Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Konaev D.pdf
Скачиваний:
57
Добавлен:
06.02.2016
Размер:
3.41 Mб
Скачать

АБЫЗ

Бұл 1990 жылғы күз еді. Жапырақтар енді-енді сарғая бастаған кез. Атақты Мәшhүр Жүсіп Көпейұлының шығармаларының бірінші томы жарық көрген болатын. Ол кезде біраз уақыт бір кабинетте бірге отырып қызмет жасайтын Дияр Қонаевқа: «Дияр, сен үлкен кісіге айтшы (Дінмұхамед Ахметұлын айтып отырмыз), Мәшекеңнің бірінші томы «Ғылым» баспасынан шықты, кітабын оқығысы келе ме екен, оқыса, сенен беріп жіберейін», – дедім. Ол ертесіне: «сізге» өзі келсін, кітабын ала келсін» деді, – деп көңілді тіл қатты. Көп кешікпей Диар екеуіміз Дінмұхамед Ахметұлының үйіне бет түзедік.

Димекең бізді күліп қарсы алды. Бірден төргі бөлмеге өзі бастап алып келді. Үй ішінің төрт қабырғасы кітап секілді көрінді маған, ретретімен әдемі жиналған дүние бір-бірімен үйлесіп, жарастық тауып тұр. Қаншама академик оқымыстылармен араласып жүріп, дәл осындай мол жиналған кітапты көргенім осы. Димекең мынау таңданысымды бірден байқады:

– Өзім атқа мінгелі кітап жинадым, – деді маған ойлы көзімен қарап. Сосын сыпайы ғана: – Отыра ғой, – креслоны нұсқап. Өзі де жайғаса бастады. Қарсы алдымыздағы үстелдің үстінде үш сурет тұр екен, оны енді байқадым, бұлар Димаш ағаның өзі, ортада әз Төле би

және зайыбы Зуhра апай болатын.

Димекең мені бастан-аяқ барлап бір қарап шықты, сол кезде өне бойымнан тоқ шымырлап өткендей болды, әлдебір ағаттық жіберіп алған жоқпын ба деп, өзімді-өзім тежеп ұстауға тырыстым. Сәл үнсіздіктен соң қолымдағы Мәшhүр Жүсіп Көпейұлының бірінші томын ұстаттым. Аса ірі, салалы саусақтарымен кітаптың бетін бір сипады, аузы күбірлеп ішінен бірнәселер айтқандай болды.

Осы аралықта Мәскеу мен Ленинградтағы бір-екі жағдай есіме сап ете қалды. Қазір бәріміз мақтан тұтып, бір сөзін қалдырмай оқитын бес арысымыздың мұрасын жинау үшін Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының айрықша тапсырмасымен сапарда жүргенмін. Кітапханалар мен архивтерде түрлі зиялы қауыммен ұшырасып қалып жүрдік, сонда олар: «Кімсің, қайдан жүрсің, не істеп жүрсің» – деген сияқты сұрақтар қояды. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына байланысты кейбірі бізді ұнатпайды. Қазақ екенімді білгеннен бастап одырая қарайды. Әйтеуір не керек, Дінмұхамед ағаға тиіседі, ол кісі бай, шонжар, ақсүйек деп шаншу сөздермен түйрейді. Содан кейін астанамыздағы әдемі халық музейі мен ел игілігіне күн сайын ашып отырған моншамызға дейін сыбап отырады. Бұл жағынан келгенде, бірінің аузына – бірі түкіріп қойғандай. «Қарашы, – дейді кейбірі», – Қазақстан Ресейге қаншама қарыз, соған қарамай, біздегі жоқ монша оларда бар, біздегі жоқ ғажап музей де Алматыда. Енді біреулері ауыздықсыз ат сияқты айдалаға лағып кетеді...

136

Алайда ұлы жүректі, аса кеңпейіл жанға мұндай ұсақ-түйек әңгімені айтқамыз жоқ, өзін тыңдағымыз келді. Димекең арғы аталарының бірі Бөлтірік би екенін, ол адамның өз уақытында әділ би болғанын, тапқыр шешендігімен қазақ, қырғызды аузына қаратқан қызық-қызық мысалдармен шабыттана толғап кетті. Әу дегенде әңгімені баяу бастап еді, бірте-бірте жай ырғаққа екпін араласқандай, әншейін қарапайым сөзге сөз қосылғандай болды. Атақ-даңқын әлем білетін, дүниенің төрт бұрышын түгел аралаған, қызыр қонып, бақ дарыған, Алланың сүйген пендесі Димекеңнің әр сөзін мұқият тыңдадық. Әңгіменің ретіне қарай Төле би жайлы сұрадық. Димекең сәл үнсіздіктен соң сөз тиегін ағытты.

Иә, Төле биді халық сүйіп, «Үйсін Төле би» деп атаған. Ол кісі жайлы бала күнімде естіген бір аңызды айтайын, – деп үн-түнсіз біраз отырып қалды. «Айтыңыз, айтыңыз», дедік дегбіріміз қалмай.

Димекең аспай-саспай сөйлеп кетті...

Үйсін Төле би жолаушы жүріп кетіп бара жатса, алдынан бір бозбала жігіт шығыпты. Би оған:

Балам, кімсің, қайда барасың? – десе, ол:

Ата, мен бір асқан байдың әулиеге ат атап, қорасанға қой атап жүріп, Алладан жылап-еңіреп әзер дегенде сұрап алған баласы екенмін. Жасымнан не киемін, не ішемін, не мінемін дегенім жоқ, әкенің дәулетін ары да шайқадым, бері де шайқадым, оңға да, солға да шаштым. Бір күні шешем шақырып алып:

Ұлым, бұл қылығың маған мүлдем жақпайды, таусылмайтын дүние болмайды, дәрия да суалады, орман да сирейді, тау да мүжіледі, теңіз де тартылады. Сенің күндіз-түні сауық-сайран салып, қызбозбаланы жинап құрған думаның ел-жұрт, ағайын туысың былай тұрсын, тіпті әкеңе де ұнамайды, бұл райыңнан қайт, – деді. Мен:

Жарайды, жарайды, – деймін де, сол баяғы әуеніме қайта басамын. Сол бір ырду мен дырдуым таусылған жоқ, күн санап күшейе түсті. Бірде шешем маған жылап келді:

Әкең қатты ашулы, ол маған: «Біздің бала тәуір бала болмады, өзі білмеді, білгеннің тілін алмады. Менің төрімнен көрім жақын, көзімнің тірісінде дүние-мүлік, малымды жоқ-жітік, жетім-жесір, қарыпқасерлерге қылдай бөліп беремін», – деді. Сен мына екі қоржынға алтын-күмісті алдағы елді арала, мүмкін сыртта жүрсең, есейіп ес жиярсың, – деп менімен қоштасып қала берді. Енді осы қанжығамды асыл тастарыма ақыл сатып алсам ба деп кетіп бара жатырмын, ата, – дейді.

Төле би ауыр күрсініп:

Әй балам-ай, ақыл еш жерде, ешқашан да сатылған емес, сатылмайды да, дегенмен мен саған үш ақыл айтайын, көкейіңе құйып ал, – дейді. Бала бұл сәтте дегбірі қалмай: – Ата, айтыңыз, – деп өтініш жасайды. Төле би омырауын жапқан аппақ сақалын салалы қолдарымен салалап сөйлеп кетті:

137

Бірінші, кездескен кісінің атын сұрап ал, ата-бабамыз «жүздің түсін танығанша, бірдің атын біл» деп бекер айтпаған, екінші қонаққа барғанда отырған орныңды ешкімге беруші болма, үшінші алмас кездік, асыл пышақ, қанжарың болса, көпшілік орнында жасырын сақта, көп көзіне көрсете көрме, – дейді. Бай баласы:

Құп ата, жақсы, айтқаныңызды көкейіме құйдым, түйдім, – дейді Төле биге шын риза болып. Содан екі жолаушы бірнеше бел-белестен өтеді, шаршап шалдығады. Төле би тұрып жолсерігіне:

Бүгін біраз жол жүрдік, ат арығандай, өзіміз шаршағандаймыз. Екеуіміз бірдей сабылмай-ақ қояйық, сен анау көрінген ауылдан «бізді қондыр» деп сұра, – дейді. Бала бірден келісіп: – Мақұл, ата, – деп аттың басын ауылға бұрып шаба жөнеледі. Барған бойда:

Алыстан ат арылтып келе жатқан жолаушы едік, бір емес, екі адамбыз, ауылдарыңызға түнеп шықсақ деп едік, – депті. Ауыл иесі ақсақал:

Балам, өзімізде де бір топ мейман бар, үй таршылық, айып ете көрме, депті бір түрлі ыңғайсызданып, самайын қасып. Бала Төле биге келіп істің мән-жайын айтады.

Ой, балам-ай, болмаған екен, болмаған екен. Енді сен ана ауылға бар, – деп басқа бір тұсты меңзейді. Жазған құлда шаршау бар ма, «жарайды, ата», – деп тағы да шауып ала жөнеледі. Сүт пісірімдей уақыт өтер-өтпестен жетіп келіп, баяғы жауабын қайталайды:

Бізді бұл ауылдың да қондыратын сыңайы көрінбейді, енді қайтеміз, – дейді әбіржіген бозбала.

Төле би:

Енді алдыңғы жаққа бар, сол елге айт: «Үйсін Төле би келе жатыр, қонуға пұрсат бер де», – деп серігін жөнелтіп жібереді. Бала жөнеп береді. Жолда кездескен ауылға әлгіндей айт деген сөздің бір түйірін де қалдырмай жеткізеді. Ауыл иесі тіпті ерекше қуанып, жүзі нұрланып:

Рас Үйсін Төле би біздің елге мейман болып келе жатса, құдай көктен сұрағанды жерден берді ғой, елдің ұйытқысы, абзал жанды аяғымызбен емес, төбемізбен күтеміз, – деп құрметті қонақтардың алдынан бір емес, екі кісі шаптырыпты. Тез арада мал сойылып, қазан көтеріліп, бүкіл ауыл абыр-сабыр болады.

Алты қанат ақ орданың төрінде төрт қабаттап салынған көрпенің үстінде ел тағдырын жатпай-тұрмай ойлайтын, күндіз рахаттанып күліп, түнде мейірі қанып ұйықтамайтын елдің әз Төле биі отыр. Қасында бірге келген жолаушы бала: «Әз аға, келді» деп жұрт ағылып бірінен соң бірі келуде. Әуелінде төрдің қақ төбесінде Төле бидің оң тізесін ала отырған жас түлек орнын үлкендерге босата-босата, босаға жақтан бірақ шығады.

Есік жақтан табақ көтерген бірнеше бозбала жігіттер бата сұрап қолын жайды, би:

Аллаға жағамын десеңдер,

Азанды болыңыздар.

138

Халыққа жағамын десеңіздер, Қазанды болыңыздар. Аллау-акбар, –

деп айтар сөзін қысқа қайырыпты. Есік жақтағылардың алдына да ет қойылады. Осы кезде жолаушы бала қойнынан сабы алтын, басы күміс қанжарын шығарып, ет турай бастайды. Енді жұрттың көзі табақтан ауып, қанжарға түсті. Әп-сәтте апа-сапа болып ет желініп бітті кісілер батадан кейін қол шайып, сыртқа беттей бергенде, бүйрек бет, қарны кебежедей қара жігіт әлгі қанжарға жармасты:

Бұл менің ұстаға әдейі соқтырған асыл дүнием еді, сен ұры екенсің, қайдан алдың, – деп болмайды. Жолаушы болса:

Ағатай, әкемнің маған арнайы ұстаға соқтырған қанжары еді, жала жаба көрмеңіз, – деп қолды-аяққа тұрмай шырылдап безек қақты. Ақыры жауыз жігіт зорлық жасап бермей кетті...

Ел аяғы басылды, жұрт үйді үйіне тарасты. Жұмыртқадай ақ боз үйде әз Төле би мен бала ғана қалды. «Ата, – деді бала, – ата, менің қанжарымды

бір еңгезердей дәу кісі бермей алып қалды. Әкем ұрысатын болы, енді қайттім, қандай амал жасаймын бұған».

Иә, балам, – деді салмақты үн қатып Төле би. Мен саған үш ғибратты сөз айттым, бірінші, кездескен адамның аты-жөнін сұра дедім, сен қасыңа ерген менің аты-жөнімді сұрауға жарамадың, екінші, отырған орныңнан қозғалма дедім, мейман болсаң да, босағада отыруға мәжбүр болдың, үшінші қалың топтың ішінде асыл затыңды шығарма дедім. Сен осыларды тыңдадың ба?

Жоқ, ата, ататай, есімнен шығып кетіпті, жат жер, бөтен ортада абдырып қалдым.

Әй, балам-ай! Алланың өзі сабырлыларды жақсы көреді деген ғой. Құранда, асығыстық – сайтанның ісі. Басыңа қандай ауырлық түссе де, тастай салмақты, темірдей қатты бол, майысушы болма, ата-бабамыз: «сабыр түбі – сары алтын» деп тектен –текке айтпаған ғой.

Жер бетінде неше түрлі адам баласы бар, халқымыздың: «Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында», – дейтіні содан.

Сенің қанжарыңды алған қаншама жауыз болғанымен ертең ол маған жүгініске келмей кете алмайды. Сонда сен айт: «бұл қанжарды мен біреулер өлтіріп кеткен нағашымның кеудесінен алғанмын, біраз уақыттан бері иесін іздеп таба алмай жүр едім, енді, міне құныкерім табылды деп жылай бер», – депті Төле би жарықтық.

Ертесі Төле би атамыздың айтқанындай болыпты, бала қанжарын алып, даукес жігітке Төле би тоғыз айтып салыпты, – деп Димекең әңгімесін бітіріп бізге күле қарады. Содан кейін:

Сендер қалай қарайсыңдар, мұндай тапқырлықты Төле би қайдан үйренген? – деді.

Димаш ағаның өзі сөйлеп кетті:

139

– Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке сияқты жандардың іші ақшуақ, олардың сөздерінде де, істерінде де иненің жасуындай кірбің жоқ, өтірік-өсек дегенді атымен білген емес. Күндіз-түні ойлайтыны – халықтың қамы, ел бүтіндігі, жұрт тыныштығы, – депті ғой. Бір асылды бір асылдың қадіріне жетіп бағалауы бұдан артық болсын ба?! Сәлден соң Димаш аға: «Әз Төле би секілді тұлғалар мәңгі бізбен бірге жасай бермек», – деді салмақпен креслодан көтеріліп. Біз көпті көріп, көп жасаған абыз ағаның егіліп-төгіліп айтқан сөздерін іштей қуаттап, орнымыздан тұрдық.

Сәрсенбі Дәуітұлы

филология ғылымдарының докторы, ақын

140

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]