Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Әлеуметтану - копия.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.04.2025
Размер:
2.84 Mб
Скачать

2. Герберт Спенсердің әлеуметтану жөніндегі ілімдері

Англияда әлеуметгану ғылымының қалыптасуы Герберт Спенсердің (1820—1903) есімімен байланысты. Ол өзінің әлеуметтік көзқарастарын "Бастаудың негіздері" (1862), "Биология негіздері" (1864-1867), "Психология негіздері" (1870—1872), "Әлеуметтану негіздері" (1876-1896) деген еңбектерінде баяндады. Спенсердің әлеуметтануының аса құнды жағы — "Әмбебап эволюция заңы". Бұл заң бойынша эволюция — дамудың бірден-бір қайнар көзі. "Әлеуметтану принциптері" атты еңбегінде Г. Спенсер осы идеясын тереңдете келіп, қоғам организм іспетті немесе асқан органикалық агрегат сияқты деген басты тезисін негіздеді. Қоғам мен оны қоршаған сыртқы орта арасындағы қарым-қатынас энергияның реттеу принципі арқылы болады. Бұл заңдылық әр түрлі қоғамдар мен сол қоғамдарды құрайтын жеке адамдардың арасында өмір сүру үшін болатын күрестерде көрінеді. Күрес әмбебап және қоғамдық эволюцияның негізгі қозғаушы күші болып табылады.

Спенсер қоғам мен биологиялық организм арасындағы ұқсастықты толық мойындағанымен, бұл мәселеде ол жалғыз емес еді. Оған дейін мұндай ұқсастықты Конт, Краузе, Ахренс айтқан болатын. Алайда, Спенсер осы бағытты бірінші болып бір жүйеге келтіре отырып жазып шықты. Бұл жүйенің қарастыратын екі мәселесі бар: эволюция принципі және қоғам мен биологиялық организмдердің ұқсастығы. Спенсердің аталмыш жүйесі әлеуметтану теориясынын дамуына қосқан басты үлесі болды. Осы принцитттерді Спенсер әлеуметтік саясатты белгілеудегі, әлеуметтік реформаларды жасап жүргізудегі нақты ұсыныстарында қолдана білді. Оның келесі бір тезисінде әлеуметтік саясат — тәжірибелік зерттеудің нәтижесінде қалыптасуы шарт делінген. Ал, әлеуметтік саясатқа аса қажетті принцип ол — әлеуметтік эволюция процесінің табиғи дамуына кедергі жасамай, оған жол ашу, бұл процесті жеке адамдар мен топтардың ойына не келсе соны істейміз деуінен құтқару.

Спенсер әлеуметтік заңдарды тұжырымдай отырып, әлеуметтік реформаларды белгілеуден бұрын қоғамның нақты әлеуметтік жағдайын жете, жан-жақты білу қажет екендігін атап көрсеткен. Оның пікірінше, еркін және ішкі себептерден пайда болған әлеуметтік эволюцияның жетістікке жетуінің бірден-бір шарты — мемлекет қызметіне қатаң шек қою болып табылады.

Спенсер "еркіндік тендігі" заңын тұжырымдай келе, онда барлық жеке адамдардың "еркіндік теңдігі" басқа адамдардың еркіндігінің деңгейіне сәйкес пайдаланылуы тиіс дегенді айтады. Мемлекет те еркін, бірақ ол жеке адамдардың еркіндігін қорғайтын, соған кепілдік беретін ұйым. Мемлекет алыпсатарлыққа қатысты заңдар шығарумен, діни мекемелерді және қайырымдылық қоғамдарын басқарумен айналыспауы керек. Мемлекеттің негізгі міндеті - қоғамда құқықтың жүзеге асырылуын және еркіндік тендігі заңының сақталуын қамтамасыз ету, сөйтіп, ол өз азаматтарын тонау мен зорлықтан және соғыстан қорғап отыруды іске асырады.

Қоғамды тірі организм іспетті қарауға болады, бірақ бұл жерде мына нәрсені есте ұстау керек, өзіндік өмір сүру заңдарын сақтаған әлеуметтікті құрайтындардың (ұлттар, мемлекеттер, таптар, басқа да әлеуметтік топтар) организмдік мәні бар.

Әлеуметтік организмдер биологиялық организмге ұқсас. Бұл ұқсастық барлық мүмкін жағынан емес, тек олардың алты жағынан ғана ұқсастықты белгілейді. Бүкіл организмдер:

•өседі, көлемі жағынан ұлғаяды;

•өзінің ішкі құрылымдары болады;

•өсу деңгейіне сәйкес бұл құрылымдар күрделенеді;

•құрылымның күрделенуі органдар функцияларының жіктелуінің күшеюімен қатар жүреді;

•құрылым мен функциялардың күрделенуі жекелеген бөлімдер арасындағы өзара әрекеттің дамуына соқтырады;

•жекелеген бөлімдер (органдар) тіптен тұтастықтың өмірінің берекесі кеткен жағдайдын өзінде де белгілі бір уақытқа дейін өмір сүре алады.

Қоғамды толығымен биологиялық организмге ұқсастыру қате болған болар еді, өйткені олардың принциптік тұрғыдан өзгешеліктері бар, ол кемдегенде үш мәселеде көрінеді:

1) биологиялық организм - бұл нақты тұтастық, оның бүкіл органдары тығыз байланысқан. Қоғам - дискреттік тұтастық, оның тірі құрылымдары мен элементтері бір-бірінен азды-көпті еркін және уақыт пен кеңістікте бытыраңқы орналасқан;

2) ойлау және сезім функциялары биоорганизмнің белгілі бір бөлімінде ғана шоғырланған, ал қоғамда ойлау мен көңіл-күй (эмоция) барлық құрылымдар мен элементгерге тән;

3) биологиялық организмде элементтер тұтастық үшін өмір сүреді, ал қоғамда бұл жағдай керісінше болады. Адамдар қоғамға қызмет етпейді, керісінше қоғам адамдарға қызмет етеді.

Спенсер организмнің ерекшелігін индивидтің автономиясын сақтап қалуға, жүйенің адамды жұтып қоюына жол бермеуге тырысқандығында деп түсіндірді.

Спенсер қоғамдық өмірде мемлекеттің рөлін шектеуді, тіптен кедейлерге көмек немесе балаларға тәрбие беру жөніндегі қамқорлығынан да бас тартуды ұсынды. Ол отаршылдық экспансияны сынады, өйткені бұл мемлекеттік бюрократияның күшеюіне әкеліп соғатын еді. Спенсердің пікірінше, кез-келген қоғамның дамуы органдардың үш жүйесінің негізінде іске асады: 1) сүйемелдеуші жүйе. Бұл организмді қоректендіріп, оның дамуын қамтамасыз ететін болса, қоғам да оның дамуына қажетті өнімдерді шығаратын өндіріс бөлімдерінен құралады; 2) бөлуші жүйе - еңбек болінісінің негізінде қалыптасқан әлеуметтік организмнің әр түрлі бөлімдерінің байланысын қамтамасыз етеді; 3) реттеуші жүйе - қоғамның құрамды бөлімдерін біртұтас орталыққа бағындырып, мемлекет тарапынан оның дамуын реттеп отырады. Осы жүйелердің әрқайсысы әлеуметтік институттардан тұрады. Бұл ұғымдармен Спенсер "әлеуметік әрекеттің тұрақты құрылымдарын" белгіледі. Реттеу жүйесін сипаттай келіп, ол адамдар мінез-құлқын қадағалайтын "әлеуметтік бақылау" институттарын бөліп көрсетеді және оның қатарына мемлекетті (саяси басқару), шіркеуді, отбасын, салт және дәстүрлерді жатқызады. Әлеуметтік институттарды зерттеу, Спенсердің пікірі бойынша, әлеуметтанудың маңызды міндеті.

О. Конт, Г. Спенсермен қатар әлеуметганудың ғылым болып да-муына зор үлес қосқан К. Маркс пен Ф. Энгельс болды.