Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
хир. стмат. аз. ХТУ.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
35.75 Mб
Скачать

Одонтогенді ісіктер

Пайда болуы тіс жүйесімен байланысты ісіктерді одонтогенді дейді. Олар: жақ кисталары, амелобластома (адамантинома), одонтома, цементома. Кейбір мамандар бұл топқа эпулистерді де қосады.

Жақ кисталары. Киста дегеніміз сыртында қабығы бар сұйық немесе қоймалжың заттан тұратын қуыс ісік. Жақ сүйектеріндегі қуыстардың қабығы екі қабаттан тұрады, сыртқы қабаты тығыз дәнекер тіннен, ішкісі ауыз қуысының шырышты қабаты секілді көпқабатты жалпақ эпителийден құралады. Гаймор қуысына жақын жерлерінде цилиндр тәрізді эпителий де кездеседі. Дәнекер қабат пен эпителий қабатының арасында тамырлар мен лимфоидты элементгерге бай гранулденген тін қабаты кездеседі. Кистаның ішіндегі сұйықтық құрамы холестеринге бай сарысудан тұрады. Жақ кисталары дамуына қарай түбірлік (радикулярлық) сауыттық (фолликулярлық) деп бөлінеді.

Түбірлік кисталар. Көбінесе (94—94%) жағдайда жақтарда кездеседі. Түбірлік кисталардың эпителий тіндерінен даму жолдарының бірнеше тұжырымдары бар: қабыну процесінің салдарынан түзілген химиялық және механикалық тітіркендірулердің әсерінен периодонттағы эпителий элементтері үлкейіп көбейе бастайды. Осының әсерінен микроскопиялық қуыстар ішіне сарысу толып, біртіндеп үлкейіп кистаға айналады. Түбірлік кисталар тіс жегімен бұзылған тістердің немесе бұрын жарақат алған тістердің аймағында кездеседі (59-сурет). Жұлынған тістердің орнында өте сирек кездеседі.

Киста көптеген айлар немесе жылдар бойы баяу, ауруды мазаламай өседі. Сондықтан оның алғашқы сатыларын тек рентген суретіне түсіргенде ғана анықтаймыз.Онда көзге бірден сүйектің бұзылған ошағының көлеңкесі анық түседі. Уақыт өте келе жақ деформациясы науқастың өзінің де, тексерген дәрігердің де, қоршаған ортаның да назарына түсе бастайды. Альвеолды өсіндінің ісінуінен беттің асимметриясы пайда болады. Жалпы тексеру кезінде жақтың альвеолды өсіндісі мен деңесінде таңдай немесе сырт жақ бағытына қарай өскен дөңгелек пішінді артық зат байқалады.

Киста бұршақ пен тауық жұмыртқасының көлеміне дейін кездеседі. Ол даму уақыты мен даму сатысына тікелей байланысты болады. Ісіктің үстіндегі шырышты қабықпен сүйектің беткі қабаты өзгермейді. Уақыт өте келе жұқарған сүйек қабырғасын басқанда сықырлаған (Рунге-Дюпюитрин белгісі) резеңке немесе пластмасса ойыншық (Ю.И.Бернадский белгісі) белгілері пайда болады. Біртіндеп өршіген сүйек семуінің әсерінен кистаның үстіндегі сүйек ақауларын, бетін шырышты қабықпен сүйектің беткі қабаты ғана жапқан терезе пайда болады. Осының салдарынан кистаның жаңа былқылдақ белгісі мәлім бола бастайды.

1892 жылы Парч түбірлік кисталар гранулематозды периодонтиттердің соңғы сатысы екенін дәлелдеді. Себебі өлеттенген қуыстың қабырғасына эпителий жасуша-клеткалары жабысып, гранулематозды тіндер сұйыққа айналады. Осыған орай кистаның түзілуі организмнің қабыну ошағын сау тіндерден оқшаулау қабілеті деп саналады. Қуыс ішіндегі сұйықтық, оның барлық қабырғаларына бірдей қысым келтіретіндіктен геометриялық дұрыс домалақ пішін береді.

1906 жылы Парч 21 түбірлік кисталардың микроскопиялық зерттеу нәтижелерінен кистогранулемадағы эпителий жыланкөз арқылы ішке енген ауыздың шырышты қабығынан дамиды деген тұжырым айтты. Бірақ бұл тұжырым жыланкөзі жоқ жердегі гранулемаларға дәлел бола алмады. Эпителий көзі әрбір тістің периодонтында кездесетін Маляссе эпител-иальдық аралдарынан дамиды деген тұжырым да бар.

Кисталық қуысты жуан инемен тескен кезде мөлдір сұйықтық алуға болады. Осы иненің көмегімен қуыстағы сұйықтықты түгел сорып алып, орнына рентген контрасты зат (йодолипол, торотраст және т.б.) жіберсе қуыс шекарасының анық көлеңкесі көрінеді. Көлеңке мен қуыстың сүйек қабырғасының арасында жұмсақ қабықтың қалыңдығына тең ара қашықтықты байқауға болады. Киста іріңдеген жағдайда жалпы белгілеріне қоршаған тіндердің қызаруы, ісуі, ұйыспа-инфильтрациясы, киста бар аймақтың ауыру сезімі, дене қызуының көтерілуі қосылады. Егер іріндеген киста жедел остеомиелитке өтсе осы аурудың белгілері басым болады. Кистаның іріңдеуі мен қабыну процессінің өршуіне кистасы бар тіс түбірі өзегіндегі инфекция себеп болады. Өзек ішіндегі инфекцияның өршуіне, организмнің иммунобиологиялық жағдайларының, тұмау, улану, гиповитаминоз, хрониосепис, жарақаттар, тоңу, қатты шаршау, ұйқының қашуы т.с.с. әсерінен әлсіреуі жағдай тудырады. Септігін тигізуші факторларға тіске тиген соққы, стоматит, гингивит, жақ сынықтары, гайморит, жақын маңындағы сүйекке жасалған операциялар жатады.

Түбірлік кисталардың клиникалық және рентгенологиялық айқындалуы оның дамуындағы ерекшеліктерге, айналасында қайта қабыну процесстерінің бар-жоқтығына, орналасу ерекшеліктеріне және пайда болған уақытына тікелей байланысты.

Бұл кисталардың көбінесе рентген суретте көлемі онша үлкен еместігі көрінеді. Диаметрі 1,5-2 см кисталар өте сирек кездеседі. Қуыстың ішінде бір немесе бірнеше тістердің түбірлері болуы мүмкін. Себепші тістің ұлпасы түтелдей өлеттенген. Түбірлік кисталар үлкейе келе домалақ пішінін жоғалтады. Олар ұяшық өсінді мен жақ сүйектерінің денесіне ұзына бойына созыла орналасады. Өз жолында тіс түбірлерін ығыстырып немесе оларды айналып өтіп, кейде өзінің ішіне ендіріп те алады. Бұл кездері тістердің тіршілігі мен қуыстың сыртқы кортикалды қабаты сақталады. Киста үлкейген сайын оның көлеңкесінің анықтығы сүйектегі ақаулардың әртүрлі тереңдікте орналасуына байланысты бұзылады. Осындай рентген сурет түбірлік кисталарға тән болмайтындықтан оны амелобластомадан, алып клеткалы ісіктің кейбір түрлерінен, жаратылысы басқа кисталардан айырып анықтауды керек етеді.

Жоғарғы жақ сүйегі кемігінің жұмсақтығыта байланысты онда кездесетін кисталардың көлемі төменгі жақтағы кисталардан үлкен болып келеді. Жоғарғы жақ сүйегі альвеолды өсіндісінің қысымға кедергісі аз болғандықтан ондағы кисталар жан-жаққа қарай өседі. Кез келген жерде орналасқан кисталардың домалақтығының сақталуы олардың пайда болған уақытының ұзақтығына байланысты.

Төменгі жақтың түбірлік кисталарын ең алдымен қуысты адаман-тинома мен сауытты кистадан ажырату керек.

Түбірлік кисталардың емі хирургиялық. Егер кистаның диаметрі 1-1,5 см-ден аспаса оларды отасыз-консервативті емдеуге болады.

1892 жылы және 1910 жылы Парч кисталарды емдеудің екі жолын ұсынды: цистотомия (Парч I отасы) және цистоэктомия (Парч II отасы).

Цистотомия немесе пластикалық цистотомия отасы Парчқа дейін ұсынылған болатын. Ол бұл отаны одан әрі жетілдіріп, оның әр кезеңіне мән беріп суреттеп берді. Сондықтан бұл отаны Дюпюинтрин-Парч пластикалық цистотомиясы деп атаған дұрыс. Соңғы кезде бұл ота өте сирек жасалып жүр.

Цистотомия отасы кезінде кистаның алдыңғы қабырғасын ғана алып, оны ауыздың кіреберісімен немесе ауыз қуысымен бір қылып қояды. Ота кезінде қуыстың ішіндегі қысымды жойып, қуыстың біртіндеп тегістеліп одан әрі мүлдем жойылуына әкеліп соғады. Ота қарапайым, аз жарақатты, науқастар оңай көтереді. Бірақ одан кейінгі ақау сақталып, көпке дейін гигиеналық күтім керек етеді.

Цистотомия жасауға болатын жағдайлар:

1. Қуысының ішінде 3 немесе одан да көп (рентген суретінде) периодонт саңылаулары сақталған сау тістері бар кисталар.

2. Мұрын түбінің сүйегі мен таңдай пластинкасы бұзылған жоғарғы жақтың үлкен кисталары.

3. Төменгі жақ денесінің сүйегі 1-0,5 см-ге дейін жұқарған аумақты кисталар. Бұл жағдайда кистаның қабығын жартылай сақтау жақтың патологиялық сынуының алдын алу шарасы болып табылады.

4. Ауыр стоматологиялық аурулармен сырқаттанған немесе жасы ұлғайған науқастар.

Цистотомия отасына тек себепші тісті ғана дайындайды, басқа тістер қуыстың ішінде болғанымен отадан соң кистаның қабымен жабылған күйі қалады. Төменгі жақтың үлкен кисталарына ота жасау кезінде жақ сынып кетпеу үшін құрсаулар салынады. Операция жергілікті жансыздандыру арқылы жасалады. Көлемі сүйек ақауының көлеміндей шырышты қабық пен сүйектің беткі қабығынан тұратын жартылай сопақ құрақ іріп алынады. Себепші тісті сақтап қалатын болса құрақтың негізін қызыл иекке қаратпауға болады. Себебі тіс түбірін кескеннен кейін осы құрақпен үстінен жабу керек. Сүйек жаңалаштанғаннан кейін бормен және трепанмен қуыстың беткі қабырғасын өз диаметрінен үлкенірек етіп алады. Себебі сүйек жазылу кезінде ақаудың пішіні кішірейеді. Кисталық қуысты жуып, шырышты қабық пен сүйектің беткі қабығынан тұратын құрақты йодоформды дәкемен көмкеріп қояды. Кейбір ғалымдар көмкерілген құрақты кистаның қабығына тігіп қояды. Кистаның қабығын ауыз кіреберісінің шырышты қабығына тігу әдісі де қолданылады.

Отадан 6-8 күннен кейін йодоформды тампон ауыстырылады. Себебі оған сілекей сіңіп, жарадан оқшаулана бастайды. Осы тәртіппен тампон 3-4 рет ауыстырылады. 3 аптаның соңына қарай жараның айналасы эпителий-леніп ауыздың кіреберісімен немесе ауыз қуысымен жалғасқан қосымша қуыстар пайда болады.

Цистоэктомия (Парч II отасы) бұл кистаның қабығын түгелдей алып тастап жараны тігу операциясы.

Цистоэктомия отасын жасауға болатын жағдайлар:

1. Одонтогенді эпителийдің дамуына себеп болған киста.

2. 1-2 сау тістердің көлеміндегі кішігірім кисталар.

3. Төменгі жақтық көлемді кистасы. Кистаның орналасқан жерінде тістер болмауы және жақ үшін денесінің сүйегі сынбайтындай қалыңдықта (1 см-ге дейін) болуы керек.

4. Жоғарғы жақтың көлемді кисталары. Киста бар жерде тістер және мұрын түбінің сүйегі сау болып, гаймор қуысында қабыну процесстерінің нышаны болмауы керек.

Біртүбірлік кисталарды алу алдында түбір өзегін цементті түбірден сыртқа шығарып пломбылау керек. Көптүбірлі тістер мен жарып шыға алмаған тістерді сақтап қалу мүмкін болмаса ота кезінде оларды жұлып тастайды.

Киста аймағындағы сау тістер электр одонтометрмен тексеріліп, токқа тістің әсер етуі төмен болса, тиісті ем жасалуы керек. Мұндай тістердің түбір өзектері себепші тісті емдегендей цементпен пломбыланады. Ота өткізгіштік және жайылмалы жансыздандырулар арқылы жасалады. Жақтың ұяшық өсіндісінің сырт жағынан, негізін өтпелі қатпарға қаратып, жартылай сопақ немесе трапеция тәрізді құрақ кесіледі. Құрақтың көлемі киста көлемінен үлкен болуы керек. Құрақты сүйектен қашау-распатормен сыдырып алады. Одан соң болашақ ақаудың орнын домалақ бормен тесіп сопақ бормен бір-бірін қосады. Дөңгелек пішінді сүйек пластинкасы алынып тасталады. Қуыстың алдыңғы қабырғасы ашылады. Егер сүйекте тесіктер болса қысқашпен кеңітіледі. Кистаның қабығын сүйек қабырғасынан ажыратады, бірақ себепші тіс түбірінің ұшынан ажыратпайды. Кистаның қабығын түгелдей ажыратып болған соң түбірдің ұшы бормен кесіліп кистамен бірге алынып тасталады. Одан кейін қуысты қайта мұқият тексеріп, қабықтың қалғаны болса алып, түбірдің өзегі цементпен пломбыланғанына көз жеткізу керек.

Киста алынып тасталғаннан кейін алдын ала дайындалған тістердің түбірлеріне кесіп алып тастау отасы жасалады. Отадан кейін сүйектің өткір қырларын тегістеп қуысты қан ұйығымен толтырады. Сыдырылған құрақ кетгутпен тігіледі.

Жоғарғы екінші күрек тістен пайда болған кисталар таңдайға өсіп, таңдай сүйегінің сорылуына әкеліп соғады. Ота кезінде кистаның қабығы сүйектің беткі қабығымен етене өсіп кеткендіктен түгелдей алу мүмкін болмайды. Сондықтан таңдай жағынан цистотомия отасын жасаған жөн.

Фолликулярлық кисталар. Одонтогенді кисталардың екінші тобын фолликулярлық кисталар құрайды. Бұлар түгелдей жетілмеген тіс сауыттарының айналасында түзіледі (А.И.Евдокимов). Жақ кисталарының іпгінде бұл кистаның үлесіне 4-6% тиеді. Одонтогенді кисталардың басқа түрлері (аралық, тіс жару кисталары) сирек кездеседі. Фолликулярлық кисталардың табиғаты мен дамуы күні бүгінге дейін белгісіз болып отыр. Кейбір ғалымдардың айтуынша оның дамуы түбірлік кистаның дамуындағыдай сүт тістердің түбір ұшындағы қабыну процесстері себеп болады. Қуыстың эпителийленуі Маляссе эпителий қалдықтарынан немесе тұрақты тіс ұрығының эмалінен түзіледі деп түсіндіреді. Енді бір ғалымдар бұл кисталарды ісіктерге жатқызып, тіс ұрығының даму барысындағы өзгерістері деп түсіндіреді. Фолликулярлық кисталар деген терминді біреулердің айтуынша қабынудың әсерінен, ал екіншілердің айтуынша тіс түзілетін эпителийдің жетілмеуінен пайда болатын одонтогенді кисталарды біріктіретін жинақты ұғым түрінде қарау керек.

Фолликулярлық кисталар түбірлік кисталарға қарағанда көбінесе төменгі жақтың денесі мен бұрышында кездеседі. Кейде бір ауруда бірнеше кистаның болуы да мүмкін. 30 жасқа дейінгі кісілерде жиі кездеседі. Түбірлік кисталарға қарағанда фолликулярлық кисталар сирек іріңдейді. Бұл киста кезінде жас адамның тіс қатарында бір тұрақты тістің жоқтығы байқалады. Көп жағдайда оның орнында сүт тісі сақталған. Түбірлік кисталарға қарағанда сүйектің ақаулануы немесе жұқаруы өте сирек кездеседі. Клиникалық көрінісі мен нақтамасы түбірлік кисталармен бірдей.