
- •Мазмұны
- •1.1. Ағартушы философиясының туындалу шарттары мен халыққа ықпал ететін факторлар.
- •1.2. Ресей еліндегі ағартушы философиясының дамуы.
- •Іі. Хіх ғ. Қазақ ағартушыларының философиясы
- •2.1. Ш. Уәлиханов- ағартушы, философ, энциклопедист
- •2.2. Көрнекті қазақ ағартушысы –Ыбырай Алтынсарин.
- •Қорытынды
- •Пайдаланылған әдебиеттер
2.2. Көрнекті қазақ ағартушысы –Ыбырай Алтынсарин.
Ыбырай (Ибрагим) Алтынсарин 1841 жылы 20 қазан күні қазіргі Қостанай облысы, Затобол ауданында туылды. Ыбырайдын төрт жасында әкесі Алтынсары дүниеден өткендіктен, атасы Балғожа бидің қолында өседі. Ұлы ұстазды дүниеге келтірген анасының есімі-Айман, ал жары қарапайым қазақ қызы-Айғаныс еді.
Ыбырай Алтынсарин екі ұл бала (үлкені 9 жаста, кішісі 2 жаста), екі қыз бала (үлкені 12 жаста-асырап алған, ағасының қызы, кішісі 1 жаста)-небәрі 4 бала қалған.
Ыбырайдың үлкен баласы әкесі тірі кезінде Қостанай қаласындағы орыс-қазақ мектебіне түсіп, сауатын ашқаннан кейін Троицкі қаласындағы гимназияда оқыды.
Балғожа Жанбыршин белгілі би, ірі бай болған кісі. Ол ұзақ уақыт Орынбордағы погран (шекара) комиссиясы қоластында, Қыпшақ руына старшина болып қызмет істеген, патша өкіметінен шен-шекпен алған ірі феодалдың бірі.
Балғожа би Ыбырайды өзінің орнына ел билеу ісіне даярлау мақсатында 1850 жылы Орынборда жаңадан ашылған жеті жылдық орыс-қазақ мектебіне оқуға берді.
Ыбырай 1857 жылы осы мектепті үздік бағамен оқып бітірді. 1857—1859 жылдары ол өзінің атасы Балғожаның қарамағында іс жүргізуші болып қызмет атқарады.
1859 жылы Балғожа би өзінің досы генерал-лейтенант, профессор Василий Васильевич Григорьевтің көмегімен Ыбырайды Орынбор облыстық шеқара басқармасына тілмаштыққа орналастырады. Осы кезде Ыбырай В. В. Григорьевтің үйінде жиі болып, оның аса бай кітапханасын пайдаланып, орыс, батыс классик жазушыларының, ағартушы-педагогтарының еңбектерімен еркін танысуға мүмкіндік алады.
Осы жылдары Ыбырай В. В. Григорьевтің үйінде Қазан университетінің профессоры Н.И.Ильминскиймен танысып, онымен қадірлес достық қатынаста болады.
Осылайша өз бетімен оқып, білімін молайтудың нәтижесінде Ыбырай тілмаш болудан гөрі, халыққа пайдалы қызметке қарай ойысуды ниет етеді.
1860 жылы Орынбор өлкесінің басқару комиссиясының ұйғаруымен Батыс Қазақстан өлкесінен қазақ балалары үшін төрт бастауыш мектеп (Троицк, Торғай, Ырғыз, Қазалы қалаларында) ашылады.
Ыбырай Торғай қаласында ашылған бастауыш мектепке мұғалім болып тағайындалады.
1861—1863 жылдар аралығында Ыбырай өз бетінше Торғай бекінісінен бір сыныптық мектеп ашу ісін қолға алып, әуелі оның үйін тұрғызудан бастайды. Жергілікті халықтан ақша жинап, мектепке керекті материалдар сатып алып, ата-аналардың көмегімен мектеп үйін тұрғызады. Оқу алғаш 1864 жылы қаңтар айында салтанатты түрде ашылып, той жасалады. Ыбырай 14 қазақ баласын оқуға қабылдайды. Олар мектеп жанынан салынған интернатта жатып оқитын болады.
Ыбырай балаларға түсініксіз жаттамалы діни оқудың орнына жаңаша әдіспен түсіндіріп оқытып, оларға тез хат танытатын жол табады. Соның нәтижесінде Ыбырай оқытқан балалар небәрі 3-4 айда қара танып, кітапты еркін оқитын халге жетеді.
Ыбырай заманында қазақ даласындағы діни оқуларды көбінесе Қазан, Уфа қалаларынан оқып келген татар молдалары оқытты. Пайдаланылатын оқу құралдары да Қазан және Уфа қалаларында татар-араб тілдері араластырыла басылып шыққан кітаптар болатын.
Ал Ыбырай болса қазақ тілінің тазалығы үшін күресіп бақты. Ол мектептегі оқуды түсініксіз жаттамалы араб тілінде оқытуға немесе араб-татар тілдерін араластыра оқытуға негізделген оқулықтарды пайдалануға қарсы болды. Н. И. Ильминскийге жазған бір хатында: "Мәселенің мәнді жері — қазақтарға татар фанатизмінің ықпалын тигізбеу, қазақтардың білім алуына кесірін тигізбеу ғой. Осындай ықпалдан құтқару үшін бірте-бірте, бірақ шын құтқару үшін мазмұны балалардың білімін көтеретін, тақырыбы оларды қызықтыратын кітаптар керек, бұл кітаптар татар кітаптарымен қатар, зор күш болар еді" деп өзінің шынайы ағартушылық, идеяларын ана тілінде жазылған оқулықтар арқылы іске асырмақ болады. Осы мақсатпен 1876 жылы Ыбырай Петербург, Қазан қалаларына барып, орыстың ұлы педагогтері К. Д. Ушинский, Л. Н. Толстой, Н. Ф. Бунаковтардың оқулықтарымен танысып, олардың оқыту жүйесін үйренді. Соларға еліктей отырып, қазақ тілінде тұңғыш оқулықтар жазуға кірісті.
Ол заманда мұсылман мектептерінде араб тілінде жазылған "Құран", "Әптиек", "Мұқтасар" секілді діни кітаптар оқулық ретінде пайдаланылатын. Бұл кітаптарды оқушы түгілі молдалардың (мұғалімдердің) өздері де түсінбей, жаттатып оқытатын. Ыбырай қазақтың өз тілінде оқулық жазу керек деген қорытындыға келді.
Ы. Алтынсарин алдыңғы қатарлы орыс педагогтерінің оқу құралдарын басшылыққа ала отырып, қазақ ауыз әдебиеті мен салт-дәстүрлері үлгісіне негізделген екі төл оқу құралын ("Қазақ хрестоматиясы" мен "Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралын") 1879 жылы жазып, бастырып шығарды.
Ыбырай "Қазақ хрестоматиясына", біріншіден, Қара батыр, Байұлы, Жиренше шешен, Тазша бала туралы ертегі, т. б. қазақтың байырғы әңгімелерін енгізсе, екіншіден, өзінің "Бай баласы мен жарлы баласы", "Таза бұлақ", "Аурудан аяған күштірек", "Жеміс ағаштары", "Әке мен бала", "Асыл шөп" сияқты ғибрат, өсиет-өнегеге құрылған дидактикалық әңгімелері мен өлеңдерін кіргізді, үшіншіден, "Талаптың пайдасы", "Бір уыс мақта", "Алтын шекілдеуік", "Мейірімді бала", "Жаман жолдас", "Силинші ханым", "Зеректік", т.б. орыс, батыс классиктерінің тәлімдік мәні зор әңгімелерін аударып енгізді.
Ыбырай өзінің ағартушылық, ұлы педагогтік ісін үш түрлі бағытта жүргізді. Біріншіден, Батыс Қазақстан — Торғай өлкесінде әр салалы мектептер ашып жастарға білім берумен қоса, оларды еңбекке, кәсіпкерлікке баулуды көздеді. Екіншіден, өзі ашқан мектептерге мұғалім мамандарын даярлап, оларды әдіскерлік шеберлікке үйретті, үшіншіден, К. Д. Ушинский, Л. Н. Толстой сияқты орыстың ұлы педагогтерінің гуманистік идеяларын тұңғыш қазақ мектептеріне таратты.
Ыбырайдың педагогтік атағы 1879 жылы Торғай өлкесіне мектеп инспекторы қызметіне тағайындалған кезінен бастап қалың жүртқа таныла бастады.
Ол 1879—1883 жылдар аралығында Торғай облысының төрт уезінде (Торғай, Ырғыз, Троицк, Актөбе) уездік жаңа мектептер ашты. 1883 жылы Торғай қаласында тұңғыш қолөнер мектебін ашып, жастарға кәсіптік-техникалық білім беру ісін қолға алды. Онда оқушылар сабын қайнату, тон пішіп, тігу, тері илеу кәсіптерін үйреніп меңгерді.
1887 жылы Елек уезіне қарасты Бөрте болысынан, Қостанай (бұрынғы Николаевск) уезінің Обаған және Жітіқара болыстарынан бір сыныптық мектептер ашып, әрқайсысының жанынан қазақ балалары жататын 25 орындық интернат салдырды.
1887 жылы Торғай даласында айтулы тағы бір жаңалық болды. Ол — Ы. Алтынсариннің көптен армандап жүрген, оқу құралдарымен өзі жабдықтаған Ырғыз қыздар училищесінің салтанатты түрде ашылуы еді. Патшалы Ресей заманында қазақ қыздарын оқыту деген адамнық өңі түгілі түсіне де кірмейтін жаңалық болатын. Себебі қазақтар "қыздар жаңа заман оқуын оқыса бұзылып кетеді" деген жалған түсініктен арыла қоймағантын. Алтынсарин осы теріс көзқарасты сейілту жолында аянбай еңбек етіп, елкелік басқармаға Торғай облысының барлық уездерінде қыздар училищесін ашуды өтініп мәлімдеме жазды. Осының нәтижесінде кейін Қарабұтақта (1890 ж.), Торғайда (1891 ж.), Қостанайда (1893 ж.), Актөбеде (1896 ж.) қыздар училищелері ашылды. Бұл қазақ қыздарының әлеуметтік істерге белсене араласуына ашылған үлкен жол [7, 177-182 б. б.]
Ы.Алтынсарин өзінің ағартушылық философиясында жас ұрпақтың тағдырына халықтың рухани қайта өрлеу үмітін артып, осыған байланысты педагогикалық (ұстаздық), психологиялық көзқарастарын дамытты. Өз көрінісін ақындар айтысынан, қисса, хиқая, жаңа эпикалық жырлардан тапқан эстетика жаңа даму кезеңіне шығып, жарқырай дамыды. Музыка (әуез) өнерінің өркендеуі Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Ықылас, Біржап сал, Мұхит, Ақан сері, Жаяу-Мұса, Зілғара, Құлтума, Сара, Сералы, тағы басқа ақын-әншілердің есімдерімен байланысты. Әрине, XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы қазақ философиясының биігі Абай шығармашылығынан көрініс тапты. Ол туралы кейінірек айта кетеміз.
Біз философиялық ой-пікірлері туралы сөз етіп отырған Ыбырай Алтынсарин, қанағат мәселелері туралы көп ой толғады. Ол мөлшерді сезінуді сақтамай бақытты болу мүмкін емес деп ойлады, онымен қоймай, ойшыл бақыт пеп байлық - ынсаптылықта деп санады. Өзіңде барда қанағат қылудың қажеттілігі туралы Ы.Алтынсарин былай деп жазды: "Сараң адам қанша малды болса да, өз байлығына риза болмайды, ал керісінше малы аз болса да, өзінде барға қанағат қылған адамның жаны жай тауып, тыныштықта болады". Ы.Алтынсарин сараңдық, өзімшілдік және басқа да кемістіктер адам өмірінің мәнің жоғалтады деген пікірде болды.
Қанағат - адамда қызғаншақтық, сараңдық, нәпсіқұмарлық, ысыраншылдық тәрізді жағымсыз әдеттердің дамуына қарсы тұру қажеттілігінен туған моральдық құбылыс екенін айта кету жөн. Қанағат - тек қана адамның материалдық тірліктерді пайдалануда өзіне-өзі шек қоя білуі емес, сондай-ақ құмарлық әсерінен туған әртүрлі жамандықтардан сақтаушы рухани күш. Сабырлық, ұстамдылық адамды еңбек сүйгіштікке, мейірімділікке, жомарттыққа, қайырымдылыққа тәрбиелейді. Бір қызығы, қанағат адамға шек қоя отырып, оны еркін етеді [2, 438-439 б. б.]
Ыбырайдың философиялық дүниетанымының қалыптасуына туған ел, халық ауыз әдебиеті, прогрессивті орыс әдебиеті мен Еуропа ойшылдарының еңбектері өз әсерін тигізді. Ш.Уәлиханов секілді Алтынсарин да өз халқының артта қалушылығын жоюдың бірден-бір жолы ағартушылықта деп сенді және Қазақстандағы халық ағарту ісінің ұйымдастырылуы мен дамуына белсене араласты. [4, 131-132 б. б.]
Ы.Алтынсарин арнайы философиялық тақырыпта еңбек жазбаған, дегенмен ағарту және қоғам мәселелерін талдауға арналған шығармаларында дүниеге көзқарастық пікірлер қалыптастырған. Ыбырайдың көптеген өлеңдері мен әңгімелерінен оның қоршаған дүниенің сан алуандылығына назар аударылған. "Жаз", "Өзен" сияқты өлеңдерінде табиғатты өзінше тамашалау ғана емес, сонымен бірге оның адам үшін маңызды екендігі сезіледі. Бұл - ұлы ағартушының дүние туралы көзқарасының бір жағы. Екінші, Ыбырай дүниені жаратушы Құдай деп біледі. Бұл ойды ол көптеген шығармаларында қайталап отырады. Мысалы, "Жаратқан мұнша таңсық Жаббар Құдай!" (Алтынсарин Ы. Таза бұлақ. А., 1988, 18-б.), "Жаратты неше алуан жұрт бір Құдайым" деген өлең шумақтарында, "Мұсылманшылдықтың тұтқасы" т.б. еңбектерінде осы пікірді қуаттайды. "Мұсылманшылдықтың тұтқасында" бүкіл дүниені, жан-жануарларды айта келіп, "мұның бәрі де жалғыз теңдесі жоқ, ұқсасы жоқ бір Құдайдың барлығына, бірлігіне һәм кәміл жаратушы халық - қадір екендігіне дәлел болса керек- деп тұжырымдайды. Ойды қайырып айтқанда, Ыбырай қоршаған дүниенің объективті өмір сүретіндігін мойындайды, сонымен бірге дүниені жаратушы Құдай деп біледі. Бұдан Алтынсаринның дүниеге көзқарасы деизмге жақын екенін көреміз. Кейбір зерттеушілер Ыбырайды стихиялық материалист, дінге қарсы болған деп айтып жүр. Мәселені нақты қарасақ, Алтынсарин Шоқан сияқты татар және Бұхарадан келген молдалардың дінінің озбыр түріне қарсы болған. Н.И.Ильминскийге 1882 жылы 12 қыркүйекте жазған хатында татар және Бұқара молдаларынан оқыған жастар өз діні жағынан толық мешеу, оның есесіне мұсылман еместің бәріне өшпенділікпен қарайтын болып шығады деп көрсетеді. Мұндай дүмше молдалардың барлық ақыл-парасатты тек Мұхаммед дінінен тапқысы келетіндігін қатты сынайды.
Қай идеология болмасын ресми және монополиялық түрге айналса, ерте ме, кеш пе, оның тоқырауға ұшырайтыны заңды. Ыбырай мұсылман дінінің монополиялық, ресми идеология болып тұрған кезіндегі озбыр түріне қарсы шықты. Мұнымен қатар Алтынсарин қазақ балаларына христиан дінін зорлап үйретушілерге де үзілді-кесілді қарсы болды. В.В.Қатаринскийге 1888 жылдың 20 ақпанында жазған хатында А.Г.Бесеонов деген мұғалімнің оқушы қазақ балаларына інжіл мен оның парыздарын уағыздағаны туралы қатты ренжіп жазды. Ыбырай "...мұнымен, оқушылар мектебінің келешегін ғана емес, онымеп қабат жалпы орыс-қазақ мектептеріпің бәрінің де келешегін мүлдем бүлдіріп алуымыз мүмкін ғой!" дейді.
Ы.Алтынсарин "қырғыздардың жас ұрпағы орыс тілі мен сауатына мәдениет пен білімінің жалғыз тілі ретінде қарайтын және оған құмарланып орыс дәстүрінде дами алатын" уақыт туралы шын жүректен армандады. Осы арманды іске асыру үшін Ы.Алтынсарин маңызды тәжірибелік нақты қадамдар да жасаған болатын. Отаршылық биліктің кедергілері мен жергілікті ескішілдіктің сарқыншақтары мен соқыр сенімдерін жеңе отырып, ол белсенді әрекеттер жасап, қазақ даласында қазақ балалары үшін бірнеше мектептердің негізін қалады. Оның табандылығы мен жігерлілігінің арқасында мектептерде балалар өз ана тілінде түрлі пәндерді өтумен бірге, орысша сауатын да ашты. [2, 441-442 б. б.]
Ы.Алтынсаринның этикалық және эстетикалық көзқарастары құндылығы және маңызы жағынан ерекше орын алады. Мысалы, "Жаз", "Өзен" деген өлеңдерінде табиғаттың сұлулығы, көкорай шалғынды көркі, күмістей сыңғырлаған суы, көкжиектің мұнарланған сағымы шебер тілмен суреттеледі. Бұл шығармалар жастарды сұлулықты, ғажайып табиғатты сүйе білуге, құрметтей білуге тәрбиелейді. Ағартушылық жөніндегі көптеген хаттары мен жазбаларында қазақ балаларына ән-күйден суреттен сабақ беру керек екендігін мәселе етіп қояды. Бұдан Ыбырайдың жастарға эстетикалық тәрбие берудің маңызын жоғары бағалағандығын көреміз. [5, 245 б.]
Этикалық тәрбие жөніндегі оның пікірлерін, ой-тұжырымдарын бағалы асыл мұра деуге болады. Ең алдымен, Ыбырайдың өз басының өте жоғары дәрежелі мәдениет иесі болғандығын айта кету керек. Оның достары мен жолдастарына жазған хатында кішіпейілділік пен ізгіліктің белгісі айқын көрінеді. Ұстазы болған И.И.Ильминскийге жазған хаттарында үлкен құрмет пен ілтипат сезімдерін білдіріп, ал өзінің шәкірті есебінде болған А.А. Мазохинге жазған хаттарын ұдайы "сүйікті досым" деп бастап жазды. Кейбіреулерге ағарту жұмысындағы кемшіліктері үшін қатты сөз айтып, реніш білдірсе, артынан артық кеткеніне кешірім сұраған көңілін білдіреді.
Жастарды инабаттылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу Ыбырай шығармаларынан ерекше орын алады. Еңбекті сүю, үлкенді құрметтеу, мейірімділік, кішіпейілділік сияқты қасиетті қырда өскен балаларға түсінікті болатындай әңгіме, мысалдар арқылы жеткізе білді. Ыбырай әлеуметтік мәселелерді көптегеп еңбектерінде талқылайды. Ресей оқу орындарынап білім алып, өркениеттен нәр алған Алтынсарин озық-ағартушылық идеяларын қазақ елінде жүзеге асыру үшін талай еңбек етті. "Кел балалар, оқылық", "өнер, білім бар жұрттар" сияқты өлеңдерінде жастарды өнерге, білімге шақырды. Ыбырай ағарту ісінің тек насихатшысы ғана емес, сонымен бірге аса көрнекті ұйымдастырушысы болды. Қазақ даласында білім бұлағы болатын мектептермен қатар өндірістік кәсіпкер мамандар дайындайтын арнайы техникалық-кәсіптік оқу орындарын ашу жөнінде мәселн қояды. Бұдан Алтынсаринның өндірістің қоғам өміріндегі рөлін жоғары бағалағандығы көрінеді. Кейбір зерттеулерде ағартушылар сияқты Ыбырай да оқыту, ағарту ісі қоғам өмірінде шешуші фактор болатындығын мойындаған деген біржақты тұжырымдар жасалады, Мұндай пікірді марксизм әдістемесін сыңаржақтылық тұрғыдан дәріптеу деуге болады. Шындығында, сол кездегі қазақ елінде ағарту және сол арқылы өнеркәсіпті дамыту ісінен басқа қандай жол бар еді? Айталық, қазақ жұрты көтеріліс жасап, патша үкіметін құлатып, байларды жойды дейік. Сонда басым көпшілігі сауатсыз, қалың кедей, өндіріс кәсібі жоқ елде жоғары дәрежелі әділетті қоғам құра алады деп айта аламыз ба? Әрине жоқ. Ендеше, Ыбырай айтқан ағарту ісі, өндіріс кәсібінің өркендеуі сол замандағы қазақ халқы үшін бірден-бір дұрыс жол еді.
Ұлы ағартушының істеген ісінен шығармаларынан өз халқына деген зор махаббатын, үлкен қамқорлығын көруге болады. И.И.Ильминскийге, В.В.Қатаринскийге жазған хаттарында қазақ халқының көңілі ашық, қонақжай, мейірімді екенін, жаңаға талпынғыш, білімге құштар жұрт екенін үлкен сүйіспеншілікпен айтады. Халқының өзіндік мәдениетінің дамуын аңсайды, тілінің бөтен тілмен шұбарланбай таза болғанын тілейді. Н.И.Ильминскийге 1862 жылы жазған хатында "молдалар өздерінің адам басын қатыратын ерекше қасиеттерінің үстіне, қазақтың табиғи тілің де бұзып жүр" деп реніш білдіреді. Сонымен бірге Ыбырай қазақ халқы басқа халықтармен ынтымақтастықта болуын және олардың мәдениетінен үлгі алуы керектігін әр уақытта уағыздап отыр. Ыбырай толығымен ағартуды жақтады, мектепті діннің ықпалынан ажырату үшін күресті, исламның кертартпа-клерикалды идеологиясын сынады, мұсылман дін басылыларын, олардың діни-схоластикалық білім жүйесін әшкереледі.
Ы. Алтынсаринның қоғамдық-саяси көзқарастарына шынайы да терең демократизм, өз халқының мүддесін қорғауға деген ұмтылыс тән. "Қырғыз қайғысы" деген жазбаларында ол 1868 жылғы отаршылдық қанауды күшейту мақсатында жасалған әкімшілік реформасына наразылығын білдірді. Халыққа пайдалы реформа қандай болу керек деген сұраққа берер жауабы Ш.Уәлихановтың "Сот рсформасы жайында хат" жазбаларындағы ойларына жақын. Тарих пен қоғамдық құбылыстар, қоғамды өзгерту жолдары туралы мәселеде Ы.Алтынсарин ғылым мен ағартушылыққа, олардың түрленуші күшіне сенім білдіреді. [2, 443-444 б. б.]