Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Konaev D.pdf
Скачиваний:
59
Добавлен:
06.02.2016
Размер:
3.41 Mб
Скачать

ПЕРЗЕНТТІК СЫР

Дінмұхамед Ахметұлы жеке басына, өз жұмысының белсенділігі, тазалығы сондай, өзге жандарға да талапты қатты қоя отырып, кадр мәселесінде «жеті өлшеп, бір кесетін». «Талапты қою керек, бірақ дөрекілік болмасын», – деген сөзді мен ол кісіден жиі естуші едім.

Біздің әулеттен, жалпы біздің ағайындар арасынан партия, кеңес жұмыстарына жеке өзімен келіспей қызметке қызметкер алынбаушы еді. Шындығын айтқанда, Димаш Ахметұлы өз тұжырымын өзінің кредосы ғып ұстанды. Бір күні қызық жағдай болды. 80-жылдардың басында Димаш Ахметұлы кезекті сапарнамаға кеткенде бізге онша алыс емес М. деген ағайын Орталық Комитетке жауапты қызметке алынады. Обалы не керек, бар ынтасымен қызметке кіріскенде әлгі кісі бар-жоғы үш-ақ күн жұмыс істеді. Димаш Ахметұлы «сенің қолың емес» деп қуып шығыпты.

1986 жылдың 17 желтоқсан күні үйге келгенімде Димаш Ахметұлы жанын қоярға жер таппай дегбірсізденіп, көңіл-күйі болмай отыр екен.

Ол кісінің қарауытып, беймаза күйге түскенін бірінші рет көргенім еді. Шошып кеттім. Ол әуелі: «Обалына қалатын болды. Бұ не сұмдық? Тасада тұрып тас лақтыртқан кімдер олар?» деп күйінді. Мен сабырға шақырған тұста да сабасына түсе алмай:

– Жастарға жаным ашиды, оларға қиын болады..? азаптың бәрін солар тартады... Оларға түсіндіретін адамның табылмауы қалай екен, ә?.. Мені қойшы, ғайбаттау мен кінараттаудың қандайына болса да дайынмын, халық тұрғанда жала жабылмайды маған, – деді ашулы. Бейбіт демонстрация ақыры қанға боялды. Қуғын сүргін басталды.

Бейне бір Қазақстанда 1937 жылдың зобалаңы қайта туғандай еді. Олардың басты мақсаты: қалайда Димаш Ахметұлынан кінә тауып, оның басына қара аспанды төндіріп, бізде «өзбек ісін» қайталамақшы болды. Аянып та қалмады. Бірақ ұры итше тіміскелегенімен еш нәрсе шығара алмады, аққа күйе жұқпады. Димаш Ахметұлы осы жылдары өзін бірқалыпты ұстады, шыдамдылық көрсетті, ақиқаттың жеңетініне сенді. Сол сенім алдамаған екен.

Өкініштісі сол, 1990 Димаш Ахметұлымен 50 жыл отасқан зайыбы Зуhра Шәріпқызы осы қиянатты көтере алмай о дүниеге озды. «Ауруда – шаншу жаман, сөзде – қаңқу жаман», – деген рас екен.

Бір ғажабы, газет-журналдар түймедейді түйедей етіп, аттанға ұран қосты. Ардан аттаған жазғыштар партияның айдап салуымен өтірікөсекті желдей есіртіп жатқанда мұхиттың арғы жағындағы «Вашингтон пост» газеті мәселенің байыбына барып мақала жазып, қиын-қыстау күндері Димаш Ахметұлына көмекке келді.

Елдар Қонаев

Халықаралық Д.А. Қонаев қорының президенті

141

АЯУЛЫ ЕСІМДІ АРДАҚ ТҰТАМЫЗ

Мұсылман баласы, оның ішінде қазақ – әруақ сыйлаған халық. «Өлі риза болмай тірі байымайды» деген аталы сөз жәйдан-жәй айтылмаған. Ғибраты мол нақыл. Өз басым, отбасым Димаш Ахметұлының есімін айрықша кие тұтады. Халқына қалтқысыз қызмет еткен екі адам болса – cоның бірі, біреу болса – ол Димекең. Заңгер ретінде айтарым: «аға» болып келген орыс «ағайындардың» боданында жүріп Қазақстанды барша әлемге танытып, республиканы экономикалық, мәдени және әлеуметтік жағынан биік дәрежеге көтеру – бұл Димаш Ахметұлындай аса нәзік саясаткер, табиғаты таза ұлтжанды, болым-бітімі бөлек қайраткерлердің ғана қолынан келетін іргелі де игілікті іс. Оған «Ақиқаттан аттауға болмайды» деп аталатын кітабын оқыған кісі анық көз жеткізеді. «Көргісі келмеген – көрсоқыр».

1992 жылдың күзі. Тұңғыш рет Димаш Ахметұлының қасиетті табалдырығынан аттап, пір тұтқан ірі тұлғаның қолын алу бақытына ие болдым. Ол кезде мен ұлттық университетімізде Конституциялық құқық кафедрасын басқаратын едім. Кезінде партия, кеңес және кәсіподақ қызметінде істеген Беделбаев Тоқтамыс ағамыз бастап, Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Сәрсенбинов Шәмші екеуіміз қостап барғанбыз. Көңіліміз алып-ұшып, қысыла-қымтырыла кірдік. Қайын жұртқа ұрын барған күйеу баладай айналамызға иек астынан ұрлана қарап, аяғымызды имене басамыз. Сөйткенше болған жоқ, оң қолтықтағы бөлмеден Димаш Ахметұлының:

Жігіттер, төрлетіңдер! Аяқтарыңды бекер шештіңдер ғой. Қазақ сәлем бермей жатып аяқ киімін шешетін бе еді. Сендер Баукеңе (ұлы қолбасшы Бауыржан Момышұлын айтып отыр – Ө.Қ.) кезікпеген екенсіңдер. Әйтпегенде, жонарқаларыңнан таспа тілетін еді, – деп күліп, ақжарқын көңілмен қарсы алды.

Тоқтамыстың жиендігі бар еді, енді ол кісі де еркін сезіне бастады. Шәмші екеуімізді көтермелей отырып таныстырып шықты.

Бұ жігіттер Нұрмолда Алдабергеновтың ауылынан болды ғой?! Сырттарыңнан білемін. Орталық Комитетте ай қарап отырғанымыз жоқ. Елдің ертеңі кімдер дегенге зер салмасақ, қай салада кімдер өсіп келе жатыр дегенді білмесек – істеген ісің құрдымға кетті дей бер, – деп Димекең әңгімені бір түйіп тастады.

Сөз орайы келген тұста:

Үлкен шаруа үстінде отыр екенсіз, сәтімен болсын! – дедім.

Тәңір жарылқасын. Біз кешегі Жәкеңнің (Жамбыл Жабаев), Кенекемнің (Кенен Әзірбаев), Шашекеңнің (Шашубай), Нартайдың көзін көрдік. Мұқаңмен (Әуезов), Сәбеңмен (Мұқанов), Ғабит пен Ғабиден ағалармен сыйлас болдық. Ілияс Есенберлинмен сырлас едік. Мен араласпаған ақын-жазушы кемде-кем. Біразының шығармаларын оқып, көз майын тауыстық та. Ал жазу өнерінің өз иесі барын және оның

142

салмағы ауыр екенін осы бір естелікті қолға алғалы білдім, – деп «Өтті дәурен осылай» деп аталатын алғашқы кітабының тағдырын баяндап барып:

Мен қай қайдағыны айтып сендердің уақыттарыңды алдым білем. Сыйлы қонақтың бұйымтайын кетерде сұрамас болар. Шаруаларыңды айта отырыңдар, – деді.

Заң факультеті бар колледж ашуды қолға алып жатқанбыз. Бұлдәрежесі жағынан, көтеретін жүгі жағынан институтпен пара-пар білім ордасы. Бір кездері Мәскеу мемлекеттік университетінде істеген Кененов Анатолий Ақашұлы (әкесі қазақ, шешесі орыс) колледждің оқу ісі жөніндегі проректоры Ресейдің бірқатар оқу орындарында болып, сондағы осы тектес колледждердің оқу жоспарын алып қайтқан. Біз ішкі мүмкіндіктерімізді саралап және ұлттық ерекшелігімізді ескере отырып өз оқу жобамызды жасағанбыз. Біз соны Димекеңнің алдына жайып салып.

Осы колледжді Сіздің есіміңізбен атасақ. Соған ықыласыңызды сұрап келіп отырмыз, – дедім.

Димекең алдындағы қағазды бір шолып шықты да. Аз-кем ойланып:

Оқу ісінің бүге-шігесіне дейін білетін өздеріңе сенемін. Бұл бір, екіншіден, колледжді менің есіміммен атау жөніндегі ұсыныстарыңа рахмет! Бұл тосын хабар болып отыр. Оған «ауыл не дейді, ауылнай не дейді» дегендей, ел не дейді, ел иелер не дейді? Соны таразылаңдар. Ортақ пікірге келіп, сондай байлам жасап жатсаңдар менің тарапымнан қарсылық жоқ, – деді.

Келесі жылы 6 ақпан күні осы күнгі Оқушылар сарайында халықаралық Д.А. Қонаев қорының тұсаукесері өтті. Біз шартараптан тілектес көңілмен қалың жұртшылық бас қосқан жиынға колледждің атын халқымыздың ұлы перзентінің есімімен атап, әбден заңдастырып келгенбіз. Димекеңе ел алдында осы қуанышымызды жеткіздім.

Міне, содан бері қанша жыл! Сол жерде Димаш аға: «Ісің өрге бассын десең – өзің тындыр!» деген еді. Аға сөзі ойымнан кетпейді. Жекеменшік оқу орнын студент төлеген ақшамен өлшейтін ағайындар оның мекен-жайын алу, оқу жабдықтарын алу, оқытушылар құрамын анықтау, үміткерлер арасынан талапты жастарды таңдау, оқу процесін жүйелі жүргізу сияқты сан-алуан әрі күрделі жұмыстары барын пайымдай бермейді және оларды жүргізу айтуға ғана оңай, әйтпесе, кесе-көлденеңдейтін қанша проблема бар. Сол кезде Димаш ағаның ақылы алдымнан шығады.

Бір кездегі колледж қазір қабырғалы университет. 1993 жылы жүз шақты жас табалдырықтан аттап еді, 1997 жылы оның алғашқы түлектері үлкен өмірге жолдама алды. Содан бері ондаған азамат бітіріп, тәуелсіз еліміздің қоғамдық өміріне белсене араласып жүр. Жоғары Заң жүйесінде, іргелі кәсіпорындарда, айтулы мекемелерде, ғылым саласында, білім ордаларында Димаш Ахметұлы Қонаев атындағы

143

гуманитарлық университетті бітірген білікті мамандардың қызмет істеп жүргендері бізді мақтаныш сезіміне бөлеп қана қоймайды, әруақ ісін ардақтай түсу жауапкершілігі одан сайын арта беретінін жақсы сезінеміз. Қазір университеттің Астанада, Қарағандыда, Талдықорғанда, Талғарда және басқа да қалаларда филиалдары жұмыс істейді. Үш мыңнан астам студент заң, қаржы, тарих, информатика, бизнес, әлеуметтану және басқа мамандықтары бойынша терең де жан-жақты білім алуда. Жетім-жесірлердің, көп балалы ата-аналардың, қаріпқасірлердің білім іздеп, өнер қуған ұл-қыздары тегін оқытылады. Студенттерге ондаған ғылым докторлары мен кандидаттары, өмір сынынан өткен білікті практик оқытушылар дәріс береді. Университетімізде Заң мамандығының үш бағыты бойынша диссертациялық кеңес жұмыс істейді, ғылымға бет бұрған жастарымыз осы кеңесте ғылым кандидаты дәрежесін қорғау құқығын алады.

Университет ұжымы ұлы ұстаздарымыз, дара тұлғамыз Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың бүгінгі ұрпағының өнегелі де өнерлі, білімді де білікті, кісілікті де кішік болып өсуіне және аталарындай лайықты азамат болып кемелденуіне бар-күш жігерін жұмсап келеді. Димекеңнің атына кір шалдырмау ең басты парызымыз.

Өмірәлі Қопабаев

Д.А. Қонаев атындағы университеттің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор

144

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]