Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Адай көтерілісі.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
222.41 Кб
Скачать

3.2. 1930 Жылдардағы Адай көтерілісі.

Қазақстан ғалымдары «Адай көтерілісіне» 1931 жылы ғана орын алған оқиғаларды жатқызып келеді. Біздің ойымызша бұл көтерілісті Қазақстаннның батыс өңірінде 1928-1933 жылдары орын алған халық қозғалысының шырқау шегі, оның құрамдас бөлігі, ақтық кезеңі деп қарастыруымыз керек сияқты. Шартты түрде «Адай көтерілісі» деп аталғанымен, оған Ақтөбе, Гурьев округтерінің де біршама тұрғындары қатысты. Халық наразылығы 1931ж. Гурьев округінің Жылой, Доссор аудандарын, Ақтөбе округінің Ойыл және Табын аудандарын да шарпыды. Көтеріліске Маңғыстау тұрғындарының (негізінен адайлардың) 60 процентке жуығы қатысты. Осындай ауыр жағдайда Ұ.Құлымбетов Алматыға төмендегі мазмұндағы жеделхат жолдады:

«Алматы, Өлкелік комитет, Кахиани ПП ОГПУ, Даниловскийге.

Көшірмесі ХКК/Халық Комиссарлары Кеңесі –Ж.К./ Исаевқа.

Ауылдық кеңестің бір бөлігі, яғни көпшілігі бандылар тобына кетті... Егер жаздың басынан бұл істі үгіттеу жұмысымен, сонымен қатар орын алған асыра сілтеулерді жөндеу жолымен реттеу мүмкін болса, ал қазіргі уақытта бандитизмді жою әдісі мүлде басқаша бағытталуы тиіс, атап айтқанда: оларға бір, екі, үш рет жақсылап соққы беріп, сонымен бірге бұл істі түсіндіру – міне, қазіргі жұмыс барысындағы біз ұстанған бағыт осындай[58,65].

Көтерілісті бір-екі соққымен басып тастау жоспары жүзеге аспады, ол көтеріліс ауқымын дұрыс түсінбегендіктен туған еді. Халық қозғалысын қатаң шара қолдана отырып, тез арада басып-жаныштау ОГПУ-дың ерекше бөлім бастығы Белоноговқа жүктелді. Оның басқару штабы Форт-Александровскіде, кейін Маңғыстаудағы Сенек құдығының маңында орналасты. Көтерілісшілер қозғалысына қарсы 32 бөлімнен құрылған жауынгерлік отрядтар әрекет жасады. Оның 14-1 ОГПУ әскерінен, қалғандары партия, кеңес, комсомол белсенділерінен құрылған коммунистік отрядтар еді. Бұларды да ОГПУ-дың жергілікті органдарының оперативтік қызметкерлері басқарады. ОГПУ әскерінде 1000-нан аса адам болды, ал коммунистік отрядтар 200-ге жақын адманан тұрды. Жазалаушыларға мылтық, оқ-дәрінің, ат-көлік те, машиналар да жеткілікті болғандығын айтпағанның өзінде, олардың 12 станокты, 8 қол пулеметімен, зеңбірекпен де қаруланғанын ескерсек, 1931 жылдың жазғы айларындағы қантөгіс қырғынның ауқымын елестету қиынға түспейді.Ал көтерілісшілерге келсек, бұлардың көбі шала сауатты, әскери тәжірибесі жоқтар. Қарулануы жөнінен айтатын ештеме жоқ, аздаған бесатар, шиті, аңшы мылтықтар, мұның да оқтары санаулы,жеткіліксіз. Оқ дәрімен жабдықтайтын орталықтандырылған органдары жоқ. Соғыста қолға түскен қару бұларда әсте болған жоқ, керісінше, қақтығыста өлген, жараланғандардың қарулары жау қолында қалып қойып отырды. Естеліктерде көтерілістің соңғы жағында атқыш құралдары мүлдем бітуге айналған. Әрбір қолда бар бесатарға 5 оқтан ғана болған дейді. Ал жазалау отрядтарының басшылары жоғарыдан үнемі қару-жарақ алып отырған. Көтерілісшілер қуғыншылардан құтылып кету мақсатында күніне екі рет көшіп немесе жер жағдайын жақсы білгендіктен түнделетіп қоныс аударып отырғаны белгілі. Ал жазалаушылар болса, автомашинамен, ат көлікпен қозғалып, радиостанциялармен хабарласып, шұғыл түрде мәлімет жинап, мұны нәтижелі пайдаланып отырған.[56,207-208] Көтерілісшілер жазалаушы отрядтармен шайқасқан кездерінде де, болмаса жай көшіп жүрген уақыттарында да өздерінің ағайын-туысы, ауыл-аймағы, бала-шағасымен бірге болып, соларды қорғап, алып жүрген. Сондықтан да олар ауыртпашылықты, шайқастардағы қырғынды бірге көтерген. Бірақ ол кездегі мәліметтерде бейбіт халық арасындағы шығындар туралы архив құжаттарында да ешқандай дерек кездеспеуі кездейсоқ емес [86].

Жазалаушылардың қарулы күштері құрамында:а/ ОГПУ-дың сыртқы Кавказ округтік шекаралық басқармасының бастығы Сумбатов басқарған екі дивизион, Баку эскадроны және Дағыстан отряды/барлығы 400 жауынгер/; б/ ОГПУ әскерінің 24-полк командирінің көмекшісі Оглода басқарған 100 кісілік атқыштар тобы және 2 станокты пулеметпен, «Атарбеков» күзетші кемесінің атыс құралымен күшейтілген ОГПУ-дың 70 жауынгерден тұратын бөлімшесі; в/100 әскери жауынгері бар, 2 станокты пулеметпен қаруланған Саратов отряды болды.

21 мамырда Каспий теңізі арқылы Өліқолтықтың шығысына 40 кісілік әскерімен Гурьев дивизионы келіп түсті. Бірнеше күннен соң 100 жаяу және 39 атты әскері бар, 2 қол және 3 станокты пулеметпен қаруланған 68-дивизион Форт-Александровскіден шығып, Бесоқты, Сенек құмдарына бағыт алды[82,109].

Бақайшағына дейін қаруланған осыншама әскер күштері бола түра, Белоногов ОГПУ-дың Қазақстандағы өкілдерінің бастығы Данилевскийден және оның орынбасары Рагозиннен Төлесін Әлиев басқарған 8-атты әскер полкынан 200-ге тарта жауынгерлер тобын жіберуді сұрайды.

Қазақты қазақтың қолымен құрту жөніндегі Белоноговтың бұл жымысқы ұсынысы Өлкелік партия комитеті мен Қазақстан өкіметінің Маңғыстауға жіберген уәкілдері С.Мендешев пен А.Асылбеков те қолдайды[13,10-16]. Бірақ әдебиетте 8-атты әскери полкі Маңғыстаудағы халық қозғалысын басуға қатыспаған сияқты деген кате тұжырымдар ұшырасып қалып жүр.Архив құжаттары бойынша да, сол полктің эскадрон командирі болған Кәрім Әсеновтың естелігіне [57] қарағанда да бұл полк бөлімшелері Адай көтерілісін де, Қордай, Қарақұм көтерілісін де басуға қатысқан. Маңғыстауға келген Қазақ ұлттық полкі бөлімшелері 100 қылышпен, 2 станокты және 3 қол пулеметпен қаруланғаны да белгілі.

Жазалаушылар жайлауға көшіп бара жатқан бейбіт ауылдарға дейін оқ жаудырып, қырғынға ұшыратты. 1931 жылдың 1 сәуірінде Маңғыстау ойынан Оңтүстік Үстіртке көшіп шыққан бейбіт ауылды Жаңаша деген жерде жазалаушы әскер отряды қоршап алып, екі қол пулеметпен атқылайды... Мамық деген келіншек баласын көтеріп алып қашып бара жатқанда оққа ұшады, 2 мылтықпен жазалаушыларға қарсы тұрған Құлтұрған, Нұржан деген азаматтар өледі. 13 адам жараланады. Жазалаушылар 41 адамды Форт-Александровск түрмесіне апарып қамайды.

Көтерілістің алдын алып, жайлауға көшіп бара жатқан елді кері қайтарып, көршілес республикаларға өтіп кетуіне жол бермеу үшін ел арасына шыққан ОГПУ отрядтарының бірін ұлты татар, «шаш ал десе, бас алған» Еналиев деген басқарды. Ол өз отрядымен 1931 ж. 12 сәуірде Үстіртке қарай көшіп бара жатқан үлкен көшке Боздақ құдығының маңында пулеметтен оқ жаудырып, 22 адамды қырып салады. 19 адамды тұтқынға алады, малдарын түгел тәркілейді[3,216]. Бұл оқиға «Қырғынсай қырғыны» деген атпен ел есінде қалды.

Сәуір айында Доссор, Жылой, Ойыл аудандарындағы көтерілісшілерге соққы берілді. Жем бойындағы көтеріліс ошағы тез арада талқандалды. 1931 ж. 15 және 21 сәуірде Боқмаш Шоланов пен Әлімұлы бастаған көтерілісшілердің екі тобы: біріншісі Иманқараның оңтүстік бетінде/Солтүстік Үстіртте/, екіншісі Қарақұмның терістік жағындағы Аққұдық, Қарашүгіл әулие маңында қоршауға алынып, көбі қолға түсті. Бұл Қарақұм-Жем өзенінің солтүстік бетіндегі құмды өңір. 8 автомашинамен қуып жеткен Бронежский басқарған ОГПУ-дың Саратов отряды көтерілісшілерді қанға бояйды. Осы ұрыстарда 20 адам өліп, 834 адамды тергеуден өткізіп, 459 адамды «банды қозғалысына белсенді қатысқан» деп тауып, істерін сотқа береді. Шолановтыің өзі де екі айдан соң Қобда ауданында қолға түседі[3,218].

Осы ұрыс болған жерлерден қолға түскен көтерілісшілерді бір бөлек, бала-шаға мен малдарын бір бөлек Гурьев қаласына қарай жаяу айдайды. Әсіресе, балалар мен қарттар жолда қырылып қалады. Екінші топта ұсталып, Гурьевке айдалғандардың саны 3 мыңға тарта болған. Екінші топтан тартып алынған мал саны жөнінде архив қорларында мынадай құжат бар:

Акт №35 1931г. 9 мая

Мы, нижеподписавшиеся и.о. ветврача Доссор-Кукушинского РИКа Сундетов и отв.секр. Руйсалиев, составили настоящий акт в нижеследующем:

Сего числа 7-9 мая произвели обследование скота, отбитого отрядами у бандитов в количестве 3000 голов верблюдов, 1012 лошадей, 456 голов рогатого скота и 45000 голов баранов, 3500 ягнят»[30,91]

1931 жылдың жазына қарай Шонанұлы мен Әминұлының қолға түскен ауылдарынан басқасы Жемнен өтіп, Маңғыстауға қарай бет алады. Ел арасы асыға көшушіліктен аласапыран болды, ауылдар бір-бірінен қалып қоймау үшін жанталасты. Себебі, ауылға қарсы үкімет тарапынан қатаң саясат ұсталынып, қандай да болмасын, көшіп бара жатқан елді көрсе, кейін қайыруға, жайлауға қарай көшіруге аса қатты шаралар қолданды, кей жерлерде күш те көрсете бастады. Мұның басты себебі елдің жайлауға, арқаға қарай көшпей, терістікке бет алуы болды. Дегенмен қысқа уақыт ішінде ірге аудару жаппай етек алды. Үкімет тарапынан алынған шаралар өз жемісін жөнді бермеді [8,164]

Жем бойынан жеңіліс тапқаннан кейбір аз ғана топ Маңғыстау түбегіне ойысып, сол жерлердегі көтерілісшілерге қосылады. Осы кезден бастап негізгі көтеріліс ошақтары Маңғыстауда, Үстіртте, Теңіз бойында шоғырланады.

25 сәуірде Қарақшу шығанағының оңтүстік жағалауында Қаратай сайында 120 көтерілісшілермен жазалаушы 24-полктің атты әскер дивизионы арасында ұрыс болып, онда 15 көтерілісші қаза табады[55].

Көтеріліс барысындағы кескілескен бір шайқас 1931 жылдың мамыр айында Сам құмындағы Үмбетбай құдығы басында өтті. 21 мамырда Жарқамыстан шыққан 41 адамнан тұратын жазалау отряды /командирлері Мостовой-Гурьевтен, Е.Махамбетов-Ақтөбеден/ осы жерде, «Рах» құрамы маңында Оразбай Бегімбаев бастаған көтерілісшілермен екі күн бойына соғысып, жеңіліс табады. «Рахтың» басындағы шайқаста отрядты тастай қашқан Мостовой Гурьевке барғасын қамауға алынып, әскери трибуналға беріледі.

«Рахтан» кейінгі оқиғадан қорытынды жасаған жергілікті Кеңес органдары Табын ауданынан, Аралдан, Гурьевтен қосымша үлкен отрядтар ұйымдастырып, көтерілісшілерге қарсы кең көлемде бірлескен күреске жұмылдырады. Осы кезде көтерілістің де бірнеше ошақтары қалыптасып, ұйымдасқан сипат ала бастады, паналап қашудан қарулы қарсылыққа көшеді. Форт-Александровск түрмесінен қашып шыққан Салпықов Мамай/руы Беріш, отра шаруа/ Батыс Бозашы өңіріндегі көтерілісшілерге басшылық жасайды. Оның көмекшісі болып балықшы Смайыл Сарбасов сайланады, бұл да абақтыдан қашып шыққан еді. Көтерілісшілер қосының негізін Қаражан Тасымұлы бастаған жаға бойының ер-азаматтары құрады. Ақшымырау, Қызан, Тасорпа беті кедей Кенже Қарабатырды «хан» сайлады. Бұлар негізінен көтерілісшілердің солтүстік тобын құрады, олардың саны 1000 салт аттыға дейін жетті. Оңтүстік, Орталық Маңғыстау мен бергі Үстірт Мырзалы Тынымбаевты «хан» деп таныды. Арғы Үстірттегі ел Шоланұлы Боқмашевтің соңынан ереді[56,193 б.].

8-10 маусымда Сенек құдығының маңындағы Қоңғабай сарбаздарының бір тобына жазалаушылар отряды шабуыл жасайды. Осы соғыста олардың үш кісісі өліп, екі көтерілісші 50 оғы бар екі бесатар мылтығымен қолға түседі.

19 маусымда Қарқын құдығының басында екі қол пулеметі бар Сырма жазалаушы отрядының бір взводы 60 кісілік Қоңғабай жасағына қарсы соғыс ашып, қанға бөктіреді. Бұл соғыста көтерілісшілердің 7 кісісі өліп, 7 кісісі қолға түседі, 60 оғымен бір бесатар мылтық алынады. Бұл жолы көтелісшілердің қарауындағы бірге көшіп жүрген бейбіт ауылдар ауыр жазаға ұшырайды. Өздері ала жаздай қуғыншылардан ығысып шаруа жағдайы қатты төмендеген ауылдар 1200 қойынан, 150 түйесінен, 23 жылқысынан, 42 киіз үйінен айырылып, Қыңыр төңірегіне қарай шегінеді. Жазалаушылардың шығыны бір ат қана.

21 маусымда Босаға құдығының оңтүстік бетінде Бәйімбет жасағына 68-ші дивизионның бір қол пулеметі бар, 20 атты әскері бесатар мылтық пен пулеметтен оқ жаудырады. Көтерілісшілер қарсыласуға шамасы келмей, сол жерлердің сай, жықпылын пайдаланып, оқ астынан әрең дегенде қашып үлгереді[8,185]

1931 жылдың 23 маусымында Салпықов Мамай тобы 600-700 адаммен Форт-Александровскінің шет жақтарына басып кіреді, бірақ өз күштерін есептеп қала ішіне ілгерілемей, кейін шегінеді. Олар Орталық Маңғыстауға жеткен соң бірнеше топтарға бөлініп кетеді. Көп ұзамай Үстірттің Қаратүлей деген жеріндегі Қызыл астау, Жезді құдығы маңында Мамай, Смайыл топтары қуып жеткен жазалаушылардың атты әскери отрядынан жеңіліске ұшырайды, өздері оққа ұшады. Осы жерден 150-дей ер-азамат 1000 шақырымдай қашықтықтағы Гурьев /қазіргі Атырау/ түрмесіне жаяу айдалады. Бұл өңірдегі бейбіт ауылдардың малдарын да қоса айдап әкетеді.

24 маусымда ОГПУ-дың 68-дивизионы Гурьевтен келген А.И. Фетисов бастаған әскер, жасақшылар отрядтары Қараған-Босаға жерінде Мырзағали Тынымбаев, Өткілбай Батықов бастаған 450 адамдық қолымен шайқасқа түседі. Көтерілісшілер Қаражар құдығын ортаға ала окоп қазып бекінген жазалаушыларға қарсы аттандап шабуылға шығады. Күн ұзаққа созылмай ұрыста барлығы 75 көтерілісші, ішінде Батықов пен Тынымбаев та бар, қаза болып, 34-1 жараланады. Осы ұрыста 16 жасар Тұрған дейтін қыз да ерлерше киініп, шайқастың бел ортасында болып, ерлікпен қаза болады[35,2].

Жазалаушылар жағынан ОГПУ басшыларының бірі Фетисов өледі. ОГПУ құжаттарында осы маңайдағы 24-25 және 29 маусымдағы ұрыста көтерілісшілер жағынан 425 адам өлді деген мәліметтер кездеседі. Ол жөнінде Т.Омарбеков те жазады. Өлкетанушы Ә.Спанов, сол қырғынды көзімен көрген куәгерлердің жанұялары – әйелдер, қарттар, балалар болды деген пікір айтады.

Қараған ұрысынан қашқан елді қууға жазалаушылар да сескеніп, кері кайтады. Бұл көшкен ел кейіннен Түрікменстандағы, Ирандағы қазақ диаспорасының негізін қалады.

Осы оқиғадан кейінгі кезеңде көтерілісшілердің негізгі топтары екі жерде шоғырланады. Босаға, Қарқын, Тағылбай құдықтарының маңындағы көтерілісшілер және Тынымбаев отрядының аман-сау қалғандары Қоңғыбай мерген қарауына топтасады. Оған басқа жасақтар да қосылады. Бұл біріккен жасақтардың саны 1500 адамға дейін жетеді. Көтерілісшілердің екінші тобы бүкіл Бозашы түбегінің оңтүстік шығысында орналасады, олардың саны 2 мың кісі шамасындай болған.

1931 жылдың жазы бойында жазалаушылар бүкіл Үстірт үстінде, Жем бойында, Маңғыстау ойында орналасқан ауылдарға ойран салды.

Көтерілісшілердің соңғы ошақтарын жою жөніндегі әскери қимылдар Т.Әлиевтің атты әскерінің /эскадронның/ қыркүйек айында Маңғыстауға жетуіне дейін қалдырылған сияқты. Себебі Белоноговтың 1931 ж. 8 шілдеде ОГПУ-дың Қзақстандағы өкілдігіне аттандырған бір мәлімдемесінде былай деп көрсетіліпті: «Осы уақытқа дейін созылып келе жатқан операцияның жүргізу жоспарының жан-жақты қаралуын қыркүйек айына қалдырып, оған дейін осы жоспарға сәйкес отрядты дайындап негізгі бағыттарда шоғырландыру керек. Бірақ шілде-тамыз айларында да көтерілісшілерге қарсы ұрыс қимылдары тоқтаған жоқ.

9 шілдеде Қандаралы сайында көтерілісшілер тобының үстінен түскен жазалаушы 65-дивизионның атқыштар взводы 42 көтерілісшіні тағы да өлтірді, 20 адамды жарадар етті, 58 адамды қолға түсірді. 27 шілдеде Үсенов Жұмабай басқарған топ Форт-Александровскіге тағы шабуыл жасамақ болып, таяп келді де «Атарбеков» кемесінен зеңбіректен атылған оқтан тайсалып кетіп қалды.

20 шілдеден 10 тамызға дейін жазалаушылар Үстіртке шабуыл жасау, Ақтауды, Қаратауды көтерілісшілерден тазарту операцияларын жүзеге асырды. Көтерілісшілер де топтаса түсті. 30 шілдеде Бұрма деген жерде бастарын қосқан Оразбай Жақыпов, Абай Басұрманов тәрізді кісілер басқарған әр түрлі 100-200 адамдық топтар (барлығы 300-дей) күш біріктірді. Бірақ Айжарықты-Ой-Бұрма мекендері бағытында жазалаушылар берген соққы оларды күйретіп жіберді [3,219]

14 тамызға қарай Рагозин бастаған қалың қол Қоңырат құдығы маңында Үстірттен шығыста дәл Түркпен жерімен шекарада Оразбай қолын қоршауға алды. Жан-жақтан сақылдаған пулемет оғы астында көтерілісшілер амал жоқ берілді. Сан мыңдаған көп жылқы және қолға түсті.

Форт-Александровскіден шыққан қарулы күштер Қарабұғаздың оңтүстік-шығысында 60 шақырымдай қашықтықтағы Дейме құдығы ауданында тағы да бір мыңдай адамдық қазақтарды қоршап алды. Әскер бөлімдерінің көтерілісшілермен болған қантөгіс қақтығысы көтерілісшілердің 5 мыңдай қожалықтарының берілуімен аяқталды. Көтерілісшілердің үлкен отрядтары Барсакелмес батпағында ұсталды.

Көтерілісшілердің Үстірттегі соңғы шағын қолдары қыркүйек айында біржола талқандалады. 22 қыркүйекте Сенек құдығы маңында Ротермель бастаған моторлы-механикаландырылған 61,68-отрядтар солтүстікке ұмтылған көтерілісшілермен қақтығысып тағы да жеңіске жетті. Жалпы қыркүйектегі әскери қимылдардың нәтижесінде үкімет ауа көшіп бара жатқан 3500 қазақ отбасыларын кейін қайтарды[2,263].

Әскер бөлімдері қашқан қазақтарды Қарақалпақ жеріндегі Ташауызға дейін қуып барды. 2,20 және 25 қыркүйектерде көтерілісшілерді жаппай қарусыздандыру нәтижесінде 114 шиті мылтық, 149 аңшы мылтығы, 7 револьвер, 11 суық қару, 2342 патрон алынды. Осы сандардың өздері-ақ көтерілісшілердің қандай жұпыны қаруланғандығын байқатады [8,23]

Наурыздан тамызға дейінгі 15 ұрыс, 8 қақтығыста, жазалаушылардың көрсеткен мәліметтері бойынша, қыркүйектегі ақырғы шешуші операцияны қоспағанда, көтерілісшілерден 168 адам құрбан болған, 32-сі жараланған, 74-і қолға түскен. Ауылдардан 1715 адам қамауға алынған.

Жазалаушылар шығыны: 17 адамы өліп, 7 адамы жаралы болған, 9-ы қолға түскен.

Көтерілісшілердің 15 басшысы мен белсенді қатынасушылары Боқымаш Шоланұлы, Қарамырза Ембердіұлы, Рахман Соқымашұлы, Демеген Айтжанұлы, Қоғабай Алдасүгірұлы, Өтебай Жанасұлы, Қойшығұл Жантілеуұлы, Демепберген Ембердіұлы,Құбеген Құрманұлы, Қойсары Қайдагұлұлы, Әмір Нысанұлы, Қазақ Шиенұлы, Көбейсін Қуантырұлы, Жұмабай Үсенұлы, Лұқпан Сарқұлұлылар ату жазасына кесілді. 21 адам 10 жылға концлагерьге, дүние-мүлкін тәркілемей 10 жылға 17 адам, 5 жылға дүние-мүлкін тәркілеп 125 адам, тәркілемей -14 адам, бір жылдан үш жылға дейін дүние-мүлкін тәркілеп 39 адам, тәркілемей-53 адам сотталып, Қазақстан өңіріне 5 жылға 19 адам, 3 жылға дүние-мүлкін тәрілеп-11, тәркілемей 8 адам жер аударылған. Арнайы жер аударуға -100 адамға үкім шығарылған. Тергеу мезгілінде абақтыда отырған уақыттары есептеліп, 66 адам босатылған, қалғандары ақталған.

Тұтқынға алынған 1715 адамның 802-1 РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-2 /контрреволюциялық көтеріліс/ және 59 /бандитизм/ баптарымен жауапқа тартылды. Тергеу жүргізу кезінде осылардың ішінен 79 адам Гурьев, Ақтөбе абақтыларында өліп кетті; 508 адамның ісі Алматыға жіберілді. Олардың ісін қараған ОГПУ-дың Ерекше Үштігінің 1931 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысымен 135 көтерілісші, 1932 жылғы 5 сәуірдегі қаулысымен 373 адам түрлі жазаларға кесілді. Бұл мәліметтер І.Сариевтің және М.Омаровтың есептеулері бойынша беріліп отыр. Архив құжаттарына жүгенсек, 1931 жылдың 22 желтоқсанындағы ОГПУ үштігінің шешімімен 13 адам ату жазасына, 110 адам концлагерьге, 13 адам жер аударылуға кесілген[56,214-215 бб.].

Барлық тұтқындалған қылмыскерлердің ішінен 79 адам абақтыда өлген. Соның ішінде көрсетілген қылмыскерлердің 131-не осы жылдың 22 желтоқсанында үкім кесілген. Бұлар 1931 жылдың сәуір айында Доссор, Жылой, Ойыл аудандарындағы көтерілісшілерді басқанда қолға түскендері. Маңғыстау ауданынан қолға түскен 373 адамға 1932 жылдың 5 сәуірінде үкім кесілген. Бұлар 1931 жылдың маусым айынан көтерілісшілерді толықтай басқанға дейін 4-5 айдың ішінде қолға түскендері екені анық. Сонда бас-аяғы бір жылға жетпейтін уақытта 79 адамның абақтыда қаза тапқанын қалай түсінуге болады. Оларды абақтыда атып тастады деп айта алмаймыз. Бірақ орта жастары 20-40 шамасындағы жас жігіттер абақтының ауыр азабынан, ауруларға дәрігерлік көмектің жоқтығынан басқа да адам төзгісіз ауыр жағдайдың орын алуынан өлді десек, сөзіміз жалған болмас.

500-ден астам адам жазаланып, концлагерьге айдалып, жазасын өтеуге кеткен. Бірақ бұлардың көбінің елге қайтпай қалғаны анық. Олар сол жақта дүние салды ма, болмаса істері қайта қаралып, жазалары күшейтілді ме, белгісіз, әйтеуір елге оралғандары бірен-саран. Олар да тыныштық таба алмай, қайтадан қармаққа ілінген. Ал енді көтеріліске қатынасып, бірақ әртүрлі себеппен жазаланбай босатылғандары, тіпті көтеріліске қатыспаса да, оларды жақтаған олардың тұқымдары, осылармен бірге байлар да, молдалар да, зиялы ел азаматтары да бір-бірлеп, жеке-жеке жазаланды. Шетелге кетіп қалғандарының да соңынан қалмаған [4,216]

Аман қалған көтерілісшілердің кейбір топтары Қарақалпақстанға, Түрікменстанға өтіп, одан әрі кейбірі Ауғанстан мен Иранға асты. Бірақ «бандылар қозғалысына» қатысты, не олармен жақтас болды деген желеумен Маңғыстау, Жылой, Доссор, Ойыл тұрғындарын қуғын-сүргінге салу мұнан кейін де жүргізілді.

Мұнымен адайлардың күресі толық басылып, халық ішінде толық тыныштық орнады деп айта қоюға әлі ерте еді. Себебі, кейбір жекелеген топтар, тіпті 1933 жылдарға дейін де қарсылығын тоқтатпаған сияқты. Олар кез –келген мүмкіндікті пайдаланып, елден ауа көшіп кетуге тырысып отырған. Жергілікті көнекөздердің айтуынша, олардың 50-жылдардың аяғына дейін күн көрудің қиыншылығына, қуғыншылыққа ұшырағанға төзіп, шет жерге қоныс аудармай (оған мүмкіндіктері де жоқ еді), азғантай ағайындары мен туыстарының ортасында, туған жерден кете алмай, «өлсек осы жердің топырағында қалайық» деп, Үстірт үстінде, Сам құмының маңайында азып-тозып жүргендері рас екен. Бұл туралы І.Сариев пен М.Омаров былай дейді: «...зерттеушілердің, геологиялық экспедициялардың қызметкерлері Үстірт үстінен, әсіресе Сам құмына жақын жерлерден бірен-саран көшпелі ауылдарды кездестіріп жүреді екен. Бұлар осы жердің байырғы қазақтары, бірақ өкіметтің, ауылдық кеңестердің есебінде тұрмаған, құжаттары да жоқ, сол шөл далада азғантай малын бағып,көшіп-қонып күн көрген олардың қоныстары да адам аяғы баспайтын қиян түкпірлерде. Радио, газет, тағы басқа жаңалықтарды білмейді, ауырғандарын емшілері мен бақсылары емдейді.Кездескендермен ашылып тілдеспейді , орыс тілін де жөнді білмейді, білсе де сөйлескісі келмейді, орыстармен кездесіп қалғанда отырған жерінен басқа жаққа көшуге әзірлене бастайды, қайда баратынын, қай жерге тоқтайтынын ешкім білмейді. Бұл жапан даланы кезушілер жөнінде аңыздар ел ішіне қырқыншы жылдардың өзінде келіп жататын, бірақ ол кезде бұған ешқандай мән берілмейтін.

1959 жылы осы жөніндегі Гурьев облыстық атқару комитетінің төрағасы Қайсақановтың жинаған шағын топ, басшы қызметкерлердің арасында әңгіме болғаны анық. Бұрын-соңды мұндайды естімеген, осы күнде еш жерде есепте жоқ, көшпелілердің бар екендігін мәжілісте отырған азаматтардың бірқатары білетіндерін жасырмаған [25,167-168].

Сонымен, 1929-1933 жылдардағы Маңғыстау өңіріндегі ірілі-ұсақты барлық толқулар мен көтерілістер өздерінің қозғаушы күштері, себептері мен сипаты жөнінен бір-біріне өте ұқсас болды. Себебі олардың негізінде Кеңес өкіметінің күштеп ұжымдастыру мен отырықшыландыру, тәркілеу, шамадан тыс алым-салық саясаты, діни қудалаушылық, адам құқын аяққа басушылық жатты.

Түйіндеп айтар болсақ, 1930 жылдардағы көтеріліс профессор Т.Омарбеков айтқандай «сол кезде жүргізіп отырған саясатқа, зорлық-зомбылықтарға қарсы атқа қонған, халықтың бұлқынған рухының қарсылығы болатын»[81].