Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
УМК ЮР лица пос вар..doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
952.83 Кб
Скачать

2 Мемлекеттік кәсіпорындардың түрлері.

а) Шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорындар туралы айта келе, қазіргі кезде мұндай құқықтық режимнің мемлекеттік кәсіпорындарға ғана қолданылатынын ескерткен жөн. Алайда бұрын «меншік иесі емес кәсіпорынның» болатынын білдіретін шаруашылық жүргізу құқығы режимі меншіктің барлық нысандарына қолданылды және оны іс жүзінде кез келген субъект пайдалана алатын еді. Осының нәтижесінде қоғамдық және діни бірлестіктер мен ұйымдарға, қайырымдылық қорларына және тіпті жекелеген азаматтарға тиесілі (мысалы, айтарлықтай кең таралған «жекеменшік (отбасылық) кәсіпорындар» түріндегі) неше түрлі кәсіпорындар пайда болды.

Осылармен өз міндеттемелері үшін жауап беретін және оларды өздерінің меншік иелері толығымен бақылай алатын, сөйтіп өз кезегiнде өз кәсіпорындарының іс-қимылы үшін жауап бермеуге болатын жеткілікті мүлкі және ақша қаражаты жоқ бұл мекемелер айналым жасауға өте икемсіз болды, оның үстіне, көп ретте әр түрлі күдікті мәмілелерді бүркеу үшін, оның ішінде негізсіз салық жеңілдіктерін алу үшін пайдаланылды. Сондықтан заң шығарушылар ҚР Азаматтық кодексін қабылдауда кейбір күдіктер мен ұзақ пікірталас жүргізуден кейін шаруашылық жүргізу құқығы режимін тек мемлекеттік мекемелерге қолдану туралы шешімге келді. Ал бұл осымен бір мезгілде «кәсіпорын» терминінің заңды тұлғаның белгісі ретінде кез келген мемлекеттік емес шаруашылық жүргізуші субъектілерге қатысты қолданылмайтын болуына әкеп соқтырды.

Экономиканың мемлекеттік секторын қысқартуға және экономикалық міндеттерді жеке кәсіпкерлік арқылы шешуге болатын салалардағы мемлекеттік кәсіпорындарды сақтаудың (оның үстіне, жаңаларын құрудың) тиімсіздігін дәлелдеуге бағытталған саясат жүргізуді жалғастыра келе, кәсіпорын туралы заң шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарды мынадай қызмет саласында құруға (ал бұрын құрылғандарын - қолдануға) болады деп көрсетті:

1) қару-жарақты және оның оқ-дәрілерін, қорғаныс құралдарын, әскери техниканы, қосалқы бөлшектерді, құрастырушы элементтерді және олардың құралдарын әзірлеу, өндіру, жөндеу және сату; босатылатын әскери-техникалық құралдарды қайта өндеу және жою (құрту, ұқсату, көму);

2) уранды және басқа бөлінетін материалдарды, сондай-ақ олардан жасалатын бұйымдарды алу, өндіру, тасымалдау, қайта өндеу, көму және сату; арнаулы қорғаныс құралдарын қолданбай-ақ пайдалануға болатын, нормадан артық мөлшерде радиоактивті заттары бар өнімдерді шығару және сату;

3) дәрі-дәрмектер, дәрілік заттар мен емдеу, препараттарын, медициналық жабдықтар мен құрал-саймандар жасау және сату;

4) энергиямен, сумен, жылумен жабдықтау, магистральдық көлік, байланыс, коммуникация, коммуналдық және тұрғын үй шаруашылығы саласында, республикалық және жергілікті инфрақұрылымда тіршілікті қамтамасыз ететін басқа жүйелерде өзінің табиғи монополиялық жағдайы мен әлеуметтік-экономикалық маңыздылығы жағынан тікелей мемлекеттің басқарушы қажет ететін шаруашылық қызметін жүзеге асыру;

5) банк, сақтандыру және өзге де қаржылық қызмет саласында;

6) мемлекеттік автомобиль жолдары желілерін және арнайы қаржыландыру тәртібі белгіленген инфрақұрылымның басқа да объектілерін күтіп ұстау және дамыту;

7) пошта байланысы және телекоммуникациялар, жалпы республикалық және халықаралық байланыс желілерін пайдалану;

8) денсаулық сақтау, табиғат қорғау, білім беру, әлеуметтік қорғау, ғылым, мәдениет және спорт салаларында өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асыру;

9) бұқаралық ақпарат құралдары, баспа және полиграфия қызметі саласында өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асыру;

10) қылмыстық-атқару жүйесі саласында өндірістік қызметті жүзеге асыру;

11) мемлекеттік құқықтық тізілім жүргізуді қамтамасыз ететін қызметті жүзеге асыру.

Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар қызметінің ауқымын шектей келе, жарлық бұған қоса, қызметтік ғимараттарды пайдалану және мемлекеттік органдардың жабдықтау қызметін орындау мақсатында шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар құруға тыйым салынады деп үзілді-кесілді атап көрсетті.

Шаруашылық жүргізу құқығы институтының мазмұны осы оқулықтың 22-тарауында ашып көрсетілетін болады, біз бұл арада тек мынаны еске саламыз: Кәсiпорын туралы жарлыққа сәйкес мемлекеттік кәсіпорынның қарауында оның жарғысыңда көзделген және кәсіпорынның қызметін қамтамасыз ету үшін қажет болатын не осындай қызметтің нәтижесінде шығарылған өнім ғана болуы мүмкін. Мұның өзі мемлекеттік кәсіпорынның құқық қабілеттілігінің арнайы сипатын тағы да байқатады.

Мемлекеттік кәсіпорын үшін жарғылық және резервтік капиталдарды құру көзделген. Кәсіпорынның жарғылық капиталының мөлшерін оның құрылтайшысы белгілейді, бірақ оның мөлшері кәсіпорынға берілген мүліктің жалпы құнынан аспауы керек және кәсіпорынды мемлекеттік тіркеуден өткізген күннен бастап белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 10 000 мөлшерінен кем болмауы керек.

Жарғылық капиталдың мөлшері кәсіпорынның жарғысында көрсетіледі.

Меншік иесі (құрылтайшы) жарғылық капиталды кәсіпорын мемлекеттік тіркеуден өту қарсаңында толығымен құруға тиіс.

Жарғыда көрсетілгеніндей, кәсіпорын резервтік капиталды құруға міндетті және ол жарғылық қордың 10 пайызынан кем болмауы керек, резервтік капитал белгіленген шамаға жеткенге дейін иелігінде қалған пайданың кем дегенде 5 пайызы осы мақсатқа бағытталуы тиіс.

Резервтік капиталдың қаражаты тек шығындарды жабу, бюджет алдындағы міндеттемелерді орындау, мемлекеттік несиелерді өтеу және кәсіпорынның басқадай қаражаты жеткіліксіз болатын жағдайда сыйақы төлеу үшін пайдаланылуға тиіс.

Егер кәсіпкерлік қызметтің жекелеген түрлері туралы заң актілерінде жарғылық және резервтік капиталдарды қалыптастырудың өзге тәртібі мен мөлшері белгіленген болса, онда кәсіпорындар оларды осы актілерде көзделген мөлшерде құрады, бірақ ол Мемлекеттік кәсіпорындар туралы жарлықта көрсетілген шамадан (21-баптың 1-тармағын қараңыз), яғни айлық есептік көрсеткіштің 10 000 мөлшерінен кем болмауы тиіс.

Жарғылық және резервтік капитал кәсіпорынның орнықты қызмет істеуін қамтамасыз етуге және оның контрагенттер алдындағы өз міндеттемелерiн орындауына арналған.

Кез келген коммерциялық ұйым секілді, мемлекеттік кәсіпорын өзіне пайда келтіруге тиіс, олай болмағанда, өз есебінен өзін ұстауды қамтамасыз етуге тиіс. Кәсіпорын шығынға бататын жағдайды да естен шығармау керек. Мемлекет өз кәсіпорнын әлеуметтік маңызы болғанымен (мысалы, зейнеткерлер мен жұмыссыздарға арналған асхана ашу), экономикалық тұрғыдан пайда бермейтін өндіріспен айналысуға міндеттейтін жағдайда бұл айқын көрінеді. Мұндай жағдайларда кәсіпорынның сөз жоқ, бюджеттен дотация алу құқығы болуға тиіс.

Таза табыс түскен түсім (жалпы табыс) мен жұмсалған шығын арасындағы айырмашылық ретінде есептелетіндіктен, кәсіпорынның пайдалылығын қамтамасыз ету үшін бағаның зор маңызы бар, өйткені ол өз тауарын осы бағамен өткізетін болады - кәсіпорынның алатын түсімі нақ осы бағаға тәуелді болады. Социализм тұсында бағаны мемлекет белгілейтін, нарықтық экономика жағдайларында ол тараптардың келісуімен айқындалады. Кәсіпорын туралы жарлық мемлекеттік кәсіпорындар өндіретін және өткізетін тауарларға баға белгілеудің құрама әдісін көздейді.

Кәсіпорын өндірген тауарлардың (атқарған жұмыстардың, көрсеткен қызметтердің) бағасы кәсіпорынның оларды өндіруге (атқаруға, көрсетуге) кеткен шығындарын толық өтеуін, оның жұмысын шығынсыз етуін және өз кірістері есебінен қаржыландыруды қамтамасыз етуі тиіс.

Мемлекеттің тапсырысын орындау есебіне кәсіпорын өндіретін және өткізетін тауарлардың (атқаратын жұмыстардың, көрсететін қызметтердің) бағасын мемлекеттік басқару органының келісуі бойынша, Мемлекеттік кәсіпорындар туралы жарлықта баяндалған талаптарды ескере отырып, кәсіпорын өзі белгілейді (26-бапты қараңыз).

Кәсіпорын мемлекеттің тапсырысынан тыс өндіретін және өткізетін тауарлардың (атқаратын жұмыстардың, көрсетілетiн қызметтің) бағасын кәсіпорын өзі белгілейді.

Кәсіпорынның өзі өндіретін тауарлардың (атқаратын жұмыстардың, көрсетілетін қызметтің) бағасын монополиялық жолмен өсіріп жіберуіне жол бермеу мақсатында мемлекеттік реттеу монополияға қарсы заңдарда белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

Сонымен, баға белгілеудің мынадай екі әдісі көзделген: мемлекеттің тапсырысы есебіне өндірілетін тауарларға - осы тапсырысты кәсіпорынға дейін жеткізетін органмен (яғни мемлекеттік басқару органымен) келісу арқылы; кәсіпорын дербес өндіріп, өткізетін тауарларға -жасасқан сатып алу-сату шарты көлемінде сатып алушымен келісу арқылы.

Кәсіпорын тапқан таза табысты бөлу тәртібі туралы мәселе айтарлықтай маңызды проблема болып табылады.

Кәсіпорын өз қызметінен алынған меншікті табысы есебінен өмір сүреді.

Мемлекеттік кәсіпорынға қаражат заңдарда көзделген тәртіппен бөлінеді.

АК-ның 199-бабына сәйкес, меншік иесі өзі құрған кәсіпорынның шаруашылық жүргізуіндегі мүлікті пайдаланудан келтірілген таза табыстың бір бөлігін алуға құқылы. Бұл ережені нақтылай келе, Кәсіпорын туралы жарлық мынаны көздейді: республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың (ҚР Ұлттық Банкінің мемлекеттік кәсіпорындарын қоспағанда) таза табысының бір бөлігін аударым жасау нормативін ҚР Қаржы министрлігінің келісуі бойынша жоспарланатын жылдың алдындағы 1 мамырға дейін мемлекеттік басқару органы белгілейді.

Коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың таза табысының бір бөлігін аударым жасау нормативін жоспарланатын жылдың алдындағы 1 мамырға дейін жергілікті қаржы органдарымен келісе отырып, мемлекеттік басқару органы белгілейді.

Мемлекеттік кәсіпорындардың таза табысының бір бөлігі белгiленген нормативтер бойынша ҚР заңдарында белгіленген тәртіппен мемлекеттік бюджетке аударылуы тиіс.

ҚР Ұлттық Банкінің республикалық мемлекеттік кәсіпорындарының таза табысының бір бөлігі оның өзі анықтайтын мерзімде, мөлшерде және тәртіпте оның бюджетіне аударылуы тиіс.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, мемлекеттік кәсіпорынның қызметі нәтижесінде алынған табыс (мемлекеттік емес заңды тұлғадан оның айырмашылығы осында) осы кәсіпорын қызметкерлерінің жеке басның баю көзі бола алмайды. Кәсіпорынның таза табысын бөлу тетігі ғана емес, сондай-ақ көрсетілген қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеуді ұйымдастыру да осыған бағытталған.

Кәсіпорынның еңбекке ақы төлеу қорының мөлшерін жыл сайын мемлекеттік басқару органы белгілейді.

Алайда еңбекке ақы төлеу түрлерін, штат кестесін, лауазымдық жалақы мөлшерін, сыйлық беру және өзге де сыйақы жүйесін белгіленген еңбекке ақы төлеу шегінде кәсіпорын өзі анықтайды.

Кәсіпорын басшысының, оның орынбасарларының, бас (аға) бухгалтердің лауазымдық жалақысының мөлшерін, оларға сыйлық беру және өзге де сыйақы жүйесін мемлекеттік басқару органы белгілейді.

Заңды тұлға болғандықтан, кәсіпорын өзінің міндеттемелері бойынша өзіне тиесілі мүліктің бәрімен дербес жауап береді.

Мемлекет кәсіпорынға тиесілі мүліктің меншік иесі бола тұрса да, құрылтайшының (уәкілетті органның) іс-әрекетінен банкроттыққа ұшыраудан басқа жағдайларда кәсіпорынның міндеттемелері бойынша жауап бермейді. Мұндай жағдайларда мемлекет несие берушілердің талаптарын қанағаттандыру үшін кәсіпорынның қаражаты жеткіліксіз болатын реттерде оның міндеттемелері бойынша жауап береді. Заң актілерінде кәсіпорынның міндеттемелері бойынша мемлекет жауапкершілігінің өзге де жағдайлары көзделуі мүмкін.

Кәсіпорынның өзі болса, мемлекеттің не оның уәкілетті органының міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

Шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорындар туралы мәселені қарастыруды аяқтай келе, мынаны атап көрсету керек: бұл заттық құқық іс жүзінде социалистік өңдіріс әдісінен келіп шыққан, «шаруашылық есеп», «оралымды басқару құқығы» секілді санаттардан оларды ауыстырған «толық шаруашылық жүргізу құқығы» санатына өзгерді, және заңды тұлға болып табылатын және тікелей осындай айналымның қатысушысы ретінде әрекет ететін, өзіне тиесілі меншігі емес кәсіпорынмен қоса, тауар айналымының тікелей қатысушысы ретінде әрекет етпейтін меншік иесі - мемлекеттің қарым-қатынасын қамтамасыз етуге тиісті құқықтық конструкция болып табылады. Нарықтық экономикасы дамыған бірде-бір елдің заңдарында мұндай конструкция жоқ. Оларда мемлекеттік кәсіпорындар, әдетте, акционерлік қоғам түрінде немесе құрылтайшы-мемлекет толығымен немесе ішінара шешуші дауыспен қатысатын шаруашылық серіктестік түрінде өмір сүреді.

б)Оралымды басқару құқығымен мемлекет мүлкіне ие болған қазыналық кәсіпорын мемлекеттік кәсіпорынның екінші түрі болып табылады (АК-ның 104-бабының 1-тармағы).

Қазыналық кәсіпорындардың мақсатты құқық қабілеттілігі болады және Кәсіпорын туралы жарлыққа сәйкес белгілі бір қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін құрылуы мүмкін, атап айтқанда:

1) төтенше және авариялық жағдайларда кен-құтқару және өзге де арнаулы жұмыстарды орындау, өрттен, су тасқынынан және басқа табиғи зілзалалардан қорғау;

2) қылмыстық-атқару жүйесі саласында өндірістік қызметті жүзеге асыру;

3) топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстар жүргізу;

4) денсаулық сақтау, табиғат қорғау, білім беру, әлеуметтік қорғау, ғылым, мәдениет және спорт салаларында өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асыру;

5) қызметтік үй-жайларды пайдалануды және мемлекеттік органдардың жабдықтау функцияларын жүзеге асыру;

6) кеме жүзетін жолдарды және гидротехникалық құрылыстарды (шлюздерді) күтіп ұстау және дамыту;

7) мемлекеттің монополиясына жатқызылған салаларда қызметті жүзеге асыру.

Бұл тізбе жабық болып табылады және оның негізгі мақсаты - қазыналық кәсіпорындар саны өсуінің алдын алу.

Қазыналық кәсіпорынның шаруашылық қызметі оның жарғысында жазылған мақсат-міндеттермен, сондай-ақ уәкілетті орган арқылы кәсіпорынға дейін жеткізілетін мемлекеттің тапсырыстармен айқындалады. Өзге шаруашылық қызметті, жүргізуге жол берілмейді деп көрсете отырып, қолданыстағы заңдар қазыналық кәсіпорынның шаруашылық қызметін жарғының және мемлекеттік тапсырыстың шеңберімен қатаң шектеп отырады, сөйтіп, қазыналық кәсіпорындардың арнаулы мақсаты іс-әрекетін растап береді (Мемлекеттік кәсіпорындар туралы жарлықтың 39-бабын қараңыз).

Коммерциялық ұйымдар болып табылатын мемлекеттік кәсіпорындарға ғана таралатын шаруашылық жүргізу құқығынан өзгеше, оралымды басқару құқығында коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдар болып саналатын мемлекеттік және мемлекеттік емес заңды тұлғалар болуы мүмкін. Қазыналық кәсіпорынның өзіне келетін болсақ, онда ол, біріншіден, мемлекеттік заңды тұлға болып табылады және, екіншіден, коммерциялық ұйымдардың қатарына жатады.

Шаруашылық жүргізу құқығының оралымды басқару құқығынан негізгі айырмашылығы белгілі бір заттық құқықты пайдаланатын заңды тұлға өкілеттігінің көлемінде (және тиісінше - дербестілік және жауаптылық деңгейінде) болып табылады.

Қазыналық кәсіпорын өзінің жарғылық қызметін қамтамасыз етуге қажетті мүлікті ғана оралымды басқару құқығы негізінде иемдене алады. Оның уәкілетті органның келісуінсіз негізгі қорға жататын мүлікті сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту немесе өзге де мәмілелер негізінде алуға құқығы жоқ. Осы арқылы қазыналық кәсіпорынның ақша қаражаты қалай болса, солай жұмсалудан және ұтымсыз пайдаланудан қорғалады.

Шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорыннан өзгеше, заң қазыналық кәсіпорынды құру және қызметін ұйымдастыру жағдайлары ретінде онда жарғылық немесе резервтік капитал құруды көздемейді. Мұны былайша түсіндіруге болады: қазыналық кәсіпорындар шаруашылық қызметін шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорындармен салыстырғанда едәуір шағын және қатаң шектелген көлемде жүзеге асырады, сондай-ақ мемлекет қазыналық кәсіпорынның борыштары бойынша ортақ жауап береді. Бұл қазыналық кәсіпорынның несие берушілеріне олардың осы кәсіпорынға қоятын талаптарын қанағаттандырудың қосымша кепілдіктерін туғызады.

Қазыналық кәсіпорын өндіретін және өткізетін тауарлардың (атқаратын жұмыстардың, көрсететін қызметтің) бағасын уәкілетті орган белгілейді.

Қазыналық кәсіпорындардың монополиялық жолмен өндіретін тауарлардың (атқаратын жұмыстардың, көрсететін қызметтің) бағасын өсіріп жіберуіне жол бермеу мақсатында оларды мемлекеттік реттеуді бағалар мен тарифтерді реттеу жөніндегі орталық атқарушы органмен келісе отырып, уәкілетті орган жүзеге асырады.

Қазыналық кәсіпорынның қызметі уәкілетті орган бекітетін, мемлекеттік тапсырыс бөліп көрсетілетін смета бойынша өз табысы есебінен қаржыландырылады.

Қазыналық кәсіпорынның сметасы - бұл оның жұмсайтын шығындарының көлемін, мақсатты бағытын және тоқсандық бөлінуін айқындайтын тізімі.

Қазыналық кәсіпорынның сметадан тыс алған табысы тиісті бюджетке аударылуы тиіс.

Қазыналық кәсіпорынның еңбекке ақы төлеу қорын мемлекеттік басқару органы белгілейді.

Қазыналық кәсіпорын қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесін ҚР Үкіметі белгілейді.

Қазыналық кәсіпорын сыртқы экономикалық қызметті, егер бұл оның жарғысында көзделген немесе мемлекеттің тапсырысынан туындайтын жағдайда ғана жүзеге асырады. Өзге жағдайларда қазыналық кәсіпорын жекелеген экспорт-импорт операцияларын уәкілетті органның рұқсатымен ғана жасауға құқылы.

Өз міндеттемелері бойынша өзіне тиесілі мүлкінің бәрімен жауап беретін шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорыннан және жалпы ереже бойынша осындай кәсіпорынның қызметіне жауап бермейтін меншік иесі - мемлекеттен өзгеше, қазыналық кәсіпорын - өз міндеттемелері бойынша өзінің билігіндегі ақшамен ғана жауап береді. Қазыналық кәсіпорынның қалған мүлкінен ақы өндіріп алуға осы кәсіпорын таратылатыннан басқа жағдайларда жол берілмейді.

Қазыналық кәсіпорын өз мүлкінің меншік иесінің міндеттемелері бойынша жауап бермейді. Қазыналық кәсіпорынның ақша қаражаты жеткіліксіз болса, оның міндеттемелері бойынша ортақ жауапкершілікті Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бөлініс көтереді.

Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бөлініс қазыналық кәсіпорынның шарттық міндеттемелері бойынша ортақ жауапкершілікті мемлекеттік тапсырысты орындау көлемінде ғана көтереді. Таратылатын қазыналық кәсіпорынның мүлкі несие берушілердің талаптарын қанағаттандыруға жеткіліксіз болатын жағдайларда мұның соңғылары осы кәсіпорын мүлкінің меншік иесі есебінен талаптың қалған бөлігін қанағаттандыру туралы сотқа талап қоюға құқылы (Мемлекеттік кәсіпорындар туралы жарлықтың 44-бабын қараңыз). Мынаған назар аудару керек: әдетте көрсетілетініндей, қазыналық кәсіпорынның меншік иесінің жауапкершілігі бюджет қаражатымен шектелместен, оның көзі ретінде қазынаның қаражатын білдіре отырып, айтарлықтай кең сипатты болады.

Шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорын да, қазыналық кәсіпорын да мемлекеттік кәсіпорынның түрлері болғандықтан, кәсіпорынның бір түрін оның екінші түрі етіп, қайта құру туралы мәселе тууы мүмкін. Бұл, әдетте, шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорынды қазыналық кәсіпорын етіп қайта құру мәселесіне қатысты болады. Кәсіпорын туралы жарлық кәсіпорынды қайта құру туралы шешім мынадай жағдайларда міндетті болып табылады деп көрсетеді (Мемлекеттік кәсіпорындар туралы жарлықтың 45-бабын қараңыз): шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық кәсіпорынды қазыналық кәсіпорын етіп қайта құру уәкілетті органның ұсынысы бойынша ҚР Үкіметінің шешімімен, ал коммуналдық кәсіпорынды қайта құру - жергілікті атқарушы органның шешімімен жүргізіледі.

Шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорынды қазыналық кәсіпорын етіп қайта құру жөніндегі барлық шығын, сондай-ақ кәсіпорында жеткілікті қаржы болмаған жағдайда қайта құрылатын кәсіпорынның несие берушілермен есеп айырысуы тиісті бюджеттің есебінен жүзеге асырылады.

Шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорын негізінде құрылған қазыналық кәсіпорын оған бұрын бөлінген мемлекеттік мүлік пен ақшалай қаражат, сондай-ақ жерді пайдалану, табиғатты пайдалану, жер қойнауын пайдалану, квотаны, лицензияны және бұрын жасалған шарттарды беру жөнінен, егер соңғылар жаңадан құрыжан қазыналық кәсіпорынның мәні мен мақсатына сәйкес келсе, қайта құрылған кәсіпорынның құқықтық мұрагері болып табылады.

Шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорын қазыналық кәсіпорын болып қайта құрылған кезде оған бекітіліп берілген мүліктің құқықтық режимі кәсіпорынды қайта құру туралы шешім қабылданған сәттен бастап шаруашылық жүргізу құқығынан оралымды басқару құқығына ауыстырылады.

Ең соңында мынаны атап көрсетеміз: қазыналық кәсіпорынның құқықтары мен дербестігінің шектеулілігіне, сондай-ақ өздеріне бекітілген мүліктің құқықтық режимінің мекемелермен ортақтығына (қазыналық кәсіпорын да, мекемелер де өздерінің қызметін оралымды басқару құқығы негізінде жүзеге асырады) қарай, бұл кәсіпорындар кейде «мемлекеттің шаруашылық мекемелері» ретінде сипатталады.

Кейбір ұқсастықтарына қарамастан, қазыналық кәсіпорын мен мекеме заңды тұлғаның әр түрлі ұйымдық-құқықтық нысандары болатындықтан және бірқатар айтарлықтай белгілері жөнінен бір-бірінен ерекшеленетіндіктен (қазыналық кәсіпорын - коммерциялық ұйым, мекеме - коммерциялық емес ұйым болып табылады, мұның алғашқысы өз табысы есебінен қаржыландырылады, екіншісі - оған меншік иесі бөліп беретін ақша есебінен өмір сүреді, олардың міндеті, нысанасы, қызмет мақсаты және т.с.с. жөнінен де айырмашылықтары болады), мұндай сипаттаманы дұрыс деп есептеуге бола қояр ма екен.

Өз мүлкінің есебінен басқа мемлекеттік кәсіпорын құрған заңды тұлға - еншілес мемлекеттік кәсіпорын кәсіпорындардың тағы бір түрі болып табылады.

Республикалық мемлекеттік кәсіпорынға жататын еншілес кәсіпорын негізгі кәсіпорынды мемлекеттік басқарудың жоғары тұрған органының ұсынуы бойынша, уәкілетті орган мен баға және монополияға қарсы саясат жөніндегі орталық атқарушы органның келісуімен ҚР Үкіметінің рұқсаты бойынша құрылады.

3 Негізгі кәсіпорын - шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын еншілес кәсіпорынның құрылтайшысы рөлін атқарады (Мемлекеттік кәсіпорыңдар туралы жарлықтың 46-бабын қараңыз). Сонымен, шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорындар ғана еншілес мемлекеттік кәсіпорындар құру құқығын пайдаланады (яғни қазыналық кәсіпорын өзінің еншілес кәсіпорнын құра алмайды).

Еншілес кәсіпорынның жарғысын өзінен жоғары тұрған мемлекеттік басқару органының келісуімен оның құрылтайшысы (негізгі кәсіпорын) бекітеді.

Еншілес кәсіпорынның басқа еншілес кәсіпорын құруға құқығы жоқ.

Еншілес кәсіпорынды мемлекеттік басқару органы, сондай-ақ оған қатысты мемлекеттік меншік құқығы субъектісінің функциясын жүзеге асыратын орган рөлін негізгі кәсіпорын атқарады, ол Мемлекеттік кәсіпорындар туралы жарлықтың 25-бабының 1-тармағының 1), 2-1)-тармақшаларында көзделген жағдайлардан басқа реттерде мемлекеттің уәкілетті органының құқықтарын пайдаланады.

Республикалық мемлекеттік кәсіпорынға жататын еншілес кәсіпорын ҚР Үкіметінің шешімімен шаруашылық жүргізу құқығындағы әдеттегі кәсіпорын болып қайта құрылуы мүмкін.

Коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынға жататын еншілес кәсіпорын жергілікті атқарушы органның шешімімен шаруашылық жүргізу құқығындағы әдеттегі кәсіпорын болып қайта құрылуы мүмкін.

Еншілес мемлекеттік кәсіпорын шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорын нысанында құрылады және осы секілді заңды тұлғаларға берілген өкілеттіктерді пайдаланады. Еншілес кәсіпорын өзінің міндеттемелері бойынша өзіне тиесілі мүлкінің бәрімен жауап береді және өзін құрған негізгі кәсіпорынның міндеттемелері бойынша жауап бермейді. Негізгі кәсіпорын өзінің еншілес кәсіпорнының міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

Еншілес кәсіпорындар құру мемлекеттік кәсіпорындар санының артуына себепші болады, ал бұл оның негізі жеке меншік болып табылатын нарықтық экономика жағдайларына сай келмейді. Сондықтан Кәсіпорын туралы жарлық бірқатар жағдайлар арқылы еншілес кәсіпорындар құру мүмкіңдігін туғызады. Мұның ең алдымен, еншілес кәсіпорындар құру мақсаттарына қатысы бар. Кәсіпорын туралы жарлық мұндай кәсіпорындар:

1) негізгі кәсіпорынды, оның ішінде монополияға қарсы заң талабы күшіндегі кәсіпорынды ықшамдау;

2) негізгі кәсіпорынның филиалдарын дербес заңды тұлға етіп қайта құру;

3) негізгі өндірістің тиімділігін арттыру үшін қосымша және мамандандырылған өндірістер құру;

4) негізгі өндірісті оған тән емес қызмет пен функция түрлерінен босату мақсатында құрылады деп көрсетеді.

Сонымен қатар, еншілес кәсіпорын өзінің мақсаты және қызмет ету бағыты бойынша шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарға қойылатын талаптарға сай болуы тиіс. Осылайша, еншілес кәсіпорын құру экономикалық және заң тұрғысынан негізді болуы керек.

Еншілес мемлекеттік кәсіпорындардың құқықтық мәртебесінде (ал олардың өмір сүруі, дәлірек айтқанда, бір кездегі кең тараған өндірістік бірлестіктердің жаңғырығы болып табылады) кейбір экономикалық және заңдық күмәндылық бар (ең алдымен, меншік құқығы тұрғысыңда - меншік иесі емес бір кәсіпорын нақ сондай тағы бір кәсіпорын құрады да, мемлекеттік меншік құқығы субъектісінің функциясын атқарады). Сөйтіп, мүліктің құқықтық режимін анықтауда күрделілік туады: еншілес кәсіпорынның мүлкі осымен бір мезгілде әр түрлі екі субъектіге - еншілес кәсіпорынның өзіне және құрылтайшы-мекемеге тиесілі шаруашылық жүргізу құқығын иелене отырып, бұған қоса, мемлекет меншігінде қалған болып шығады. Басқару жүйесін ұйымдастыруда да айқындық бұзылады: бір (негізгі) кәсіпорын екінші (еншілес) кәсіпорынға қатысты мемлекеттік басқару органының өкiлеттігін иеленеді, яғни әртекті (шаруашылық және билікші-өкімші) функциялар өзара қосылып, араласып кетеді. Сондықтан еншілес кәсіпорын мәртебесінің уақытша қолданылуы және әдеттегі кәсіпорынның мәртебесіне өтпелі сипат атқаруы орынды болып көрінеді (Кәсіпорын туралы жарлық мұндай өзгеру мүмкіндігін көздейді). Мәселен, республикалық кәсіпорынға жататын еншілес кәсіпорын ҚР Үкіметінің шешімімен шаруашылық құқығындағы әдеттегі кәсіпорын болып қайта құрылуы мүмкін.

Еншілес кәсіпорынды еншілес шаруашылық серіктестікпен шатастырмау керек - мұның екіншісі қашан да жеке меншікке негізделген, ал еншілес кәсіпорын - қашан да мемлекеттік кәсіпорын болады.

Бақылау сұрақтары:

1 Қазыналық кәсіпорынның сметасы ұғымы.

2 Еншілес мемлекеттік кәсіпорын

3 Кәсіпорынды мемлекеттік басқару органының өкілеттіктері

Ұсынылатын әдебиеттер:

1.Жайлин Ғ.А. Қазақстан Республикасының Азаматтық құқығы. Оқулық. Ерекше бөлім I – том. Алматы 2005 жыл.

2. Сулейменов М.К. Басин Ю.Г. Гражданское право ( академический курс). Алматы. Баспа 2002ж.

3. Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі / Ерекше бөлім/.- Алматы: ЮРИСТ,2010.- Б.151- 164.

Тақырып 9 Мекеме және қоғамдық бірлестік. Қоғамдық қор.Тұтыну кооперативі.

Дәрістің мақсаты:

Жоспары:

1 Мекеме ұғымы

2 Қоғамдық бірлестік. Саяси партия. Кәсіптік одақ

3 Қоғамдық қор ерекшеліктері.

4 Тұтыну кооперативінің құқықтық жағдайы.

1. Мекеме дегеніміз - бұл осы арқылы меншік иесі өзінің азаматтық қатынастардағы еркін білдіретін ұйымдық-құқықтық нысандардың бірі. Басқа заңды тұлғалардан өзгеше, мұндай заңды тұлғаның өз құрылтайшысына тәуелділігі әлдеқайда күшті болады. Азаматтық құқықтың кез келген субъектісі мекеме құруы мүмкін, яғни мекеме меншіктің мемлекеттік те, сондай-ақ жекеменшік те нысандарында құрылуы мүмкін. ТМД елдерінде көбіне мемлекеттің әр түрлі басқару, білім беру, медициналық және т.с.с. функцияларын атқаратын мемлекеттік мекемелер құрынады.

1998 жылға дейінгі Қазақстаңдағы секілді, барлық елдерде туыстық ұғым ретіндегі мекеме өзіне түр ұғымы ретіндегі мемлекеттік және жекеменшік мекемелерді қамтиды. Қазақстанда 1998 ж. Қаржы министрлігі Азаматтық кодекске өзге де нормативтік өзгерту актілерін енгізді, олар мекемені (туыстық ұғым) тағы да мекеме (түр ұғымы) мен мемлекеттік мекемеге (түр ұғымы) жіктеді. Сондықтан Қазақстанда әрбір нақты жағдайда мекеме ретінде нені - барлық мекемелерді немесе меншіктің жекеменшік нысанына негізделген мекемелерді түсіну керектігіне көз жеткізу қажеттігі туады.

Азаматтық кодексте жеке меншік мекемеге мынадай анықтама берілген: басқару, әлеуметтік-мәдени немесе өзге де коммерциялық емес сипаттағы қызметтерді жүзеге асыру үшін меншік иесі құрған және қаржыландыратын ұйым мекеме деп танылады (АК-ның 105-бабының 1-тармағы).

Мемлекет ҚР Конституциясы мен заңдарына сәйкес немесе ҚР Президентінің, ҚР Үкіметінің және астана, облыстар, республикалық бағыныстағы қалалар әкімдерінің шешімдеріне сәйкес құрылатын және егер заң актілерінде қосымша қаржыландыру көздері белгіленбеген болса, мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын мекеме мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын мекеме мемлекеттік мекеме деп танылады (АК-ның 105-бабының 2-тармағы). Мемлекеттік мекемені құруда оның аумақтық қызмет ету аясы (республикалық, жергілікті немесе аймақтық) айқындалуы тиіс. Коммерциялық емес сипаттағы кез келген мақсат үшін мекеме құрылуы мүмкін. Мысалы, басқару, білім беру, медицина, ғылыми-зерттеу, мәдени және т.с.с. Мемлекеттік мекемелер, әдетте, басқару мақсаттарын көздейді. Әңгіме мемлекеттік органдар - министрліктер, ведомстволар, әкімияттар және т.с.с. болып отыр. Мекемені, әдетте, бір тұлға құрады, бірақ оны бірнеше тұлғаның құруына тыйым салынбайды. Бұл жағдайда, меншік иесінің құқықтары құрылтай шартына сәйкес бөлініп, жүзеге асырылады.

Мекеме мен мемлекеттік мекеменің өздеріне бекітіліп берілген мүлікке құқықтары АК-ның 202-208-баптарына сәйкес анықталады (АК-ның 105-бабының 4-тармағы). Басқаша айтқанда, мүлік оралымды басқару құқығыңда мемлекеттік мекемеге тиесілі болады. Тұтас алғанда, жеке меншік мекемелерге де осындай режим таралады. Мекеме меншік иесі бекітіп берген сметаның негізінде өз қаражатына билік етеді. Мемлекеттік мекеменің тиісті қаржы жылына бекітілген қаржыландыру жоспарынан асатын шарттық міндеттемелер қабылдауына жол берілмейді (АК-ның 105-бабының 3-1-тармағы). Мекеменің мүлкі алынып қоюы немесе меншік иесі арқылы қайта бөлінуі мүмкін. Мекеме өзінің міндеттемелері бойынша қолында бар ақшамен жауап береді. Олар жеткіліксіз болған жағдайда мекеменің міндеттемелері бойынша оның құрылтайшысы жауапты болады (АК-ның 44-бабының 1-тармағының 2-бөлігі). Таратылатын заңды тұлғаның ақшасы несие берушілердің талабын қанағаттандыру үшін жеткіліксіз болса, тарату комиссиясы заңды тұлғаның мүлкін сот шешімдерін орыңдау үшін белгіленген тәртіп бойынша жария сатуды жүзеге асырады (АК-ның 50-бабының 5-тармағы). Мемлекеттік мекеме өзінің міндеттемелері бойынша өз билігіндегі ақшамен жауап береді. Мемлекеттік мекемеде ақша жеткіліксіз болатын жағдайда оның міндеттемелері бойынша Үкімет немесе тиісті жергілікті атқарушы орган жауапты болады (АК-ның 44-бабының 1-тармағының 3, 4-тармақшалары).

Кіріс тусіруді өз қызметінің негізгі мақсаты етпеу - мекеменің міндетті белгісі. Басқаша айтқанда, мекеменің кәсіпкерлік қызмет ауқымынан тыс жағдайда кіріс түсіруіне және, тиісті, айтарлықтай мөлшерде түсіруіне тыйым салынбайды. Бірақ бұл негізгі мақсат емес. Алынған ақша құрылтайшының меншігі болып табылады және мекеме оны смета бойынша жұмсайды немесе құрылтайшы алып қояды. Жеке меншік мекемелер өздерінің жарғылық құқық қабілеттілігі шегінде кәсіпкерлік қызмет жүргізе алады. Оны жүргізу құқығы құрылтай құжаттарында баянды етілуі тиіс (АК-ның 34-бабының 3-тармағы). Солай бола тұрса да, мемлекеттік органдар болып табылатын мекемелер (министрліктер, ведомстволар, олардың заңды тұлға құқықтары бар бөлімшелері және т.с.с.), заң актілерiнде өзгеше көзделмесе, кәсіпкерлік қызметпен айналысуға құқысыз болады (АК-ның 105-бабының 2-тармағы).

Жеке меншік мекеменің рұқсат етілген кәсіпкерлік қызметтен түсірген кірістері құрылтайшының меншігі болып табылады. Алайда, меншік иесінде оларға билік ету құқығы болмайды. Мекеменің рұқсат етілген кәсіпкерлік қызметтен түсірген кірістері мекеменің дербес билігіне өтеді. Олар және оларға сатып алынған мүлік мекемеге оралымды басқару құқығында емес, ерекше заттық құқықта - мүлікке дербес билік ету құқығыңда тиесілі болады.

Мемлекеттік және өзге де мекемелердің жекелеген түрлерінің құқықтық жағдайларының ерекшеліктері заңдармен айқындалады. Әңгіме, негізінен алғанда, мемлекеттік биліктің өкілді және атқарушы органдары жөнінде болып отыр. Аталған органдардың жергілікті деңгейі бірыңғай заңмен реттеледі (ҚР Конституциясын қараңыз). Министрліктер мен ведомстволар Үкімет қаулыларының, Президент жарлықтарының немесе Парламент заңдарының негізінде іс-қимыл жасайды. Мәселен, Президенттің «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылығын құру туралы» 1994 ж. 27 қаңтардағы №1526 Жарлығымен Қазынашылықтың орталықтандырылған органдар жүйесі құрылды. ҚР Министрлер Кабинетінің "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылығын құру мәселелері" атты 1994 ж. 20 мамырдағы №549 Қаулысымен қазынашылықтың аумақтық басқармалары мен бөлімшелеріне мекеме мәртебесі берілген.

Мемлекеттік басқару органдарынан басқа, жекелеген нормативтік актілер қадағалау органдарын, мысалы, прокуратураның қызметін реттеп отырады. ҚР Прокуратурасы біртұтас орталықтандырылған мекемелер жүйесін құрайды және Конституцияның, Президенттің 1995 ж. 21 желтоқсандағы Заң күші бар «Қазақстан Республикасының Прокуратурасы туралы» Жарлығының негізінде жұмыс істейді.

ҚР Президенті, ҚР Парламенті, ҚР Үкіметі, ҚР Конституциялық Кеңесі, ҚР Жоғарғы Соты, ҚР Президенті Әкімшілігі мемлекеттік органдар болып табылады. Олар туралы ережелер ҚР Конституциясында баянды етілген және тиісті заң актілерінде нақтыланған. Олар азаматтық айналымға мемлекеттік мекемелер ретінде қатысады. Бұл АК-ның 34-бабының 3-1-тармақтарынан туындайды, онда «Коммерциялық емес ұйым болып табылатын және мемлекеттік бюджеттің есебінен ғана ұсталатын заңды тұлға тек қана мемлекеттік мекеме нысанында құрылуы мүмкін» деп көрсетілген.

ҚР Конституциясына, конституциялық заңдарға, өзге де заң актілеріне немесе ҚР Президентінің Жарлықтарына сәйкес мемлекеттік органдар болып табылатын қалған мемлекеттік органдар, егер олар көрсетілген заңдармен немесе оларды құру жөніндегі жеке актілермен заңды тұлға ретінде анықталған болса, мекемелер болып танылады. Заңды тұлға ретінде айқындалмаған, басқа мемлекеттік органдардың - заңды тұлғалардың құрамында болатын мемлекеттік органдар заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелері ретінде қарастырылады.

Мемлекеттік органның құзіретін, құрылымын, ведомстволық бағыныстылығын және оның функциясын жүзеге асыруға байланысты басқа да мәселелерін заңдар немесе осы мемлекеттік органдарды құру жөніндегі жеке актілер айқындайды.

Егер мемлекеттік мекемелер азаматтық-құқықтық қатынастарға мемлекеттің атынан емес, өздеріне смета бойынша бөлінген мүліктің шегінде өз атынан қатысатын жағдайда, олар мекемелер ретінде қарастырылады (ғимараттарды жалдау, кеңсе құралдарын, жабдықтарды, жиһаз сатып алу-сату шарттарын жасасады, келтірілген зияннан туатын міндеттемелер бойынша жауапты болады, басқа да азаматтық-құқықтық іс-қимылдар жасайды).

Мемлекеттік органдар болып табылатын мекемелер тиісті нормативтік актінің негізінде құрылады және мемлекеттік мекемелер үшін белгіленген заңдар бойынша тіркеуден өтуі тиіс. Қазақстан Республикасы немесе мемлекет уәкілеттік берген мемлекеттік орган мемлекеттік органдар болып табылатын мекемелердің құрылтайшылары болады. Мемлекеттік меншікті иелену, пайдалану, билік ету құқыты белгіленген тәртіппен берілген мекемелерді қоспағанда, мемлекеттік мекеме басқа заңды тұлғаны құра алмайды, сондай-ақ оның құрылтайшысы (қатысушысы) бола алмайды (АК-ның 105-бабының 3-тармағы).

2 Қоғамдық бірлестік. Қазақстан Республикасында саяси партиялар, кәсіптік одақтар және азаматтардың заңдарға қайшы келмейтін, өздерінің ортақ мақсаттарына жету үшін ерікті негізде құрған басқа да бірлестіктері қоғамдық бірлестіктер болып танылады (АК-ның 106-бабының 1-тармағы). Қоғамдық бірлестіктің құқықтық жағдайын АК, «Қоғамдық бірлестіктер туралы» 1996 ж. 31 мамырдағы заң, «Саяси партиялар туралы» 2002 ж. 15 шілдедегі заң, «Кәсіптік одақтар туралы» 1993 ж. 9 сәуірдегі заң және басқа да заң актілері айқындайды. Қоғамдық бірлестіктер туралы заңның күші, діни бірлестіктерді қоспағанда, шетелдік және халықаралық коммерциялық емес, үкіметтік емес бірлестіктердің Қазақстан Республикасы аумағында құрылған және жұмыс істейтін құрылымдық бөлімшелерінің (филиалдары мен өкілдіктерінің) қызметіне таралады.

Қоғамдық бірлестіктер азаматтардың саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтары мен бостандықтарын іске асыру және қорғау, белсенділігі мен ынталылығын дамыту; кәсіби және әуесқойлық мүдделерін қанағаттандыру; ғылыми, техникалық және көркем шығармашылығын дамыту; адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау, айналадағы табиғи ортаны қорғау; қайырымдылық қызметке қатысу; мәдени-ағарту, спорттық-сауықтыру жұмыстарын жүргізу; тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау; патриоттық және адамгершілік тәрбие беру; халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және нығайту; Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де қызметті жүзеге асыру мақсатында құрылып, жұмыс істейді.

Мақсаттары немесе іс-әрекеттері конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге, Қазақстан Республикасының тұтастығын бұзуға, мемлекеттің қауіпсіздігін әлсіретуге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты өршітуге бағытталған қоғамдық бірлестіктер құруға және олардың қызметіне, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендірілген құрамалар құруға тыйым салынады.

Қазақстан Республикасы аумағында әскерилендірілген құрылымы, түрі, арнаулы айырым белгілері, гимндері, жалаулары, вымпелдері, ішкі тәртіп пен басқарудың ерекше шарттары, қаруы, соның ішінде қару іспеттес заттары бар әскерилендірілген құрамалар үлгісіндегі қоғамдық бірлестіктер құруға тыйым салынады. Басқа мемлекеттердін саяси партиялары мен кәсіптік одақтарының, діни негіздегі партиялардың қызметіне, сондай-ақ саяси партиялар мен кәсіптік одақтарды шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтардың, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қаржыландыруына жол берілмейді. Азаматтардың денсаулығы мен рухани негіздеріне қастандық жасайтын қоғамдық бірлестіктер құруға және оның қызметіне, сондай-ақ тіркелмеген қоғамдық бірлестіктердің қызметіне жол берілмейді (Қоғамдық бірлестіктер туралы заңның 5-бабы).

Қоғамдық бірлестік Қазақстан Республикасы азаматтарының жарғы қабылданып, басқарушы органдар қалыптастырылатын құрылтай съезін (конференциясын, жиналысын) шақыратын, кемінде он адамнан тұратын тобының бастамасы бойынша құрылады (Қоғамдық бірлестіктер туралы заңның 10-бабының 1-тармағы).

Қазақстан Республикасында республикалық, аймақтық және жергілікті қоғамдық бірлестіктер құрылып, жұмыс істеуі мүмкін. Қазақстан Республикасы облыстарының жартысынан астамының аумағында өздерінің құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) бар бірлестіктер республикалық қоғамдық бірлестіктерге жатады. Қазақстан Республикасы облыстарының жартысынан азының аумағында өздерінің құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) бар бірлестіктер аймақтық қоғамдық бірлестіктерге жатады. Жергілікті қоғамдық бірлестіктерге Қазақстан Республикасының бір облысы шегінде жұмыс істейтін бірлестіктер жатады.

Қоғамдық бірлестік жарғының негізінде жұмыс істейді. Мұндай бірлестіктің қаражаты, егер оларды төлеу жарғыда көзделген болса, кіру жарналары мен мүшелік жарналардан; ерікті жарналар мен жиналған жылудан; жарғыға сәйкес дәрістер, көрмелер, спорттық және басқа шаралар, лотереялар өткізуден түскен түсімдерден; өндірістік және өзге де шаруашылық қызметтен алынған табыстан; заң актілерінде тыйым салынбаған басқа түсімдерден құралады. Қоғамдық бірлестікке қатысушылардың (мүшелерінің) осы бірлестіктерге өздері берген мүлікке, оның ішінде мүшелік жарналарға құқықтары жоқ. Олар өздері мүшелері ретінде қатысатын қоғамдық бірлестіктердің міндеттері бойынша жауап бермейді, ал аталған бірлестіктер өз мүшелерінің міндеттемелері бойынша жауап бермейді (АК-ның 106-бабының 1-тармағының 2-бөлігі).

Қоғамдық бірлестік өзінің балансына бекітілген мүліктің меншік иесі болып табылады. Қоғамдық бірлестік мүлкінің жеке меншіктің ерекше түріне жататын құқықтық режимі болады. Бірлестіктің жарғысында көзделген қызметті материалдық жағынан қамтамасыз етуге қажетті объектілер, сондай-ақ оның қаражаты есебінен құрылатын кәсіпорындар қоғамдық бірлестіктің меншігі болып табылады. АК-ның ережелеріне сәйкес, қоғамдық бірлестік шаруашылық серіктестік және акционерлік қоғам нысанындағы кәсіпорындар құруға құқылы. Сондықтан ол кәсіпорын құратын жағдайда оның меншік иесі болмағанымен, құрылтайшысы болады да, кәсіпорынның мүлкіне міндеттемелік құқықтарын сақтайды. Соттың шешімі бойынша таратылған қоғамдық бірлестіктің мүлкі, егер заңда өзгеше көзделмесе, оның жарғысында көзделген мақсаттарға пайдаланылады (АК-ның 106-бабының 7-тармағы).

Саяси партия. Қоғамдық бірлестік түрлерінің бірі саяси партия болып табылады. Саяси партиялардың өмір сүруінің негізгі формальдық принциптері Қазақстан Конституциясында (бұдан әрі - Конституция) айқындалған. Конституцияда идеологиялық және саяси әр алуандылық жарияланған (5-баптың 1-тармағы). Соңдықтан ҚР азаматтарының бірлесу бостандығына құқығы бар (Конституцияның 23-бабының 1-тармағы). Бұл тұста мемлекет мемлекеттік институттарды саяси партиялардан жоғары қойғандай болады. Сондықтан мемлекеттік органдарда саяси партияларды құруға жол бермейді (Конституцияның 5-бабының 1-тармағы).

ҚР азаматы бір ғана саяси партияның мүшесі бола алады. Мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілерге азаматтардан қандай түрде болса да, оның ішінде ресми құжаттарда да, адамның қай партияның мүшесі екенін сұрауға талап етуге тыйым салынады. Саяси партияның мүшелігінде болу ҚР азаматының құқықтары мен бостандықтарын шектеуге негіз бола алмайды.

Саяси партияның қоғамда алатын орнына қатысты мемлекеттік идеология және оның мемлекетпен қатынасы бірнеше негізгі принциптерден тұрады. Олардың біреуін шартты түрде «партияның мемлекеттен бөлінуі» деп белгілеуге болады. Сырттай қарағанда, мемлекет саяси партияның мемлекеттен кез келген маңызды тәуелділігін алып тастауға тырысады. Мұндай саясат «саяси партияларға мемлекеттік органдардың функциясын жүктеуге және саяси партияларды мемлекеттік қаржыландыруға жол берілмейді» деген постулатпен бейнеленеді.

Саяси партиялардың қызметін Конституция, АК, Қоғамдық бірлестіктер туралы заң және Саяси партиялар туралы заң реттеп отырады. Саяси партия азаматтардың өз өкілдері арқылы мемлекеттік билікті жүзеге асыруға қатысуы арқылы ҚР азаматтарының еркін анықтауына және білдіруіне жәрдемдесуі тиіс.

Мемлекет саяси партияларға мемлекеттік бақылау жасау тұжырымдамасын ұстанады. Мұндай бақылау қазақстандық юрисдикция шеңберінде ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Сондықтан осы тұжырымдамаға сәйкес, біріншіден, саяси партиялардың жетекшілері ҚР аумағында болуға тиіс. Екіншіден, Қазақстан аумағында басқа мемлекеттердің саяси партияларының, сондай-ақ тіркеуден өтпеген саяси партиялардың қызмет етуіне жол берілмейді.

Мемлекеттік идеологияның саяси партияны нақ әрі тек саяси ұйым ретінде түсінуі маңызды қағида болып табылады. Қазақстандық заң шығарушылар бұл принципті дәйектілікпен жүргізіп келеді. Қоғамдық бірлестіктер туралы заңның ережелерін жалғастыра келе, Саяси партиялар туралы заң азаматтардың кәсіби, нәсілдік, ұлттық, этникалық және діни белгілері бойынша саяси партиялар, әскерилендірілген саяси партиялар құруына, соңдай-ақ мемлекеттік органдарда саяси партиялардың бастауыш партия ұйымдарын құруға жол бермейді (5-баптың 8-тармағы). Мәселен, осыған байланысты басқа елдердегідей, Қазақстанда, мысалы, сыра әуесқойлары партиясын құру мүмкін емес.

Саяси партияның атауында ұлттық, этникалық, діни, аймақтық, қауымдық және гендерлік белгілерді көрсетуге, оның лидерлерінің, тарихи тұлғалардың есімдері мен фамилияларын пайдалануға жол берілмейді (Саяси партиялар туралы заңның 7-бабының 2-тармағы). Саяси партиялар туралы заңды жаңа редакциясында қабылдауға байланысты 2002 ж. барлық саяси партияларға қайта тіркеу жүргізілді, жоғарыда аталған талаптарға қайшы келетін атаулары бар кейбір партиялар тіркеуден өте алмай қалды.

Қазақстан Республикасының жасы он сегізге толған азаматы саяси партияның мүшесі бола алады. Саяси партияға шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың мүше болуына, сондай-ақ ұжымдық мүшелікке жол берілмейді. Әскери қызметшілер, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және судьялар саяси партияда болмауға, қандай да болсын саяси партияға қолдау көрсетпеуге тиіс (Саяси партиялар туралы заңның 8-бабы).

Саяси партия саны 1000 адамнан кем емес, саяси партияның құрылтай съезін (конференциясын) шақыратын және облыстардың, республикалық маңызы бар қала мен астананың үштен екісінің атынан өкілдік ететін азаматтар тобының бастамасы бойынша құрылады (Саяси партиялар туралы заңның 6-бабының 1-тармағы). Партияның құрамында партияның барлық облыстардағы, республикалық маңызы бар қала мен астанадағы әрқайсысында кемінде 700 партия мүшесі бар құрылымдық бөлімшелерінің атынан өкілдік ететін кем дегенде 50 000 партия мүшесі болуға тиіс (Саяси партиялар туралы заңның 10-бабының 6-тармағы).

2003 жылға дейін Қазақстанда тіркелген 19 партия болды. 2003 жылғы жағдай бойынша партияны тіркеу жөніндегі қатаң талапты 7 партия орындады: Коммунистік партия, Отан, Аграрлық партия, Азаматтық партия, Қазақстанның демократиялық «Ақжол» партиясы, Ауыл және Патриоттар партиясы.

Саяси партияның 4 жыл ішінде кемінде бір рет шақырылатын съезі (конференциясы) саяси партияның жоғары басшы органы болып табылады. Саяси партияның съезінде (конференциясында) партияның жарғысы мен бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі, басшы органдары сайланады, партияның мүшелік жарналарының мөлшері бекітіледі. Сонымен қатар, съезде (конференцияда) саяси партияның мүшелері ҚР Президенттігіне, Парламент мәжілісінің депутаттығына кандидаттар ретінде ұсынылады, депутаттыққа кандидаттардың Орталық сайлау комиссиясына тіркеу үшін ұсынылатын партиялық тізімі бекітіледі, өзге де мәселелер шешіледі. Саяси партия съезінің (конференциясының) шешімі саяси партияның съезіне (конференциясына) саяси партияның барлық облыстық, республикалық маңызы бар қалалық, астаналық филиалдары мен өкілдіктерінің өкілдері қатысқан кезде көпшілік дауыспен қабылданады.

Саяси партияның филиалы мен өкілдігінің конференциясы (жалпы жиналысы) оның филиалы мен өкілдігінің жоғары басшы органы болып табылады. Филиалдың және өкілдіктің конференциясында (жалпы жиналысында олардың басшы органдары сайланады, тиісті мәслихаттардың депутаттығына кандидаттар ұсынылады, өзге де меселелер шешіледі.

Саяси партия мүлкінің, оның ішінде оның құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) мүлкінің меншік иесі, тұтас алғанда, саяси партия болып табылады. Саяси партия мүшелерінің осындай партия мүлкіне қатысты құқықтары болмайды. Саяси партияның мүлкі партияның жарғысы мен бағдарламасында көзделген мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру үшін ғана пайдаланылуы мүмкін. Партия таратылатын жағдайда оның мүлкі партияның жарғысына сәйкес пайдаланылуы тиіс. Егер саяси партияның жарғысында мұндай тәртіп көзделмеген болса, онда мұндай мәселенің шешімін саяси партияны тарату туралы шешім қабылдаған орган жүзеге асырады.

Саяси партияның қаражаты мүшеліке кіру және мүшелік жарналардан, кәсіпкерлік қызметтен түсетін кірістерден, құжатпен расталып, олардың шығу көздері көрсетілген жағдайда Қаржы министрлігі белгілеген тәртіппен жүзеге асырылатын Қазақстан азаматтары мен мемлекеттік емес ұйымдарының қайырмалдықтарынан тұрады. Саяси партиялар туралы заң саяси партияға және оның құрылымдық бөлімшелеріне шетелдік тұлғалардан, мемлекеттерден, халықаралық ұйымдардан, шетелдер қатысатын заңды тұлғалардан, мемлекеттік заңды тұлғалардан, діни бірлестіктерден және қайырымдылық ұйымдарынан, беймәлім қайырмалдық жасаушылардан қайырмалдық алуға тыйым салады. Саяси партиялардың ақшасы Қазақстан заңдарына сәйкес тіркелген банктердің шоттарына орналастырылады.

Саяси партияның ақшасы мен өзге де мүлкі оның мүшелері арасында бөлінбейді және жарғылық мақсаттарға сәйкес жұмсалуға тиіс. Саяси партияның өз қаражатын қайырымдылық мақсаттарға пайдалануына рұқсат етіледі. Саяси партия мүшелері партияның міндеттемелері бойынша жауап бермейді, ал саяси партия өз мүшелерінің міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

Кәсіптік одақ. Кәсіптік одақ - бұл қоғамдық бірлестіктердің кең таралған түрлерінің бірі. Кәсіптік одақтардың қызметі «Кәсіптік одақтар туралы» 1993 ж. 9 сәуірдегі заңмен (бұдан әрі - Кәсіподақтар туралы заң) реттеледі. Кәсіподақтар туралы заң кәсіподақтарға мынадай анықтама береді: «бұл өз мүшелерінің еңбек, сондай-ақ басқа да әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін білдіру және қорғау, еңбек қорғау және еңбек ету жағдайларын жақсарту үшін азаматтардың кәсіби мүдделерінің ортақтығы негізінде олар ерікті түрде құратын, белгіленген жеке мүшелері бар дербес бірлестіктер (Кәсіподақтар туралы заңның 1-бабы). Коммерциялық емес басқа ұйымдардан өзгеше, Кәсіподақтар туралы заң кәсіподақтарға коммерциялық қызметтің барлық түрлерімен айналысуға мүмкіндік береді: сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыру, кәсіпорындар, банктер, сақтандыру және акционерлік қоғамдар құру, бірлескен кәсіпорындар құру және олардың кызметіне қатысу, лотереялар ұйымдастыру және өткізу, баспагерлік қызметпен айналысу, өзге де өндірістік және шаруашылық қызметті жүзеге асыру (Кәсіподақтар туралы заңның 24-бабы).

3 Қоғамдық қор ерекшеліктері. Азаматтар және (немесе) заңды тұлғалар ерікті мүліктік жарналар негізінде құрған, әлеуметтік, қайырымдылық, мәдени, білім беру және өзге де қоғамға пайдалы мақсаттарды көздейтін, мүшелігі жоқ коммерциялық емес ұйым қоғамдық қор деп танылады (АК-ның 107-бабының 1-тармағы, Коммерциялық емес ұйымдар туралы заңның 12-бабының 1-тармағы). Осы аталғандармен қатар, қор ғылыми мақсаттарда, азаматтардың денсаулығын сақтау, денешынықтыру мен спортты дамыту, азаматтардың рухани және өзге де материалдық емес қажеттіліктерін қанағаттандыру, азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау, даулар мен жанжалдарды шешу, заң көмегін көрсету және басқа мақсаттарда құрылуы мүмкін.

Қоғамдық қор заңды тұлға болып табылады, азаматтық айналымда қордың органдары өкілдік етеді, оның дербес балансы және банктік шоты бар (АК-ның 107-бабының 2-тармағы). Қоғамдық қордың қызметін АК және Коммерциялық емес ұйымдар туралы заң реттейді.

Қоғамдық қорды құруда мемлекеттік мүлік те, жеке меншік мүлік те пайдаланылуы мүмкін. Қоғамдық қордың балансында тұрған мүлік меншіктің жеке меншіктік нысанындағы құқықтық режимге бағынады және қордың меншігі болып табылады. Қоғамдық қордың мүлкіне қор құрылтайшыларының мүліктік құқықтары жоқ (АК-ның 107-бабының 3-тармағы). Қоғамдық қордың қаржы көзі құрылтайшылардың ақшасы, сондай-ақ басқа мүлкі, демеушілік, ерікті түрде жиналған қайырмалдықтар және өзге де заңды түсімдер болып табылады (АК-ның 107-бабының 4-тармағы). Қордың шаруашылық серіктестікке қатысудан, жарғыға сәйкес өткізілген дәрістерден, көрмелерден, спорттық және басқа шаралардан, лотереядан, шаруашылық қызметтен түскен кірістері өзге заңды кірістер ретінде танылуы мүмкін.

Қоғамдық қорды бір немесе бірнеше азаматтар және (немесе) заңды тұлғалар құруы мүмкін. Қоғамдық қор мемлекеттік тіркеуден өткен соң оның құрылтайшылары оның мүшелері болмайды. Қоғамдық қордың жарғысында, АК-ның 41-бабының 5-тармағында көрсетілген мәліметтерден басқа, қордың органдары туралы, қордың лауазымды адамдарын тағайындау және оларды босату тәртібі, ол таратылатын жағдайдағы қор мүлкінің тағдыры туралы нұсқаулар болуға тиіс (АК-ның 107-бабының 5-тармағының 2-бөлігі).

Қорды құрған кезде құрылтайшылардың (құрылтайшының) шешімімен тұрақты жұмыс істейтін алқалы басқару органы - қордың атқарушы органы тағайындайтын қамқоршылық кеңесі құрылады, ол қор қызметінің оның жарғылық мақсаттарына сай келуіне бақылау жасайды, сондай-ақ қордың жарғысында бекітілген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады. Жұбайлық және жақсы туыстық байланысы бар адамдар қордың қамқоршылық кеңесінің көпшілік мүшесі, сондай-ақ осы қордың штаттағы қызметкерлері бола алмайды (Коммерциялық емес ұйымдар туралы заңның 12-бабының 2-тармағы). Қамқоршылық кеңесі, әдетте, өз қызметін қоғамдық негізде жүзеге асырады.

Заңдарда қордың қалған органдары аталмаған және қоғамдық қор құрылтайшыларының қалауы бойынша аталуы мүмкін. Жарғыда қоғамдық қордың жеке-дара және алқалық органдары анықталады. Бұлар, құрылтайшылардың қалауы бойынша, мысалы, президент, төраға, директор, кеңес, басқарма, құрылтайшылар жиналысы болуы мүмкін. Қордың атқарушы органы қордың жоғары басқару органының және тұрақты жұмыс істейтін алқалы басқару органының (қамқоршылық кеңестің) шешімдері негізінде және оларды орындау мақсатында жұмыс істейді және соларға есеп береді (Коммерциялық емес ұйымдар туралы заңның 12-бабының 3-тармағының 1-бөлігі).

Қоғамдық қорды басқару тәртібі мен оның органдарын құру тәртібі оның құрылтайшылар бекітетін жарғысында белгіленеді (АК-ның 107-бабының 5-тармағының 1-бөлігі). Қор өз мүлісінің пайдаланылуы туралы есептерін ресми баспасөз басылымдарында жыл сайын жариялап отыруға міндетті (АК-ның 107-бабының 6-тармағы). Бұл оның жарғылық мақсаттарына сәйкес келетіндіктен, алынған кірісті нақ осы мақсаттар үшін пайдалана отырып, қоғамдық қор кәсіпкерлік қызметпен айналыса алады. Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін қор акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктер (толық және сенім серіктестіктерінен басқа) құруға құқылы.

Егер жарғыда қордың жарғысын осындай тәртіппен өзгерту көзделген болса, қордың органдары қоғамдық қордың жарғысын өзгерте алады. Егер жарғының өзгеріссіз күйде сақталуы қоғамдық қорды құру кезінде болжап білуге келмейтін кейбір зардаптар туғызатын болса, ал онда жарғыны өзгерту мүмкіндігі көзделмесе не жарғыны уәкілетті тұлғалар өзгертпейтін болса, онда өзгерістер енгізу құқығы оның қызметіне бақылау жүргізуге уәкілетті қор органдарының өтініші бойынша сотқа тиесілі болады.

Заң белгілі бір жағдайларда соттың шешімі бойынша коғамдық қорды мынадай реттерде:

1) егер қордың мақсаттарын жүзеге асыру үшін оның мүлкі жеткіліксіз болса және қажетті мүлікті алу ықтималдығы нақты болмаса;

2) егер қордың мақсаттарына жету мүмкін болмаса, ал қор мақсаттарына қажетті өзгерістер жасау мүмкін болмаса;

3) қор өз қызметінде жарғымен көзделген мақсаттардан бас тартқан жағдайда;

4) заң құжаттарында немесе құрылтай құжаттарында көзделген басқа да жағдайларда таратуды көздейді (АК-ның 107-бабының 7-тармағы).

Қордың мүлкі оның мақсаттарын жүзеге асыру үшін жеткіліксіз болатын және қажетті мүлікті алу ықтималдығы нақты болмайтын кездегі негіздер бойынша қоғамдық қорды сот тәртібімен тарату үшінші тұлғалардың немесе мемлекеттің мүдделері бұзылатын жағдайларда ғана мүмкін болады. Қордың мақсаты орындалмайтын, ал оған қажетті өзгерту жүргізіле алмайтын негіздер бойынша қоғамдық қорды сот тәртібімен таратуға құрылтай құжаттарында көзделген мақсаттарға жету объективті, нақты және ол мүмкін болмайтын жағдайда ғана жол беріледі.

Қоғамдық қордың өз мүлкінің пайдаланылуы туралы есептерін ресми баспасөз басылымдарында жыл сайын жариялап отыру жөніндегі өз міндетін бұзуы да оны сот тәртібімен тарату үшін негіз болып табылады. Қоғамдық қор, аталған негіздерден басқа: банкроттық жағдайында соттың шешімімен; оны құру кезінде түзетуге келмейтін сипаттағы заңдардың бұзылуына жол бере отырып, қордың тіркелуін жарамсыз деп танылатын жағдайда; заң актілерінде тыйым салынған қызметті жүзеге асыруда не заңдарды бір рет немесе өрескел бұзатын жағдайда таратылуы мүмкін. Мұндай негіздер қоғамдық қордың жарғысында да көзделуі мүмкін.

Қоғамдық қор таратылғаннан кейін қалған мүлік оның жарғысында көзделген мақсаттарға жұмсалады (АК-ның 107-бабының 8-тармағы). Егер басқа заңды тұлға да осы мақсатты көздейтін болса, онда қалған мүлік сыйға тарту шарты бойынша осындай заңды тұлғаның балансына беріледі. Егер таратылған қордың мақсаттарын мемлекет қана жүзеге асыратын болса, онда мүлік Қаржы министрлігінің тиісті органына беріледі. Таратылатын қордың мақсаттарына ұқсас мақсаттарды Қазақстанда бірде-бір ұйым жүзеге асырмайтын болса, онда қалған мүлік қоғамдық қордың құрылтайшылары арасында бөлінеді.

Қор болып табылмайтын ұйымдарды қорлар деп атайтын жағдайлар да кездеседі. Мысалы, бюджеттен тыс мемлекеттік қорлар қоғамдық қорлар бола алмайды. Сондықтан АК-ның 107-бабының ережелері оларға таралмайды. Бюджеттен тыс мемлекеттік қор мемлекеттік коммерциялық емес ұйымдардың дербес түрі болып табылады, оның құқықтық жағдайы өзінің қызметін реттейтін нормативтік актілермен айқындалған.

4 Тұтыну кооперативінің құқықтық жағдайы - бұл қатысушылардың материалдық және өзге қажеттерін қанағаттандыру үшін өз мүшелерінің мүліктік (пайлық) жарналарын біріктіру арқылы жүзеге асырылатын азаматтардың ерікті бірлестігі (АК-ның 108-бабының 1-тармағының 1-бөлігі). Пәтерлер меншік иелерінің кооперативтері, бағбандық, бақша және гараж кооперативтері тұтыну кооперативіне мысал болып табылады.

Тұтыну кооперативінің құқықтық жағдайын АК, Коммерциялық емес ұйымдар туралы заң және «Тұтыну кооперативі туралы» 2001 ж. 8 мамырдағы №197 заң айқындайды. Су пайдаланушылардың селолық тұтыну кооперативі тұтыну кооперативінің бір түрі болып табылады. Оның қызметін «Су пайдаланушылардың селолық тұтыну кооперативі туралы» 2003 ж. 8 сәуірдегі №404 заң реттеп отырады.

Тұтыну кооперативі нақ өз қатысушыларының қажеттерін қанағаттандыру үшін құрылады. Мұндай қажеттер жеке адамның тұтынуымен шектелген, ал оларды қанағаттандырудың ақшалай нысаны болмайды. Бірақ бұл ережеден өзгешелік бар. Селолық тұтыну кооперативтері өз мүшелерінің ғана емес, селолық жерлерде тұратын басқа адамдардың да материалдық және өзге қажеттерін қанағаттандыру үшін құрылуы мүмкін (АК-ның 108-бабының 7-тармағы). Селолық тұтыну кооперациясының ерекшеліктері «Қазақстан Республикасындағы селолық тұтыну кооперациясы туралы» 1999 ж. 21 шілдедегі №450-I ҚР заңымен айқындалады.

Өндірістік кооперативтен өзгеше, тұтыну кооперативіндегі мүшелік оның қызметіне міндетті түрде еңбекпен қатысуды талап етпейді. Әдетте, азамат, тұтыну кооперативінің мүшесі болып табылады. Алайда, заң актілерiнде көзделген жағдайларда тұтыну кооперативіне заңды тұлғалар кіре алады (АК-ның 108-бабының 1-тармағының 2-бөлігі). Тұтыну кооперативін екі және одан да көп азаматтар құруы мүмкін. Тұтыну кооперативінің атауы оның ұйымдық-құқықтық нысанын көрсетуге тиіс.

Жарғы тұтыну кооперативінің бірден-бір құрылтай құжаты болып табылады. Мұндай кооперативті құруда құрылтай шарты жасалмайды. Тұтыну кооперативінің жарғысында АК-ның 41-бабының 5-тармағында көрсетілген барлық заңды тұлғаларға ортақ мәліметтерден басқа, кооператив мүшелері пайларының мөлшері туралы шарттарды; кооператив мүшелері пайларының құрамы және оларды енгізу тәртібі туралы, олардың жарна төлеу жөніндегі міндеттемелерді бұзғаны үшін жауапкершілігі туралы; кооперативті басқару органдарының құрамы мен құзіреті және олардың шешімдер қабылдау, оның ішінде шешімі бірауыздан немесе білікті көшпілік дауыспен қабылданатын мәселелер жөнінде шешімдер қабылдау тәртібі туралы; кооператив мүшелерінің шеккен залалдарды жабу тәртібі туралы ережелер болуға тиіс (АК-ның 108-бабының 3-тармағы).

Тұтыну кооперативі өз мүлкінің меншік иесі болып табылады. Тұтыну кооперативінің мүлкі меншіктің жеке меншік нысанының құқықтық режиміне бағынады. Пайшылардың (уәкілеттілердің) жалпы жиналысы тұтыну кооперативінің жоғары органы болып табылады. Тұтыну кооперативінің басқару органдары тұтыну кооперативі құрылтайшыларының қалауы бойынша анықталуы және аталуы мүмкін. Тұтыну кооперативінің басқару органдары жеке-дара және алқалы болуы мүмкін (мысалы, басқарма).

Тұтыну кооперативі коммерциялық ұйым емес. Сондықтан ол бұл әрекет оның жарғылық мақсаттарына сәйкес келетіндіктен ғана кәсіпкерлік қызметпен айналыса алады. Табыс табуды қызметтің негізгі мақсаты етпеу - тұтыну кооперативінің міндетті белгісі. Тұтыну кооперативінің тапқан табыстарын оның мүшелері арасында бөлуге болмайды, олар жарғылық мақсаттарға беріледі (АК-ның 108-бабының 4-тармағы).

Кооперативтің қызметі едәуір дәрежеде оның мүшелерінің қосымша жарналары есебінен жүзеге асырылады. Қосымша жарналар енгізу туралы шешімді жалпы жиналыс қабылдайды. Тұтыну кооперативінің мүшелері оның міндеттемелері бойынша кооператив мүшелерінің қосымша төлемеген бөлігі шегінде жәрдем беру жөнінен ортақ жауапты болады (АК-ның 108-бабының 2-тармағының 2-бөлігі).

Тұтыну кооперативінің ерекшелігі - оның мүшелері жыл сайынғы баланс бекітілгеннен кейін пайда болған залалдарды қосымша жарналар төлеу арқылы үш ай ішінде жабуға міндеті. Бұл міндеттерді орындамаған ретте кооператив несие берушілердің талабы бойынша сот тәртібімен таратылуы мүмкін (АК-ның 108-бабының 2-тармағының 1-бөлігі).

Тұтыну кооперативі таратылған немесе кооператив мүшесі одан шыққан жағдайда, ол тұтыну кооперативінің мүлкінен өз үлесін өз жарнасына қарай бөліп алуға құқылы (АК-ның 108-бабының 5-тармағының 1-бөлігі). Үлесті бөліп беру кооперативтің ақша қаражатынан ақшалай нысанда жүзеге асырылады. Егер бұрынғы пайшының үлесін төлеу үшін ақша қаражаты жеткіліксіз болса, онда кооператив өз мүлкін сатып, міндеттемесін осы қаржыдан өтеуге тиіс. Кооперативтен шығатын пайшының келісуімен үлес мүліктік нысанда бөлінуі мүмкін. Егер кооператив жарғысында өзгеше көзделмесе, тұтыну кооперативінің мүшесі қайтыс болған жағдайда оның мұрагерлерінің кооператив мүшелігіне бірінші кезекте қабылдану құқығы болады. Кооперативке қабылданған мұрагер қосымша пай салымын енгізбейді. Егер кооператив жарғысы оның қайтыс болған мүшесінің мұрагерін бірден қабылдауға жол бермесе, онда мұрагер мүліктегі қайтыс болған мүшенің пайына сай келетін ақшалай үлесін алады (АК-ның 108-бабының 5-тармағының 2-бөлігі).

Діни бірлестік - бұл рухани қажеттерін қанағаттандыру үшін өз мүдделерінің ортақтығы негізінде, заң құжаттарында белгіленген, азаматтардың ерікгі түрдегі бірлестігі (АК-ның 109-бабының 1-тармағы).

Жергілікті діни бірлестіктер (қауымдастықтар), діни басқармалар (орталықтар) және олардың құрылымдық бөлімшелері, сондай-ақ діни оқу орындары мен ғибадатханалар Қазақстан Республикасындағы діни бірлестіктер деп танылады. Діни басқармалар (орталықтар) өздерінің жарғыларына (ережелеріне) сәйкес өз жарғылары (ережелері) негізінде әрекет ететін діни оқу орындарын, мешіттерді, ғибадатханалар мен өзге де діни бірлестіктерді құруға құқылы. Діни бірлестіктер қоғамдық қорлар арқылы да, соңдай-ақ дербес те қайырымдылық қызметін жүзеге асыруға және рақымшылық жасауға, соңдай-ақ қайырымдылық үйлерін (баспаналар, интернаттар, ауруханалар және басқаларын) ашуға құқылы («Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» 1992 ж. 15 қаңтардағы №1128-ХІІ (бұдан әрі - Діни бірлестіктер туралы заң) заңңың 14-бабының 3-бөлігі, 7-бабының 1, 3-бөліктері).

Діни бірлестіктің құқықтық жағдайын Діни бірлестіктер туралы заң айқындайды. Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы заңдар тек заң актілерінен тұрады (Діни бірлестіктер туралы заңның 2-бабы). Бұлар АК, Коммерциялық емес ұйымдар туралы заң және Діни бірлестіктер туралы заң. Қазақстан Республикасының діни бірлестіктермен, олардың орталықтарымен және басқармаларымен, оның ішінде республика аумағынан тысқары тұрған әрі заңмен реттелмеген орталықтармен және басқармалармен қатынастары олар мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары арасындағы уағдаластықтарға сәйкес шешіледі (Діни бірлестіктер туралы заңның 7-бабының 5-бөлігі). Діни бірлестікті құрамында кемінде 10 адам болатын азаматтар тобы құруы мүмкін. Тіркеуге ұсынылатын жарғыда (ережеде) мыналар көрсетілуі тиіс:

- діни бірлестіктің атауы, орналасқан жері және шегінде ол өз қызметін жүргізетін аумақ;

- ұстанатын діні, қызметінің мәні мен мақсаты;

- діни бірлестіктің құрылымы, қалыптасу тәртібі, оның басқару органдарының құзіреті және өкілеттік мерзімі;

- діни бірлестіктің құқықтары мен міндеттері;

- діни бірлестік мүлкінің құралу тәртібі;

- діни бірлестік жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу тәртібі;

- діни бірлестікті қайта ұйымдастыру мен тарату тәртібі (Діни бірлестіктер туралы заңның 8-бабының 1-бөлігі).

Діни бірлестіктердің саяси партиялар қызметіне қатысуына немесе оларға қаржы жағынан қолдау жасауына жол берілмейді (Діни бірлестіктер туралы заңның 4-бабының 2-бөлігі).

Республиканың екі немесе одан да көп облыстарының аумағында қимыл жасайтын діни басқармаларды (орталықтарды), бірлестіктерді, сондай-ақ олар құратын діни оқу орындарын, ғибадатханаларды және басқа да бірлестіктерді мемлекеттік тіркеуді Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі, ал жергілікті діни бірлестіктерді тіркеуді - аумақтық әділет органдары жүзеге асырады. Мемлекеттік тіркеу мерзімі дінтану және өзге сараптама жүргізу, сондай-ақ діни бірлестік берген құжаттар бойынша маманның қорытындысын алу қажет болғанда тоқтатыла тұрады (Діни бірлестіктер туралы заңның 9-бабы).

Діни бірлестік қызметінің дін оқытатын жағын айқындайтын құжаттар мемлекеттік органдарда тіркеуге жатпайды.

Республикадан тыс жерлерде басқару орталықтары бар Қазақстан Республикасындағы діни бірлестіктер әділет органдарында тіркеуге жатады. Басқару орталықтарының жарғылары (ережелері), егер олар Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмесе, осындай діни бірлестіктер жарғыларының (ережелерінің) негізіне алынуы мүмкін (АК-ның 109-бабының 3-тармағы).

Шетелдік дін орталықтарының Қазақстан Республикасы аумағында жұмыс істейтін діни бірлестіктердің басшыларын тағайындауы Қазақстан Республикасының тиісті билік органдарымен келісуі бойынша жүзеге асырылады.

Діни бірлестіктер жанынан қайырымдылық жасау, діни әдебиеттерді және өзге де мәдени-ағартушылық қызметті зерделеп, тарату үшін азаматтар қоғамдары, бауырластықтары, басқа да бірлестіктері құрылуы мүмкін. Олардың өз жарғылары (ережелері) болады және қоғамдық бірлестіктер үшін белгілеген тәртіппен тіркеледі.

Рухани діни оқу орындары мен бірлестіктерін құруға, шетелдік азаматтардың және азаматтығы жоқ адамдардың миссионерлік қызметіне олар жергілікті билік органдарында тіркелгеннен кейін ғана және ол Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес келген жағдайда рұқсат етіледі.

Діни бірлестіктер өз қаражаты есебінен сатып алған немесе өздері құрған, азаматтар, ұйымдар қайырмалдық ретінде берген немесе мемлекет берген және заң құжаттарына қайшы келмейтін басқа да негіздер бойынша сатып алынған мүлікке меншік құқығы болады (АК-ның 109-бабының 9-тармағы). Діни бірлестіктер меншігінде сондай-ақ шетелдердегі мүлік те болуы мүмкін (Діни бірлестіктер туралы заңның 16-бабының 3-бөлігі).

Діни бірлестіктерге қатысушылардың (мүшелерінің) осы ұйымға өздері берген мүлікке, оның ішінде мүшелік жарналарға құқықтары сақталмайды. Олар діни бірлестіктің міндеттемелері бойынша жауап бермейді, ал діни бірлестік өз мүшелерінің міндеттемелері бойынша жауап бермейді (АК-ның 109-бабының 10-тармағы).

Жергілікті өкілді органдар мен мемлекеттік органдар мемлекет меншігіндегі ғибадатханалар мен өзге мүлікті діни бірелстіктердің меншігіне беруге немесе өтеусіз пайдалануға беруге құқылы. Діни бірлестіктер өздеріне ғибадатханаларды маңайындағы аумағымен қоса алуда басым құқықты иеленеді.

Мемлекет діни бірлестіктерді қаржыландырмайды (Діни бірлестіктер туралы заңның 4-бабының 1-тармағы); егер оны пайдалану Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін болса, олар шетелдік діни орталықтардан, халықаралық миссионерлік және қайырымдылық қоғамдары мен қорларынан қаржылай және басқа материалдық жәрдем алуы мүмкін.

Діни бірлестік өздерінің жарғылық мақсаттарына сәйкес мінәжаттық мақсаттағы, әлеуметтік және қайырымдылық шараларды қамтамасыз ету үшін кәсіпорыңдар құруға құқылы. Кәсіпорындар тек шаруашылық серіктестік немесе акционерлік қоғам түрінде құрылуы мүмкін. Соңдықтан, діни бірлестік, кәсіпорын құрылатын жағдайда оның мүлкінің меншік иесі болмағанымен, құрылтайшысы болады да, кәсіпорының мүлкіне міндеттемелік құқықтарын сақтайды. Бұл арада діни бірлестіктер құдайға құлшылық ету әдебиеттерін шығару және діни мақсаттардағы заттар өндіру жөніндегі кәсіпорындар құруда ерекше құқықты пайдаланады. Басқа мекемелер мен ұйымдар мұндай қызметті тиісті діни бірлестіктердің, басқармалар мен орталықтардың келісімімен ғана жүзеге асыра алады. Діни сипаттағы мерзімді басылымдарды және құдайға құлшылық ету мақсаты көзделмейтін өзге де діни әдебиеттерді шығару баспасөз туралы заңдарға сәйкес жүзеге асырылады (Діни бірлестіктер туралы заңның 13-бабының 3-5-бөліктері).

Діни бірлестік азаматтық заңдарда көзделген тәртіппен және негіздер бойынша таратылады. Діни бірлестік таратылатын ретте оның меншігіңде болған мүліке иелік ету бірлестіктің жарғысына (ережесіне) және қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жүзеге асырылады. Діни бірлестіктерге тиесілі мінәжаттық мақсаттағы мүлікке несие берушілердің талаптары бойынша өтем салынбайды. Құқықтық мұрагерлер жоқ болған жағдайда мүлік мемлекет меншігіне көшеді.

Заңды тұлғалардың қауымдастық (одақ) нысанындағы бірлестіктері. Заңды тұлғалардың бірлестіктері тек қауымдастық нысанында немесе заңды тұлғаның атауында және оның құрылтай құжаттарында олардың ұйымдық-құқықтық нысандарын көрсету арқылы құрылуы мүмкін. Терминология тұрғысынан қарағанда, заң қауымдастық пен одақтың арасындағы айырмашылықты айқындамайды. Әдетте, қызметтің бір түрімен айналысатын адамдар бірлестігін қауымдастық деп, ал белгілі бір бірлескен мақсаттар үшін құрылған бірлестікті - одақ деп атайды.

Коммерциялық ұйымдар өздерінің кәсіпкерлік қызметін үйлестіру, сондай-ақ жалпы мүліктік мүдделерді білдіру және қорғау мақсатында өзара, сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдармен бірлескен шарт бойынша қауымдастықтар (одақтар) нысанында бірлестіктер құра алады. Қоғамдық бірлестіктер мен өзге де коммерциялық емес ұйымдар, оның ішінде мекемелер зор жарғылық нәтижеге жету үшін қауымдастықтарға (одақтарға) бірігеді. Коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдар белгілі бір бірлестіктің мүшелері болуы мүмкін. Барлық аталған жағдайларда қауымдастық (одақ) коммерциялық емес ұйым болып табылады (АК-ның 110-бабының 3-тармағы). Сондықтан табыс табуды өзінің негізгі мақсаты ететін заңды тұлғалар бірлестігі шаруашылық серіктестік немесе акционерлік қоғам нысанында ресімделуі тиіс.

Қауымдастық (одақ) заңды тұлға болып табылады. Заңды тұлға бірнеше бірлестіктің мүшесі болуы мүмкін. Қауымдастықтың (одақтың) мүшелері өз дербестігiн және заңды тұлға құқықтарын сақтап қалады (АК-ның 110-бабының 4-тармағы). Қауымдастық (одақ) өз мүшелерінің міндеттемелері бойынша жауап бермейді. Қауымдастық (одақ) мүшелері оның міндеттемелері бойынша қауымдастықтың (одақтың) құрылтай құжаттарында көзделмеген мөлшер мен тәртіп бойынша ортақ жауапты болады (АК-ның 110-бабының 5-тармағы).

Қауымдастық (одақ) коммерциялық емес ұйымдарды құруға арналған тәртіппен және жағдайларда құрылады. Құрылтай шарты мен жарғы қауымдастықтың (одақтың) құрылтай құжаттары болып табылады. Қауымдастықтың (одақтың) құрылтай құжаттарында барлық заңды тұлғалар үшін ортақ болып табылатын және АК-ның 41-бабының 4,5-тармақтарында көрсетілген мәліметтерден басқа, қауымдастықтың (одақтың) басқару органдарының құрамы мен құзіреті туралы, оның ішінде олар бойынша шешімдер бірауыздан немесе қауымдастық (одақ) мүшелерінің білікті көпшілік дауысымен қабылданатын мәселелер туралы, қауымдастық (одақ) таратылғаннан кейін қалған мүлікті бөлу тәртібі туралы мәліметтер болуға тиіс.

Қауымдастықтың (одақтың) мүлкі оның мүшелерінің жарналары, өз қызметінің нәтижелері және өзге де заңды түсімдер есебінен құрылады. Қауымдастыққа (одаққа) оның мүшелері берген мүлік оның меншігіне көшеді. Қауымдастық (одақ) өзінің балансында тұрған мүліктің меншік иесі болып табылады.

Қауымдастық (одақ) дербес түрде не басқа заңды тұлғалармен бірігіп, кәсіпорын құра алады. Бұл жағдайда кәсіпорын оның жарғылық капиталына берілген мүліктің меншік иесі болады және тек шаруашылық серіктестік немесе акционерлік қоғам нысаныңда қайта құрылуы мүмкін. Қауымдастық (одақ) құрылтайшы бола отырып, өзіне берілген мүлікке міндеттемелік құқықтарын ғана сақтайды.

Қауымдастық (одақ) мүшесі қаржылық жыл аяқталған соң өз қалауы бойынша одан шығуға құқылы. Бұл жағдайда ол қауымдастықтың (одақтың) міндеттемелері бойынша құрылтай құжаттарында көзделген мерзім ішіндегі өзінің жарнасына сәйкес ортақ жауапты болады. Қаржылық жылдың ұзақтығы, әдетте, құрылтай құжаттарында көрсетіледі және ол күнтізбелік жылдың ұзақтығына сәйкес келуі мүмкін. Қауымдастықтан (одақтан) шығу, егер бірлестіктің құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, одан шығатын тұлғаның жарналарды қайтару жөніндегі талабына құқық бермейді.

Қауымдастықтың (одақтың) құрылтай құжаттарында көрсетілген жағдайларда және тәртіпте қауымдастық (одақ) мүшесі оның қалған мүшелерінің шешімімен қауымдастықтан (одақтан) шығарылуы мүмкін. Қауымдастықтың (одақтың) шығарылған мүшесінің жауапкершілігі жөнінде қауымдастықтан (одақтан) шығуға қатысты ережелер қолданылады.

Бақылау сұрақтары:

1. Саяси партия ұғымы

2 Діни бірлестік

3 Заңды тұлғалардың қауымдастық (одақ) нысанындағы бірлестіктері құрылуы

Ұсынылатын әдебиеттер:

1.Жайлин Ғ.А. Қазақстан Республикасының Азаматтық құқығы. Оқулық. Ерекше бөлім I – том. Алматы 2005 жыл.

2. Сулейменов М.К. Басин Ю.Г. Гражданское право ( академический курс). Алматы. Баспа 2002ж.

3. Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі / Ерекше бөлім/.- Алматы: ЮРИСТ,2010.- Б.151- 164.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]