Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
lecture.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.03.2025
Размер:
2.94 Mб
Скачать

4. Оқытуды ұйымдастырудың түрлері мен формалары. Қашықтан оқыту түрі.

Педагогтар әлі күнге қалай оқыту тиімді болмақ деген сұрақпен бас қатыруда. Күні бүгінге дейін оқытудың мынадай түрлері анықталған:

-түсіндірмелі-иллюстративті оқыту түрі,

-проблемалық оқыту түрі;

-бағдарламалық оқыту түрі;

-компьютерлік оқыту түрі;

-жаңа ақпараттық технологиялар арқылы оқыту түрі.

1. Түсіндірмелі-иллюстративті оқыту түріне тән басты белгі – түсіндіру және көрнекілік әдісі басты ұстанатын әдіс.

Артықшылығы

Кемшілігі

-уақытты үнемдейді;

-оқушылар мен оқытушылардың күшін үнемдейді;

-оқушылардың қиын білімдерді игеруін жеңілдетеді;

-оқу үдерісін басқаруға тиімді;

-білім «дайын» күйінде ұсынылады;

-оқушылардың өз бетімен және продуктивті ойлауын тежейді;

-оқу процесінде даралап және саралап оқыту мүмкіндігі жоқ;

Оқытушы рөлі

Оқушы рөлі

-айтады;

-түсіндіреді;

-тыңдайды;

-түсінгенін қайтып айтып береді;

2. Проблемалық оқытуда оқушы оқу мәселелерін шешуде білімді өзі «табады» және мұндағы басты ұстанатын әдіс – әрине, проблемалық әдіс және сондай-ақ проблемалық жағдаят жасау.

Артықшылығы

Кемшілігі

-оқушы шығармашылық әрекеттерді орындау арқылы білімді өз бетімен «табады»;

-оқуға деген қызығушылық жоғары болады;

-продуктивті ойлауды дамытады;

-оқыту нәтижелері берік әрі маңызды;

-оқушылардың танымдық іс-әрекетін басқару қиындығы;

-алдын-ала болжанған мақсаттарға жету көп уақытты алады;

3. Бағдарламалық оқыту дегенде бірізге түсіп жүйеленген әрекеттерді немесе операцияларды орындау арқылы алдын-ала жоспарланған нәтижеге әкелетін оқытудың түрін айтамыз. Бағдарламалық оқытудағы басты мақсат – оқу үдерісін басқаруды жақсарту. 1960 жылдардың басында жаңа дидактикалық, психологиялық және кибернетикалық идеялардың негізінде пайда болып, оқушының таным жолындағы әрбір қадамын бақылап отыру арқылы уақытылы көмек көрсетіп, артық қиыншылықтардан құтқаруды, пәнге қызығушылығын жоғалтпауды қамтамасыз ететін технологияны ойлап табуға мүмкіндік берді. Бағдарламалық оқытудың бастауында американдық дидакт, психологтар Н.Краудер, Б.Скиннер, С.Пресси тұрды. Ол Н.Ф.Талызинаның, П.Я.Гальпериннің, Л.Н.Ланданың, И.И.Тихоновтың, А.М.Матюшкиннің, т.б. еңтектерінде қарастырылды.

Бағдарламалық оқытудың өзіндік ерекшеліктері мыналар:

-оқу материалдары жекелеген (порцияларға) бөліктерге бөлініп ұсынылады;

-оқу үдерісінде білім мен мазмұн, ойлау әрекеттерін орындау қадамдары бірізбен орындалады;

-әрбір қадам бақылаумен аяқталады (сұрақ, тапсырма т.б.);

-бақылау тапсырмаларын дұрыс орындаған жағдайда оқушы білімнің жаңа бөлігін алып, келесі қадамға өтеді;

-жауап қате болған жағдайда, оқушы көмек алады немесе қосымша материалдармен тағы да түсінуге мүмкіндік беріледі;

-әр оқушы өзі жеке жұмыс істейді және оқу материалын өзінің әлі келетін қарқында оқып игереді;

-барлық бақылау тапсырмаларының нәтижесі тексеріліп, ол оқушыға да (ішкі кері байланыс), оқытушыға да (сыртқы кері байланыс) мәлім болып отырады;

-педагог оқытуды ұйымдастырушы және қиын жағдайларда көмекші (кеңесші) рөлінде болады, әр оқушыға жекелей келеді;

-оқу үдерісінде бғдарламалық оқытуға қажетті басқа да құралдар қолданылады (бағдарламаланған оқу құралдары, оқыту машиналары т.б.).

4. Компьютерлік оқыту жеке электрондық-есептеу машиналарының (ПЭВМ) күрт дамуының нәтижесінде пайда болды. Компьютерді барлық дерлік дидактикалық міндеттерді шешуге бейімдеуге болатындығы анықталды: ақпаратты ұсыну; оқыту барысын басқару; нәтижелерді бақылау және түзету; пысықтау, бекіту жаттығуларын орындау; оқу үдерісінің дамуы туралы мәліметтерді жинау т.б. ЭВМ дамыған елдердің практикасында мынадай маңызды бағытта тиімді қолданылады: 1) жекелеген пәндер бойынша оқу үлгерімін арттыру (математика, жаратылыстану ғылымдары, ана тілі және шет тілі, география т.б.), нәтижеге бағдарланған оқу үдерісін қамтамасыз ету ; 2) жалпы когнитивтік қабілеттерін дамыту: міндеттерді шешу, дербес ойлау, коммуникативтік дағдыларды меңгерту (ақпаратты жинау, талдау, жинақтау т.б.). Компьютерлер тесті автоматтанды түрде жүргізуде, бағалауда және басқаруда кеңінен қолданылып жүр, сол арқылы оқытушылардың уақытын үнемдеп, педагогикалық үдерістің тиімділігін арттыруда қолданыла бастады.

Алдыңғы бағдарламалық оқыту және оның орнын басқан компьютерлік оқыту оқытудың нақты алгоритмдеріне негізделеді. Алгоритм бірізге түсірілген әрекеттердің арқасында дұрыс нәтижеге әкелетін жүйе ретінде оқушыны нақты оқу әрекетін орындауға мәжбүрлейді. Оқыту бағдарламасын құрмастан бұрын, ойлау әрекеті мен оқу операцияларын орындаудың алгоритмін жасап алу керек. Оқу бағдарламаларының тиімділігі негізінен ойлау әрекетін басқару алгоритмдерінің сапасына байланысты анықталады.

Ал компьютерлік оқытудың сапасы мына екі факторға байланысты: 1) оқыту бағдарламаларының сапасына 2) есептеу техникасының сапасына. Тиімді әрі оқушының танымдық үдерісін ескере отырып жетік жасалған оқу бағдарламалары әлі тым аз делінеді. Оның себебі ол көп уақытты қажет етеді және оған көптеген мамандар тартылады, сондықтан да құны да қымбатқа түседі.

5. Жаңа ақпараттық технологиялар (ЖАТ), электрондық-есептеу технологияларының бесінші буыны берген басты жетістіктері, жаһандық байланыс желісі ғаламтордың дамуы оқытудың жаңа формалары мен әдістеріне, түрлеріне әкелді. ЖАТ ақпаратты сақтау және жеткізу, ұсыну, өңдеу, жинақтаудың құралдары мен әдістерінің жиынтығы болып саналады. Бүгінде білім беруде қолданылатын ақпараттар көзі де, көлемі де ауқымды болғаны соншалық, оны әдеттегі қалыптасқан жолмен табу мардымсыз. Тек айрықша күшті компьютерлер мен құралдардың арқасында ғана қажетті ақпаратты тез тауып өңдеу, жеткізу мүмкін болып отыр. Оқу үдерісін тиімді ұйымдастыру компьютерлік құралдарсыз мүмкін болмайтын жағдайға жеттік. ЖАТ қашықтан оқыту, интерактивті оқыту мүкіндігіне ие.

Қашықтан оқыту жүйесінің негізгі көрінісі оқытушы мен оқушы арасында заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың көмегімен тікелей қатынас орнатуы. Қашықтан оқытудың дәстүрлі оқу түрінен айырмашылығы мына белгілерден көрінеді:

-ыңғайлылық: кез келген жерде өзіңе ыңғайлы уақытта жылдам дайындалу мүмкіндігі;

-модульділік: тәуелсіз оқу курс-модульдерін таңдауда жеке немесе топтық қажеттілікке жауап беретін оқу жоспарын алу мүмкіндігі;

-параллельділік: әрі оқып, әрі қызмет етіп, маман ретінде қалыптасу қатар жүреді;

-қамту: бір уақытта бірнеше оқу ақпарат көздерімен қатынас жасау, желілік байланыс арқылы бір-бірімен және оқытушымен қатынас жасау мүмкіндігі бар;

-үнемділік: оқу аудандарын, техникалық құралдарды, жеткізу құралдарын қолайлы пайдалану;

-технологиялық: әлемдік постиндустриалдық ақпараттық кеңістікте адам қозғалысын жылдамдататын ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялардың жаңа жетістіктерін білімдендіру үдерістерінде қолдану;

-әлеуметтік тең құқылық: студенттің материалдық және элитарлық жағдайы, денсаулық жағдайы, тұратын орнына қарамастан тең білім алу мүмкіндігі;

-халықаралық: білім нарығында әлемдік жетістіктерді импорттау және экспорттау мүмкіндігіне ие;

-оқытушының жаңа рөлі: оқытушы танымдық үдерісті үйлестіреді, оқыту курстарын тұрақты түрде өңдеп отырады, шығармашылық белсенділікті көтеру т.б. жұмыстарды жаңалықтарға байланысты түрлендіріп отыру мүмкіндігіне ие.

Оқытудың формасы оқытушы мен оқушы іс-әрекетін нақты тәртіптерге, режимге сай ұйымдастырудың сыртқы қалыбын білдіреді. Оларды жіктеудің де түрлі критерийлері бар.

Оқушылардың санына қарай массалық, ұжымдық, топтық, шағынтоптық және жеке оқыту формасы; орнына қарай мектептік және мектептен тыс немесе аудиториялық (семинар, практикалық, лабороториялық сабақтар) және аудиториядан тыс (өздік жұмыс, өндірістік тәжірибе т.б.), ұзақтығына қарай классикалық сабақ (45 мин), «біріктірілген сабақ» (90 мин), ЖОО сабақ (бұрын үзіліссіз 80-90 мин) т.б. түрлері бар.

ЖОО-дағы оқытудың ұйымдастырудың негізгі формалары – лекция, практикалық сабақ, семинар сабақ.

Лекция. Лекцияның мақсаты – студенттердің оқу материалын тереңірек меңгеруіне бағдар беріп, негіз болу. Ол алғаш рет Ежелгі Грекияда пайда болып, Ежелгі Римде өзінің жалғасын тапты. ХІХ ғасырдың ортасынан ғылыми, техникалық білімнің арта түсуіне байланысты студенттің дербестігі мен белсенділігін ынталандыратын қосымша практикалық сабақтарды қосу қажеттілігі туындады. Лекцияның міндеті студенттерді кітаппен дербес жұмыс істеуге дайындау. Орыстың танымал хирургі, педагог Н.И.Пирогов лектор мүлдем жаңа ғылыми материалды ұсына алғанда немесе сөз өнеріне ерекше жетік болған жағдайда ғана оқуға жіберілуі тиіс деді. Ал Н. Г. Чернышевский, Н. А. Добролюбов, Д. И. Писарев студенттердің дербес жұмысына айрықша мән берді, бірақ педагогикалық қатынас орнатудағы лекцияның эмоционалдық әсерін ерекше бағалады. ХХ ғасырдың 30-жылдары Ресейдің кейбір ЖОО-да дәріс оқуды тоқтатып, эксперимент жүргізген, нәтижесінде студенттердің білім деңгейінің төмендегені байқалған.

Бүгінде лекцияны жақтаушыларпен бірге жоққа шығарушылар да бар. Олар лекцияның кемшілігін мынадан көреді:

  1. Лекция бөтен адамның пікірін қабылдауға үйретеді, дербес ойлауды тежейді. Лекция күшті болған сайын, ол әлеуеті күшейе түседі.

  2. Лекция өз бетімен жұмыс істеуге ниетін жоғалтады.

  3. Лекция оқулық жоқ болған жағдайда немесе аз болған жағдайда ғана керек.

  4. Лекцияда студенттердің кейбіреулері ойлап түсінуге үлгерсе, кейбіреулері механикалық жолмен сөздерді жазып алады.

Ал енді кейбір жағдайларда оқытудың лекция формасын басқаға ауыстыру мүмкін емес:

-жаңа қалыптаса бастаған курстар бойынша оқулық жоқ болған кезде лекция – негізгі ақпарат көзі болып табылады;

-нақты тақырып бойынша жаңа оқу материалы оқулықтарда берілмеген немесе ол ескірген жағдайда;

-оқулықтың кейбір жекелеген тақырыптары дербес оқуға қиын әрі лектордың әдістемелік өңдеуін қажет еткен жағдайда;

-курстың негізгі мәселелері бойынша қайшылықты тұжырымдар болса, лекция оларды объективтік тұрғыдан сипаттауға қажет болады;

-студенттердің көзқарасын қалыптастыру мақсаты қойылған жағдайда лектордың эмоционалдық ықпалы ерекше маңызды болып саналады. Лекцияның эмоционалдық бай, ғылыми мазмұны терең болса, ой сөзбен және тыңдаушылардың қабылдауымен сұлу үйлесім табады. Лекцияның эмоционалдық әсері әсіресе гуманитарлық пәндерді оқытуда ерекше мәнді. Нақты ғылымдар да оны ұмытпауы тиіс. Әсіресе авторлық лекциялардың әсері мол, себебі ол кезде пән үшін емес, «лекторды» тыңдауға барады.

Лекцияның артықшылықтары:

-лектор аудиториямен шығармашылық тілдеседі, бірлескен шығармашылық болады, эмоционалдық ықпалы мол;

-білім негіздеріне оқып-білудің ең үнемді жолы;

-егер жақсы түсініп, мұқият тыңдаған болса, ойлау әрекетін белсендіреді, сол себепті лектордың міндеті – студенттердің назарын белсенді ету, студенттерді ойға жетелеп отыру.

Лекцияға қойылатын талаптар: лекция мазмұны адамгершілік құндылықтарға қайшы болмауы; ғылымилығы және ақпараттық толыққандылығы; дәлелді рәі дәйекті болуы; айқын әрі дәлелді мысалдардың, деректердің, дәйектердің, ғылыми дәлелдердің көп болуы; баяндау формасының эмоционалдығы; тыңдаушылардың ойлауын белсендіруі; ойландыратын сұрақтардың қойылуы; баяндалатын сұрақтардың құрылымы мен логикасының нық болуы; әдістемелік өңделуі – басты идеялар мен тұжырымдарды айқындау; беру; түсінікті тілмен баяндау; терминдер мен атауларды түсіндіру; аудиовизуалды дидактикалық материалдарды мүмкіндігінше қолдану.

Лекция құрылымы мазмұны мен ұсынатын материалына қарай әр түрлі болып келеді. Ең бастысы – лекция жоспарын хабарлау және оны қатаң сақтау. Лекция жоспарында лекцияда қарастырылатын негізгі сұрақтар қамтылуы тиіс және олар әдетте емтихан билеттерін құрастыруға негіз болады. Алдыңғы лекцияның мазмұнын еске түсіріп, оны жаңа материалмен байланыстыру, пән мазмұнында, өзге пәндердің жүйесінде алатын орнын айқындап көрсету ерекше маңызды. Тақырыпты түсіндіруде индуктивті әдісті қолдануға болады: қандай да бір ғылыми тұжырым жасауға әкелетін мысалдар, деректер келтіру; дедуктивті әдісте қолдануға болады: жалпы ережелерді нақты мысалдардың үлгісінде түсіндіру.

ЖОО-дағы дәстүрлі лекция ақпараттық деп аталады да, оның бірнеше түрлері көрсетіледі:

-кіріспе лекция;

-шолу-қайталау лекциялары;

-шолу лекциясы;

Лекцияны баяндай отырып, оқытушы студенттің жазып отырғанын қадағалау өте маңызды. Конспект мұқият тыңдауға, жазып отырып есте сақтауға көп көмектеседі, семинар, емтиханға дайындалуға тірек болатын материалдарды алады.

Лекция сапасын бағалауда мына критерийлер басшылыққа алынады:

-мазмұны (ғылымилығы, ғылымның даму деңгейіне сәйкестігі, дүниетанымдық қыры, әдістемелік сұрақтардың болуы, оларды дұрыс түсіндіре алуы; проблемалық сұрақтар арқылы ойлауды белсендіру, қайшылықтарды шешу; түрлі тұжырымдарды көрсету, өмірмен байланыстыру, лекция мен оқулыққа қатысты тұстар: оқулықта жоқ материалдар беріле ме, әлде оқулық қайталана ма, алдыңға, кейінгі материалмен байланысы, пәнаралық, пәнішілік байланыстардың сақталуы);

-әдістемесі (лекция құрылымының айқын, логикасының беріктігі, жоспардың болуы және оған бағынуы, терминдерге түсінік беруі, дәлелдігі, дәйектілігі, негізгі ойларға назар аудартуы, бекіту – қайталау, назарын тексеру сұрақтарын қою, сұраққа және жалпы лекцияға қорытынды жасау т.б.);

-студенттердің жұмысын жетелеу (конспектілеуді талап ету және оның орындалуын бақылау; студенттерге конспектілеуде көмек көрсету; қайталау, қарқынын мөлшерлеу, пауза беру, кестелер сызу, тірек материалдарын пайдалану немесе пайдаланбау; риторикалық сұрақ қою, қалжың араластыру, шешендік әдістерді қолдану т.б.);

-лекторлық қасиеттері (пәнді білуі, эмоционалдығы, дауысының жағымдылығы, шешендік шеберлігі, сөйлеу мәдениеті, байланыс орната алуы);

-лекцияның нәтижелігі (ақпараттық құндылығы, тәрбиелік қыры, дидактикалық мақсаттарға жетуі).

Проблемалық лекция. Ақпараттық лекциядан айырмашылығы – жаңа білім «танылуы» тиіс белгісіз білім ретінде ұсынылады. Оқытушының міндеті – проблемалық жағдаят тудыру арқылы мәселені шеудің жолдарын табуға ынталандыру. Ол үшін жаңа теориялық материал проблемалық тапсырма түрінде беріледі. Оны орындаудың шарты қайшылықты, студенттер осы қайщылықтарды тауып, оны шеше алулары керек. Ақпаратты бұлайша жеткізуде студенттердің таным процесі ізденімдік, зерттеушілік сипат алады. Басты шарты – лекция материалын, мазмұнын сұрыптауда және өңдеуде проблемалық ұстанымды іске асыру және оны лекцияда диалогтық қарым-қатынас формасында ұсыну.

Визуалды лекция – көрнекілік ұстанымына сүйенеді. Көрнекілік оқу материалын есте сақтап, тез қабылдауға ғана көмектеспейді, құбылысты терең ұғуға ықпал етеді. Визуалды лекция визуалды формада берілетін ауызша ақпарат. Оқытушы лекция мазмұнын визуалды формаға түсіріп, оны арнайы құралдармен көрсетеді. Мұндай лекция дайындалған визуалды материалдарды қосымша ақпараттармен кеңейтілген түрде түсіндірумен сипатталады. Бұл материалдар

-білімді жүйелеуді;

-жаңа ақпаратты меңгертуді;

-проблемалық жағдаяттарды қалыптастыруды және шешуді қамтамасыз етіп;

-визуалды қабылдаудың түрлі жолдарын көрсетуі керек.

Оқу материалына қарай көрнекілік формаларының түрлері де әр түрлі болады: -табиғи (машинаның бөлшектері, реактивтер, минералдар); -бейнелеуші (слайдтар, суреттер, фото т.б.); -символдық (кестелер мен схемалар т.б.)

Визуалды лекцияда маңыздысы: материалды жеткізудің визуалды логикасы мен ырғағын таба білу, оның дозировкасы, оқытушының аудиториямен қарым-қатынас жасау стилі мен шеберлігі. Қиындығы – визуалды құралдарды жасау және лекцияны оқу процесін шебер ұсыну. Ескеру керек: 1) аудиторияның дайындық деңгейі мен білім деңгейі; 2) кәсіби бағдарлығы; 3) әр тақырыптың өзіндік ерекшеліктері.

Кез келген тақырып визуалды лекцияға келе бермейді, бірақ кейбір элементтерін қосуға болады.

Екеуара лекция – бұл проблемалық лекцияның екі адамның диалогына ұласқан түрі. Мұнда теориялық және практикалық мәселелер екі маманның талқылауымен ұсынылады. Мысалы, екі бөлек мектеп өкілдерінің талқылауы т.б. Талап:

-оқытушылардың диалогы мәселені бірлесе шешуде пікірталас мәдениетін көрсетуі керек;

-талқылауға студенттерді тартып, оларды сұрақ қоюға, өздерінің пікірлерін білдіруге, болып жатқан талқылауға өзінің дауысын қосуға итермелеуі тиіс.

Артықшылығы:

-диалогты түсініп, оған қатысуда студенттердің осыған дейін алған, жинаған білімдерін жаңғыртады, өзектендіреді;

-проблемалық жағдаят жасайды, дәлелдеудің жүйесі ұсынылады;

-екі адаммен берілген екі түрлі ақпарат көзі оларды салыстыруға, таңдау жасауға, олардың бірінің көзқарасына қосылуға немесе өзінің көзқарасын ұсынуға итермелейді,

-пікірталастыру мәдениетін, диалог жүргізу амалдарын, шешімді бірлесе қабылдау, іздеу амаларын көзімен көреді;

-педагогтың кәсіби шеберлігі көрініп, оның тұлғасы терең әрі анық танылады.

Лекцияға дайындық кезінде теориялық мәселелер жүргізушілермен алдын-ала талқыланып, мынадай талаптарды орындалуы керек:

-жүргізушілердің интеллектуалдық әрі тұлғалық сәйкестігі болуы тиіс,

-коммуникативтік біліктері дамыған болуы керек;

-тез жауап беріп, импровизацияға қабілеттілігі болуы тиіс.

Алдын ала қателікке құрылған лекцияның мақсаты:

-студенттердің назарының белсенділігін арттыру;

-ойлау әрекетін дамыту;

-сарапшы, рецензент рөлінде сөйлеу білігін қалыптастыру т.б.

Мұндай лекцияға дайындық барысында оқытушы лекцияға мазмұндық, әдістемелік тұрғысынан қателіктер қосады, ол қателіктердің тізімін лекцияның тек соңында ғана ұсынады. Неғұрлым көп кездесетін, бірақ елене бермейтін қателіктер алынады. Студенттердің міндеті лекция барысында қателіктерді тауып, жазып, соңында айтып көрсету. Қателіктерді талдауға 10-15 минут беріледі. Дұрыс жауапты студенттер де, оқытушы да айтады. Мұндай лекция ынталандыру, бақылау, диагностикалау қызметін атқарады.

Пресс-конференция лекциясында оқытушы лекция тақырыбын атап, студенттердің оған жазбаша сұрақ қоюын талап етеді. 2-3 минут ішінде студенттер өзін қызықтыратын сұрақтарын жазып, оқытушыға береді, 3-5 минут ішінде оқытушы оларды мазмұнына қарай сұрыптап, лекцияны бастайды. Лекция сұрақтарға жауап ретінде баяндалмайды, байланысқан мәтін түрінде ұсынылады да, оның барысында жауаптар беріледі. Лекция соңында оқытушы жауаптарға талдау жасап, студенттердің білімдері мен қызығушылықтарын бағалайды.

ЖОО-дағы семинар және практикалық сабақтар (ПС) пәнді терең оқып білуге арналады. Формасы жағынан сан алуан болып келеді. Мақсаты – лекцияда алған жалпы білімдерін тереңдету, кеңейту, нақтылау және кәсіби іс-әрекет біліктерін қалыптастыруға ықпал ету. ПС жоспары тақырып бірізділігі бойынша лекцияның жалпы идеялары мен бағыттарына сәйкес келеді. ПС құрылымы негізінен бірдей болып келеді:

-оқытушының кіріспесі;

-түсініксіз материалдар бойынша студенттердің сұрақтарына жауап беру;

-практикалық бөлік;

-оқытушының қорытынды сөзі.

Сабақтың әр түрлі өтуі практикалық бөліктің ұйымдастырылуына байланысты. Ол рефераттарды талқылау, пікірталастыру, есеп шығару, баяндама жасау, жаттығу тапсырмаларын орындау, бақылау, эксперимент түрінде өтуі мүмкін.

Семинар ПС-тың негізгі түрлерінің бірі. Ол пәнді терең меңгеруге, ғылыми таным әдіснамасын игеруге бағытталады. Басты мақсаты – теориялық білімдерін өзі оқып отырған салаға қатысты қолдану білік, дағдыларын меңгеруді қамтамасыз ету. Семинар сабақтарында мынадай міндеттер жүзеге асырылады:

-кәсіби шығармашылық ойлауын дамыту,

-танымдық мотивациясын дамыту;

-білімін оқу жағдайында шебер пайдалану: а) тиесілі ғылым саласының тілін меңгеру; б) анықтама, түсініктермен жұмыс істеу біліктілігіне ие болу; в) интеллектуалдық мәселелер мен міндеттерді шешу, өз көзқарасын дәлелдеу білік, дағдыларын игеру. Сондай-ақ семинар сабағында оқытушы мынадацй жекелеген міндеттерді жүзеге асырады: -материалды қайталау және бекіту; -бақылау; -педагогикалық қарым-қатынас.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]