- •Сот шешендігінің жер дауындағы сипаты
- •Сот шешендігінің жесір дауындағы көрінісі
- •Сот шешендігінің ар-намыс дауындағы көрінісі
- •Xviiі-XIX ғғ Француз заңгерлерінің соттық сөйлеуі
- •Ресейдегі сот шешендігі
- •Қазіргі кездегі сот шешендігі
- •Қылмыстық және азаматтық істер бойынша сотың бірінші сатысындағы прокурор мен адвокаттың сөйлеулері
- •Прокурорлық немесе айыптаушылық сөз
- •Қорғаушылық немесе адвокаттық сөз
- •Қылмыстық және азаматтық істер бойынша соттың екінші сатысындағы прокурор мен адвокаттың сөйлеулері
- •Сот шешендігінің алқаби институтын енгізудегі қажеті
- •Сот шешендігін жетілдіру негіздері
- •Сот сөйлеу сөзінің құрылымы
- •Сот шешендігінің этикасы
- •Судьяның сөйлеу әдебі
- •Айыптаушының сөйлеу әдебі
- •Қоргаушының сөйлеу әдебі
Сот шешендігінің этикасы
Сот төрелігін атқаруда, сот өндірісінде, соттық, прокурорлық және тергеу органдарында адамгершілік нормаларын қатаң сақтап, оларды өз орнымен дұрыс қолдана білудің маңызы өте-мөте зор. Жасалынған қылмысты ашу, қылмыскерді анықтау, оны ұстау, қылмысына қарай әділ жаза тағайындау, оның кейінгі өмірінде мәнді, мазмұнды ғұмыр кешуі үшін дұрыс жолға түсіріп, баулып, тәрбиелеу ісі қоғам мен адам мүдделерінің етене қабысқан өзара бірлігінен туындайды. Сөз жоқ, сот төрелігін атқаратын органдардың өз өкілеттілігін іс жүзінде жүзеге асыру барысында азаматтардың құқықтарын қозғап, белгілі бір тұлғаға мемлекеттік мәжбүрлеу шаралары қолданылатыны аян. Азаматтың ар-ұяты, бостандық-еркіндігі, отбасындағы келісті үйлесімділігі, яки, бір сөзбен айтқанда, тағдыры қылмыстық істер бойынша шығарылатын тергеу қорытындысына тікелей байланысты. Ендеше қылмыстық істер бойынша соттың тергеу қорытындысы заң және адамгершілік негіздерге сүйенуі абзал. Яғни, қылмыстық істерді тергеп, сот шешімін шығарғанда, қылмысқа қарсы күрес шараларын қолдану заң талаптарына ғана емес, сондай-ақ адамгершілік нормаларға да қатаң сәйкес болуы қажет, басқаша айтқанда, сот органдары алдындағы қызметтік мақсаттар занды негізге ала отырып, адамгершілік жолдармен шешімін табуға тиіс.
Міне, осы мәселелер - сот этикасының күре тамыр негізін құрайды. Сот шешендігінің әдебін сөз еткенде, сот этикасының кейбір мәселелеріне тоқталмай, басын ашпай кетуге негіз жоқ. Сот этикасы - кәсіби этиканың ең маңызды салаларының бірі. Ол заңгерлік кәсіби этикаға тән мәселелердің бір алуанын егжей-тегжейін қарастыратын ілім.
Сот этикасы - қылмыстық істерді тергеп, қорытынды шешім шығару барысындағы судьялардың, прокурорлар мен адвокатгардың қызметіне тән ерекше жағдайдағы жалпы адамгершілік нормаларын қолдану, моральдық принциптерді жүзеге асыру туралы ғылым болып табылады. Әлбетте, сот этикасы сот өндірісіндегі қылмыстық іс жүргізуді ғана емес, азаматтық із жүргізуді де қамтиды.
Сот этикасының мазмұн-мәні мен міндеттерін дұрыс түсіну үшін алдымен мынадай маңызы бар мәселелер жігін айқындап, анықтап алған абзал: судьялар, прокурорлар мен қорғаушы адвокаттар үшін олардын ерекше жағдайдағы қызметіне тән айрықша алабөтен адамгершілік нормалары болмайды, бұл тек сот аясындағы жалпы адамгершілік талаптар үрдістерінен туындайды. Жоғарыда, сот этикасы — кәсіби этиканың үлкен бөлігінің бірі дедік. Әр кәсіптік этика өз қызметіне байланысты қолдануы ерекше сипатын табады. Бірақ, бұл, заңгерлерге арналған ерекше кәсіби этика бар болуы керек деген сөз емес, ол жалпы адамгершілік мұраттарға тәуелді деген ақиқат.
Сот шешендігінің этикасына қатысты мәселелер соттағы қызметтік әдептіліктің жалпы адами, адамгершілікке бейімделген құқықтық нормаларынан келіп туындайды. Қоғамдағы қалыптасқан жүйелі тәртіп ережелерін құқық деп атайтын болсақ, ал ол құқықтық санамен тікелей астасып жатыр. Құқықтық сананы қалыптастыратын түп негіз — құқықтық тәрбие. Құқықтық сананы қалыптастыру үшін ең алдымен ұлттың құқықтық мәдениет құндылықтарын игеру ләзім болмақ. Демек, қызметтік әдеп әліппесі ұлттық салт-дәстүрлер негіз болған құқықтық тәрбиеден бастау алады. Қазақтың халық педагогикасындағы құқықтық нормалардың тәрбиелік мәнін ашып, құқықтық мәдениет, құқықтық сана туралы зерттеп, келелі ғылыми-теориялық тұжырымдарымен көрініп жүрген ғалым, профессор Әдібай Табылдиев өзінің «Қазақ этнопедагогикасындағы құқық тәрбиесі» атты еңбегінде былай деп пайымдайды: «ұлтымыздың құқықтық мәдениеті әдептілік ережелер мен зандар, кодекстер, жарғылар, қосымша баптар арқылы қалыптасуымен қатар, халқымыздың қасиетті болмысына сәйкес салт-саналық өнегелі үрдістерімен ерекшеленіп тұр. Жақсы әдет әдепке, әдеп дәстүрге, дәстүр әдет-ғұрыпқа, әдет-ғұрып салт-санаға айналып, заңдылықпен қалыптасып, құқықтық заң болып өмір қолданысына айналған. Әдет-ғұрып игіліктері рәсімдер мен рәміздерден, жөн-жоралғылардан, ырым-тыйымдардан көрінеді.
Құқықтық міндеттер, уәждер, борыш, парыз ұғымдары қазақ халқының әдет-ғұрпында құқықтық өмір заңы болып сіңісіп кеткен. Ол кез келген мемлекеттік заң баптарынан әлдеқайда қуатты да құжырлы. Өйткені қалыптасқан дәстүрлер мен салттар дара тұлғаның қажетті түрде орындайтын ұждандық әрекеттерінің көркем көрінісі».
Сөз жоқ, аталған еңбегінде ғалым құқықтық сананы тәрбиелеудің ең түпкі, бастау алар негіздеріне үңіліп, оның берік іргетасы отбасылық тәлім тәрбиеде қаланатынын зерттеп, осы ізгілік бастаулары кейіннен орта, жоғары мектептерде жүргізілетін пәндермен, қоғамдық зандармен айқындала түсетінін меңзейді. Яғни, біз қарастырып отырған мәселеге қатысты сот процесіне қажетті қызметтік әдептіліктің нормалары ұлттық этнопедагогиканың қайнар бұлағында жатқандығын талдап, талғап көрсетеді. Орнымен, орайымен айтылмаса, сөз жетім дейтіндей, реті келгенде айта кететін ойымыздың тобықтай түйіні мынаған саяды: болашақ заңгердің ертеңгі бейімдік қызметіне қажетті құқықтық кәсіби әдептің төркіні халқымыздың әдет-ғұрып, салт-санасында жатыр. Бұл болашақ заңгердің құқықтық әліппесі деуге болатындай.
Соттағы сөйлеу әдебі сот әділдігімен тамыр тартып жатқан, соттың шынайылығына тәуелді, онымен біте қайнасудан туындаған айқын да жарқын құбылыс. «Заңдық тұрғыда тура, этимологиялық мағынасында алғанда «сот әділдігі» деп нақты дәделдерге, өмірдегі оқиғаларға, адамдардың іс-қылығына құқық нормасын қолдануды айтады. Сот әділдігі заңға дәлме-дәл сәйкес жүзеге асырылады. Сонымен «сот әділдігі» дегеніміз — соттың азаматтық, қылмыстық істерді шешу арқылы жүргізілетін мемлекет қызметінің айрықша бір саласы. Ол заңда көрсетілген әдістермен көрініс табады. Сот мәжілістерінде, біріншіден, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға байланысты азаматтық істерді қарау және шешу арқылы; екіншіден, қылмыстық істерді қарау, сотталушының кінәлілігі туралы мәселені анықтау, қылмыс жасағаны үшін кінәлі адамдарға занда белгіленген жазалау шараларын белгілеумен, не кінәсіздерді ақтау жолымен жүзеге асырылады. Демек, сот мәжілісі — сот әділдігіне қол жеткізетін заң түрі. Сот әділдігін жүзеге асырудың жалғыз-ақ жолы істерді сот мәжілісінде қарау». Міне, осы сот мәжілістерінде судьяның, прокурордың, адвокаттың сөйлеу әдептері өзіне тән түрлі белгілермен айқын көрініс тауып жатады. Сот төрелігін жүзеге асырар сот қызметінде адамгершілік нормаларды қатаң түрде сақтап, оны өз мәнінде қолданып отырудың маңызы айрықша болады. Сот шешімдері мен үкімдері, айыптаушы мен қорғаушының сөздері заң талаптарымен ғана емес, адамгершілік мұраттармен де үстелуі тиіс. Олардың сөздеріне жан бітіріп, бойына қуат беріп, қан жүгіртер, орнымен өрнегін тауып жатар адамгершілік мұраттар — бейнелеп айтқанда, құлақ күйін келтіріп, бұрап қойған домбыра шегімен тең. Заң талаптары мен адамгершілік мұраттар бір жерден шығып, үндесе үйлесіп жарасым тапқанда ғана сот көгінде әділдіктің ақшаңқан туы желбірейтініне сенім мол. Сот, прокуратура, адвокатура органдарының мақсаттары міндетті түрде заң және адамгершілік мүдделер арқасында байсал табады. Осыдан келіп сот процесін адамгершілік проблемалары тұрғысынан қарастыру талабы, бүгінгідей рухани құндылықтардың орнын материалдық құндылықтар басқан, жан байлығы емес, тән байлығы өлшем болған, ар-ұждан саудаға түскен, адами кемелдік емес, бір ғана сәттің қызығы белең алған, зырылдаған ұршықтай екпіні мен тепкіні қатты, өкімі жүріп тұрған қатал заман кесірінен туындап отыр. Бұл күнбе-күн айтылу да жазылу да керекті зәру мәселелердің бірі. Міне, осы секілді, сот процесіндегі адами мәселелер, моральдық талаптар сот шешендігі этикасынң негізін құрайды.
Әдетте, соттағы тәрбиенің күре тамырын сот этикасы қарастырса, сот шешендігінін этикасы оның кенерлі саласы. Басқаша пайымдасақ, ол жалпы кәсіби этикадан желі тартатын жеке арна. Ол судьяның, айыптаушы мен қорғаушы сөздерінің адамгерішілік аспектілерін қарастырады. Бір сөзбен айтқанда, сот шешендігінің этикасы — прокурор, адвокат сөйлеулерінде жалпы адамгершілік, моральдық нормаларының адамгершілік принциптерінің іс жүзінде жүзеге асуы туралы ілім.
Шынтуайтында, сот шешендігі этикасының көкейкесті мәселелері туралы қазақ тілді салалық ғылыми әдебиеттерде, баспасөз беттерінде айтыльіп та, жазылып та жүргені шамалы екенін мойындаған ләзім. Оның көптеген көкейкесті мәселелерін, көрінбей, ашылмай жатқан көркем қабаттарын қаузау соңғы уақытта енді-енді қолға алынып, айқын жолға қойылып отыр. Десек те, сотқа қатысушы тұлғалардың өз сөйлеу шеберлігін арттырып, сөз ұстартудағы сот шешендігі этикасының алатын орнына әлі күнге жеткілікті түрде көңіл бөлінбей келетінін жасырмаған ләзім.
Сотқа қатысушылардың өзіндік көзқарасын, белігілі бір пікірін білдіретін, бірімен-бірін өзара түсіністіретін негізгі қарым-қатынас құралы — ресми стильмен көмкерілген соттағы кәсіби тіл болмақ. Әсілінде, қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер бойынша өтетін сот процесінде айыптаушы да, қорғаушы да әдептілік нормалары тұрғысынан кәсіптік сөйлеу мәдениетін меңгеріп сөйлей білулері керек. Ол үшін соттағы шешендік өнерді меңгеру — басты талап. соттағы сөйлеу мәдениетінің биік шыңы саналатын сот шешендігі, оның этикасы бүтінгі қоғамымыз, қала берді сот қызметі қажет етіп отырған қазіргі уақыт иініндегі көтерер жүгі ауыр, мәні мен мазмұны терең, сүрмеуі қалың күрделі проблема. Қандай да бір кәсіп, мамандық иесінің атқарар қызметінің түп негізінде адамгершілік-моральдық принциптер жатпаса, оның қоғамға келтірер пайдасының қақ суының сарқыншағындай аз, салмағы білінбейтін бір мысқал іспетті болатыны кәдік. Шешендік қағидаларын талап ететін қылмыстық сот ісіне қатысушы судья пен айыптаушының, қорғаушының кәсіби этикасының мәселелері өзіне айрықша назар аударуды қажетсінетіні де сондықтан. Оларға қойылар моральдық талаптардың мәні әділеттілік, гуманизм, шыншылдық секілді биік адамгершілік мұраттармен үстеледі. Ендеше соттың төрелік айту қызметінде мұндай адамгершілік принциптерді берік ұстану соттың алдына қоятын көп міндеттерінің мазмұнды бөлігін жүзеге асыру болып табылады.
Қазақстан Республикасының қылмыстық процесуалдық заңы жекелеген азаматтарға сот барысының адамдық, тәлім-тәрбиелік ықпалы барын ескере отырып, төрелік етуші судьяға сот процесінің тәрбиелік жағын қамтамасыз етуді тікелей міндеттейді. Мұндай тәрбиелік мазмұн соттың қарауы мен тергеуінде, прокурор мен адвокат сездерінде, сот үкімінде көрініс табады.
Қылмыстық сот ісіне қатысып сөйлеуші тараптардың, тұлғалардың үнемі жадынан шығармай ұстауға қажеттілердің бірі — өз бойындағы туа біткен ең әдемі адами қасиеттерін өмірлік тәжірибесі арқылы келісті көрсете білуде. Өйткені сөйлеу кезінде жекеленген тұлғалар өздерінің табиғи болмысы, мінез-құлқындағы туа дарыған ерекшеліктерін өз сөзіне қоспай, сөйлеушінің өзіне ғана тән игі төл белгілері (тілінің жатықтығы, сөйлеу дикциясы, дауыс қарқыны т.б.) сөйлеу мәнеріне әр бермей тұра алмайды. Әдеп — сөйлеудегі, пікірсайыстағы, пікірталастағы мәдениет тірегі десек, сот процесінде сөйлей білу мәдениетін меңгеру — қажеттілік деп танимыз. Адамның тағдыры шешілетін соттағы дау-дамай, таластарда даттап қарсы пікір айту да, ақтап жақсы пікір айту да қатар жүреді. Шешендіктің айтылмаған заңы бойынша ондайда сөйлеушілер барынша байсалдылық көрсетіп, көңіл күйін орнықты, қалыпты ұстауы қажет. Мұндай мінез — айтылар сөздің тегеурінді, пікірдің тиянақты, түйінді болуының, ізгілік пен әділдік талаптарына сай келуінің кепілі.
Сот процесінің тәрбиелік жағының мүмкіндігінің молдығы, оның ашық түрде өтетін жариялылығымен өлшенеді. «Сот процесі — үгіт-насихат құралдары ішіндегі ең қолайлы түрі. Тіршіліктің қай саласы болмасын, сот процесіндегідей үгіт-насихатты оңтайлы жүргізе алмайды» дейтін белгілі тілмардың сөзі тегін айтылмаса керек.
Сот процесінің көпшілік қауым алдында ашық түрде жария өтуі сотталушы қылмыскер жайында қоғамдық пікірді алдын ала қалыптастырады. Жасалған қылмыс пен қылмыскердің аморальдық болмысы сондағы қатысушылар арқылы таралып, болмаса баспасөз арқылы дүйім жұртқа паш етіліп отырылады. Қылмыскер лажсыз қоғамдық айыптаудың бар зілін, ауырлығын жан-тәнімен сезінуі тиіс. Демек, сот жариялылығының ұтымды жағы деп айқын айтуға тұрарлығы: жеке азаматтардың күнделікті күйбең тірлігінде жеткілікті мән бермеген, елеусіз деп түсінген кейбір келеңсіз құбылыстарға басқаша көзбен қарауына, оларды қайтадан сана елегі мен ақыл безбеніне салып өткізулеріне түрткі болады. Ал сот жариялылығында сөйлей алудың көрнекті орын алатыны болса да түсінікті.
Біздіңше, сот процесі барысындағы соттың қарауы мен тергеуіндегі сот тілмарлығының тәрбиелік жағын екі бөлікке бөліп қарастыруға болатындай, біріншісі — сот процесіне тікелей қатысушылар мен сот залындағы басқа да көпшілік жұртқа бағытталған сот тәлімінің тікелей әсері. Екіншісі — жалпы әлеуметке әсері. Жалпы әлеуметке бағытталған тәрбиелік әсері баспасөз бен радио, теледидар, сот залында отырғандар мен, сайып келгенде, белгілі бір нақты қылмыстық іс бойынша өзіндік, жеке адамдық, айқын позиция ұстанатын тұлғалар арқылы жүзеге асады. Сот тәлімінің жалпы әлеуметке бағытталған түрі сот процесінің жария түрде ашық өтіп, қоғамдық пікірдің қалыптасуына тәуелді. Сондықтан сот процесі барысында қылмыстық іс бойынша айыптаушы не қорғаушы оган тыңғылықты дайындалып, өзінің жүріс-тұрыс мәдениетіне де аса көңіл бөлгені абзал. Бұл факторлар соттың тәрбиелік мәнінің, сот үкімінің де ықпалды болуына негіз береді.
Судьялар, айыптаушылар мен қорғаушылар сотқа қатысушы аудиторияға, қала берді дүйім көпшілікке құқық пен заңның әділетті болатынын, сот залынан шыққан сәтте көкейлеріне құқықтық заңның мызғымастығын, заңға деген сенім мен құрметті ұялатуға кепіл боларлық соттық үгіт-насихатты да бір сәтке де назардан шығармағандары жөн.
Жан-жақты, толыққанды атқарылып, әділдікке жүгінген сот процесінің адамгершілік мән-маңызы орасан зор. Ол — сотталушының моральдық бейнесін, жасаған қылмысының қоғам үшін түбірімен жат екенін айғақтайды. Сондықтан сот процесінің тәрбиелік мәніне судья да, айыптаушы мен қоргаушы да өз сөйлеулерімен үлестерін қосып, оны ұдайы естен шығармағандары дұрыс болмақ.
Айыптаушы мен қорғаушының жасалынған келеңсіз іс-әрекет жайындағы қылмыскердің тұлғасына моральдық-саяси баға бере сөйлейтін сөздері біржақты шықпағаны жөн. Баға бере сөйлейтін сөздері қылмыскерді «ақтап алу» тұрғысында емес, қайта қылмыскер келешекте мәнді, салуатты өмір салтын құратынына мүмкіндік беретіндей болып құрылуы тиіс. Ескертерлігі, қорғаушының соттағы сөйлеуі жалпыға бірдей адамгершілік жайыңдағы жалпылама дәрістік сипат алмағаны дұрыс. Прокурор үшін сотталушының, оның жасаған қылмысының аморальдық жақтарын атап өтуімен ғана шектелуі де жеткіліксіз. Қылмыскердің өзіне, басқаларға да сабақ болуы мақсатында аталған қылмыстың туындауына түрткі болған мән-жайларға да тоқталып өтсе нұр үстіне нұр.
Сонымен, сот мәжілісінде қылмысты бағалауда заңды негіздейтін тіл байлығы ғана емес, ішкі үлкен мәдениеті қалыптасқан рухани жан байлығы да керек. Сөйлеу жүйесін, тіл зандылықтарын бұзбай, бұрмаламай, таза, орынды, орнықты, байыпты сөйлеуге тұғыр болатын сот шешендігі этикасының қарастырар негізгі мәселелері судьяның тергеуі мен үкімінен, прокурордың және адвокаттың сөйлеулерінен желі тартып жатады.
