- •Дәрістер кешені
- •Профессор қ.Жұбановтың ата-тегі, шежіресі туралы хронологиялық кесте;
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Жаратылыс → адам → даму → ой→ тіл → дыбыс // дауыс→ әуен → сөз → еліктеу → қимыл // би → саналы әрекет → күй
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Мақсаты: қ.Жұбановтың «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» атты зерттеуінің «Абай және халық әдебиеті» аталатын 3 тарауында айтылған тұжырымды пікірлердің құндылығын студенттерге ұғындыру.
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Мақсаты: қ.А.Яссауйдің ақындығы туралы зерттеулерге шолу жасай отырып, қ.Жұбановтың яссауйтанудағы өзіндік бағалы орнын студенттерге ұғындыру.
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Мақсаты: қ.Жұбановтың проза жанрында жазылған шығармаларының басты тақырыбы мен идеясын, көркемдік құндылығын, жанрлық ерекшеліктерін студенттерге ұғындыру.
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Мақсаты: қ.Жұбановтың баспа бетінде жарияланған және ұзақ жылдар мұрағатта сақталып, ғылыми айналымға енді түскен мақалаларымен таныстыру.
- •Қ.Жұбанов еңбектеріндегі қоғам және заман көрінісі
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
Ұсынылатын әдебиеттер:
Негізгі әдебиеттер:
С.Негимов. Құдайберген Жұбанов және қазақ фольклоры. // Жұбанов тағылымы. Қазіргі заманғы гуманитарлық ғылымдарының өзекті мәселелері бойынша өткен республикалық «Жұбанов тағылымы» конферецияларының материалдары. Ақтөбе, 1998. – 210 бет.
М.Қаратаев. Патриот профессор. // Қ.Жұбанов. Шығармалар мен естеліктер. Алматы: Өнер, 1990. - 208 бет.
Қосымша әдебиеттер:
Р.Сыздықова. Ғалым-азамат. Алматы: Арыс: 2004 ж. 76 б.
К.Кенжебаев. Ә.Оралбай. Құдайберген Жұбанов. Деректі ғұмырнама. А., «Ана тілі». ЖШС., 2000. – 280 б.
М.Томанов. Қазақ тілі тарихының кейбір мәселелері. // Профессор Құдайберген Жұбановтың 90 жылдығына арналған ғылыми конференция (19 желтоқсан, 1989) материалдары. Алматы: 1990. - 92 бет.
№5 лекция
Тақырыбы: Қ.Жұбановтың халық әдебиетінің ерекшеліктері туралы тұжырымдары
Мақсаты: Қ.Жұбановтың халық әдебиетінің ерекшеліктерін атап көрсеткен ой-тұжырымдары туралы теориялық теориялық мағлұмат беру, негізгі туындыларымен таныстыру. Студенттердің интеллектуалдық қабілеті мен танымдық қызығушылығын арттыру, ғылымдағы гуманистік көзқарасқа ұмтылдыру.
Кілт сөздері: жаратылыс, адам, даму, ой, тіл, дыбыс , дауыс, әуен, сөз , еліктеу, қимыл, би, саналы әрекет, күй
Негізгі мәселелері мен мазмұны:
Халық музыкасының қоғамдық қызметі.
Ел әдебиетінің әлеуметтік қызметі.
Лекция тезисі.
Профессор Қ.Жұбановтың аталған зерттеудегі ендігі көтерген мәселелерінің бірі – халық музыкасының, ел әдебиетінің қоғамдық қызметі турасында. Халықтың салт-санасын бейнелеуші құрал қызметін атқарған музыканың идеологиялық ықпалы өте күшті болған. Осы тұрғыда, Қ.Жұбановтың айтуынша, алдыменен ескеріп өтетін нәрсе – музыканың өзінің шыққан ортасы болмақ. Зерттеуші осы пікіріне орай, музыканың екі түрлі қызметін:
Ән, әуен – көңіл көтерудің, сауық өткізудің құралы екендігі;
Қоғам үшін жұмсалатындығын атап көрсеткен.
Қ.Жұбановтың ғылым тұрғысындағы ой-толғамдарын айқын түсіну үшін біріншіден, төмендегідей тізбектес ұғымдарға көз жүгірте, зерде қуатын бағыттасақ:
Жаратылыс → адам → даму → ой→ тіл → дыбыс // дауыс→ әуен → сөз → еліктеу → қимыл // би → саналы әрекет → күй
Осы тізбеккке көз салсақ, ән мен өлең, би мен күйді өмірге әкелген адам баласы – саналы әрекеттердің арқасында дамудың жоғары шегіне жеткендігін түсінеміз. Алғашқы уақытта адам баласы қоршаған ортаның қыр-сырын түсінбеді, табиғи әлемге тәуелді болды. Біртіндеп қозғалыс үдей келе, адамның санасы қоса дамыды. Таза табиғи күш-қуаты бойына сыймаған адам дыбыстау аппаратын жетілдіріп, жер-дүниені жаңғырта дыбыс шығарды. Дыбысты, дауысты құбылта келе әуен пайда болды. Алдыменен өзара ыммен түсініскен ортада белгілі бір шартты қимылдарға дыбыс қосыла келе сөз туды. Құбылған дыбыс пен сөздің тоғысы әнді де туындата бастады. Табиғи әлемді бақылауды ешқашан тоқтатпаған адам баласы жаратылыстың тылсым күш иелерінің жанды-жансыз әрекеттерін саналы түрде бейнелеу барысында би элементтері де біртіндеп дүниеге келді. Күй өнерінің туындау процесін төмендегідей кестемен көрсетуге болады:
Табиғи Ән
материя → Өлең → Сана абстракциясы → Күй
және оның Би
даму процесі
Өнер өрісі осындай даму сатысымен жүрген тәрізді. Өйткені, күй жанры ой-сана мен өнер атаулының шарықтау шегінде пайда болатын құбылыс. Күй табиғатында әлгі айтылған даму, сезіну, тарих – бәрі астасып жатыр. Домбырада тартылған күйдің жасалу уақыты – адамның табиғатқа құр таңданыспен қараған сәті емес, ол ағаштан түйін түйген шебердің музыка аспабын дүниеге әкелген қабілетінің туындау тұсына сәйкес келеді. Әрине, күй орындалатын құрал белгілі бір уақыттарда магиялық күш-қуаттың иесі деп саналғаны да даусыз. Мәселен, үнді еліндегі сыбызғы сазымен жылан арбаған өнерпаздар да осындай құдіреттіліктің көрінісі. Қазақ арасындағы: «...күмбірлеген домбыраның үні қамыр илеп, нан жайып отырған келіншек атаулының санасын арбағанда, олар не істеп отырғандарынан жаңылып қалады екен» дейтін, немесе «безілдеген қобыз күйінің құдіреті ботасы өліп боздап, суалып кеткен бозінгенді иітіп жіберіпті» дейтін аңыз-әңгімелер де халық өнерінің киелі күш екендігінің айғағы. Осы бір арбаушы күш бір уақыттары бінді қоғам мүшелеріне музыкамен уағыздау мақсатында қызмет етті. Бұл жөнінде Қ.Жұбанов: «Осы күнгі ең жаңа, ең қайсысының да құдайына табыну істері әнсіз, күйсіз өтпейді», – дейді.
Қ.Жұбанов күй жанрының пайда болуы жайлы сөз қозғағанда, алдыменен адамзат тарихына көз жіберіп, белгілі бір дінді тұтынушы халық соған лайық музыканы да қажет еткендігіне назар аударған жөн деп есептейді және оған әр түрлі халықтардың мәдениетінен дәлелдер келтіреді. Мәселен, шамандардың алтай еліндегі Дин әулеті ру басыларының небір түрлі өнерге ие болатындығын айта келіп, ол бақсылар жайында: «Күн райын топшылайтын да, ауруды емдейтін де солар болған. Сонымен қатар халықтың басына келген түрлі жаманшылық, бақытсыздықтан да құтқаратын сол шамандар еді. Ел соғысқа, аңға аттана қойса, жолы болатын қылып жолын оңдап жіберетін де солар. Бұның өзі біздің қазақша бата берудің алғашқы түрі болса керек. Каста жоғалып, ыдырай келе бұл өнерлер жіктеліп, әрқайсысы әр түрлі мамандық болып кетті» - дейді. Сондай-ақ өзіміздің қазақ халқының бақсы-балгерлерінің ем-домының музыкамен тығыз байланысты болғандығын деректейді. «Қазақ халқының бақсы-балгерлері» кітапта осыған орай: «Көрнекті ғалым Құдайберген Жұбанов болса, бақсылықтың басында музыка, үнмен, сазбен қатыстылық, тамырластық жатқанын алдымызға жаяды, сөйтіп, сүбелі ойды темірқазық етеді», - деп жоғары баға берілген. Қ.Жұбанов музыка аспабын құрал етіп аспан астын арбаған шамандар әулеті кейіннен қоғам ішіндегі алуан түрлі зиялылардың аты болып кеткендігін, ежелгі ұйғырларда бұл сөз оқымысты мағынасында болғандығын дәлелдейді.
Ш.Уәлиханов өзінің «Қазақ арасындағы шамандықтың қалдығы» атты еңбегінде: «Шаман – сиқырлық қасиеттерімен қоса, білікті, талантты, басқалардан мәртебесі жоғары: ол ақын да, күйші де, сәуегей және емші де, сегіз қырлы, бір сырлы адам болған. Қазақтар шаманды бақсы дейді, ол сөз монғолша – оқытушы, ұйғырлар бахшы десе, түркімендер осы атаумен өздерінің ақындығын атайды», - деген болатын.
Зерттеуші бақсы сөзінің төркінін зерделей отырып, Гюперлизадеге, Паве де Куртейль сөздігіне, Парижде сақталған ұйғыр-қытай сөздігіне, түрік жазушысы Сүлеймен Әпенді сөздігіне, Вамбериге, Березиннің «Хан жарлықтары» кітабына сілтеме жасайды. Осы пайымдауға сүйенген Ақселеу Сейдембек те бақсы делінетін сөздің өзге халықтарда сауатты, дарынды, ұстаз, ақын-жыршы деген ұғымдарды беретіндігін қуаттап өтеді.
«Бақсы» – түркімен тілінде «багшы» деп айтылады. Бақсылар – Орта Азия халықтарының ішінен шыққан өнерпаздар, әншілер, сказители және ақындар. Бақсы сөзі санскрит тілінен шыққан bhikshu – ұстаз (учитель) мағынасын береді. Будда дінін ұстанған монғолдар, бақсыларды – ұйғыр тілінде хат танығандарды атаған, сондықтан да Шыңғысхан заманынан ХҮ ғасырға дейінгі аралықта, бақсыларды – «канцелярские писцы» деп атаған. Шамандардың арасында бақсы – знахарь, колдун, халық емшісі, ауру адамның денесінен «жынды» музыкалық аспабымен сүйемелдей сиқырлы әні мен ойыны арқылы қуып шығатын деген ұғымды берген. Және олар өздерін бақсы деп емес, шаман деп атаған. Ислам дініне бүкіл Орта Азия бойұсына бастаған уақытта, шамандар өздерінің діни қызметтерін молдалардың «қолдарына ұстатып», өздері халық әндерін айтып, әрі эпикалық жыр-дастандарды қос ішекті аспап – дутармен айтатын жағдайға көшкен. Ал, дастандардың прозалық бөлімін әңгімелеп берген. Халықтың дүниетанымы шамандық көріністерден анық байқалады. Шаманизм белгілері фольклорлық дәстүр мен ауызша тараған поэтикалық шығармаларда ізін қалдырған. Бақсылар – ауыз әдебиетінің шығарушысы және сақтаушысы еді. Халықтың жаппай сауатсыздығы жағдайында бақсылар – классикалық туындылардың нағыз таратушылары болған. Қазан төңкерісінен кейін бақсылардан халық ауыз әдебиетінің көптеген шығармалары жазылып алынған. Сондай-ақ бақсылық шеберлікке үйретудің жолдары да поэтикалық байқаулардан кем болмаған» - деген деректер бар.
Түркімен зерттеушісі Г.Тораева 2004 жылы жарық көрген «Бахши: от учителя до народного певца» деп аталатын зертеуінде мынадай деректерді ұсынады: «Түркімен тарихында бақсыларға аса маңызды орын беріледі. Бақсылардың елге сіңірген еңбектері, ұлттық әдебиеттің бай қазынасын сақтай білгендіктерімен өлшенеді», – деп баға берген.
В.Беляев пен В.Успенскийлер «Түркімен музыкасы» еңбегінде бақсылықтың түп тамыры тым тереңде жатқанын оғыздарда сақталған дәстүрді мысалға келтіруімен түсіндіреді. Бұл дәстүр бойынша ерте кезде бақсылар түйдікте отырып алып бір-біріне тура қарап сарнап әндететін болса керек. Виктор Александрович Успенский (1879-1949) 1925 жылы Түркменстанға шақырумен келіп, ел мен жердің өнер тарихымен терең таныс болу мақсатында экспедицияға шыққан. Ән мен күйдің, өнердің жайымен ғана таныс болып қойған жоқ, ХҮІ-ХХ ғғ. бақсылар тарихы туралы да зерттеулер жүргізген. Жалпы саны 115-ке жуық түркменнің мәдени мұрасы жөнінде деректер жинап, нәтижесінде, 1928 жылы «Туркменская музыка» жинағының І томы басылып шықты. Бұл томдықта Беляевтің «Туркменская музыка» мақаласы мен Успенскийдің «Моя музыкально-этнографическая экспедиция в Туркменистан в 1925-1926 гг.» еңбектері және 115 халық әні енген. Белгілі ғалым А.Н.Самойлович бақсылықтың өзін, «бақсы» сөзінің шығу тегімен түсіндіреді. Тағы бір танымал зерттеуші – венгриялық түрколог А.Вамбери [36, 124] ХІХ ғасырдың орта тұсында дәруіш кейпінде ел-елді аралап жүріп, түркімен үйінің әрқайсысының шаңырағынан дутарды кездестіргенін айтқан. Бұның себебі де түсінікті-ақ. Өйткені, бақсылар – ел өміріндегі ұстаз секілді ең қымбатты адамдар болған. Түрлі оқиғаларды баян ете жүріп, тыңдаушыларына әлем халықтарының салт-дәстүрі, мінез-құлқы, әдет-ғұрыптары жайлы әңгіме айтуды – дәстүрге айналдырған.
С.Негимов «Құдайберген Жұбанов және қазақ фольклоры» атты мақаласында ғұлама ғалымның бір ғана «бақсы» сөзінің түп-төркінін іздеп, араб, парсы, ұйғыр, қытай тілдеріндегі «бақсы» сөзінің қолданысын «инемен құдық қазғандай» іздестіргенін айта келіп: «Бұл тұста Қ.Жұбановтың ұланғайыр зерттеу еңбектерді оқығанын, әлденеше тілдерді терең білгенін және тұрлаулы тұжырымдар мен қорытындылар шығарғанын көруге болады», – деген байлам жасаған.
Қ.Жұбановтың «Қазақ музыкасындағы күй жанрының пайда болуы жайлы» очеркін қолға алып, қайыра оқыған сайын, лингвист-тілшінің әдебиет (қазақ әдебиеті ғана емес), жалпы филологиялық проблемаларды көтеріп, сөз қозғауы, осы салаға қатысты әрбір термин, сөзді тілдік тұрғыдан талдауы және сондай еңбектің біздің қолымызда болуы – бүгінгі ұрпақтың бағы шығар деген ойға жетелейді. Зерттеуші тек қазақ қобызының нақ өзі емес, жалпы қобыз атты музыкалық аспаптың башқұрттарда, қырғыздарда, тіпті украиндарда бар екендігін жазады: «Украин елінің «кобза» атап жүрген аспабын кей оқымыстылар шығыстан келген деп жүр. Бұл пікірдің қате екенін көреміз» – дейді. Содан соң сөз төркінін: қобыз – обыз – абыз деп біртектеп алып, «бұрынғы уақыттарда шамандарды – абыз деп атаған, ал абыз – ру ақсақалы, жасы үлкен ұғымын береді, бұдан абыз – абысын деген сөз туындайды», - дейді. Ақиқат пікір! Шындық – осы. Кобза – украйн, молдова, румын, поляк халықтарының шертіп тартылатын ішекті музыкалық инструменті. Әсіресе, 16-18 ғасырларды кеңінен тараған ұлттық аспап. Ал сыбызғы сөзінің түбірі – сыбыз, о баста сыбыс (дыбыс) дей келіп, қамыстың бір атауы – сыбыс, бірақ қазірде бұл сөз аз сақталған, әйтсе де ерекше ұзын бойлы, жіңішке дегенді білдіру үшін сиди деген сын есімді пайдалану бар дейді. Шындығында да, Ақтөбе аймағының кейбір өңірлерінде ебедейсіз тұрып қалған ұзын бойлыларға, жіңішке адамдарға «сидиып не ғып тұрсың?» деген сауал қойылады. Сөз төркінін таныған ғалым Құдайберген Жұбанов төркіндес сөз атаулыны құбылтып, сыбызғы – сыбысқы, қамыс – қомыс – қобыз деген варианттарды тірілтеді. Домбыра сөзінің шығу төркінін іздеген зерттеуші «біздің қарауымызша, орыстың домрасы, қазақтың домбырасы, арабтың тамбұры, бенгал елінің тамыры, гректің тамирі – бәрі бір нәрсе. Мұның бәрі де ерте кезде музыканың иесі, мұнарасы болған бірұғымның аты...; домбыра сөзі бір елден ауып келген сөз емес. Бұл инструмент те бір елден ауып, жылысып келген емес. Афро-Евразия иесі болып саналған бір тотемнің аты болуы керек», – деп зерделейді де, оның түпкі төркіні өнер мен әсемдіктің пірі саналатын Тамерис құдайдың есімі болуы тиіс деген болжам жасайды.
Қ.Жұбановтың саз аспаптарының шығу төркінін тексеруде, тілдік деректерді алға тартуы да – негізсіз емес. Өнертанушы Виктор Шостактың айтуынша, «егер, халықтың музыкалық аспабы – синкретикалық құбылыстан пайда болса, аспапта ойналған ұлттық музыка да фольклордың синкретикалық біртұтастығынын (сөз, саз, би, салт көріністері) туындаған негізгі жанр» демеп пе еді? Шын ғалым, нағыз зерттеуші біржақты ұшқары пікірді ешқашан місе тұтпайды. Құдайберген Жұбанов та музыкаға қатысты нәрсенің бәрін қазаққа, түркі тілдестікке теліп, жақсының бәрі – қазаққа тән демейді. Ол: «қазақтың ән деген сөзі қазақтың өз сөзі емес, парсының оһәник деген сөзінен өзгертіліп жасалғандығы анық болуы керек. Өйткені өте әріде қазақ тілінде «ә» дыбысы болған емес. Көбіне бұл араб,парсыдан келген сөздердің дыбыстары өзгерумен қатар пайда болған»,- деп жазады. Күй жанрының семантикасын асқан білгірлікпен зерделеген профессор Құдайберген Жұбанов: күй, жыр, толғау бізге жат сөздер емес, мәселен толғау дегендегі түбір сөз – толға (тол – таза түбір, ға – жұрнақ).
Түркімендердің толқынды, толға дейтінін ескерсек, бұл сөздің толқын ырғағымен, сумен байланысты екендігін көреміз. Егер Қ.Жұбановтың күй сөзін көкпен байланысты қарастырғанын көңілге тоқысақ, көк – аспан және су ұғымдарының ислам дініне дейінгі шамандық сенім ықпалында тұрған уақытта түркі тектес халықтар үшін киелі ұғым болғандығын және ескеруіміз керек. Әлі күнге дейін халық санасында көкке, тәңіріге сыйыну бар, «көкке қарап қол шошайтпа» (созба), немесе «су атасы − Сүлеймен, сақтай гөр!» деген табыну рәсіміндегі сөздер кездеседі. Ал Құдайберген Жұбановтың айтуынша: «бізде барлық табиғат адамнан сыртқы күш болып саналған. Музыканың алғаш қолданылу себебі, адамның табиғатпен арпалысуы, сонымен байланысуы, астарлап араласуы болса, мына көк сөзінің өзінің де аспан мағынасында болушылығы осы пікірді тағы да дәлелдеп өтеді. Сонымен, күй сөзінің арғы тегі көк сөзімен байланысты болса, күй жанрының өзі де қазақтарда өте ертеде, шаман дінін тұтынған кезеңде туындағаны анық. Қ.Жұбанов: «... әуел баста эпос, музыка, би, ән, күй синкретизм қалпында бір жүрген (бұндай дәуірдің болғандығы профессор Фитрат еңбегінде келтірілген дейді), кейіннен қазақ күйінің өз алдына жанр болып бөлініп шығуы – шаман діні тұтынудан қалып, музыка өнері емес, халық өнері болуымен байланысты болса керек», – деген. Міне, күйдің (көк) туындауы және даму, жанр ретінде қалыптасу тарихы осындай.
Қ.Жұбанов зерттеуінің осыншалық зор маңыздылығына тәнті болған сыншы-ғалым М.Қаратаев: «бұл еңбектің ендігі бір тамаша қорытындысы – күй жанрын бастапқы синкретикалық өнерден тарамдалып шығып, дами келе қазақ музыкасындағы симфониялық қалып алған кемелді жанр деп танытуына саяды», - деп жазған-ды. Қ.Жұбанов әуел баста синкретикалық түрде қалыптасқан өнер тұтасымының біртіндеп іштей жіктеле тарамдалған көп салалы арна екендігін дәлелдейді. Яғни, жыр мен күй алғашқы әзірде бір туған. Немесе, батырлық эпоста қара сөзге өлең аралас келгендігін атап көрсетті. Мысалы, «Қозы Көрпеш», «Шора», «Алпамыс», тіпті шығыстың шынарларының бар дәмділерің қатарында айтылатын Фирдоусидің «Шаһнамасын», Сағдидың «Гүлстанын» алып қараңыз деп, бұлардың қай-қайсысында да қара сөзбен әңгімелей келе, кей тұстарында әсемдемек, әсіремелек үшін өлеңге салып төгіп те жібереді дейді. «Сол кездегі әдебиетте қарасөзбен айтылатын эпос-әңгімелердің өңделіп, музыкаланатын жерлері анау «Аққу» күйіндегі, болмаса, «Ақсақ құландағы» аттың аяңдағанын, құстың ұшқанын, қарындасының жылағанын, құланның ақсаңдағанын, мылтықтың атылғанын суреттеймін деген оймен лирикалық моменттерді музыкамен бергені болса керек», – деп негізді дәлел келтіріп, ойын айқын ұғындырады. Қысқасы, алдымен сюжетті эпос-әңгіме айтылады. Қара сөзбен баяндалған оқиғаға тартымды түр беру үшін өрілген өлең төгіледі. «Ақсақ құлан» секілді қою оқиғалы қарасөзді әңгімелеп отырып, кей жерін музыкаландырады. Сөйтіп, баста қара сөзбен айтылған туындыдан әуелі әңгіменің өзі, одан өлең, жыр және күй бөлшектенеді. Осындай ақиқат шындықты Құдайберген Жұбанов былай деп тұжырымдайды: «Бері келе әдебиет жанрлары жетісіп, бірінен-дірі бөлініп, қарасөзді әңгіме, өлеңді әңгіме, содан кейін өлең бөлек-бөлек жанр болып шыққаны сияқты, күйде де жаңағы сюжетті әңгіме мен күйдің қарасөз бөлініп, әдебиетке кетіп, сөз құралып, дауыс қосылып айтылғандар ән болып шығып, түрлі дыбысты, түрлі қозғалысты суреттейтін дерлері бөлініп, күй болып кетсе керек». Ерекше атап айтатын нәрсе – Қ.Жұбановтың пайымдауындағы қазақ күйлері – халықтың өзі шығарған төл туындысы. Сондықтан, «күйлерді ... басқа жұрт мәдениетінің жұғуынан ғана пайда болған нәрсе деп түсіндірудің ешбір дәлелі, тірегі жоқ».
М.Томанов Қ.Жұбановтың тіл білімі саласындағы мәртебелі биік орнына баға бере келіп, ғұлама ғалымның біз атап отырған зерттеуіне де қатысты тұжырымды ой айтқан: «Қазақтағы күй өнерінің генезисі, ол пайда болған жағдай − күй өнерінің эпоспен, немесе эпостың айтуымен байланыстылығы аса бір білгірлікпен баяндалады. Қазақтың өнер мен ойдың аса балаң да балғындау дәуірінде шешендік пен ән салу, би мен мим, пантомима араласып, бақсылық арқылы орындалатын сахналық тұтастықтар халықтың дамуымен бірге жіктеліп, тарам-тарам түрлерге ажырап, өнердің сала-саласын құрса керек. Соның айрықша бір үнге негізделген саласы − күй. Ал музыка − профессордың зерттеуінше, сол халықтың мінез-құлқының, өмірлік тіршілігінің айнасы. Қазақ күйлері де сондай күй-қалыптың музыкасы. Қ.Жұбановтың бұл зерттеуі, сөз жоқ, қазіргі фольклорда типологиялық және тарихи салыстырма зерттеулердің басы, оның алғашқы үлгісі болды» .
Сөз асылын бойына жиып, халқына ғылым қып берген біртуар тұлға – Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың «Қазақ музыкасындағы күй жанрының пайда болуы жайлы» тарихи-лингвистикалық очеркін оқып шыққаннан кейін келген ой: синкреттік түрде тоғысқан ән, жыр, би, күйдің түп негізі эстетикалық таным – көркем шығарма (аңыз, әңгіме, ертегі). Кейін сол аталған өнер түрлері өз алдына дербес жанр ретінде қалыптасқан. Музыка материалдарының құрылысын тексеруден басталған бұл зерттеудің басты құндылығы – фольклор мен әдебиеттің арғы арналарын, тіл мен тарих деректерін шынайы ғылым тұрғысынан талдап, жұртшылық кәдесіне жарата білгендігінде. Осы кезге дейін ұзақ уақыт бойы көпшіліктің құлағына сіңісті болып келген «фольклор – халық ауыз әдебиетінің асыл мұрасы» деген жаттанды қағиданы жоққа шығаратын пікірді түп баста-ақ Қ.Жұбановтың дәлелдегеніне көзіміз жетіп отыр. Бұл дәлелді пікірдің қисындылығына дұрыс қарамаушылық, Қ.Жұбанов шығармаларына әдебиет зерттеушісі ретінде қарамағандықтан ғана туындап отыр ма? «Қазақ музыкасындағы күй жанрының пайда болуы жайлы» зерттеудің аты басқа болғанда» яки фольклор ұғымымен байланысты тақырыпталса, мүлде басқаша көзқараспен қараған болар ма едік? Музыка ұғымымен байланысты аталған бұл еңбектің заты – тың түсінік, жаңа көзқараспен қараған іздеушіге фольклортанудағы сүбелі зерттеу ретінде танылады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қазіргі белгілі фольклортанушы ғалымдарымыз көрсеткендей, фольклордың бір саласы саз өнерімен байланысты екенігін ескерсек, Қ.Жұбановтың толғанысты ойынан туған қазақ күйлері – халық даналығынан туған классикалық мұраның шыға шыңы болуы тиіс.
Халықтағы күй жанры – сөз жоқ, фольклорлық туынды. Бұлай демеске, хақымыз жоқ. Профессор Қ.Жұбанов бағамдаған бұл тұжырым біздің фольклор зерттеушілерімізге жаңа ізденіс бағытын нұсқап отыр. Фольклорды – ауызекі туған сөз өнері тұрғысынан ғана емес, халық өмірге әкелген түрлі сала, қилы өнер тұрғысымен байланыстыра зерттеу қажеттігін айғақтап тұр. Әрине, халықтың ауызекі туған асыл мұрасындағы негізгі жанрдың бірі – тұрмыс-салт жырларының көпшілігі музыкамен көркемделеді. Бұл бұрыннан да белгілі жайт. Дегенмен де, музыканың ішіндегі күй жанры секілді классикалық мұрамыздың да фольклорлық негізден тарамдасып ажыратылған қомақты қазына екендігін тағы да жоққа шығаруға болмайды. Халықтың поэтикалық шығармаларын қара өлең, ән өлең, тарихи өлең деп бұрыннан да жіктеп қарастырып жүргенде, әннің бірге туған бауыры күй сазын қоса қамтып қарастырсақ, шығандап кетпесіміз айқын. Осы тұрғыдан алғанда, фолклортануда әлі де болса, таптырмас тың зерттеулердің туындайтынын аңғартып тұр десек артық айтпаспыз. Қ.Жұбановтың өзі де, қазақта ән мен күй тарамдалып тұрған екі сала болып тұруы, бұл жанрлардың тек қана өсіп-өркендеп кеткендігін көрсетеді. Негізінде, халықтың ән мен күйі әуел баста бір туған деді емес пе?
Қазақтың ислам дінін қабыл етпей тұрған кезеңінде, сыртқы қоршаған дүниенің бар құбылыстарынан сиқырлы әлемді қабылдап, музыка, әдебиет, би секілді өнердің басты үш тармағын ажыратпастан бір ұстап, фольклор дейтін сарқылмас қазына бойға сіңген. Заман өсіп, ел өзгерген сайын осы бір бұтақтан тараған өнер атты құдірет әр тарап салаға айналған. Бұл – тарихи заңдылық. Сөз бен саз өнерінің басын бір ұстап қалған өнерпаздар да бар. Олар – жыраулар мен айтыскер ақындар. Бір кездерде олардың ролін бақсылар орындағанын Қ.Жұбанов пайымдауларынан жақсы ұғындық. Қазақ күйлерінде драма жанрының да ізі айқын сайрап жатырғандығын профессор атаған «Аққу күй», «Ақсақ құлан», «Қасқырдың ұлығаны» шығармаларын атауға болады.
Халық өнерінің алар асуының анық көрінісі – қазақтың күйлерінде жатыр. Қазақ күйі – тұтас симфония. Зерттеушінің айтуынша: «Медетұлы Қамбардың вариантындағы «Ақсақ құлан» күйінде ақсақ құлан әңгімесі ішіндегі құланның ақсаңдаған қозғалысы суреттелген күйді ғана бөліп алып, соны ұлғайтып, соның бір өзін биге айналдырып жіберген, сөйтіп «Ақсақ құлан» әңгімесіндегі барлық ұзақ-ұзақ музыкалы моменттердің басын қосып құрастырып, артығын алып тастап, қайталаған жерлерін жоқ қылып, бас-аяғы бүтін, ұзын бір симфония жасап шығарған» деп әділетті тұжырым жасайды. Классикалық күйге осылайша баға берген Қ.Жұбанов, күйдің тамаша тартушысы ретінде дәулескер күйші Қамбар Ерқожаұлы Медетовті (1901-1938) атап отырғандығына риза болдық. Шыққан тегі жағынан тексерсек, халық күйлері – анық фольклорлық туынды. Қ.Жұбановтың айуынша, қазіргі қазақ күйлері әнсіз ойналғанымен, қадым замандарда күйдің өзі «әннен, дауыс қосып айтатын сөзден бөлініп шыққан жанр».
Профессор фольклорлық жанрлардың ішінде әсіресе, эпос жанрына ерекше көңіл бөледі. Түп баста «... искусство орындарының бәрі де синкретизм түрінде бірімен бірі қабаттасып жүретін. Марр айтқандай, ерте кезде эпос, музыка, би бір бірінен айырылмай қабатталып жүргендігін қарасақ, әңгімелеп отырған мәселені бөліп алуға болады», - деп тұжырым жасайды. Одан әрі «өлең мен эпос бірінен бірі бері келе ғана айырылып, алғашқы әзірде аралас жүргенін болжауға болады», - десе, енді бір тұста «біздің батырлық эпостарымыздың бәрінде де қара сөзге өлең аралас келеді. Таза өлеңмен айтылатыны жалғыз «Қобыланды», «Қозы-Көрпеш», «Шора», «Алпамыс», т.б. бәрінде де қара сөзбен әңгімелеп айтып келеді ді, ара-арасындағы лирикалық моменттерді өлеңдетіп жібереді», – дейді. Сөйтіп, зерттеуші күй жанрының пайда болуын іздестіріп, бұл жанрдың шығу тегінің бір ұшығын қазақ эпостарымен байланыстыруы да қисынсыз емес екендігін білдіреді. Бұл орайда профессор Қ.Жұбанов фольклордың синкреттілік сипатын зерттеуші ғалым Маррдың пікірлеріне де сілтемелеп отырып танытады. Зерттеушінің эпостық шығармаларымыздың ішінде «Шора батыр» жырымен өте жақсы таныс болғандығын да аңғарамыз. Өйткені, автор «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» еңбегінде ауыз әдебиетіндегі қыстырма сөздердің үш түрлі артықшылықтарын атап көрсету үшін «Шора батыр» жырынан үзінді келтірген. «Из истории порядка слов в казахском предложении» зерттеуінде де «Айман-Шолпан» жырының кейіпкерлері Маман бай, Көтібар батыр, Айман сұлудың есімдерін мысалға алған. Бұл дәлелдердің қай-қайсысы да тіліміздің бар құндылықтарын игеруге тырысқан Қ.Жұбановтың ғылыми ізденістерінің айғағы.
Халық әдеби және мәдени мұрасына асыл қазына болып қосылған «Қазақ музыкасындағы күй жанрының пайда болуы жайлы» еңбектің авторы Қ.Жұбановтың өзі де әдебиет пен мәдениеттің қайраткері еді. М.Қаратаев ағамыз айтқандай «Мәдениет қайраткері алдыменен өзі мәдениетті болуы керек. Мәдениеттілік дегенді кең мағынасында білімпаздық, парасаттылық, рухани тазалық және жан сұлулығы деп түсінсек, осы қасеиттердің бәрі Жұбановтың бойына түгел және тұтас біткен еді. Ол көп білетін полиглот, көп оқып көп тоқыған ғұлама, көп қырлы талант иесі – универсал болатын» [20,88] – деп баға бергеніндей, шындығында, жан-жағын түп қазығымен қоса тексеру, оның білімі мен ғылымына да тән ғой, соның бір дәлелін «Қазақ музыкасындағы күй жанрының пайда болуы жайлы» еңбегінде анық танытты.
Фольклорлық мұраларымызды бұрынғы таптаурын болған көне соқпаққа салып тексерудің заманы өтті. Жаңа заман – жаңашылдықты талап етеді. Сондықтан да, фольклорды – бір ғана халықтың ауызекі саласы деп қарастырудың мүмкін еместігін белгілі фолклортанушы ғалымдарымыз атап көрсетіп, жаңа бағытты нұсқап отыр. Фольклорды бір ғана әдебиет жолымен емес, фольклорға қатысты болатын, байланыс ізін байқататын өзге де ғылым салаларымен қоса қамтып, жүйелі түрде зерделеген жөн. Бұл орайда, халық музыкасы да сыртқақпай қала алмайды. Фольклорға комплексті түрде жүргізілетін жүйелі зерттеулер қажет. Біле білсек, мұндай жүйелі тексерістердің бедері білінетін, бастау көзі болып табылатын ізденістер өткен тарихымызда мүлдем болмаған деп үзілді-кесілді айтуға да болмайды. Бұндай зерттеулердің бір бастамасы, әрине, Қ.Жұбановтың «Қазақ музыкасындағы күй жанрының пайда болуы» атты тіл мен тарих деректері қоса қамтылған еңбегінде жатыр. Фольклортану проблемалары уақытынан оза туған талантты ғалым, біртуар ғұлама Қ.Жұбанов зерттеулерінің тікелей тақырыбынан көрінбесе-дағы, шығармаларының мазмұны мен мәнінде фольклористика сауалдарына жауап берелік қомақты дүниелердің барлығына анық көзіміз жетті. Мәселе – атында емес, затында. Кейбір зерттеулер «фольклористика талаптарына жауап беремін» деп «мен – мұндалап» тұрғанымен, пісуі жарымаған, шикі дүниедей оқырманына сүлесоқ күй кешкізеді. Қ.Жұбановта фольклористикаға қатысты жазылғандығын «тайға таңба басқандай» етіп көрсететін тақырып болмаса да, оқи келсең, бұрқырап жер қойнауын тесіп шығып, қанша ішсең де бас алғың келмейтін қайнарға кезіккендей күй кешесің. Көкейімізді тескен сауалдың жауабын тақырып атауы бойынша іздесек, көп уақыт құрдымға кетуі мүмкін. Қ.Жұбанов зерттеулерінің атына ғана емес, затына да үңілейік. Ғұлама ғалымға батылдық қана емес, тігісін білдірмейтін терең иірімдей нәзіктік те тән. Өйткені, Құдайберген Жұбановтар қазақ тарихында жүз жылда бір қайталанар ірі құбылыс иесі болды. Сондықтан да Қ.Жұбановты – біртуар ғұлама дейміз.
Иллюстрациялық және үлестірмелі материалдар:
Тақырыпқа қатысты дайындалған слайд;
Зерттеу еңбектері.
