Нубууәт
النبويات
Аллаһ Тағала құлдарының арасынан елшілер жіберіп өзінің Мейірімін танытты, Оларға уәхи (Өзінің сөзі, жолдауы) ретінде Өзінің шариғаты мен үкімдерін беріп, оларға өзінің бұйрықтары мен тыйымдарын жеткізуді әмір етіп, оларға Алланың қаһары мен жазасы жайлы хабарлап, Оның разылығы мен сыйына жету үшін оларды раббыларына ұмтылдырды.
Және Аллаһ елшілерді олардың шыншылдығын дәлелдейтін әдеттен тыс ғажаптармен қолдады, оларды, сенімді пікір бойынша, пайғамбарлыққа дейін де, кейін де үлкен, кіші және ішкі күнәлардан сақтады, сонымен қатар немқұрайлық пен Алланы ұмытудан, жүректің дүниелікке ұмтылуынан, анық және құпия надандықтың барлық түрінен, өтірік пен арамдықтан, жалғанға еруден, алдау мен адамдарға жеткізуге бұйырылған Уәхидан бірнәрсені жасырудан сақтады.
Елшіліктің шарттары: ер адам болу, сана жетістігі, ақыл, зеректілік, ойдың күштілігі, бекзат нәсіл, жағымсыз нәрсенің бәрінен пәктік, мысалы, дөрекілік, ата-бабасындағы зина, бәдіктік, алжу және ұзақ уақытқа талушылықтың болмауы, сондай-ақ адамның беделін түсіретін кәсіптің болмауы, мысалы, қан алумен айналысу, және елшіліктің хикметі мен мақсатын бұзатын сипаттардың болмауы, мысалы, кереңдік пен мылқаулық.
Және оларға шыншылдық, күнәдан пәктік, насихаттау мен уәхиді жеткізу уәжіп (міндетті).
Оларда кемшілігі жоқ және жағымсыз емес адами сипаттар [және іс-әрекеттер мен жағдайлар] мысалы, ауру, ұйқы, тамақ ішу, неке қию секілділер болуы мүмкін.
Және рұқсат етілген амал жасауда олар басқаларға ұқсамайды, өйткені, бұл — олардың Аллаға құлшылығы.
Және барлық елшілер мен пайғамбарларға, түсірілген Кітаптардың барлығына түгел иман келтіру — парыз, өйткені жазбалардың саны анық аталмайды, ал солардың ішінен анық бекітілгенді жоққа шығарған адам кәпір болады.
Және біздің мырзамыз және Пайғамбарымыз Мұхаммед, оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын, ол — барлық пайғамбарлардың мөрі (соңғысы) және, ғалымдардың бірауыздан келісілген пікірі бойынша (иджма), мақлұқтардың ең ардақтысы екеніне [иман келтіру – парыз]. Ол жындар мен адамдарға жіберілді, ал періштелерге қатысты пікірде талас бар, және Құран оған түсірілді.
Сәмғият
السمعيات
Олардың жеткізген нәрсесінің бәріне иман келтіру — парыз, мысалы, мукәлләфқа жататын жындардың бар екеніне және олар [Алланың] сыйына не жазасына лайықты болатынына, сонымен қатар күнәсіздығынан күнә жасамайтын Алланың берік құлдары, періштелердің, бар екеніне және олар не ер, не әйел жынысымен сипатталмайтынына сену — парыз.
Сондай-ақ, жауапқа тартылу, сыйға кеңелу немесе жазалану үшін адамның өлімнен кейін өзінің өлімге дейінгі [өмір сүрген] денесімен қайта тірілетініне [иман келтіру - парыз].
Сондай-ақ, қазір де бар және әрқашан болатын Алланың мақлұқтары Тозақ пен Жәннатқа [иман келтіру - парыз].
Сондай-ақ, бұл дүниеде Исламмен сипатталған, тіпті екіжүздінің (мұнафиқ) барлығы қабірде екі періштемен сұралатынына [иман келтіру - парыз]. Ал, күпірлік жасағандарға қатысты пікірде талас бар.
Бұл екі періште — Мункар мен Накир; біреулер: “Мубашшир мен Башир” деді.
Сондай-ақ, Алланы бейнесіз көруге, Хауыз, Сырат көпірі, амалдардың Таразыда өлшенуіне, Пайғамбардың шапағатына, амал кітабына, және елшілер мен Аллаға жақын болғандардың шапағатына, және басқа да мүминдердің шапағатына сену, жаза ретінде бір топ мұсылмандардың Тозаққа кіруіне [иман келтіру - парыз], бірақ мұсылмандар ол жерде мәңгі болмайды.
Өлім — бұл Алланың ісі, тіпті ол басқа мақлұқтың себебінен болса да.
Әр тіршiлік иесі оған берілген мерзім негізінде [өмір сүреді].
Өлгендердің рухтарын Алланың қалауымен Әзраил алады.
Және әр мүминнің жанында оның амалдырын жазып отыратын періштелер бар.
Сенімді пікір бойынша, өлімнен кейін рухтар қалады. Кейбіреулер рухтардың қайта тірілуге дейін өлетінін, кейін денеге қайта оралатынын атап өтті. Және Қиямет күніне дейін игілік алу мен жазалану бар.
Кәпірлер Тозақта мәңгі болады. Расында, “Аллаһ оған серік қосқандарды кешірмейді” [Ән-Ниса:48].
Үлкен күнә жасайтын күнәхар мұсылмандар Алланың қалауында жатыр, және біз солардың ішінен нақты осылар Тозаққа кіреді деп айтпаймыз.
Күнәлар жақсы амалдарды жоймайды, ал үлкен күнәлар жақсы амалдармен шайылмайды, бірақ тек Алланың мейірімі мен тәубе арқылы тазарады, ал бұл — істеген күнәсі үшін өкіну, себебі ол Алланың разылығынан алыстатып, оның қаһарына жақындатады.
Күнәдан бас тартпайынша және оған жақындамауға және Алланың мен Оның құлдарының ақыларын тез арада қайтаруға шынайы ниет танытпайынша, тәубе есептелмейді.
Және бұл мәселеде үлкен көмек болатын мына нәрселер: бұрыс топтардан, әсіресе бірге күнә жасасқандардан алыс жүру, және Алланы еске түсіретін, ахиретке ұмтылған және рухани дамытатын адамдармен достық сақтау, ал бұлар — Алладан қорқатын және құлдардың жүректеріне Аллаға деген қорқыныш иландыратын Алланың әулиелері1.
Мұхаммедтің үмметінен күнәсі үшін ешкім кәпір болмайды, тек Пайғамбардан анық түрде жеткенді жоққа шығарғандардан басқа.
Иман дегеніміз елші хабардар еткен нәрсеге жүрекпен сену, ал күпірлік- соның бәрін өтірікке санау.
Біз ешкімнің Жәннатқа кіруіне куә болмаймыз, пайғамбарлар мен Пайғамбарымыз куәлік еткен адамдардан басқа. Сондай-ақ, осы топқа белгілі салихалылар (әулие) мен ғалымдардың бірауыздан шешкені (иджма) бойынша артынан еруге болатын осы үмметтің имамдары да жатады, өйткені бұл үмметтің иджмасында қателік болмайды. Алланың елшісі айтты: “Кімді сендер ізгі десеңдер, сол Жәннатқа лайықты”2.
Күнәлар үлкен және кіші бола алады. Кіші күнәлар үлкен күнәлардан алыстап, жақсы амал жасау арқылы шайылады.
Біз жақсы не жаман амалдардың парыз екендігі жайлы айтып жатырған жоқпыз. Өйткені, адамда жақсы амалдары таудай бола тұра, оның бір қателігі оны содан тәуелді етеді: не Аллаһ оны кешіреді, не сол үшін жазасын беріп, кейін Тозақтан шығарады.
Пайғамбарымыз айтып кеткендей, Қиямет күнінің белгілері болады: жалған сөйлеуші біркөзді Дәджәлдің пайда болуы, күннің Батыстан шығуы, хайуанның шығуы, Фатиманың ұрпағынан (одан Аллаһ разы болсын) бұл дүниені әділдікпен толтыратын Махдидің (оған сәлем болсын) пайда болуы, бұл үмметтің жаңартушысы ретінде Шамда Мариям ұлы Исаның келуі (оған Алланың сәлемі болсын). Ол ешқандай бекітулерді бұзбайды, ол пайғамбарлардың сипаттарымен сипатталады, Пайғамбардың халифтары секілді Құранда негізделіп шешім қабылдайды, және ол Крестті сындырып, шошқаны өлтіріп, джизьяны жояды, және иманнан басқа ешнәрсе қабыл болмайды.
Сахаба, бұл — Пайғамбарымызды көрген мүмин және олардың барлығы әділ. Олар -пайғамбарлардан кейін адамзаттық ең ардақтылары, олардың ішінде ең жақсысы — Әбу Бәкір, кейін Омар, кейін Осман, кейін Әли, ал кейін Жәннатпен сүйіншіленген қалған оны, одан кейін де нақты тізбек айтылады.
Ең жақсы заман — Пайғамбардың заманы, кейін сахабалар заманы, кейін олардан кейінгілердің, кейін солардан кейінгілердің заманы. Және бұл үммет — барлық үмметтердің ең қайырлысы.
Және бұл — мүминдердің наным-сенімінің баяны, адасқандардың бүлігінен сақтау үшін дәлелсіз әйелдер мен балаларға арналып жазылған. Және Аллаһ Тағала осы еңбекті қабыл етіп, Өзінің разылығымен сүйіншілесін, және Өзінің күдер үзген, әлсіз құлын кешіріміне алсын.
Алланың шексіз мейірімі үшін Оған мадақ болсын, мырзамыз Мұхаммедке, оның ұрпағына, сахабаларына және Қиямет Күніне дейін оның артынан шын жүректен ергендерге Алланың сәлемі мен игілігі болсын. Әлемдердің Раббысы, Аллаға, мадақ.
