Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
УМК ЮР лица пос вар..doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
952.83 Кб
Скачать

Тақырып 4 Заңды тұлғалардың түрлері.Коммерциялық және коммерциялық емес заңды тұлғалар.

Дәрістің мақсаты: ҚР АК нормаларына сәйкес заңды тұлғалардың түрлерін анықтап көрсету.

Жоспары:

1 Заңды тұлғалардың түрлері.

2 Коммерциялық заңды тұлғалар.

3 Коммерциялық емес заңды тұлғалар.

1 Заңды тұлғалардың түрлері. АК нормаларына сәйкес заңды тұлғалардың түрлері мынадай негіздер бойынша жіктеледі:

- заңды тұлғаларға немесе олардың мүлкіне қатысты құрылтайшылардың (қатысушылардың) құқықтары;

- заңды тұлғалар қызметінің мақсаттары;

- заңды тұлғаның мүлкі негізделетін меншік нысаны.

Заңды тұлғаның оқшау мүлкіне қатысты оның құрылтайшылары міңдеттемелік немесе заттық құқықтарын сақтауы мүмкін.

ҚР АК-ның 36-бабына сәйкес, қатысушылар оларға қатысты міндеттемелік құқықтарын сақтайтын заңды тұлғаларға акционерлік қоғамдар, шаруашылық серіктестіктер және кооперативтер жатады.

Өздерінің құрылтайшылары олардың мүлкіне меншік құқығын немесе өзге де заттық құқығын сақтайтын заңды тұлғаларға шаруашылық жүргізу құқығына негізделген мемлекеттік кәсіпорындар және оралымды басқару құқығыңдағы мүлкі бар қазыналық кәсіпорындар, оның ішінде еншілес кәсіпорындар, сондай-ақ құрылтайшы қаржыландыратын мекемелер және мемлекеттік мекемелер жатады.

Қоғамдық ұйымдар, діни ұйымдар, қайырымдылық және өзге де қорлар олардың құрылтайшы-қатысушыларының ешқандай мүліктік құқықтары болмайтын заңды тұлғаларға жатады.

2 Коммерциялық заңды тұлғалар.Қызмет ету мақсаттарына қарай заңды тұлғаларды жіктеу АК-ның 34-бабының негізінде коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдар бойынша жүргізіледі.

Өз қызметінің негізгі мақсаты табыс келтіруді көздейтін заңды тұлға коммерциялык ұйымға жатады. Мұндай мақсатты көздемейтін және алынған таза табысын қатысушыларына үлестірмейтін ұйым коммерциялық емес ұйым деп есептеледі.

Коммерциялық ұйымдар акционерлік қоғам, шаруашылық серіктестік, өңдірістік кооператив, мемлекеттік кәсіпорын нысанында құрылуы мүмкін.

Мекемелер, мемлекеттік мекемелер, қоғамдық қорлар, қоғамдық бірлестіктер, діни бірлестіктер, тұтынушылар кооперативтері, қауымдастықтар (одақтар) нысанындағы заңды тұлғалардың бірлестіктері заңды тұлғалардың коммерциялық емес түрлеріне жатады.

Толық серіктестіктің мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда қатысушылары серіктестіктің міндеттемелері бойынша өзіне тиесілі барлық мүлкімен ортақ жауапкершілікте болатын серіктестік толық серіктестік деп танылады (АК-ның 63-бабының 1-тармағы).

Серіктестіктің міндеттемелері бойынша өзінің бүкіл мүлкімен (толық серіктерімен) қосымша жауап беретін бір немесе одан да көп қатысушылармен қатар, серіктестіктің (салымшылардың) мүлкіне өздері салған салымдардың жиынтығымен шектелетін бір немесе одан көп қатысушыларды да енгізетін және серіктестіктің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға қатыспайтын серіктестік сенім серіктестігі деп танылады (АК-ның 72-бабының 1-тармағы).

Жауапкершiлiгі шектеулі серіктестік шаруашылық серіктестіктердің ең көп таралған нысаны болып табылады. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік бірлескен кәсіпорындардың бірі болып саналады. Корпорация дегеніміз - бұл оның құрушылары осымен бір мезгілде бірлесе және заңдық тең негізде әрекет ететін қатысушылар болып табылатын өзін-өзі ұйымдастырған заңды тұлға. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қызметін АК және ЖШС туралы Заң реттейді [5].

Бір немесе бірнеше адам құрған, жарғылық капиталы құрылтай құжаттарымен белгіленген мөлшерде үлеске бөлінген серіктестік жауапкершілігі шектеулі серіктестік (бұдан былай - ЖШС) деп танылады; жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылар оның міндеттемелері бойынша жауап бермейді және серіктестіктің қызметіне байланысты залалдарға өздерінің қосқан салымдарының құны шегінде тәуекел етеді.

Қатысушылары серіктестіктің міндеттемелері бойынша өздерінің жарғылық капиталға салымдарымен жауап беретін, ал бұл сомалар жеткіліксіз болған жағдайда, өздеріне тиесілі мүлікпен оған өздері еселенген мөлшерде енгізген салымдар арқылы жауап беретін серіктестік қосымша жауапкершілігі бар серіктестік деп танылады (АК-ның 84-бабының 1-тармағы) [5].

Қазақстан Республикасының акционерлік заңдары АК-ның ережелерінен және 2003 ж. 16 мамырда қолданысқа енгізілген «Акционерлік қоғамдар туралы» ҚР Заңынан тұрады [6]. Акционерлік қоғамдар туралы заңды қабылдау кезек күттірмейтін қажеттілік болды. АК-ның 85-бабының 1,2-тармақшаларына сәйкес, «өзінің қызметін жүзеге асыру үшін қаражат тарту мақсатында акциялар шығаратын заңды тұлға акционерлік қоғам болып танылады».

Өндірістік кооператив дегеніміз - бұл бұрынғы кезде де, қазіргі уақытта да кеңінен қолданылатын, адамдардың ұжымдық еңбегін ұйымдастырудың ескі түрлерінің бірі. Азаматтардың бірлескен кәсіпкерлік қызмет үшін мүшелік негізде, олардың өз еңбегімен қатысуына және өндірістік кооператив мүшелерінің мүліктік жарналарын біріктіруіне негізделген ерікті бірлестігі өндірістік кооператив деп танылады (АК-ның 96-бабының 1-тармағы) [7].

Заңдарда «кәсіпорын» термині екі мағынада қолданынады. Алғашқысында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін пайдаланылатын мүліктік кешенді (зауыт, фабрика, шахта және т.с.с.) кәсіпорын деп түсінеді. Бұл мағынада алғанда, мысалы, кооперативтік, жеке, отбасылық кәсіпорын және т.с.с. туралы айтуға болады. Демек, мүліктік кешен ретінде қарастырылатын кәсіпорын жеке меншікке де, мемлекеттік меншікке де жатуы мүмкін. Екінші мағынада «кәсіпорын» термині заңды тұлғаның ұйымдық-құқықтық нысандарының бірін білдiреді және бұл мағынада тек мемлекеттік кәсіпорын болуы мүмкін (АК-ның 34-бабы).

Заңды тұлға ретінде мемлекеттік кәсіпорын өзіне тиесілі мүліктің меншік иесі болып есептелмейді - оның меншік иесі мемлекеттің өзі - және осы кәсіпорындар иеленіп отырған мүлікке заттық құқыққа қарай өз қызметін жүзеге асырады, олар АК-ның 102-бабының 1-тармағына сәйкес: 1) шаруашылық жүргізу құқығына негізделген; 2) оралымды басқару құқығына негізделген мемлекеттік кәсiпорындарға бөлінеді. Мұның кейінгісі «қазыналық кәсіпорын» (яғни қазынаға, фискіге (мемлекетке) тиесілі кәсіпорындар) деген арнайы терминмен аталады.

Мемлекеттік меншіктің түріне қарай кәсіпорындар:

а) республика меншігіндегі кәсіпорындар - республикалық мемлекеттік кәсіпорындар; б) коммуналдық меншіктегі кәсіпорындар - коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар болып бөлінеді [8].

Басқа мемлекеттік кәсіпорын құрған кәсіпорын еншілес мемлекеттік кәсіпорын ретінде қарастырылады.

Мүліктiк кешен ретінде мемлекеттік кәсіпорын жылжымайтын мүлік деп танылады.

3 Коммерциялық емес заңды тұлғалар.Өз қызметінің негізгі мақсаты кіріс түсіруді көздемейтін және алынған таза кірісті қатысушылар арасында бөлмейтін ұйым коммерциялық емес ұйым болып табылады. Коммерциялық емес ұйымдардың қызметін АК, «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» ҚР Заңы [9], коммерциялық емес ұйымдардың жекелеген түрлері туралы заңдар және заңға тәуелді нормативтік актілер реттеп отырады.

Коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлға мекеме, қоғамдық бірлестік, акционерлік қоғам, тұтыну кооперативі, қоғамдық қор, діни бірлестік нысанында құрылуы мүмкін (АК-ның 34-бабының 3-тармағы). Коммерциялық ұйымдардың тізбесіне қарағанда, бұл тізбені толық деуге болмайды. Заң актілерінде коммерциялық емес ұйымдардың өзгеше нысаны белгіленуі мүмкін. Коммерциялық емес ұйымдар туралы заңның 17-бабының 2-тармағына сәйкес нотариалдық; палаталар, адвокаттар алқалары, сауда-өнеркәсіп палаталары, аудиторлар палаталары, меншік пәтер иелері кооперативтері және басқа да коммерциялық емес ұйымдар өзге де ұйымдық-құқықтық нысанда құрыла алады.

Коммерциялық емес ұйымдар әлеуметтік, мәдени, ғылыми, білім беру, қайырымдылық, басқару мақсаттарына қол жеткізу; азаматтардың және ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау; даулар мен жанжалдарды шешу; азаматтардың рухани және өзге қажеттіліктерін қанағаттандыру; азаматтардың денсаулығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау, денешынықтыру мен спортты дамыту; заң көмегін көрсету үшін, сондай-ақ қоғамдық игіліктерді және өз мүшелерінің (қатысушылардың) игіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған басқа да мақсаттарда құрылуы мүмкін [6].

Бақылау сұрақтары:

1 АК нормаларына сәйкес заңды тұлғалардың түрлері қандай негіздер бойынша жіктеледі

2 «Кәсіпорын» терминінің мағынасы

3 Коммерциялық және коммерциялық емес заңды тұлғалар айырмашылығы

Ұсынылатын әдебиеттер:

1.Жайлин Ғ.А. Қазақстан Республикасының Азаматтық құқығы. Оқулық. Ерекше бөлім I – том. Алматы 2005 жыл.

2. Сулейменов М.К. Басин Ю.Г. Гражданское право ( академический курс). Алматы. Баспа 2002ж.

3. Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі / Ерекше бөлім/.- Алматы: ЮРИСТ,2010.- Б.151- 164.

Тақырып 5 Шаруашылық серіктестік ерекшеліктері.

Дәрістің мақсаты: студенттерге шаруашылық серіктестіктің түрлерін айырмашылықтарын көрсету

Жоспары:

1 Шаруашылық серіктестік туралы жалпы ережелер.

2 Шаруашылық серіктестіктің мүлкі

3 Жарғылық капиталға салым салу. Қатысушының үлесі.

4 Шаруашылық серіктестікке қатысушылардың құқықтары мен міндеттері.

5 Серіктестіктерді қайта құру және тарату. Толық серіктестік. Сенім (коммандиттік) серіктестігі. Жауапкершiлiгі шектеулі серіктестік. Қосымша жауапкершілігі бар серіктестік

1. Шаруашылық серіктестік туралы жалпы ережелер. Жарғылық капиталы құрылтайшылардың (қатысушылардың) үлесіне (салымдарына) бөлінген коммерциялық ұйым шаруашылық серіктестік деп танылады (АК-ның 58-бабының 1-тармағы). Қазақстан Республикасының заңдары 1998 ж. 10 шілдеге дейін шаруашылық серіктестіктердің мынадай 5 түрін көрсетті: толық серіктестік, сенім серіктестігі, жауапкершілігі шектеулі серіктестік, қосымша жауапкершілігі бар серіктестік және акционерлік қоғам. Олардың ішінен біздің республикамызда жән әлемде барынша кең таралғандары -жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен акционерлік қоғамдар. Дүние жүзінің көптеген елдерінің (мысалы, Ресей Федерациясында, АҚШ-та, Англияда) заңдарында акционерлік қоғамдар шаруашылық серіктестіктің түрлері болып есептелмейді. Сонымен қатар, Ресей Федерациясында жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктерді серіктестіктерге емес, қоғамдарға жатқызады. Коммерциялық ұйымдарды тұлғалардың (серіктестіктердің) бірлестіктеріне және капиталдардың (қоғамдардың) бірлестіктеріне бөлу бастапқы бөлу болып табылады. Мұның бірінші санатында тұлғалық жағдай айтарлықтай маңызды болады. Сондықтан жаңа серіктерді қабылдау жалпы жиналыстың келісім беруін талап етеді. Екінші санатта тұлғалық жағдайдың айтарлықтай маңызы болмайды. Сондықтан қатысушылар құрамының өзгеруін еш нәрсе шектемейді және капитал айтарлықтай еркін ауысатын болады.

«Акционерлік қоғамдардың мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 1998 ж. 10 шілдедегі заңы акционерлік қоғамдарды серіктестіктердің қатарынан шығарып, оларға коммерциялық ұйымның дербес түрі рөлін берді. Тиісінше, АК-ның 2-тарауының 2-параграфының «Шаруашылық серіктестік» деп аталатын II бөлігінің, «Жалпы ережелеріндегі» 1-бөлім тармақшасы осы уақыттан бастап акционерлік қоғамдарға таралмайды. Осыған қарамастан, шаруашылық серіктестіктер мен акционерлік қоғамдардың құқықтық жаратылысында айырмашылықтардан гөрі ортақ нәрселер әлдеқайда көп болады. Шаруашылық серіктестіктер туралы заңдардың жалпы бөліміндегі нормалардың негізгі бөлігі акционерлік қоғамның құқықтық режиміне барынша сай келеді. Сондықтан акционерлік қоғамды «Шаруашылық серіктестік» ұғымының ауқымынан шығару қисынсыз және шетелдік заңдарды көшірудің жеткіліксіз дәлелі болады. Ағылшын-американ жүйесі елдеріндегі компаниялардың (акционерлік қоғамдардың) құқықтары заңды тұлғаның мәртебесін алуы арқылы серіктестіктерден өзгешеленіп тұрады. Сондықтан оларда акционерлік қоғамды серіктестіктерден ажыратудың Қазақстанда кездеспейтін маңызды негізі бар.

2 Шаруашылық серіктестіктің мүлкі оның дербес балансында көрсетіледі. Баланста көрсетілген заттар шаруашылық серіктестікке меншік құқығында тиесілі болады. Олардың құқықтық режимі АК-ның 2-бөлігінде баянды етілген. Баланста көрсетілген қалған активтер муліктік құқықтар болғандықтан, серіктестікке меншік құқығында тиесілі болмаса да, шаруашылық серіктестік мүлкінің құрамына кіреді. Меншік иелері мен олардың мүлкін айқын жіктеу заңгерлердің маңызды міндеті болып саналады. Даулы жағдайларда мүліктің меншік иесін анықтау қажет болады. Әрбір меншік иесі өз мүлкінің кездейсоқ жойылып кету қаупін сезеді және тек өз борыштары бойынша және тек өз мүлкімен жауап береді. Іс жүзінде, өкінішке қарай, бұл қағида кейде бұзылып жатады. Мысалы, мемлекет кейде өзі қатысатын коммерциялық ұйымдарды әлде бір іс-әрекеттер жасауға міндеттейтін шешімдер қабылдайды.

Шаруашылық серіктестікті азаматтық құқықтың дербес субъектілері құрады. Заң шығарушылар оларды бір жағдайларда құрылтайшылар деп, келесі жағдайларда - қатысушылар деп атайды. «Құрылтайшы» және «қатысушы» ұғымдары жақын болғанымен, бірдей ұғымдар емес; олар едәуір дәрежеде біріне-бірі таңылады. Ұлес алуға құқығы бар адам қатысушы болып саналады. Тіркеуден өткен соң барлық құрылтайшылар қатысушылар болады. Серіктестік тіркеуден өткен соң одан үлес алу құрылтайшы деп танылуға құқық бермейтіндіктен, қатысушылардың барлығы бірдей құрылтайшы бола алмайды. Заң шығарушылар осы қатысушының шаруашылық серіктестікті құрғанын атап көрсеткісі келгенде, «құрылтайшы» терминін пайдаланады.

Серіктестіктің жарғылық капиталының барлық үлесін бір адам сатып алатын жағдайда жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестікті бір адам құруы мүмкін немесе олар бір адамнан тұры мүмкін (ЖШС туралы заңның 1-бабының 3-тармағы, 2-бабының 1-тармағының 1-бөлігі; Шаруашылық серіктестіктер туралы жарлықтың 3-бабының 5-тармағы). Алайда бұл жағдайда да мүліктің меншік иесі, бір ғана қатысушы емес, серіктестіктің өзі болуға тиіс. Толық және сенім серіктестіктерінде қатысушылардың саны екеуден кем болмауы тиіс (АК-ның 71-бабының 1-тармағы, 72-бабының 1 және 4-тармақтары, 76-бабының 1-тармағы; Шаруашылық серіктестіктер туралы жарлықтың 3-бабының 3-тармағы, 36-бабы).

Жалпы ереже бойынша жеке тұлға, заңды тұлға және мемлекет шаруашылық серіктестіктің қатысушысы бола алады. Мұнда заң бойынша кейбір шектеулер қойылған. Азаматтар ғана толық серіктестіктердің қатысушылары және сенім серіктестігінің толық серіктері бола алады (АК-ның 58-бабының 3-тармағы). Бұл шаруашылық серіктестіктерінің осы түрлерінің ерекшелігі болып табылатын олардың толық жауапкершілігі қажеттігіне байланысты. Шаруашылық серіктестік заң құжаттарында көзделген жағдайлардан басқа реттерде, өзге шаруашылық серіктестіктердің құрылтайшысы бола алады. Мысалы, ЖШС туралы заңның 10-бабының 1-тармағы «жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің бір ғана қатысушы ретінде бір адамнан тұратын басқа шаруашылық серіктестігі бола алмайды» деп белгіледі.

Шаруашылық серіктестіктің құрылтай құжаттары - құрылтай шарты және жарғы. Егер серіктестікті бір адам құратын болса, онда құрылтай шарты жасалмайды да, мұндай серіктестік жарғының және заңды тұлғаны құру жөніндегі жазбаша түрде рәсімделген шешімнің негізінде әрекет етеді (АК-ның 41-бабының 1-тармағының 1-бөлігі). Акционерлерінің саны жүз және одан да асатын акционерлік қоғамды шаруашылық серіктестікке айналдыратын жағдайда да құрылтай шарты жасалмайды. Акционерлік қоғамнан өсіп шыққан серіктестіктің жарғылық капиталындағы үлесіне құқығын дәлелдейтін құжат шаруашылық серіктестік қатысушыларының тізілімінен алынған көшірме болып табылады (АК-ның 58-бабының 9-тармағы).

Шаруашылық серіктестіктің құрылтай құжаттарын нотариат куәландыруға тиіс (АК-ның 58-бабының 4 және 5-тармақтары). Заңды тұлғаларға арналған, АК-ның 41-бабының 4,4-1 және 5-тармақтарында аталған жалпы мәліметтерден басқа, шаруашылық серіктестіктің құрылтай құжаттарында әрбір қатысушы үлесінің мөлшері туралы; олардың серіктестіктің жарғылық капиталына салатын салымдарының мөлшері, құрамы, мерзімі және тәртібі туралы; серіктестіктің жарғылық капиталына салымдар салу жөніндегі міндеттемелерін бұзғаны үшін қатысушылардың жауапкершілігі туралы, соңдай-ақ заң құжаттарында көзделген өзге де мәліметтер болуы тиіс (АК-ның 58-бабының 6-тармағы).

Заңды тұлғаның құрылтай шарты мен жарғысы арасында қайшылықтар туатын жағдайда:

- егер олар құрылтайшылардың ішкі қатынастарына қатысты болса, құрылтай шартының;

- егер олардың қолданылуы заңы тұлғаның үшінші тұлғалармен қатынастарына маңызы болса, жарғының ережелері қолданылуы тиіс (АК-ның 41-бабының 6-тармағы).

3 Жарғылық капиталға салым салу. Қатысушының үлесі. Шаруашылық серіктестіктің бастапқы мүлкі құрылтайшылардың салымдарынан құралатын жарғылық капиталдан тұрады. Ақша, бағалы қағаздар, заттар, интеллектуалдық қызметтің нәтижелеріне құқықты қоса алғанда, мүліктік құқықтар және өзге де мүлік жарғылық капиталға салатын салым бола алады. Құрылтайшылардың (қатысушылардың) жарғылық капиталға заттай немесе мүліктік құқықтар түріне салатын салымдары барлық құрылтайшылардың келісімі бойынша немесе серіктестіктің барлық қатысушыларының жалпы жиналысының шешімімен ақшамен бағаланады. Егер мұндай салымның құны 20 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне тең сомадан асатын болса, оның бағасын тәуелсіз сарапшы растауға тиіс. Шаруашылық серіктестікті қайта тіркеуде оның катысушысының ақшалай салымын серіктестіктің бухгалтерлік құжаттары не аудиторлық қорытынды растай алады. Жалпы ереже бойынша, заңды тұлға өз міндеттемелері бойынша өзі жауап береді. Алайда шаруашылық серіктестіктер үшін бұл ережеден ерекшеліктер бар. Мысалы, серіктестіктің құрылтайшылары (қатысушылары) осындай баға берілген кезден бастап бес жыл бойы серіктестіктің несие берушілері алдында салым бағасы арттырылған сома шегінде бірлесіп жауап береді (АК-ның 59-бабының 1-тармағының 1-4-бөліктері).

Салым ретінде мүліктік құқық, мысалы, мүлікті пайдалану құқығы берілуі мүмкін. Мұндай салымның көлемі құрылтай құжаттарында көрсетілген бүкіл мерзім үшін есептелген осындай мүлікті пайдаланғаны үшін төленетін ақымен анықталады. Салымдарды мүліктік емес өзіндік құқық және өзге де материалдық емес игілік түрінде, сондай-ақ қатысушылардың серіктестікке қойған талаптарын есептеу жолымен енгізуге жол берілмейді (АК-ның 59-бабы). Соңғы ереже айтарлықтай пікірталас туғызады және мамандар арасында оның жақтастары да, қарсыластары да жеткілікті.

Жарғылық капиталға салым салудың тәртібі мен мерзімі, сондай-ақ жарғылық капиталды құру жөніңдегі міндеттемелерді орындамағаны үшін жауапкершілік заң құжаттарында және (немесе) құрылтай құжаттарында белгіленеді (АК-ның 59-бабының 3-тармағы).

Егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, жарғылық капиталдағы барлық қатысушылардын үлестері және тиісінше олардың шаруашылық серіктестігі мүлкінің құнындағы үлестері (мүліктегі үлес) жарғылық капиталдағы салымдарына барабар болады. Алайда құрылтайшылар құрылтай құжаттарында өзгеше мақсатты көздеуі мүмкін. Шаруашылық серіктестікке қатысушы серіктестік мүлкіндегі өз үлесін, егер заң құжаттарында немесе құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, салып қоюға және сатуға құқылы (АК-ның 59-бабының 2-тармағы).

Жарғылык капиталды өзгерту - іскерлік тәжірибеде жиі кездесетін әдеттегі іс және ол әрбір серіктестікте дерлік байқалады. Жарғылық капиталды арттыру коммерциялық ұйымның қызметіндегі игі сәт болып табылады, несие берушілердің мүдделеріне нұқсан келтірмейді. Сондықтан оның құқықтық реттелуі айтарлықтай шартты реттеуші сипатта болады. Ал жарғылық капиталды азайту қажетсіз шара болып саналады, ол ең алдымен серіктестіктің несие берушілерінің мүдделеріне жағымсыз әсер етеді. Соңдықтан шаруашылық серікестігінің жарғылық капиталын азайтуға оның барлық несие берушілеріне хабарлағаннан кейін жол беріледі. Олар бұл жағдайда серіктестіктің мерзімінен бұрын тоқтатылуын немесе тиісті міндеттемелерін орындауын және оның зиянды өтеуін талап етуге құқылы (АК-ның 59-бабының 4-тармағы).

Серіктестікті басқаруды жоғары және атқарушы орган жүзеге асырады. Іс жүзінде кейде заңды тұлғалардың құратын органдарын арнайы рұқсатсыз белгілі бір топқа жатқызу едәуір қиындық туғызады. Мысалы, бақылау кеңесін және өзге де бақылау органдарын атқару оргаңдарына жатқызу жөніңдегі мәселе азаматтық құқық ғылымындағы айтарлықтай даулы мәселе болып келеді. Алайда, заң шығарушылар қазіргі уақытта осы ұстанымға бейім. Әдетте, құрылтайшылар атқарушы органдарды, олардың түрлерін, құзіреті мен қызмет тәртібін өз қалауы бойынша анықтайды.

Жоғары орган міндетті түрде құрылады, оның мәртебесі заң актілерімен белгіленген.

Шаруашылық серіктестіктері қатысушыларының жалпы жиналысы (өкілдер жиналысы) серіктестіктің жоғары органы болып табылады. Бір тұлға құрған шаруашылық серіктестіктерде жалпы жиналыстың өкілеттігі оның бірден-бір қатысушысына тиесілі болады (АК-ның 60-бабының 1-тармағы).

Шаруашылық серіктестікте оның қызметіне күнделікті басшылық жасайтын және оның қатысушыларының жалпы жиналысына (өкілдер жиналысына) есеп беріп отыратын атқарушы орган (алқалық және (немесе) жеке-дара) құрылады. Басқару органдарының мүшелері оның қатысушылары арасынан сайланбауы мүмкін. Серіктестіктің алқалы органдары ретінде басқарма (дирекция) және бақылау кеңесі құрылуы мүмкін. Заң актілерінде немесе шаруашылық серіктестігі қатысушыларының жалпы жиналысының (өкілдер жиналысының) шешімінде көзделген жағдайларда басқа да алқалық атқарушы органдар құрылуы мүмкін (АК-ның 60-бабының 2-тармағы).

Шаруашылық серіктестік органдарының құзіреті, оларды сайлау (тағайындау) тәртібі, сондай-ақ олардың шешімдер қабылдау тәртібі АК-ға, заң қүжаттарына және құрылтай қүжаттарына сәйкес белгіленеді (АК-ның 60-бабының 3-тармағы).

Шаруашылық серіктестіктердің акциялар шығару құқығы жоқ. Мұны өздеріне белгіленген тәртіп бойьшша акционерлік қоғамдар ғана істей алады. Акционерлік қоғам түріндегі коммерциялық ұйым капиталды барынша мол жинақтай алатындықтан, заң акционерлік қоғамдар үшін ғана қаржы есебін жүргізуді кездеген. Алайда, заң актілері мен құрылтай құжаттары бойынша мұндай жағдайлар кәсіпкерлік қызметтің кейбір түрлерін жүзеге асыратын жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер үшін көзделуі мүмкін (ЖШС туралы заңның 60-бабы). Шаруашылық серіктестіктің қызметін мемлекеттік органдар тексере алады. Олардың бұл саладағы құзіретін заң актілері белгілейді. Шаруашылық серіктестігі қаржы есепқисабының дұрыстығына көз жеткізу үшін серіктестіктің немесе оның қатысушыларының мүдделерімен байланысы жоқ кәсіби аудиторды шақыра алады (мұны сыртқы аудит деп атайды). Шаруашылық серіктестігін аудиторлық тексеру серіктестіктің бір немесе бірнеше қатысушының талап етуі бойынша соның (солардың) есебінен кез келген уақытта жүргізілуге тиіс. Шаруашылық серіктестігінің қызметіне аудиторлық тексеру жүргізу тәртібі заңдармен және серіктестіктің құрылтай құжаттарымен белгіленеді (АК-ның 60-бабының 4-тармағы).

4 Шаруашылық серіктестікке қатысушылардың құқықтары мен міндеттері. Шаруашылық серіктестікке қатысушылардың:

- құрылтай құжаттарында белгіленген тәртіппен шаруашылық серіктестіктің істерін басқаруға қатысуға;

- шаруашылық серіктестіктің қызметі туралы ақпарат алуға және құрылтай құжаттарында белгіленген тәртіппен оның құжаттамаларымен танысуға;

- таза табысты бөлісуге қатысуға құқығы бар. Құрылтай құжаттарының бір немесе бірнеше қатысушыны пайданы бөлісуге қатысудан шеттетуді көздейтін ержелері жарамсыз болып табылады;

- шаруашылық серіктестік таратылған жағдайда несие берушілермен есеп айырысқаннан кейін қалған серіктестік мүлкіндегі өздерінің үлесіне сәйкес мүліктің бір бөлігін немесе оның құнын алуға құқығы бар:

Шаруашылық серіктестікке қатысушылардың заң қүжаттарында және құрылтай құжаттарында көзделген басқа да құқықтары болуы мүмкін (АК-ның 61-бабының 1-тармағы).

Шаруашылық серіктестікке қатысушылар:

  1. құрылтай құжаттарының талаптарын сақтауға;

  2. салымдарды құрылтай құжаттарында көзделген тәртіп, мөлшер, әдістер және мерзімдер бойынша салып отыруға;

  3. шаруашылық серіктестік коммерциялық құпия деп жариялаған мәліметтерді жария етпеуге міндетті.

Шаруашылық серіктестіктің құрылтайшылары құрылтай құжаттарында көзделген басқа да міндеттерді атқаруы мүмкін (АК-ның 61-бабының 2-тармағы).

5 Серіктестіктерді қайта құру және тарату. Шаруашылық серіктестік оның қатысушыларының шешімімен ерікті түрде қайта құрылуы немесе таратылуы мүмкін. Оларды қайта құру мен таратудың өзге негіздерін АК, Шаруашылық серіктестік туралы жарлық, ЖШС туралы заң және басқа заң құжаттары анықтайды. Мысалы, несие берушілерге жарғылық капиталды азайту туралы хабарламау шаруашылық серіктестіктер үшін осындай негіз болып табылады (АК-ның 59-бабының 4-тармағы).

Шаруашылық серіктестіктер заң құжаттарында белгіленген реттер мен тәртіп бойынша қатысушылардың жалпы жиналысының шешімімен шаруашылық серіктестіктің бір түрінен екінші түріне акционерлік қоғамдар немесе өндірістік кооперативтер болып қайта құрылуы мүмкін. Толық серіктестік немесе сенім серіктесші акционерлік қоғам, жауапкершілігі шектеулі немесе қосымша жауапкершілігі бар серіктестік болып қайта құрылған жағдайда акционерлік қоғамның, жауапкершілігі шектеулі немесе қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктің қатысушысы болған әрбір толық серіктес толық серіктестіктен немесе сенім серіктестігiнен акционерлік қоғамға, жауапкершілігі шектеулі немесе қосымша жауапкершілігі бар серіктестікке көшкен міндеттемелер бойынша екі жыл бойы өзінің барлық мүлкімен субсидиялық жауапты болады. Бұрынғы толық серіктестіктің өзіне тиесілі акцияларды (үлестерді) иеліктен шығаруы оны мұндай жауаптылықтан босатпайды (АК-ның 62-бабы).

Толық серіктестік. Толық серіктестіктің мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда қатысушылары серіктестіктің міндеттемелері бойынша өзіне тиесілі барлық мүлкімен ортақ жауапкершілікте болатын серіктестік толық серіктестік деп танылады (АК-ның 63-бабының 1-тармағы). Қатысушылары жауапкершілігінің ерекшелігіне байланысты ҚР-дың кәсіпкерлік практикасында толық серіктестіктер кең қолданыс таппаған. Сонымен бірге, көптеген батыс елдерінде сауда серіктесін немесе клиентті тандауда толық серіктестікке басымдық беріледі. Несие берушілерге жоғары кепілдікті сақтау мақсатында азамат бір ғана толық серіктестіктің қатысушысы бола алады (АК-ның 63-бабының 2-тармағы).

Толық серіктестіктің жарғылық капиталының мөлшерін оның құрылтайшылары белгілейді, бірақ ол қатысушылардың жарғылық капиталға салымдарын салатын кезде Қазақстан Республикасында заң жүзінде белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 25 мөлшерінен кем болмауы тиіс (Шаруашылық серіктестік туралы жарлықтың 13-бабының 1-тармағы). Толық серіктестіктің ең жоғары органы - қатысушылардың жалпы жиналысы болып табылады. Толық серіктестіктің ішкі мәселелері жөніндегі шешім барлық қатысушылардың жалпы келісімі бойынша қабылданады. Серіктестіктің құрылтай шартында қатысушылардың көшпілік даусымен шешім қабылданатын реттер көзделуі мүмкін. Егер құрылтай шартында оның қатысушыларының санын анықтаудың өзгеше тәртібі көзделмесе, толық серіктестіктің әрбір қатысушысының бір даусы болады. Құрылтай шартында қатысушылар алатын дауыс санын олардың жарғылық капиталдағы үлесіне сай белгіленетіндігі көзделуі мүмкін. Толық серіктестікті басқаруды осы серіктестіктің атқарушы органдары жүзеге асырады. Басқару органдарының түрлері, құрылу тәртібі және олардың құзіреті құрылтай құжаттарында белгіленеді. Серіктестіктің ісін жүргізу тапсырылған толық серіктестіктің органдары барлық қатысушыларға олардың талап еіуі бойынша өз қызметі туралы толық ақпарат беріп отыруға міндетті (АК-ның 65-бабының 1, 2, 4-тармақтары).

Серіктестіктің қалған түрлерінен өзгеше, толық серіктестікте түлғалық жағдай барынша маңызды болады. Бұл серіктестердің толық жеке жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан толық серіктестікке қатысушының өз үлесін (үлесінің бір бөлігін) оның басқа қатысушыларына немесе үшінші жақтарға қалған барлық қатысушылардың келісімімен ғана беруіне болады. Ұлес (үлестің бір бөлігі) үшінші жаққа берілген жағдайда сонымен бірге толық серіктестіктен шыққан қатысушыға тиесілі құқықтар мен міндеттердің бүкіл жиынтығы соған ауысады. Толық серіктестіктің қатысушысы қайтыс болған ретте қалған барлық қатысушылардың келісуімен құқықты мирасқор (мұрагер) серіктестікке кіре алады. Құқық мирасқор (мұрагер) қатысушының толық серіктестік алдындағы борыштары бойынша, сондай-ақ серіктестіктің үшінші жақтары алдындағы бүкіл серіктестік қызметі кезінде пайда болған борыштары бойынша жауапты болады. Құқық мирасқор (мұрагер) толық серіктестікке кіруден бас тартқан немесе құқық мирасқорды (мұрагерді) қабылдаудан серіктестік бас тартқан жағдайда, оған қатысушы қайтыс болған күні белгіленген серіктестік мүлкіндегі үлестің құқық мирасқорлық негізінде өзіне тиесілі құны төленеді. Бұл реттерде тиісінше құрылтай құжаттарында (жарғысында) көзделген мерзімде құрылтай шартында аталған серіктестік мүлкінің мөлшері азайтылады, бірақ ол үш айдан кешіктірілмеуге тиіс (АК-ның 66-бабы).

Толық серіктестіктің қатысушысы серіктестіктен кез келген уақытта шыға алады, ол бұл жөнінде қалған қатысушыларға іс жүзінде шығатын мерзімінен кемінде 6 ай бұрын ескертеді. Бес жылға дейінгі мерзімге құрылған толық серіктестіктен мерзімінен бұрын бас тартуға дәлелді себептер болғанда ғана жол беріледі. Толық серіктестіктің құрылтай құжаттарында қатысушылардың серіктестіктен шығуы туралы өтініш беруінің өзгеше мерзімі көзделуі мүмкін. Серіктестіктің қатысушылары арасында серіктестіктен шығу құқығынан бас тартуға келісім жасау жарамсыз деп танылады (Шаруашылық серіктестік туралы жарлықтың 16-бабы).

Толық серіктестікке қатысушылар қалатын қатысушылардың бірауыздан қабылдаған шешімі бойынша және оған дәлелді себептер болған жағдайда, атап айтқанда, оның (олардың) өз міндеттерін дөрекі бұзуы немесе іс жүргізу қабілетсіздігі байқалған жағдайда катысушылардың біреуін немесе бірнешеуін серіктестіктен сот тәртібімен шығаруды талап етуге құқылы. Толық серіктестіктен шығарылған қатысушыға шығатын кездегі балансқа сәйкес салған салымына қарай оның серіктес мүлкіндегі үлесінің құны төленеді (АК-ның 68-бабы).

Толық серіктестікке қатысушының жеке борыштары пайда болуы мүмкін. Қатысушының толық серіктестiктің жеке борыштары бойынша өз үлесін өндіріп алуға өтініш жасауына борыштарды өтеу үшін оның басқа мүліктері жеткіліксіз болған жағдайда ғана жол беріледі. Мұндай қатысушының несие берушілері толық серіктестіктен серіктестік мүлкінен ақы өндіріп алу мақсатымен борышқордың жарғылық капиталдағы үлесіне сәйкес мүліктің бір бөлігін бөліп беруді талап етуге құқылы. Серіктестік мүлкінің бөліп берілуге жататын бөлігі немесе оның құны несие берушілердің бөліп беру туралы талаптары қойылған кезде жасалған баланс бойынша анықталады. Қатысушының толық серіктестік мүлкіндегі үлесінен ақы өндіріп алу оның серіктестікке қатысуын тоқтатады (АК-ның 69-бабы).

Толық серіктестіктің заңды тұлғалардың басқа түрлерінен мәнді айырмашылықтары бар. Тарихи тұрғыдан қарағанда, заңды тұлғалар жеке тұлға-кәсіпкердің кәсіпкерлік тәуекелде тұрған мүлкін өзге мүліктен айыруға мүмкіндік беретін құқықтық нысан ретінде пайда болған. Серіктестіктің біз қарастырып отырған нысанында жағдай өзгеше. Егер толық серіктестік таратылған жағдайда, оның барлық борыштарын өтеу үшін нақтылы мүлкі жепейтін болса, серіктестік үшін жетпейтін бөлігі жөнінен оған қатысушылар ортақ жауапкершілікті өздерінің заң құжаттарына сәйкес ақы өндіріп алынатын барлық мүлкімен өз мойнына алады. Толық серіктестіктің қатысушысы серіктестіктiң борышы бойынша, егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, оған өзі кіргеннен кейін немесе кіргенге дейін пайда болғанына қарамастан жауап береді. Алайда заң құжаттарында бұл ережеден ауытқушылық та көзделген. Серіктестік мүлкіндегі өз үлесінен астам бөлігіндегі толық серіктестіктің борыштарын өтеген қатысушы өзінің алдында серіктестік мүлкіндегі өз үлесінің мөлшеріне тең үлестік жауапкершілікті мойнына алатын өзге де қатысушыларға тиісті бөлігінде кері талап қоюға құқылы (АК-ның 70-бабының 1, 2-тармақтары).

Толық серіктестіктен өз қалауымен шыққан немесе серіктестіктен соттың шешімі бойынша шығарылған қатысушы, сондай-ақ қайтыс болған қатысушының серіктестікке кіруден бас тартқан құқық мирасқоры (мұрагері) серіктестіктен өздері шыққан кезге дейін пайда болған серіктестік міндеттемелері бойынша серіктестіктің өздері серіктестіктен шыққан жыл ішіндегі серіктестік қызметі туралы есеп бекітілген күннен бастап, екі жыл бойы жауап береді. Өз үлесін бір қатысушыға немесе үшінші жаққа беру арқылы серіктестік мүлкіндегі өз үлесінен несие беруші (несие берушілер) ақы өндіріп алу арқылы шыққан қатысушы, сондай-ақ қайтыс болған қатысушының серіктестікке қабылдаудан қалған қатысушылар бас тартқан құқық мирасқоры (мұрагері) серіктестік міндеттемелері бойынша жауап бермейді. Толық серіктестік тоқтатылғаннан кейін қатысушылар серіктестік тоқтатылған күннен бастап екі жыл бойы ол тоқтатылған кезге дейін пайда болған серіктестік міндеттемелері бойынша жауапты болады. Толық серіктестіктің осы бапта көзделген міндеттемелері бойынша өздерінің жауапкершілік тәртібін өзгертетін қатысушылардың келісімі жарамсыз болып табылады (АК-ның 70-бабының 3—6-тармақтары).

Заңды тұлғаны таратудың жалпы негіздерінен басқа, серіктестікте жалғыз қатысушы калып, ол 6 ай ішінде серіктестікті қайта құрамаса немесе жаңа қатысушылар қабылдамаған жағдайда да толық серіктестік таратылады. Толық серіктестікке қатысушылардың жеке жауапкершілігінің ерекшеліктеріне байланысты тұлғалық фактор төтенше маңызды болады. Бір-біріне деген жеке сеніміне сүйеніп, серіктерінің іскерлік қасиеттері мен материалдық мүмкiндiктеріне үміт арта отырып, толық серіктер кәсіпкерлік қызметпен айналысады. Сондықтан, жалпы ереже бойынша, қатысушылар құрамының өзгеруі серіктестіктің тоқтатылуына әкеп соғады. Алайда қатысушылар өз кәсіпорындарының өмір сүруін түрақтандыра алады. Толық серіктестікке қатысушылардың қайсыбіреуі шығып кеткен немесе қайтыс болған жағдайда, олардың бірі хабар-ошарсыз кетті, әрекет қабілеттілігі жоқ немесе әрекет қабілеттілігі шектеулі не банкрот деп танылған немесе несие беруші бір қатысушы жарғылық капиталдағы оның үлесіне сәйкес келетін мүлкінен ақы өндіріп алған реттерде, егер ол серіктестіктің құрылтай құжаттарында көзделсе немесе қалған қатысушылар келісетін болса, серіктестік өз қызметін жалғастыра береді. Егер қатысушылардың бірі осы аталған негіздер бойынша серіктестіктен шығып кетсе, серіктестіктің жарғылық капиталындағы өзге де қатысушылардың үлестері, егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, олардың салымдарына қарай көбейеді. Сонымен бірге құрылтай құжатта - өзге ереже де көзделуі мүмкін (АК-ның 71-бабы).

Сенім (коммандиттік) серіктестігі. Сенім серіктестігі ұйымының көмегімен бизнес жүргізу қазақстандық, сондай-ақ дүниежүзілік тәжірибеде айтарлықтай сирек кездесетін құбылыс. Алайда мұндай әдістің белгілі бір жағдайларда өзіндік артықшылықтары болатындықтан, заң шығарушылар оны кәсіпкерлік тандаудың мүмкіндіктерiн ұлғайту үшін ұсынады. Серіктестіктің міндеттемелері бойынша өзінің бүкіл мүлкімен (толық серіктерімен) қосымша жауап беретін бір немесе одан да көп қатысушылармен қатар, серіктестіктің (салымшылардың) мүлкіне өздері салған салымдардың жиынтығымен шектелетін бір немесе одан көп қатысушыларды да енгізетін және серіктестіктің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға қатыспайтын серіктестік сенім серіктестігі деп танылады (АК-ның 72-бабының 1-тармағы). Толық және сенім серіктестіктерінің қызметі мен құқықтық мертебесінде көптеген ұқсастықтар бар. Сондықтан, сенім серіктестігіне АК-ның және Шаруашылық серіктестік туралы жарлықтың қағидалары қолданылады.

«Коммандит» термині латынның dероnеrе - сақтау, сақтауға сеніп тапсыру - деген сөзіне сай келетін итальянның соmmandаrе сөзінен шыққан, бұл коммандитшілер мен серіктердің өзара қарым-қатынасының мәнін көрсетеді. Маман кәсіпкерлер болмағандықтан және өзінің салымына ғана тәуекел ететін коммандитшілер (салымшылар) серіктестіктің істеріне және оны басқаруға қатыспайды. Олар табыс алу және серіктестіктің қызметі туралы ақпарат алу құқығын ғана сақтайды. Сондықтан серіктестіктiң мүліктерін пайдалану мәселелерінде олар толық серіктерге сенуге, оларға сеніп тапсыруға мәжбүр болады. Сол себепті, Ресей Федерациясында коммандиттік серіктестіктерді сенімге негізделген серіктестік деп атайды.

Сенім серіктестігінің жарғылық капиталы толық серіктер мен салымшылардың салымдарынан құралады және қатысушылардың жарғылық капиталға салым салуы кезінде Қазақстан Республикасында заң жүзінде белгіленген 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен кем болмауы тиіс. Салымшылардың жарғылық капиталдағы үлесінің жиынтық мөлшері 50 пайыздан аспауы керек. Мұнда сенім серіктестігінiң құрылтай құжаттарында салымшылардың толық серіктердің салымдарын (салымдарының бір бөлігін төлеу жөніндгі міндеттері көзделуі мүмкін. (Шаруашылық серіктестіктер туралы жарлықтың 28-бабының 1, 2-тармақтары).

Жарғылық капитал салымшылардың салған салымдарын есептемегенде, толық серіктердің сенім серіктестігі мүлкіндегі үлесін анықтайды. Шаруашылық қызметі барысында жарғылық капитал өзгеруі мүмкін. Сенім серіктестігінің жарғылық капиталын азайтуға оның барлық несие берушілеріне хабарлағаннан кейін жол беріледі. Несие берушілер бұл ретте тиісті міндеттемелердің мерзімінен бұрын тоқтатылуын немесе орындалуын және өздері шеккен залалдың орны толтырылуын талап етуге құқылы. Аталған тәртіпті бұза отырып, жарғылық капиталды азайту мүдделі адамдардың арызы бойынша соттың шешімімен сенім серіктестігін таратуға негіз болады (АК-ның 74-бабының 1, 3-тармақтары).

Сенім серіктестігіне қатысатын толық серіктердің қүқыктық ережесі және олардың серіктестік міндеттемелері бойынша жауапкершілігі толық серіктестіктің қатысушылары туралы ережемен белгіленеді. Толық серік өзінің жеке мүлкімен қосымша жауапкершілік атқаратындықтан, заң шығарушылар мұндай жағдайда несие берушілердің мүдделерін қамтамасыз ететін бірқатар ережелерді белгіледі. Азамат бір ғана сенім серіктесшінің толық серіктесі бола алады. Сенім серіктестігiндегі толық серіктес толық серіктестіктің қатысушысы бола алмайды (АК-ньщ 72-бабының 3-тармағы).

Толық серіктестен өзгеше, салымшының жауапкершілігі шектелген: ол өзі салған салымның мөлшерінде ғана жауап береді (АК-ның 72-бабының 1-тармағы). Сенім серіктестігінің салымшысы бастапқы және қосымша жарналарын салады. Жарналардың мөлшерін, салу әдістері мен тәртібін құрылтай құжаттары белгілейді. Құрылтай құжаттарының мазмұнына қарамастан, салымшының мынадай құқықтары бар:

  1. құрылтай құжаттарында көзделген тәртіппен серіктестік таза табысының жарғылық капиталдағы өзіне тиесілі үлесін алу;

  2. серіктестіктің қаржылық есебімен танысу, сондай-ақ оның дұрыс жасалуын тексеру мүмкіндігін қамтамасыз етуді талап ету;

  3. жарғылық капиталдағы өз үлесін немесе оның бір бөлігін заң құжаттарында және серіктестіктің құрылтай құжаттарында көзделген тәртіп бойынша басқа салымшыға немесе үшiншi жаққа беруге құқығы бар. Салымшының өз үлесін басқа біреуге түгелдей беруі, оның серіктестікке қатысуын тоқтатады;

  4. серіктестіктен шығу.

Салымшыларға арналған осы құқықтардан бас тарту немесе оларды шектеу, оның ішінде салымшылар мен толық серіктердің келісуі бойынша шектеу жарамсыз болады. Сенім серіктестігінің құрылтай құжаттарында салымшының өзге де құқықтары көзделуі мүмкін. Мысалы, салымшының мәміле жасау өкілеттігі болуы мүмкін. Оның үстіне, егер салымшы сенім серіктестігінің мүдделерін көздеп, тиісті өкілеттіксіз мәміле жасаса, оның әрекеттерін серіктестік мақұлдаған жағдайда мәміле бойынша ол несие берушілердің алдында толық көлемде жауап береді. Егер ол мақұлданбаса, салымшы үшінші жақтың алдында заңдар бойынша өзінің ақы өндіріп алынатын бүкіл мүлкімен жеке жауап береді (АК-ның 73-бабы).

Сенім серіктестігінің ісін басқаруды толық серіктестіктер жүзеге асырады. Сенім серіктестігінің ісін оның толық серіктерінің басқару және жүргізу тәртібін олар толық серіктестік туралы ережелер бойынша белгілейді. Салымшылардың сенім серіктестігі ісін басқаруға қатысуға, сондай-ақ сенімхат бойынша болмаса, оның атынан әрекет жасауға құқығы жоқ. Сенім серіктестігі салымшыларының серіктестік ісін басқару жөнінде толық серіктестердің әрекеттеріне дау жасауға құқығы жоқ (АК-ның 75-бабы).

Сенім серіктестігі оған қатысушы барлық салымшылар шығып кеткен жағдайда тоқтатылады. Толық серіктестер сенім серіктестігін таратудың орнына оны толық серіктестік етіп қайта құруға құқылы. Сенім серіктестігі толық серіктестікті тарату үшін көзделген негіздер бойынша да таратылады. Салымшылар сенім серіктестігі таратылған кезде оның несие берушілерінің талаптары қанағаттандырылғаннан кейінгі қалған серіктестік мүлкінен салымдарды алуға толық серіктестер алдында артықшылық құқығы болады. Сенім серіктестігінің бұдан кейінгі қалған мүлкі толық серіктестер мен салымшылар арасында, егер құрылтай құжаттарында өзгеше тәртіп белгіленбесе, олардың серіктестік мүлкіне қосқан үлесіне қарай бөлінеді (АК-ның 7б-бабы).

Жауапкершiлiгі шектеулі серіктестік шаруашылық серіктестіктердің ең көп таралған нысаны болып табылады. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік бірлескен кәсіпорындардың бірі болып саналады. Корпорация дегеніміз - бұл оның құрушылары осымен бір мезгілде бірлесе және заңдық тең негізде әрекет ететін қатысушылар болып табылатын өзін-өзі ұйымдастырған заңды тұлға.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қызметін АК және ЖШС туралы Заң реттейді. Бір немесе бірнеше адам құрған, жарғылық капиталы құрылтай құжаттарымен белгіленген мөлшерде үлеске бөлінген серіктестік жауапкершілігі шектеулі, серіктестік (бұдан былай - ЖШС) деп танылады; жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылар оның міндеттемелері бойынша жауап бермейді және серіктестіктің қызметіне байланысты залалдарға өздерінің қосқан салымдарының құны шегінде тәуекел етеді. Осы ережеден өзгеше жағдайлар АК-да және заң актілерінде көзделуі мүмкін (АК-ның 77-бабының 1-тармағының 1-тармақшасы). Мұнда, әңгіме, негізінен алғанда, серіктестіктің әрекеттері үшін қатысушылардың (құрылтайшылардың) жауапкершілігі жөнінде болып отыр (мысалы, қараңыз, АК-ның 44-бабының 3-тармағы және 59-бабының 1-тармағының 4-бөлімі). «Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің салымдарды толық қоспаған қатысушылары оның міндеттемелері бойынша әрбір қатысушының салым салмаған бөлігінің құны шегінде ортақ жауапты болады» (АК-ның 77-бабының 1- тармағының 2-бөлігі) деген ереже осыған жақын келеді.

ЖШС қатысушыларының саны шектелмейді (АК-ның 77-бабының 2-тармағының 1-тармақшасы). Алайда бұл үнемі осылай болған емес. Алғашында ЖШС қатысушыларының саны 30-дан, кейін - 50-ден, одан кейін - 100-ден аспауы тиіс деген шектеулер қойылды.

Жарғылык капиталдың мөлшерін құрылтайшылар (қатысушылар) анықтайды жене ол серіктестікті мемлекеттік тіркеу үшін құжаттар тапсыру кезіндегі 100 айлық есептік көрсеткішке тең сомадан кем болмауы тиіс (ЖШС туралы заңның 23-бабының 2-тармағы). ЖШС-ның жарғылық капиталының кепілдеуші маңызы бар. ЖШС-ның мәлімдеген жарғылық капиталы іс жүзіндегі нақты жарғылық капиталдан артық болатын жағдайда серіктестік несие берушілер алдында серіктестіктің борыштары бойынша жарғылық капиталдың өз капиталынан артық сомасында ортақ жауапты болады (ЖШС туралы Заңның 25-бабының 3-тармағы). Егер ЖШС жарғысында өзгеше көзделмесе, қатысушылардың жалпы жиналысы серіктестік мүлкіне қатысушылардың қосымша жарналар енгізуі туралы шешім қабылдай алады. Шешім серіктестіктің барлық қатысушыларының төрттен үш көпшілік дауысымен қабылданады (АК-ның 81-бабы).

ЖШС-ның жоғары органы жалпы жиналыс болып табылады. АК-ның 79-бабына сәйкес бірқатар мәселелерді жалпы жиналыс қана шеше алады.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысының айрықша құзіретіне мыналар жатады:

- серіктестіктің жарғысын өзгерту, соның ішінде оның жарғылық капиталы мөлшерін өзгерту;

- серіктестіктің атқарушы органың құру және оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату, сондай-ақ жауапкершілігі шектеулі серіктестікті немесе оның мүлкін сенімгерлік басқаруға беру туралы шешім қабылдау және осындай беру шарттарын белгілеу;

- серіктестіктің қаржылық есебін бекіту және оның таза табысын бөлу;

- серіктестікті қайта құру немесе тарату туралы шешім шығару;

- серіктестіктің байқау кеңесін және (немесе) тексеру комиссиясын (тексерушісін) сайлау және өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату, сондай-ақ серктестік тексеру комиссиясының (тексерушісің) есептері мен қорытындыларын бекіту;

- ішкі ережелерді, оларды қабылдау рәсімдерін және серіктестіктің ішкі қызметін реттейтін басқа да құжаттарды бекіту;

- серіктестіктің өзге де шаруашылық серіктестіктерге, сондай-ақ коммерциялық емес бірлестіктерге қатысуы туралы шешім шығару;

- тарату комиссиясын тағайындау және тарату баланстарын бекіту;

- жауапкершілігі шектеулі серіктестік қатысушысынан үлесті мәжбүрлеп сатып алу туралы шешім шығару.

Серіктестіктің жарғысымен жалпы жиналыстың айрыкша құзіретіне басқа мәселелерді шешу де жатқызылуы мүмкін. Серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысының айрықша құзіретіне жатқызылған мәселелерді ол серіктестіктің атқарушы органының шешуіне бере алмайды.

ЖШС-ның жарғылык капиталдағы үлесінің басқа адамға ауысуы. ЖШС-ның қатысушысы серіктестіктің жарғылық капиталындағы өз үлесін немесе оның бір бөлігін өз қалауынша осы серіктестіктің бір немесе бірнеше қатысушысына сатуға немесе басқа түрде беруге құқылы. Егер серіктестіктің құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушының өз үлесін (оның бір бөлігін) үшінші адамдарға беруіне болады. ЖШС-ға қатысушылар үшінші тұлғалар алдында үлесті немесе оның бір бөлігін сатып алуға артықшылық берілген құқықты пайдаланады. Егер құрылтай құжаттарында немесе серіктестік қатысушыларының келісімімен өзгеше көзделмесе, үлесті (оның бір бөлігін) сатып алуға артықшылық берілген құқықты қатысушылар серіктестіктің жарғылық капиталындағы өз үлестерінің мөлшеріне барабар жүзеге асырады. Үлес (оның бір бөлігі) сатып алуға артықшылық берілген құқық бұзыла отырып сатылған кезде жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің кез келген қатысушысы сатылған күннен бастап үш ай ішінде өзіне сатып алушының құқықтары мен міндеттерін аударуды сот тәртібімен талап етуге құқылы. Егер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтай құжаттарына сәйкес қатысушының үлесін (оның бір бөлігін) үшінші жақтарға беру мүмкін болмаса, ал серіктестіктің басқа қатысушылары оны сатып алудан бас тартса, серіктестік қатысушыға оның нақты құнын төлеуге не оған сондай құнға сәйкес заттай мүлік беруге міндетті (АК-ның 80-бабының 1—3-тармақтары).

Жауапкершілігі шектеулі серіктестік қатысушысының үлесі оны толық төлеп болғанға дейін оның төленген бөлігі мөлшерінде ғана болып берілуі мүмкін. Қатысушының үлесін (оның бір бөлігін) жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өзі сатып алған ретте, ол не басқа қатысушыларға немесе үшінші жаққа заң құжаттары мен серіктестіктің құрылтай құжаттарында көзделген мерзім мен тәртіп бойынша сатуға не өзінің жарғылық капиталын азайтуға міндетті. Осы кезең ішінде түскен таза табысты бөлу, сондай-ақ жоғары органда дауыс беру жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің сатып алған үлесі есептелмей жүргізіледі (АК-ның 80-бабының 4-5-тармақтары).

Егер серіктестіктің құрылтай құжаттарында мұндай ауысуға тек серіктестіктің қалған қатысушыларының келісімімен ғана рұқсат етілетіндігі көзделмесе, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы үлес серіктестіктің қатысушысы болған азаматтардың мұрагерлеріне және заңды тұлғалардың құқық мирасқорларына ауысады. Үлестің ауысуына келісім беруден бас тарту серіктестік қатысушының мұрагерлеріне (мирасқорларына) заң құжаттары мен серіктестіктің құрылтай құжаттарында көзделген тәртіп пен жағдайлар бойынша үлестің нақты құның төлеуге немесе оларға құны сондай заттай мүлік беру міндетіне әкеліп соқтырады. Заң актілерінде үлестің заңды тұлғалардың құқық мұрагерлеріне ауысу ерекшеліктері көзделуі мүмкін (АК-ның 80-бабының 6-тармағы).

Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қатысушысы заң актілерінде немесе құрылтай құжаттарында белгіленген серіктестік алдындағы өз міндеттерін бұзған жағдайда серіктестік жалпы жиналыстың шешіміне сәйкес сот бойынша осындай қатысушының үлесін серіктестіктің қатысушымен келісімінде белгіленген бағамен мәжбүрлеп сатып алуды талап етуге құқылы. Келісімге қол жетпеген жағдайларда мәжбүрлеп сатып алынатын үлестің бағасын сот белгілейді (АК-ның 82-бабы). Қатысушының жеке борыштары пайда болғанда да үлесті мәжбүрлеп сату қажеттігі тууы мүмкін. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушының өз борыштарын өтеу үшін мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда несие берушілер борышқор-қатысушының үлесін белгіленген тәртіп бойынша бөліп беруді талап етуі мүмкін (АК-ның 83-бабы).

ЖШС қызметінде сенімгерлікпен басқаруды пайдалану. Жаңа құқықтық институт ретінде сенімгерлікпен басқару ЖШС туралы заңдарда айтарлықтай кеңінен пайдаланылған. Сенімгер басқарушының өзінің иелігіне берілген мүлікті пайда алушының мүдделері үшін өз атынан басқаруын, пайдалануын және оған билік етуін сенімгерлікпен басқару деп түсіну керек. Шарттарда және заң құжаттарында баяндалған сызбадан белгілі бір ауытқушылықтар көзделуі мүмкін.

Сенімгерлікпен басқаруды пайдаланудың бірінші жағдайы ЖШС-ны құру кезеңіне байланысты. Егер ЖШС жарғысында оның құрылтайшыларының серіктестіктің жарғылық капиталындағы салымдар есебіне ақша емес, өзге мүлікті енгізу көзделген болса, серіктестіктің құрылтайшылары құрылтай шартында тиісті мүлік серіктестік құрылғанға дейінгі және құрылудан кейінгі кезенде сенімгерлікпен басқаруға берілуге тиісті құрылтайшы немесе үшінші тұлғаны көрсете алады (ЖШС туралы заңның 24-бабының 8-тармағы). Сонымен, бұл, бір жағынан алғанда, міндетті болмағанымен, қарым-қатынасты рәсімдеудің қажетті түрі, екінші жағынан алғанда, жарғылық капиталды құруға арналған ақшалай қаражатты сенімгерлікпен басқаруға кедергі болмайды. Мұндай құқықтық сызбаның артықшылығы сенімгер басқарушының көтерінкі жауапкершілігіне байланысты. Біріншіден, дау туатын жағдайда міндеттемелердің бұзылуына оның кінәлылығы анықталады, екіншіден, сенімге берілген мүліктен ақы өндіріп алуға болмайды.

Мүлікті сенімгерлікпен басқару жөніндегі шартта мыналар көзделуі тиіс:

  1. сенімгер басқарушының барлық құрылтайшылардың мүдделері үшін тиісті мүлікті басқаруды, ал ЖШС құрылғаннан кейін - серіктестіктің мүдделері үшін мүлікті басқаруды жүзеге асыру міндеті;

  2. ЖШС-ға ол құрылған кезден бастап пайдасына және сенімгерлік басқаруға берілген мүлік осы кезден бастап меншігіне ауысатын адамның құқықтарын беру көзделуге тиіс (ЖШС туралы заңның 24-бабының 9-тармағы).

ЖШС-ны құру рәсімі ол аяқталғанға дейін тоқтатылған жағдайда сенімгерлікпен басқару туралы шарт оның тараптары арасында өзгеше келісім болмаған жағдайда тоқтатылып, осындай шарт бойынша берілген мүлік қайтарылуға тиіс (ЖШС туралы Заңның 13-бабының 3-тармағы).

Екінші жағдай ЖШС туралы заңның 56-бабында көзделген, ол бойынша, егер серіктестіктің құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, ЖШС немесе оның мүлкі сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін. Мұнда мынаны есте ұстау керек: ЖШС заңды тұлға және құқық субъектісі ретінде емес, АК-ның 119-бабында көрсетілгеніндей, тұтас мүліктік кешен ретінде басқаруға беріледі. Мүлікті басқаруға беру туралы айтқанда, мүліктік кешеннің бір бөлігін ғана беру көзделеді. Мүлікті сенімгерлік басқаруға беру туралы шешімді ЖШС-ның жалпы жиналысы қабылдайды.

Үшінші жағдай қатысушының үлесін сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігімен байланысты. Егер қатысушы мен сенімгер басқарушы арасындағы шартта немесе мүлікті сенімгерлік басқаруды құру туралы заң актілерінде өзгеше көзделмесе, қатысушы үлесін сенімгерлік басқару құрылған жағдайда жалпы жиналыста оның өнімі ретінде қатысушы атынан сенімгер басқарушы әрекет етуге құқылы. Қатысушының мүдделерін білдіру тәртібіне қойылатын талаптар мүлікті сенімгерлік басқару туралы заңдарда белгіленеді (ЖШС туралы заңның 42-бабының 4-тармағы).

Төртінші жағдай мәжбүрлеп қайта құру кезінде туады. Егер соттың шешімі бойынша мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру кезінде бөлуді, бөліп шығаруды жүргізуге уәкілетті ЖШС-ның атқарушы органдары соттың шешімінде белгіленген мерзімде серіктестікті бөлуді, бөліп шығаруды жүзеге асырмаса, сот серіктестіктің мүлкіне сенімгер басқарушы тағайындап, оған қайта ұйымдастырылатың серіктестіктің мүлкі есебінен осы серіктестікті бөлуді, бөліп шығаруды тапсырады. Сенімгер басқарушы тағайындалған кезден бастап ЖШС-ны басқару жөніндегі өкілеттік соған ауысады. Сенімгер басқарушы сотта ЖШС-ның атынан әрекет етеді, бөлу балансын жасайды және оны бөлу, бөліп шығару нәтижесінде пайда болатын серіктестіктердің құрылтай құжаттарымен бірге соттың бекітуіне береді. Соттың аталған құжаттарды бекітуі жаңадан пайда болатын серіктестіктерді мемлекеттік тіркеуге негіз болып табылады (ЖШС туралы заңның 64-бабы).

Қосымша жауапкершілігі бар серіктестік ҚР-дағы коммерциялық ұйымдардың өте сирек кездесетін ұйымдық-құқықтық нысаны болып табылады. Көптеген елдердің заңдары серіктестіктің мұндай нысаның мүлде пайдаланбайды. Шын мәнінде, қосымша жауапкершілігі бар серіктестік дегеніміз болмашы ерекшеліктеріне қарамастан, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өзі болып табылады. Олардың бәрін белгілі бір заң реттейді. Егер қарым-қатынастардың мәнінен өзге мәселе туындамайтын болса, қосымша жауапкершілігі бар серіктестікке АК-ның, ЖШС туралы заңның жене ЖШС-ның қызметін реттейін шаурашылық серіктестіктер туралы жарлықтың ережелері қолданылады.

Қатысушылары серіктестіктің міндеттемелері бойынша өздерінің жарғылық капиталға салымдарымен жауап беретін, ал бұл сомалар жеткіліксіз болған жағдайда, өздеріне тиесілі мүлікпен оған өздері еселенген мөлшерде енгізген салымдар арқылы жауап беретін серіктестік қосымша жауапкершілігі бар серіктестік деп танылады (АК-ның 84-бабының 1-тармағы). Қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктің фирмалық атауы, сондай-ақ «қосымша жауапкершiлігі бар серіктестік» немесе «ҚЖС» аббревиатурасы болуы тиіс (ЖШС туралы заңның 4-бабының 1-тармағы). Қатысушылар жауапкершілігінің шекті мөлшері жарғыда көзделеді. Қатысушылардың бірі банкрот болған жағдайда оның серіктестік міндеттемелері жөніндегі жауапкершілігі, егер құрылтай құжаттарында жауапкершілікті бөлудің өзгеше тәртібі көзделмесе, қалған қатысушылар арасында олардың салымдарына қарай бөлінеді (АК-ның 84-бабының 2-тармағы).

Бақылау сұрақтары:

1 Шаруашылық серіктестік ұғымы

2 «Құрылтайшы» және «қатысушы» ұғымдарының айырмашылығы

3 Серіктестікті басқаруды қалай жүзеге асырылады

4 Толық серіктесік және сенім (коммандиттік) серіктестік ерекшеліктері

5 ЖШС-ның жарғылык капиталдағы үлесінің басқа адамға ауысуы.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1.Жайлин Ғ.А. Қазақстан Республикасының Азаматтық құқығы. Оқулық. Ерекше бөлім I – том. Алматы 2005 жыл.

2. Сулейменов М.К. Басин Ю.Г. Гражданское право ( академический курс). Алматы. Баспа 2002ж.

3. Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі / Ерекше бөлім/.- Алматы: ЮРИСТ,2010.- Б.151- 164.

Тақырып 6 Акционерлік қоғам

Дәрістің мақсаты: студенттерге акционерлік қоғамның құқықтары мен міндеттерін түрерін айырмашылықтарын ерекшеліктерін айқындау

Жоспары:

1 Акционерлік қоғам ұғымы

2 Ашық акционерлік қоғам

3 Құрылтай шарты мен жарғы

4 Қоғам акционерінің құқықтары. Қоғам акционерінің міндеттері.

5 Акционерлік қоғамның қызметі оның органдары арқылы жүзеге асырылады.

6 Еншілес ұйым және тәуелді акционерлік қоғам

1 Акционерлік қоғам. Қазақстан Республикасының акционерлік заңдары АК-ның ережелерінен және 2003 ж. 16 мамырда қолданысқа енгізілген Акционерлік қоғамдар туралы 2003 ж. 13 мамырдағы заңнан тұрады. Акционерлік қоғамдар туралы заңды қабылдау кезек күттірмейтін қажеттілік болды. Бұған дейін қолданылып келген Акционерлік қоғамдар туралы 1998 ж. 10 шілдедегі заң өте сәтсіз болып шықты. Ол АК-ның көптеген ережелері мен дәстүрлеріне қайшы келіп, ашық түрде Ұлттық Банктің өзіне қолайлы түрде жаппай бақылау жүргізу мүддесін білдірді. Кезінде 1998 ж. 10 шілдедегі Акционерлік қоғамдар туралы заңның қабылдануына байланысты АК-ға енгізілген өзгерістер оның мазмұнын нашарлатқан еді, оны күні бүгінге дейін басқа нормалармен үйлестірудің сәті келмей отыр. Бүгінде күшін жойған 1998 ж. 10 шілдедегі Акционерлік қоғамдар туралы заң Ұлттық Банктің техникалық нормаларын асқақтатып, заң техникасының талаптарына сай келмеді, бірқатар елеулі қайшылықтары болды және корпорацияның сәл түзетілген ағылшын-американдық моделін дәстүрлі континенттік кодификациялау жүйесіне атүсті енгізу әрекеті болып шықты. Норма шығармашылығындағы мұндай көзқарас жарамсыз болып, акционерлік қоғамдар туралы бірқатар нормалардың малтығуына әкеп соқтырды, қазақстандық заңдар жүйесімен қайшылыққа түсіп, практика мен құқықтық ой-пікірдің қабылдамай тастауына мәжбүр болды. «Шығарылған жарғылық капитал», «төленген жарғылық капитал», «соттың шешімімен акциялардың қосымша эмиссиялануы», «коммерциялық емес акционерлік қоғам», «халықтық қоғам» секілді санаттарды «өлі туған» және құқықтық жаңсақ құрастырмалардың қатарына жатқызуға болатын еді. Акционерлік қоғамдар туралы 1998 ж. заңның шалажансарлығын дәлелдеген жаңа редакциядағы Акционерлік қоғамдар туралы Заң 2003 ж. қабылданды. Онда Қазақстанның объективтік экономикалық және құқықтық шындықтары айтарлықтай ескеріліп, акционерлік заңдардың қазақстандық азаматтық құқықтардың белгілі дәстүрлеріне оралуына мүмкіндік туғызылды. Алайда қазіргі кезде де «оларда капиталдың теріс мөлшері бар болған жағдайда банктер мен сақтандыру ұйымдарының акцияларын мәжбүрлеп сатын алу құқығы» (АК-ның 86-бабының 6-тармағы), «қоғамның жарияланған акцияларын мәжбүрлеп шығару» (Акционерлік қоғамдар туралы заңның 32-бабының 1-тармағы), «халықтық акционерлік қоғам» (Акционерлік қоғамдар туралы заңның 4-бабы), «жарияланған акцияларын билік етуді шектеу», «қоғамның акцияларға мәжбүрлеп алып қою» (Акционерлік қоғамдар туралы заңның 32-бабы) секілді кейбір құқықтық нысандардың акционерлік заңдардан орын алуы орынсыз болып көрінеді.

АК-ның 85-бабының 1, 2-тармақшаларына сәйкес, «өзінің қызметін жүзеге асыру үшін қаражат тарту мақсатында акциялар шығаратын заңды тұлға акционерлік қоғам болып танылады». Акционерлік қоғамның өз қатысушыларының мүлкінен окшауланған мүлкі болады, өз міндеттемелері бойынша өз мүлкі шегінде жауапты болады және өз қатысушыларының міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

Акционерлік қоғамның акционерлері заң актілерінде көзделгеннен басқа жағдайларда, оның міндеттемелері бойынша жауап бермейді және өзіне тиесілі акциялар құнының шегінде қоғамның қызметіне байланысты шығындар тәуекелін көтереді. Корпоративтік (бірлескен) жинақтаушы зейнетақы қорларының акционерлері аталған қорлардың міндеттемелері бойынша зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарда белгіленген тәртіп пен жағдайларда ортақтасып жауап береді (АК-ның 85-бабы).

Акционерлік қоғам - коммерциялық ұйымдардың уақыт және нарықтық қатынастар сынынан өткен барынша дамыған нысаны. Алайда, заңдарда қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында табыстары тек қоғамның дамуы үшін пайдаланылатын коммерциялық емес ұйымдардың да құрылуы көзделуі мүмкін (АК-ның 85-бабының 5-тармағы). Мысалы, дүниежүзілік тәжірибеде кейде коммерциялық емес акционерлік қоғам түріндегі биржалар, білім және мәдениет, денсаулық сақтау ұйымдары жөніндегі кеңестер құру дәстүрлері бар.

2 Ашық акционерлік қоғам. Акционерлік қоғамдар туралы 2003 ж. заң қабылданғанға дейін Қазақстан заңдары ашық акционерлік қоғамдармен қатар, жабық үлгідегі акционерлік қоғамдардың да өмір сүруін көздеді. Акционерлері өздеріне тиесілі акцияларды басқа акционерлердің келісімінсіз бөліп бере алатын акционерлік қоғам ашық акционерлік қоғам болып табылады. Акциялары өзінің құрылтайшылары мен алдын ала белгiленген адамдар арасында бөлінетін қоғам бұрынғы қолданыстағы заңдар бойынша жабық қоғам болып есептелетін (2003 ж. 16 мамырға дейінгі АК-ның 86-бабының 3-тармағы). Жабық қоғамдар мемлекеттік монополияларды сақтау үшін немесе үшінші тұлғалардың енуін шектеу үшін құрылатын. Бұл жағдайда көлденен капиталды тарту акционерлік қоғамның негізгі мақсаты болудан қалды да, тұлғалық жағдай алдынғы қатарға шықты. Сондықтан жабық акционерлік қоғам өзінің жаратылысы жөнінен жауапкершілігі шектеулі серіктестікке дейін болғанын кейбір ескертулермен айға аламыз. Онда тұлғалық элементтер жария элементтермен бәсекелесіп, көп ретте басым түсіп отырды.

2003 ж. 16 мамырдағы Заң бойынша АК-ның жабық акционерлік қоғамдар туралы 86-бабы алынып тасталды. Акционерлік қоғамдар туралы 2003 ж. заңда да жабық акционерлік қоғамдардың өмір сүру мүмкіндігі туралы айтылмайды. Бұдан заң шығарушылар заңды тұлғаның мұндай ұйымдық құқықтық нысанынан бас тартуға бел байлады деген қорытынды шығады. Сондықтан 2003 ж. 16 мамырдан кейін құрылған жабық акционерлік қоғамдар жарамыз деп танылады, ал өмір сүріп тұрғандары заңда кезделген ұйымдық-құқықтық нысандарға өзгертілуі немесе 2005 ж. 16 мамырға дейін таратылуы тиіс (Акционерлік қоғамдар туралы заңның 90-бабының 2-тармағы).

Ашық қоғамдар - акционерлік қоғамның барынша табиғи және кең таралған нысаны. Азаматтық құқықтың кез келген субъектілері дерлік қоғамның құрылтайшылары бола алады. Ашық қоғам акционерлерінің санына шектеу қойылмаған. Егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, қоғамның барлық акцияларын бір акционер сатып алған жағдайда акционерлік қоғам бір адамнан құрылуы немесе бір адамнан тұруы мүмкін (АК-ның 85-бабының 3-тармағы). Жалпы ереже бойынша, мемлекеттік мекемелер қоғамның акционерлері ретінде әрекет ете алмайды. Өздерінің құзірегі шегінде акционерлер бола алтын Үкімет, жергілікті атқарушы органдар, Ұлттық Банк бұған жатпайды. Мемлекеттік кәсіпорын осы кәсіпорынға қатысты меншік иесі мен мемлекеттік басқару органының атқаратын қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органның келісімімен ғана қоғамның құрылтайшысы болуға және оның акцияларын сатып алуға құқылы (Акционерлік қоғамдар туралы заңның 5-бабының 2-тармағы).

Акционерлік қоғамдар туралы заңдарда 1998 ж. бастап қоғамның жаңа нысаны - халықтық акционерлік қоғам көзделген. Өзінің капиталының мөлшері айлық есептік көрсеткіштің кемінде 1000000 еселенген мөлшеріндей болатын және акционерлерінің саны бес жүз және одан да көп қоғам халықтық акционерлік қоғам деп танылады. Қоғамды халықтық акционерлік қоғам деп тануды қоғамның өтініші негізінде не қоғамның өз капиталының мөлшері және акционерлерінің саны туралы уәкілетті органда бар ақпарат негізінде уәкілетті орган жүргізеді. Уәкілетті орган Ұлттық Банк болып табылады. Ұлттық Банк, сондай-ақ халықтық акционерлік қоғам мәртебесінен айрылу тәртібін де белгілейді. Қоғам:

1) ол таратылған немесе қайта ұйымдастырылған (қоғамға басқа қоғам қосылған және одан бір немесе бірнеше жаңа қоғамдар бөліп шығарылған жағдайларды қоспағанда);

2) өз капиталының мөлшері он екі айдан астам мерзімде айлық есептік көрсеткіштің 1000000 еселенген мөлшерінен төмен сомаға дейін азайған;

3) акционерлердің саны алты ай ішінде бес жүзден төмен азайып кеткен жағдайларда халықтық акционерлік қоғам мәртебесінен айырылады (Акционерлік қоғамдар туралы заңның 4-бабының 1, 2-тармақтары).

Акционерлік заңдар көлемінде Ұлттық компаниялар қызмет етеді. Ұлттық компаниялар акцияларының барлық пакеті мемлекеттің қолында болады. Ұлттық компаниялардың құқықтық режимінің бірқатар ерекшеліктері бар. Олардың көпшілік бөлігі жабық акционерлік қоғамдар түрінде құрылған, өздерінің контрагентермен қатынастарында мемлекеттік органның және коммерциялық ұйымдардың атқаратын қызметін үйлестіреді және Акционерлік қоғамдар туралы заңмен қатар, Үкіметтің бірқатар қаулыларымен және заңдармен реттеліп отырады.

Акционерлік қауызға оранған ұлттық компания, шын мәнінде, заңды тұлғаның жаңа түрі болып табылады деп есептейді Ю.Г. Басин. Мүмкін, уақыт өте келе, заң шығарушылар заңды тұлғаның жаңа нысаны - ұлттық компанияны мойындайтын болар. Ал әзірше жабық акционерлік қоғамдардың таратылуына байланысты мемлекет ұлттық компаниялардың қандай ұйымдық-құқықтық нысанға өзгеруі керектігін шешуі тиіс.

3 Құрылтай шарты мен жарғы акционерлік қоғамның құрылтай құжаттары болып табылады (АК-ның 87-бабының 1-тармағының 1-бөлігі). Құрылтай құжаттары нотариатта куәландырылуы тиіс. Құрылтай шартында баяндалған мәліметтер, шарттың өзінде өзгеше көзделмесе, коммерциялық құпия болып табылады. Құрылтай шарты мемлекеттік органдарға, сондай-ақ үшінші тұлғаларға заң актілерінде көрсетілген жағдайларда немесе қоғамның шешімімен ғана көрсетілуі тиіс. Жарияланған акцияларды шығару мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап құрылтай шартының қолданылуы тоқтатылады.

Қоғамның жарғысы оның заңды тұлға ретіндегі құқықтық мәртебесін анықтайтын құжат болып табылады. Қоғамның жарғысына құрылтайшылар (жалғыз құрылтайшы) не олардың өкілдері (өкілі) қол қоюға тиіс және нотариатта куәландыруға жатады. Қоғамның жарғысымен барлық мүдделі адамдар танысуға құқылы. Акционердің талап етуі бойынша қоғам оған үш жұмыс күні ішінде жарғының көшірмесін беруге міндетті.

Акционерлік қоғамдар туралы 2003 ж. заң «жарияланған жарғылық капитал», «шығарылған (төленген) жарғылық капитал» ұғымдарынан бас тартты. «Жарғылық капитал», «өз капиталы» терминдері ғана пайдаланылды. Халықтық қоғамдағы секілді, мұнда да заң әдеттегі акционерлік қоғам үшін жарғылық капиталдың ең төменгі мөлшерін белгілеген. Қоғамның жарғылық капиталының ең төменгі мөлшері - айлық есептік көрсеткіштің 50 000 еселенген мөлшерінде болады (Акционерлік қоғамдар туралы заңның 10-бабының 1-тармағы). Бұл Акционерлік қоғамдар туралы 1998 ж. заңдағы мөлшерден 10 есе артық. Қоғамның жарғылық капиталының ең төменгі мөлшері жөнінде жоғарыда аталған талаптар өзінің қызметін инвестициялық жекешелендіру қоры ретінде жүзеге асыратын қоғамға қолданылмайды.

Қоғамның жарғылық капиталы құрылтайшылардың (жалғыз құрылтайшының) акцияларды олардың нақтылы құны бойынша төлеуі және акцияларды инвесторларға (инвесторға) осы Заңның талаптарына сәйкес белгіленген орналастыру бағасы бойынша сату арқылы қалыптастырылады. Құрылтайшылар төлейтін жарғылық капиталдың мөлшері қоғамның жарғылық капиталының ең төменгі мөлшерінен кем болмауға және құрылтайшылар оны қоғам заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап, отыз күн ішінде толық төлеуге тиіс. Қоғамның жарғылық капиталын ұлғайтуға акционерлердің жалпы жиналысының немесе соттың шешімімен жол беріледі (Акционерлік қоғамдар туралы заңның 11-бабы).

Акционерлік қоғамның өз капиталы дегеніміз - бұл қоғамның активтері мен пассивтері арасындағы айырмашылық ретінде есептеп шығарылатын мүлік. Акционерлік қоғамдарда өз капиталының дивидендтер төлеу мүмкіндіктерін анықтауда және өзге де кейбір жағдайларда маңызы бар.

Акция үшін төлеу түрлі нысанда жүргізілуі мүмкін. Қоғамның орналастырылатын акциялары үшін төлеуге ақша, мүліктік құқықтар (оның ішінде интеллектуалдық меншік объектілеріне құқықтар), талап ету құқығы және өзге де мүлік енгізілуі мүмкін. Ақшадан басқа, өзге мүлікпен төлеу лицензияның негізінде әрекет ететін бағалаушы анықтайтын баға бойынша жүзеге асырылады. Егер қоғамның орналастырылатын акцияларының төлеміне мүлікті пайдалану құқығы енгізілетін болса, мұндай құқықты бағалау қоғамның оны бүкіл пайдалану мерзімі үшін төлейтін мөлшеріне негізделеді. Аталған мерзім аяқталғанға дейін қоғам акционерлерінің жалпы жиналысының келісімінсіз мұндай мүлікті алып қоюға тыйым салынады.

АК-ның 89-бабының 1-тармағынан «акционерлік қоғам шеккен залалдың орнын толтыру үшін қосымша эмиссия жасау арқылы жарғылық капиталды арттыруға жол берілмейді» деген норма алынып тасталды. Бұдан келіп, қосымша акциялар шығарғанда несие берушілер алдындағы қоғамның борышын өтеу үшін қоғамның несие берушілері оларды сатып алуы мүмкін деген қорытынды шығады. Акциялар үшін борышты есепке алу мемлекеттік акциялар пакетіне әсер етпеуі тиіс, өйткені өзгеше істеу мемлекеттік меншікті сатып алу кезінде жекешелендіру рәсімін орағытын өтуді білдіретін болады.

Құрылтай шарты мен жарғы акционерлік қоғамның құрылтай құжаттары болып табылады (АК-ның 87-бабының 1-тармағы). Құрылтай шарты құрылтайшылардың құқықтары мен міндеттерін қоғамның құрылуы сатысында ғана реттейді. Сондықтан құрылтай шартының ашық қоғам құру жөніндегі әрекеті қоғам мемлекеттік тіркеуден өткен сәттен бастап және оның барлық құрылтайшыларының құрылтай шартында белгіленген міндеттемелерін орындаған соң тоқтатылады. Өз кезегінде, қоғамның жарғысы өзінің заңды тұлға ретіндегі құқықтық мәртебесін анықтайды. Жарғыға қоғам құрылтайшыларының уәкілетті өкілдері қол қоюы тиіс және ол нотариаттық куәландыруға жатады. Барлық мүдделі тұлғалар қоғамның жарғысымен танысуға құқылы. Қоғам акционердің талап етуі бойынша оған қоғамның жарғысымен, сонымен бірге оған кейін енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен танысуға мүмкіндік беруге мiндетті. Қоғам акционердің өзіне қоғам жарғысының көшірмесін беру туралы талабын үш жұмыс күні ішінде орындауға міндетті. Қоғам акционерге жарғының көшірмесін бергені үшін ақы алуға құқылы, ол көшірме дайындауға, сондай-ақ жеткізіп беру қажет болған жағдайда оны жеткізуге жұмсалған шығындардан аспауға тиіс (Акционерлік қоғамдар туралы заңның 9-бабының 3-тармағы).

Акционердің құқығы акциялармен дәлелденеді. Акция - бұл бағалы қағаз. Өз ұстаушысының (акционердің) акционерлік қоғам таза табысының бір бөлігін дивидендтер түрінде алуына, акционерлік қоғамның істерін басқаруға қатысуға және ол таратылғаннан кейін қалған мүліктің бір бөлігіне құқығын куәландыратын бағалы қағаз акция деп танылады (АК-ның 139-бабының 1-тармағы).

Акционерлік қоғамның тек атаулы акциялар шығаруға құқығы бар (АК-ның 91-бабының 1-тармағының 2-бөлігі). Атаулы бағалы қағаз дегеніміз - бұл өзі куәландырған құқықтардың онда аталған тұлғаға тиесілігін растайтын бағалы қағаз (АК-ның 129-бабының 3-тармағының 6-бөлігі). Акция бөлінбейді. Егер акция ортақ меншік құқығымен бірнеше тұлғаға тиесілі болса, олардың бәрі бір акционер деп танылады және өзінің жалпы өкілі арқылы акциямен куәландырылған құқықтарды пайдаланады. Қоғам жай акциялар, не жай және артықшылықты акциялар шығаруға құқылы. Акциялар құжатсыз нысанда шығарылады (Акционерлік қоғамдар туралы заңның 12-бабының 1 және 3-тармақшалары). Құжатсыз бағалы қағаздар дегеніміз - бұл құжатсыз нысанда (электрондық жазбалардың жиынтығы түрінде) шығарылған бағалы қағаздар (АК-ның 129-бабының 3-тармағының 3-бөлігі).

Қоғамның артықшылықты акцияларының саны оның жарияланған акцияларының жалпы санының 25 пайызынан аспауға тиіс. Артықшылықты акциялардың меншік иелері - акционерлеріне қарағанда қоғамның жарғысында белгіленіп, алдын ала айқындалып кепілдік берілген мөлшерде дивидендтер алуға және қоғам таратылған кезде осы Заңда белгіленген тәртіппен мүліктің бір бөлігіне басым құқығы бар. Артықшылықты акция акционерге қоғамды басқаруға қатысу құқығын бермейді. Бұл ережеден бірнеше өзгешелік бар. Егер:

1) қоғам акционерлерінің жалпы жиналысының шешімі бойынша артықшылықты акцияларды иеленуші акционердің құқығын шектеуі мүмкін мәселені қараса. Шектеу қою үшін артықшылықты акциялардың жалпы санының кемінде үштен екі бөлігі жақтап дауыс берген жағдайда ғана мұндай мәселе бойынша шешім қабылданды деп есептеледі;

2) қоғам акционерлерінің жалпы жиналысы қоғамды қайта ұйымдастыру не тарату туралы мәселені қараса;

3) артықшылықты акция бойынша дивиденд оны төлеу үшін белгіленген мерзім өткен күннен бастап үш ай ішiнде толық мөлшерінде төленбесе, артықшылықты акция акционерге қоғамды басқаруға қатысу құқығын береді (Акционерлік қоғамдар туралы заңның 14-бабының 3-4-тармақшалары).

Құрылтай жиналысы (жалғыз құрылтайшының шешімі) немесе акционерлердің жалпы жиналысы жарғылық капиталды қалыптастыруға және дивидендтер алуға қатыспайтын «алтын акцияны» енгізуі мүмкін. «Алтын акция» иесінің акционерлердің жалпы жиналысының, директорлар кеңесі мен атқарушы органның шешімдеріне қоғам жарғысында белгіленген мәселелер бойынша вето қою құқығы болады. «Алтын акция» куәландырған вето қою құқығы басқаға берілмеуге тиіс (АК-ның 139-бабының 3-тармағы, Акционерлік қоғамдар туралы заңның 13-бабының 5-тармағы).