Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
казахский.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
237.06 Кб
Скачать

С ә у л е т ө н е р і

А р х и т е к т у р а

Архитектура (латынша archi – tectura, грек.architekton – құрылысшы), сәулет өнері – құрылысты жобалау, салу, оған көркемдік бейне беру өнері. Өзінің атқаратын қызметіне қарай архитектура негізгі үш түрге бөлінеді: көлемдік ғимараттар құрылысының архитектурасы (тұрғын үй, театр, мектеп, дүкен); қаланы көріктендіру немесе жасыл-желек архитектурасы ((бақ-парк, фонтандар); қала құрылысының архитектурасы, яғни қала салу өнері (жаңа қалалар салу, ескі аудандарын жаңарту).

Архитектура туындылары адамның күнбе-күнгі тіршілік ортасын қалыптастырады. Олар: әр түрлі қажеттіліктерді атқаруға арналған және адамның эстетикалық талғамына жауап бере алатындай болып саналған тұрғын үйлер, қоғамдық ғимараттар, өнеркәсіптік кешендер. Миллиондаған халқы бар қаланы да, шағын тұрғыны бар ауылды да салу оңай емес. Бұл салада архитекторға тек қана сәулетші болу аз, ол социология мен гигиенаны, экономика мен экологияны, транспорт пен қала шаруасын білуі керек. Жеке ғимараттардан ансамбль құру мәселесі, қаланың қайталанбас кескін-келбетін жасауға тырысу, ескі құрылыс пен жаңа құрылыстың үйлесімді шешімін табу асқан шеберлікті керек етеді.

Архитектор гректің «архитектон» деген сөзінен алынған. Алғашқы мағынасы құрылыс өнерінің бас шебері деген ұғымды білдіреді. Ал Даль – архитектор деген терминге «ғалым-құрылысшы», «суретші-құрылысшы» деген анықтама береді.

Сәулет өнері – техниканың, ғылымның және өнердің тоғысқан жері. Рим архитекторы Витрувийдің айтуынша, сәулеттік шығармаларда бұлжымайтын үш қасиет болу керек: беріктік, қолайлылық және әдемілік. Беріктік – инженерлік есепке, қолайлылық – тұрмысты білуге байланысты болса, әдемілік – сәулетшінің талант-талғамынан туады.

Бүгінгі күннің сәулет өнері техникалық жабдықтармен тығыз байланысты. Электроника, эскалатор мен лифттер, сантехникалық бұйымдар, ауа тартқыш тетіктерсіз бір де бір ірі құрылыс салынбайды. Алдыңғы қатарлы технологияны өнердің әдемілік шарттарымен ұштастыру үшін сәулетшіге ғылыми сана, суреткерлік ой керек.

Адамзат баласы көне заманнан бастап құрылыспен айналысқан. Адамдар неолит кезінде үйді ағаштан, қамыстан, тал шыбықтардан және балшықтан салды. Су айдынында да үй тұрғызып үйренген. Б.з.б. 2-мыңжылдықтың ортасында ірі тастардан қаланған монументті құрылыстар: кромлехтер, менгірлер мен дольмендер пайда болды. Менгірлер тігінен қойылған биік тастар тізбегінен тұрады. Дольмен – қатар қойылған екі тастың үсті үшінші таспен жабылып, біріне-бірі жалғасып келетін дәліз іспеттес. Ал шеңбер жасап, төбелері жабылған тас құрылыстарды кромлех дейді.

Қазақстандағы құрылыс ісі

Қазақстандағы құрылыс ісі жоғары палеолит дәуірінде пайда болды. Алғашқы адамдар әуелі үңгірлерді мекендеді. Үңгірі жоқтар жазық далаларда сайлардың, өзен-көлдердің жарқабақтарындағы ықтасындарды пайдаланды. Қаратаудағы, Баянауылдағы, Ұлытаудағы, Маңғыстаудағы үңгірлер тұрақтары шағын топ болып өмір сүрген, бірігіп еңбек еткен алғашқы қауымдық құрылыс аңшыларының, кейінірек ертедегі рулық қауымдарды құраған адамдардың тіршілік жайын сипаттады. Бірте-бірте жеркепелер салуды үйренді. Ол үшін жерді тайыздау қазып, үстіне ұзын сырықтар тастаған. Сырықтарға тіреулер қойып, үйдің төбесін бұтақ, қамыс, шөп-шаламмен жапқан, сосын шым топырақпен бастырған. Бұл дәуірден ортасында дөңгелек ошағы бар, тастан немесе топырақтан қаланған, аласа қабырғалы төбесі сырықтармен жабылған алғашқы тұрғын үйлердің іздері сақталып қалды. Мысалы: Орталық Қазақстандағы Тамды, Бөрібас, Дамсы тұрақтары.

Мұнан 5 мың жылдай бұрын адамдар металды қолдана бастады. Оның үй салуды жақсартуға пайдасы тиді. Тұрақты мекендерде қыстақ салуға мүмкіндік туды. Олардың қабырғалары көбіне бөренелерден тұрғызылды, төбесіне сырықтар тасталып, төбелері жабылды. Негізгі от жағылатын бөлмені айнала қоршаған шаруашылық бөлмелер салынатын. Бәрі сыртынан таспен қоршалып, топырақпен көмілді. Сыртынан қарағанда киіз үйге ұқсады. Мұның өзі киіз үйлердің пайда болуына негіз болды. Қазақстан аймағында киіз үй б.з.б. ҮП ғасырдан бері қарай кеңінен пайдаланылды. Ол мал шаруашылығымен айналысқан көшпелілердің негізгі баспанасына айналды.

Қола дәуірінде қарапайым құрылыс техникалары пайда болып, сәулет өнері дами бастайды. Б.з.б. ІҮ ғасырда құрылыста төбені күмбездеп жабу тәсілі, сондай-ақ оның алуан түрлері – цилиндрлі, сопақ, кеспек тәрізді типтері кеңінен қолданылды. Бірқатар зерттеушілер мұны әлемдік сәулет өнерінде алғашқы салынған күмбездер қатарына қосады. Осы кезеңдерде Қазақстандағы қала салу дәстүрі өркендеп, кейін еліміздің көшпенді тұрғындарының сәулет өнері мен құрылыс техникасы дами түсуіне әсер етеді.

Орта ғасырларда шикі кірпіш сәулет өнері қанат жайды. Қала-қорғандар көбейіп, шағын қалалардың сырты соқпа балшықтан немесе шикі кірпіштен соғылған қорғандармен қоршалды. Ертедегі бұл дәуірде отырықшы халықтардың тұрғын-жайларын жоспарлау құрылымы өзгерді Ежелгі бекініс-қалалардың орнына нығайтылған бекініс-үйлер пайда болды, кейіннен олар цитадельдерге айналды. Қамалдардың айналасына немесе бір жағына Орта Азияда шахристан деп аталатын қалалар салынды. Қалалардың экономикалық маңызы онан әрі артқан сайын оларға іргелес ұсақ қолөнершілер, саудагерлер, кедейлер тұратын рабаттар пайда болды. Цитадель, шахристан, рабаттан тұратын қала «мәуеранахерлік үлгідегі қала» атағына ие болды. Еліміздің көптеген қалалары осы үлгі бойынша ғасырлар бойы дамыды.

Тас қалау процесінің технологиясы

Дара материалдардан тас қалау – ғимараттар құрылысының ең бір ежелгі түрі болып табылады.

Тас материалдардың бағалы қасиеттеріне: беріктігі, ұзаққа шыдамдылығы, өртке төзімділігі, табиғатта кең таралуы және қолдан жасауға мүмкіншілігі жатады.

Тас жұмыстары ерітіндіге даралап тас төсеуден тұрады. Ерітінді жеке тастарды бір тұтасқа біріктіреді, олардың біркелкі берік болуын қамтамасыз етеді, сонымен қатар жел өтуден және ылғал енуден қорғайды.

Қолданатын тас материалдарының түріне байланысты тас қалауды табиғи және жасанды тастардан қалау деп бөледі.

Тас жұмыстарында негізгі және қосалқы процестердің кешені болады. Негізгі процеске – жасанды немесе табиғи тастардан жасалған кірпішті ерітіндіге төсеу, ал қосалқы процеске – төсеніштер орнату, материалдар әзірлеу, арматура салу және т.б. жатады.

Тас қалау табиғи және жасанды тастардан орындалады. Табиғи тастарға: жырымдалған шой тас (әк тас, доломит, құмдақ және басқа жыныстардан); қаптау және сәндік қалау үшін шабылған тастар: туфтан, ұлутастан және басқа жеңіл тау жыныстарынан араланған уақ тастар.

Жасанды тастар ішінде ең кең таралғандары: кәдімгі балшық; кеуекті, қуыс және кеуекті-қуыс кірпіш; қуыс қыш (керамика) тастары; жеңіл бетоннан жасалған уақ тастар.

Қолданылатын тас түріне байланысты қалаудың келесі түрлері болады: шой тастан қалау, шой бетонды қалау, бірыңғай кірпіштен қалау, жеңілдетілген қалау, ұсақ блокты қалау, отқа төзімді қалау.

Сыртқы пішіндері дұрыс емес табиғи тастардан жасалған қалауды - шой (бут) тастан қалау деп атайды, ал дөрекі, жартылай таза және таза өңделген тастардан жасалған қалауды – шабылған тастан қалау деп атайды.

Жасанды тастардан жасалған қалаудың өзі тастан, тұтас немесе қуыс кірпіштен орындалады. Діңгектер, аркалар, күмбездер, қабырғалары және т.б. тұрғызу үшін кәдімгі толық денелі, кеуекті, қуыс, кеуекті-қуыс немесе силикат кірпіштен жасалған қалауды – бірыңғай кірпіштен қалау деп атайды. Балшықты күйдіріп жасағандықтан кірпіштердің күйдірілгені, ал байланыстырғыш заттар негізінде дайындалғандықтан кірпіштердің күйдірілмегені болады. Кірпіш қалау күрделі ерітінділерімен жүргізіледі.

Тас қалаудың әрқайсысы жеке тастардан тұратын қатарлармен жүргізіледі. Шектес тастардың аралығындағы бойлай және көлденең бағыттардағы ерітінділермен толтырылған саңылауларды жіктер деп атайды. Қалау жіктері көлденең және тік болады. Кірпіш қалау күрделі ерітінділерімен жүргізіледі. Кірпіш қалауында барлық жіктерді ерітіндімен толық толтыру керек.

Сонымен, дара тас материалдарын қолдану практикада қандай да бір кескін үйлесімі, әр түрлі сәулет формасы болса да, ғимараттарды тұрғызуға және оларға монументтік, сәулеттік айқындық енгізуге мүмкіндік береді.

Құрылыс-жөндеу жұмыстары

Қазіргі жағдайда өндірістік және өндірістік емес салада негізгі қорды сақтауға аса зор мән берілуде, былайша айтқанда, тұрғын, қоғамдық және өндірістік қорды сақтауда негізгі көңіл үймереттер мен ғимараттардың ағымды және күрделі жөндеуіне аударылып отыр. Күрделі жөндеу мен қайта құрастыру аса зор әлеуметтік және шаруашылық маңызға ие болып отыр.

Тұрғын және қоғамдық ғимараттарды күрделі жөндеу - олардың мезгілінен бұрын істен шықпауына, ұзақ тұруына мүмкіндік туғызады, әрі оны қалпына келтіреді. Күрделі жөндеу тұрғын және қоғамдық ғимараттардың пайдалану сапасын жақсартып, жоғары деңгейдегі жайлылығын қамтамасыз етеді. Жөндеудің соңғы әлеуметтік нәтижесі жаңа құрылыс кезінде алынған нәтижеден кем түспейді.

Жөндеу барысында ғимараттар бөлмелеріне қазіргі заманға сай жаңа әрі ұзақ мерзімге жарайтын материалдар қолданылады, құрылыс-жөндеу жұмыстарының сапасы бақыланады. Жөндеулерді жүргізу кезінде негізгі рөлді жөндеу жұмыстарының технологиясы атқарады, сондықтан оны ұйымдастырудың маңызы зор.

Құрылыс-жөндеу жұмыстары кешенді механикаландыру мен автоматтандыруды пайдалану негізінде үймереттер мен ғимараттарды жөндеу процестерімен және аса жетілген тәсілдермен айналысатын ғылымның саласы болып саналады.

Жөндеу жұмыстары өзінің жобалық шешімдерімен, технологиясымен және техникалық-экономикалық көрсеткіштерімен жаңа құрылыстан ерекшелетін құрылыс жұмыстарының ең қиын түрі болып саналады.

Жөндеу жұмыстары құрылыс өндірісінің өзіндік бөлек саласын құрайды. Жөндеу жұмыстарының технологиясы жаңа ғимараттарды тұрғызу кешенінен өзгеше болады. Онда жаңа құрылыс кезінде атқарылмайтын (мысалы инженерлік қондырғыларды және құрылымдарды бұзу, құрылымдарды жөндеу және күшейту сияқты т.б) жұмыстар жүргізіледі. Көлемдік-жобалау және құралымдық шешімдер бойынша объекттердің сипаттамаларының әртүрлілігі, құралымдарды және бөлшектерде қолданылатын типтік өлшемдердің көптілігі және кейбір жағдайларда орындалатын жұмыстардың аз ғана көлемі механикаландыруды қолдануды, сондай-ақ жұмыс өндірісінің жағдайларын қиындатады.

Жөндеу процестерінің мазмұны мен құрылымы. Жөндеу процестері технологиялық көрсеткіштері бойынша алдын-ала дайындау, тасымалдау, дайындық және құрылыс-жөндеу жұмыстары болып бөлінеді.

Құрылыс-жөндеу процестері жетекші, біріктірілген, жай және кешенді болып бөлінеді. Жетекші процестер жөндеудің жүргізілуін және ұзақтығын анықтайды. Жай процестер ғимараттар мен үймереттерді жөндеудегі жеке операциялардан тұрады. Кешенді процестер ұйымдастырылуы және технологиясы жағынан өзара байланысты жай процестердің жиынтығынан тұрады.

Тұрғын үй салудың жобасы

Қазақстан архитектурасы 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында прогрестік жолмен дамыды. Отырықшылық жүріп жатқан аймақтарда ауыл құрылысын ретке келтіру мәселесі көтерілді. Республикамыздағы Жоспарлау комитетінің арнаулы комиссиясы ауылға арналған тұрғын үйлердің, қоғамдық ғимараттардың, басқа да шаруашылық-тұрмыс үйлердің бірсыпыра үлгілі кестесін, бас жоспарларын жасады. Бұл шаралар Қазақстанның ауыл-селосын қалыптастыруға қосылған елеулі үлес болды. Құрылыс негізінен бос жатқан жерлерде жүргізілді. 30 жылдардың басынан бастап еңбекшілердің тұрғын үй жағдайы жақсарды. Санитарлық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген көп пәтерлі тұрғын үйлер салуға көшу жүзеге асырылды. Тұрғын үйлердің сыртқы көрінісінде үйлесімді, көбінесе біраз геометриялық формалар – терең қоршалған көлденең терезелер, балкондар т.б. басты белгілерге айналды. Бұл архитектура көбінесе осы жылдары үйлердің қаңқалы негізге құрылғанына және «конструктивизм» идеялдарының үстемдік еткеніне байланысты болды.

Тұрғын үй құрылысындағы кемшіліктер сәулетшілер мен құрылысшылардың кеңестерінде сынға алынып отырды. Мысалы, көп бөлмелі пәтерлердің сол кездегі үлгілері үнемсіз екені айтылды, үлгілі тұрғын үйлер серияларын жасау жөнінде нақты ұсыныстар жасалды. 1937 жылы және одан кейінгі жылдары пәтерлердің неғұрлым қолайлы және қазіргі заманға лайық түрлерін жасау жөнінде қыруар жұмыс істелді. Республиканың жобалау ұйымдарында бір отбасын орналастыруға арналған көлемі кішірейтілген секциялардың жоспары жасалды.

Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезеңде тұрғын үйлер, ең алдымен аз қабатты үйлер сериялық жоба бойынша салынды. Сонымен қатар үлгілі жобалар сериясы неғұрлым көп тарады. 40-жылдардың 2 жартысынан бастап тұрғын үйлер жеке жобалар бойынша да салына бастады. 1948-54 жылдары Алматыда неғұрлым ірі үш қабатты үйлер тұрғызылды.

Тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты жаңа ауылдық елді мекендер жедел салына бастады. 1957-58 жылдары Қазақ қала құрылысын жобалау институты Қазақстанның жер сілкінетін аймақтарында салынуға арналған тұрғын үйлердің алғашқы үлгілі жобаларын жасады. 1968 жылы республикада ірі панельді үйлер салудың үлес салмағы 32,1 пайызға жеткен. Тұрғын үйлердің архитектуралық жоспарлануы және тұрмысқа қолайлы болу жағы жақсарды. 1970 жылдардың басынан бастап Қазақстанда 9-12 қабатты биік үйлер салына бастады. Біртұтас берік темірбетоннан 9 қабат тұрғын үй салу жобасы жасалды. Мұнда үйлердің қабырғаларын жылжымалы жедел әдіспен шегендеп салу көзделді. Осы жылдары 69 және 70 сериялы типтік жобалар жасалды, мұның өзі тұрғын үйлердің типтік жобаларына сапа жағынан алдын ала жаңаша қарауға мүмкіндік берді. Бұл ірі панельді және каркасты-кірпішті үйлерде пәтерлер жетілдірілген жобалармен салынды, қосалқы бөлмелердің көлемі көбейтілді, дыбыс өткізбеу және пайдалану сапасы жақсарды.

Қазір тұрғын үйлердің эстетикалық дәрежесінің сапасын жақсарту, оның ұлттық өзгешелігі және архитектуралық тартымдылығы мәселелеріне зор көңіл бөлініп отыр.