Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Әлеуметтану - копия.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.04.2025
Размер:
2.84 Mб
Скачать

2. Ұлттық-этникалық қатынастар

Жоғарыда талданып, тұжырымдалғандай қайсыбір этностардың (халықтардың) тіршілік етуі мен даму жағдайларына, соның ішінде аумақ, тіл, рухани өмір, салт-дәстүр, мәдениет секілді өзіндік ерекшеліктерді сақтауға және т.с.с. қатысты ұлттық қатынастар белгілі бір этникалық мәселелерді шешкен кезде әрдайым бір-бірімен байланыста болады.

Осыған орай олар ұлттық-этникалық қатынастар ретінде алға шығады, ал "ұлттық қатынастар" және "ұлттық-этникалық қатынастар" ұғымдары шын мәнінде бір-біріне ұқсас болады.

Ұлттық қатынастар — бұл көп ұлтты қоғамның ішіндегі саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени, тілдік және басқа да қатынастардын, синтезі. Ұлтгық қатынастар әр түрлі деңгейде, яғни мемлекетаралық және мемлекет ішінде, ұлт ішінде және ұлтаралық, қоғамдық және тұлғалық деңгейлерде жалғасып жатады.

Ұлт мәселесі ұлттық қатынастардың негізі болып табылады және ол ұлттық қатынастардың күйі мен сипатын анықтайды.

Қайсыбір этностың өмір сұру жағдайына, олардың бір-біріне сәйкес келу деңгейіне орай ұлттық қатынастар ұлттық мәселенің қалай шешім тапқандығынын деңгейін көрсетеді.

Ұлттық қатынастар жалтты алғанда біртұтас жүйе, өзара байланыстардың тізбегі, қоғамдық қатынастар жүйесі элементтерінің бірі ретінде өмір сүреді. Сонымен қатар, ұлттық қатынастардың өзі де бірнеше элементтерден тұратын жүйе болып саналады. Ұлттық қатынастар қоғамның тіршілік етіп, әрекет жасауының бүкіл саласын: мәдениет, саясат, ғылым, тұрмыс, отбасы, экономика және т.с.с. қамтиды.

Өзінің этникалық сипаттары мен шығу тегі бойынша ерекшеленетін, содан бастау алып, ертедегі тарихи және қазір өмір сүріп отырған отанындағы тіл, мәдениет, этникалық сана мен т.с.с. өзгешеліктермен аяқталатын даму сатылары, ұлттардың (этностардың, халықтың) өмір сұру дағдылары ұлттық қатынастардың пайда болуы мен дамуының объективті алғышарттары болып табылады. Дегенмен де ұлттық қатынастар таза күйінде, басқа қоғамдық қатынастардан бөлек өмір сүре алмайды. Керісінше, олар осы қатынастарда, соның ішінде саяси, рухани, тілдік, экономикалық экологиялық қатынастарда қосарласады және бұл ерекшелік қатынастардың мазмұны мен формасынан байқалады. Тағы бір айта кететін жай, бүкіл осы қатынастар егерде оларды жүзеге асыру процесінде қайсыбір халықтардың өмір сүру барысындағы этникалық проблемалары дүрыс шешілетін болса не-месе экономикалық, саяси және өзге де мәселелер ұлттық-этникалық проблемалар деңгейінде жүзеге асырылса ғана ұлттық сипатқа ие бола алады. Бір сөзбен айтсақ, ұлт өмірінің әлеуметтік және этникалық жақтары мен ұлттық қатынастар органикалық тұрғыда өзара байланыста болады.

Ұлттық қатынастар, әдетте, кешенді сипатқа ие болады, өйткені ол халықтар (этностар) арасындағы өзара қарым-қатынастардың көптеген жақтарын реттеуге қатысады. Олар өздеріне азды-көпті рухани мазмұндарды қосып алған, себебі оған енген субъектілер өздерінің этникалық санасы мен сана-сезімін, т.б. байқатпай, бейтарап қала алмайды. Осыған байланысты кейде әр түрлі қиялға берілу, адасушылықтар, нанымдар мен мифтер секілді ғажайып дүниелер туындайды. Бұл халықтар арасындағы ұлттық-этникалық қатынастардың көрінуінің бір ерекшелігі болып табылады.

Ұлттық қатынастардың субъектілеріне үлкен және кіші этностар (халықтар) жатады. Олардың арасында француз, қытай, орыс, т.б. секілді ұлы халықтармен қатар Кавказдың, Ресей мен Американың солтүстік аймақтарындағы, әлемнің басқа да өңірлеріндегі саны аз, ұсақ (санының аздығына орай) халықтар бар. Халықтың әр түрлі әлеуметтік топтары мен жіктері қайсыбір этностардың (ұлттардың) өкілі ретінде және ұлттық-этникалық проблемаларды шешудің мақсаты бойынша ұлттық қатынастардың субъектілері бола алады.

Экономиканың, мемлекеттіктің, мәдениеттің қол жеткен даму деңгейі тұрғысынан алып карастырсақ, ұлттық қатынастардың субъектілері ретіндегі этностар арасында біршама дамығандары да аз емес. Бұл олардың өзара қарым-қатынастарының сипатына әсер етпей қоймайды. Осы жағдай ұлттық қатынастардағы әлеуметтік әділеттілік проблемасын тудырды, соның ішінде ірі және ұсақ халықтар арасында, сонымен қатар олардың азды-көпті дамығандарының арасында аталмыш мәселені туғызды.

Әлеуметтік әділеттік проблемасы жергілікті және жергілікті емес ұлттар (халықтар) деп аталатындардың арасындағы қатынастардың негізінде пайда болады. Қайсыбір аумақта шоғырланып өмір сүретін және сол жердегі мемлекеттік түзілімге орай жеке-дара атауға ие болған ұлт әдетте жергілікті ұлт болып саналады. Осыған орай жергілікті ұлттарға, мысалы, Украина мемлекетіндегі украиндықтар, Армениядағы армяндар, Татарстандағы татарлар және т.с.с. жатады. Жергілікті емес ұлттарға ұлттық топтар деп аталатындар кіреді. Олар жергілікті ұлттардың аумақтарында өмір сүреді, мысалы, Литвадағы украиндықтар, Ресейдегі армяндар, Эстониядағы орыстар және т.с.с. Осыдан келіп "аз ұлттардың проблемасы " пайда болды, олар өмір сүріп отырған ұлттық мемлекеттік түзілім жағдайында аз ұлттардың құқығы мен бостандығы елеулі, күрделі мәселеге айналды. Аз ұлттар — қайсыбір халыктың шекараны өзгерту, көші-қон немесе күштеп қоныс аудару нәтижесінде өз халқынан бөлініп қалған бөлігінен немесе тобынан құралған этникалық қауымдастықтың формасы. Аз ұлттардың өз ұлттық-мемлекеттік түзілімі болмайды. Аз ұлттардың пайда болуы заңды процесс. Аз ұлттардың Германияда, Австрияда, Израильде, АҚШ-та, Канадада және басқа елдерде тұратыны нақты өмір шындығы. Бұрыңғы КСРО аумағында "ұлттық топтар және аз ұлттар" ұғымына жатқызылған халық саны шамамен 60 млн адам болды.

Аз ұлттар категориясын "аз ұлыстар " ұғымымен бір деңгейде қарастыруға болмайды. Өйткені аз ұлыстар белгілі бір аумақта және әр түрлі мемлекеттік құрылымның шеңберінде өмір сүріп отырғандығына, жергілікті халық арасында олардың қанша пайыз екендігіне қарамастан бұлар да тұрғылықты жұрттың бір бөлігі болып саналғандықтан осы аз ұлыстарды аз ұлттардың қатарына жатқызуға болмайды. Мысалы, АҚШ-тағы үндістер бүгінгі танда аз болғанымен, алайда олар жергілікті тұрғындар саналатындықтан аз ұлттар болып есептелмейді. Бір кезде саны аса мол болған жергілікті халықтардан қалған сібірдегі кетгер немесе Ресейдің Еуропалық бөлігінің солтүстік-батысындағы вепстар дәл сондай жұрттардың бірі. Бүкіл саны аз ұлыстар өздерінің этникалық аумағында, бабаларының жерінде тұрып, сонда өмір сүреді.

Аз ұлттар үнемі өзге халықтардың шағын топтарынан құрыла бермейді, сол елдің шеңберіндегі бір этносқа жататын адамдардың да сан жағынан ірі топтарға бірігуі мүмкін. Бұған, мысал ретінде еврейлерді, немістерді, болгарларды, гректерді жатқызуға болады. Олардың саны бірнеше жүз мыңнан миллиондаған адамға жетеді. Мысалы, немістер Германияға жаппай көшкенге дейін КСРО-да олар екі млн адам болды. Олардың ортақ белгілеріне, біріншіден, тарихи отанындағы өз этносымен немесе КСРО-ның ішіндегі сәйкес аймақтармен байланыстың өте әлсіз болғандығы, екіншіден, қоныс тебер тұтас аумағының болмағандығы саяды. Бір этностың атына ие болғанымен, олар сол өздері өмір сүрген елде аз ұлттар санатына жатқызылды.

Ұлтаралық қатынастар экономикалык, саяси, тілдік, мәдениет, экологиялық және басқа да ұлттар арасындағы қатынастар түрінде көрінуі мүмкін. Ұлтаралық қатынастардың осындай әрбір көрінісінің өзіндік ерекшелікті мазмұны бар. Солардың кейбіреуінің қысқаша сипаттамасына тоқталайық.

Экономикалық ұлтаралық қатынастар ұлттың (халықтың, этностың) экономикалық қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған. Олар стихиялық түрде даму процесінде қалыптасады, мәселен, халықтар арасындағы сауда байланысында, өз алдына жеке мемлекеттердің мемлекетаралық қатынастар деңгейінде, сонымен қатар федеративтік мемлекет шеңберінде республикалар, автономиялар және т.с.с. арасында орнайды. Әр түрлі ұлттық түгзілімдер арасында орнаған қоғамдық еңбек бөлінісі мен олардың арасындағы шаруашылық-экономикалық байланыстар, түптеп келгенде, ұлтаралық экономикалық қатынастардың объективтік негізі болады.

Көп ұлтты мемлекетге ең алдымен саяси өкімет билігін жүзеге асыруға және өз өмірлерінің маңызды мәселелерін мемлекеттік деңгейде шешуге барлық халықтың (ұлттың) қатысуын саяси ұлтаралық қатынастар дейміз. Осыған орай мемлекеттің құрылымы туралы орынды сұрақ туады: бұл мемлекет өкіметтік механизмі жоқ, әлде жекелеген ұлттардың мүдделерін мемлекеттік деңгейде жүзеге асыратын механизмі жоқ унитарлық мемлекет пе, немесе ондай механизмдері бар федеративтік мемлекет пе? Саяси ұлттаралық қатынастар, сонымен бірге, әр түрлі ұлт өкілдерінің азаматтық құқықтары мен бостандығын жүзеге асыруға бағытталған. Түптеп келгенде, ұлттық саяси қатынастар өз рөлін халықтардың мемлекетаралық қатынастар деңгейінде атқарады. Әңгіме мемлекеттің тәуелсіздігі мен егемендігіне қол жеткізген, өзінің ұлттық мемлекеттігі бар халықтар арасындағы қатынастар туралы болып отыр. Бұл жағдайда олардың қарым-қатынасы — ұлттық тәуелсіздік пен егемендікті нақты жүзеге асыруга, сонымен қатар олардың экономикалық, саяси және мәдени ынтымақтастығына, бұл мәселелерді шешудің ұтымды жолдары мен тәсілдерін табуға тікелей қатысты.

Ұлттардың рухани тыныс-тіршілігі саласындағы ұлтаралық қатынастар әр ұлттың өмірі мен дамуында маңызды рөл атқарады. Руха-ни-мәдениет саласын алып қарастырсақ, бұлар халықтардың өзара жетіліп, толысуына әрі олардың ұлттық төл ерекшеліктерін сақтау мен дамытуға бағытталған. Бұған халықтық үлгідегі және кәсіби өнер саласындағы игіліктерді бірінен-бірі үйрену, соның ішінде ән, би, музыка, қолданбалы өнер мен әдебиет, қазіргі тұғырлы (монументті) өнер, бейнелеу, сәулет өнері және с.с. саладағы ынтымақтастықтар ықпал етеді. Ұлттық рухани игілік — мәдениет, әдетте, аса күрделі, жан-жақты толысқан, мәні зор, аса бай әрі көп қырлы құбылыс болып саналады. Бұл сол қоғамда қалыптасқан экономикалық, саяси, адамгершілік, діни және басқа да қоғамдық қатынастар арқылы дамиды, әдетте, кез-келген ұлт бүлардың әсерін өздерінің бойынан сезінеді және көп жағдайда соларға тәуелді де болады. Сонымен қатар, ол әркелкі халықтардың ұлттық мәдениетінің тығыз байланысуы мен өзара әрекеті арқылы дамиды, сол процесте дүниежүзілік рухани мәдениет қалыптасады.

Әлдебір өңірде ықылым заманнан бастап тұрып жатқан қайсыбір халықтардың сол аймақтағы табиғатты қорғауға ден қоюына орай ұлттар арасындағы экологиялық қатынастар пайда болады. Бұл тек табиғатты қорғаумен ғана шектелмейді, табиғи ресурстарды үдайы ұлғайтып, көбейтуді, соның ішінде жер, орман, су және т.б. үдайы молайтып, сақтауды талап етеді. Аталмыш мәселелерді өркениетті түрде шешу ұсақ және ірі халықтардың (этностардың) тіршілік етуі мен дамуының маңызды жағдайларына айналған. Олар мемлекеттік, одан қалды қоғамдық деңгейде, соның ішінде әрбір адамға қоғамдық орта мен отбасында тәрбие беру деңгейінде шешім табуы тиіс. Бұл ретте экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғатқа сүйіспеншілікпен, үқыпты қарауга, адамдарды соған тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлінгені жөн. Әрине, қазіргі мемлекетаралық шиеленістер ушығып тұрған заманда экология проблемасын шешу үшін әрбір халық өздерінің ұлттық мүдделерін ескере отырып, бір-бірімен тығыз байланыс орнатуы және белсенді түрде ынтымақтасуы қажет.

Ұлтаралық қатынастардың пайда болуы мен жузеге асуы тек тұтас халықтар деңгейінде ғана қалып қоятын құбылыс емес, ол әр түрлі ұлт өкілдерінің күнделікті өзара қарым-қатынас орнату процесіндегі тұлғааралық деңгейде де пайда болып, жүзеге асады. Тұлғааралық қатынастардың мазмұнын түсіндіретін болсақ, ол - ең алдымен ұлттардың аса мол рухани байлығы. Алайда, бұл қатынас кез-келген жағдайда адамдардан аса әдептілікті, сыпайылықты қажет етеді. Бұл қаты-настардың моральдық және психологиялық жақтарын есте ұстаудың да маңызы өте зор. Адамдардың ұлттық сезімінің, әдетте, аса нәзік екенін және сәл нәрсеге бола жанының күйзеліске ұшырап, тез жа-рақаттанатынын естен шығармаған жөн. Адамдар бір-біріне құрметпен қарап, әдеп сақтауы, сыпайыгершілік көрсетуі керек. Бұған көбіне-көп басқа халықтардың әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне және жалпы рухани мәдениетіне қатысты ерекшеліктер мен өзіндік сипаттарын жақсы білу, өзге ұлттар өкілдеріне шыдамдылық таныту және оларды құрметтеу секілді қасиеттердің қалыптасуы ықпал жасайды. Әр түрлі халықтар өкілдерінің бір-біріне жақындасуын, тіпті, ұлтаралық некеге отыруларын осының айқын мысалы ретінде келтіруге болады. Оларға тыйым салу — адам табиғатына қарсы жасалған қысым болар еді. Тыйым салуды, анығын айтсақ, тек нағыз ұлтшылдар ғана өз мүдделеріне жаратуға тырысады, оны араздықты қоздырудың құралы ретінде пайдаланады. Ұлтаралық некеге тыйым салу мүмкін емес. Демек, дұрыс өмір салтын қалыптастыру үшін моральдық-психологиялық, саяси және басқа да жағдайлар жасау қажет. Қазіргі таңдағы өркениетті қоғамның сұраныстары мен талаптарын ескеретін болсақ, әрбір адамның бойына ұлтааралық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру осы бағыттағы бірден-бір іргелі алғышарт болып табылады.

Ұлттық этникалық қатынастар кез-келген қайсыбір этностардың өмірге қажетті мүдделерін жүзеге асырута бағытталған. Олардың өздері де осы мүдделердің тууына себепкер болады. Халықтардың ұлттық мүдделері сол халықтардың тіршілік етуінің әр түрлі жақтарын қамтиды, олардың өзіндік ерекшеліктерін сақтауға, экономикасын, мемлекеттігін, мәдениетін дамытуға және осындай жол арқылы сол халықтың басқа халықтармен қатынас орнату жүйесіндегі жағдайын реттеуге, экономикалық және саяси проблемаларын шешуге, рухани мәдениетін дамытуға ықпал етеді. Тоқ- етерін айтсақ, ұлттық мүдделер қайсыбір халықтың, (этностың) өзін-өзі ұлт ретінде қалыптастыруының сан қилы көріністері мен даму сатыларына, сондағы жетілу мен өзгерістеріне қатысты болады. Өмірде қолданылып отырған ұлт қатынастары нақты солардың түбегейлі мазмұнын құрайды. Сондықтан да ұлттық қатынастарды ұлттық мүдделер ретінде көрініс табатын құбылыс деуге әбден болады .

Бұл мүдделерді адамдар саналы түрде жете түсінулері, мәнін ұғыну-лары тиіс. Оларды саналы түрде меңгерген кез-келген этнос (халық) өзінің ұлт ретінде қалыптасуына осы жағдайдың да объективті түрде ықпал ететінін түсінеді. Басқаша айтқанда, сол этностың мүддесінде нендей объективті жағдайлардың сай келмейтінін түсіну керек. Бұл дәл осы таңда қалыптасып отырған ұлтаралық қатынастардың мазмұны мен олардың бүгінгі және болашақтағы дамуының бағыттарын терең түсінген кезде ғана қалпына келіп, орайласады. Қалай дегенмен де, бұл өте ауыр міндет, өйткені ұлтаралық қатынастар аса күрделі мәселе, оның үстіне мұндай қатынастар саналы түрде ғана қалыптасып қоймайды, көбінесе ол стихиялы түрде орнығып, нығаяды: мұндайда бұған этностың тамыры терең психологиясына орай туындап, жинақталған қайсыбір дәрежедегі иррационалды күштер де әрекет етеді. Ұлтаралық қатынастардың дамуы — көптеген объективтік және субъективтік факторларға тәуелді.

Қалай болғанда да олардың өз даму логикасы бар, соны түсіну қажет. Алайда, бұл қасиет әркімде бола бермейді, терең ойлайтын, алысқа көз жібере алатындар болжам жасап, логакалық ой түйе алады. Олар өз ұлтының (халқының) тек ағымдағы немесе сол сәттегі мүддесін біліп, оның астарын түсінумен қатар, ұлттың ұзақ мерзімдік тыңғылықты мүдделерін де ой топшылауынан өткізеді. Соңғы тұжырым әлде бір ұлттың сақталуы мен дамуының, қазіргі және болашақтағы халықаралық қатынастар жүйесіндегі сол ұлттың экономикалык, саяси және мәдени ұстанымдарының, бағыт-бағдарларының нығаюының негіздеріне қатысты.

Жоғарыда айтылғандармен қатар, ұлттық мүдделердің мазмұнын қалай түсінуге болады дегенге келетін болсақ, сол ұлттың атынан сөйлейтін қайсыбір саясаткерлердің, саяси партиялардың және қозғалыстардың атқарып отырған саяси-экономикалық қызметі белгілі бір ұлт мүддесін қорғауы, соған сай құрылуы қажет. Себебі жекелеген саяси лидерлердің, партиялар мен қозғалыстардың мүдделері әрдайым бүкіл елдің немесе бүкіл халықтың, үлкен және шағын халықтың шынайы мүддесімен сәйкес келе бермейді. Басқаша айтсақ, оларға пайдалы көрінген дүниелердің бәрі халыққа үнемі ұнамды бола бермейді, яғни ұлттың, халықтың экономикалық, саяси және рухани жағдайын нақтылы жақсартуға қол жеткізбейді. Сондықтан да әрбір халық өзінің жалпы ұлттық мүдделерін толық және терең түсінуі, оларды жүзеге асыру жолында өздері белсенділік танытуы керек.

Ұлттық қатынастарды саналы реттеу — әр түрлі этностардың мүдделерін үйлестірудің бірден-бір кепілі. Осыған орай туындайтын проблемалар көбінесе мемлекеттік деңгейде шешіледі. Ұлттардың мүдделерін мүмкіндігінше орайластыру, жүйеге келтіру дегеніміз — олардың үйлесімді байланысын дұрыс орнықтыра білу. Мұндайда әрбір ұлттың мүдделері белгілі бір ауқымды деңгейде жүзеге асады және басқалардың мүдделеріне бұл ешқандай нұқсан келтірмейді. Әрине, оған жету оңай міндет емес, алайда оны жүзеге асыруға болады. Бұған қол жеткізу үшін ең алдымен ұлттың соған жан-жақты дайындығы мен қабілеті, әрбір ұлт өкілдерінің нақты өз мүдделері мен басқа ұлттардың мүдделерін түсінуі қажет. Бұл ретте олардың қандай жағдайда, дамудың қай сатысына жақындаса алатынын білу керек. Сонымен бірге алуан түрлі проблемалардың өзара тиімді компромистік шешімін таба білудің де маңызы зор. Атап айтсақ, халықтардың әрқилы геофафиялық, тарихи себептерге байланысты қалыптасуы, олардың экономикалық және басқа да жағдайлары ұлттардың бір-бірімен бейбітшілікті, ынтымақтастықты сақтай отырып қалыпты өмір сүруіне және дамуына жағдай жасай алады.

Ұлтаралық қатынастардың бүкіл кешенін үйлестіру - халықтар арасындағы әлеуметтік-саяси және басқа да қатынастарды тек де-мократияландыру жолдары арқылы ғана жүзеге асады. Сонымен қатар, оны тиімді жүргізу үшін халықтың ұлттық санасын және саяси институттардың қызметін демократияландыру мен парасаттандыру қажет. Демократияны осы талаптар мен тәсілдер арқылы дамыту барлық халықтардың нақты мүдделеріне сай келеді, әрі ұлтаралық қатынастарды дамытудың объективті тенденцияларының қолданылу мүмкіндігін кеңейтеді.

Бұлар қандай тенденциялар? Олардың бірі – көптеген ұлттардың экономикалық және саяси дамуындағы дербестігі, олардың мемлекеттігін жетілдіру, рухани мәдениетті дамыту болса, келесі тенденцияға үлкен және шағын халықтардың (ұлттардың) өзара жақындасуы, олардың ынтымақтастығының тереңдеуі, экономикалық және саяси құрылымдардың интеграциясы жатады. Осындай тенденциялар қазір бүкіл дүние жүзінде қалыптасты және қолданыла бастады. Болашақты жобалау процесінен соң ұлттарды біріктіретін интеграциялық процестер жүреді. Өмірдің нақты ақиқаты осы, оны терең сезіну керек. ТМД елдеріне де бұл мәселеге аса маңыз беріліп, жан-жақты көңіл бөлінуде. Аталмыш тенденциялардың арасындағы диалектикалық өзара байланысты ескеру әр мемлекеттегі ұлт саясатын жүзеге асыруға елеулі түрде ықпал етеді. Бұлай болмаған жағдайда жалпы саясат өмірден, ұлттар мен ұлтаралық қатынастардың дамуының объективтік тенденцияларынан алшақтайды. Қазіргі таңдағы ұлтаралық қатынастардың даму шеңберінде бәріне бірдей ортақ қатынастар болып саналатын мынандай процестерді атап көрсетуге болады: олар — халықтардың этникалық шоғырлануы, топтасуы, яғни олардың саяси, экономикалық, тілдік және мәдени дамуының дербестігі, ұлттық-мемлекеттік тұтастықты нығайту; этностар арасындағы ин-теграция (бұл процесс өмірдің бүкіл салаларында халықтың қажеттіліктерін бүгінгі таңда барынша толық канағаттандырудан және болашақта халықтардың ынтымақтастығын кеңейту мен тереңдетуден тұрады); сіңісу (ассимиляция) - бұл процестің барысында кейбір халықтар дамыған халықтардың арасына сіңіп кетеді; әдетте сіңісу кезінде сол халық бірте-бірте өз тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, этникалық мәдениетін жоғалтып, басқа халықтың тілін және мәдениетін меңгерген, соны иеленген, соған бейімделген саны аз халықтар қатарына жатқызылады.

Бұл процестер қазіргі таңда бүкіл әлемде жүріп жатқандықтан оларды қайсыбір ұлт саясатын жүзеге асырған кезде ескеру қажет. Қалай болғанда да ұлт саясаты атүсті шешетін мәселе емес, оны салмақтап өлшеп барып жүзеге асыру керек. Бұл ретте бүкіл объективтік және субъективтік факторлар кешендері тұтас еске алынуы тиіс. Ұлтаралық қатынастардың негізінде әдетте ұлт мәселелері қалыптасады. Мұндай проблемалар қазіргі қоғамдық құрылымда жиі кездесетін көрініске айналды.