арақатынасы айқындалады, келісімнің шарттары анықталады.
Бірінші бағыт қиындықтар туралы білімді, оны шешудің ыңғайлы техникаларын іздеу мен техникалық қамтамасыз етуді анықтауды қарастырады.
Екінші бағыт қиындықтар шешілетін орын мен уақыттың нақты талаптарымен қолданатын құралдар сәйкестігінің қажеттілігін көрсетеді.
Үшінші бағыт мақсатқа жетудің кейбір параметрлерінің қалыптасу мәні мен жағдайын ашады.
Шиеленіс бәсекелесуші жақтардың ашық және жабық түрдегі қақтығыстары.
Бәсекелесу - дефициттік құндылықтар үшін индивидуалдық немесе топтық күрес. А. Смиттің айтуынша, шиеленістің негізінде жатқан екі мәселені атап көрсетеді. 1)қоғамның таптарға бөлінуі; 2)таптар арасындағы экономикалық бәсекелестік қоғам дамуының басты күші.
Ресей әлеуметанушысы Р.Даррендорф шиеленістік қоғам модель теориясын енгізді. Оның ойынша, қоғам әрі қоғамда әлеуметтік өзгерістерге ұшырау, яғни әр қашанда әлеуметтік шиеленістер болады. Әлеуметтік шиеленістің пайда болуын қоғам мүшелерінің әлеуметтік қарама-қайшылықтармен түсіндіреді. Жабық қоғамда шиеленістер әлеуметтік байланыстарды бұзып, оны төңкеріске ұшыратады. Ал ашық қоғамда шиеленістер сыртқа шығып, қоғам дамуына көмектеседі.
Шиеленістің құрылымдық элементтері:
а)қажетті құбылыстар (оларсыз шиеленіс үрдіс ретінде дами алмайды);
ә)әлеуметтік шиеленістің қатысушысы (кез-келген адам, топ, ұйым);
в)әлеуметтік шиеленістің субъектілері адам немесе әлеуметтік топ, өздерінің қызғушылықтарына қарай шиеленістің жүрісіне ықпал етеді.
Р.Даррендорф шиеленістің субъектілеріне әлеуметтік топтардың үш түрін жатқызған.
1.Белсенді қатысушыларды.
2.Қатыспайтын, бірақ әсер ететін
3.Шиеленістің шешуін жақтайтындар.
Келіспеушіліктердің пайда болуы қажеттіліктермен байланысты. А.Маслоу осы қажеттіліктерді бес негізгі түрлерге бөледі:
1.Физикалық (тамақ, жыныстық қатынас, материалдық қажеттіліктер)
2.Қауыпсіздік қажеттілігі.
3.Әлеуметтік қажеттіліктер (әлеуметтік қатынастар, қарым қатынастар, араласу).
4.Бедел, білімге жетуге, сыйлы болуға қажеттіліктер.
5.Жоғарғы қажеттіліктер (шығармашылық қажеттіліктер).
Кез келген индивид қажеттіліктерге сәйкес мақсаттарға жетуін армандайды. Ал егерде қиыншылықтармен кездесіп, осыған байланысты өзінің қажеттілігін қанағаттандырмаса, оны фрустрацияға (лат. тіл. сәтсіздік) жатқызады.
Кез келген ұйымның, мекеменің, кәсіпорынның дұрыс, тиімді қызмет етуі және қабылданған шешімді ойдағыдай жүзеге асыруы үшін қайшылықты, шиеленісті жағдайларды алдын-ала болжай білуі қажет. Мұндағы басты мақсат – шиеленістердің алдын алу, егер бастала қалса, оларды шешудің жолдары мен әдістерін білу. Шиеленістердің алдын алу дегеніміз, оларды туғызатын басты себептерді анықтау және оларды жою. Бұл істе кәсіпорын немесе мекемедегі психологиялық қызметтің маңызы зор. Мәселен, Батыс елдерінде соңғы жылдары әр мекемедегі адам ресурстарын басқару бөлімінің шеңберінде аранайы құрылым қызмет атқарады. Мұндай құрылым еңбек ұжымы шеңберінде қақтығысты жағдайлардың алдын алу, ұжым мен әкімшілік арасында келіссөздер жүргізу сияқты істермен шұғылданады. Бұл істе ұжым мүшелерін психологиялық біліммен қаруландырудың да маңызы үлкен.
Қазіргі кезде Ресейдің көптеген фирмалары мен мекемелерінде әлеуметтік - психологиялық пікір алысу тренинг), психолгиялық қызметті пайдалану жақсы нәтижелер беруде. Ұжымның табысқа қол жеткізуінің басты шарты – онда қолайлы моральдық-психологиялық жағдайдың болуы. Адамның басқалармен өзара түсіністікте, келісімде, өмір сүріп, қызмет ете білуі – тұтас алғанда қоғамның да тұрақтылығына, тұтастығына ықпал ететіндігін естен шығармауымыз қажет.
9-тақырып. Отбасы әлеуметтануы
1.Неке және отбасы түсінігі.
2.Отбасын зерттеу – социологиялық зерттеулердің әдісі, тәсілдері. 3.Отбасының атқаратын қызметі.
4.Неке және отбасының түрлері.
Отбасы әлеуметтануы адамның тіршілік әрекетінің формасы ретіндегі отбасының өмір сүруі, дамуы мен өзгеруінің ішкі және сыртқы факторларының жүйесін, сонымен қатар оның құрылымын және қоғамдағы әлеуметтік функцияларын қарастыруды қамтиды.
Отбасы - ежелден қалыптасып қана қойған жоқ, сонымен бірге қоғамның әлеуметтік құрылымының негізгі элементтерінің біріне айналды. Отбасы ерлі-зайыптылардың арасындағы, ата-ана мен балалар арасындағы, басқа да туыстық тұрпаттағы қарым-қатынастарды негіздей отырып, өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардың дамуына орай қоғаммен, мемлекетпен тығыз органикалық байланыста болады.
Сонымен қатар, отбасы некеге немесе қаны бір туыстыққа негізделеді. Ал оның мүшелері тұрмыстың ортақтығымен, өзара жауапкершілікпен және өзара көмек көрсетумен байланысқан шағын топ. Неке отбасындағы қатынастарды қалыптастырушы болып саналады.
Некенің маңызды принциптері бар. Олардың қатарына жар таңдау еркіндігі, сүйіспеншілік, өзара сыйластық т.б. жатады.
Қоғам некелік байланыстардың нығаюына, отбасының тұрақтылығына мүдделі. Мемлекет отбасына өзінің отбасы және неке туралы заңдарымен ықпал етіп, отбасы мүшелерінің бір-бірімен және олардың қоғаммен, мемлекетпен қарым-қатынастарын реттеп отырады.
Отбасы әлеуметтануы екі бағытта дамып келеді. Оның бірінші бағыты бойынша отбасының тарихы зерттеледі, оның шығуының әлеуметтік заңдылықтары талданады. Екінші бағыт әлеуметтік институт ретіндегі (отбасы мен қоғамның өзара әрекетін талдау) қазіргі отбасының қалпын және шағын әлеуметтік топ ретіндегі (отбасы ішіндегі қатынастарды зерттеу) жағдайын зерттейді.
Отбасы белгілі бір әлеуметтік нормалар, санкциялар, мінез-құлық, құқық және міндеттер үлгілерімен, ерлі-зайыптылар, ата-аналар мен балалар арасындағы қарым-қатынастарды реттеушілікпен сипатталатын әлеуметтік институт болып табылады.
Әлеуметтік институт тұрғысынан отбасын қарастырғанда неке-отбасы қатынастары саласындағы коғамдық сананың қалыптасуына, әр түрлі жағдайдағы халықтың қайсыбір топтарының отбасылық тәртібіне жалпылама сипаттама беруге, отбасының негізгі міндеттерін жүзеге асыру тиімділігіне және т.б. баса назар аударылады.
Отбасын шағын әлеуметтік топ ретінде зерттегенде қазіргі отбасының даму кезеңдерінің, кұрылымдарының және атқаратын қызметтерінің калыптасу жағдайлары, әке-шеше мен олардың ұрпағының арасындағы өзара қарым-қатынас, отбасындағы міндеттерді әркімге бөлу, ажырасудың себептері мен мотивтері және т.б. осындай мәселелер қарастырылады.
Әлеуметтану отбасының функцияларына, отбасы саласындағы келеңсіз құбылыстарға (ажырасу санының артуы, көптеген отбасыларының дүниеге бір ғана нәресте әкелуге бағыт ұстануы, жалғыз бастылардың санының өсуі, т.б.) талдау жасауға да үлкен көңіл аударады.
Отбасының құрылымы - бұл оның негізгі элементтерінің тұтастығын қамтамасыз ету тәсілі болып саналады. Отбасының құрылымы мен тәртібі, өмір салты, дәстүрі, өзге отбасыларымен және қоғаммен өзара қарым-қатынастары бір-бірімен тығыз байланысты екені рас.
Отбасы қоғамдық басқа да институттар іспетті белгілі бір функциялар атқарады. Отбасының функциясы дегеніміз оның белгілі бір әлеуметтік салдары бар қызметі. Өзге институттардың атқаратын міндеттерінен мұны жеке-дара бөліп көрсету үшін, отбасы қызметін ерекшелікті және ерекшеліксіз деп ажыратады. Отбасының ерекшелікті қызметтері оның отбасылық мәнінен келіп шығады және қоғамдық құбылыс ретінде отбасының ерекшеліктерін бейнелейді, ал ерекшеліксіз қызметтеріне белгілі бір тарихи жағдайға орай еріксізден немесе бейімделуден туындайтын отбасының міндеттері жатады. Отбасының ерекшелікті қызметтеріне:
— халықтың ұдайы есіп-өнуі, яғни дүниеге нәресте әкелу;
— балаларды асырап, сақтау (экзистенциалды);
— балаларды тәрбиелеу (әлеуметтендіру) жатады.
Бұл қызметтер қоғамның әр дәуірде өзгерістерге түсуіне қарамастан отбасының ертеден келе жатқан міндеттері болып саналады.Отбасының қоғам өмірінде көрініс тауып жататын тағы да басқа қосымша қызметтерін айтып өтуге болады.
Оларға отбасының шаруашылық-экономикалық, рекреациялық, статустық, қорғау функциялары жатады.
Отбасының шаруашылық-экономикалық функциясы отбасылық қарым-қатынастардың әр түрлі мәселелерін, нақты атап айтар болсақ, олар үй шаруасын жүргізу, отбасы бюджетін құрып, жұмсай білу, тұтынуды ұйымдастыру, үйдегі жұмысты тең бөлу проблемасы, қарттар мен мүгедектерге қолдау, көмек көрсету мен қамқорлық жасау, т.б. қамтиды.Отбасының рекреациялық функциясы қазіргі кезде ерекше маңызға ие болып отыр. Өмірдегі кұбылыстар тез өзгерістерге ұшырап, соның салдарынан әр түрлі әлеуметтік және психологиялық тұрғыда ықпал ету арта түскен бүгінгі таңда стрестік жағдайлар саны біршама көбейіп, отбасы бұдан кейінгі ерекше терапиялық рөл атқару міндеттерін өз мойнына алады. Өйткені әрбір отбасы жан тыныштығын, өзара сенімнің калыптасуын, қауіпсіздік сезімі мен психологиялық тұрғыдағы оңды ортаны қалайды, әрі соны орнықтырады.Отбасының статустық функциясы да бар. Отбасында тәрбиеленген әрбір адам өз отбасының мүшелеріне етене жақын кейбір статустарды мұра етіп алады. Бұл ең алдымен тұлғаның мынандай аса маңызды статустарын: ұлтын, қала немесе село мәдениетіндегі орнын және т.б. жағдайларды қамтиды. Таптық қоғамдарда отбасының белгілі бір әлеуметтік жікке бөлінуі баланың келешек өмірін көбіне-көп анықтайтын мүмкіндіктер жасайды.
Қорғау функциясына келетін болсақ, онда отбасы институты өз мүшелерін әр түрлі деңгейде физикалық, экономикалық және психологиялық тұрғыда қарастырады. Отбасы институты қоғамдық басқа институттардың арасында ерекше орын алады, оны жете зерттеуге де айрықша көңіл бөлінеді. Өйткені отбасы ұрпақтан-ұрпаққа мұра ретінде қалатын мәдениет үлгілерін одан әрі жалғастырушы, ілгері апарушы болуымен қатар, тұлғаны әлеуметтендірудің қажетті жағдайын да қалыптастырады. Адам әлеуметтік рөлдерді тек отбасында ғана үйренеді, білімнің негіздерін алады, мінез-құлық дағдыларын қабылдайды.
Ал некенің түрлеріне келер болсақ, олардың эндогамиялық, полигамия, моногамиялық, полиандриялық, полигиниялық түрлерін айтып өтуге болады.
Әрбір қоғам некеге отырар кезде, жастарға тандау берерде отау тігушілердің өздеріне қандас шағын топқа жатпайтын, бөтен жердегі адамға үйленуіне ғана рұқсат етеді. Бұл құбылысты экзогамия деп атайды. Әсіресе, біздің коғамда, жақын адамдардың қандарының араласып кетуінен сақтандыру үшін осындай шектеулер қойылады. Біздің адамгершілік нормаларымыз өзіміздің қандас қарындастарымызға және өзге де жакын туыстарымызға үйленуге тыйым салады. Қазақта жеті атаға толмай қыз алысып, қыз берісуге тыйым салынған норма әлі күнге дейін сақталып келеді. Көптеген қоғамдарда өз ағайынының, руының, тіпті тайпасының, ауылының ішінен жұбай таңдауға тыйым салынған.
Өмірде осыған кереғар келетін талаптар да кездеседі. Некеге отырар кезде тек өз тобының ішінен ғана жұбай таңдауды талап ететіндер де бар. Мұндай мәдени үлгі эндогамия деп аталады. Ағайындық, ауылдық немесе тайпалық эндогамия көбіне-көп қарапайым қоғамдарда кездеседі. Қазіргі қоғамға, ондағы бірқатар талаптарға келсек, нәсілдік эндогамия немесе қоғамның төменгі жігінен жұбай таңдауға тыйым салатын сословиелік эндогамия кеңінен тараған. Эндогамия - таза түрінде касталық типтегі жабық топтарға тән. Эндогамияда некемен байланыстыру арқылы олардың өз ішіндегі жабықтығы сақталады. Экзогамиялық және эндогамиялық некелермен қатар некенің моногамия және полигамия деген түрлері де бар. Моногамияда бір ер адам бір ғана әйелмен некеде тұрады. Бұл форма ағылшын, т.б. халықтар үшін ерлі-зайыптылықтың ең өркениетті түрі болып саналады. Алайда, көптеген қоғамдардың дамуында некенің полигамиялық түрі де орын алды. Полигамия - бұл жұбайлардың бірінің яғни бір әйелдің бірнеше ер адамдармен немесе бір ер адамның бірнеше әйелмен некеде болуы. Теориялық жағынан алғанда полигамияның үш формасы болуы мүмкін. Оның біріншісіне топтық неке жатады. Мұнда бірнеше еркек және бірнеше әйел бір мезгілде өзара некелік қатынаста болады. Кейінгі уақытқа дейін некенің бұл формасы кеңінен тараған еді, ол, мысалы, Маркиз аралдарында қазір де кездеседі. Полиандрия полигамиялық некенің өте сирек кездесетін түрі болып табылады. Бұл некеде бірнеше еркекпен бір ғана әйел тұрмыс құрады. Бұған Тибет пен Оңтүстік Үндістандағы отбасылардың әдет-ғұрыптары мысал бола алады. Мұнда күйеуге шыққан әйел автоматты түрде күйеуінің аға-інілеріне де әйел болып, бәрі бірге тұрады. Оңтүстік Үндістандағы отбасындағы полиандрияның сақталуы демографиялық жағдайға талдау жасағанда анықталды. Ер адамдар санының әйелдерге қарағанда әлдеқайда басым болуы осы аймақта полиандрияның, сақталуына себепші болып отыр.
Полигиния немесе бір еркектің көп әйелге үйленуі (көшпелілерде болған) полигамдық некенің кеңінен тараған соңғы, үшінші түріне жатады. Бүгінгі Еуропа мен Солтүстік Америка өкілдерінің көп әйел алушылық жөніндегі пікірлерінде этноцентризм басым. Бүгінгі қоғамдағы көптеген адамдардың пікірталастарына ден қойсақ, некенің мұндай формасын дәріптеу әйелдердің адам санатына косылмауына, олардың күңге айналуына әкеліп соқтырады. Сөйтіп, бұл бұрын-соңды болмаған қаталдықпен ашу-ызаның бір көрінісі іспетті қарастырылады. Алайда, фактілер кері дәлелдерді алға тартады. Әйел қай қоғамда жоғары мәртебеге (статусқа) жетеді полигамиялық па, әлде моногамиялық неке формасы қалыптасқан қоғамда ма, ол жағын ашып айту қиын.
Отбасын әлеуметтік институт ретінде зерттегенде мынандай жалпы ұғымдар қолданылады: 1) некелік қатынастардағы қоғамдық қажеттілік, талап-тілектер, мұқтаждықтар; 2) отбасының әлеуметтік қызметі; 3) отбасы қатынастарындағы ережелер мен бағалық құндылықтар; 4) әр түрлі типтегі (түрдегі) отбасындағы тәртіп үлгілері, т.б. Отбасын кішігірім әлеуметтік топ ретінде зерттегенде 3 негізгі сипаттамалық тұрпатын бөліп қарау қажет. 1) Топты жалпы сипаттау. Бұған кіретін мәселелер – отбасы тобының мақсаты мен міндеті, отбасының құрылымы мен мүшелері, отбасының өзара іс-әрекетінің сипаттамасы, биліктің құрылымы, т.б. 2) Қоғамның әлеуметтік құрылымы тұрғысынан отбасы тобының басқа өзінен үлкен топтармен байланыс, қатынас түрлерінің сипаты. Қоғамдық қатынастардағы отбасының атқаратын қызметі. 3) отбасының жеке мүшелеріне байланысты мақсаты, міндеті, атқаратын қызметі, отбасындағы индивидтердің өзара іс-әрекеті, қызметі, топтық тәртіп, топтық бақылау, т.б. Индивидтің топқа енуі, оның отбасына енуіне қанағаттануы, ондағы тұрақтылық.
10-тақырып. Мәдениет әлеуметтануы
1.Мәдениетті әлеуметтанулық талдау.
2.Мәдениет және әлеуметтану.
3.Мәдениеттің әртүрлі элементтерінің қызметтері.
Әлеуметтануда мәдениет сөзі кең мағынада өзіндік ерекшелігі бар, генетикалық жолмен берілмейтін, адамның өмір сүру ортасы мен өзара әрекеттесуінің құралдары, амалдары, нысандары, үлгілері мен бағдарламалардың жиынтығы деп түсіндіріледі. Тар мағынада мәдениет әлеуметтануда адамның нақтылы бір тобына тән, ұжымдық қолдауға ие болатын құндылықтар, сенімдер, мінез-құлық үлгілері мен нормалар жүйесі ретінде түсіндіріледі.
Мәдениет қоғам өмірінде маңызды рөл атқарады, ол ең алдымен адамзат тәжірибесін сақтау және жеткізуден құралады. Бұл рөл бірнеше қызметтер қатары арқылы іске асырылады:
1) Мәдениеттің білім беру тәрбиелік қызметі. Индивид әлеуметтенуінің арқасында тұлға, қоғам мүшесі, адам болып қалыптасады, яғни барлық адамзаттың және өзінің әлеуметтік тобының, өзінің халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, нормаларын, құндылықтарын, рәміздерін, тілдерін, білімдерін игереді. Тұлғаның мәдени деңгейі оның әлеуметтенуінен - мәдени мұраға орналасуынан, сонымен қатар жеке дара қажеттіліктерінің даму дәрежесінен көрінеді. Тұлғаның мәдениеті, әдетте дамыған шығармашылық қабілеттерімен, эрудициясымен, өнер туындысын түсінуімен, ана тілі мен шет тілін жетік меңгеруімен, ұқыптылықпен, сыпайылықпен, жоғары өнегелілікпен ұқсастандырылады.
2) Мәдениеттің интегративтік және дезинтегративтік қызметі. Э.Дюркгейм өз зерттеулерінде осы қызметке ерекше көңіл бөледі. Э.Дюркгейм бойынша мәдениетті игеру адамдарда, қандай да бір қауымдастықтарда, қауымдық сезімін бір ұлтқа, халыққа, дінге, топқа жату сезімін қалыптастырады. Осылайша мәдениет адамдарды шоғырландырады, қауымдастықтың тұтастығын қамтамасыз етіп, біріктіреді. Осы үлкен қоғамдастықтар мен қауымдастықтар ішінде мәдени жанжалдар пайда болуы мүмкін. Осылайша мәдениет дезинтеграциялану қызметін атқарады.
3) Мәдениеттің реттеуші қызметі. Әлеуметтендіру процесі барысында құндылықтар, мұраттар, нормалар мен жүріс-тұрыс үлгілері тұлғаның сана-сезімінің бөлшегіне айналады. Олар адамдардың жүріс-тұрыстарын реттейді және қалыптастырады. Мәдениет адам әрекет жасай алатын шеңберді анықтайды деуге болады. Мәдениет адамның отбасындағы, мектептегі, өндірістегі, күнделікті тіршіліктегі жүріс-тұрысын реттейді, өйткені ол тиым салу мен ережелер жүйесін қамтиды. Бұл тиым салу мен ережелерді бұзу қоғамдастықтармен бекітілген және институционалды мәжбүрлеудің әр түрлі формасы мен қоғамдық пікір күштерінен қолдау алатын қандай да бір санкциялардың әрекет етуіне алып келеді.
Мәдениет дамуындағы ең маңызды сәттердің бірі - мәдениет үлгілерінің таралуы. Француз мәдениет зерттеушісі А.Моль осы процесс жолында пайда болатын мәдени үлгілер мен бөгеттердің таралуының әр түрлі кезеңдерін анықтауға болатын қазіргі қоғамда мәдениетті таратудың әмбебап үлгісін өңдеп шығарды. А.Мольдың үлгісі бойынша мәдени үлгілерді таратудың кез келгені шығармашылық тұлғаның іс-әрекетінен басталады, олардың әрқайсысы өздерінің ақылды іс-әрекетінің, экспериментінің, бұрынғы тәжірибелері негізінде кейбір әлеуметтік топтарда қолдану үшін өзінің сапасы бойынша жарамды өнім жасайды. Жаңа мәдени үлгіні көрсеткен кіші топта ол алғаш рет бағаланады. Ондай жағдайда, егер үлгі кіші топ мүшелерін қанағаттандырса, онда ол қабылданады және ол микро ортада мәдени үлгінің алғашқы таратылуы болып саналады. Осында мәдениет нормалары мен құндылықтардың таратылуы аяқталады. Қандай да бір отбасына немесе шағын жұмысшылар ұжымдарына тән және үлкен әлеуметтік жиынтықтарға таралмайтын нормаларды жиі байқауға болады.
Әлеуметтануда рухани мәдениеттегі әр түрлі элементтердің жұмыс істеуіне көп көңіл бөлінеді. Алғашқы және маңызды элемент танымдық, белгі-нышандық элемент, яғни қандай да бір түсініктер мен ойларда қалыптасқан, тілде айқындалған білім. Тіл - адам тәжірибесін шоғырландырудың, сақтаудың, жеткізудің объективті нысаны. Тіл нақтылы мәндермен үйлестірілетін белгілер мен нышандардың жүйесі болып табылады. Белгілер мен нышандар қатынас жасау барысында басқа ілімдердің өкілдері ретінде көрінеді.
Мәдениеттің екінші аса маңызды құрамдас бөлігі құндылықтық-танымдық жүйе болып табылады. Құндылық бұл осы немесе басқа қоғамдық заттардың қасиетін, қызығушылықтарын, ниеттерін, қажеттіліктерін қанағаттандыру құбылысы. Құндылықтар өзінің қажеттіліктерін әлеуметтік субъект деп ұғыну нәтижесінде, олардың қоршаған әлем заттарымен ара-қатынасында қалыптасады. Әлеуметтік субъектінің құндылық жүйесіне әр түрлі құндылықтарды жатқызуға болады:
1. Өмірлік мағынасы бар (жамандық пен жақсылық туралы, өмірдің мақсаты мен мәні туралы ойлар);
2. Әмбебап: а) виталды (өмір, денсаулық, жеке қауіпсіздік, тұрмыс-жағдай, отбасы, туыстар, білім, мамандық, құқықтық тәртіп, т.б.);
б) қоғамдық мойындау (еңбексүйгіштік, әлеуметтік жағдай, т.б.);
в) өзара тұлғалық қатынас (адалдық, риясыздық, мейірімділік);
г) демократиялық (сөз бостандығы, еркіндік, ұлттық егемендік, т.б.);
3. Партикулярлы: а) отаны мен отбасына бауыр басу;
б) фетишизмдік (құдайға сену, абсолютке ұмтылу).
Әлеуметтануда құндылықтар, ең алдымен, адамның мінез-құлқы мен қоғамдық өмірдің әлеуметтік нормативтік қызметінде қарастырылады. Құндылықтың нақ осы қызметі оларды әлеуметтану тұрғысынан зерттеудің арнайы пәніне айналдырады.
Құндылықты қатынастар өзінің жеке өмір сүруін әлеуметтік норма көрінісінен табады. Әлеуметтануда норма дегенде тек жалпы ереже ғана емес, сонымен бірге бұқаралық көрініс процестерінің шынайы өмір сүретін типі түсіндіріледі. Адамның жүріс-тұрысына сәйкес әлеуметтік норма ретіндегі қазіргі қоғамның көптеген өкілдеріне тән, әдеттегі әлеуметтік байланыстар мен қатынастарды бейнелейтін осындай жүріс-тұрыс көрініс береді және қабылданады немесе жиі-жиі кездеседі деуге болады. Жалпы қабылданған норманы көрсететін шынайы жүріс-тұрыстың объективті және субъективті аспектілері болады. Объективті мағынада норма қоғамдық қызығушылықтар мен қажеттіліктерге, мазмұны мен формасы сәйкес келетін сыртқы қылықтарымен айқындалады. Субъективтіде нормативтік мінез-құлықтың идеологиялық және психологиялық аспектісі қоғамдық және жеке дара санада ұсынылған деп айқындалады. Әлеуметтік норма өздерінің қылықтарының қоғамдық мәні мен әлеуметтік құндылықтарын азды-көпті түсінген адам ретінде түсіндіріледі. Бұл үлгі жүріс-тұрыс дәледеуінде маңызды рөл атқарады.
Мәдениеттің синтетикалық формасы ырым, әдет-ғұрып, салт-дәстүр сияқты жүріс-тұрыс үлгілері болып табылады. Ырым бұл өзіне осы немесе басқа әлеуметтік идеяларды, ойларды, нормалар мен құндылықтарды іске асыратын және қандай да бір ұжымдық сезімді тудыратын ұйымдық іс-әрекеттің символдық жиынтығы. Ырымның күші оның адамдарға деген эмоционалдық-психологиялық әрекетінде жатыр. Ырымда құндылықтар мен мұраттардың осы және басқа нормаларын игеру емес, сонымен бірге ырымдық әсерге қатынасқандармен бірге әсерленушілігі болып жатады.
Әдет-ғұрып - бұл топтық іс-әрекеттің үйреншікті, қалыпты ең ыңғайлы және жеткілікті кең таралған әдістері. Адамдардың жаңа ұрпақтары қоғамның үйреншікті әдістерін жартылай санасыз түрде еліктеу арқылы, жартылай саналы түрде оқыту арқылы қабылдайды. Әр адам бала кезінен көптеген көне мәдени элементтердің қоршауында болады. Ол үнемі көз алдында осы ережелерді көргендіктен, өзі үшін ең дұрыс және ең қолайлы болып қала береді. Бала өсіп-өніп, үлкейген соң, олардың пайда болуы туралы ойланбастан оған өзінен-өзі белгіленген құбылыс ретінде қарайды. Мысалы, амандасу үшін ол дағдылы түрде оң қолын созады, бірақ бір кездері мұндай ым жәй амандасуға қарағанда үлкен мән, дәлірек айтсақ, қолда қару жоқ екендігін білдірген. Қоғамда әдет-ғұрыптар саны өте көп. Жабайы қоғамның өзінде де бірнеше мыңдаған әдет-ғұрыптар болған, ал қазіргі индустриалды қоғамда олардың саны көбейе түсуде.
Салт-дәстүр - бұл мұраттар мен құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жазбаша немесе ауызша түрде тасымалдау, жеткізу, қолдау және сақтау процесі. Салт-дәстүр адам мәдениетінің барлық салаларын қамтиды. Салт-дәстүрсіз адамзат тарихында ешқандай мәдениет өмір сүре алмайтынымен қоса, онсыз кез келген адамдар қауымдастығының өмір сүруін көз алдымызға елестету мүмкін емес, ал салт-дәстүр - бұл мәдениет және өркениет қоғамы онсыз өмір сүре алмайтын жалпы рухани негіз. Бір сөзбен айтқанда, салт-дәстүр - жеке адамның, топтың, халықтың және адамзаттың мәдени ұқсастығы мен тарихи зердесінің құрамында болатын құндылықтар, нормалар, идеялар, әдет-ғұрыптар жиынтығы. Қазіргі әлеуметтанулық еңбектерде салт-дәстүрді жайлап үйрену мен ұзаққа созылған қандай да бір қоғамдық талаптар ғана емес, сонымен бірге адамның өмір сүруіне қажетті жағдайларға негізделуі деп қарастырады. Сол себептен салт-дәстүрдегі қажеттілік бір уақытта адамдар жүрегіне жол салатын маңызды қажеттілік болып табылады.
11.Экономикалық әлеуметтану
1. Экономикалық әлеуметтанудың негізгі категориялары.
2. «Әлеуметтік адам», «Экономикалық адам» ұғымдары.
3. Кәсіпкерлік әлеуметтік институт ретінде.
Экономикалық әлеуметтану жалпы әлеуметтану ғылымының қоғамның экономикалық өмірін зерттейтін арнаулы теориясы болып саналады. Бұл арнаулы теория жалпы әлеуметтанудың қарқынды дамуымен және оның экономикалық процестерімен тығыз байланысының негізінде пайда болды. Осыған орай экономикалық әлеуметтанудың объектісіне зерттеушінің қалауына қарай алынған қандай да болмасын экономикалық және әлеуметтік тұрғыда бір-бірімен тығыз байланысқан құбылыстар мен процестер жатады. Ал, экономикалық әлеуметтанудың пәніне қоғамның экономикалық дамуының әлеуметтік аспектілері жатады. Бұған экономиканың алуан түрлі салалары, әлеуметтік институттар (фирмалар, акционерлік қоғамдар, корпорациялар, банктер, т.б.), алуан түрлі адамдар бірлігі (мысалы, өндіріс, еңбек ұжымдары, өндірістік бірлестіктер, топтар, бригадалар, т.б.); экономикалық процестер, өндіріс саласындағы қатынастар (үстемдік ету – бағыну, басқару-орындау), еңбеккерлердің өндірісті басқаруға қатынасуы, жұмыс күшінің тұрақсыздығы, ауысуы, миграция, мамандықты іріктеп алу, еңбек ұжымдарының әлеуметтік қорлары мен ресурстық мүмкіншіліктері, адам және алуан түрлі топтардың экономикалық іс-әрекеттің себеп-дәлелдері, экономикалық сана, экономикалық ойлау, экономикалық-материалдық жағдайы, көңіл-күй, тәртіп, мұқтаждық, талап-тілек, әлеуметтік құндылықтардың еңбектің өнімділігіне, тауардың сапасының артуына әсері, т.б. жатады.
Экономикалық әлеуметтанудың негізгі міндеті - экономикалық құбылыстар мен процестерді осында әрекет ететін жеке адамдар мен әлеуметтік топтардың мүдделері, мүмкіндіктері тұрғысынан әлеуметтану тұрғысынан түсіндіру, сонымен қоса нақтылы бір қоғамның экономикасына әлеуметтік және мәдени факторлардың әсер етуін зерттеу болып табылады. Экономикалық әлеуметтану бізге экономикалық дамудың әлеуметтік механизмдерін біртұтас жүйе ретінде тереңірек түсінуге жол ашады.
Экономикалық әлеуметтану экономикалық процестерді адамдардың іс-әрекеті, қызметінің жемісі ретінде қарайды. Қоғамдағы адамдардың материалдық тұрмыс жағдайы әр түрлі болғандықтан, олардың мұқтаждығы, талап-тілектері де, тұтыну дәрежелері де әр түрлі. Сондықтан олар қоғамда әр түрлі рөлдер, яғни қызмет атқарады, осыған сәйкес оған қоғамда әр түрлі орында, жағдайда, беделде, т.б. болады. Экономикалық әлеуметтану экономиканы зерттеудің басты мәселесі ретінде экономиканың өз алдына жүйе деп қарайды. Ал, экономикалық жүйеде - өндіріс-бөлу-айырбастау-тұтыну жүзеге асырылады. Ал, бұл процестің нарықтық түрі: «Сұраныс және ұсыныс». Нарық дегеніміз, тар мағынада - азық-түлік және басқа өндіріс бұйымдарын, тауарларды сататын сауда орны. Ғылыми тілмен айтқанда, ол тауар айналымының өрісі, сатып алу мен сату ісінің жиынтығы. Тауарларды ұсыну және оған деген төлеу қабілеті бар сұраныс. Нарық теориясы ұдайы өндіріс теориясының құрамды бір бөлігі. Нарық тауар өндірісі туып, өсуімен қатар пайда болып, дами бастайды, әсіресе ол қала мен ауылда натуралдық шаруашылық ыдырап, қоғамдық еңбек бөлінісі тереңдей түскен кезде етек алып кеңейеді.
Әлеуметтік зерттеуде бұл екі процес, яғни сұраныс пен ұсыныс қатар қолданылады, өйткені, зерттеуші әлеуметтанушының басты назары ең алдымен мұндағы алуан түрлі адамдардың, олардың топтарының мінез-құлқына аударылады. Адам және оның топтары – жұмысшы, қызметкер, тұтынушы, айырбастушы, стаушы, сатып алушы, т.б. ретінде қарастырылады. Экономикалық дамудың әлеуметтік аспектілерін жан-жақты ескеріп, талдап отыру керек. Мысалы, әлеуметтік, рухани құндылықтары бойынша адамның ең жоғары қасиеттері - инабаттылығы, еңбек сүйгіштігі, оған қатынасы, ынталығы, ұқыптылығы, оның қайырымдылығы, әділеттілігі, жауапкершілігі, белсенділігі, шаруақорлығы, т.б. қоғамдық өндірісті дамытып, оның өнімін көбейтіп, сапалы тауарларды көп өндіруге тікелей әсерін тигізіп отырады.
Экономикалық әлеуметтану еңбектің мазмұны мен түрлері, яғни жұмысшылар мен қызметкерлердің білім деңгейі мен мамандығы, саналылығы, әділеттілігі, белсенділігі, жауапкершілігі, т.б. қасиеттері еңбек процесіне қалай әсер ететінін де зерттейді.
Экономикалық әлеуметтанудың бір ерекшелігі сол, ол экономикалық құбылыстар мен процестерді жеке адамның топты оның ішінде жіктің экономикалық жағдайы, материалдық әл-ауқаты, одан туатын сана, ойлау және мінез-құлқымен тығыз байланыстырады. Сөйтіп ол экономиканы реттеудің, басқарудың әлеуметтік механизмдерін ашады да, экономикалық сананы, экономикалық ойлауды, экономикалық ынта, ықылас, мәдениет, т.б. мәселелерді зерттейді. Міне, осылардың бәрі экономиканы әлеуметтік тұрғыдан зерттеудің ең басты мәселелері. Айта кететін бір жайт, экономикалық әлеуметтану жеке дара әлеуметтану теорияларымен, мысалы, еңбек әлеуметтануы ұйым және басқару әлеуметтануымен де айналысады. Экономикалық әлеуметтанудың зерттеуіндегі басты айырмашылық – ол жалпы экономикалық және әлеуметтік құбылыстар мен үдерістердің даму заңдылығын зерттейді. Ал, заңдылықтар - олар осы байланыс, қатынастардың ең тұрақты, қайталанатын, қажетті, мәнді, басты жақтарының жиынтығы. Әлеуметтануда заңдылықтарды даму тенденциялары деп те айтады.
Батыстық экономикалық әлеуметтануда жаңа сала - нарық әлеуметтануы табысты түрде дамуда. Оның шеңберінде өндірістік нарықтар әлеуметтануы, еңбек нарығы әлеуметтануы, халықаралық нарық әлеуметтануы және т.б. негізгі бағыттары бөліп қарастырылады.
Әлеуметтанушылық көзқарас экономикалық мінез-құлыққа әсер етуші факторларды кең әлеуметтік астарда карастыруды жөн көреді. Ол, біріншіден, шаруашылық өмір, экономикалық, басқарушылық және мәдени қатынастардың күрделі шиеленісуін білдіреді дегенге негізделеді. Екіншіден, экономикалық қатынастар әр түрлі әлеуметтік құрылымдарға сүйенеді - ұйымдар, құндылықтық-нормативтік жүйелер, т.б.
Қазіргі заманғы экономикада нарықтың қызмет етуінің экономикалық емес, қоғамдық аспектілерін талдаумен институционалды экономика өкілдері (Р.Коуз, О.Уильямсон, Д.Норт және басқалар) айналысады.
Ертедегі әлеуметтанушылар ішінен нарықты зерттеп-білуге М.Вебер, Э.Дюркгейм және Г.Зиммель зор қызығушылық білдірген. Э.Дюркгейм өз еңбектерінде жеке адамдардың мінез-құлқына аномияның, сонымен қатар экономиканың әсерін анықтай отырып, нарық тақырыбын қозғады. Г.Зиммель «Ақша философиясы» атты еңбекте қазіргі қоғамдағы ақшаның рөлін талдады. Экономиканы ол қалыптасып жатқан коғамдағы жеке адамдардың өзара әрекеттесуінің ең таза және дамыған түрі ретінде айырбастың жеке нысаны деп қарастырады.
М.Вебердің пікірі бойынша, нарықта әлеуметтік әрекеттер бәсекелестік ретінде басталып, айырбас ретінде аяқталады. Нарық бәсекелестік бар жерде өмір сүреді. Бәсекелестікті М.Вебер мүмкіндіктер мен басым жақтарды бақылауға алу үшін «бейбіт» жанжал деп қарастырды, ал айырбас оның мүдделердің ымыраға келуі болып табылады,
Нарықгы әлеуметтану тұрғысынан талдау 1950-жылдары Т.Парсонс, Н.Смелзер, К.Поланьи еңбектерінде қайта қолға алына бастады.
1980-90-шы жылдары нарыққа байланысты оны зерттеуде түрлі теориялық тәсілдер қолданылатын бірқатар әлеуметтанушылық жұмыстар пайда болды: әлеуметтік-құрылымдық, әлеуметтік конструктивтік, салыстырмалы-тарихи, жүйелі, рөлдік және басқалар. Мысалы, бұл саладағы жұмыстарымен танымал болған Харрисон Уайт нарықтарды әлеуметтік конструкция ретінде қарастырады.
Жалпы, айта кетер жайт, нарық құбылысын әлеуметтану тұрғысынан талдау екі элементтерді - айырбас пен бәсекелестікті бөліп қарастырудан құрылады. Нарықтың әлеуметтік құрылымы акторлар арасындағы (сатушылар мен сатып алушылар) бәсекелестік ретінде пайда болып және бірнеше акторлар арасындағы өзара алмасуымен аяқталады. Құрылымдық талдауға сүйене отырып, қазіргі заманғы нарықтарға қатысты келесі сипаттамаларды бөліп қарастыруға болады - қатысушылар саны мен қатысушылар типінің (жеке адамдар немесе ұйымдар) өзара әрекеттесуін реттеу, бағаны қалыптастыру механизмдері.
12-тақырып. Этникалық әлеуметтану
1. Этноәлеуметтік процестер.
2. Этносаяси қауымдастық және ұлттық саясат.
ХVІІІ ғасырдан бастап, ұлттың табиғатын табиғи-территориялық тұрғыдан түсіндіру қалыптаса бастады, ұлттың болмысын, жалпы іс-әрекетін оның территориясымен, әсіресе жер бетінің көрінісі (ландшафт), өсімдіктер (флора) және жануарлар дүниесімен (фауна) байланыстыратын тұжырымдамалар қалыптаса бастады. Осы тұжырымдамалардың ішіндегі көзге түсетіні, әрине атақты Л. Гумилевтің теориясы.
Ұлттың пайда болуы (этногенез), Л.Н. Гумилевтің айтуынша, «тарихи және ландшафтылық факторлардың үйлесімді дамуының жемісі. Этнос әлеуметтік кеңістіксіз өмір сүре алмайтыны сияқты, атмосфера, гидросфера, биосферасыз өмір сүре алмайды». Бұл сол кездегі ұлттың табиғатын зерттеудегі тың бағыт болып табылады. Ұлттардың болмысын ашуда бірнеше парадигмалардың көмегін пайдалану қажеттілігін осыдан көруге болады.
«Этностардың бір-бірінен айырмашылығы олардың қоршаған табиғи-территориялық ортаға бейімделуіне байланысты. Әр ландшафт өз этносын өмірге әкеледі. Ал өз ландшафтысынан айрылған этнос (жер аударылғанда, көп ұлтты қалаға көшкенде, тағы басқа жағдайларда) басқа бір этносқа, жаңа қауымдастыққа айнала бастайды. Этнос қалыптасуын, дамуын және бірте-бірте сөніп ыдырауын Л. Гумилев бес кезеңге бөледі. Бірінші кезең - этностың материалдық және рухани күш жинау кезеңі. Оны автор «императив» деп атайды. Екінші кезең – «пассеизм», ұлттың тарихи сахнаға шығуы, оны құрайтын аталастар өздерін ата-бабаларының жалғасы ретінде сезініп, ұлттық мұраға үлесін қосады. Тағы да бір табыс-жеңіс, тағы да бір ғимарат, тағы да бір әдеби, ғылыми туынды, тағы да бір шыңдалған семсер деп, ұлттық құндылықтар осылай тырнақтап жиналады. Бұл кезеңді Л. Гумилев қуатты құлшыныс (пассионарность) деп атайды. Үшінші кезең – «актуализм» немесе «гүлдену», суыну деп анықталады. Бұл тұста адамдар өткенін ұмыта бастайды, ұлттың болашағын ойламайды, оны білгісі де келмейді. Олар өздері үшін ғана өмір сүріп, жеке қара бастары үшін ғана ерлік жасайды. Бірте-бірте тоғышарлық психология күш алып, бұрынғы ұлттық мұра шашылып-төгіліп, ысырап жасалып бүлінеді. Оны орынсыз жұмсау алдамшы молшылық, гүлдену сияқты жалған ойлар тудырады. Төртінші кезең футуризмге - этностың бұрынғы тарихын өткен заман деп бағалау, бүгінгі ұлттық мүддені тиімсіз деп қабылдау, тек болашаққа, арманға ғана сену тән. Бесінші кезең ұлттың ыдырауымен, күйзеліске ұшырауымен байланысты». Кезеңдер арқылы ұлттың тұтас болмысын аңғаруға әбден болады.
Әрбір халық бір жағынан әлемдік-тарихи үдерістің бөлігі ретінде саналса, екінші жағынан өз ерекшелігімен қайталанбас құндылық. Н. Бердяев былай деп санаған: «...адам адамзат қауымына орыс, француз, неміс немесе ағылшын атауларына ие болған жәй адам ретінде емес, ұлттық ерекшелігі арқылы енеді. Адам болмыстың толық бір баспалдағын аттап өтіп кете алмайды, олай болса ол қайыршыланып, бос кеуде болып қалар еді. Ұлт жанды адам – жай адамға қарағанда жоғары, онда адамның тектік сипаты бар, тіпті сонымен бірге жеке-ұлттық белгілері де бар».
Жеке бір ұлт адамзат қауымы құрамына қажеттілік ретінде енеді, онсыз қауымдық толық емес немесе тіпті зиян да шегуі мүмкін. Әрбір ұлт Бердяевтің ойынша, «күрделі иерархиялық баспалдақ, онда тарихи тағдырдың өткірлігі ерекше көрініс тапқан. Мұнда табиғи нақтылық тарихи нақтылыққа айналады».
Кез келген әлеуметтік топтастық өзіндік сананы иеленген, оның негізгі құрамдас компоненті ретінде өзіндік ерекшелікті сезіну болып табылады, соның нәтижесінде өзіндік ерекшеліктің белгілерін табуға ұмтылыс пайда болады. Ұлттық ерекшелікті көрсетудің жекешелендірілген түрі ретінде ұлттық өзіндік сананы айтуға болады, ол нақты бір әлеуметтік-этностық топтастыққа жатқызу сезімі ретінде, осы ұлттық топқа өзін итермелеуден көруге болады.
Ұлттық және этностық жатқызу туған кезден бастап, ана тілінде сөйлеумен және адамның қоршаған ортасындағы мәдениетпен бірге жасасады, ал қоршаған ортадағы мәдениет өз кезегінде жалпыға бірдей тәртіп стандарттарын және тұлғаның өзіндік дамуына әсер етеді.
Ұлтты зерттейтін тұжырымдамаларға тоқталсақ. М. Вебердің пікірінше, «қай жерде адамдар өздерінің бар екендігіне сенсе немесе қауымдастыққа жататындықтарын сезінсе және автономиялық мемлекетте өзін танытуға ұмтылса, ол жерде ұлт бар». М. Вебердің ойынша бұл тұтастық сезімі толығымен субъективті емес, оның тамыры объективті факторларда жатыр, яғни, бір нәсілде, тілде, дінде, әдеттер мен саяси тәжірибелерде, бұлардың әрқайсысы ұлттық сезімді келтіреді.
Э. Смит ұлттың екі түрін көрсетеді «территориялық және этникалық». Территориялық ұлт (азаматтық) мемлекетпен мөлшерлес немесе белгілі бір территориядағы елмен мөлшерлес ортақ құқықтармен байланысқан азаматтардың бірлестігі. Мұндай ұлттық бірлестік түрінің қалыптасуында белсенді агент ретінде мемлекет араласады, ол кейде тіпті этникалық топтардың барлығын біртұтас етіп біріктіреді. Бұл үдерістердің ортақ мәдениетсіз, ортақ аңыздар мен белгілерсіз дамуы мүмкін емес.
Ұлтқа жан-жақты сипаттама берген П. Сорокин болып саналады. Ойшылдың ойынша, жеке адамдардың мінездері ұлттың мінезімен бірдей болмайды. Ол жағдайды былай түсіндіреді, мысалы, судың құрамы сутегі мен оттегінің құрамынан өзгеше немесе автомобильдің бөлшектерінің құрамы жинаған машинаның құрамынан өзгеше. П. Сорокиннің пікірінше ұлттың өзіндік сипаты әлеуметтік, мәдени жүйе ретінде келесі факторлармен анықталады: 1) мағыналар, құндылықтар мен нормалар, оларды жүзеге асыру үшін жүйе жұмыс жасайды; 2) алдын ала жазылған және тыйым салынған реттегіштер, олар арқылы құндылықтар мен нормалар эмпирикалық әлемде объективті бола түседі; 3) жүйенің жұмыс жасауы үшін қажет материалды құралдар (мекемелер, қару-жарақтар, қорлар және т.б.). Кез келген жүйе, сонымен бірге ұлт та «оны құраушы элементтердің іс-әрекет фрагменттерін зерттеумен шектелмеу тиіс». Сорокин ұлтты ерекше әлеуметтік жүйе ретінде санап, оның маңызды белгілерін көрсетеді. «Ұлт дегеніміз көпфункционалды, тұтас, жартылай жабық әлеуметтік-мәдени топ, және өзінің өмір сүріп жатқанын, бірлігін сезінеді. Бұл топ келесі индивидтерден тұрады, олар: 1) бір мемлекеттің азаматтары; 2) тілдері ортақ немесе ұқсас және осы индивидтар және олардың алдында өмір сүргендердің ортақ тарихынан туындаған ортақ мәдени жинақ; 3) өздері және ата-бабасы тұрған ортақ территория. Сонымен бірге, ұлт дегеніміз мемлекеттен және этникалық (тілдік) және таза территориялық топтардан өзгеше әлеуметтік жүйе»
Этносаяси қауымдастық және ұлттық саясат.
Ұлт ерекше жүйе ретінде көптеген факторлардың нәтижесінде қалыптасады. Қазақстан территориясындағы халықтың қалыптасуына көз жіберетін болсақ, сонау көшпенділер де, қазақ ұлты да, қазақстандық халық та бір ғана этностан құрылған жоқ. Көшпенділерді де, қазақ ұлтын да, қазақстандық халықты құрайтындар да тілі, діні, мәдениеті әртүрлі болып келетін этностар. Мәселе бұл жерде әлеуметтік рухта болып отыр. Яғни, тұтас қауымдастыққа бірігу үшін осы әртүрлілікті біріктіретін күш менталитеттің қалыптасуы, әйтпесе бұл жерде біріктіруші күш ретінде не ортақ мінез-құлықтың, не қоғамдық сананың, не ортақ дүниетанымның күші жете бермейді. Бұл элементтер менталитеттің құрамына біріге отырып қана іс-әрекет ете алады.
Тәуелсіздіктің қалыптасуы, ұлттық мемлекеттіліктің дамуы қоғамдағы біріктіру факторы болып табылатын дені сау ұлттық менталитетпен тығыз байланысты. Ол мемлекет территориясында тұратын барлық этностық топтар мүдделерінің теңқұқылығын қамтамасыз ететін мемлекеттік саясатқа едәуір ықпал ете алады.
Этнос өмірінің мәні биологиялық тұрғыдан алғанда - өзінің нақты тіршілік етуін жалғастыру, яғни ұрпақ жалғастыру. Этнос өмірінің мәні - оның жер бетіндегі барлық тарихын тұтас алғандағы миссиясынан көрінетін ұлттық идеяда. Осы ұлттық идея барлық халыққа түсінікті түрде айтылған және танылған кезде халықтың бірегейлігі туралы және оның ұлттық, этникалық өзіндік санасының оянғаны туралы айтуға болады.
Қазақстанның қазіргі жағдайында мемлекеттік, ұлттық саясат мақсаты жалпыұлттық мүдде ауқымында айқындалып, этноәлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін бағытталған.
Мемлекеттегі ұлттық саясат екі бағытты ескереді: біріншісі – қоғамның көпэтносты өкілдерінен бірегейлігі, екіншіден – Қазақстан – транзитті мемлекет екендігі. Сондықтан демократиялық қоғамдағы ұлттық саясат біртұтас ұлтты қалыптастыруға бағытталуы тиіс, ал ең басты идеяны қазақ ұлты көтереді.
Республика Президенті Н.Ә. Назарбаев ұлттық саясаттағы идеяның негізгі компоненттері ретінде Қазақстанда өмір сүріп жатқан этнос өкілдері мен қазақ ұлтының арасындағы достықты, бауырмалдылықты және теңдікті атап көрсетеді.
13-тақырып. Дін әлеуметтануы
1. Дін әлеуметтануының пәні мен объектісі.
2. Діннің пайда болуы мен қалыптасуы.
3. Дін әлеуметтік институт.
Шамамен VII ғасырдан б.з.д. II ғасырда адамзат өмірінің рухани жүйесінде үлкен өзгеріс болды бұл, өмірді түсіндіре алатын діни сананың қалыптасуы еді. Ол кейіннен кейбір халықтардың дамуы мен өркениеттің қалыптасуына жол ашты.
Дін - әлемдік өркениеттегі барлық қоғамдық құрылыстарға тән тарихи, саяси-әлеуметтік, дүниетанымдық және психологиялық құбылыс. Ол ықылым заманнан бері адамзатпен бірге жасап келеді. Оны ең тұжырымды түрде Құдай мен адамның арақатынасы, адамның танымынан тыс күштердің барлығын мойындау және соған илану деп анықтауға болады.
Дінді философиялық-әлеуметтік тұрғыдан түсіну дегеніміз – оны қоғамдық сана мен дүниетанымның нысаны, діни мәдениет түрінде көрінуі, белгілі әлеуметтік қызмет атқаратын құбылыс, діни идеология, діни мораль тұрғысынан қарастыру, дін мен саясат мәселелерін зерттеу. Жоғарыда айтып өткендей әлеуметтану ғылымы да дінді өзінше зерттеп, түсінік беруге тырысты. Дінді зерттеуге байланысты осы ғылым аясында арнайы дін әлеуметтануы пәні қалыптасты. Дін әлеуметтануы мына мәселелерді зерттейді:
- діннің пайда болуының әлеуметтік жақтарын;
- әлеуметтік жүйенің дамуы мен қалыптасуындағы діннің орны мен ролін;
- діннің дамуының әлеуметтік заңдылықтарын;
- оның әлеуметтік құрылымы мен элементтерінің байланысын;
- діннің басқа әлеуметтік жүйелерге әсерін және керісінше басқа әлеуметтік жүйелердің дінге әсерін.
Дін әлеуметтануы пәнінің негізгі талдау объектісі болып дін мен қоғамның байланысы есептеледі. Әлеуметтік теорияларда дін қоғамның тұрақтандырушы күші ретінде қарастырылады.
Ал дін әлеуметтануы ғылыми пән ретінде бірінші қадамын XIX ғасырдың ортасында жасады. Дін адамзат қоғамының ажырамас бөлігі ретінде өзінің дамуы мен қалыптасуы барысында көптеген ғылымдардың назарын аударып отырғандығы жөніндегі нақты ойлар О. Контпен айтылған болатын.
Әлеуметтік динамиканы зерттеу, әлеуметтік прогресс процесін зерттеуге алып келеді. Бұл бағыттағы дамуға бірінші реттік факторлар – рухани және ой-өрістің дамуы және екінші реттік – климат, нәсіл, өмір сүруді жалғастыру әсер етеді.
Конттың дін туралы ойларын «Үш кезең заңының» бірінші кезеңімен түсінуге болады. Адамзаттың дамуындағы алғашқы кезеңді Конт теологиялық деп атады. Бұл кезеңде адам санасында діни түсініктер мен діни идеология үстемдік етеді. Ол өз кезінде үшке бөлінеді: фетишизм, политезм, монотезм. Теологиялық жағдай – құдайға сену - әскери-авторитарлық жүйені қалыптастырды. Сондықтанда ол:
- қарама-қарсы қызығушылықтардың келісімін қамтамасыз етті;
- әлеуметтік жүйенің құлауына кедергі келтірді;
- қоғамда тәртіпті ретке келтірді.
Адамзат тарихының бірінші, діни кезеңі құдайға деген сеніммен сипатталады, осы сенім түрлі топтардың мүдделерінің үйлесімін, қоғамдағы әлеуметтік тәртіпті қамтамасыз етеді. Дін бұл кездері қоғамда біріктіруші қызмет атқарады. Бұдан соң адамзат екінші және үшінші кезеңдерді бастан өткереді. Бірақ, Конттың пікірінше қоғамдағы әлеуметтік-тарихи өзгерістер адамзатты ерте ме, кеш пе, қоғамдағы қатынастардың рухани негізі ретінде «екінші теологиялық синтезге» алып келеді, сол кезде «позитивті діннің» үлкен маңызы болады.
О. Конт бойынша теологиялық форманың соңғы тарихи түрі орта ғасырлық «католиктік және феодалдық жүйе» болды. Бұл қоғамда діни сенім жалпы қоғамды байланыстырушы күштің және әлеуметтік тәртіптің негізі болды. Конт қоғамның дамуын зерттей келе, сол кезде-ақ болашақта ғылымның діннен жоғары тұратынын, оның үстемдікке ие болатындығы және әлеуметтік байланыстардың үзілетіндігі жөнінде айтқан болатын. Сондықтан да ол позитивті қоғамдағы діннің бейнесін жасауға тырысты, нәтижесінде ол «позитивті дінді» дамытты. Позитивті дінді ол екі түрге бөледі: қоғамдық және жеке дін.
Қоғамдық дінде құдайдың орнындағы құрметке адамзат тегі ие болады. Конттың ойы бойынша ол өткені, бүгінгісі, болашағы бар үзілмес, біртұтас «ғұлама мән».
Діни қарым-қатынас бұл адамзаттың жағдайы үшін құлшылық ету. Дін өз аясына адам табиғатының барлық әрекетін: махаббат, ой және саясатты басқаруды, мәдениетті, философияны біріктіреді. Конт тұжырымы бойынша қоғамдық діннің культі адамзаттың атағын шығаруға бағытталған діни салтанаттан, діни мейрамдардан тұрады.
Ал жеке діннің пәні ұжымдық сананың лайықты жеке өкілдері: ана, әйел, қыз бола алады. Жеке діннің культі жай ғана сезімді білдіретін құлшылық ету болып есептеледі.
Осы ойлары арқылы Конт дін әлеуметтануының қалыптасуына жол ашты. Бұл жердегі Конттың жетістігі ол дінді әлеуметтік өмірдегі адамдарды біріктіруші және оларға бірегейлік сезімін беретін, қоғамның бөлінбес бөлігі ретінде түсіндіруге тырысуы.
Ал ағылшын философы және әлеуметтанушысы Г.Спенсер Конттың жолын дамыта отырып, дінге басқаша түсінік берді. Ол дінді қоғам өміріндегі әрекет түрлерін сақтаудағы белгілі бір реттеуші фактор ретінде қарастырады. Бірақ Спенсер діннің маңызын экономика мен саясаттан төмен қояды. Спенсердің пікірі бойынша, дін:
1) отбасы байланысын күшейтеді, жерлеу институты мен ата-баба рухын қадірлеу арқылы отбасын әлеуметтік топ ретінде біріктіреді;
2) адамдар әрекетін басқарудағы негіз болып есептеледі;
3) бірінші орында діни бірлік деген ұғыммен, ұлттық бірлікті нығайтады;
4) жекеменшік институтын дамытады, өйткені қасиетті заттар жеке иелік болып есептеледі;
О. Конт пен Г. Спенсер дінге «бірлікті», «бірлестікті», «интеграцияны» қалыптастырудағы жетістіктің бір құралы ретінде қарды. Олар дінді адамның денесіне қажетті денсаулық тәрізді, қоғамға да керек қалыпты қажеттілік деп есептеді.
Дін әлеуметтануының негізін қалаушылардың бірі болып, француз әлеуметтанушысы Э. Дюркгейм есептеледі. Оның діни тұжырымы ұжымдық санамен байланысты. Дін Дюркгеймнің еңбектерінде нормалардың институтцияланған жүйесі, барлық қоғам мүшелерімен мойындалған құндылық ретінде қарастырылады. Э. Дюркгейм бойынша, діни сенімдердің бастауы – қоғамның өзі және көнедегі діннің ең қарапайым формасы тотемизм. Тотем белгілі бір әлеуметтік топ үшін оның генеологиялық бастауы әрі желеп-жебеуші, рәміз әрі ең басты құндылық. Сондықтан ол құлшылық объектісі, осымен бірге сол топты біріктіруші, рулық, тайпалық тұтастығын сақтаушы.
Оның «Діни өмірдің қарапайым түрлері. Австралиядағы тотемдік жүйе» атты еңбегінде бір-бірімен байланысты үш зерттеу деңгейі көрсетілген:
- қоғамның жалпы теориясы, мұнда дінге әлеуметтік өмірдің факторларын біріктіруші ретінде орталық орын берілген;
- діннің арнайы әлеуметтік теориясы;
- дін этнологиясы – австралиялық аборигендердің дінін түсіндіруші теория.
Австралиялық аборигендерді зерттей келе, ол «дін қоғамның адамгершілік бірлігін қалыптастырады екен», - деген түйінге келді.
Діннің әлеуметтік сипаты да бар, қоғам бір уақытта оның авторы әрі объектісі де бола алады. Діннің негізгі қызметі:
- тәртіпке шақыру (мәжбүрлеу және бақылау);
- тұрақтандыру (қоғамның біріктіруші күшін);
- репродуктивті (жаңа мүшелерді тарту арқылы ұдайы өндіру);
- эйфориялық (рахатқа кенелу)
Э. Дюркгейм өз тұжырымында дін кез келген қоғам құрылымының элементі болып есептелетін, әмбебеп әлеуметтік феномен деген қорытындыға келді. Контқа қарағанда Дюркгейм барлық діннің өзіндік шынайылығы барын мойындады.
Дін әлеуметтануында М. Вебердің орны ерекше. Ол діннің негізгі қызметі ретінде мәнберушілікті, адам әрекетінің рационалдылығын атады. Вебер дінді адамның шаруашылық, әлеуметтік, саяси, психологиялық мақсаттарына байланысты белсенді бағытталған әлеуметтік іс-әрекеттің түрткісі немесе бағдар ретінде қарастырады. Вебер капитализм жүйесіндегі шаруашылықтың дамуында дін мен экономиканың байланысын зерттеуге басты назар аударды.
Ол өзінің «Протестанттық этика және капитализмнің рухы» еңбегінде протестантизм діні экономикалық әрекеттің рационалдылығына, аскеттік тәрбиеге және протестантизмнің идеологиясы кәсіпкерлік әрекеттің дамуына мүмкіндік берді дегенді және осы еңбегінде протестантизм дінінің этикасы (еңбекқорлық, төзімділік, шындық, есепке құрылған әрекет) капитализмнің қалыптасуына алып келді деп дәлелдейді. Вебер жалпы өндірістік қоғамның дамуын, рационалды әлеуметтік әрекет жетістігінінің бағыты дейді.
Вебер өз зерттеулерін тек протестантизмді талдаумен шектеген жоқ, ол басқа да әлемдік діндерді, олардың шаруашылыққа әсерін зерттеді. Вебер әлемдік діндердің қатарына тарихи оқиғалардың желісіне әсер ететін және оны мойындайтын жақтаушыларының саны басым болатын діндерді жатқызды. Ол әлемдік діндерге тарихи-салыстырмалы талдау жасай келе, әлемге деген көзқарастары әр түрлі үш түрді бөліп көрсетті:
өмірге бейімделу діні – конфуциялық және даосизм;
өмірден қашу діні – индуизм мен буддизм;
өмірді басқару діні – иудаизм мен христиандық.
Бұл түрлердің әр қайсысының өмірге деген көзқарастарына өзіндік рационалдық тән. Сонымен қатар әр түрлі қоғамдағы діннің өзіне тән атқаратын қызметі ерекше. Шығыс елдерінің діни санасын зерттей келе, Вебер бұл елдерде әсіресе Қытай мен Үндістанда дін қоғамның өндірістік дамуына кедергі болған деген шешімге келді.
Протестанттық бағыттың басты догмасы ол адам тағдырының әуел баста анықталып қойғандығы. Оның мәні: Құдай адамды жаратқанда оған лайықты өзінің өмірін берді, оның басты мақсаты құдайға ризашылығын еңбек ету арқылы дәлелдеу. Адам өзінің шешімі немесе құлшылық етуі арқылы өз өмірінде ештеңені өзгерте алмайды. Ал бұл ұстаным дәстүрлі католик дінінен мүлдем өзгеше. Католик діні бойынша адам өмірі діни, шынайы және шынайы емес өмірге бөлінеді. Бұл дінде байлыққа ұмтылу, парақорлық, кәсіппен айналысу күнә, жанның, рухтың тазалығы үшін құлшылық ету керек деп есептеледі. Ал протестантизм діні бойынша керісінше, оның нормалары мен тәртіптеріне байланысты жанды сақтау үнемі еңбек ету болып табылады. Ол келесі екі жайттың қалыптасуына әкеп соқты:
1) діни ритуалдар мен шіркеулердің, құлшылық етудің ешқандай қажеттілігі жоқ;
2) өмірдің магиядан босауына, күпірлікке әкелді, дүние қарапайым және рационалды бола бастады.
Протестанттық білім бойынша еңбек ету, бұл құдай алдындағы парыз және жан тазалығы болып есептеледі.
Одан әрі діннің әлеуметтік тұжырымдарын Б. Малиновский, А. Радклиф-Браун, Т. Парсонс, Р. Мертон және XX ғасырдың 60-шы жылдарында Белл дамытты.
Діндер тарихын зерттеуде, діннің қоғамға әсерін талқылауға таптық тұрғыдан зор үлес қосқан ғұламалардың бірі – Карл Маркс.
К. Маркс бойынша «...дін дегеніміз адамның өзіндік сана-сезімі және өзін-өзі өмірде таба алмай жүрген немесе өзін қайтадан жоғалтып алған адамның өзін сезінуі. Ал адам дегеніміз бұл адам әлемі, мемлекет, қоғам». Міне, сондықтан да «дінді қоғам қалыптастырады»,- деген көзқарасты ұстанады. Сонымен қатар, Маркс өз уақытындағы қоғам мен діннің байланысын былай сипаттайды: «қазіргі қоғам үлкен бұқара жұмысшы тапты халықтың азшылық бөлігін құрайтын таптарға жататын жер иеленушілер мен капиталистердің қанауынан тұрады. Қазіргі қоғам – құлиеленушілік қоғам немесе еркін жұмысшылар өз жағдайларын жақсарту үшін, өмір бойы еңбек етіп, капитал жинауға мәжбүр». Оның үстіне экономикалық езгіге түскен халықты саяси, әлеуметтік мәселелер де қинайды. Жұмысшы табы әрдайым өздерінің экономикалық бостандықтары мен саяси еркіндіктері үшін күрескенмен де олар кедейліктен, жұмыссыздықтан арыла алмады. Ұзақ жылғы нәтижесіз қанаушы мен қаналушы таптың арасындағы үздіксіз күресте оларды тек ақырет күнінде жақсы өмір сүреміз деген сенім жетеледі. Жұмысшы таптың арасында «кім де кім өмір бойы еңбек етіп, мұқтаж болса дін оған о дүниеде мәңгі өмір сыйлайды, ал өзгелердің еңбегін пайдаланғандарды дін өздерінің әрекеттеріне жауап беру үшін қайырымдылықпен айналысуға шақырды. Сол кезде ғана олардың мәңгілік өмірге мүмкіндігі болуы мүмкін» деген түсінік тарады. Халықтың санасындағы осындай ойлардан кейін Маркс дінді шыдамдылық пен төзімділікке баулитын қасиеті бар деп түсіндіріп, дінге «халықтың апиыны» деп баға берді.
Жоғарыда айтылған тұжырымдар діннің әлеуметтік институт ретінде қалыптасуына ықпалын тигізді. Дін әлеуметтік институттардың ішіндегі маңызды институт. Бұл институт әлеуметтік нормалардың, рольдердің, дәстүрлердің, сенім мен ритуалдардың жүйесі, жазылған әрекет стандарттары мен ұйымдастырылған қызметтер бірлестігі.
Қоғамдағы діннің күші мен маңызы зор болғандықтан, дін немесе діни тәжірибе адам әрекетінінің қызметін түсіндіретін әлеуметтік институт. Діннің институттануына байланысты қоғамдағы әлеуметтік-мәдени ұйымдар элементтерінің маңыздылығы артты. Институттанған жүйе ретіндегі діннің негізгі элементтері:
- діни белгілер, діни идеялар, трактаттар, догмалар, Қасиетті жазбалар, әрбір діннің қасиетті кітаптары ( Құран, Інжіл, Үш жинақтама, Библия, т.б.)
- культ, сенім білдіргендердің сезімдерін көрсететін діни салттар, құлшылық ету, мейрамдар, дінге қызмет ету, ритуалдар;
- діни тәжірибе бойынша адамдармен байланыс жасайтын ұйымдар: шіркеу, мешіт, храм, т.б.
Діни әрекет пен діни қатынастың нығаюына діни ұйымдар әсер етеді. Діни ұйымдарды, бірлестіктерді зерттеу діни жағдайдың деңгейі мен қоғамдағы діннің қызметін анықтауда маңызы зор. Діни ұйымдардың ішінде шіркеуді, сектаны, деноминацияны атауға болады.
Шіркеу (церковь) - грек тілінен аударғанда «kyiake» - Құдай үйі деген. Ол дәстүр арқылы анықталған дінді ұстанушыларды біріктіретін, діни әрекетті бақылайтын, діни идеялар мен қызметтерді тарататын орталық немесе бірлестік.
Секта (латын тілінен «sekta» аударғанда - ойлау жүйесі, білім деген) қандай да болмасын діни бағытқа қарсы оппазициялық ағым. Сектаға тән белгілер:
- өзінің бағыт-бағдарының, ұстанымдары мен мақсатының ерекше екендігін және ең дұрыс жол екендігін дәлелдеуге тырысу;
- рухани жаңғыруға ұмтылу;
- мүшелерінің теңдігі мен ұйымдасудың еркіндігін уағыздау;
- оқшаулану.
Деноминация (латынның «denominatio» - «атын өзгерту» деген сөзінен шыққан) бірлестіктердің басқа түрінен дамиды немесе жеке қалыптасады. Оның культтік және идеялық принциптері шіркеуге де сектаға да қарсы. Белсенді діни әрекет пен үнемі тұрақты мүшелік қатаң бақылауға алынады.
Жалпы діннің институттануы мен оның қызметі әрбір адамға өмірдің мәнін түсінуге, өз әрекеттеріне жауап беруге көмектеседі. Дін адамдарға тұрмыстың шынайылығын түсіндіруге тырысады, сондықтан да оны қоғамдағы орны мен жағдайына қарамастан барлық адамдар қажет ететін болды. Соның арқасында дін адамдардың санасында әлеуметтік-мәдени рухани құндылық түсінігінде қалыптасып, қоғамның барлық мүшелерін біріктіруші ретінде мойындалды. Қоғамның дамуы барысында елдегі діннің орны мен рөлін анықтау әр уақытта маңызды болды. Тарихтан белетініміздей, қоғам дамуының бір кезеңінде шіркеу барлық мемлекеттік істерге ықпал етсе, енді бір кезеңінде мүлдем діннен аластату саясаты жүргізілді. Осыған байланысты бірнеше ұғымдарға тоқталсақ:
Теоцентризм – дүниедегі барлық нәрсенің бастауы, көзі мен себепшісі құдай болып табылады деген түсінік.
Клерикализация – христиан елдеріндегі қоғамдық өмірде діннің, шіркеудің ықпалының күшеюі.
Секуляризация ол адамның, қоғамның және мәдениеттің шіркеудің ықпалы мен діннен бөліну процесі.
Сакрализация діннің құндылық ретінде маңыздылыққа ие болуы.
Дін қоғамда белгілі бір әлеуметтік қызметтерді атқарады:
1) өтеуші қызметі – дін шектеулерді толықтырып тұрады, өз өміріне көңілі толмау, әлсіздік жағдайларын түсіндіріп, жұбатады, күйзелісті шешуге көмектеседі;
2) өмірге көзқарас – дін өмірді, әлемнің жаратылуын түсіндіріп, оған баға, мән береді;
3) коммуникативті - адамдармен, қоршаған ортамен араласу, байланысқа түсу;
4) біріктіруші - қоғамның тұрақтылығын сақтаудағы діннің маңызы;
5) реттеуші - құндылықтардың, бағдарлардың, дәстүрлер мен институттар арқылы индивид пен топтардың әрекетін басқара алады;
6) мәдени мұра қызметі - дін мәдениеттің бір бөлігі ретінде жинақталған мұраны ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырады.
14-тақырып. Қала және ауыл әлеуметтануы
1. Әлеуметтік және территориялық бірлестіктер.
2. Қалалық және ауылдық өмір салттары.
Ежелгі дәуір ойшылы Страбон былай деген екен: «Өркениет болу үшін бір қала да жеткілікті». Осы тұрғысынан қарасақ, қаланың дамуы, ол мәдениеттің дамуы, өркениеттің дамуы. Тұрғындық орталықтар дами келе қалаға, одан ірі мегаполистерге айналады. Сөйтіп қоғам экономикалық және саяси жағынан күрделене түседі.
Ауыл ол тарихи құбылыс. Онда халықтың негізі, рухани болмысы, ділі қалыптасады. Қазіргі кездегі ауылға байланысты қиындықтар, көбіне ауылды ғылыми тұрғыдан зерттемегеннен болып отыр. Сондықтан ауылға қатысты реформалар діттеген жеріне жетіп жатқан жоқ.
Қазіргі техника мен технологияның дамыған заманында ауыл мен қаланың бұған қатысты айырмашылығы болмауы тиіс. Тек айырмашылық көлемі мен негізгі атқаратын міндетіне қатысты ғана болуы тиіс.
Қазіргі қоғамда мекен-жайлардың жоғарыда айтқан негізгі екі түрінен (қала мен ауыл-селодан) басқа түрлері де пайда болды. Атап айтқанда, қала мен ауыл-селодан басқа тағы да қала типтес селолар (поселкалар), қала маңындағы ауыл-селолар дегендер пайда болды. Кейде ондай ауыл-селоларды қаладан айыруқиынға, өйткені олардағы әлеуметтік тұрмыс жағдайлары өте ұқсас болып келеді. Дегенмен олардың арасында адамдардың тұрмыстық қажеттеріне және объективтік саясат-мүдделеріне байланысты елеулі айырмашылақтар бар екенін көреміз.
Олардың арасындағы айырмашылықтар ең алдымен әлеуметтік-экономикалық факторларға байланысты. О баста қаланың ауыл-селодан бөлінуінің өзі өндірістік іс-әрекетке байланысты болды. Ауыл шаруашылығына қарағанда өнеркәсіптік еңбектің табиғатпен байланысы өзгеше. Ауыл-селода мекенжай үшін табиғат жағдайларының әсері басым болса, ал өнеркәсіптік еңбек үшін табиғат тікелей еңбек объектісі болмайды. Өнеркәсіптік еңбек базары бар жерде ғана іске аса алады. Қала адамзат дамуының табиғаттан тәуелділігін жеңудің формасы, қоғам жасаған «элемент» болып табылады.
Қаланың салынуы меншік формасының эволюциясына байланысты; қызметкердің өндіріс құрал-жабдықтарымен байланысының сапа жағынан жаңа формалары пайда болады, яғни «жұмыс істеуші меншік иесі – қолөнерші дүниеге келеді. Сөйтіп меншіктің түрлі формасы өндірістің өзінің же және соған сәйкес адам мекенжайларының да дамуының міндетті де маңызды фактор болып табылады.
Қаланың ауыл-селодан бөліну процесі сондай-ақ еңбектің материалдық және рухани түрлеріне (ақыл-ой және дене еңбектеріне) бөлінуімен де байланысты болды. Демек, қала негізінен таптық қоғамның шығуымен байланысты пайда болды деуге болады: ертедегі дүниеде қала сауда мен қолөнердің орталығы болса, орта ғасырлар тұсында қалалар әрі қарай дами түсті – европалық қалаларда өндіріс дамып, түрлі елдер арасындағы сауда қатынастарының орталығына айналды. Жаңа Дәуірде (ХІХ ғ. дейін) қалалар сауда орталығы болумен қатар өкімет билігінің символы ретінде пайда болып дамыды, озат қоғамдық идеялардың орталығына айналды. ХІХ ғ.аяғы мен ХХ ғ.басында өнеркәсіп пен қатынас жолдарының дамуы қалалар мен қала тұрғындарының санының күрт өсуіне себепші болды. ХХ ғасырда қалалар бүкіл қоғамның еңбек ұжымдары мен мекемелердің, жалпы тұрғын халықтың мүдделерінің түйдектеле ұштасқан әлеуметтік-территориялық мекенжайына айналды. Сондықтан ХХ ғасырда қалалық мекенжайлардың жаппай пайда болу ғасыры деп атауға да болады. Қалалардың дамуының тағы бір маңызды факторы ғылым мен мәдениеттің, транспорттың, тұрмыстық қажеттіліктердің, т.б. өріс алуы болып табылады.
Қала мен ауыл-селоның баршыға бірдей ұғымы жоқ. Мәселен, географтар қаланы көшелері, үлкен биік үйлері т.б. бар, қолдан салынған үлкен мекенжай ден анықталса, тарихшылар қаланы мәдениеттің (өркениет) орталығы деп түсінеді, ал саясатшылар қала саяси басшылақ ортылығы деп анықтайды, экономистер қала экономикалық қарым-қатынастың делдалы дейді, т.с.с.
Қала мен селоның анықтамасының алуын түрлілігіне байланысты олардың бір-бірінен айырмашылығы бірнеше белгілері бойынша анықтауға әрекет жасалды. Ол белгілер – лингвистикалық (тілдік), статистикалық, тарихи, құқықтық, архитектоникалық (құрылыстық) т.б. белгілері.
Бұл ұғымдардың сондай-ақ социологиялық та айырмашылықтары бар. Бұлардың айырмашылығы анықтағанда қала мен ауыл-село күрделі әлеуметтік құрылым екенін естен шығармау қажет. Атап айтқанда, қала мен ауыл-село мекенжай ретінде адамды қоғам өміріне үйрету, адамды әлеуметтендіру ортасы болып табылады, өйткені адам белгілі бір әлеуметтік сапаларда сол жерде қалыптастырады, мекенжайдың кез келген типі – адам тіршілігінің тікелей жүзеге асу ортасы. Осы тұрғыдан алғанда, мекенжайдың әлеуметтік функциясы (қызметі) қоғамның біртұтас әлеуметтік жүйенің көрінісі болып табылады.
Сонымен, қала не ауыл-село адамның өмір тіршілгі іске асатын тікелей орта ретінде, кең мағынада алғанда, жеке адамның, тұрғын халықтың әлеуметтік даму процесін жүзеге асырушы мекенжайлар болып табылады. Жеке кәсіпорынға қарағанда, мекенжайлар болып табылады. Жеке кәсіпорынға қарағанда мекенжай адам өмірінің барлық салаларын – қоғамдық, мәдени өмір салаларын, оқу-білімді, тұрмысты, т.б. іске асыратын тіршілік ортасы болып табылады.
15-ақырып. Жастар әлеуметтануы
1.Жастар әлеуметтік бірлестік ретінде.
2.Қазіргі жастардың құндылықтары.
Жастар әлеуметтануы – жастар әлеуметтік топтарының әлеуметтік сана сезімі мен мінез – құлқын, жастар әлеуметтануы үрдісін, аға ұрпақтармен қарым – қатынастарын, қоғамдық түйінді мәселелерді шешу ролі мен орнын зерттейтін ғылыми сала. Жастар социологиясы жеке ғылыми сала ретінде 1970жылы Варна қаласында өткен Халықаралық әлеуметтанушылық конгресте мойындалды. Бұл осы салада теориялық та, қолданбалы-тәжірибелік те мазмұндағы ақпараттар көп жиналғанын көрсетті. Жастар әлеуметтік мәселелері әлемдік әлеуметтану ғылымының ең белсенді зерттеліп жатырған бағыттарының негізгісі болып табылады. Бұған 1960 жылы кейін бірқатар елдерде орын алған бұқаралық жастар шерулері үлкен әсер еттік. Социологиялық ғылыми зерттеу бағыттары жастар қозғалыстары, жастар субмәдениеті, жастардың еңбек және қоғамдық белсенділігі, жастардың тәуелсіз еңбек жолына түсуі, құндылықтық танымдардағы өзгерістер, жастардың бейрәсми бірлестіктері, жастар әлеуметтік – психологиялық ерекшеліктері және т.б. көптеген мәселелерді қамтиды.Жастардың негізгі мәселелерін зерттеумен Л.Розенмайер, К.Штарке, Э.Гидденс сияқты белгілі социологтар айналысты. Жастар әлеуметтануы көптеген арнайы социологиялық теориялармен тығыз байланыста дамиды. Көптеген әлеуметтік мәселелер жастар социологиясының дамуына үлкен әсер етті. Әлеуметтік ғылымда жастар өзекті мәселелері бүкіл қоғамның негізгі құрылымдық өзгерістерімен байланыстағы ерекше әлеуметтік топ ретінде зерттеледі. Қазақстандық жастар мәселелері бүкіл әлемде жүріп жатырған ғаламдастыру, урбанизация, ұлттардың қартайуы, дүниеге бала әкелудің кемуі мәселелерімен байланысты.
Қоғамның әлеуметтік құрылымы мен жіктелуін оқып-білудің маңызы өте зор. Себебі, қоғам өзінің қандай әлеуметтік топтардан, ал олар қандай жай-күй, жағдайда тұратындығын білуі керек. Олардың іс-әрекеті барлық қоғам институттарының қызмет ету сапасын, қоғам дамуының бағытын анықтайды. Қоғамның тұрпаты, саяси және мемлекеттік құрылымы оның қандай әлеуметтік топтардан тұратындығына, олардың қайсысы жетекшілік, қайсысы тәуелді жағдайда екендігіне байланысты. Адам саяси процесте белгілі бір әлеуметтік топтың өкілі немесе мүшесі ретінде қатысады. Олар жалпы қоғамдық өмірдің, оның ішінде саяси процестің басты субъектісі болып табылады. Сондықтан қандай да болмасын саяси іс-қимылдың сыртында біреулердің топтық мүддесі тұрады. Олардың барлығы саяси үрдіске не белсенді, не енжар араласуы мүмкін. Әрине, мұның бәрі сол топтардың, қауымның мүдделеріне, талаптарына және мұқтаждықтарына байланысты. Осы мәселеге байланысты қоғамның негізгі тобы болып саналатын жастарға тоқталып көрелік.
ҚР жастар саясаты туралы (заңдық негізі туралы) негізгі түсініктер.
Жастар дегеніміз – ҚР он төрт жастан жиырма тоғыз жас аралығындағы азаматтары. Жастар саясатының міндеті: жастардың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау; жастарға әлеуметтік қызмет және көмек көрсету; жастардың әлеуметтік маңызы бар ұсыныстарын жүзеге асыру.
Жастар саясатының негізгі принциптері: ерекше әлеуметтік-демографиялық топ ретінде жастардың мүдделері мен қажеттіліктерін мойындау; денсаулығын қорғау және шынықтыру принципі; адамгершілік және рухани даму принципі; қазақстандық патриотизмді қалыптастыру принципі; азаматтықтың қалыптасу принципі; жастардың құқығы мен бостандығын жүзеге асыру принципі; жастардың мәселелерін шешудегі жүйелілік принципі; мемлекеттік жастар саясатын қалыптастырып, жүзеге асырудағы жастардың өзінің тікелей қатысуы принципі; ҚР тарихи және мәдени құндылықтардың басымдылық принципі. Жас азамат ертерек саяси өмірдің қыр-сырын түсіне бастаса және оның адамгершілік принциптеріне сүйенген негізі болса, онда қоғамда жастар арасында белсенді, өркениетті саяси мәдениет жылдамырақ қалыптасары сөзсіз. Демек, мамандығына байланыссыз кез келген жас азаматтың қоғамның қажетіне сай дүниетанымының дұрыс қалыптасуына назар аударуымыз қажет.
Қазіргі уақытта 150-дан астам жастар бірлестігі жұмыс істейді. Олардың іскерлік бағыттарын экологиялық, ақпараттық, құқық қорғау, салауатты өмір салтын насихаттау, мәдени-ағарту деп бөлуге болады. Одан басқа кәсіби мүдделердің, саяси көзқарастардың, жастардың бос уақытын өткізуді ұйымдастыруға маманданған мәдени құндылықтардың ортақтығы жөніндегі бірлестіктерді атауға болады.
Етек жеңін қымтап болған Қазақ елі де болашақ ұрпақтың қамын жеуге кірісті. Өйткені қай елде болмасын қоғамның негізгі қозғаушы күші – жастар. Қазір мемлекетіміз, жастар саясатының өрістенуіне қолдау көрсетіп, жол ашуда.
Ресейдің «Әлеуметтанулық зерттеулер» журналының редакторы А.Г. Харчевтің айтқанындай, жастар үнемі ізденіс үстіндегі даукес халық. Сондықтан да олардың пікірін түрлі зерттеулер арқылы біліп отыру керек. Өйткені олар болашақ қоғам иелері. Олардың саяси санасының дұрыс дамуы ел болашағының негізі.
Белгілі бір топтың саяси бағдарына талдау жасау үшін, оларды біріктіріп тұрған ортақ мақсаттар мен өзіндік сана-сезімдерін естен шығармауымыз қажет. Студенттердің саяси мәдениеттілігінің ерекшеліктерін анықтау үшін мынадай үш факторды ескерген жөн:
Әлеуметтік-экономикалық фактор;
Тарихи фактор (яғни саяси саладағы тарихи тәжірибелер);
Геосаяси фактор.
Қазіргі кездегі жастарға әлеуметтанулық зерттеулерді қорыта келіп мынадай сипаттама беруге болады: өмірлік бағдарда, өмір өткелдерінде дербес әрекет жасауға, өзінше талдау жасап, оған өзіндік сын көзімен қарауға дағдыланған, ұйымшыл, біртұтас нәтижелілікті, белсенділікті бағалайтын топ. Өткен жүзжылдықта үшінші Еуразиялық революция тыныш та,қантөгіссіз болып,өзімен бірге байырғы тәрбие жүйесін де жойып тынды. Мұның зардабы ең алдымен тұлға қалыптастыруда жетекші маңызға ие болған қоғамдық және отбасы тәрбиесін күйзеліске түсірді. Қоғамдық (әлеуметтік) тәрбие -"адам-адами" қатынастары желісінде жүргізілген тәрбие, яғни тікелей адамаралық байланыстар мен осы мақсатқа арнайы ұйымдастырылған қоғамдық мекемелер (қайырымдылық қорлары, ұйымдарды, қорлар, бірлестіктер т.б) тарапынан болатын істер.
Қоғамдық тәрбие проблемаларын арнайы педагогика саласы зерттейді. Оның пәні-тұлға қалыптастырудағы ықпал жасайтын қоршаған орта заңдылықтары. Дәлірек айтсақ, отбасы, ресми ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, діни руханият мекемелерінің қоғам мүшелеріне жасайтын әсерлері сарапталады. Әлеуметтік педагогика шұғылданатын және бір өмір саласы - бұл ересектер мен кәрілер тәрбиесі, нарықтық экономика қыспағынан өзгеріске келген адамаралық қатынастар, аяусыз бәсекелестіктер жағдайына жеке тұлғаларды икемдестіру. Сонымен бірге бұл педагогика саласын қызықтыратын мәселелер - қызмет бабында көтерілу, әйел - қыздар тәрбиесі, кәсіптен қанағат табу, балалар тәрбиесі, жұмыстан бос уақытты пайдалы ұйымдастыру. Адамдарды рухани кемелдерге орай діни мекемелермен белсенді байланыс жасау проблемалары да осы әлеуметтік педагогиканың айналысатын шұғыл міндеттерден тұрады.