Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

Прокуратура / namefix-2

.docx
Скачиваний:
15
Добавлен:
05.02.2016
Размер:
43.36 Кб
Скачать

10 тақырып. Атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалау

1. Прокурордық қылмыстық жазаны орындауда заңдылықтың сақталуын қадағалау кезіндегі өкілеттіктері.

2. Прокурордың азаматтық, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша сот актілерінің, өзге де органдар қаулыларының негізінде берілетін атқарушылық құжаттарды орындау кезіндегі өкілеттіктері.

1. Атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалау – прокуратураның конституциялық атқарымдарының бірі болып табылады. Атап айтқанда, Конституцияның 83-бабы 1-тармағына сәйкес прокуратура мемлекет атынан Республиканың аумағында атқарушылық (орындаушылық) іс жүргізудің заңдылығын жоғары қадағалайды.

Бұл саладағы прокурорлық қадағалаудың мазмұны мен мәнi «Прокуратура туралы» Заңның 43-бабында көзделген. Оған сәйкес прокурор:

1) сот тағайындаған жазалау мен мәжбүр ету сипатындағы өзге де шаралардың атқарылуы кезiнде адамдардың бас бостандығынан айыру орындарында болуының заңдылығын;

2) аталған мекемелерде сотталған адамдарды ұстаудың заңда белгiленген тәртiбі мен шарттарының сақталуын, олардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын;

3) бас бостандығынан айыруға қатыссыз жазаларды атқарудың заңдылығын;

4) азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша сот актілерін атқару заңдылығына қадағалауды жүзеге асырады.

Осы Заңның келесі 44-бабына прокурордың атқарушылық iс жүргiзудiң заңдылығын қамтамасыз ету жөніндегі өкiлеттiктерi көзделген. Оған сәйкес прокурор өз құзыретi шегiнде:

1) адамның құқықтары, күзетпен ұсталатындар мен сотталғандарға ізгілікпен қарау туралы Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдары мен халықаралық шарттарының дәлме-дәл және біркелкі қолданылуын талап етуге;

2) азаматтың, мемлекеттiң құқықтары мен мүдделерiн қорғау бойынша, сондай-ақ прокурордың талабы мен өтiнiштерi бойынша атқарушылық iстер жүргiзiлуiн талап етуге және тексеруге;

3) сот тағайындаған жазалау және мәжбүр ету сипатындағы өзге де шараларды атқарушы бас бостандығынан айыру орындары мен мекемелерiнде тексеру мақсатымен кез келген уақытта болуға;

4) ұстап алынғандардан, күзетпен ұсталатындардан, сотталғандардан және мәжбүрлеу сипатындағы шаралар қолданылатын адамдардан жауап алуға;

5) адамдарды ұстап алуға, күзетпен ұстауға, олардың жазасын өтеуіне, сондай-ақ мәжбүрлеу сипатындағы өзге де шаралар қолдануға негіз болған құжаттарды талап етуге;

6) мәжбүр ету шараларын атқарушы бас бостандығынан айыру орындарында немесе мекемелерiнде заңсыз отырған әрбiр адамды өз қаулысымен дереу босатуға;       7) бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан адамдарға заңды бұза отырып, қолданылған тәртiптiк шаралардың күшiн жоюға, оларды өз қаулысымен айыптық изолятордан, камералық үлгiдегi орындардан немесе карцерден қамаудан босатуға;

8) заңда белгiленген жағдайларда жазалауды атқарушы мекемелер әкiмшiлiгiнiң актiлерiн санкциялауға хақылы.

Енді осы аталған нормаларды талдап көрейік.

«Прокуратура туралы» Заң атқарушылық іс жүргізуді бір тұтас сала ретінде анықтағанымен, бұл сала екі үлкен бағытқа бөлінеді. Олар:

1) қылмыстық істер бойынша сот актілерін орындау (атқару);

2) азаматтық, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша сот актілерінің, өзге де органдар қаулыларының негізінде берілетін атқарушылық құжаттарды орындау (атқару).

Екі бағыт та өте көлемді және күрделі, оның әрқайсысын бөлек заңнама реттейді, оларды жүзеге асыратын бөлек мемлекеттік органдар, олардың өкілеттіктері де бір біріне ұқсамайды. Сондықтан әр бағытта қадағалаудың жүзеге асыру тәртіптері әр түрлі, және оларды реттейтін Бас Прокурордың екі бөлек нұсқаулықтары бар.

Бірінші бағытқа келмек болсақ, ең алдымен айта кететін жайт – ол еліміздің жаңа Қылмыстық-атқару кодексінің қабылдануы (бұдан әрі ҚАК). Ол 2014 жылы 5 шілдеде қабылданған және 2015 жылдан бастап негізінен қолданысқа енгізілді.

Осы кодекстің 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы қылмыстық-атқару заңнамасының мақсаттары әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру, сотталғандарды түзеу, сотталғандардың да және өзге адамдардың да жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу болып табылады.

Көрсетілген мақсаттарға сәйкес ҚР қылмыстық-атқару заңнамасының міндеттері:

1) жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындаудың және өтеудің тәртібі мен шарттарын реттеу;

2) сотталғандарды түзеу құралдарын айқындау;

3) сотталғандардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау;

4) сотталғандардың әлеуметтік бейімделуіне көмек көрсету, - болып табылады.

Аталмыш міндеттерді орындау кезінде жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындау тән зардабын шектіруді немесе адами қадір-қасиетті қорлауды мақсат етпейді.

Тұлғаның қоғамдық қауіптілігіне және жасалған қылмыстың ауырлығына сәйкес сот жазаның және мәжбүрлеу сипатындағы шаралардың әр түрлерін тағайындайды.

Бас бостандығынан айырылған тұлғалар жазаны ІІМ-нің түзеу мекемелерінде өтейді. Сондай-ақ, қамаққа алынған тұлғалар ІІМ мен ҰҚК-нің тергеу изоляторларында ұсталады. Аталмыш министрліктің осы салада қызмет ететін ведомствосы – ол ІІМ-нің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті және оның жергілікті органдары.

Осы жоғарыда айтылғанның негізінде аталмыш бағыттағы прокурорлық қадағалаудың пәні сотталғандардың түзеу мекемелерінде, тергеу изоляторларында ұсталуының және болуының заңдылығы, сотталғандардың заңнамамен көзделген бостандықтарының, құқықтарының және міндеттерінің сақталуы, бас бостандығынан айырудан тыс жазалардың орындалуының заңдылығы болып табылады.

Бұл салада қадағалауды ұйымдастыру және жүзеге асыру мәселелері Бас Прокурордың 2015 жылғы 6 қаңтардағы №7 бұйрығымен бекітілген Жазаны орындау, арнайы мекемелерде адамдарды ұстау және бас бостандығынан айыру орындарынан босағандарға бақылау жүргізу кезінде заңдылықтың сақталуына прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықпен реттеледі (бұдан әрі 7-нұсқаулық). Аталмыш бұйрық ҚР Әділет министрлігінде 2015 жылы 7 ақпанда №10202 тіркелді.

Нұсқаулықтың атауына сәйкес ол тек қана қылмыстық жазаларды орындау ғана емес, ұсталған, қамауға алынған тұлғаларды тиісті мекемелерде ұстау және босатылған тұлғаларға бақылау жүргізу кезіндегі заңдылықты қадағалауды ұйымдастыру тәртібін белгілейді.

Қадағалау қызметін жүзеге асырарда прокурорлар қадағалаудағы объектілердің әкімшілігінің ұйымдастырушылық-өкімдік және шаруашылық қызметіне кіріспеуі тиіс.

Аталмыш объектілердің түрлері ҚАК-нің 89-бабында көрсетілген. Оған сәйкес мекемелер: 1) қауіпсіздігі барынша төмен мекемелер (оларда абайсызда жасаған қылмыстары үшiн бас бостандығынан айыруға сотталғандар және қасақана қылмыс жасағаны үшiн жазасын колония-қоныстарда өтеумен, бiр жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталғандар, сондай-ақ орташа қауіпсіз және қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерден ауыстырылған сотталғандар жазасын өтейді); 2) орташа қауіпсіз мекемелер (оларда онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қасақана қылмыстар және ауыр қылмыстар жасағаны үшiн, жазасын жалпы режимдегі түзеу колонияларында өтеумен, бiр жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталғандар, сондай-ақ қоғамдық жұмыстарға тарту, түзеу жұмыстары немесе бас бостандығын шектеу бас бостандығынан айырумен ауыстырылғандар жазасын өтейдi); 3) кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемелер (оларда бас бостандығынан айыруға сотталған кәмелетке толмағандар, сондай-ақ мекемеде кемінде бір жыл болу шартымен, кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемелерде жиырма бір жасқа толғанға дейiн қалдырылған сотталғандар жазасын өтейдi); 4) қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелер (оларда аса ауыр қылмыстар жасағаны үшiн бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған, сондай-ақ егер сотталған адам бұрын бас бостандығынан айыруды өтеген болса, қылмыстары қайталанған кезде ерлер және қылмыстарының қауіпті қайталануы кезінде бас бостандығынан айыруға сотталған әйелдер жазасын өтейдi); 5) төтенше қауіпсіз мекемелер (оларда қылмыстар қауiптi қайталанған кезде, жазасын ерекше режимдегі түзеу колонияларында өтеумен өмiр бойына бас бостандығынан айыруға сотталған ерлер, сондай-ақ өлiм жазасы түрiндегi жазасы кешiрiм жасау тәртiбiмен бас бостандығынан айырумен ауыстырылған сотталғандар жазасын өтейдi); 6) толық қауіпсіз мекемелер (оларда аса ауыр қылмыстар жасағаны үшiн, қылмыстар қауiптi қайталанған кезде жазасын түрмеде өтеумен бес жылдан астам мерзiмге сотталған, сондай-ақ мекемелерден ауыстырылған жазаны өтеудің белгiленген тәртiбiн қаскөйлікпен бұзушы және (немесе) осы Кодекстiң 88-бабы төртінші бөлігінің 4) тармақшасына сәйкес жiберiлген адамдар жазасын өтейдi, сондай-ақ өлiм жазасын орындауға мораторий енгiзiлгенге дейiн немесе мораторий қолданылған уақытта өздерiне қатысты өлiм жазасы туралы үкiм күшiне енген адамдар ұсталады); 7) қауіпсіздігі аралас мекемелер болып бөлінеді (оларға 1) сотталғандарды әртүрлі режим түрлерімен ұстауға арналған мекемелер; 2) бас бостандығынан айыруға сотталған не шаруашылық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды орындау үшін қалдырылған не осы Кодекстің 88-бабы төртінші бөлігінің 4) тармақшасына сәйкес мекемелерден келген адамдарды ұстау үшін пайдаланылатын тергеу изоляторлары жатады), - болып бөлінеді.

7-нұсқаулықтың 4-тармағында осы Нұсқаулықта қолданылатын негізгі ұғымдар мен шартты белгілер берілген.

Мысалы, арнайы қабылдауыш деп әкімшілік қамауға тартылған адамдарды қабылдауға және ұстауға арналған ішкі істер органдарының арнайы мекемесін айтады; арнайы мекеме деп ІІМ мен ҰҚК тергеу изоляторлары, уақытша ұстау изоляторы, арнайы қабылдағыштар аталады; айыптылық бөлмелер деп бір адамдық камера, тәртiптiк изоляторлар аталады; әкімшілік қамалған деп сотпен әкімшілік қамауға алу қолданылған адам және т.б.

Арнайы және қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінің, пробация қызметтерінің, ІІМ қоғамдық қауіпсіздік бөлімшелерінің (бұдан әрі ҚҚБ) қызметіндегі заңдылықтың жағдайын тексеру жұмыс жоспарына сәйкес Бас және облыстық прокуратуралардың тапсырыстары мен тапсырмалары, төтенше жағдайлардың деректері, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар, заңды және жеке тұлғалардың өтініштері бойынша тексеру тағайындау туралы қаулының негізінде жүргізіледі.

Прокурор өз құзыреті шегінде заңдылықтың, ұсталғандардың, әкімшілік қамауға және күзетпен қамауға алынғандардың, сотталғандардың құқықтары мен заңды мүдделерінің анық бұзылуына дереу ықпал ету мақсатында тәуліктің кез-келген уақытында ІІО ҚҚБ-нің, пробация қызметтерінің, арнайы және қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерін тексеруге құқылы. Қажетті кезде тексерулерге мамандар тартылады.

Тексеру нәтижелері анықтама немесе акті түрінде ресімделеді, онда тексерудің жүргізілген орны мен уақыты, тексерушінің лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты, анықталған заң бұзушылықтар, жұмыстағы кемшіліктер мен олқылықтар, осыған әсер еткен себептер мен салдарлар, тексеру нәтижелерін іске асырудың ұсынылып отырған нұсқалары, оларды жоюдың жолдары мен тәсілдері көрсетіледі.

7-нұсқаулықта прокуратура органдарының әрбір деңгейінде осы саладағы қызметті ұйымдастыру тәртібі көрсетілген және Бас прокуратура мен төменгі прокуратуралардың қызметі жіктелген.

Мысалы, облыс прокурорлары және олардың орынбасарлары:

1) ұсталған, арнайы мекемелерге орналастырылған, қылмыстық жазаны өтеуші, жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған (бұдан әрі – МБШБ) және әкімшілік қадағалаудағы адамдардың құқықтарының сақталуына қадағалауды ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;

2) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің және арнайы мекемелерінің кешенді тексерулеріне қатысады. Көрсетілген тексерулерді жүргізу барысында ұсталғандарды, әкімшілік қамауға және күзетпен қамауға алынғандарды, сотталғандарды, «Еңбек» РМК-ның қызметкерлері мен жұмысшыларын жеке сұрақтары бойынша қабылдайды;

3) арнайы және қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде қызметкерлердің ұсталғандарға, күзетпен қамауға алынғандарға және сотталғандарға азаптау, рұқсат етілмеген ықпал ету шараларын, арнаулы құралдарды қолдану фактілері бойынша уақытында шара қабылдау қамтамасыз етеді;       4) ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушыларының қызметіне көмек көрсетеді;

5) аумақтық ҚАЖ мекемесінің басшысынан ерекше жағдайлар режимін енгізуге келісуге сұраныс түскен жағдайда ол туралы дереу (бір сағат ішінде) Департамент басшыларына телефон арқылы немесе байланыстың басқа түрімен хабарлауға міндетті (7-нұсқаулықтың 16-тармағы).

Облыс прокурорларының көмекшілері, басқарма қызметкерлері:

1) ҚАЖ комитеті департаменттерінің, «Еңбек» РМК, арнайы және қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінің (мұндай өкілеттік облыс прокурорының өкімімен жүктелген жағдайда) қызметіндегі заңдылыққа, Ішкі істер департаментінің – арнайы мекемелерінде заңдардың, МБШБ және әкімшілік қадағалаудағы адамдарға бақылауды жүзеге асыру заңнамасының орындалуына, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ТИ заңдардың орындалуына, сондай-ақ саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заңнамалардың қолданылуына қадағалауды жүзеге асырады;

2) облыс прокуратурасының жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау бөлімшесімен келісіп, арнайы және қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде жүргізілетін жедел-іздестіру іс-шараларының заңдылығын тексереді;

3) осы Нұсқаулықтың 32-56 тармақтарының орындалуы бойынша қалалық және аудандық прокурорлардың қызметіне тікелей бақылауды жүзеге асырады. Жазаны орындау, арнайы мекемелерде адамдарды ұстау және бас бостандығынан айыру орындарынан босағандарға бақылау жүргізу кезінде заңдылықтың сақталуына прокурорлық қадағалауды қамтамасыз етуде қалалық және аудандық прокурорларға ұйымдастырушылық және әдістемелік көмек көрсетеді, облыстық және оларға теңестірілген прокуратураларда машықтану және оқыту жүргізеді;

4) тұрақты түрде қоғамдық бақылау комиссияларымен, сонымен қатар ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларымен өзара іс-қимыл жасап, ұсталған, қамауға алынған және қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде жазаны өтеуші адамдардың құқықтарының сақталуы мәселесі бойынша бірлескен іс-шаралар жоспарлайды;

5) арнайы және қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелеріндегі ұсталған тұлғалардың құқықтарының бұзылғандығы туралы қоғамдық бақылау комиссиясы мүшелерінің және ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларының барлық өтініштері бойынша кідірмей тексерулер жүргізеді. Заңның бұзылуы анықталған жағдайда кінәлі лауазымды тұлғаларға қатысты прокурорлық ықпал ету шараларын қолданады.

6) жаза орындайтын мекемелер мен органдарда орнатылған арнайы пошта жәшіктерінен сотталғандардың келіп түсетін өтініштері бойынша тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі (19-тармақ).

Арнайы және қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде, әкімшілік қамауға және күзетпен қамауға алынғандарға, сотталғандарға азаптаулардың, рұқсат етілмеген ықпал ету шаралары мен арнаулы құралдардың негізсіз қолданылғаны туралы хабарламалар немесе арыздар келіп түскен кезде, оларды тексеру, соның ішінде осы арызды немесе хабарламаны кейінен Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркеу арқылы дербес немесе прокурор, қылмыстық қудалау органдарымен қамтамасыз етіледі.

Ұсталғандарға, әкімшілік қамауға және күзетпен қамауға алынғандарға, сотталғандарға арнайы құралдарды негізсіз қолдану фактісі бойынша қорытынды шығарылып, облыс прокурорының жетекшілік ететін орынбасары бекітеді. Қорытындыда арнайы құралдардың қолданылу орны, уақыты және қолданылу мән-жайлары, сондай-ақ оларды қолданған қызметкерлер туралы деректер, арнайы құралдардың қолданылуын реттейтін нормативтік құқықтық актілерге сілтеме көрсетіледі. Қорытындының резолютивтік бөлігінде арнайы құралдарды қолданудың заңдылығы немесе заңдылықты бұзушылығы туралы тұжырым көрсетіледі. Қорытындыға растайтын материалдар қоса тіркеледі.

Прокурорлар айына кемінде бір рет облыс орталықтарында орналасқан ТИ, УҰИ және арнайы қабылдағыштарда заңдылықтың сақталуы жағдайына тексерулер жүргізеді. Адамның қамауда заңсыз отырғаны анықталған кезде оны дереу босатуға шаралар қабылдайды.

Әр апта сайын ҚАЖ мекемелерінде және ТИ орнатылған арнайы пошта жәшіктерінен жаза өтейтін мекеменің немесе органның әкімшілік өкілінің қатысуымен сотталғандардың өтініштері алынуы тиіс.

Сонымен қатар, осы Нұсқаулықта ҚАЖ-і және ҰҚК-нің тергеу изоляторларында нақты тексерілуге жататын жағдайлар мен анықталатын мәселелер туралы ерекше айтылған.

Нұсқаулықтың 32-тармағында аудандық (қалалық) прокурорлардың құзіретіне кіретін мәселелер қарастырылған. Олар:

1) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде, УҰИ, арнайы қабылдағыштардың қызметіндегі заңдылыққа, қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес қылмыстық жазалардың, өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларының атқарылуы заңдылығына, МБШБ және әкімшілік қадағалаудағы адамдарды бақылау тәртібі заңнамасының, ақталған азаматтарға ақшалай өтемақыларды төлеуді және оларға жеңілдіктерді беруді реттейтін заңдардың сақталуына қадағалауды жүзеге асыру;

2) қызметкерлердің ұсталғандарға немесе әкімшілік қамауға және күзетпен қамауға алынғандарға, сотталғандарға арнаулы құралдар мен күш қолдануы туралы ақпарат оқиға орнына барып, арнайы қабылдағыштар мен қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелері әкімшіліктерінің іс-әрекеттерінің заңдылығы мен негізділігін қалалық және аудандық прокурорлар бекіткен қорытынды жасау жолымен тексеру.

Қорытынды облыс прокурорының жетекшілік ететін орынбасары бекітілген қорытындылардың талаптарынан басқа осы Нұсқаулықтың 20-тармағында көрсетілгендей тәртіп бойынша әзірленеді.       Арнайы немесе қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде азаптаулардың, рұқсат етілмеген ықпал ету шараларының қолданылғаны туралы мәліметтер бар болғанда немесе өтініштер келіп түскен кезде, тексеру азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерi туралы өтініштердің тексеру тәртібін сотқа дейінгі тергеп-тексерулерге негіз болатын жағдайда Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркеліп жүзеге асырылады;

3) ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының қызметіне көмек беру бойынша шаралар қабылдайды, олардың құқықтарының бұзылу деректері бойынша қолданыстағы заңдарға сәйкес кідіртпей тексеру жүргізу.

Тексеру нәтижесі бойынша негізділігі бар болған жағдайда кідірмей, үш жұмыс күні ішінде алдын алу тетігінің баруына жатқызылған қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінің және өзге де ұйымдардың кінәлі лауазымды тұлғаларына қатысты құжаттар жинақталады және сотқа жолданады;       4) ұсталған, қамауға алынған және түзеу мекемелерінде жазаны өтеуші адамдардың құқықтарының сақталу мәселесі бойынша қоғамдық бақылау комиссияларымен, сонымен қатар ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының үнемі қарым-қатынаста болып, бірлескен іс-шаралар жоспарлау.

ҚАЖ органдарының және қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелеріндегі ұсталған тұлғалардың құқықтарының бұзылғандығы туралы қоғамдық бақылау комиссиясы мүшелерінің, сондай-ақ ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының өтініштері бойынша кідірмей тексерулер жүргізу;       5) әр апта сайын ҚАЖ мекемелерінде және ТИ орнатылған арнайы пошта жәшіктерінен жаза өтейтін мекеменің немесе органның әкімшілік өкілінің қатысуымен сотталғандардың өтініштерін алу. Бұл өтініштердің әрі қарай қаралуы жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

Аталмыш ҚАЖ-нің объектілерімен қатар, 7-нұсқаулықтың 50-тармағына сәйкес прокурорлар кемінде жарты жылда бір рет пробация қызметіндегі заңдылықтың жағдайын тексереді.

Тексеру кезінде келесі мәселелерге назар аударылады: 1) есепке алынған адамдарға қатысты бақылау істерінің уақытында ашылуына; 2) бақылау істерінің құрастырылуы мен есепке алынған адамдарға бақылаудың жүзеге асырылуы тәртібін реттейтін ведомстволық бұйрықтар мен нұсқаулықтардың орындалуының жағдайына; 3) ішкі істер органдарымен бірлесіп, есепке алынған адамдарға бақылаудың жүзеге асырылуы тәртібін реттейтін ведомстволық бұйрықтар мен нұсқаулықтардың орындалуының жағдайына; 4) есепке алынған адамдардың тұрғылықты жері бойынша болмауының уақытында анықталуына және оларға іздестіру жариялау шараларының қабылдануына; 5) жазаны өтеуден қасақана жалтарған және бақылаудан жасырынған есепке алынған адамдарға тиісті шаралардың қабылдануына; 6) есепке алынған адамдардың арасындағы қылмыстың қайталануы мен құқық бұзушылыққа қарсы күрес жұмыстарының жағдайына; 7) есепке алынғандардың қоғамдық және түзеу жұмыстарына нақты тартылуына; 8) уәкілетті мемлекеттік, сондай-ақ атқарушылық органдардың тарапынан есепке алынған адамдардың жүріс-тұрысына және оларға әлеуметтік көмек көрсетілуіне пробациялық бақылаудың жүзеге асырылуы тәртібіне; 9) электрондық білезіктерді қолдану кезіндегі заңдылықтың жағдайына.

Кемінде жарты жылда бір рет ІІО ҚҚБ-нің қызметіндегі заңдылықтың жағдайына тексеру жүргізіліп, соның барысында келесі мәселелерге назар аударылады: 1) МБШБ босатылған адамдарға бақылауды жүзеге асыру кезінде заңдылықтың жағдайына; 2) МБШБ босатылғандарға қатысты уақытында бақылау істерінің ашылуы мен профилактикалық есепке алынуына; 3) МБШБ босатылған адамдардың тұрғылықты жеріне келуі мен есепке алынуы туралы ҚАЖ органдарының хабардар етілуіне; 4) МБШБ босатылғандарға бақылаудың жүзеге асырылуы тәртібін реттейтін Ішкі істер министрлігінің бұйрықтары мен нұсқаулықтарының орындалу жағдайына; 5) соттың оларға жүктеген міндеттері бойынша шектеу мерзімдері белгіленуінің сақталуына; 6) бірнеше рет әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жазаға тартылған немесе міндеттерін атқарудан қасақана жалтарған МБШБ босатылған адамдарға қатысты тиісті шаралардың қабылдануына; 7) МБШБ босатылған адамдардың қылмыстық құқық бұзушылықтардың жасауын алдын алу бойынша шаралардың толық қабылдануына; 8) «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкімшілік қадағалау туралы» Заңының, әкімшілік қадағалаудағы адамдарға бақылаудың жүзеге асырылуының тәртібін реттейтін ІІМ бұйрықтары мен нұсқаулықтарының орындалуы кезінде заңдылықтың сақталуына; 9) қадағалауда жүрген адамның уақытында профилактикалық есепке алынуына және әкімшілік қадағалауды белгілеу туралы қаулы келіп түскен түзеу мекемесіне бұл туралы хабардар етілуіне; 10) қадағалауда жүрген адамның таңдаған тұрғылықты жеріне белгіленген мерзімде келмеген жағдайда тиісті шаралардың қабылдануына; 11) қадағалауда жүрген адамдарға қатысты қолданылатын шектеулердің белгіленуінің заңдылығына; 12) қадағалауда жүрген адамдардың қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауын алдын алу бойынша шаралардың толық қабылдануына; 13) қадағалауда жүрген адамдардың әкімшілік жауапкершілікке тартылуының заңдылығына; 14) қадағалауда жүрген адамдарға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталу кезеңінде шаралардың уақытында қабылдануына; 15) бақылаудағы істердің уақытында тоқтатылуына.

Бұл тақырыпты талдау кезінде «жалпы алдын алу тетігі» деген ұғым қолданылады. Бұл ұғымның мәні неде?

Ең алдымен Қазақстан Республикасының Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерiне қарсы конвенцияға қосылғанын умытпау керек. Бұл оқиға 1998 жылғы 29 маусымдағы Заңмен бекітілген. Аталмыш Конвенция БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 1984 жылғы 10 желтоқсанда 39/46 Қарарымен қабылданған.

Сонымен қатар, Қазақстан аталмыш Конвенцияның екі факультативтік хаттамасына (26.06.2008) қосылған.

Бұл хаттамалардың мақсаты – ол тәуелсіз ұлттық және халықаралық органдармен бас бостандығынан айрылған адамдар ұсталатын орындарға азаптаулар мен басқа қатыгездік, адамгершілікке жат немесе намысты қорлайтын жазалардың түрлерін алдын алу үшін үнемі барып тұру жүйесін құру.

      Әрбір Конвенцияға қатысушы мемлекет аталмыш руқсат етілмеген шаралардың алдын алу үшін ұлттық деңгейде бір немесе бірнеше органдарды құруға, тағайындауға немесе қолдауға міндетті. Міне осындай органдар ұлттық алдын алу тетігі деп аталады.

Бұл тетіктің қызметін жүзеге асыру туралы Қылмыстық-атқару кодексінде көрсетілген. Осы Кодекстің 39-бабына сәйкес ұлттық алдын алу тетiгi (ҰААТ) ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының қызметі арқылы жұмыс істейтін, азаптаудың және қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарекеттер мен жазалау түрлерiнiң алдын алу жүйесі түрінде қолданылады. ҰААТ-нің қатысушылары өз қызметі шеңберінде жазаны орындайтын мекемелер мен органдарға барады. Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл, сондай-ақ Үйлестіру кеңесі іріктейтін, азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын қоғамдық байқау комиссияларының және қоғамдық бiрлестiктердiң мүшелерi, заңгерлер, әлеуметтік қызметкерлер, дәрігерлер ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушылары болып табылады. Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл ҰААТ қатысушыларының қызметін үйлестіреді, ҚР заңнамасына сәйкес ҰААТ қатысушыларының қажетті әлеуеті мен кәсіптік білімін қамтамасыз ету үшін шаралар қолданады. ҰААТ қатысушыларының алдын ала бару жөніндегі шығыстарын өтеу ҚР Үкіметі айқындайтын тәртіппен бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, жаңадан пайда болған екі ұғымға назар аудару қажет: пробация және электрондық бақылау құралдары.

Пробация қызметі дегеніміз – шартты түрде сотталған адамның сынақ мерзімі мен пробациялық бақылауда тұрған кезінде жаңадан қылмыс жасауын алдын алу мақсатында оның жүріс-тұрысын одан әрі түзету үшін әлеуметтік-құқықтық сипаттағы шаралардың кешендерін жүзеге асыратын қылмыстық-атқару инспекциясындағы қызмет.

Ал электрондық бақылау құралдары немесе электрондық білезік деп тиісті бақылауды қамтамасыз етуге және Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің қылмыстық-атқару инспекциясында есепте тұрған бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға немесе шартты түрде сотталған адамның жүрген жері туралы ақпаратты алуға арналған электрондық құрылғы.

2. Атқарушылық іс жүргізудің екінші бағыты – ол азаматтық, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша сот актілерінің, өзге де органдар қаулыларының негізінде берілетін атқарушылық құжаттарды орындау болып табылады.

Соседние файлы в папке Прокуратура