Магнит индукциясы , физикалық мағынасы, формуласы, өлшем бірлігі
Сырттан әсер етуші өріс пен дененің немесе ортаның магниттелу өрісінің қосындысы магнит индукциясы В деп аталады.
мұндағы μ0 – магниттік тұрақты деп аталатын вакуумның абсолюттік өтімділігі;
СИ жүйесінде μ0 = 4π ∙ 10-7 Гн/м (Генри /метр); СГС-те μ0 = 1, өлшем бірліксіз шама,
Т – сыртқы өріс кернеулігі.
Вакуумда В = μ0 ∙ Т, табиғи ортада В = μ ∙ μ0, мұндағы μ – салыстырмалы магнит өтімділігі. μ∙ μ0 көбейтіндісі ортаның абсолюттік магнит өтімділігін сипаттайды.
В-ның СИ жүйесіндегі өлшем бірлігі – Тесла (Тл), СГС-те – Гаусс (Гс); 1 Гс = 10-4 Тл. Магниттік барлауда оның қолданылатын өлшем бірлігі – нанотесла (нТл), 1 нТл = 10-9 Тл.
Т сыртқы өрістің зарядқа әсер ететін тартылыс немесе итеру күшін білдіреді.
Оның өлшем бірлігі СИ жүйесінде – ампер/ метр (А/м); СГС-те – Эрстед (Э); 1А/м = 4π ∙ 102 Гамм; 1γ = 10-2 мэ = 1∙ 10-5 э; 1 мэ = 100 γ; 1 э = 1000 мэ= 100 000 γ (гамма)
Магниттік барлау мәліметтерін интерпретациялаудың жанамалар тәсілі
Жанама әдістерде бақыланған аномалиялар тура есепті шешу арқылы есептелген аномалиялармен сәйкес келгенше дене параметрлерін таңдау әдісі қолданылады. Бұл әдістер ЭЕМ-ді қолдануға негізделген.
Сандық интерпретация дененің орнын, созылуын, пішінін, тереңдігін анықтаудан басталады. Ары қарай аномалия құраушы объект қарапайым геометриялық пішіндегі денелермен аппроксимацияланады. Ол үшін аномалия пішіні, таңбасы және зерттелетін аудандағы магниттелген денелердің ықтимал пішіні туралы бүкіл априорлық ақпараттар қолданылады.
Магниттік барлау нәтижелерін бейнелеу
Магниттік түсірулер нәтижелері Та, ∆Та, ∆Za графиктер және изодинамдар карталарымен бейнеленеді. Графиктерде горизонталь ось бойынша пикеттер, вертикаль ось бойынша магнит өрісі аномалиялары салынады. Изодинамдар карталарында әр өлшеу нүктелеріне тән шамалар көрсетіліп, бірдей (изо) мәндер сызықтармен біріктіріледі. Изосызықтар қимасы аномалияны анықтау дәлдігінен 2-3 есе артық болуы қажет.
Жасалған геомагниттік карталар сапасы бақылау торы жиілігімен (профильдер ара қашықтығы карта масштабының 1 см-і) және түсіру дәлдігімен бағаланады.
Изодинам мен графиктер карталарындағы оң таңбалы мәндер көк, теріс таңбалы мәндер қызыл түспен боялады.
Магниттік барлау нәтижелерін өңдеу
Түсірулер қорытындысы бойынша өлшенген элементтердің (T, ∆T, ∆Z) аномалиялы шамалары (Tа, ∆Tа, ∆Zа) анықталады:
Та = Т – ТН – Твар, ∆Та = ∆Т – ∆Твар, ∆Za = ∆Z – ∆Zвар, (5.2)
Мұндағы TН –қалыпты өріс, Твар, ∆Твар, ∆Zвар - t өлшеу уақытындағы T, ∆T, ∆Z шамаларының вариациясы. ∆Ta, ∆Za формулаларында T0 және Z0 мәндері тіректік пунктте нольге тең деп алынады. Бұл шартты бірнеше ондаған шаршы километрге дейінгі зерттеу аудандары үшін қолдануға болады. Үлкен территориядағы түсірулер үшін T0 мен Z0 шамаларын білу қажет, ол үшін тіректік пункттердің магниттік карталардағы орны белгілі болу керек.
Магниттік барлаудың қолданылуы
Магниттік барлау құрылымдық геологияның аймақтық міндеттерін шешуде, түрлі масштабтағы геологиялық карталауда, темір кенорындарын іздеу мен барлауда, рудалы және рудалы емес пайдалы қазбалар кенорындарын іздеуде, таужыныстардың жарықшалықтығын мен геологиялық-петрологиялық ерекшеліктерін бағалауда, инженерлік-геологиялық зерттеулерде қолданылады.
Аймақтық геология міндеттерін шешуде және құрылымдық-тектоникалық аудандауда магниттік барлау басқа геофизикалық әдістермен бірлесіп тауаралық ойыстар, антиклинорий, синклинорий, жарылымдар аймағы, түрлі құрамдағы таужыныстардың шекаралары, кристалданған іргетас дөңестері мен ойпаңдары сияқты аймақтық геологиялық құрылымдарды анықтау үшін қолданылады. Магнитсіз шөкпелі түзілімдермен жабылған аудандарда ол магниттелген іргетас таужыныстарын карталауда қолданылады. Мұхиттардың аномалиялы өрісі Jr-дің салдарынан әр таңбалы, рифтілер аймақтарына параллель жолақтармен ерекшеленеді.
Түрлі масштабтағы геологиялық карталау аэромагниттік барлаумен майда масштабта карталау-іздеу мақсатында жүргізіледі. Жердегі магниттік барлау жұмыстары карталау-іздеумен қоса барлау-іздеу және барлау мақсаттарында орындалады.
Пайдалы қазбаларды іздеуде магниттік барлауды темір рудалары үшін қолдану тиімді. Зерттеулер 1:100 000 масштабтағы аэромагниттік барлау жұмыстарынан басталады. Аталған кенорындар жүздеген, мыңдаған гамма Z(T) аномалияларымен ерекшеленеді. Аномалияларды нақтылау жердегі магниттік барлау жұмыстарымен орындалады.
Рудалы және рудалы емес пайдалы қазбалар кенорындарын іздеу жұмыстарында магниттік барлау полиметалл, сульфидті, мыс-никельді, марганецті рудалар, бокситтер, алтын, платина, вольфрам, молибденнің және т.б. шашылымды кенорындарын іздеу мақсатында қолданылады. Оған рудалар құрамында ферромагнитті минералдардың болуы немесе өздерінің жоғарғы магнит қабылдағыштық қасиеті негіз болады.
Таужыныстардың геологиялық-петрографиялық ерекшеліктерін және жарықшалықтығын зерттеу бақылау торы 1 x 1, 3 x 3 и 5 x 5 м жиіліктегі микромагниттік түсірулермен орындалады. Бұл тәсіл 10 - 20 м тереңдікте жатқан таужыныстар үшін қолданылады. Нәтижесінде қимасы 2, 3, 5 нТл Za графиктер картасы жасалады.
Геологиялық ортаны зерттеуге инженерлік геология міндеттерін орындау, гидрогеология, мәңгі тоң, гляциология, экология мәселелерін шешу кіреді. Мұнда магниттік барлау жалпы зерттеулермен қоса карталаудың арнайы түрлерін орындауда қолданылады. Далалық магнитометрлердің жоғары дәлдігі таужыныстарды литологиясы жағынан магниттік қасиеті бойынша ажыратуға мүмкіндік береді. Нақты магниттік түсірулер нәтижелерін құрылыс саласында таужыныстарды литологиялық-петрографиялық зерттеуде , олардың жарықшалығын, бұзылу деңгейін, карстілігін анықтауда пайдаланады.
