Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
САЛАЛЫК_ЖУРН_КЕШЕН-2016[1].docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
467.47 Кб
Скачать

«Қазақ спорты», «Спорт» басылымдарының ерекшеліктері

«Әр жұрт, әр мемлекет мәдениет майданында ілгері-кейіндінің қатасыз бір өлшеуіші – баспасөзі болады. Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де күшті, өзі де өнерлі екендігі көрінеді», – деп Міржақып Дулатов айтқандай бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы рөлін арттырудың маңызы зор.

Журналист мамандығын дүниеге әкелген – адам табиғатының ақпарат пен жаңалыққа құмарлығы. Қоғам дамып, заман өзгере келе бұл сұранысты өтеу ісі күрделі сипатқа ие болды. Баспасөз ақпарат құралы ғана емес, күрес қауы, идеологияның таптырмас насихатшысына да айналды. Десек те, жұртшылыққа қызықты, маңызды және пайдалы, керекті ақпарат беру оның негізгі қызметі болып қалды. Өйткені, журналистика саласындағы негізгі табыс жаңадан ақпарат білгісі келетін адамның сұранысына жауап беру ісіндегі шеберлікке тікелей байланысты. Газетте ақпараттық сипаттағы материалдарға көбірек орын берілетіндігі де сондықтан.

Осы орайда бір сәт қазақ қоғамының қазіргі жағдайында бұған дейінге қандай кезеңдер мен оқиғаларды бастан өткізгендігін ой елегінен өткізудің, баспасөз механизмінің қандай өзгеріске ұшырағандығын нақты талдаудың маңыздылығын ешкім де теріске шығара қоймас. Жетпіс жылдан астам уақыт бойы кеңістік қызыл империяның еркін билеп-төстеген негізгі аймағына айналған Қазақстан да бірқатар жетістіктерге қол жеткізумен қатар бүркемеленген жымысқы саясаттың құрбаны болып келгені де шындық. Осындай кезеңде көп уақыт бір партиялық өктемдіктің ықпалындағы шеңберден аттап баса алмаған баспасөз де уақыт ағымына сай ұжымдық үгітшілік, ұжымдық насихатшылық, сонымен бірге ұжымдық ұйымдастырушылық қызметтерін атқаруы да заңдылық еді. Бұдан келіп туындайтын бүгінгі міндет сол, кеңестік дәуірден мұра болып қалған қазіргі баспасөз, жалпы қазақ бұқаралық ақпарат құралдарының атқарып отырған қызметіндегі көлеңкелі тұстарды, кеткен қателіктер мен жіберілген кемшіліктерді сараптай отырып, шынайы шындықты көрсететін кез жетті.

Бұқаралық ақпарат құралдары тарихында салалық басылымдардың атқаратын өзіндік қызметтерін біз ешуақытта жоққа шығара алмаймыз. Белгілі бір сала төңірегіндегі орын алған проблемалар мен шешімі кезек күттірмейтін мәселелерге қоғамның назарын аударып, сол сала қызметкерлеріне таптырмас көмекші болып жүрген басылымдардың тарихта алар орны ерекше.

Салалық басылымдардың ішінде тұңғыш газет 1959 жыл­дың 1 қаңтарында екі тілде жарық көрген «Спорт» газеті болып табылады. Бүгінде бұл басылым – қазақ спорт жур­на­лис­ти­ка­сының қара шаңырағы аталады. Өкі­ніш­ке қарай, соңғы жылдары әртүрлі жағ­дай­ларға, әсересе, қаржылық қиындықтарға байланысты бірде шығып, бірде жарық көрмей «тар жол, тайғақ кешуді» басынан ке­шірді, әлі күнге дейін тағдыры белгісіз күйде екендігіне зерттеу барысында көз жеткіздік. Ең өкініштісі, кейінгі жылдары газеттің қазақ­ша нұсқасы жабылып та қалды. Редакция Астана қаласына ауысты, атауын латын қаріпінде «Sport» деп ауыстырған газет қайтадан шаңырақ көте­ріп, өз оқырмандарының көзайымына айналып отыр (қазақша нұс­қа­сы осылай латын әріптерімен жазылады). Басылымның қазіргі редакторы журналист, жа­зу­шы Несіп Жүнісбайұлы. ҚР туризм және спорт министрі Талғат Ер­ме­гияев пен осы министрліктегі Спорт ко­ми­теті төрағасы Елсияр Қанағатовтардың жанашырлық танытуымен 52 жылдық тарихы бар газет қазақ және орыс тілдерінде қайтадан шыға бас­тады.

Аталмыш басылымның негізін қа­лау­шы­лардың бірі Сайын Тұрсынов болып табылады. Сонымен бірге газетте қазақтан шық­қан тұңғыш спорт комментаторы Сұл­тан­ғали Қаратаев, басылымның беделді болуына көп еңбек сіңірген Жүсіп Хисымов, көпшілікке та­нымал спорт комментаторы Диас Ома­ров, қаламы қарымды Қыдырбек Рысбек сынды спорт журналистикасының мар­қас­қа­лары қызмет атқарған бұқаралық ақпарат құралының өз оқырмандарына берері әлі де мол екендігі ақиқат. Бұл басылымда әйгілі балуанымыз Әбіл­сейіт Айханов, атақты желаяғымыз Әмин Тұяқов, сондай-ақ Олимпиада чем­пион­дары – Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Иб­раймов, Юрий Мельниченко және т.б. спорт ардагерлері туралы әр жылдары көптеген очерктер жарық көрген. Қазақстан спортының жеткен жетістігін паш етіп, осы саладағы көкейкесті мәселелердің шешімін табуды басты назарда ұстайтын басылымның қазақ журналистикасы тарихында өзіндік орны бар екендігі талас туғызбайды.

Кеңес дәуірі кезінен бері ел спортын насихаттаған жалғыз басылым, яғни «Sport» газеті бүгінде талай қиындық пен өзгерісті басынан кешіріп, нарық көшіне әзер ілесіп келеді. Газеттің қазіргі бас редакторы Дүрәлі Дүйсебай қазіргі басылымның жай-күйі туралы: «Алдағы мақсат – газеттің имиджін қайта көтеру, атауын өзгерту. Әрине, «Спорт» деген атау осы газеттің о бастағы аты болғандықтан одан ажырай да қоймаспыз. «Sport» дегенді шетелдік газет деп ойлағандар да болған шығар. Орыс басылымының тиражы қазақшасына қарағанда артықтау болғаны да содан болар. Қызметкерлеріміздің де саны азайған. Аумақтарда тілші ұстау қиындап қалды. Техникалар да әбден ескірген. Ғаламторда Сайт атауы мүлде жоқ. Кемшілікті толықтырып, олқылықтарды шамамыз келгенше жоюға тырысып келеміз. Оны біздің тұрақты оқырмандарымыз байқаған да болулары керек. Таяуда газетіміздің күнде жаңартып отыратын өз сайты да болады. Федерациялармен, елдегі танымал спорт мектептері, ауылдық жердегі жалпы спорт мекемелерімен байланыс орнатуға талпынып жатырмыз. «Апыр-ау, сол газет пе? Сіздер жабылып қалған жоқсыздар ма?» деген тосын сауалдар тосылдырып жүр. Өткенге топырақ шаша алмаймыз, әрине. Қазір ҚР Мәдениет және спорт министрлігі де бізге назар аударып, кейбір бастамаларымызға қолдау көрсете бастады. «Нұр Отан» партиясымен «Дені саудың – жаны сау» атты саламатты өмір салтын, бұқаралық спортты насихаттайтын жаңа жобаның тұсауын кестік. Аумақтарға басылымның 55 жылдық мерейтойына орай ақпараттық-сараптамалық көшпелі экспедиция ұйымдастырып, алғашқы сапарымызды бастап та кеттік. Облыс әкімдерінің жергілікті спортқа, спортшыларға жасаған қамқорлығы, бұқаралық спортты дамытудағы іс-шараларына қарап, «Спортқа қамқоршы әкім», «Спортшы әкім» атты байқау да жүргізіп, осындай іс-шараларды тұрақты түрде жүргізсек деген жоспар да бар. Республикалық (сырттан келген спорттық басылымдарды да назарға алғанда) бұқаралық ақпарат құралдары айдынындағы өз атымызды қайта қалпына келтіріп, белгілі бір деңгейде тираж жинай алсақ, алғашқы меже алынды дер едім. Сосын... сосынғысын өмір көрсете жатар», - деп ашық пікірін білдіреді. Тәуелсіздік алғанға дейінгі кезеңде жалғыз спорт саласының жанашыры, насихатшысы, жүрек қағысының хабардары болған басылымның алдағы жағдайы жақсарады деген сенімдеміз.

Тәуелсіздік жылдарынан кейінгі жылдары спорт саласындағы жарық көрген басылымы - «Қазақ спорты». Бұл - республикалық апталық спорт газеті. 2009 жылдың 30 желтоқсанынан бастап шыға бастаған, осы жылдың 15 желтоқсанында министрлікте тіркеліп, куәлігін алған. Газет аптасына бір рет, 10000 данамен жарық көреді. Көлемі – 3 баспа табақ, офсетті қағаз. Барлығы 6 бет, соның 2 беті алғашқы және соңғы беттері түрлі-түсті. Мұқаба мен артқы беті түрлі түсті, яғни бас-аяғы 2 айқарма парақтан тұрады. Мұқаба бетте газет атауының («Қазақ спорты») үстіңгі жағында, жалпы, осы саннан табылатын маңызды мақалаларға аңдатпа берілген. Ол жерде мақаладан үзінді, 6х4 форматында жетістікке жеткен спортшыларымыздың, спорт саласындағы оқиғалардан хабардар ететін фото-сурет ұсынылады.

Кейде газетте жарық көретін материалға тұздық ретінде мәтінге сәйкестендіріп сурет те көп беріледі. Мәселен, «Құнаннан озған Сүйіндік... Жеті түйенің алды болып, аяғы-аяғына тимей келе жатқан Тұралбайды көрген жұрт айқай-сүрең салып, алақайлап кетті» - деп, мақаладан қысқаша үзінді беріп, түйеден озып бара жатқан ер адамның суретін жанына жайғастырған. Газеттің біз қарастырған сандарының барлығында осындай ұтымды суреттер мен оқылымды мақалалар жарық көреді деп айту артық болар. Кейді сәтсіз суреттер мен мәтіндерді де кездестіреміз. Мәселен, аталмыш газеттің осы санының (№ 01 (96)) келесі аңдатпасына назар аударсақ. «Жапондық дзюдошылар бәске тігілген 64 медальдің 15-ін омырауларына таққан. Ал қазақ жүзу мен жүгіруден қашан олжа салады?» мәтініне қара нәсілді жеңіл атлеттің жүгіру үстіндегі көрінісін қоса берген. Бұл жерде оқырманның ерекше назарын аудару мақсатында берілген үзінді мақаланың кез-келген жерінен іріктелмей алына салынғаны белгілі болып тұр. Қазіргі нарық заманының заңдылығы тұрғысынан қарайтын болсақ, ұсынғалы отырған тауардың беткі жағына, орамасына, мұқабасына берілетін анықтамалық, түсіндірмелік мәтін ол тауарға тұтынушыны тарту, қызықтыру қызметін атқаратыны мәлім. Яғни газет мұқабасына орналасқан аңдатпа да осы мақсатта болу керек. Аңдатпа оқырман назарын аударып, өзіне керекті материалды тез тауып алуға көмек ретінде жарияланса, сурет те сол алдыға қойған мақсатқа ертерек жетуді көздеуі қажет. Қандай да бір бәсекеден жапондық дзюдошылар 64 медальдің 15-ін ұтып алған. Осындағы ақпарат дзюдо спортшылары туралы емес біздің жүзушілеріміз бен жеңіл атлеттеріміздің қиындықтары туралы ақпараттардың бір-бірімен байланысы мүлдем жоқ деуге болады. Оның үстіне, суреттегі қара нәсілді желаяқтың көрінісі қандай илюстрациялық қызмет атқарып тұрғандығы да белгісіз. Мұндай үш жақтан да қиыспай тұрған сөйлемдер оқырман назарын тарта қояды дегенге сенім аз. Сайып келгенде, ерінбей аңдатпада көрсетілген төртінші бетті ашып көрген тұтынушы «Африка жүйрік, АҚШ ұшқыр қайықтай, Жапон балуан... 2011 жылғы әлем чемпионаттарына шола қарағанда қазақ неге бейім деген сұрақ көлденеңдей береді» атты сөз болып тұрғанын түсінер. Қазіргі уақытта жазылушылардан бөлек дүкен сөрелері мен дүңгіршектерде де газет сатылатын белгілі. Басылымның бірінші бетіндегі ақпарат та, сурет те сапалы болғаны жөн, себебі газет-журнал беттерін парақтап тұруға сатушы да рұқсат ете бермейді, оқырманның да уақыты тапшы.

Газеттің бірінші бетінде орналасқан өзге де деректерге талдау жасап көрсек, көп жағдайда, сол аптада өткен маңызды, ірі жарыстарда олжаға кенелген қазақ спортшылары туралы көп материал беретіндігі қуантады. Сонымен бірге, мұқаба бетінде Қазақстан спорт федерациясында, осы сала бойынша әлемдік қауымдастықтарда болған өзгерістер, жиын, басқосулар төңірегінде де ақпараттар берілген. Газет редакциясы маңызды деп таныған мақалалардан үзінді беріліп, соңын қай беттен табуға болатыны нақты көрсетіледі.

«Қазақ спорты» басылымының айдарлары әрбір нөмірі сайын болмаса да, арагідік өзгеріп отыратындығына да көз жеткіздік. Бұл газет қызметкерлерінің ізденісінің көрінісі екендігіне дау жоқ. Мысалы, № 01(96) нөмірінің екінші беті «Аймағы мықты ел – Айбынды ел», үшінші беті «Асыл мұра», төртінші беті «Бес құрлықтағы бәсекелер», бесінші беті «Жарыс көрігі – намыс», алтыншы беті «Алаштың ұлы – намыстың құлы» атты айдарлармен жарық көрген. Газеттің № 2(97) санындағы 2-бетіне «Спорт деген – бір сиқыр», 3-бетіне «Топжарған», 4-бетіне «Аймағы мықты ел – Айбынды ел », 5-бетіне «Жарыс көрігі – намыс», 6-бетіне «Алаштың ұлы – намыстың құлы» айдарлары аясында материалдар жарық көрген.

«Аймағы мықты ел – Айбынды ел» айдары аясында отандық спортшылардың түрлі спорт салалары бойынша жеткен жетістігі, футболдан ел біріншілігі туралы толыққанды ақпарат, спорт басқармаларында болған жаңалықтар беріледі. «Аймағы мықты ел – Айбынды ел» айдары газеттің әр санында жарық көріп жүрген тұрақты айдар.

Басылымның оқырман қызығушылығын оятып, сұранысын тудырып отырған кезекті айдары – «Асыл мұра». Мұнда ерте заманда өткен атақты спортшылар туралы, ұлттық спорт түрінен өткізілген жарыстар, бабы келіскен сәйгүліктер жайында баяндалады. Мысалы, № 01(96) санында осы айдармен «Хас жүйрікті қиядан таныған... ат бапкерлері туралы не білеміз немесе 400 ісек беріп алған Шұбар жүйрік жайлы әңгіме» атты көлемді мақала жарық көрген. Мақалада Атырау облысы, Қызылқоға ауданының жарысқа түсер жүйріктері туралы кеңінен сөз болған. Сонымен бірге ат бапкерлерінің шеберліктері мен өз ісінің білгір екендіктері дәріптеледі. Бәйгелерде алдына тұлпар салғызбайтын аттары аңызға айналған кез келген жарыстарда шаршамай оза шапқан атақты сәйгүліктерімен мақтанады. Сондай-ақ, мақала соңында атадан балаға мирас болып қалған ұлттық өнерімізді қазіргі жастар көзінің қарашығындай қорғап, қастерлеуі керек екендігі де айтылады. «Асыл мұра» айдары шеңберінен «Құнаннан озған Тұралбай, түйеден озған Сүйіндік» атты мақалаға да ерекше назар аударғанды жөн санадық. Ертеде қазақтар арасында түрлі жиын-тойларды жас балаларды түйемен, итпен, атпен қосып жарыстыратын салт болғаны, өткен ғасырда Қытайдың Шыңжаң өлкесінде алдына екі аяқтыдан да, төрт аяқтыдан да жан салмаған қос қазақ – Тұралбай мен Сүйіндік жайлы әңгіме қозғалған.

«Бес құрлықтағы бәсеке» айдарында бүкілдүниежүзілік,әлемдік, құрлықтық өткен, өтетін жарыстарда отандастарымыздың көрсеткіштері, жеткен жетістіктері оқырман назарына ұсынылады.

«Спорт деген – бір сиқыр» - айдары спорттық жарыстардан тыс қалған қызықты жәйттарды ұжымның, я болмаса жеке бір спортшының жеңіске жетуінің немесе ұтылып қалуының астарында ел білмейтін қандай сыр жатқанын ашып көрсетуге тырысады. Сонымен қатар, басылымның әр санында шыға бермейтін бұл бөлігінде ірі жарыстар соңынан ел спортының деңгейі туралы қорытынды жасау, қателіктің қалай кеткендігіне талдау жасау, әлемдік және отандық спортшылардың жеке бас өмірлерінің ен қызықты жайттарынан хабардар етеді. Мысалы, «Қазақ спорты» газетінің 2012 жылы 24 қаңтар күні шыққан «Спорт деген – бір сиқыр» айдарының шеңберінде «Тайсон менен таяқ жер еді» атты атақты былғары қолғап шебері Мұхаммед Әлимен болған сұхбаты жарық көрген: «Өткен аптада аты аңызға айналған Мұхаммед Әли жетпіс жастың жотасына шықты. Әйгілі боксшы 1942 жылы 17 қаңтарында Американың Луисвилл қаласында дүниеге келген еді. Он сегіз жастағы түбіт мұртты боз бала Олимпиада ойындарының жеңімпазы атанды. Ол 22 жасында Чарльз Листонды жеңіп, кәсіпқой бокстағы әлем чемпионы атанды. Сол кездерде газеттер «Ол көбелекше ұшып, араша шағатын еді» деп жарыса жазған еді. 1964 жылы «Қара мұсылмандар тобына еніп, Мұхаммед Әли деген есімді иеленеді. 1974 жыл Мұхаммед Әли өзінің шарықтау шыңына көтерілген жылы болды. Ол титулдық 25 жекпе-жек өткізіп, соның бәрінде жеңіске жетті. Одан беріде оның өміріндегі ең басты жекпе-жегі өтеді. Киншосседе Джордж Форман мен Манилада Джо Фрезер Әлидің алдында тізе бүкті. 1981 жылы ол былғары қолғабын шегеге ілді. Мұхаммед Әли отыз жылдан бері паркинсон деген дертпен ауырады. Сұхбат беруді де сиреткен. Төменде біз сәті түскен сұхбаттың бірін назарларыңызға ұсынып отырмыз...»-деп, басталған мақала ұтымды сұрақ пен тартымды жауаптармен жалғасып, оқырман қауымды баурап алады.

Газеттің № 2 (98) санында «Көрсеткіш көңіл көншітпеді» тақырыбына проблемалық мақала жарық көрген. Мақалада жасөспірімдер арасындағы Инсбрукте өткен қысқы олимпиада негізге алынған. Мұнда біздің елдің алғадай жастарының құрамасы нашар өнер көрсеткені айтыла келіп, нәтижесінде қай спорт түрінен қандай орынға табан тірегендері нақты кестемен берілген. Мақала соңында: «... Біздің спортшылар бұл Олимпиадада спорттың 10 түрі бойынша өнер көрсеткен болатын. Қол жеткізген нәтижеге көңіл шіркін тоймайды-ақ. Бірақ бізге жақсысын кім берсін?! Амал жоқ, бар үміт алдағы күндерден. Еске салар болсақ, осыдан екі жыл бұрын Сингапурде өткен жастардың жазғы Олимпиадасында қазақстандық өрендер 3 алтын, 2 күміс, 1 қола алған болатын».

Келесі тағы бір қызықты айдар - «Өмір-Дода». Атауынан көрініп тұрғандай – ел спортындағы келеңсіз мәселелер, дауасы табылмайтын дерттер, дамымай жатқан салалар жайлы әңгіме өрбітіледі. Сонымен бірге, отандық спортта қаракөз бауырларымыздың үлесінің аздығы, қазіргі жағдайы, соңғы уақыттағы легионерлердің тым көбейіп бара жатқандығы, оларға жұмсалатын қаржы мөлшері де сөз болады. Мысалы, 2012 жылы 24 қаңтарда жарық көрген № 3(98) санындағы осы «Өмір-Дода» айдарында «Легионер шақыру – дертке айналмасын» атты Уәлихан Қосанбайдың мақаласы жарық көрген. Мұнда автор ел футболының жәй-күйін, бүгінгі таңда тек клубтық ұжымдарда емес, құрама команданың өзінде сырттан келген ойыншылардың жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап бара жатқанын айтады. Автордың ойынша, өз елін жырғатпаған, ұлтжандылық қасиеттен жұрдай келімсек футболшылар өзге елді қалай жарытпақ. Оларда қандай намыс, қандай жігер болсын. Сондай-ақ, мақалада «құрама ойыншыларының жалақысы қанша және олар соған сай өнер көрсетіп жатыр ма?» деген сұрақтың шеті көтерілген. Әр қазақтың ойын жегідей жеп жүрген, күрмеулі мәселелер. Алайда мына бір тұста автордың жалған статистикаға жүгінгенін байқадық: «Иә, шынында да бізде үлкен алаңда доп тебу былай тұрсын, жасөспірім балалар доп ойнайтын жасанды алаңдар кемде-кем. Осы кезде айта кететін жәйт, Батыс Еуропа елдерінде жылына 150-ден астам жасанды алаңдар пайдалануға беріледі екен. Ал бізде жылына 10 жасанды алаң да салынбайды. Мұның өзін кейбір қалталы азаматтар жеке меншігіне айналдырып алып жатады». Бұндай мәлімет көзін автор қандай статистикаға жүгіне отырып жазғаны белгісіз. 2011 жылдың өзінде бір Жамбыл облысы бойынша 17, оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 9, Қызылорда облысы бойынша 11 жасанды алаңның салтанатты ашылу рәсімі өткендігін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы байқауға болады. Оның жартысы қалалық жерлерде қалғандары аудандарда Мойынқұм, Қордай, Меркі, Құлан, Сарысу, Шу, Байзақ, Жамбыл, Талас, Жуалы, Отырар, Қазалы, Арал, Жалағаш, Жаңақорған аудандарында салынды. Жергілікті әкімшіліктер мен облыстық спорт басқармасының бірлесе отырып тұрғызған бұл спорт алаңдары ешкімнің де қарамағына өткен жоқ. Жергілікті жасөспірім футболшылардың тегін жаттығатын жерлеріне айналды. Бұл бірнеше облыста, ал автор жалпы республика бойынша оннан аспайды деген мәлімет келтірген болатын. Мақаланың 2012 жылы жарық көргенін ескерсек, Уәлихан Қосанбай ағамыз елді жалған ақпаратпен алдаусыратқан.

Сондай-ақ осы бетте Зейнел Жекейұлының «Кәріс қалай орыс болды?» деген өзекті мақаласы жарық көрген. Онда спорттың шорт-трек түрінен Оңтүстік Корея, Канада, Голландия, АҚШ, Қытай елдерінің айы оңынан туып тұрғандығы, конькиден алдарына жан салмайтын ресей де шетелдік бапкерлер жалдап, буын алмастырып, жаттығу үрдісін өзгертіп кенже қалған шорт-трегін дамытуда екендігін айтады. Астанадағы мұз айдындарын есептемегенде, Алатау баурайындағы Медеу мен Балуан Шолақты кеңінен пайдаланып, коньки спортының деңгейін неге көтермейтіндігімізге назар аударады. Ол алқалы ой қозғап, ол үшін бізде бар мүмкіндік бар екендігін ескертеді.

«Қазақ спорты» деп аталатын бетте еліміздің әр түкпіріндегі Қазақстан спорты мен ұлттық спорт өнерінің саңлақтарының жағдайлары мен деңгейі, кезек күттірмейтін, шешімін табуға тиіс мәселелерінен хабардар етуді көздейді. Аталмыш бетте отандық және республикалық деңгейде өткен еліміздің әр облысындағы әртүрлі жарыстарды, додаларда өнер көрсеткен спортшыларды, спортжанашырларының іс-әрекеттерін оқырманға таныстырады. Сонымен бірге, тек газет тілшілері емес, спортсүйер азаматтардың да ой-пікір, арман-тілектері осы айдар аясындағы жарық көрген материалдардан көрініс тапқан. Мысалы, «Қазақ спорты» газетінің 2012 жылы 31 қаңтардағы № 4 (99) санында жарияланған Павлодар қаласының тұрғыны Ф. Әміреновтің «Арманым – әлем шыңын бағындыру, – дейді таэквондошы қыз Зарина» атты мақаласы жарық көрген. Мақаланың кіріспесі әдеттегі спорт басылымдарының мақалалары сияқты емес, әлеуметтік қоғамдық мәселелерді көтеретін проблемалық мақалаларға ұқсас. Сөзіміз дәлелді болуы үшін: «Бірде Павлодар қаласындағы таэквондо мектебінде аталмыш спорт түрінен республикалық жарыс өтті. Еліміздің әр аймағынан жиналған мықтылардың өнерін тамашалауға көппен бірге мен де бардым. Спортшы қыз – жігіттердің айқасын ыждаһаттылықпен қарап отыр едім, жерлестеріне қолдау білдіре айқайлап, құдды бір өзі өнер көрсетіп жатқандай күй кешіп отырған орта бойлы, мығым денелі қазақ қызын көзім шалды. Әлгі қызды сөзге тартып едім, Екібастұздан келгенін айтты. Сол кезде таэквондодан ел біріншілігінде топ жарып жүрген Зарина Сердалиеваның есімі оралып, «Сіз Зарина емессіз бе?» дедім. «Иа, ағай, мен соның өзімін», - деді жымиып. Көктен іздегенім жерден табылды. Өткен жылы осы бір жас спортшыны іздеп, Екібастұзға барғанымда кездесе алмаған едім. Енді, міне, жолым болды», деп бастаған екен мақаласын автор. Мұнда автор Ф.Әміренов өте ұтымды стиль таңдай білген, мақаланың басының өзі оқырманды жылы көңіл-күйгебөлейді, сенім орнатады деп ойлаймыз. Себебі, кәдімгі көркем шығарманың желісіне ұқсаған мақаланың кіріспесі бірден оқырман баурап алатына шындық.

Қазақ баспасөз құралдарының тарихында өзіндік алатын орны бар, тамыры сонау тың игеру жылдарынан бері соғатын спорт басылымы – «Sport» газеті екендігіне сөз жоқ, әрине. Әртүрлі даму, құлдырау кезеңдерінен өткен 1959 жылдан бері тұрақты болмаса да жарық көріп келе жатқан газетті 2010 жылдан бері қайтадан белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы басқарады. Қазақ спортына жанашырлық танытып кележатқан «Қазақ спорты» және «Sport» апталықтарын салыстырмалы түрде қарастырсақ, әр басылымның өзіндік ерекшеліктері мен өзіндік ұстанымдары, ұқсастықтары бар екендігіне көз жеткізу қиын емес. Мысалы, «Қазақ спорты» газетінің әр санында тұрақты жарық көріп отыратын өзіне тән айдарлары бар. Сол айдарлар негізінде тақырыпты аша түсетін мақалалар жарияланады. Мысалы, «Ата мұра» айдары аясында жарық көретін мақалаларда ел тарихында орын алған ірі-ірі жарыстардың маңызы, бәйгелер, жүйрік сәйгүліктер туралы айтылса, «Аймағы мықты ел – айбынды ел» айдарында республиканың әр облыстары мен әр аудандарында өткен турнирлерге қатысқан спортшыларға кеңінен тоқталады. Ал «Sport» газетінде тұрақты түрде жарияланып тұратын айдарлар жоқ десек те болады. Алайда жиі жарық көретін айдарлар жоқ емес. Басылымның өзіндік ерекшеліктері ретінде әр санының спорттың барлық салаларын жан-жақты қамтуға тырысатындығы деп айтуымызға болады. Жетістікке жеткен шебер, танымал спортшылармен, шәкіртінің жеңіс тұғырына көретілуіне ықпал етіп, ерінбей еңбек еткен бапкерлермен сұхбаттар, өзекті мақалалар оқырман сұранысын қанағанттандыратындығы шындық. Мысалы, «Sport» газетінің 2013 жылы 24 қаңтарда жарық көрген № 3 (4272) санындағы екінші бетінде еліміздің, қазақтың атақты балуаны Нұрмахан Тынәлиевтен болған сұхбат жарық көрген. Сұхбатта Нұрмахан Тынәлиевтің күрес киімімен қара терге түсіп тұрған суреті үлкен форматта берілген. Егер суретке мән беріп қарайтын болсаңыз, нағыз қазақы балуанның бет-бейнесін, спорт жолының оңай еместігін байқататын сезімге бөлейді. Сұхбаттың тақырыбының өзі «Маған халықтың намысы қымбат» деп ағынан жарылған Нұрмаханның өз сөзімен берілген. Енді сұхбаттың өзіне келер болсақ. Бүгінгі таңда неше түрлі қазақ тілді журнал, газеттер саны мейілінше көбейіп отыр. Барлығы да әнші «жұлдыздар», «от тілді, орақ ауызды» тележүргізушілер» берген сұхбаттардан ары аса алмай жүр. Тіпті, сұхбаттарының өзі де отбасы, ошақ қасының айналасы. Нұрмахан Тынәлиевтен «Sport» басылымы тілшілерінің алған сұхбатының ерекшеліктерін атап өтсек. Сұхбат: «Балуандық атам заманнан қазақтың қанына біткен бекзат өнер. Қазақтың қай еркегі күреспеді дейсіз. Бірақ, ауыр салмақта қара күш иесі Қажымұқандай әлемге аты шығып, Әбілсейіт ағалардай күрес өнерінің шыңына шыққандар аз. Бүгінде дүниежүзі балуандары ауыр салмақта шартарапты шайқап жүрген қазақтың «Дәуқарасы» - Нұрмахан Тынәлиевпен санасады. Азғантай ғана уақытта өзінің кім екенін дәлелдеп, грек-рим күресінен әлемнің екі дүркін қола жүлдегері, Азия ойындарының алтын медалін иеленген Балуан Шолақтың ұрпағы болашағынан зор үміт күттіреді. Тіл-көзден сақтасын дейік, Нұрмаханның алар асулары әлі алда. Осыған орай балуанның қазіргі Лондонға дайындығын өз аузынан естігенді жөн көрдік» деп, басталған екен. Тілші сұхбат барысында оқырмандар үшін қызықты, тартымды, ойлы сұрақтар қоя білген. Бүгінгі таңда көп жағдайда көрініп жүргендей сұхбат алдын-ала дайындалып, құрғақ сөздер мен жаттанды, қарабайыр сұрақтар аумағында дамымағандығы қуантады. Десек те, жауаптан сұрақ туып, әдемі бір үдеріспен жалғасын тапқан сұхбаттың мағыздылығы мен мазмұны ерекше. Жарыстардағы әділетсіздіктер, ұтылған белдесулер, Нұрмаханның басым түскен кездегі сезімдері, боз кілем тартыстары туралы әңгіме болып келіп, сұхбат соңына қарай: - «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» дейді халық, шаңырақ көтеріп, анаңның қолын ұзартатын жасқа да келіп қалыпсың... деген жанкүерлер үшін маңызды, әрі қитұрқы сұраққа Нұрмахан: «Шынымды айтайын, әзірше үйлену туралы ойланбаппын да. Маған шыға қоюға дайын тұрған қалыңдығым да жоқ. Мүмкін Олимпиададан кейін ойланып көруге болатын шығар. Бірақ, қазір маған жеке басымның жағдайынан гөрі, халықтың намысы, Олимпиада алтыны қымбат болып тұр» деп, тартымды жауап бере білген. Қайсыбір басылымдардағыдай «қызың бар ма, аты кім, ол да өнер адамы ма, тойың қайда өтеді, қанша қонақ шақырасың?» деген сынды мәнсіз-мағынасыз сұрақтарға қарағанда жоғарыдағы журналистің ым-ишараты сәтті шыққаны анық. Одан әрі де, балуанның әзірге үйлену жайлы ойы жоқ екенін білген тілші қазбаламай, өзге сұрақ қойып, жабулы қазанды жабулы қалпында қалдырған. Сондай-ақ, аталмыш материалдың тағы бір ұтымды тұсы – балуанның жеке жетістіктері, туған жері, туған жылы жөнінде қысқаш, бірақ толық, нақты мәлімет берілгендігі. Сұхбаттың төменгі жағында: «Туған жылы, айы, күні: 1988. 01. 10. Туған жері: Жамбыл облысы, Шу ауданы, Төле би ауылы. Жетістіктері: 2009 жылы «Иван Поддубный», Голден Гран При турнирлерінің қола жүлдегері. Әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері «Мәскеу, 2010), (Ыстамбул, 2011); 2010 жылғы Азия ойындарының чемпионы (Қытай, Гуанчжоу)» деген анықтаманы да бере кеткен.

Осы басылымның 2012 жылы 24 қаңтардағы №3(4712) санында белгілі спортшы, бокстан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Бекжан Кібітқалиевтің берген сұхбаты жарияланған. Материал Оңтүстік Қазақстан облысының тілшісі Тағабай Қасымның жеңімпаз жетістіктері, оның қатысқан чемпионаттары туралы толыққанды ақпарат беруімен басталған. Сонымен бірге автор жас спортшыға қарапайым да, керек сұрақтарды қоя білген. Тілші қойған сауалдарға көкірегінде намысы бар, қайсар спортшы еркін және байсалды жауап бергені байқалады. Сұхбат тақырыбы: «Боксқа Артаевтың арқасында келдім». Сұхбаттың тақырыбынан-ақ Бекжанның боксқа қалай келгенінен хабардар болсыз. Сұхбатты оқығанда мақсаты айқын, атқарар міндетін нақтылай білген қазақтың нағыз алаш баласының ұстанымы мен адамгершілік қағидаларынан мол мағлұмат алуға болатынымен ерекше екендігі анық. Спортшы өзінің Қазығұрттың баурайындағы Рабат ауылының тумасы екенін мақтан тұтанындығын айта келіп: «Шынымды айтайын, 2004 жылы Афиныда өткен Олимпиада ойындарында Бақтияр Артаевтың атой салып, Баркер кубогын иеленуі маған ерекше әсер етті. Бақтияр ағамның шаршы алаңда дауыл туғызып, түйдектете соққылайтын әр жекпе-жегін теледидардан тамашалап отырып, бокстың арбауына ергенімді өзім де аңдамай қалдым. Сол сәттен бастап әр күнімді текке өткізбей, дамылсыз дайындалуға кірістім» - деп, бар сырын жасырмай ақтара білген.

«Sport» газетінің өзіндік ерекшеліктері көп-ақ. Басылымның әр беттінің маңдайына бір сөйлемнен тұратын спорт әлемінде орын алған негізгі жаңалықты оқырман назарына оңтайлы бере біледі. Кейбір маңызды жаңалықты форматы кішкентай 1х2, 2х3 пішінді суретпен безендіреді. Мысалы, 2012 жылы 24 қаңтардағы №3[4712] санының екінші бетінде «Астана» командасы алдағы жылы Дакар-2012 авторалиіне қатыспауы мүмкін, бірақ «Африка рейс» авто бәйгесінде бақ сынайды» деген ақпарат берілген. Осы нөмірдің алтыншы бетінде «Бендиден Алматыда өтетін әлем біріншілігінде Оралдың «Ақжайығынан» екі ойыншы өнер көрсетеді» деген мәлімет орналастырған. Осындай жаңалықтар мен ақпараттар газеттің әр санында, әр бетінде тұрақты жарияланып отырады.

«Sport» газет тілшілерінің тіл байлығы, жарық көрген материалдарының стилі, сөз саптауы «Қазақ спорты» басылымымен салыстырғанда жұтаңдау сияқты. Материалдарда ойды қысқа қайырады, көбінене жаттанды сөз тіркестерін пайдаланады. Әрине, екі басылымның бағыты екі түрлі, десек те «Қазақ спорты» ұлттық өнерді дәріптейді, соның сойылын соғып, көсіле жазады, терең талдамалы материалдарды көбірек, тебірене беретін болса, «Sport» апталығы бір аптада орын алған әлемдік және отандық жарыстарда бақ сынаған спортшыларымыздың жеткен жетістіктері, дайындығы, жеңіске жеткені мен ұтылысы сынды мәселелерді жіпке тізгендей етіп баяндайды. Дегенмен, «Sport» газеті материалдарында жай сандарды тізбектей бергенше, оқырман сусап отырған жанды-жанды тақырыптарды көтеріп, талдап, сараптап бергендері дұрыс па еді деген ойда қаласың.

Мысалы, 2012 жылы 24 қаңтардағы №3(4712) санында жарық көрген Т.Әділбекұлының «Сегіз балуанға сенім артамыз» атты мақаласында: «Қазақстан құрамасының дзюдошы қыз-жігіттері қаңтардың 14-15-і күндері Алматыда өтетін «Шеберлер турниріне» қатысқан болатын. Әлемнің ең мықты деген балуандары бас қосқан додада әр салмақта алғашқы бестікке кірген балуандарға рейтингтік ұпайлар үлестірілген-ді. Өкінішке орай, сол сында біздің алты балуанымыз ғана үздік бестіктің қатарына қосылып, өздеріне тиесілі ұпайларын алған» екендігі айтылған. Сонымен бірге автор осы жарыстан кейін халықаралық дзюдо қауымдастығы әлемдік рейтингке түзету енгізіп, Қазақстанның ерлер құрамасындағы Асхат Житкеев баптайтын еліміздің дзюдошы жігіттері Лондон олимпиадасына толық құраммен баратындығын қуана хабарлайды. Ұлттық құрамада белдесіп жүрген жеті жігіт те рейтинг бойынша алғашқы жиырма екі балуанның қатарына енгендігі қуаныш, «Олимпиадаға қатысатын жиырма екі балуанның қатарына кірдік деп» балуандарымызға арқаны кеңге салуға тағы болмайтындығын да ескерткен. Себебі, халықаралық дзюдо қауымдастығының күнтізбесі бойынша осы жылдың мамыр айына дейін әлі де бірнеше халықаралық турнирлер өтетіндігін, соның нәтижесінде қазіргі көрсеткіштер өзгеріске ұшырайтындығын назардан түсірмеу керектігіне де мән береді. Әрбір өткізілетін турнирлерден жүлделі орын алмайтын болсақ, рейтинг көрсеткішінен тысқары қалу қаупін де ескерген жөн екендігін нақтылай білген. Бастысы сол жарыстарда намысты қолдан бермей, рейтингтік ұпайларды ұлғайта беру абзал екендігі балуандарымыз мамыр айына дейін жиырма екі балуанның қатарынан шығып қалмау керектігін ел күтіп отырғандығын байсалдылықпен дәлелдей білген.

«Алматыда өткен «Шеберлер турнирінде» жүлделі орыннан тыс қалған 60 келі салмақтағы Еркебұлан Қосаев әлемдік рейтингкте 17-орында тұрғанымен, олимпиадалық рейтингкте 13- і болып тіркелген. Ал 66 келі салмақта өнер көрсететін Серкей Лим олипидалық рейтингкте 18-ші тұр. Бұл дегеніміз, Еркебұланның да, Сергейдің де Лондон Олимпиадасына қатысатын мүмкіндігі бар деген сөз. Сондай-ақ, 73-келідегі Ринат Ибрагимов те Лондон Олимпиадасына баратын балуандардың қатарында. Ринат әлемдік рейтингкте 26-орында болғанымен, Олимпиадалық рейтингке 19-шы болып кірген. 81 келіде күресетін Ислам Бозбаевтың да әзірше Лондонға жолы түсіп тұр. «Шеберлер турнирінде» Бозбаев бестікке кіре алмады демесеңіз, олимпиадалық рейтингкте ол 13-ші орнын сақтап қалды. Егер ислам Алматыдағы жарыста кем дегенде үшінші орын алғанда рейтинг бойынша ең үздік он балуанның қатарына қосылатын еді...» -деп, көптеген халықаралық турнирлерде олжа салып жүрген Тимур Болаттың да Алматы төрінде жолы болмағанын, Тимурға рейтингктегі нәтижесін жақсарта түсу үшін алдағы болатын халықаралық турнирлерде оза шабуы тиіс екендігін айта келіп, әзірге Тимурдың олимпиадалық рейтингкте бар болғаны 16-орынды иеленіп отырғандығынан мәлімет береді. Мақалада Қазақстан дзюдошыларының ішіндегі шоқтығы ең биік тұрған 2009 жылы әлем чемпионы атанып, 2011 жылы әлемнің күміс медаліне қол жеткізген Максим Раков (100 келі) екендігі, ол Алматыда өткен «Шеберлер турнирінде» өзінің шын шебер екенін дәлелдегендігін де мақтан тұтады. Дәл осы жарыстың алдында Максим рейтинг бойынша 4-ші тұрғандығын, Алматыдағы жеңістен кейін ол ресейлік Сергей Самойлович пен жапон жігіті Анай Такомасаны ығыстырып, голландиялық Хенк Гролдан кейінгі екінші орынға көтерілгендігінен де хабардар етеді. Осыдан кейін Максимге Лондон Олимпиадасының есігі ашық екендігін, ең бастысы, М.Раковке Олимпиада ойындарына дейін өзінің денсаулығын күтіп, жарақат алып қалудан абайлап, бабын жоғалтып алмау керектігін де басты назарда ұстау қажеттігін ескертеді.

Мақалада аса ауыр салмақтағы алыптардың арасында (+100 келі) Ержан Шынкеев те Лондонға баруға бір табан жақын тұрғандығын, «Шеберлер турнирінде» үздік бестікке кіріп, қоржынына 60 ұпай салған ң олимпидалық рейтингкте 19-орындағы Ержанның өнерінен де көп үміт күтетіндігімізді жасырмайды.

Автор әйелдер арасындағы сайыс туралы да деректермен таныстырады. Еліміздегі бұрымды балуандардың жағдайы мәз еместігін, тек 78 келіден жоғары салмақта күресетін Гүлжан Иссанованың ғана Лондонға баруға мүмкіндігін, оның олимпиадалық рейтингкте 12-орында тұрғандығын айтады. Ал, басқа салмақтағы бұрымды балуандардың нәтижелерінің көңіл көншітпейтіндігін, мәселен, 48 келі салмақтағы Александра Подрядованың көрсеткіші олимпиадалық рейтингте 21-орынға сәйкес келетіндігін, ал, 52 келі салмақтағы Келбет Нұрғазина 31-орында, Динара Минғазова – 29-орында тұрса, 63 келі салмақтағы Зарина Әлдікованың көрсеткіші – 24-орын, сондай-ақ, 70 және 78 келіде бақ сынайтын Мәриям Ордабаева мен Ғалия Үлментаевалар өз рейтингтері бойынша 23-орынға орналасқандығынан да хабардар етеді [20.3-б].

Мақала мазмұны дзюдодан Алматыда өткен ірі жарыста өнер көрсеткен ел спортшыларының жағдайы туралы. Автор мақала басында еліміздің ерлер құрамасының жеті балуаны түгелдей Лондонға баратынын айта келіп, олардың жарыстағы соңғы көрсеткішін талдайды. Мұнда ол олимпиадалық рейтингте алғашқы жиырма екі спортшының қатарына кірген балуандар ғана Англия астанасына аттанатынын, осы тізім қатарына сол уақытқа еніп отырған отандық балуандарымыздың соңғы кезде көрсетіп жүрген нашар өнеріне қарамастан «Лондонға барса болды» деген сияқты мақтауын сеземіз. Әрине, әлемдік додада спортшыларымыз топ жарып жатса ел имиджінің көтерілетіндігі анық. Алайда, әрбір қатысқан спортшыға ел қазынасынан қомақты қаржы бөлінетіндігін ескерсек, алғашқы жиырма екі боз кілем шеберлерінің ішінде тек 18-ші, 19-шы, 20-шы орында тұрған балуандарымыздан қандай жүлде күтуге болатындығы айтпаса да түсінікті емес пе? Оның үстіне, Алатау бөктерінде өткен Олимпиада ойындарында көрсеткен өнерлерінің деңгейінің төмен болғандығын, деңгейі әлдеқайда төмен әлемнің мықтылары жиналмаған жарыста алғашқы бестікке ене алмай жатқан жігіттерімізді төртжылдықтың басты бәйгесінде олжа салады дегенге сене алмайтындығымыз да шындық. Мақала авторы болса Асхат Житкеев баптайтын балуандарымыздың әлемдік және олимпиадалық ұпай көрсеткіштерін атап, Лондонға баратындарын тізбектеуден ары аспаған. Біздің ойымызша, мұнда санға қарағанда сапаға көңіл аудара отырып жазу керек сияқты. Олардың туған жерінде өз жанкүйерлерінің алдында өнер көрсете отырып, боз кілемде жауырыны жер иіскеп жатқандарын сынау аз. Осыған байланысты төл спортшыларымыздың дайындық деңгейі төмен екенін, дзюдо федерациясының кемшіліктерін сынай отырып, жазу керек еді. Нәтижелері мардымсыз сегіз балуанның орнына жалғыз америкалық жүзуші Бейжің Олимпиадасында жалғыз өзі сегіз алтын медаль алған Майкл Фелпс сынды спортшы керек екендігін мәселе етіп қою қажет. Дегенмен автордың бұдан кейін 100 келі салмақта күресетін Максим Раковтың аталмыш жарыстағы жеңісін зор мақтанышпен елге жеткізуі құптарлық. Жанкүйер ретінде біздің елге өз-өзін төмен бағалау сезімінен арылу қажеттігін айтқымыз келеді. Жеңген, әр жарыста фаворит саналған өз спортшыларымыздың ерлікке пара-пар еңбектерін паш ету, насихаттау мәселесіне аса мән беру қажет-ақ. Барлық отандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері осы мақсатта қызмет атқарғаны игі. Мәселен, Максим Раков 2009 жылғы әлем чемпионы, 2011 жылғы дәл осы жарыстың күміс жүлдегері яғни, бұл турнирде оның алтыннан алқа тағынуы – заңдылық. Аса ауыр 100 келіден жоғары салмақта Ержан Шынкеевтың «Шеберлер турнирі» қорытындысы бойынша алғашқы бестікті толықтырып, 60 ұпайды алған Олимпиадаға жол тартатын 22 спортшының 19-шысы болғанын тебірене жазғаннан гөрі, кешегі Балуан Шолақ пен Қажымұқан Мұңайтпасов, Әбілсейіт сынды түйе балуандардың қазақ ішінен ізбасарлары табылмай тұрғанын, амалдың жоқтығынан әлемнің бар-жоғы 19-шы балуанына сенім артуымызға тура кеп тұрғанын ашына жазу керек еді. Осы тұста дзюдо әлемге футбол сияқты кең таралмағанын ескерсек, оның үстіне, аса ауыр салмақта балуандардың аздығын есепке алсақ, Ержанның шамасы байқалып-ақ тұр. Мақала соңында автор әйелдер көрсеткішіне ат басын тірейді. Мұнда тек бір ғана қызымыздың Лондонға баратын мүмкіндігі бар екенін айтып, қалағандарының (сол баяғы) олимпиадалық рейтингіне тоқтала берген. Кешегі жаугершілік заманда атқа міне салып, жауына тура шапқан батыр қыздарымызды, сұрапыл соғыс жылдарында ерлерімізбен иықтірестіре жүріп соғысқан нәзікжандыларымыздың бүгінгі бейбіт тірлікте сондай ерлікке баратын намысты, батыр, алғыр арулардың жоқтығын қынжыла жазу керек еді. Одан қала берді, күрес қазақ қыздарына жат өнер емес. Әлі күнге дейін оңтүстік өңірлердің кейбір аудандарында үлкен жиын-тойларда кемпірлер күресі ұйымдастырылып, белдеріне орамалдарын белбеу етіп байлаған апаларымыз шаршы алаңға шығып белдесіп жатады. Осындайды халыққа жеткізудің арқасында ел санасын оятып, жас өрендерді күреске баулуға болатындығын, бүгінгі таңдағы дзюдо спортымыздың жағдайы мәз болмағанымен, болашақта көтеру қажет екендігін жетер жеріне жеткізіп жазу керек.

Автордың сөз саптауы мен тіл байлығының құнарсыздығын да байқау қиынға соқпайды. Мақаланың басыган аяғына дейін күрес өнеріндегі спортшыларды «балуан» деп қана атаған, ал қыздарға келгенде «бұрымды балуан» тіркесін пайдаланған. Шындығында «боз кілем шеберлері», «спортшы», «жауырыны жер иіскемеген», «апайтөс дзюдошы», «жапон күресінің майын ішкендер», «спорт шебері» т.б. басқа терминдерді пайдаланса дұрыс болатыны сөзсіз. Тағы бір назар аударарлық қателік «олимпиадалық рейтинг» тіркесін жазудан ерінбегені байқалып тұр. Тіпті, бұл сөз материал бойында отыз рет қайталануы әрине, үлкен қателік екені даусыз. Бұл сөздің орнын «аталмыш тізім», «олимпиадашылар», «үздіктер қатары», «жолдама иегерлері», «қауымдастық қортуы бойынша», т.б. теңеулерді қолдануға болар еді.

1959 жылдан бері жарық көріп келе жатқан «Спорт» газетінің қазақ тіліндегі жалғасы «Sport» басылымын соның тікелей ізін басушы деп орыс тіліндегі «Спорт» апталығын атауымызға болады. Несіп Жүнісбайұлы жетекшілік ететін аталмыш газет қазақ тілінде басылатын «Sport» басылымымен үндес, мазмұндас болғанымен, өзіндік ерекшеліктерін де байқауға болады. Бірінші кезектегі ерекшеліктер тілшілерге байланысты екені даусыз. Қазақ тілді тілшілер байсалды, мақаланы қатты «айғайлатпай» беруге қалыптасқан, орыс тілді журналистер мүмкін менталиттеріне сай болар «түймедейді түйедей» етіп көрсетуді, кей кезде бар кінәні төрешіден көруді әдетке айналдырған. Осыдан бір мәселе жөнінде жазылған газеттің екі бірдей мақаласының мазмұны екі бөлек болып жатады.

«Спорт» апталығының 2012 жылдың 17 қаңтарында жарық көрген №2(4237) санындағы Ибрагим Аскаровтың «Как «Волки сьели «Матадоров»» атты мақаласында бокстан еліміздің кәсіпқой клубы «Астана Арландарының» Лос-Анджелестің «Матадорларын» айқын есеппен ұтқаны айтылады. Ал осы жарыс туралы қазақ тілді басылымдарының дәл осылай «Қасқырлар Матадорларды қалай тамақтады?», «Матадорларды жайратқан жүйріктер» немесе «Арландардың тісінде қалған Матадорлар» сынды тақырыпта жарық көрген мақаланы оқы алмадық. Бұл жәйтті екі жағынан алып қарастыруға болады. Жалпы қазақ халқының мінезіне, металитетіне дарақылық, аты-жөнсіз мақтану, жеңіске масаттану, тояттану деген сияқты қасиеттер тән емес. Қайта керісінше алаңда ұтылған, жауырыны жер иіскеген, мақсатына жете алмаған спортшыға бүйрегіміз бұрып, жанымыз тез ашиды. Бұл – қазақтың билеуші, жаулаушы халық емес екенінің белгісі болса керек.

Бүгінгі нарықтық экономика заңдарына бағынбасқа шара жоқ, баспаханадан шыққан әр өнімді «тауар» деп санасақ, біздің қарастырып отырған газетіміз де – тауар болып табылады. Ал, осы тауар нарықта ұзақ сұранысқа ие болуы үшін бәсекелестікке төтеп беруі тиіс. Сол себепті де, басылымда жарық көрген әрбір мақаладағы отандық спортшылдардың жеңілісі, туралы оқырман назарын аударарлықтай «айқайлаған» тақырыппен қоя отырып оқырманға ұсыну – ең алдымен, сұранысты арттырады, қызығушылықты оятады. Сайып келгенде, өз табиғатымызға тән мақатана білу, өз мінезімізге сай сынай білу қажеттігін журналистер пайдалануға тиіс.

«Как волки сьели «Матадоров»?» мақаласының тікелей өзіне келер болсақ, тақырып астына жалпы мәтіннен үлкен қаріппен орын алған жайға қысқаша тоқталатын мәтін берілген. Мысалы: «Минувшую субботу боксеры казахстанской команды «Астана Арланс» взяли убидительный реванш у калифорниского клуба «Los Angeles Matadors» - 4:1. Пять супер-поединков столичного клуба, динамичных, зрелищных и потрясающих по накалу страстей не оставили равнодушными трибуны спорткомбината «Даулет» в г. Астана, а также многочисленную телевизионную аудиторию».Бұл мақаланың өзіндік ерекшелігі мен өзгелерден бағын асырып, шоқтығын биіктетіп тұрғаны өзгешелігі – әр бес боксшының шаршы алаңдағы өнеріне тоқталып өткен соң әрбір былғары қолғап шеберінің кездесуі аяқталғаннан кейінгі берген сұхбаты. Сонымен қатар, көлемді мақала кездесу алдындағы жағдайды, бапкерлердің берген сұхбаттарын, жанкүйерлердің ағылып жатқан легіне дейін жүрдім-бардым емес, кеңінен жан-жақты сипаттаған. Бес кездесуді бір-бірінен бөліп, әр қайсысының жанына қай салмақтағы боксшылар туралы әңгіме қозғаларын білдіру мақсатында келілік көрсеткіштерін көрсетіп қойған. Мысалы, «73 келі» деген тақырып аясында Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Қанат Ислам, «+91 келі» тақырыбында аса ауыр салмақта өнер көрсететін Руслан Мырсатаевтардың жұдырықтасуын оқырманға ұсынады.

Ибрагим Асқаровтың аталмыш мақаласы оқырманды бірден еліктіріп кетеді. Мұнда мәселе, қазақтың бокс спортында жеткен жетістіктері туралы мәлімет берілген. Автордың өз материалында оқып отырған әр оқырманды дәл сол «Дәулет» спорт кешенінде отырғандай етіп, сезіндіріп, жан-дүниесімен төл спортшыларына жанкүйерлік таныту сезіміне бөлейді. Оған себеп, әр кездесуді бастамастан бұрын отандық спортшының қарсыласы туралы мәліметтермен таныстыру арқылы оның да қара жаяу, құр алақан емес екенін атап өтеді. Өзіміздің жігіттермен терезесі тең өнер көрсете алатынын атап өтіп, атақ-даңқтарына баса назар аударған. Осындай сипаттаулармен танысқан оқырман қауымның тартысты кездесу өткенін жақсы түсініп, біздің былғары қолғап шеберіне де оңай тимегенін түсініп, барынша алаңдап отырады.

Мәселен, «61 кг.» тақырыбындағы мақала бөлігінде «кештің екінші кездесуінде Мерей Ақшалов пен «Los Angeles Matadors» клубының украиналық легионері Леонид Мальков жекпе-жегінде «өзара кім мықты?» сұрағына жауап табылғандығын айтады. «2007 жылғы азия чемпионы, Бейжің Олимпиадасының қатысушысы Мерей Ақшалов ел ықыласына динамалық Эдуард Хусаиновты айқын басымдықпен тізе бүктіргеннен кейін бөленген. Кездесу бір сарынды, қос боксшы бірін-бірін ұстап қалып жатқан сәттерге толы өтті. Оның үстіне, Мерейдің қарсыласының бойы бір бас төмен еді. Содан болар, көбіне-көп біздің жігіттің қолтығының астына кіріп кетіп, шығарында Ақшаловтың ұзын қолдары тиіп кетпесін деп қорғанып бақты. Бесінші раундтағы көрініс пен бірінші раундтағы бокстың еш айырмашылығы болмады. Мерей өз дегенінен қайтпай шабуыл үстіне шабуылын үдетіп, соққының астына алса, қарсыласы қашып жүріп, қорғанып жүріп ұрыс салу тактикасын ұстанды. Алайда, М.Ақшаловтың дәл тиген соққылары басым болып, төрешілердің бір ауыздан шешімі бойынша жеңімпаз деп танылды. Екі кездесуде – екі жеңіс» деген жолдардан жарыстың өзінде отырғандай сезімде боласың.

«73 кг. Үшінші болып шаршы алаңға астаналықтардың капитаны Қанат Ислам көтерілді. Оның қарсыласы грузиялық «матадор» Заал Квачатадзе болатын. Бүгінгі таңда Қанатты толық сеніммен жаңа бокс сериясының «накоутшысы» деп атауға болады. Себебі, соңғы жеті кездесуінің бесеуін мерзімінен бұрын аяқтаған. Америкалықтардың Баку өткен жарыстарда көзі түсіп, «қыздай қалап алған» боксшылары өз елінің (Грузия) үш дүркін чемпионы, 2007 жылғы жастар арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, еуропаның қола жүлдегері. Кездесудің алғашқы минуттарынан-ақ осыған дейінгі жекпе-жектердің сценарийі қайталанғандай болды. Қанат жойқын соққыларын пайдаланып, бірінші нөмірмен ұрыс салса, қарсыласы қарымта шабуылдарда өткір, жылдам соққыларымен көзге түсіп жатты. Дегенмен, бар-жоғы екінші раундтың аяқ жағында Қанат Ислам жекпе-жек тағдырын ерте шешуді өз қолына алды. Оң қапталдан соққы жіберіп алған Квачатадзе бір сәтке есеңгіреп қалғанын байқаған біздің спортшы қарсыласына тағы бір жойқын соққы жұмсап үлгерді. Грузиялық техникалық нокаутқа кетті. Осы кезде екінші раундтың аяқталғаннан хабар беретін гонг дауысы да естілді. Алайда, америкалық бапкерлер өз шеберін үшінші раундқа жібермеді» жолдары арқылы жарыстың қаншалықты қызықты болғандығын, қиындығын көрсете білген.

Ал, «54 кг.» тақырыбында кештің бірінші жекпе-жегінде жеңіл салмақта Данияр Тоқбаев пен Джоет Гонсалестің жұдырықтасқандығы хабарлайды. Д.Тоқбаевтың дебютты кездесуі Миланның шаршы алаңында атақты италиялық былғары қолғап шебері Винченцо Пикардиге қарсы өткізілгені туралы керемет сипаттамалар арқылы қазақ баласы жеңілістің кермек дәмін татқанымен мамандардың жоғары бағасын алғандығын мақтанышпен мәлімдейді. Ал Джоеттың «Матадорлар» сапына жақында ғана қосылған жас боксшы екендігі, 2010 жылғы Американың жастар арасындағы чемпионатын жеңіп алғаннан кейін мамандар назарына іліккедігі, өткен маусымда аталмыш жарыстың ақтық сынына дейін жеткенін де мәлімдеген. Сонымен бірге Астана қаласында оның Дүниежүзілік Бокс Сериясындағы тұсаукесер жекпе-жегі орын алғандығын да, бірінші раундта қос боксшы аңдысумен уақыт өткізгендігін, тек екінші бөлікте ғана жанкүйерлер ашық төбелес тамашалауға мүмкіндік алғандығын баяндайды. «Соңғы екі раундта Тоқбаев оң қаптал мен сол қапталдан соққыдан жаңбыр жауғызды. Алайда, тәжірибесі толысқан мұхит асып келген боксшы сауатты қорғана білді. Аракідік өзінің ұзын қолдарын пайдаланып, қарымта шабуылға да шығып қоюды да ұмытпады. Ақтық гонг естілгенде жанкүйер қауым жепке-жекте қайсысы мықты болғанын ажырата алмай дал болды. Екеуі де тең өнер көрсетті бес раунд бойы. Дегенмен, төрешілердің ойынша Тоқбаев сәл мықтырақ, тегеуіріндірек болып шықты. Гонсалес өз кезегінде мұндай шешіммен келіспегендей сыңай білдіріп, артынан Даниярдың қолын алып, трибуна астына кетті».

Міне, автор сол кеште орын алған бес жекпе-жектің үшеуі туралы сипаттаған, жоғарыдағы мысалдар арқылы оқырман жан-жақты жарыстар мен спортшылар туралы мол мәлімет алады. Өткізілген жарыстардың барлығында қазақстандық жігіттердің мерейі үстем болған. Соны автор жай ғана «арландықтар» жеңіске жетті, я болмаса, «айқын басымдықпен жеңіске жетті» демей қарсыласының қандай спортшы екенін, оның атақ-даңқтарын тізіп, осы уақытқа дейінгі өткізген ұрыстарына үңіліп, «Дәулет» спорт кешенінің шаршы алаңында өткен жекпе-жекке барынша кеңінен тоқталады. Онда Мерей Ақшалов өзінің ұзын қолдарының арқасында жылдам соққылар жұмсау арқылы жеңіске жеткенін айтса, Қанат Исламға келгенде астаналықтардың капитанының соққылары тау құлатарлықтай екенін де тілге тиек етеді.

Кейінгі кездері кейбір спорт журналистері қандай спорттың түрі мен жарыстар туралы болмасын біркелкі, сылбыр, ешбір мінезсіз, эмоциясыз айтатын, жазатын болып жүр. Тіпті, қазіргі «Қазақстан», «Хабар», «КТК» телеарналарында жұмыс істейтін спорт коментаторлары да ұлттық құрама ұтылып жатса да мақтау, мадақтауын доғармай, ал ұтып жатса тіптен әлемде бізден асқан команда жоқтай етіп дәріптеуді әдетке айналдырып, жанкүйер қауымының құлағын мезі қылғаны баршаға аян. Ал жекпе-жек жарыстарын баяндауы, жарыстар туралы түсініктеме берулері бөлек талдауды қажет етеді. Бес раунд немесе он екі раунд бойы қоярға жер таппай асыра сілтеп мақтап келеді де, ақтық гонгктан кейін төреші қарсыласының қолын көтеріп жатса, кездесудің әділ өтпегенін алдыға тартады. Бұндай жәйттар тек теле журналистерге тән қылық емес, журнал, газет тілшілері де кейде осындай бассыздыққа барып жататындығы жасырын емес. Біздің пайымдауымызша журналист қашанда обьективті, шынайы болуы керек. Жеңіліс тапқанды «ұтылды» деп, жеңіске жеткенді жеңімпаз ретінде көрсету шындыққа жанасады. Өйткені, журналист қоғамдық пікірді қалыптастыратын мамандық иесі. Тілшініғ бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тарататын ақпараттары оқырмандар сеніміне селкеу түсірмеуі керек. Біз мысалға алып, талдаған мақаланың авторы Ибрагим Асқаровтың 54 кг. салмақта шаршы алаңға шыққан астаналық Данияр Тоқбаев пен америкалық Джоет Гонсалестің арасындағы бес раундтық жекпе-жекті шын мәнінде де қазақы тілмен айтқанда ««ит жығыс» болды» деп әділ бағасын бере білген. Екі боксшының да аянып қалмағандығын, Даниярдың да ұрып та, соққы да жібергендігін, төрешілер шешіміне дейін ешнәрсенің де анық еместігін керемет, нанымды суреттей білген. Шынында да бар ауыртпалық төрешілерге түскендігін де оқырмандарына тәптіштеп түсіндіріп береді. «Құдай сақтап, біздің баланың қолын көтерді, ал егер жекпе-жек шетелде болып жатқанда жағдай басқаша түрге өзгеріп кетуі мүмкін еді. Кездесу тең өтті. Даниярдың қарсыласы да өте тегеуірінді боксшы екен. Көп соққыларын көздеген жеріне дөп тигізіп жатты. Төрешілердің Даниярдың қолын көтеруі – жай ғана оған бүгін сәттіліктің көмектесуі» деп қайырған.

4-практикалық сабақ

Спорт тақырыбына арналған басылымдардың ерекшеліктері

4.1С.Бердіқұлов- спорт журналистикасының негізін қалаушы

4.2 Ө.Жолымбетов- спорт комментаторы

    1. Н.Жүнісбайұлы- Спорт басылымының редакторы

4.4 Спорт бағытындағы басылымдардың ерекшеліктері

Пайдаланылатын әдебиеттер:

Бердіқұлов С. Жұмыр жерде теңбіл доп.–Алматы, 1981.

Бердіқұлов С. 84 жылдың теңдессіз 16 күні.–Алматы, 1984.

Бердіқұлов С. Олимпиадалық шежіре. .–Алматы, 1982.

Жолымбетов Ө. Намыс. – Астана, 2009.

Рысқұлбекұлы Қ. Қазақ боксшылары. – Астана, «Ер-Дәулет», –1999.

Сабақтың мақсаты: Қазақ спорт журналистикасының қалыптасуы мен дамуы мәселесін талқылап, бүгінгі қазақ спорт журналистикасының деңгейіне баға беру

Сабақ барысында талданатын сұрақтар:

1.С.Бердіқұловты неге қазақ спорт журналистикасының негізін қалаушы деп атаймыз?

2.С.Бердіқұловтың спорт тақырыбындағы көркем шығармалары

3.Н.Жүнісбайұлы-редактор, публицист, спорт журналисі

4.Ө.Жолымбетовтың комментаторлық шеберлігі

5.Спорт саласындағы басылымдардың ерекшелігі

4-БАОӨЖ

Жастарға арналған спорт тақырыбындағы журнал шығару(тақырыбы, аты, безендірілуі мен дизайні бағаланады)