
- •Мазмұны
- •1.1. Ағартушы философиясының туындалу шарттары мен халыққа ықпал ететін факторлар.
- •1.2. Ресей еліндегі ағартушы философиясының дамуы.
- •Іі. Хіх ғ. Қазақ ағартушыларының философиясы
- •2.1. Ш. Уәлиханов- ағартушы, философ, энциклопедист
- •2.2. Көрнекті қазақ ағартушысы –Ыбырай Алтынсарин.
- •Қорытынды
- •Пайдаланылған әдебиеттер
1.2. Ресей еліндегі ағартушы философиясының дамуы.
В.Г. Белинский (1811-1848) зиялылар ортасынан шыққан уездік дәрігердің ұлы еді. Ол жастайынан халықтың ауыр тұрмысын көріп өсті және оның себебін басыбайлықтан іздеді. 1829 жылы ол Мәскеу университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, оның алғашқы курстарында-ақ айналасына алдыңғы қатарлы озық ойлы студенттерді жинап алғанды. Университетті үздік бітірген соң, 1833 жылы ол Станкевичтің үйірмесіне қатысады. Алғашкы кезде әртүрлі баспаларда шағын сыни мақалалары жарық көреді. Кейінен, 1839-1846 жылдар аралығында «Отандық жазбалардың» жетекші сыншысы болып істеді де, 1846 жылдан бастап өмірінің аяғына дейін «Замандастар» да қызмет атқарады. Отызыншы жылдардағы Белинскийдің әлеуметтік – саяси, философиялық көзқарастары ағартушылық сипатта болды. Бұл кезде ол идеализмнің ықпалында болды да, қоғамдық дамудың себебін «әлемдік ақыл – ойдың» заңдарынан іздеді. Бұл орайда оған Гегель философиясының ықпал жасағанын байқаймыз. Алайда, 1840 жылдың өзінде-ақ Белинский идеализммен біржола қоштасады да, материалистік бағытқа көше бастайды. 40- жылдары Белинскийдің шығармашылық табыстары күрт өсті. Оның қоғамдық – саяси және әдеби қызметінің қорытындысы ретінде бағаланатын «Гогольге хаты»1847 жылдың шілде айында жазылған еді. Онда Белинский Гогольді аяусыз сынау үстінде Ресейдегі басыбайлық тәртіпті аймандай қылып, әшкерлейді де, демократиялық қайта құрудың бағдарламасын тұжырымдайды және орыс әдебиетінің халықты азат ету үшін аянбай қызмет ету мәселесін ұлы міндет етіп қояды. Өз шығармаларында Белинский алпауттық Ресейдің негізгі үщ тірегіне қатты шүйлікті. Олар басыбайлық, самодержавие және шіркеу еді.
Қоғамдық өмірді түсінуде Белинский идеалистік бағыттың ықпалынан шыға алған жоқ. Атап айтқанда, тарихи дамудың қайнар көзін ол ақыл – ойдың көркеюінен іздеді. Осы тұрғыдан ол халық бұқарысының тарихтағы рөлін айқындап бере алмады. Алайда, бұл орайда сонымен қатар көптеген бағалы пікірлер де айтқан болатын. Мысалы, тарихи прогрестің шексіздігі, күні өткен қоғамдық құрылыстардың заңсыздығы, ұлттық және жалпы адамзаттық мақсат – мүдделердің бірлігі туралы айтқан ойлары күні бүгінге дейін өз маңызын жойған жоқ.Ол славяншылдарды тар өрістілігі үшін сынады, айталық, олардың орыс ұлтын Батыс Европа елдеріне қарсы қоюға тырысуын Белинский тарихқа қарсы бағытталған келеңсіз әрекет деп айыптаған еді. Ол капиталистік қоғамды демократиялық тұрғыдан сынады, ал социалистік қоғамды адамзаттық шынайы армандарына сай келетін, қанау мен теңсіздік сияқты жексұрын құбылыстардың тамырына балта шабатын әділетті құрылыс ретінде қарастырады. Мқндай қоғамға өту ісі қантөгіссіз жүзеге аспайтынын ол жақсы білді, бірақ та нақтылы қалай, қандай жолмен, кімдердің арқасында жүзеге асырылатынын пайымдай алмады.
Белиский төңкерісшіл демократтардың көш бастаушысы, аға буындарының қатарына жатады. Орыс халқының азаттық үшін күресінде оның алатын орны ерекше. Белинскийдің философиялық ойлары, өршіл, өткір мақалалары, ескі дүниені жаңа мазмұнда қайта құру ісіне шақыруы кейінгі ізбасарлары үшін ойтүрткі, демократиялық ақыл – ойдың өркендеуіне өзек бола алды.
Ресейдегі азаттық қозғалыстың көрнекті қайраткері Александр Иванович Герцен (1812-1870) ХІХ ғасырдың материалистік философияға өз үлесін қосқан ойшыл, революционер-жазушы, публицист. Ол алпауыт И.А.Яковлевтің некесіз туған баласы болатын. Ақсүйектік тәрбие алған Герцен жастайынан Радищевтің, декабристердің, Пушкиннің еркіндікке баулитын идеяларын бойына сіңірген еді.
Мәскеу университетінің физика-математика бөлімінде оқып жүрген кезінде (1829-1833) үйірме ашып, ХVIII ғасырлық қоғамдық-саяси ілімдері және қияли социалистердің дүниетанымын зерттеумен шұғылданды. Қырқыншы жылдардың ортасында Герцен төңкерісшіл демократ ретінде қалыптасады. 1847 жылы саяси эмигрант ретінде Герцен шетелге кетеді де, Франциядағы 1848 жылы революцияның және оның жеңіліске ұшырағанының куәсі болды. Герцен бұған қатты қамығып, біршама уақыт енжар күйге түсті. Ол 1849 жылы Женеваға көшіп келіп, Прудонның шығаратын «Халық дауысы» газетінде қызмет етті. 1852 жылы Лондонға ауысып, 1853 жылы Ерікті орыс баспаханасын ашты. 1855 жылдан бастап «Темірқазық» «Полярная звезда», ал 1857-1867 жылдар аралығында Огарев екеуі алғашқы орыстың төңкерісшіл үнжариясы «Қоңырауды» шығаруды ұйымдастырды. Алғашқы кезеңде «Қоңырауда» жалпы демократиялық бағыттағы мақалалар, үндеулер басылған болса, айталық, басыбайлықты жою, ұрып-соғып азаптауға тыйым салу, цензураны аластау т.б. сияқты, кейіннен революциялық сарынға бой ұрды, патшалық Ресейдің отарлау саясатын аяусыз әшкереледі. Атап айтқанда, Герцен қазақ даласындағы істелініп жатқан жүгенсіздіктерді, қамау-қанаудың сорақы да жексұрын түрлерінен әрі аса алмаған топас патша чиновниктердің іс-әрекеттерін батыл айыптады. 1863-1864 жылдардағы поляктардың көтерілісін жақтамағанымен, оның болашағына сенген жоқ еді, өйткені жеңіске жететініне күмәнданған болатын. Герценнің әдеби шығармаларынан басқа «Кім кінәлі» романын (1841-1846), «Доктор Крупов» атты повесі (1847) және «Өткендер мен ойлар» мемуарлары (1852-1868), философиялық тақырыптарға жазған еңбектері де баршылық.
1850-1860 жылдары Герцен қоғам және жеке адамдардың арақатынасын зерттеуге көп көңіл бөлді. Атап айтқанда, ол тарихты адамдардың ерікті ісі ретінде бағалай отырып адамдар мен ортанын, адамдық жігер мен тарихи заңдылықтың бірлігі туралы ой толғаған еді. Осының нәтижесінде Герцен Европаның болашақ дамуы туралы бұрынғы пікірінен айнып, капитализмнің Ресей үшін қажетті даму сатысы екендігін мойындаған еді. Герцендік ізденістің шыңы, оның теориялық өсиеті ретінде қабылданатын ең соңғы шығармасы «Ескі досқа» атты тарихында әлеуметтік революциядан бас тарту, халықты көтеріліске шақырмау керек деген сияқты сарындар басым болды. Халықты шынайы азаттыққа апаратын жол-оның санасының өсу-өркендеуі арқылы, ағартушылық істі жандандыру арқылы өтеді деген қорытындыға келді Герцен.
Әлеуметтік ұйымдастыру ісінің озық үлгісі ретінде ол І Интернационалды дәріптеген еді. Қалай дегенде де Герценнің идеялары орыстың философиялық, қоғамдық-саяси, эстетикалық ілімдерін дамыту ісінде теңдесі жоқ рөл атқарды. Ол «халықшылдық» ағымының көш бастаушысы ретінде Ресейдегі революциялық қозғалысқа серпін берді, кейінгі ізбасарлары үшін табандылықтың, батылдықтың үлгісі болды.
Белинский мен Герценнің ғұмырлық ісін одан әр жалғастырушы, ұлы төңкерісшіл демократ, шаруа революциясының дем берушісі, орыстың материалистік философиясының көрнекті өкілі Николай Гаврилович Чернышевский (1828-1889) Саратов Губерниясында свяшенниктің семьясында дүниеге келген еді. 1846 жылы ол Петербург университетінің тарих және филология факультетіне оқуға түсті. Студенттік жылдарда Ресейдегі шаруалар қозғалысының өршуі, Батыстағы революциялық уақиғалар Чернышевскийдің төңкерісшіл демократ болып қалыптасуына игі әсер еткенді. 1848 жылдан кейін ол бар үмітін самодержавиялік-басыбайлық тәртіпті түбірімен жою мәселесіне артады. Ресейлік шындыққа сай келетін революциялық теорияны табу үшін Чернышевский өте көп ізденеді. Атап айтқанда, ол батыс-европалық және орыстық революциялық қозғалыс туралы әдебиетті, ағылшын экономистерінің шығармаларын, француз материалистерінің, қиялы социалистердің, Гегель мен Фейрбахтың философиясын аса жоғары бағалаған еді.
Ресейдің артта қалу себебінен, жұмысшы қозғалысының кенже қалғанына байланысты Чернышевский капитализмді утопиялық социализмнің тұрғысынан сынағанымен, жарқын болашаққа шығудың айқын жолдарын көрсете алған жоқ. Сондықтан да ол Маркс пен Энгельстің замандасы болғанымен философиялық көзқарасының деңгейі жағына Маркске дейінгі материализмнің өкіліне жатады, бірақ олардан көптеген жаңа, соны пікірлері арқылы ерекшеленеді. Маркс пен Энгельс Чернышевскийдің шығармаларын мұқият талдап отырды және оған жаны ашып, батыстың зейінің аударуға тырысты. Чернышевскийдің «ит жеккенде» айдауда жүруі Александр Екіншінің ұятына түскен өшпес қара дақ ретінде бағалануы тиіс деген болатын, Ф. Энгельс.
Чернышевскийдің ең жақын әріптесі болған, тамаша әдебиет сыңшысы, ұлы төңкерісшіл демократ, материалистік философиясының көрнекті өкілі, жас өмірі қыршынынан қиылған Николай Александрович Добролюбов (1836-1861) төменгі Новгород қаласында, свяшениктің жанұясында дүниеге келді. 1857 жылы ол Петербургтегі бас педагогикалық институтты тәмамдаған болатын. Ол студенттік шақтардан бастап-ақ басыбайлыққа өлердей жауықты және Белинскийдің, Герценнің, Чернышевскийдің ықпалының арқасында төңкерісшіл демократ әрі материалист ретінде қалыптасты.
Табиғат пен қоғамды диалектикалық бірлікте қарастыруға тырысқан Добролюбов әр уақиғаны тарихи дәуірдің аясында талдау қажет және оның сол дәуір үшін қандай маңызы болғандығы тұрғысынан бағалау керек деген құнды пікір айтқан болатын. Бұл орайда айталық, грек құдайлары өз заманы үшін жарасымды болса, орта ғасыр үшін жексұрын, жабайылық ретінде қабылданды. Өйткені, шексіз үстемдік құрған шіркеу үшін ол құдайлар көзге шыққан сүйелдей болып көрінетін еді.
Жалпы табиғат пен қоғамдағы өзгерістер, сайып келгенде, онды нәтижесін беруі тиіс, деп есептейді Добролюбов. Даму әсте-әсте қарапайымдылықтан күрделілікке, төменнен жоғары қарай жылжиды. Барлық жерді, барлық әлемде тек материяның әр түрлі даму сатыларында тұрған заттар мен құбылыстар ғана шынайы өмір сүреді. Бұл дамуға ішкі қайшылықтар тән болады. Добролюбов табиғаттағы даму қайшылықтарын топшылағанымен, оны қоғамдық дамуға, тап күресіне қолдана алмайды. Ол тап күресінің себебін идеалистік тұрғыдан, адамдар арасында орын алатын «екіжүзділік», «мұттайымдық» қатынастар арқылы түсіндірмек болады.
Алайда ол тап күресінің себебін дұрыс түсіндіре алмағанымен, оның тарихи даму үшін атқаратын рөлін жақсы білді. Осы орайда ол халық бұқарасының тарихта шешуші рөл атқаратынын тамаша зерделейді. Халықтың (демократияның) жатып ішерліктің барлық түріне (үнділік брахмандыққа, парсылық сатраптыққа, римдік патрицийлікке, ортағасырлық алпауыттыққа, буржуазиялық қанауға) қарсы күресі, Добролюбовтің пікірінше, тарих мазмұнын құрайды және осылай жалғаса бермек [1, 229-237 б. б.]