
- •Оның құрамдас элементтері.
- •Функциялары және құрылымы.
- •Бағалы қағаздар нарығы
- •2. Бағалы қағаздар нарығының қызметтері жалпы нарықтық және арнайы болып екіге бөлінеді.
- •3. Бағалы қағаздар нарығының қатысушылары
- •№8 Дәріс. Зейнетақы нарығы
- •№9 Дәріс. Қаржылық делдалдылық және қаржылық делдалдар
- •№10 Дәріс. Қаржы нарығындағы коммерциялық банктер қызметі
- •Пассивті операциялар өзіндік қаражаттың, тартылған қаражаттың және эмиссияланған қаражаттың есебінен банк ресурстарын қалыптастырумен байланысты болады.
Пассивті операциялар өзіндік қаражаттың, тартылған қаражаттың және эмиссияланған қаражаттың есебінен банк ресурстарын қалыптастырумен байланысты болады.
Мекшікті қаражатқа акционерлік, резервтік капитал және бөлінбеген пайда жатады. Олар маңызды рөл ойнайды, өйткені өзіндік капиталдың кемуі кейде банкті банкротқа ұшыратады. Коммерциялық банктің активтік операциясының негізгі көзіне тартылған қаражат жатады.
Акционерлік капитал, басқаша айтқанда, банктің жарғылық қоры акцияларды шығару және орналастыру арқылы құрылады. Әдетте, банктер өз қызметінің даму шамасына қарай және операцияларының ұлғаюына қарай жаңа акцияларды жүйелі түрде шығарып отырады.
Резервтік капитал немесе банктің резервтік қоры пайдадан аударып отырудың есебінен калыптасады, ол болжанбаған залалдарды және бағалы қағаздар бағамының құлдырауынан орын алатын ысырапты өтеуге арналған.
Бөлінбеген пайда – резервтік қорға аударымдарды аударудан кейін және дивиденттерді төлеуден кейін қалатын пайданың бөлігі.
Айтып кеткеніміздей, тартылған қаражат коммерциялық банк ресурстарының негізгі бөлігін құрайды. Бұлар депозиттер, сонымен бірге, контокоренттік және корреспонденттік шоттар.
Банктің негізгі тартылған ресурстары ретінде клиенттің барлық салым ақшасын білдіретін әр түрлі депозиттер алға шығады. Онда орналастырылған қаражаттың көздері әр қилы болады. Бұл кәсіпорын шотындағы, жұмысшылар мен қызметкерлердің еңбекақы шотындағы, мемлекеттік мекемелердің шотындағы уақытша пайдаланылмайтын қаражат. Депозиттер талап етілгенге дейінгі, мерзімді және жинақ салымдарына бөлінеді (бұлар осы кітаптың I тарауында толығырақ айтылған).
Банктерде төлем операцияларын жүргізуге біршама шығын кетеді. Алайда, ол (шығын) кем немесе артық деңгейде талап етілмелі шоты бар клиенттердің өз қаражаттарын толық пайдаланбауына қарай өтеледі. Әдетте, тұрлаулы деп аталатын қалдық болады, оны банк өзінің коммерциялық мақсаттары үшін тартады, яғни пайда алу мақсатында қысқа мерзімді несие, ссуда белгілі бір мөлшерде берілуі мүмкін.
Банк ресурстарының маңызды көзіне банкаралық несиелер, яғни, басқа банктен алынған ссудалар жатады. Коммерциялық банк оны Ұлттық банктен қайта есептеу және вексельдерді қайта кепілге салу формаларында ала алады.
Контокоррент – бірыңғай шот. Ол арқылы банк пен клиент арасындағы барлық есеп айырысу және несие операциялары жүргізіледі. Егер клиентте қаражат болатын болса, онда бұл шот пассивтік болып табылады, клиенттің қаражаты болмаса да ол банкке төлем тапсырмасын берсе немесе чек жазса, онда шот активтіге айналады.
Банктер қаражатын ұзақ мерзімге салатын клиенттерді іздестіреді, өйткені бұл банкке пайда әкеледі. Оған айналысқа шығарылған банктің қаражаты жатады: облигациялық займдар, банктік векселдер және т.б.
Активтік операциялар банк ресурстарын орналастырумен байланысты. Оған ең алдымен несие операциялары жатады. Несие берудің мерзімі белгілі бір мезгілге берілетін мерзімді несие және банктің алғашқы талап етуі бойынша қайтарылуы тиіс онкольдық несие деп бөлінеді.
Ссудамен қамтамасыз ету тұрғысынан вексельдік, тауарлық, қор және банктік операциялар бөліп көрсетіледі.
Вексельдік операциялар вексель есебі бойынша операцияға және вексель кепілімен берілетін несие операциясына бөлінеді.
Вексель есебі (дисконттау) оларды банктердің өтеу мерзімі біткенше сатып алуын білдіреді. Банк өз кезегінде, егер ол қаражатқа мұқтаж болса, бұл вексельдерді өзі Ұлттық банкте қайта есептей алады. Вексельді есептегеннен кейін банк оның иесі болады әрі оны айналысқа шығарған немесе оны есепке, нақты ақша сомасына ұсынған тұлғаға төлейді. Бұл операция үшін банк клиенттен есептік процент немесе дисконт деп аталатын нақты процентті өндіріп алады. Дисконт – векселде белгіленген сома мен векселдің иесіне төленген соманың арасындағы айырмашылық.
Банктің активтік вексель операцияларына акцептік және авальдық операциялар жатады.
Акцептік операциясының мағынасы былай: банк клиентке өзі акцептейтін, яғни, ол бойынша өз есебінен төлемді кепілдендіретін вексельді жазып берудің құқығын ұсынады. Ал, оны пайдалануға алған клиент банкке вексельдің мерзімі біткенше вексель төлемі бойынша тиісті соманы енгізуге міндеттенеді.
Вексельдік несиені пайдаланудың маңызды формасына аваль жатады. Бұл жағдайда вексель бойынша төлемді векселдің иесі өзі (тікелей) орындайды, ал, аваль бұл арада тек төлем кепілдігі ретінде ғана қызмет етеді. Вексельдің иесі ол бойынша төлемді жүзеге асыра алмаса, онда төлемнің жауапкершілігі авальды қойған банкке жүктеледі.
Банктің маңызды активтік операция түріне тауарлық несие жатады. Ол тауардың және варрант (тауардың сақталуы үшін қоймаға алынғаны туралы куәлік), темір жол жүк құжаты, коносамент (жүкті кемеге қабылдау туралы пороход қоғамының куәлігі), жүкті тиеу туралы жүк құжат секілді тауарға ілеспе құжаттардың кепілімен берілетін қарыз болып табылады.
Нарық жағдайында тауарлық қамтамасыз етумен несие беру арқылы банктер үлкен тәуекелге барады, өйткені ол белгіленген мерзімінде қайтарылмаса банк тауарға тиым салып, оны сатады. Содан кейін тауарды сатудан түскен түсімнің есебінен клиенттің берешегін жабады. Алайда, бұл арада мынадай мәселе бар: тауар барлық жағдайда өтпей қалуы мүмкін.
Банктің активтік операциясының тағы бір түріне қор операциясы жатады. Оның объектілері – әр түрлі бағалы қағаздар. Бұл операция бағалы қағаздармен қамтамасыз етілетін және банк өз есебінен сатып алатын несие түрінде болады.
Бағалы қағаздармен қамтамасыз етілетін несие әдетте олардың нарықтық құнының толық бағамы мөлшерінде емес, оның белгілі бір бөлігінің мөлшерінде (50–60%) беріледі.
Сонымен қатар, банктің бағалы қағаздардағы инвестициясы болады, оның нәтижесінде банк бағалы қағаздар портфелін иеленеді. Мұндай сатып алудың мақсаты – осы қағаздарды одан ары қайта сату немесе ұзақ мерзімді капитал салымы.
Банктің беретін несиесін мыналар да қамтамасыз ете алады: жылжымайтын мүлік, басқа банктің немесе сақтандыру ұйымының сақтандыру кепілдігі.
Банктің аса маңызды делдалдық операцияларына инкассалық, аккредитивтік, аударымдық және комиссиялық сауда операциялары жатады. Сенімді (трастық) операцияның да алар орны айрықша. Ол сырттай делдалдыққа ұқсас, алайда оның да, лизингтік операцияның да аясынан шығып кетеді.
Инкассалық операция аты айтып тұрғандай операция болып табылады. Ол арқылы банк өз клиентінің табыс етуі бойынша ақшалай және тауарлық-есеп айырысу құжаттарымен ақшаны алады. Инкассаға чектер, вексельдер, бағалы қағаздар, шетелдік валюта және т.б. қабылданады. Банк инкассалық операцияны орандағаннан кейін мөлшері операция түріне қарай болатын комиссияны өндіріп алады.
Аккредитив – бұл аккредетивтік хатта көрсетілген шарттарды орындағанда компанияға немесе тұлғаға белгілі бір соманы төлеу турасындағы тапсырма. Мұндай операцияға мыналар қатыса алады:
аккредитивті ашу туралы тапсырма берген клиент;
аккредитивті ашқан банк;
аккредитив ашылған банк және оның шарттарының орындалуы қадағаланады;
тұлға, оның пайдасына аккредитив ашылған (бенефициар немесе алушы).
Аударым операциясы банкке енгізілген алушының ақшасын басқа орында (басқа елді мекенде) жүрген оған аударуды білдіреді. Ол банк чегін жіберу арқылы немесе корреспондент-банкке аудару жолымен жүзеге асырылады.
Банктер жеке тұлғалар үшін мынадай сенімді (трастық) операцияларды орындайды:
мүліктік құқықтан уақытша айырылған тұлғалардың (жетім-жесірлер, кәмілетке толмағандар) мүліктерін уақытша басқару;
мұрагердің мүддесі үшін қайтыс болған тұлғаның мүлікін басқару;
капиталды көп пайда алу мақсатында басқару (акцияға, жылжымайтын мүлікке ақша салу);
құндылықтарды сейфтерде сақтау және т.б.
Компаниялар үшін жүзеге асырылатын сенімді операциялардың аударым операцияларынан айырмашылығы мынада: банк облигациялық займ бойынша кепілгер ретінде, нарыққа шығарылған акцияларды тіркеу бойынша және трансферт бойынша агент (атаулы акция бойынша меншік құқығын беру) ретінде алға шығады және т.б.
Банк операциясының бір түріне – лизингтік операция жатады. Банктер немесе лизиенгтік компаниялар өнеркәсіп, көлік және басқа да кәсіпорындарға машиналарды, құрал-жабдықты, өзге де негізгі қорларды ұзақ мерзімді пайдалануына белгілі бір жалдау ақысын белгілеумен береді. Банктер өз есебінен әр түрлі негізгі құрал-жабдықты сатып алады, содан кейін оларды жалға береді. Банктер немесе лизингтік компаниялар жалға берілген мүліктің меншік иелері болып қалады. Банктердің лизингтік операцияларды жүзеге асыру барысында көретін (табатын) пайдасы былайша алынады: екеуі нақты мерзімге (уақыт аралығына) берілсе де жалдау ақысының шамасы ұзақ мерзімді несиенің проценттік мөлшермесіне қарағанда жоғары болады. Оның үстіне, бұл арада клиенттің төлем қабілетсіздігіне байланысты орын алатын ысырап қатері болмайды, өйткені келісімшарттың шарттары бұзыла қалған жағдайда банк жалға берілген мүлікті өзіне кері қайтарып алуға құқылы.
Факторинг – бұл төлемдерді өндіріп алу бойынша және клиенттің табыстауымен бухгалтерлік есепті жүргізу бойынша операция. Мамандандырылған филиалдарды немесе компанияларды ұйымдастыратын коммерциялық банктер факторингтік операцияларды белсенді жүзеге асырып жүр.
Мынаны айта кету керек, бүгінгі таңда Қазақстанның банк жүйесінде коммерциялық банктердің әртараптану деңгейінің төмендігі байқалып отыр. Отандық банктер негізінен әмбебап банктер болып табылады, өйткені еліміздегі заңдар оларды (банктерді) өздері жүргізіп отырған операция түрлері бойынша мамандыруды қарастырмаған. Алайда, кейбір банктер өздерінің атауымен өз функцияларын (функциялық ерекшеліктерін) белгілеген: «Каспийский», «Нефтебанк», «Тұрғын үй құрылыс банкі» және т.б.
2003–2015 жылдарына арналған ҚР-дың Индустриялық-инновациялық даму стратегиясына сәйкес екінші деңгейлі банктерге тәуекелдікті корпоративтік тұрғыдан басқару жүйесін енгізу жоспарында банк секторын одан ары дамытумен қатар (бір деңгейде) белгілі бір банк қызметін көрсету бойынша мамандандырылған банктерді құру жөнінде шаралар қабылданатын болады. Мысалы, тұрғын үй құрылысының жинақ ақша жүйесі аясында мамандандырылған ипотекалық банктерді құру өзекті мәселе болып табылады.
№11 дәріс. Зейнетақы нарығының қаржылық институттары
Зейнетақы нарығының инфрақұрылымы.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесі
Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару бойынша ұйым қызметі
Жинақтаушы зейнетақы қор – бұл ҚР заңында белгіленген тәртіппен зейнетақы жарнасын тарту және зейнетақы төлеу бойынша қызметті, сондай-ақ, зейнетақы активтерін инвестициялық тұрғыдан басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға.
Жинақтаушы зейнетақы қорлары салымшылардың міндетті жарнасын шоғырландырып, оларды әр түрлі бағалы қағаздарға орналастырады әрі осылайша қордың инвестициялық портфелін қалыптастырады. Олар мемлекеттік зейнетақы жинақтаушы қорына (МЗЖҚ) және мемлекеттік емес зейнетақы жинақтаушы қорына (МЕЗЖҚ) бөлінеді.
Мемлекеттік зейнетақы жинақтаушы қоры заңды тұлғаны білдіреді, оның құрылтайшысы – мемлекет. Мемлекет салымшылардан міндетті зейнетақы жарнасын алады және зейнетақы алушыларға зейнетақы төлейді, сонымен бірге, зейнетақы активтерін қалыптастырып, оларды мемлекеттік құнды қағаздарға, мемлекеттік банктің депозиттеріне, халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздарына инвестициялайды.
Мемлекеттік емес зейнетақы жинақтаушы қоры – бұл салымшылардың міндетті және ерікті зейнетақы жарналарын алуды әрі зейнеткерлердің зейнетақысын төлеуді, сондай-ақ, зейнетақы активтерін қалыптастыру және оларды инвестициялау бойынша қызметтерді жүзеге асыратын заңды тұлға. Ол міндетті қорларға қарағанда ерікті зейнетақы жарнасын да тарта алады. Оны (ерікті зейнетақы жарнасын) салымшылар заңда және зейнетақы келісім-шартында белгіленген тәртіппен және мөлшерде өз бастамасы бойынша енгізеді. Зейнетақы активтері ЖЗҚ-дан зейнетақының төленуін қамтамасыз етеді әрі жүзеге асырады. Қор зейнетақы активтерін инвестициялау арқылы инвестициялық табысқа қол жеткізеді.
Жоғарыда аталған оның түрлерінен өзге ашық ЖЗҚ-ны және корпорациялық ЖЗҚ-ны бөліп көрсетуге болады.
Ашық ЖЗҚ салымшының зейнетақы жарнасын оның жұмыс орнына және тұрғылықты жеріне қарамастан қабылдай береді. Резидент болып табылатын заңды және жеке тұлғалар да, резидент емес заңды және жеке тұлғалар да оның құрылтайшылары әрі акционерлері бола алады. ҚР-ға резидент болып табылмайтын, яғни резидент еместердің ашық ЗЖҚ-сы – бұл 25%-тен де көп дауыс берішінің акциясы меншік иесінде немесе басқаруда болатын зейнетақы қоры:
ҚР-дың резиденті еместер;
50%-тен де көп акциясы ҚР резидент еместердің меншігінде немесе басқаруында болатын ҚР резидентінің заңды тұлғасы;
ҚР резиденті еместерінің бағалы қағаздарына атаулы ие болып табылатын ҚР резиденттері.
Корпорациялық ЖЗҚ осы қордың акционері және құрылтайшысы ретінде алға шығатын ҚР-дың бір немесе бірнеше заңды тұлғасының алушы-жұмыскерлері үшін құрылады.
Ашық ЖЗҚ қызметі кезінде немесе оған құрылтайшы болған кезеңде бірде бір тұлғаның дауыс құқығы бар акцияның жалпы санында 25%-тен артық акцияны тікелей немесе жанама иеленуге, өкім жүргізуге немесе басқаруға құқығы болмайды. Корпорациялық ЗЖҚ-да мұндай шектеулер жоқ. Алайда, зейнетақы жинағының нақты құны кеміген жағдайда соңғы акционерлердің жауапкершілігі үлкен болады әрі инвестициялық табыс ысырабының орнын толтырады.
Зейнетақы активтерін бастапқыда ЗАБК (зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компания) ғана орналастыра алады. ЖЗҚ жарна түсімін кастодиан банктің шотына орналастырады, ал ЗАБК үш күннің ішінде оларды әр түрлі құнды қағаздарға орналастыруға міндетті. Бір ЖЗҚ тек бір ғана ЗАБК-мен келісімшартқа отыра алады, ал, Компания өз кезегінде бірнеше ЖЗҚ-ға қызмет көрсете алады. Бүгінгі таңда оның атауы өзгерген: ЗАИБЖҰ – зейнетақы активтерін инвестициялық тұрғыдан басқаруды жүзеге асыратын ұйым. Зейнетақы жинақтаушы қорларына инвестициялық портфелді қалыптастыру барысында активтерді дербес орналастыруына рұқсат етілген.
ЗАИБЖҰ қаржы нарығының кәсіби қатысушысы, заңды тұлғасы болып табылады және АҚ формасында құрылады. Оның қызметін ҚР-сының қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі Агенттігі лицензиялайды. Агенттік Компанияның қызметін мынадай шарттармен лицензиялайды: жарғылық капиталдың мөлшері бойынша белгіленген талаптар мен нормативтердің орындалуы, 3 санатты біліктілік куәлігі бар мамандардың штатта болуы, зейнетақы активтерін инвестициялық тұрғыдан басқару бойынша қызметті реттемелейтін ішкі құжаттардың болуы.
ЗАИБЖҰ өз қызметінде зейнетақы қорларының инвестициялық портфелін қалыптастырады, зейнетақы активтерін ұдайы бағалап отырады, зейнетақы жинағын зейнеткерлердің зейнетақы төлемдеріне бағыттап отырады. Ол өзінің қызметі туралы зейнетақы қорларына және ҚР-сының қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі Агенттігіне ұдайы есеп беріп отырады, сондай-ақ, өзінің атқарған жұмыстары туралы ақпаратты жариялайды.
Алайда, ЗАИБЖҰ қызметінде белгілі бір шектеулер бар. Ішінара мыналарға тыйым салынған:
акциядан басқа бағалы қағаздарды шығаруға;
банктерден өзіндік капиталдың мөлшерінен артық мөлшерде 3 ай мерзімнен көп мерзімге қаражатын тартуға;
үлестес тұрғыдан бағалы қағаздарды тартуға және олармен басқа мәмілелерді орындауға;
қарызды кез келген тәсілмен беруге;
зейнетақы активтерінің құрамына кіретін бағалы қағаздарды оларды кері сатып алу шартымен болса да сатуға;
ЖЗҚ -ға тиесілі емес бағалы қағаздарды сату бойынша келісім-шартты және эмиссиялық емес бағалы қағаздарды сатып алу жөніндегі келісім-шартты бекітуге;
тапсырма мен кепілдік беруге, мәмілелерді зейнетақы активтерін кепілге салып орындауға;
инвестициялық зейнетақы активтері бойынша табыстың уәдесін және кепілдігін қамтитын ақпаратты жариялауға;
бағалы қағаздар мен қаржылық құралдардың саудасынан өзге материалдық өндіріс пен сауда саласында қызметті жүзеге асыруға.
Қазақстандық зейнетақы жинақтаушы қорлар өз қызметін ҚР-сының қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі Агенттігі берген лицензияның негізінде жүзеге асырады. Бұл лицензияда зейнетақы қорларының тек мемлекеттік емес зейнетақымен қамтамасыз етуге маманданатынына, мәселен, саудамен немесе өндіріспен айналыспайтынына кепілдік беріледі.
Жинақтаушы зейнетақы қорлар лицензия алу үшін Агенттікке өз мамандарының біліктілігі туралы аттестаттың және олардың қаржы институттарында кем дегенде 2 жыл жұмыс істегенін айғақтайтын құжаттың нотариалдық тұрғыдан расталған көшірмелерін береді.
Жинақтаушы зейнетақы қорлары АҚ формасында құрылады. ЖЗҚ-ның Жарғылық капиталы акциямен қалыптасады әрі ақшалай қаражатпен ғана төленуі тиіс. Мұнда акцияның төлемі үшін заңды тұлғаның қаражаты оның өзіндік капиталы немесе таза табысының шегінде пайдаланылады. Лицензияны алу туралы өтініш берілетін сәтте жарғылық капитал толық төленіп бітуі тиіс.
ҚР резиденттері болып табылатын заңды және жеке тұлғалар ЗЖҚ-ның құрылтайшылары және акционерлері болуы мүмкін. Ал, рейтингтік агенттіктердің бірінде нақты рейтингісі бар ҚР резиденті болып табылмайтын заңды тұлғалар ашық ЗЖҚ-ның құрылтайшысы және акционері болуы мүмкін. Мемлекеттік кәсіпорындар ЗЖҚ-ның құрылтайшысы немесе акционері бола алмайды.
Қордың өзіндік капиталы құрылтайшылардың (акционерлердің) жарғылық капиталындағы салым ақшасының есебінен, комиссиялық сыйақыдан, сонымен бірге, өзіндік капиталды орналастырудан түскен өзге табыстан және негізгі қызметті орындаумен байланысты қызмет көрсетуден түскен табыстан қалыптасады. Бұл капитал басқа ұйымдарды құруға, міндеттемені, кепілдікті қамтамасыз ету ретінде уақытша қаржылық көмек көрсетуге пайдаланылмауы керек.
Комиссиялық сыйақының шекті шамасы ҚР Үкіметі белгіленген мыналардың шегінде белгіленеді:
инвестициялық табыстың 15% -і шегінде;
айына зейнетақы активтерінің 0,05%-і шегінде.
Ол жылына бір мәртеден артық өзгертілмейді және күнтізбелік жылдың басына дейін ең аз дегенде бір ай бұрын жариялануы керек.
Зейнетақы қорларының қызметі мынадай принциптерге негізделеді:
қорды жеке басқарады және салымшылар қорды өз қалауынша таңдаудың мүмкіндігіне ие;
қарапайымдылық, сенімділік және айқындық;
мемлекеттік өкілетті органдардың тарапынан қатаң реттеледі әрі қадағаланады;
операциялық тиімділік;
салымшыға оның зейнетақы жинағының мөлшері туралы ақпаратты береді.
ЖЗҚ өз қызметінде зейнетақы жарнасын жинай алады, өзінің қызметі үшін комиссиялық сыйақы алады және зейнетақы келісімшартының шарттарына сәйкес басқадай құқықтарды жүзеге асырады, зейнетақы активтерін инвестициялық тұрғыдан басқаруды жүзеге асыратын ұйымдармен келісім-шартқа отырады. Сонымен қатар, зейнетақы жинақтаушы қорлары мыналарға міндетті:
зейнеткерлердің зейнетақысын төлеуге;
зейнетақы жинағы мен төлемдерінің есебін дербес жүргізуге;
салымшы мен зейнетакерге (алушыға) оның зейнетақы жинағының жағдайы туралы ақпаратты жылына бір мәрте және олардың сұрау салуы бойынша беруге;
алушының зейнетақы жинағының жағдайы туралы ақпараттың құпия болуын қамтамасыз етуге;
зейнетақы заңдарының және зейнетақы келісім-шартында қарастырылған шарттардың бұрмалануына жауап береді;
алушының өтініші бойынша оның зейнетақы жинағын бір қордан екіншісіне аударуға;
бір, үш, бес, он күнтізбелік жылдарында стандартты уақыт кезеңі ішіндегі өз қызметі туралы статистикалық және басқа да ақпараттарды жариялауға, бұл арада зейнетақы жинақтаушы қорындағы салым ақша бойынша табыстың уәдесін немесе кепілдігін қамтамасыз ететін ақпарат жарияланбайды;
зейнетақы келісім-шартына отырған азаматтардың бәріне бірдей жағдай жасауға;
ҚР заңдарына сәйкес өзге де міндеттерді орындауға.
№12 дәріс. Инвестициялық компаниялар және қорлар
Инвестициялық компаниялар және қорлардың қалыптасуы
Инвестициялық қорлар қызметін ұйымдастыру
«Инвестиция» ұғымы кең мағынасында ел экономикасын қажетті қаражатпен қамтамасыз етудің тетігін білдіреді. Бұл мәселені шешу үшін тиісті қаржы институттары құрылады, оның ішінде инвестициялық қорларды бөліп көрсетуге болады.
Ол қаржы нарығында инвесторлардың мүддесін қорғау мақсатында және ақша қаражаттарды тартудың есебінен әрі осы ақша қаражаттарды әртараптандыруды ескере отырып бағалы қағаздарға кейін инвестициялаудың есебінен қатерді азайту мақсатында жұмыс істейді. Бұл қорлардың маңызы жоғары, өйткені, ол өз қолына түпкі есебінде өндірістің дамуына жұмсалатын ұсақ салымшылардың қаражатын шоғырландырады, сондай-ақ, бұл қорлар инвесторлар үшін ақшалай қаражат салымшының көздері болып табылады. Оны олар кәсіпорынның акциясына, облигациясына тікелей бағыттай алады, банк депозиттеріне салады және т.б.
Инвестициялық қор өзіндік акцияларды шығару әрі ашық орналастыру жолымен және тартылған қаражаттың есебіне бағалы қағаздардың инвестициялық портфелін қалыптастыру арқылы ақша қаражаттарды тарту бойынша қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғаны білдіреді. Қазақстанда ол акционерлік қоғам формасында құрылады, кез келген заңды және жеке тұлға оның акционері бола алады.
Бұл қорлардың барлық қызметі әр түрлі бағалы қағаздарға инвестициялық салымдарды тартуға және тиісті табыс алу мақсатында портфелді қалыптастыруға негізделеді. Олар бұдан өзге қызмет түрлерімен айналыспайды.
Қор негізінен ұсақ, жеке инвесторлардың есебінен акцияларды айналымға шығару арқылы ақша қаражаттарды тартады. Қор түскен қаражатқа кәсіпорындар мен банктердің бағалы қағаздарын сатып алады әрі өз салымшыларын акция бойынша белгілі бір табыспен қамтамасыз етеді.
Инвестициялық қор өз қызметінде нақты принциптерді басшалаққа алады:
инвестициялық салымдарды әртараптандыру;
бағалы қағаздармен аса қатерлі операцияларды жүзеге асыруға тыйым салу;
бағалы қағаздарды сатып алуда кәсіби тәсілдемені қолдану;
жеке инвесторға қарағанда мол қаржыға ие болу.
Инвестициялық қор өндіріспен және сауда-саттықпен айналыспайды (бағалы қағаздар мен қаржылық құралдардан өзге), кез келген кепілдік түрін бермейді, басқа инвестициялық қорлардың, сондай-ақ, кастодианның, тіркеушінің және бірлескен тұлғалардың эмиссиялық емес бағалы қағаздарын, акцияларын сатып алмайды; 6 айдан көп болмайтын мерзімге банктерден қарыз қаражатын тартады, бағалы қағаздармен кепілдікті мәмілелерді орындайды, қарызды кез келген тәсілмен береді, сонымен бірге, опциондық және фьючерстік шарт бойынша мәмілелерімен, маржа, «ықшамдап сату» бойынша мәмілелермен айналысады.
Инвестициялық қордың ұйымдық құрылымын былайша көрсетуге болады: акционерлердің жалпы жиналысы басқарма инвестициялық қордың басқарушысы.
Кез келген АҚ акционерлерінің жалпы жиналысының құзіреттілігіндегі негізгі мәселелерден басқа инвестициялық қорда олар мынадай мәселелерді шешеді:
инвестициялық қордың тұрпатын қайта құру (өзгерту) туралы;
инвестициялық декларацияға өзгертулер мен толықтыруларды енгізу туралы;
бағалы қағаздар портфелінің басқарушысымен, сондай-ақ, тіркеушілерімен және кастодиандармен келісімшартқа отыру (бекіту) туралы.
Қордың атқарушы органына басқарма жатады. Басқарманың заңда қарастырылған құзіреттілігінен өзге де өз құзіреттілігі болады, мысалы, ол бұқаралық ақпарат құралдарында басқарушының қызмет нәтижесін және қордың қызметі мен қаржылық жағдайына қатысты нәтижелерді ұдайы жариялап отырады. Басқарманың мүшелері лауазымды тұлғалардың, осы қорды басқаратын басқарушының, брокердің функцияларымен айналыспайды (тыйым салынған).
Инвестициялық қордың басқарушысы – бағалы қағаздардың портфелін басқару бойынша кәсіби қызметті орындайтын әрі инвестициялық қормен бекітілген келісімшарттың негізінде әрекет ететін заңды тұлға. Мұндағы міндетті шарт – тиісті лицензияның болуы. Басқарушы бағалы қағаздардың портфелін басқару жөніндегі келісім-шартты бір мезгілде бір немесе бірнеше инвестициялық қормен бекіте алады, алайда, бұл арада инвестициялық декларацияның мазмұны әр түрлі болуы керек.
Инвестициялық қордың қызметі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдары жиі бұрмаланған жағдайда, басқарушының лицензиясы қайтарылып алынған жағдайда және қорлар өзіндік акцияларды өзара сатып алуға қабілетсіз болғанда тоқтатылады.
Қазақстан Республикасының заңдары инвестициялық қорлардың белгілі бір тұрпаттарын анықтап береді.
Екі негізгі тұрпаты бөліп көрсетіледі: өзара қор және инвестициялық компания.
Өзара қор барлық тілек білдіруші инвесторлардың қаражатын тартатын және өздері айналысқа шығарған акцияны өз акционерлерінен сатып алуға міндеттеме қабылдаған ашық инвестициялық қор болып табылады. Олар қосымша эмиссияны жүзеге асыру қажет болған жағдайда жалпы акционерлер жиналысының шешімінсіз акцияны шектеусіз мөлшерде шығара алады. Ол (өзара қор) артықшылықты акцияны шығармайды. Сонымен қатар, өзара қор былайша сипатталады: оның акциялары ұйымдастырылмаған нарықта айналысқа түседі, акцияға бағаны күн сайын белгілеп отыру міндеттемесі заңмен анықталған.
Инвестициялық компания – бұл осы қордың құрылтайшылары және акционерлері болып табылатын бір немесе бірнеше заңды және жеке тұлғалардың қаражатын тартатын жабық инвестициялық қор. Өз акционерлерінің айналысқа шығарған акцияларын сатып алуға міндетті болмайды, ал, оның жарғылық капиталы жалпы акционерлер жиналысының шешімінсіз қосымша акцияларды шығару арқылы көбейтілмейді немесе акциялардың бір бөлігін өтеу арқылы кемітілмейді. Инвестициялық компанияның акциялары қор биржаларында айналысқа түседі. Компанияның күн сайын акция бағасын белгілейтін міндеттемесі болмайды, артықшылықты акцияның шығаруға құқы бар.
Үлестік (шартты) және акционерлік (корпорациялық) инвестициялық қорлары бөліп көрсетіледі.
Үлестік инвестициялық қор (шартты) мыналарға бөлінеді:
ашық – пайды 2 аптада ең аз дегенде 1 мәрте сатып алады;
жабық – жарнашының (пайщик) пайда (үлесті) сатып алуға құқысы болмайды;
интервалды – пайды жылына ең аз дегенде 1 мәрте сатып алуы керек.
Оның жарғылық капиталы құрылтайшылардың (үлескерлердің) салым қаражатының үлестерінен құралады. Оның басқа қызмет түрлерін атқаруға құқысы болмайды, құнды қағаздар ұйымдастырылған нарықта түспейді.
Сонымен қатар, акционерлік қор жарғылық қорды акцияларды айналысқа шығару жолымен қалыптастырады.
Инвесторлық қордың акционерлік формасының артықшылығы мынада: нарықта пайға қарағанда акцияны сату оңай, қордың акционері жай АҚ-тағы секілді акцияны сатып алуды талап ете алады. Акционерлік инвестициялық қордың негізгі сипаттамасы мынада: ол басқа қызмет түрлерін жүзеге асырмайды және жай акциядан өзге қаржылық аспаптарды шығармайды. Қордың бағалы қағаздары ұйымдастырылған нарықта айналысқа түспейді, жарғылық қор акциялардан құралады.
Қордың инвестициялық стратегиясы сипатына қарай шартты түрде мына санаттарға бөлінуі мүмкін:
1. Бағамдарының тәуекелі шектеулі бағалы қағаздарға капиталды инвестициялаушы.
2. Бағалы қағаздар бағамының тәуекелі шектеулі жоғары болған жағдайда табыстың өсіміне бағдарланушы.
3. Қаржылық активтерді диверсификациялаушы.
4. Ақша нарығының проценттік мөлшермесін капиталдандыруға маманданушы.
Бірінші санатқа көбінесе жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік инвестициясын және тәуекелі төмен бағалы қағаздарға жатқызылған мемлекеттік емес облигацияларды сатып алатын ұжымдық инвестиция мекемесі жатады.
Екінші топқа ұзақ мерзімді инвестицияларды жүзеге асыратын қорлар кіреді. Олар акцияның базасында пайда болған бағалы қағаздарды, айырбасталатын облигацияны және акцияны сатып алады. Мұндай компанияның клиенттеріне қатері жоғары болатынына қарамастан өз акцияларының ең аз дегенде бір бөлігін орналастыруға келісімін берген тұлғалар жатады.
Үшіншісіне әр түрлі бағалы қағаздарға ұзақ мерзімді қаражат салымдарын диверсификациялайтын қорлар жатады, өйткені бұл капиталдан айырылып қалудың қатерін азайтатын сенімді әдіс болып табылады. Мұндай инвестициялық стратегияны жүргізу үшін үлкен капиталға ие болу керек.
Төртінші топ ақша нарығының процент мөлшермесін капиталдандыруға маманданған қорларды қамтиды. Олар өте қысқа мерзімді инвестицияларды жүзеге асырады, тіпті бір күндік мәмілелермен де айналысады. Сол себепті де капиталдан айырылып қалудың қатері аз болады. Портфелдік инвестицияның құрылымы мен мұндай инвестициялық қорлардың клиентурасы әр қилы – банк депозиті бойынша табыспен салыстырғанды өз ақшаларына ең жоғары процентті алғысы келетін жеке тұлғалар мен фирмалар.
Әрбір елдегі инвестициялық қорлардың қызметі қор нарығының ерекшеліктеріне қарай әр түрлі болады. Көптеген елдердің портфелдік инвестициясының құрамында акциялар емес, облигациялар мен қысқа мерзімді бағалы қағаздар басымдылықтарға ие.
Нарықтық экономикасы дамыған мемлекеттерде көбінесе акция, мемлекеттік облигация, қысқа мерзімді бағалы қағаздар және т.б. секілді акцияның белгілі бір тұрпаттарын басқаратын маманданған инвестициялық қорлар көптеп кездеседі. Мысалы, ипотека қоры, корпорация облигациясының қоры, ұзақ мерзімді муниципалдық бағалы қағаздар қоры, қаражатын кәсіпорын акциясына салатын өсім қоры, опциондық табыс қоры кездеседі. Өздерінің бағалы қағаздар портфелінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін олар эмитенттің бағалы қағаздарына салым ақшаны аз салады немесе шектейді. Қатердің деңгейін осылайша азайтады. Өнеркәсіп компаниясының акциясына қаражат салынар кезде оның салалық әртараптандыруы (жан-жақтылығы) жүзеге асырылады
№13 дәріс. Сақтандыру компаниялары және қорлары
Сақтандыру қызметі негіздері
Қазақстанның сақтандыру компанияларының қызметі
Қаржы нарығының аса маңызды делдалы – сақтандыру компаниясы. Сақтандыру нарығында сақтандыру қорын қалыптастыру және қолдану процесі жүзеге асырылып, экономикалық қатынастар пайда бола отырып, жеке, топтық және ұжымдық қызығушылықтар (мүдделер) туады.
Сақтандыру компаниясы сақтандыру қорының қызмет етуінің тарихи анықталған қоғамдық формасы болып табылады. Нарықтық экономикаға өту, оның рөлін, ұйымдық құрылымын және экономикалық қатынастар жүйесіндегі орнын анықтайды. Ол елдің шаруашылық өмірінің толық құқылы субъектісіне айналады.
Сақтандыру компаниясы – коммерциялық ұйым, ол өзінің қызметін лицензия негізінде сақтандыру келісім-шарттарын жасау және орындау бойынша жүзеге асырады. Қазақстанда сақтандыру ұйымдары, олардың құрылтайшылары мен акционерлері заңды және жеке тұлғалар, Қазақстан Республикасының резидент және резидент емес тұлғалары болып табылатын акционерлік қоғам формасында құрылады. Сақтандыру ұйымының құрылтайшысы мемлекет те бола алады, бірақ, ол тек Қазақстан Республикасының Үкіметі ретінде ғана болады. Сонымен қатар, жарғылық капиталының 50%-нан астамы мемлекет меншігіндегі ұйымдар құрылтайшылар және акционерлер бола алмайды.
Сақтандыру компаниясының жарғылық капиталы тек қана ұлттық валютада төленеді. Сонымен қатар, мұнда тартылған акция мен қарыздық қаражаттарды қолдануға тиым салынады. Оның құрылуына рұқсатты Қазақстан Республикасының қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі Агенттігі мынадай қажетті құжаттарды ұсынғаннан кейін береді:
сақтандыру ұйымын құруға рұқсат алу үшін өтініш;
құрылтайшылық құжаттар;
сақтандыру ұйымын құру туралы шешім;
құрылтайшылар туралы мәліметтер және т.б.
Сақтандыру қызметін жүзеге асыруға лицензия алу үшін, Агенттікке мынадай құжаттарды ұсыну қажет:
лицензия беру туралы өтініш;
нотариалды куәландырылған мемлекеттік тіркеу және статистикалық карта туралы көшірме куәліктер;
нотариалды куәландырылған құрылтайшылық құжаттардың көшірмелері;
жарғылық капиталдың минималды көлемін толық төлегенін растау және меншік капиталы көлемі бойынша минималды талаптарды орындауы туралы құжаттар;
басқару қызметіндегі жұмысшылар туралы мәліметтер;
сақтандыру ережелері;
ішкі аудит қызметі туралы ереже.
Сақтандыру ұйымдары өз ресурстарын сақтандыру жарналары есебінен қалыптастырады және жинақталған қаражаттарды инвестициялық салымдарды жүзеге асыруға бағыттайды. Қазақстанда сақтандыру компанияларының инвестициялық портфелін диверсификациялануын шектеу бойынша нақты талаптар бар, онда бағалы қағаздардың қандай түрлерінде салымдарға лимиттер бар екендігі көрсетілген.
Сақтандыру компаниясына тән ерекшеліктердің бірі – қаражаттарды тартудың ерекше формасы – сақтандыру полисін сату. Олар алынған табысты біріншіден, басқа компаниялардың облигациялары мен акцияларына және мемлекеттік бағалы қағаздарға салады. Сонымен қатар, олар мемлекет пен кәсіпорындарға ұзақ мерзімді несиелер береді.
Қазақстан Республикасы аумағында сақтандыру ұйымдары «өмірді сақтандыру» және «жалпы сақтандыру» салалары бойынша лицензия негізінде жұмыс істейді. «Жалпы сақтандыру» саласындағы қызмет «өмірді сақтандыру» саласындағы қызметпен бірлесе және кездейсоқ жағдайлар мен ауруларды, медициналық сақтандыруды қоспағанда, жинақтаушы сақтандыру формасында жүргізіле алмайды.
Негізгі қызметтен басқа сақтандыру ұйымдары мынадай қызметтерді орындайды:
инвестициялық қызмет;
жинақтаушы сақтандыру келісім шартына сәйкес қарастырылған сома шегінде өзінің сақтанушыларына займдар беру;
сақтандыру ұйымдарының қызметін автоматтандыру үшін ерекше бағдарламалық қамтамасыз етуді сату;
сақтандыру бойынша арнайы әдебиеттерді сату;
өзінің қажеттіліктері үшін алдын-ала сатып алынған немесе сақтандыру келісім-шартының қорытындысына байланысты өзінің иелігіне түскен мүлікті жалға беру немесе сату;
сақтандыру бойынша консалтинг;
сақтандыру немесе қайта сақтандыру облыстарында біліктілікті жоғарылату мақсатында оқытуды ұйымдастыру және жүргізу;
сақтандыру агенті ретінде сақтандыру делдалы.
Сақтандыру ұйымдарының қызметін қадағалауды төлем қабілеттілігі мен қаржылық тұрақтылық нормативтерінен тұратын осы ұйымдар үшін пруденциалдық нормативтерді бекіту жолымен Қазақстан Республикасының қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау бойынша Агенттік жүзеге асырады. Сақтандыру ұйымдарының жеке келісім-шарттары бойынша максималды міндеттемелер көлемі қызмет етуші сақтандыру келісім-шарттары бойынша өз міндеттемелерін орындаумен байланысты сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру үшін ғана берілген меншік капиталы мен сақтандыру резервтері сомасының 10%-ынан аспауы керек.
Сақтандыру ұйымдары сақтандырушылар одақтары мен ассоциацияларына біріктірілуі мүмкін. Қазақстан Республикасында әдістемелік және ұйымдастыру ақпараттарын беру, сақтандыру бойынша нормативтік және заңды актілер жобаларын дайындауға қатысу, сақтандыру қызметкерлерінің біліктілігін жоғарылатуға арналған семинарлар мен курстарды ұйымдастыру, сақтандырушылардың қаржылық тұрақтылығын нығайту бойынша ұсыныстарын құрастыру және т.б. үшін сақтанушылар Одағы құрылған. Бірақ, қазіргі уақытта Ресейде көптеген компанияларды біріктіретін 50 кәсіби салалық одақтар мен ассоциациялар қызмет еткенде, Қазақстанда тек сақтандыру ұйымдарының бір ғана кәсіби одағы қызмет етеді. Олардың көбісі мамандандырылған, мысалы медициналық сала сақтандырушыларын ғана біріктіреді. Ел ауқымында сақтанушылардың қызығушылықтарын бейнелейтін негізгі ұйым құрамында 350 сақтандыру компаниясы ретінде Бүкілресейлік сақтандырушылар одағы болып табылады.
Қазақстанның сақтандыру ұйымдарын филиалдар, өкілдіктер және еншілес компаниялар құруы мүмкін.
№14 дәріс. Арнайы мамандандырылған қаржы-несиелік институттар
Банктік емес мекемелермен несиелер беру
Несиелік серіктестіктер қызметі
Микрокредиттік ұйымдар
Қаржы нарығындағы үлкен бөлікті әр түрлі қаржылық компаниялар алады. Олар коммерциялық банктерден қол жетерлік және арзан несие ала алмайтын жеке тұлғалар мен кәсіпорындарға қысқа және орта мерзімді сонымен қатар лизингтік несиелерді беруге негізделеді.
Көбіне қаржылық компаниялар несиелерді жоғары деңгейлі тәуекелмен береді. Бұл ұйымдардың қаражаттары банктік несиелер есебінен, коммерциялық қағаздарды сатудан, ұзақ және қысқа мерзімді міндеттемелерді эмиссиялау есебінен қалыптастырылады. Олардың капиталының негізгі бөлігі – қарыз қаражаттары. Олардың меншік капиталына деген арақатынасы 10:1. Қаржылық компаниялардың көптеген депозиттік институттардан айырмашылығы – олар ұсақ депозиттерді тартпайды.
Қаржылық компаниялардың ұйымдастырушылық-құқықтық формасы әр түрлі болуы мүмкін: жеке меншік құқығындағы корпорациялар, ашық акционерлік қоғамдар, сонымен қатар, еншілес кәсіпорындар, толығымен өндірушілер, коммерциялық банктердің холдингтік компаниялары, өмірді сақтандыру бойынша компаниялар немесе басқада корпоративті меншік иелері толық ие болатын кәсіпорындар.
Қаржылық компанияларды былайша бөлуге болады.
тұтынушылық несиелеумен айналысатын, мысалы, шағын ссудалар;
кәсіпорындарды несиелеумен айналысатын;
факторингтік;
лизингтік;
ипотекалық;
инвестициялық компаниялар;
алғашқы ұйымның өнімдерін сатып алуды қаржыландырумен айналысатын;
«кэптивті» компаниялар;
форфейтингті және т.б.
Факторингтік компаниялар коммерциялық банктердің холдингтік компанияларының еншілес кәсіпорындарын білдіреді және шот-фактураларды сатып алу мен дебиторлық қарыздар бойынша төлемдерді жинау арқылы өз клиенттеріне «несие береді».
Лизингтік компаниялар машиналарды, жабдықтарды әрі қарай сатып алу мүмкіндігі арқылы жалға берумен айналысады. Яғни, қымбат тұратын жабдықты сатып алуға жеткілікті ақшасы жоқ, шаруашылық жүргізуші субъекті сол жабдықтың меншік иесі әлі болмаса да, оны өз мақсаттарына пайдалана алады және оның құнын амортизацияны есептесе отырып, біртіндеп төлей алады.
Ипотекалықтар жерді және жылжымайтын мүлікті кепілге қою арқылы кішігірім көлемдегі несиелер береді. Олардың клиенттері тиісті несиелерді банктерден алуға мүмкіндіктері жоқ жеке тұлғалар болып табылады.
«Кэптивтік» деп бөлшек сауданың басты қатысушылары мен автомобиль өндірушілерінің бақылауындағы және өздерінің туған фирмаларының өнімдерін сатуды қаржыландыруға көмектесетін қаржылық сауда компаниялары аталады.
Инвестициялық компаниялар – бұл қаржылық ресурстарға мұқтаж Үкіметтік органдар мен жеке фирмалардың нарыққа қарыздық міндеттемелерінің және акцияларының жаңа шығарылымдарын шығарумен айналысатын фирмалар. Осының бәріне қоса, бұл компаниялар бағалы қағаздарды сатуды аяқтағаннан кейін брокерлер мен дилерлер ретінде қайталамалы нарықты құрады. Бағалы қағаздарды тарату жариялық (андеррайтинг) ұсыныс түрінде немесе жеке тарату түрінде жүргізілуі мүмкін. Егер де компания бағалы қағаздарды бірінші әдіспен шығаратын болса, ол бұл шығарылымның қандай жолмен жүргізілетіндігін шешуі тиіс: қатаң міндеттемелер негізінде ме, әлде ең жақсы күш салу негізінде ме. Қатаң міндеттемелердің негізінде эмиссияны тарату инвестициялық компания эмитенттінің инвесторы акцияларының барлығын сата ала ма, әлде жоқ па, соған қарамастан, ақшаның бекітілген бір сомасын алатындығына кепілдік беретіндігін білдіреді. Екінші жағдайда компания ондай кепілдік бере алмайды, тек аталған эмиссияны тарату үшін оның тарапынан болатын барлық күш-салуға уәде береді.
Бағалы қағаздардың таратылуы және сатылуымен қатар инвестициялық компаниялар қайталамалы нарықта брокерлік және дилерлік қызметтерді де көрсетеді. Бірақ, бизнестің көптеген түрлеріне акцияларды ашық таратудың сай келмейтіндігін және жеке таратудың барынша қолайлы екендігін атап өткен жөн. Дәл осы жерде инвестициялық компанияның сатушы мен сатып алушы мәліметтерінен, сатылатын қағаздарға әділ баға қою кезінде көмек көрсетуден және бұл орайда андеррайтинг болмағандықтан, мәміленің өзінің жүргізілуінен тұратын рөлі артады.
Кейбір елдерде банктердің инвестициялық және коммерциялық қызметін шектеу қарастырылған. Мысалы, АҚШ-та және Жапонияда. Онда мамандандырылған қаржылық институттардың кең желісі бар. Мұндай шектеулер қарастырылмаған елдерде коммерциялық банктер әдеттегі ассортимент шеңберінде инвестициялық қызметтерді көрсетеді. Бұл жерден біз әмбебап банктік жүйені байқаймыз. Мұндай банктер еуропа елдеріне тән.
Несиелік серiктестiк - жеке және (немесе) заңды тұлғалар өз қатысушыларының кредиттерге және басқа қаржылық, соның iшiнде банктiк қызмет көрсетуге деген қажеттерiн олардың ақшаларын жинақтау жолымен және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да көздер есебiнен қанағаттандыру үшiн құрған заңды тұлға;
Несиелік серiктестiктер жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктер нысанында құрылтай шарты негiзiнде құрылады және өз жарғысына сәйкес әрекет етедi. Несиелік серiктестiк оның мемлекеттiк тiркелген кезiнен бастап құрылды деп есептеледi.
Ол коммерциялық ұйым бола отырып, Қазақстан Республикасының қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі Агенттігінің лицензиясы негізінде жекелеген банктік және басқа да операцияларды орындайды. Несиелік серіктестіктер мүлкіне меншік құқығы негізінде ие болады және ол оның қатысушыларының міндетті төлемдері мен қосымша жарналары, олар алған табыстар, сондай-ақ, ҚР-сының заңнамасымен тиым салынбаған басқа да көздер есебінен қалыптасады.
Несиелік серіктестіктерді мемлекеттік қолдау ауылшаруашылық өндірісін несиелеу үшін тиісті жылдың бюджеттерінде қарастырылған сома шегінде республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаттары есебінен жүзеге асырылуы мүмкін. Несиелік серіктестіктің құрылтайшылық құжаттары құрылтайшылық келісім-шарт және жарғы болып табылады.
Ломбард дегеніміз қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі өкілетті органның және ҚР-сының Ұлттық Банкінің тиісті лицензиясы болған кезде ұлттық валютадағы банктік және басқа да операциялардың мына түрлерімен айналысуға құқығы бар, банк болып табылмайтын, заңды тұлғаны, коммерциялық ұйымды білдіреді:
ломбардтық операциялар: депозитке салынған, жеңіл сатылатын бағалы қағаздарды және басқа да жылжитын мүлікті кепілге алу арқылы қысқа мерзімді несие беру;
лизингтік қызмет;
бағалы металлдары мен бағалы тастары бар, әшекей бұйымдарды сатып алу, кепілге қабылдау, есепке алу, сақтау және сату;
сейфтік операциялар: сейфтік жәшіктерді, шкафтарды және бөлмелерді кепілге қоюмен қоса, құжаттық түрде шығарылатын бағалы қағаздарды, клиенттердің құжаттары мен құндылықтарын сақтау бойынша қызметтер.
Ломбардтық, лизингтік операцияларды, бағалы металдары мен асыл тастары бар, әшекей бұйымдарды сатып алу, кепілге қабылдау, есепке алу, сақтау және сату бойынша операцияларды жүргізуге арналған лицензия ҚР-сының қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі Агенттігімен беріледі.
Микрокредиттiк ұйым - Заңда белгiленген тәртiппен микрокредиттер беру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлға.
Мақсатты микрокредит - қарыз алушыға микрокредит беру туралы жасалған шартқа сәйкес белгiлi бiр мақсаттарға пайдалану талаптарымен берiлген микрокредит.
Микрокредиттiк ұйым бiр қарыз алушыға арнап Қазақстан Республикасының республикалық бюджет туралы заңында тиiстi қаржы жылына белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң мың еселенген мөлшерiнен аспайтын, бiрақ бiр қарыз алушыға микрокредиттiк ұйымның меншiк капиталы мөлшерiнiң жиырма бес процентiнен аспайтын мөлшерде микрокредиттер бередi.
№15 дәріс. ҚР қаржы нарығын реттеудің құқықтық негіздері.
Қаржы нарығын реттеу.
ҚР қаржы нарығын реттеудің заңдық негіздері.
ҚРҰБ функциялары, өкілеттілігі және міндеттері
Агенттіліктің қызметінің негізгі бағыттары, міндеттері,функциялары
Өзін өзі реттеуші ұйымдардың негізгі міндеттері
Әлемдік тәжірибеде қоғамдық дамудың таңдаған жолына байланысты қаржы нарығын реттеудің әр түрлі үлгілерін ерекшелеуге болады. Саудаға қатысушылардың қызметін реттейтін өкілетті органдар: эмитенттер, инвесторлар, кәсіби қор делдалдары, нарық инфрақұрылымының ұйымдары. Осы процесс мемлекетпен қабылданған әлеуметтік-саяси бекітулерді шешуге бағытталған. Мысалы, Қазақстанда мұндай бекітулер халықтың өмірлік деңгейін жүйелі түрде көтеру, шаруашылық жүргізуде нарықтық және мемлекеттік үлгілерді синтездеу негізінде әлемдік қауымдастықта елдің экономикалық және саяси рөлін қалпына келтіру, экономиканың нарықтық дамуы және мемлекеттің реттеушілік рөлінің сәйкестігі болып табылады.
Қаржы нарығын реттеу деп - қатысушылардың қызмет көрсету процесінде пайда болатын қатынастарын реттеу, сондай-ақ олармен осы қызметтерге өкілетті ұйымдар тарапынан операцияларды жүргізу, олардың барлық қатысушыларын, қызметтерінің барлық түрін қамтитын қатынастарды айтамыз.
Қаржы нарығын реттеу бірқатар бағыттар бойынша қаржы нарығының әрбір кәсіби қатысушысының міндеттері мен құқықтарын анықтайтын заңдар мен басқа да нормативтік актілердің орындалуын талап ету мақсатында жүргізіледі. Ол бағалы қағаздардың шығарылуын тіркеуден бастап, қаржы нарығын реттеу бойынша мемлекеттік басқару органдарының құқықтарымен аяқталады.
Экономикасы дамыған шетелдік мемлекеттердің тәжірибесі көрсеткендей, мемлекет мынадай негізгі функцияларды атқаруы қажет:
қаржы нарығын дамыту тұжырымдамасын және оны жүзеге асыру;
қаржы нарығын дамыту үшін заң актілерін жасау және жетілдіру;
нарықтың қызмет ету нормаларын жасау және оларды жаңартып отыру;
инвестициялық институттардың қаржылық жағдайын бақылау.
Реттеу процесі алғашқы және қайталамалы нарықтарда жүргізіледі. Алғашқы нарықта мемлекеттік реттеудің міндеті айналымға қаржылық құралдарды шығарғанда және оларды тіркегенде біркелкі талаптарды қолдау. Қайталамалы нарықта мамандандыру туралы куәліктер, сонымен қатар қаржы нарығында қызметті жүргізуге құқық беретін лицензия беріледі және нарықтың кәсіби қатысушыларының аттестациясы жүргізіледі.
Қаржы нарығын реттеудің мақсаттары:
қаржы нарығының барлық қатысушыларының жұмыстары үшін тәртіпті ұстану және оларға жағдай жасау;
қатысушыларды әділетсіз және алаяқ жеке тұлғалардан немесе ұйымдардан қорғау;
сұраныс және ұсыныс негізінде қаржылық құралдарға еркін және ашық баға белгілеу процесін қамтамасыз ету;
кәсіпкерлік үшін ынтасы бар және тәуекелге тиісті сыйақы беретін тиімді қаржы нарығын құру;
қоғамдық мақсаттарға жету үшін нарыққа әсер ету;
жаңа нарықтарды ұйымдастыру, олардың құрылымын, бастауларын қолдау.
Қаржы нарығын реттеудің қағидалары:
эмитенттердің, инвесторлардың, кәсіби қатысушылардың қатынастарды реттеудегі жолдарын бөлу;
барлық ақпараттарды максималды ашу;
бәсекелестікті қамтамасыз ету;
мемлекеттік және мемлекеттік емес органдардың арасында реттеу қызметін оңтайлы бөлу;
заңды және нормативті актілерді жасағанда өкілетті бөлу және жария ету.
Қаржы нарығын реттеу бірнеше тәсілмен жүзеге асырылуы мүмкін. Тәжірибеде оның мынадай түрлерін бөліп көрсетуге болады:
Мақсаттар және тәсілдер көзқарасы бойынша:
сыртқы;
ішкі.
2. Реттеу қай тарап арқылы жүргізілуіне байланысты:
мемлекеттік;
қаржы нарығының кәсіби қатысушылары тарапынан немесе нарықтың өзін- өзі реттеуі;
қоғамдық.
3. Реттеу әдістеріне байланысты:
тікелей, немесе әкімшілік;
жанама, немесе экономикалық.
Сыртқы реттеу нарықтың барлық институттарының қызмет етуін қамтамасыз ететін заңды және нормативті актілердің орындалуына негізделеді. Ішкі реттеу тікелей нарық қатысушысымен қабылданған жеке нормативті құжаттарға жарғыларға, ережелерге негізделеді. Сонымен қатар, макроэкономикалық деңгейде осы елдегі ішкі реттеуде мемлекеттің өзінің барлық заңдары мен нормативтерінің орындалуы, ал сыртқы реттеуде – халықаралық сипаттағы нормативті актілердің орындалуы қажет.
Мемлекеттік реттеу – қаржы нарығында қалыптасатын қатынастарды мемлекеттік билік пен өкілетті органдардың реттеуі. Жекелей алғанда, Қазақстанда оны жүзеге асыратындар: Қазақстан Республикасы Президентінің аппараты, Үкімет, ҚР-сының қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау Агенттігі, Қазақстан Республикасының қаржы Министрлігі, монополияға қарсы саясат жөніндегі Мемлекеттік комитет, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі және т.б.
Мемлекеттік реттеу органдары нарықтың барлық қатысушыларына тікелей бірқатар өкілеттіктерді беру арқылы өзін-өзі реттеу қағидасын қалыптастыруға ұмтылады. Бірақ, мемлекеттің ережелерге және нұсқауларға өзгертулер мен толықтырулар енгізуге құқығы бар.
Өз кезегінде мемлекеттік реттеу оның қызметіне тікелей (әкімшілік реттеу) араласуы немесе нарыққа жанама (экономикалық реттеу) шаралар арқылы әсер етуі мүмкін.
Тікелей реттеу әдістері: қаржы нарығы субъектілерінің қызметіне міндетті талаптарды бекітетін заңды және нормативті актілердің шығарылуы; эмиссиялық бағалы қағаздарды шығаруды тіркеу және ондағы көрсетілген шарттар мен міндеттерді эмитенттердің орындауын бақылау; кәсіби қатысушылардың қызметін, қор биржасын, биржадан тыс нарықта айналыста болатын қаржылық құралдар саудасын бағалайтын және техникалық қамтамасыз ететін ұйымдарды лицензиялау; Қаржы нарығының кәсіби қатысушылар қызметін бақылау және заңнаманы бұзғаны үшін сәйкесінше санкцияны қолдану; Қаржы нарығында заңнаманы бұзатын тұлғаларды табу және жауапкершілікке тарту бойынша шараларды қабылдау, сонымен қатар қаржы нарығы қатысушыларының кәсіби және білім деңгейін жоғарылату бойынша жүйені ұйымдастыру болып табылады.
Қаржы нарығын жанама реттеу мемлекеттің қарамағындағы экономикалық тұтқалар арқылы жүргізіледі. Олар: салық саясаты; ақша саясаты; мемлекеттік капиталдар; мемлекеттің меншігі мен ресурстары; сыртқы экономикалық саясат; сыртқы экономикалық қызмет.
«Бағалы қағаздар нарығы туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік реттеу органдары: бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларының, эмитенттерінің қызметтеріне және олардың стандарттарына міндетті талаптарды бекіту; бағалы эмиссиялық қағаздарды және эмиссиялық проспектілерді шығаруды тіркеу және оларда көрсетілген шарттар мен міндеттерді эмитенттің орындауын бақылау; қаржы нарығының кәсіби қатысушылар қызметін лицензиялау; иелердің құқықтарын қорғау жүйесін құру және қаржы нарығының эмитенттері; кәсіби қатысушылары олардың құқықтарды ұстануын бақылау; лицензиясыз кәсіпкерлік қызметпен айналысатын тұлғалардың қызметін тоқтату және алдын алу, сонымен қатар қаржы нарығы қатысушыларының кәсіби және білім деңгейін жоғарылату бойынша жүйені ұйымдастыру сияқты міндеттерді шешеді.
Кейбір елдерде қаржы нарығын реттеу функциясын көбіне мемлекет және өкілеттіктің аз ғана бөлігін қаржы нарығының біріккен кәсіби қатысушылары орындайды, мысалы, Францияда. Ал басқа елдерде керісінше, өкілеттіктің максималды мүмкін көлемі өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беріледі, ал мемлекет тек бақылап отырады. Бұл жүйе Ұлыбритания мен Жапонияда қалыптасқан.
Өзін-өзі реттеу – бұл нарықтың кәсіби қатысушылар бірлестіктері тарапынан қаржы нарығын реттеу. Ол қаржы нарығы қатысушыларының қызығушылықтарын қорғауға бағытталған, ал кәсіби қызметті жүзеге асырудың міндетті ережелерін, кадрларды кәсіби дайындауда, қаржы нарығындағы қызметі үшін міндетті болып табылатын талаптарды бекітуді өзіне қалдырады.
Қоғамдық реттеу де маңызды рөл атқарады. Ол қоғамдық пікір арқылы реттеу жүргізуді білдіреді.