Үмітжан Жапар
Дереккөз: aikyn.kz
Қаралды: 766 Пікірлер: 0
Бөлісу
Гендік модификация — биотехнологиялық жолмен суыққа, ыстыққа төзімді өсімдік өсіру.
Мысалы, картоп геніне сарышаян гені қосылады екен. Картоптың кейбір сортына доңыз гені қосылатын көрінеді. Ал қызанаққа солтүстік камбаласының гені пайдаланылады. Қызанақтың кейбір сортында акуланың азу тісінің гені барын көпшілік біле бермеуі мүмкін. Қытайдан әкелінетін алмалар да гендік өзгеріске ұшыраған. Жемісті ұзақ уақыт сақтау үшін оның ДНК-сына шаян ДНК-сы қолданылады екен. Ал зиянкес жәндіктер зиян тигізбеуі үшін жүгеріге жыланның уынан алынған белсенді ген енгізілетін көрінеді.
Өсімдіктерді генетикалық модификациялау өткен ғасырдың 80-ші жылдарында АҚШ-та басталды. 90-жылдардың басында бұл елдің егістік алқаптарында алғашқы трансгенді дақылдар пайда болды. Бұл дақылдар зиянкес жәндіктерге, сортаң топыраққа, ауа райының құрғақшылығына төзімділігімен және бағасының арзан болуымен, мол өнімділігімен ерекшеленген.
Сөйтіп, гені түрленген өсімдіктердің егіс алқабы көбейіп кетті. 1996 жылы әлемде трансгенді өсімдіктердің егіс алқабының көлемі — 1,7 млн. гектар болса, 2002 жылы бұл көрсеткіш 52,6 млн. гектарға жетті (оның ішінде 35,7 млн. гектары — АҚШ-тың үлесінде), ал 2006 жылы 102 млн. гектарға гені түрлендірілген дақылдар егілген.
Деректерге сүйенсек, 2006 жылы әлемнің 22 елінде гені өзгеріске ұшыраған өсімдіктер өсіріліпті. Гендік өзгеріске ұшыраған дақылдар, әсіресе, АҚШ, Аргентина мен Канадада көп. Жалпы, бұл елдерден бөлек, Румыния, Болгария, Испания, Бразилия, Уругвай, Үндістан, Индонезия, Испания, Мексика, Германия, Австралия, Филиппин, Оңтүстік Африка, Колумбия, Жапония, Қытайда гені түрлендірілген дақылдар өсіріледі.
Ең кең таралған гендік модификацияланған дақылдар — соя, жүгері, бидай, қызылша, мақта, рапс, картоп, сәбіз, пияз.
Гендік өзгеріске ұшыраған өнімдердің денсаулыққа әсерін анықтау әлі зерттеліп біткен жоқ. Әзірге анықталғаны — гені түрлендірілген өнім зат алмасу процесін бұзып, иммунитетті төмендетеді. Өте қауіпті аллергиялық реакциялар пайда болуы мүмкін. Сонымен қатар асқазанның сілемейлі қабатының құрылымын өзгеріске ұшыратады. Ісік ауруларына шалдықтыруы да мүмкін.
Заң және талап
Құрамында генетикалық-модификацияланған ағзалары бар өнімдерді қолдану-қолданбауды әр ел өзінше шешіп отыр.
Елімізде 2007 жылы «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» заң қабылданған болатын. 2011 жылы Заңға біраз өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Осы заңның 34-бабында былай делінген: «Тамақ өнімдеріндегі генетикалық түрлендірілген объектілер қауіпсіздігінің ғылыми негізделген расталуы белгіленгенге дейін олардың Еуропалық Одақ мемлекеттерінде белгіленгеннен аспайтын тамақ өнімдері құрамындағы деңгейі қабылданады».
Осы заң талабы 2008 жылы қолданысқа енгізілді. Негізі, талап бойынша, гені өзгеріске ұшыраған қосынды 0,9 пайыздан аспауы керек.
Елімізде «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде ДСҰ талаптарына сай келетін тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін бақылау жөніндегі мамандандырылған зертханалар енді құрылып жатыр. Бұл зертханалар Астана, Алматы, Өскемен, Петропавл, Орал қалаларында ашылған.
— Былтыр облыс бойынша 4 сынаманы Орал қаласындағы зертханаға жібердік. Бұл төрт сынаманың төртеуі де — консервіленген тәтті жүгері.
Зерттеу нәтижесінде, бұл өнімдердегі генетикалық түрлендірілген қосынды талапқа сай екендігі, яғни 0,9 пайыздан аспағаны анықталды.
Зертханаға жүгері өнімін жіберуіміздің себебі, сол кезде Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстарында сатуға шығарылған консервіленген тәтті жүгерідегі генетикалық түрлендірілген қосынды біздегі талаптан артық екені анықталды. Бұл жағдайда, әрине, біз де бейтарап қала алмадық, — дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бөлім бастығы Гүлбану Дәулетова. Оралға жіберілген әлгі жүгерілер Тайланд, Қытай, Ресейде шығарылған екен.
