Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Эпикалық проза, умк..docx
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
455.98 Кб
Скачать

2.Ахметов 3. Роман-эпопея Мухтара Ауезова. -Алматы: Санат, 1997. -288 с.

3.Бердібаев Р. Мұқтар шыңы. -Алматы; Ғылым, 1997, -204 б

9-дәріс. Тарихи тақырыпты игерудегі

І.Есенберлин романдарының орны.

Мақсаты: І.Есендерлиннің «Көшпенділер» романының тарихи таным мен тарихи тағлымын түсіндіру.

Сұрақтар:

1. І.Есенберлиннің тарихи романдарының тарихи мәні.

2. Романдағы таным мен тағлым сипаты.

Дәріс мәтіні (тезис)

Қазақ әдебиетінің тарихында бүгінге дейін ең көп роман (17) жазған жазушы Ілияс Есенберлин 1915 жылы Ақмола облысының Атбасар қаласында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айрылған Ілияс өзінен кейінгі інісі Раунақ екеуі балалар үйінде тәрбиеленеді. Қазақ кен-металлургия институтын бітірген. Еңбек жолын Жезқазған кенішінде бастайды, инженер, Бершүгір шахта басқармасының бастығы болады. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қайта оралған соң Қазақстан Қомпартиясы Орталық Комитетінде нұсқаушы, Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры, «Қазақфильм» киностудиясының сценарлық коллегиясының мүшесі, «Жазушы» баспасының директоры, Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы болып қызмет істеді.

Ілияс Есенберлиннің алты кітаптан тұратын тарихи эпопеясы сөз өнерінің әлемдік нұсқасына қосылған тарихты көркемдік пайымдаудың үздік үлгілерінің бірі болып қала бермек.

Ілияс Есенберлиннің ұлт тағдырына қатысты шетін сырлары мен идеялары кемел деңгейде көрінетін бұл эпопеяның алғашқы бөлігі «Көшпенділер» трилогиясы еді.

«Көшпенділердің» ең алғаш жазылған бөлігі «Қаһар» 1969 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Орыс тілінде тұңғыш рет «Простор» журналының 1970 жылғы, 5,6 сандарында «Хан Кене» деген атпен жарияланған.

Трилогияның бірінші кітабы болып табылатын «Алмас қылыш» романы тұңғыш рет 1971 жылы «Жазушы баспасынан қазақ тілінде жарық көрді. 1974 жылы Москваның «Молодая гвардия» баспасынан «Загаворенный меч» деген атпен орыс тілінде басылып шықты.

Тарихи трилогияның екінші бөлімі «Жанталас» романы бірінші рет 1974 жылы «Жазушы» баспасынан шықты. Роман орыс тілінде тұңғыш рет «Простор» журналының 1973 жылғы 7, 8, 10 сандарында «Отчаяние» деген атпен басылды. Москваның «Известия» баспасынан 1974 жылы орыс тілінде шықты. Үш роман біріктіріліп «Көшпенділер» деген атпен алғаш рет 1976 жылы «Жазушы» баспасынан қазақ тілінде, Москваның «Советский писатель» баспасынан 1978 жылы, «Художественная литература» баспасынан орыс тілінде басылды.

Трилогияны орыс тіліне аударған – Морис Симашко. Сондай-ақ «Көшпенділер» трилогиясы 1983 жылы Польшада 1986 жылы Венгрияда басылды. «Көшпенділер» трилогиясында бес ғасырлық оқиға, яғни, ХҮ-ХІХ ғасыр аралығындағы қазақ хандығы өмір сүрген кезең суреттеледі. Оқиға бүгінгі шекаралық аймақ тұрғысынан қарағанда Алтайдан Атырауға дейінгі шығыс пен батыс аралығы Батыс Сібір ойпаты мен Самарқанд пен Сырдарияға дейінгі солтүстік пен оңтүстік аралығын қамтитын географиялық аймақта өтіп жатады.

Шығарма кейіпкерлері ретінде негізінен тарихи тұлғалар, Шыңғысхан дәуірінен басталып Кенесарымен аяқталатын қазақ мемлекетінің бастау көзі мен қиын-қыстаулы тағдыр-талайының басында тұрған хандар тізбегі, ел мұңы мен арман-тілегінің хабаршысы ақын-жыраулар, ел мен жер үшін, ұрпақ болашағы үшін жан аямай шайқасып, Отанын қорғай білген арыстан жүрек, атан жілік батырлар. Бұлар – ел есінде аттары жатталып, тарихта қалған, өмірде болған тұлғалар.

“Көшпенділер” трилогиясы партиялық идеологияның қылышынан қан тамып тұрған уақытта дүниеге келген шығарма. Ол кезде мұндай шығарманы жазбақ тұрмақ, қазақ халқының ертеректе өмір сүрген артында мол мұра қалдырған, елім деп еңіреген, ел үшін, жер үшін мерт болған батырлардың, хандардың, шешендердің атын атаудың өзі, олар жөнінде әңгіме қозғаудың өзі қиын еді, қауіпті еді. Ал Ілияс Есенберлин осының бәрін біле тұрып қазақ халқының өткен тарихын бейнелейтін, тарихтан мол мағлұмат беретін бір кітап емес, бірнеше роман жазып, оқырманға ұсынуы жай ерлік қана емес, талантты жазушының саяси жеңісі еді.

«Көшпенділер» қазақ халқының ұлттық тарихының бастау көзі беріде емес, әріде жатқандығына жөн сілтеді. Бүкіл бір халықтың өмір-тарихы ұмытылып бара жатқандығын еске сала отырып, оған кінәлі-коммунистік саясат екендігін ашып айтпаса да, өмір ағысы басқа арнамен ағып бара жатқандығын, тарих беттері бұрмаланғандығын көркем тілмен бейнелеп берді.

Есенберлиннің осы трилогиясынан нәр алып, көп нәрседен мағлұмат алған көпшілік оқырман ондаған жылдардан соң тоталитарлық жүйеге қарсылық білдіргенін дүние жүзі біледі. Бірақ қылышынан қан тамған Горбачевтік-Колбиндік баскесерлер әділдік іздеп, бой көрсеткен жастарды қалай қуғындап, қалай түрмеге жатқанына тарих куә.

Архивтік деректер, халықтық аңыздар, этнографиялық сипаттар негіз болған тарихи эпопеяда автор оларды сол өткен дәуір елесін дәл бейнелеу үшін ғана емес, оған қоса түрлі қағида мен идеялардың, түрлі психология мен мақсат мүдделерінің қандай заман, қандай қоғамдық жүйеде болсын сабақтастық алып жатқан көрінісін беру үшін де пайдалану мақсатын тұтынған.

Былайша айтқанда Ілияс Есенберлин халқының көне заманғы тарихынан өзі өмір сүрген дәуірдің де даму диалектикасын көрді. Уақыт сабақтастығын жіті тани білген жазушы тарих тұңғиығына бойлап, ұлт тағдырының, халық қасіретінің қилы кезеңін суреттеу арқылы бүгінгі күннің міндеттері мен ертеңгі күннің бағыттары туралы ой сілеміне жетелейді. Ең әуелі қазақ әдебиетінің, онан соң әлемдік әдебиеттің тарихи тақырыпты игерудегі мол тәжірибесін, игі дәстүрін жинақтай отырып бір кездерде, революция жылдары Алексей Толстой «Бірінші Петрді» жазғаны, Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан сұрапыл жылдарда Мұхтар Әуезов Абай туралы роман-эпопеясын жаза бастағаны сияқты, өзге кейбір әріптестері коммунистік партия туралы әсіре мадақ одаларын жазып жатқан шақта Ілияс Есенберлин хандық дәуір тарихына қалам тербеді. Халық зердесінің қалғи бастаған сәтін оятуға, ұрпақ санасына ұлттық патриотизм қалыптастыруға қызмет істейтін бағытта жанарын тарих тереңіне қадады.

Әдебиетіміздің арғы-бергі тарихында ұлы сахарының бірде құландай тулап, бірде ұлардай шулап қалған алмағайып тағдырын Ілияс Есенберлиндей азаматтық қажырмен, суреткерлік қуатпен толғаған жазушы болған жоқ. Егер шындыққа жүгінсек жазушы ерлігіне берілген бағадан гөрі берілмек баға әлдеқайда салмақтырақ болуғы тиісті. Халық тарихындағы хронологиялық заңдылық дегеніміз жыл санауға ғана тәуелді емес, ол – Сананың ел рухымен үн қатысып, адами армандармен матасуына, сөйтіп кешеден келген бүгіннің «генетикалық» арқауына шындық пен әділдіктің, ерлік пен батырлықтың, ар мен ұяттың, бірлік пен бірегейліктің нұрлы шуағын себер сәттеріне байланысты.

Ол жылдары тарих пәні тек оқу пәні ғана емес, кеңестік компартиясының қолындағы негізгі саяси құрал болды. Көптеген партия мемлекет қызметкерлері тарихшы мен тарих бойынша ғылыми атақ алуды өздерінің борышы деп есептеді. Бүкіл тарихи шежіре біріншіден соңғы бетіне дейін коммунистердің тиянақты әрі қырағы идеологиялық редакциясынан өтті.

Сол кездегі тарихи жағдай, халықтық сұраныс жазушы жанын толқытып, “Қаһар” сияқты тарихи дәуір келбетін бейнелейтін романды жазуға итермелегені заңды еді.

«Қаһар» – «Көшпенділер» трилогиясының 3-ші кітабы. Автордың алғашқы кітаптан бастамай, трилогияның соңғы бөлігі «Қаһардан» бастауында мынадай себептер бар секілді. Біріншіден, суреттеліп отырған кезең біздің дәуірімізге біртабан болса да жақын, тарих тасасына дидарын жасырып үлгермеген. Екіншіден, ел ішінде ізін суытпай аңызға айналып, халық жадында жатталып, жазылып қалған тарихи оқиға мен нақты адамдар тағдыры авторды қызықтырған. Сондықтан соны жазуды діттеген. Үшіншіден, Кенесары, Наурызбай қозғалысы туралы осы ғасырдың 30-50-жылдары біршама зерттеліп, ғылымда бағасын алған еді. Сонымен қатар ол жайында жазылған еңбектерді саяси орын түгел отқа жаға алған жоқ. Яғни қолына түсіп, жинақталған материалдар жазушыны шабыттандыра түскені шындық.

Бұдан соң автор көп ұзамай трилогияның бірінші кітабы “Алмас қылышты” (1971) жарыққа шығарды. Ортадағы дәуірді орағытып оқырман көңіліндегі дүдәмал сұрақтардың жауабын беретін қазақ хандығының отау тігіп, қалыптасу кезеңін бейнелейтін дәуірді ХҮ ғасырға аттап кетуі тегін емес. Бұл орайда оқырманды эстетикалық ләззатпен еліте отырып, оларға танымдық ғибрат беру автордың негізгі ойы еді.

“Жантасал” романында “Алмас қылыш” пен “Қаһар” романдарында суреттелген тарихи кезеңді жалғастыратын аралық дәуір оқиғаларын шежіреленген. Сөйтіп, қазақ халқының бес ғасырға жуық тарихының (ХҮ-ХІХ) көркем хроникасын жасаған. Сол арқылы өзінің қаламгерлік үлкен арман-міндетін І.Есенберлин қазақ халқына өзін-өзі таныту, жас ұрпаққа өткен ата-бабалары жөнінде мағлұмат беру мақсатын орындап шықты.

Автор хандық дәуірге лайық тақ таластарын әр қырынан ала отырып, шығармасын жалаң, жасанды тап тартысына құрудан бой тартады. Керісінше, қазақ халқы өміріне тән рулық тартыстың астарларын ашуға тырысады. Есенберлин трилогиясында Асан қайғы, Бұқар, Нысанбай сияқты атақты жыраулардың, Қазыбек, Төле, Әйтеке сынды тарихи тұлғалар, аттары бүкіл қазаққа мәлім билердің, ондаған өнер адамдарының жарқын бейнелері қатар түзейді.

“Алам қылыш” пен “Жанталас” негізінен “Қаһарда” суреттелген кезеңге дейінгі тарихи оқиғалар баяндалған.

Әлемді тітіреткен Дешті Қыпшақтың Әбілқайыр ханның (ХҮ ғасыр) кезінде ішкі сыртқы күштердің әсерінен әлсіреп, ыдырай бастаған кезі, оның іштей ыдырап жеке хандықтарға бөліне бастаған алмағайып шағы “Алмас қылышта” қым-қуыт оқиғалар тізбегі арқылы суреттелген. Алғаш Керей, Жәнібек хандар бас болып шаңырақ көтерген қазақ хандығы да оңай бой түзеп кете алған жоқ. Өздеріне ерген елдің іргесі бекіп, өрісі кеңеюі үшін Керей мен Жәнібек сұлтандарға талау азулы ел билеушілермен ырғасып, жаға жыртысуға тура келді. Орта Азияның ұланғайыр жерін тоқымдай тілгілеп жеке-жеке иемденген шағын хандықтармен алысу, көшпелі алтындай біресе ол жағына, біресе бұл жағына ауысқан көне қалалар мен шұрайлы жерлер елді талай сынға салып, тезден өткізді. Сондықтан да “Алмас қылыштағы” оқиғалар желісі тым қою, сюжеттік желісі шытырманды, бұралаңы көп. Алма-кезек ауысқан хан-сұлтандар, олардың арасындағы қым-қуыт соғыстар қаншама. Тарихи зерттеу, архивтік мәлімет, жазба құжат, шежірелік деректермен салыстыра қарағанда, автордың көптеген оқиғаларды іріктеп, Әбілқайыр, Керей, Жәнібек, Бұрындық, Қасым сұлтандар айналасына топтастыра жинақтауға тырысқанын байқаймыз. Алайда, автордың деректік мағлұматтарды тым көп кірістіру мақсатынан туындаған олқылықтарды жоққа шығаруға болмайды.

“Жанталас” – Абылай кезеңіндегі қазақ хандығының Жоңғар, Орыс, Қытай елдері тарапынан үш жақтан бірдей қыспаққа алынып ел басына қысылтаяң күн туған шағындағы аса бір қиын кезеңді әңгімелейді.

Роман “Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” деген атаумен қалған ұлы қырғын – жоңғар шапқыншылығын сипаттаудан басталады. Халықтың осы азаттық үшін күресінде алғаш батырлығымен көзге түсіп, бірте-бірте көтеріліп ел көсемі болған Абылай ғұмыры халық, ел тағдырымен бірлікте баяндалады. Алайда, Абылайды идеал қаһарман ретінде көрсетуден іргесін аулақ сала отырып, жазушы ханның күрделі характерін аша отырып, халық тарихының көркем шежіресін жасауды мұрат тұтады.

Өзі сияқты көшпенді халық Жоңғар озбырлығынан елін аман алып шығуға қол жеткізгенмен, Абылай үшін қиындық туғызған батыс пен шығыстағы екі көрші еді. Міне, Абылай осы екі алып көршінің түпкі ойын қалай жүзеге асырмаудың жөнін таба алмай “жанталасады”. Бұл орайда жазушы негізгі шешімді халыққа қабылдатады. Халықтың айнымас қамқоры Бұқар жырау осы қалауды Абылай ханның құлағына әр кез салып, ескертіп отырады. Ол – орыс еліне арқа сүйеу, орыс мәдениетіне қол созу. Осы тілекті ескергендіктен де халық құрметіне ие болады. Автор бұл дүниеден көшіп бара жатқан Абылайдың аузына да осы идеяны өсиет етіп салады.

Тарихи трилогияда автор ғасырлармен бірге кеткен феодалдық қауымдастық сананың түп-тамырын ашып, оның өз кезінде бірігудің, тәртіптің қазақ халқын қорғап, сақтап қалудың себебі болғанын көрсетіп береді.

Халықтың жеке ел болуындағы ең үлкен және соңғы қуатты тегеуріні қазақ халқының жоңғардың жойқын шабуылына төтеп беріп, елдігі мен жерін сақтап қалу болды. Бұл нағыз Ұлы Отан соғысы, сол Отан үшін шайқастағы тұтас халықтың ерлігі еді. Бұл сипат, Отан іргесін сақтап қалу үшін болған ұлы шайқас романда бар болмысымен жан-жақты көрінеді. Тарих оқулықтарында “өз еркімен қосылды” деп түсіндіріліп келген Россия империясына қазақ даласының бағындырылу процесінің қиын да күрделі сипаты “Жанталас” романында Әбілқайыр, Барақ, Абылай сияқты әр түрлі көзқарастағы ел билеушілердің іс-әрекет, айла-шарғылары арқылы көрініс табады. Қай заманда болсын қатыгез жүйе, қате саясаттан зардап шегетін – халық. Қандай тығырықтан да халық өзін-өзі ғана шығарады. Трилогияның алтын желісі, негізгі өзегі – қазақ халқының саясат бұғауы, шовинизм құрсауымен беймәлім болып келген тарихын өзіне таныту. “Адамзаттың нағыз шын тарихын тарихшы емес, суреткер жазады”, - дейді А.Горький. І.Есенберлин осы принципті ту етіп ұстап, ғылымда да осы уақытқа дейін терең сараланып бітпеген тарихтың қос қыртыс қатпарларына қазақ қаламгерлерінің ішінде тұңғыш рет қаламгер көзімен саяхат жасап, оқырман назарын көне тарихтың әлі ашыла қоймаған тың беттеріне аударады.

Өткеніміз туралы кешеге дейін там-тұмдап қана дерек біліп келсек, “Көшпенділер” елдік дәстүріміз, ғасырларға созылған шытырманға толы тарихымыз бар екенін көркем әдебиет көлемінде тұңғыш рет таныстыра алды. Ол ол ма? Бұл шығарманың тіпті тарихи еңбектерде шешімін тауып болмаған немесе басы бірікпей шашыранды түрінде жатқан мағлұматтардың бір жүйеге түскен желісін көреміз. Соншама көп фактілерді жазушы жалаң тізбей, роман шарттарына лайықтап, қорытып, көркемдік қиялға бөлеп бере алуы шығарманың тартымдылық қасиетін арттыра түсті. Міне, осындай тарих пен аңыздың, қиял ауқымы мен шеберліктің бірлестік табуы трилогияның өзгеше бітімін белгілеген еді. Сонымен қатар әдебиеттегі белгілі жанрлардың шартына сай бағалау қиындығы да шығарманың материалы, жанры, көркемдік тәсілі мейлінше тың болғандығын көрсетіп тұр.

“Көшпенділер” трилогиясы – хронологиялық жүйеге құрылған, қазақы шежірелік сипатты бойына жинақтаған тарихи шығарма. Ондағы баяндалатын оқиғалар негізінен тарихи жүйемен дамып, өрбіп отырады. Рас, трилогияда жазушының лирикалық шегіністерге, арғы-бергі дәуірлерге ауысып отыратын тұстар да жеткілікті. Ондағы суреттелетін негізгі оқиғалар, басты қаһармандар тарихта болған, белгілі деректерде сақталған.

Халықтың келбетін, күшін көрсету, қимылын, іс-әрекетін паш ету сипаты “Алмас қылыш” романында Бұрындық ханның әрекеттерін суреттейтін тұстарында айқын көрінеді. Бұл жайды жазушы оған деген халықтың қарым-қатынасын суреттеу арқылы айғақтай түседі.

Мұхамед Шайбани мен Бұрындықтың құда болуына халық сырт айнала қарайды.

Жеке оқиғалардың желісі, түп қазығы халықпен, қазақ халқының тағдырымен байланысып жатады. Мұның барлығы тарихи оқиғалардың, болған шындықтың, болмыстың негізінде айтылады.

“Алмас қылыш” романында жеке адамдардың, кейіпкерлердің өміріндегі тартысы, өсіп жетілуі, оның халықпен сан-салалы байланысында көрсетіліп, эпикалық сипатта баяндалады. Мұндағы оқиғалардың өріс алуы, дамуы тек халық атынан, ел тұрғысынан алып қозғалады. Керек жерінде халық өзінің күшін, қаһарын, қимылын көрсетеді. Керек болса үкімін де шығарады.

Осы романдағы Әбілқайыр ханның (ХҮ ғасыр) билік мұратының, өзге жұртты билеп төстеудің, империялық саясаттың қай заманда да ұқсас сипаттарын ойыңа салады. Әбілқайыр ойлау деңгейі жағынан таяз емес. Ел билеуде оның ұстанған өз саясаты бар. Қол астындағы елі – алмас қылыш. Оларды қайрап қойып, әр руды бір-біріне айдап салып отырмаса, бірігіп кетсе, бой бермесін ол жақсы түсінеді. Өз мақсатына жету үшін ол нендей сұмдықтан да, зұлымдықтан да тартынбайды. Бірақ ол біреудің қолымен от көсеп, сол зұлымдығы мен сұмдығын біреу арқылы жүзеге асырады. Жәнібекті, Саянды, Рабиу-Сұлтан-бегімді, Гүлбаһрамды, Орақты, Ақжолды өлтіруге жасаған әрекеттерінен соны айқын көреміз. Хан тұқымына, ел билеушіге кісі тағдыры ойыншық сияқты. Әбілқайыр заманындағы бұл құбылыс шығарма жазылған дәуірде де солай болды, бүгін де сол сипатта. Жазушы бұл жайды нақтылап та көрсетеді, Әбілқайыр ойы арқылы да сездіреді.

Өз алдына хандық құрып, таққа отығысы келген Жәнібек сұлтан да – терең ақыл, парасат иесі. Ол сол кездегі әлеуметтік шаруашылық жайды дақсы түсінген. Сондықтан да Әбілқайырдың қатесін өз мақсатына пайдалана отырып, ол үлкен іскерлікпен, ақылмен біраз рулардың басын құрып, ақыры қазақ халқының негізін құрады. Әбілқайырдың өлімі мен сол кездегі Орта Азия қалаларындағы жағдайлар Қазақ хандығының біраз күшеюіне мүмкіндік береді. Ал, Жәнібектің баласы Қасымның тұсында Қазақ хандығы тіпті күшейе түсті.

Халық аузында “Қасым салған қасқа жол” деген мәтел бар. Сыншы халық бұл сөзді басқа хандарға айтпай, Қасымға айтуы тегін болмаса керек.

Жазушы Қасымның түбі ел бастар мінезін жастайынан-ақ таныта береді. Жәнібек көбіне өз баласымен ақылдасатын. Қасым әр кез әр істің, алды-артын жақсы байқап, дұрыс байлам айтады. Оның ақылдылығы, ұстамдылығы романда орынды берілген. Оның уәдеге берік, мәнді мінезі де суреттеледі.

“Жанталас” романының оқиғалық желісін ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырлардағы Қытай, Жоңғар феодалдық агрессияшыл мемлекеттерінің Қазақ хандығына, Қазақ еліне жасаған қысым-қыспағы, қанды жорықтары құраса, тарихи шығармалардың бас кейіпкерлері ретінде қазақ хандары Тәуке, Қайыпхан, Болат хан, Әбілқайыр хан, Сәмеке, Абылай хан т.б. жан-жақты сипатталған. Қытай, Жоңғар мемлекеттерінің Канси, Сыбан, Раптан, Қалден, Церен, Церен Доржи т.б. соғысқұмар билеушілерінің іс-әрекеттері, жүргізген саясаттары тарихи шындық пен көркемдік болжал ұштаса отырып суреттелген. Олардың қатыгез, қаражүрек істері көркемдікпен қисынды баяндалған.

Қазақ елі тарихының салқар көшінде тағдыры күрделі тұлғаның бірі – ХҮІІІ ғасырда өмір сүріп хандық жүргізген Әбілқайыр. Осы Әбілқайырды да жазушы роман желісінде Әбілмансұрмен бір сәтте, бір дастарқан басында отырған жағдайда таныстырады. Бір заманда өмір сүрген, бірі үлкен, бірі кіші, бір-бірінің жалғасындай болған, бағыт-бағдары, ой-ниеті бірде ұқсас, бірде алшақ көрінетін, есімдері мен ел тағдырына қатысты іс-әрекеттері жайлы екі ұдай пікір қалыптасқан Әбілқайыр және Әбілмансұр-Абылаймен шығармада осылай кездесеміз.

Әбілқайыр мен Абылай психологиялық жақтан ұштасып барып, екі тармаққа бұрылады. Жазушы Әбілқайыр тұлғасы жайлы талас пікірдің ұшығын тарихи себептермен орайластыра дұрыс шешім шығарады. Әбілқайыр да, Абылай да хандық билікті қолдан шығарғысы келмейді. Алайда Жоңғар мен Қытай шапқыншыларының бұғауынан құтылудың бір-ақ шешімі бар. Әбілқайырдың аузына: “Түбі еліміздің де, келешек ұрпақтардың да көзі жетер, әрекетімізді ақтар, бізге қалған жалғыз жол – ол Россияның қол астына ену” – деп сөз салуында сол объективті шындықтың бір жағы жатыр. Ал хандық билікті қолдан шығарғысы келмейтінін де автор оның жеке адамдық қасиетіне, психологиялық болмысына байланыстыра бейнелейді.

Рас, Әбілқайыр мен Барақтың жаулығын күшейтудегі орыс чиновниктерінің әрекетін құжаттармен дәйектеу мүмкін емес. Бірақ автор Әбілқайырдың осындай хал кешуінің тарихи шындық екенін жан-жақты ашқан. Әбілқайыр сол кезеңдік үлкен саясаттың құрбаны. Дей тұрғанмен, таққұмарлық пен жеке бас мүддесі алғашқы кезекте тұратын пендешілік психологиясы меңдеген Әбілқайыр болмысы арқылы көрінетін адасудың тұманына тап болған тағдырдың, азап тауқыметін өзі емес, өзгелер көбірек тартып, зардабын халық шегетін құбылысы кітап жазылған дәуірде де айыға қоймаған тұрпаты І.Есенберлин қалам қуаты арқылы өрнек тартқан. Тарих сабақтастығы, уақыт ұқсастығы, психологиялық сәйкестігі көрініс тапқан. Тарихи шындықтың көркемдік таным қуатымен жанды бейнеге айналған сипатына бойлаймыз.

Мемлекеттік басқару құрылымында жеке мүдделік ой мен бақталастық жайлаған елдің болашағы қашанда тұманды болатынын ескертіп тұрғандай. Өткен заман шындығын жазушы өзі өмір сүріп отырған кезең болмысынан алып көркем бейне жасап отырған тәсіл. Тарихи өткен дәуір шындығын суреттегенде жазушы болған оқиғаны көркем баяндап, әдеби шығармаға айналдыруды ғана мақсат етіп қана қоймай, тарихи фон арқылы өз заманының мәселесін астарлап айтып беруді көздеген. І.Есенберлин эпопеясындағы образдар жүйесінің астары осы ойға меңзейді. Жазушылық таным құдыреті, тұңғиық ой жылымы сана бағдарын өзіне бұрып әкетеді.

Қазақ халқының Россия қол астына бодан болмауға шарасы қалмаған сәттің бір ұшығы осы алауыздық пен бақталастықта жатқандығын ескертеді. Тарихи шындық тұрғысын зорлап мойындататын кей сәттердің себеп-салдары, түп-төркіні жеке психологиялық ой-мақсаттардың арпалысы мен шарпысуында жататындығын меңзейді. Ойлап қараңыз. Ұлт бостандығын, жеке ұлт өркениетін халық теңдігін “дәріптеген” коммунистік жүйеде сол мақсат-мүдделер толық жүзеге асу сипатына ие болды ма? Әрине, жоқ. Қайта күн өткен сайын жеке ұлт мүддесі қусырылып, ұлттық салт-дәстүр жұтылып, тілдің қолдану аясы барынша тарылып, жойылу қаупі дендегені, мұның бәрі шовинистік идея, империялық саясат құрсауымен жүзеге асып жатпады ма. Бұл отарлауды жаңа үлгіде жалғастыру екенін зиялы топ білді. Алайда, ашық айтуға дәрмен жоқ. Өз ішімізде де мұндай араздық пен таққұмарлық бар екенін көре білген жазушы осы бір дерттің зиянды сипатын тарихи өткен көрінісін бейнелеп беру арқылы ұрпақ зердесін оятуды, тарихтың кесапатты тағлымын айта отырып өз дәуірін танытуды көздеген. Ұлт ретінде жойылып кету қаупін ескертеді. Отар болу емес, одақтас боламыз деген сенімнің соңы тәуелді тағдырға ұласу сипатының төркінін еске салады. Шығармада тарихи шындық осылай бой көрсетеді.

Осы бір азаттық-еркіндік үшін, тәуелсіздік үшін күрес Россия құрамына әбден бағынып, құзырына қаралғаннан кейін де тоқталған жоқ. Қазақ қоғамының 18-ғасыр бедерін суреттейтін “Жанталас” романында осы “жанталас” күрес көрініс береді. Тіпті бұл күрес күні бүгінге дейін тоқтаған жоқ.

Бұл кезеңдегі қайраткерлердің ішінде оқшау тұрған тұлға Абылай болды. Қазақ халқының соңғы рет басын құрап, Жоңғар, Қытай басқыншыларына тойтарыс берген кезеңнің шежіресі және сол тарихи дәуір оқиғасының басында тұрған Абылайдың билік кезеңі “Жанталастың” үшінші бөлімінде суреттеледі.

Халық аузында көп айтылып келген Абылай хан есімі кеңестік кезең тарихында қайшылықты тұлға ретінде бағаланып ел санасынан шығарылды.

Міне, осындай қытымыр саясаттың қырағы бақылауында тұрған хан Абылайдың тарихи тұлғасын сұңғыла сана, тұңғиық ойдың икемімен елдің есіне түсіріп, коммунистік көзқарас, партиялық саясат құрсауы қамаулап тұрған заманның өзінде халыққа танытқан Ілияс Есенберлин болды.

Шапқыншылық емес, негізгі мақсат басқыншылқтан қорғану боп келетін дәуір бейнесі жасалған “Жанталас” романында Абылай әр қырынан суреттеледі, сан түрлі мінез, қасиетімен көрініс табады.

Романның “Жанталас” аталуы да сондықтан. Романның бас кейіпкері – осы жанталас кезеңінде елге бас болған Абылай. Рас, кешегі коммунистік идеологияның ызғарынан қаймығып, “қырағы көзінен” сақтанған әдебиетшілер басты тұлға “халық” деп келді. Халық зердесін қайта қалпына келтіріп, ұрпақ санасын оятуға қызмет істеуге тиіс ұлы эпопеяны сақтап, қорғап қалудың бірден бір жолы еді бұлайша пайымдау.

Тыныштық пен тәуелсіздік үшін күрескен, қазақ халқын жоңғар басқыншыларынан азат етушілер қатарында есімі эпикалық биікке көтерілген ер тұлға тумысынан билікке шығу психологиясы бірге қалыптасқан, жеке басының абыройы мен мансабын қатар ойлаған жан ретінде Абылайдың пендешілік қасиеті қат-қабат өрілетін шығармадағы таным қуаты осындай.

Абылай табанды күрескерлігінің, айтқанынан қайтпайтын батырлығының және халық талайы таразыға түскенде сын сағатта ешкіммен де ымыраға келмейтін қатал, қатыгездігінің арқасында қазақ елінің, жерінің бостандығын қорғап қалды. Әл үстінде ауырып жатқан, Абылай Бұқар жырауға айтқан: “...Менің кеңесіммен жүрер ұл-қыз болар ма екен? Сөйтсе де екі кеңесім бар. Бірі – қазақ аз ел ғой, азып-тозып кетпес үшін, қолдарынан келсе солардың бірлігін сақтасын. Бірлігі бар елді басқару жеңіл. Екінші айтарым, мен елу жылдан астам соғыс жүргіздім. Жетпіске келген жасымда, мейлі айла құрайын, әйтеуір шығыс жағымнан келген жауға, әсіресе Қытайға қазақтың бір бөлшек жерін бергем жоқ” (І.Есенберлин. 10 томдық. 6-т., 592-бет.) деген жолдардан Левшин айтқан жоғарыдағы мінездеме сырын емес, көркем болжал арқылы өрілген жазушы түйіні мен тарихи таным сипатын көреміз. “... қазақ аз ел ғой азып-тозып кетпес үшін, қолдарынан келсе солардың бірлігін сақтасын” – деген Абылай сөзі мен “Алмас қылышта” суреттелетін “Жалғанда не қиын, қазақтың ру таласын шешу қиын. Бірақ оны шешудің қандай қажеті бар? ... – Шыңғыс тұқымының хан тағына осыншама ұзақ отыруының себебі де осында емес пе? Егер ру-ру боп бөлінген бар қазақ бірігіп кетсе не болар еді? Жоқ-жоқ бұл жұрт абайлап ұстамасаң қолыңды алып түсер қылшылдаған ұстара. Абайлап ұстаудың жалғыз жолы – біріне-бірін бақтырып қою. Сонда ғана бұл өткір ұстара қауіпсіз” (Сонда, 25-бет.) – дейтін он бесінші ғасырдағы Әбілқайыр ойының екі бөтен бағыты арқылы-ақ билік қағидасының жеке тұлғалар болмысымен тамырласып жататын сан тарау психологиялық сәтін тануға болады. Өткен тарих бейнесінен қазіргі заман келбеті көрінеді, сабақтастық сараланады, ұқсастық ұғылады. Халықты басқарудың жеңіл жолы Әбілқайыр үшін “біріне-бірін бақтырып қойып” азып-тоздыру арқылы болса, Абылай діттеген өмір сабағы бойынша “азып-тозып кетпеу үшін ел бірлігін сақтау екен”.

Қай-қай кезде де ел басында, мемлекет тұғырында жүрегіне ұлттық сезім ұялап, бойына ұлттық сана сіңген, ойын ұлттық патриотизм кернеген, жадында халық тарихы орын тепкен, бар күш-жігерін, парасат-білімін, ақыл-зердесін шын таза гуманистік идеямен көмкере біліп, өзі басында отырған мемлекеттің болашағы үшін, сол мемлекетті иленетін жер, суын ғасырлар бойы қан төгіп жүріп қорғап келген негізгі халықтың ұлттық тағдыры үшін арнайтын, шын күйінетін адам болмайынша зұлым саясат, сұрқия мінез, жеке бастың қамы үшін ғана күрес қайталана беретінін, жалғаса беретінін ескертіп тұрғандай.

Ойлап қарайық, бүгінгі өркениет те (реформа барысы) біртіндеп оң бағытқа қарай жылжып келе жатқан тәрізді, алайда адамдардың адамгершілік өркениетінің төмендігі салдарынан өте баяу қозғалуда екені аян. Бүгінде саясаткерлер мен өкімет чиновниктерінің көбі олардың моральдық-этикалық құлдырауы салдарынан “күйіп отырғаны” да шындық. Ұятсыздық пен шен құмарлық – чиновниктер мен реформаторлардың негізгі ауруы. Бұл оларды коррупцияға алып барып жатқаны және бұл құбылыстардың біздің өркениетіміздің елеулі тежеуші күштерінің бірі болып отырғаны өтірік пе?! І.Есенберлин романы дәл осыны айтып отырғандай. Егер адамдардың адамгершілік санасы жетілмесе, қоғам өмірінің жалпы өркениеті тез ілгері баса қоймайтынын ескертіп тұрғандай. Мұндайда, егер экономикалық-математикалық, техникалық, биологиялық, саяси және басқа білімдар адам санасын түзу және терең дамытатын болса, онда биік адамгершілік шындықтар адамның алдынан өмірдің мәнін, оның жұмбақ сырларын және оның заңды механизмдерін аша отырып, адам санасын терең дамытады.

Заман-заманнан адам өркениетінің негізгі мәні олардың осы бір өмірді құратын шындықты түсінуге жақындай беру құлшынысынан тұрады.

Эпопеяның әр бетінде “Ханның алдауы – халықтың соры болатын” құбылыс екенін есіңе салып, ой жетегіне салатын сөйлемдер жазушы қиялының тұңғиық сырына бойлатады.

Алмағайып заманның аласапыран айқасы, ел азаматтарының келер күндердің шуақты сәті үшін күресі, ақыл мен айланың алма-кезек ауысуы, жан түршігерлік жауыздық үлгілері мен махаббат оты маздаған аяулы тағдырлар, сайын дала төсінің сан жылдық тарихы баяндалатын “Алтын Орда” болмысы осындай. Тарих тылсымына жан бітіріп, жеті ғасырлық ғұмыр әлемін санамен аралап, “қолымен жүріп” шыққан Ілияс Есенберлин тұлғасы да алып мұхит үстіндегі мұзжарғыш кемедей алыстан мен мұндалайды.

Әдебиеттер:

  1. Бердібаев Р. Қазақ тарихи романы. А.,1979.

  2. Нұрғалиев Р. Телағыс. А.,1986.

  3. Елеукенов Ш. Замандас парасаты. А.,1977.

  4. Алпысбаев Қ. Тарихи шығарма: таным және көркемдік. А.,1999.

10 – дәріс. Эпикалық прозадағы Ә.Нұршайықов,

Т.Ақтанов, Ә.Нүрпейісов, С.Шәймерденов және

Б.Соқпақаев шығармаларының ерекшеліктері

Мақсаты: Аталған қаламгерлердің шығармашылық әлемін таныстыру.

Сұрақтар:

1. Образ жасаудағы Ә.Нұршайықовтың өзіндік ерекшелігі.

2. Т.Ақтанов романдарындағы психологиялық талдау көріністері.

3. Дәуір картинасын жасаудағы Ә.Нүрпейісов шеберлігі.

4.С.Шәймерденовтың образ жасау шеберлігі.

5. Б.Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді»

Дәріс мәтіні (тезис)

Шынында да солай, әрине, бұл ақындық қиялдан туған үлкен мұрат. Ерлік дастаны - өмірлік дастан, ол ұрпақтан ұрпаққа кете бермек, жаңғыра бермек, жаңара бермек.

Әзілхан Нұршайықов осы бір жайды терең барлап, өз шығармасын “Ақиқат пен аңыз” деп дұрыс атаған. Бауыржан Момышұлы жөнінде тараған аңыз-әңгімелердің түпкі түйіні өмір шындығында, сол шындықтың куәсі болған бас геройдың характерінде жатқандығы анық та ақиқат.

Бауыржанның даңқын алғаш кең таратып жіберген Александр Бектің “Волоколам тас жолы” атты романы болатын. Романның алғашқы бетін ашқанда-ақ, майдан картасын алдына жайып салып офицерлерге бұйрық беріп отырған Бауыржан бірден алдыңнан шығатын. Соғыс тағдырын, соғыс құпиясын жете түсініп, жүрекпен сезінбей тұрып шығарма жазам деушілік әурешілік деп, бірден тік кететін Бауыржан Момышұлы оқырмандарға сол бір мінезімен ұнаған-ды.

“Ақиқат пен аңызда” Бауыржанның осы мінезі әр қырынан көрініп, соғыс майданында, жауынгерлер алдында үлкен істерді батылдықпен шешуге көмектеседі. Тапқыр да алғыр, сезімтал да секемшіл, қажырлы да қайратты офицердің характері осы бір белгілерімен дараланған.

Майдан шебінде абырой, атаққа ие болған геройдың характерін айқын ашу үшін жазушы Момышұлына дүркін-дүркін сұрақтар қойып, өзара сырласып, өзара пікір таластырып отырады да, аңыз бен ақиқаттың ара жігін ашады. “Ұшқан ұя” мен “Москва үшін шайқаста” әңгімеленетін оқиға тізбегінен жазушы жаңа жол тауып, роман-диалогта геройдың психологиялық толғаныстары мен дүние танымына айрықша зер салған.

Бұл салада жазушы ілгерінді-кейінді баспа беттерінде жарық көрген көптеген өлең-жырлар мен очерк, мақалаларды, ел арасына кең тарап кеткен аңыз, әңгімелерді молынан пайдаланады да, орталық қаһарманның өзіне сөз береді. Сол арқылы негізгі геройдың жан дүниесіне үңіліп, оның бір беткей мінезіндегі терең сырды ашады. “Сізді біреулер теріс азу, тентек атағысы келген бе, қалай өзі, Бауке?” – деп сұрақ қоюдың өзінде де көп мән бар. Табиғатында шындықты сүйетін жазушы осы бір оқыс сұрақтарды қоя отырып өз геройының бойындағы шытқыл, тік мінезділіктің төркінін танытпақ болған.

Әр түрлі ұлттар өкілдерін сапқа тұрғызып, жеңіске үндеген командирдің берген бұйрығы, қойған талабы қатал да айқын. Герой характеріндегі осындай өзгешелікті әрбір іс, әрбір эпизодта мегзеп отыратын автор шығарманың бояуын қалыңдатып жібермей, шынайы суреттеген. Осыған орай жазушы Бауыржан Момышұлының жастық шағына барлау жасап, тік мінез, бір беткейліктің алғашқы ұшқынын сол бір балалық кезден іздейді. Үлкендердің алдына шығып, бетіне тік келгеніне қатты өкініп, өз қатесін мойнына ала білген өр мінезді жастың турашылдығы табиғи болып келеді де, осы бір өр мінезділік соғыс кезінде өрелі, пайдалы істерді батыл шешуге тікелей көмектескен.

Жауынгерлер алдында әділетті принциптілігімен танылатын Бауыржан соғыс кезінде батальон, полк командирінен дивизияны басқаруға дейін көтерілген. “Нацистерге қарсы 207 рет ұрысқа қатысып, бес рет өлімнің құрсауында қалған, екі рет өлімші болып жараланған” Момышұлының ерлік істері ауыз толтыра айтарлықтай.

Роман-диалогтың осы тәрізді ұтымды жақтарымен бірге қайсыбір жағдайда оқиға ізімен кетіп, бояуы қуқыл тартып, публицистикалық өң алып кететін кездері де бар. Осыған орай бас геройдың өзіне тән ерекшелікті тым көтере, әсірелеп көрсетушіліктен де роман құр емес.

Ол өзара диалог үстінде де аңғарылып қалады. Жазушы сұрақ қоярдың алдында Бауыржанның қас-қабағына көбірек қарап, шырт етпе мінезіне кездесіп қалмауды көздейді. Соның өзінде герой тарапынан тік мінез, өктем сөздер елес беріп отыратындық та бар, ол отырған жерде төрге шыққандарға зекіре сөйлеп, өктем мінездер көрсетуі де басы артық дүниелер.

Герой характеріндегі осындай өзгеше белгілерді жазушы романда бүкпей, жасырмай, жаба сіркелемей ашқан. Ата-ана, туған-туысқандары жөнінде көбірек әңгімелейтін Бауыржан Момышұлының өз шығармаларындағы эпизодтарға жазушының ден қойып отыратындығы да осыдан.

“Ақиқат пен аңызда” Бауыржан әр қырынан көрінген. Бүкіл дивизияны басқарып, жауға аттанған командирдің тапқырлығы мен алғырлығы үлкен шайқас, кескілескен ұрыстардың үстінде айқын көрінеді. “Дүние тарс-тұрс, гүрс-гүрс болды да кетті. Біз алғашқыда кейін серпілген жігіттерді қуып, екпіндеп келіп қалған бір топ неміспен қоян-қолтық келіп, найзаласа жұлқысып кеп кеттік. Менің дәл қарсы алдыма бір арғымақтай офицер жетіп келіп қалған екен. Баяғы Сибирьде жүргенде үйренген ат үстінен шыбық шабатын әдісіме салып, қыл мойынды қиғаштай тартып кеп жіберіп едім, офицер жұлындай ұшып түсті”.

Міне мұнда Қиыр Шығыс, Сибирьде жүргенде жатығып үйренген соғыс өнері тікелей көмектескен. Сонау, Суворов, Кутузов кездерінен бастап нелер сыннан өткен соғыс тәсілінің бір түрі осы тұста бір кәдеге асқан, бетпе-бет айқаста командирі өзі күшін, өз өнерін танытқан.

Генерал Панфиловты сүйе де, құрметтей де білетін Бауыржан оның қолбасшылығындағы әскери өнерді қадағалап, ұқыптылықпен өз тәжірибесінде пайдаланды. Бұл тұста жазушы Әзілхан Нұршайықов бас қаһарманның күрес тәсіліне, ұстаздық, қамқорлық, тапқырлығына көбірек сүйеніп майдан кезіндегі жауынгерлердің ерлік қимылына айрықша назар аударып, бүкіл халықтық күрестің сәулесін түсірген.

“Алға! Қырандарым!” деп, тағы да қарлыға айқайлап, ілгері жүгірдім. Қырандарым таудан төңкерілген судай ағындап, менен озып, айналамнан алға қарай ағытылып жатты”.

Тоғызыншы гвардиялық дивизияның командирі Момышұлының осы тәрізді кескілескен шайқаста жеңіске жетуінің негізгі тетігі әскери өнерге жетіп, нағыз ұстаз жетекші екендігі шығармада осылай дәлелденген. “Ерліктің негізі – сүйіспеншілік. Кісі сүйгенінің құлы да, құрбаны да болады. Отанын сүйген солдат ол үшін отқа да, суға да түседі. Сөйтіп, саналы түрде ерлік жасайды”.

“Ақиқат пен аңыздың” көркемдік шешімі де, алға тартары да, эстетикалық ұғым, талғамы да, философиялық түйіні де, міне, осында. Командирінің Отан алдындағы міндетін бүкіл армия болып қабылдауында.

Романда осы бір жай ашық бояуын тапқан да, тарихи тұлғаның характері Армияның қажымас ерлігін, қаһармандық күресін суреттеу үстінде айқындала, даралана түсіп, бас геройдың қатысуымен бүкіл майдан өмірін танытуға жазушы мол мүмкіндік алған.

Романда және бір көзге түсетін жаңалық – күні кеше Шымкентте тентектікке бой ұрып жүрген өжет жас, сол қайсарлық, сол өткірлігімен қиындықтың барлығына да қарсы тұрып, әскери өнерді қызыға қалап, еркін меңгеріп алған.

“Ақиқат пен аңыздың” және бір өзгешелігі – Бауыржан Момышұлының бейбітшілік өмірде қарудың орнына қолына қаламын алып идеология майданында жазушылық өнерімен танылуы.

Бұл салада жазушы Әзілхан Нұршайықов өзі көріп, өзі де араласқан үлкен өмірді көркемдік шындыққа көтере суреттеп, Бауыржан Момышұлының характерін айқын танытқан.

Сонымен бұл романда Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлік пен батылдық, алғырлық пен тапқырлық, жауға деген ыза-кек қат-қабат суреттеліп, патриотизм үлкен жеңістің рухани күшіне айналған. Отан соғысы кезінде небір қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешірген тарихи тұлғаның айқын көрінісін Бауыржан характерінен тапқан. Соғыс эпизодтарын, майдан өмірін жалпылама шолудан бойын аулақ салған жазушы характерді ашу үстінде деректі материалдарға көбірек жүгінеді де, сол арқылы Ұлы Отан соғысындағы қаһармандық, ерлік күресті әр алуан жақтарынан ашып, шығарманың халықтық сипатын көтерген.

Т.Ахтановтың Ұлы Отан соғысы тақырыбына жазған көлемді көркем шығармаларының бірі “Қаһарлы күндер” романы. Ол қазақ прозасындағы Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған алғашқы романдардың бірі. Романда Москва түбінде болған шайқас, сол үлкен ұрыс кезіндегі генерал Панферов басқарған дивизияның Отан қорғау жолындағы жанқиярлық ерлігі реалистікпен баяндалған.

Төрт тараудан тұратын үлкен романның негізгі идеясы сыртқы жаудан Отанды қорғау. Осы идея романдағы барлық кейіпкерлерді қимылға келтіріп, соғысқа араластырып отырады. Романның бірінші тарауында белгілі дайындықтан кейін Панферов дивизиясының майдан шебіне аттануы, екінші тарауда жау күшінің басым келіп соғыс күшінің кейін шегінуі, үшінші тарауда жау қоршауында қалып қойған Мұрат батальонының қоршауды бұзып шығуы, төртінші тарауда Москва түбінде болған шешуіші айқас, сол айқас кезіндегі Ержан взводының ерлігі баяндалады. Осы арқылы жазушы Ұлы Отан соғысы жылдары Отанын сыртқы жаудан қорғап қалған жауынгерлерінің өлмес образын жасайды.

Романның алғашқы беттерін ашқанда-ақ туған жерді қимай Алматымен қоштасып соғысқа аттанып бара жатқан бір топ жауынгерлерін көреміз. Олардың ішінде әр түрлі адамдар бар. Өткен жылы ғана күнелтіс қуалап Алматыға келген Добрушкин мен Талғар МТС-інің атақты тракторисі Кәкібай, қарапайым да қатал мінезді Қартбай мен адал жүректі, алып денелі Бондаренко, жиырмадан жаңа ғана асқан взвод командирі Ержанмен бұрынғы военкомат қызметкері Мұрат, күні кешегі орта мектеп оқушысы Раушанмен жоғары мектеп оқытушысы Уәли, әскери атақ қуалап, өзін өзгелерден жоғары ұстап жүретін майор Купциановтар бар. Олардың алдында бір-ақ тілек тұр. Ол – қасиетті Отанды сыртқы жаудан қорғау тілегі.

Жазушы осы адамдар образы арқылы Ұлы Отан соғысының алғашқы бір жылы ішіндегі дәуір тынысынан хабар берген. Романда жазушының айрықша мән беріп, шеберлікпен мүсіндеген жауынгерлердің бірі – Көжек Шежебаев образы.

Ол бұрынғы шопан, жөнді сауаты да жоқ. Былайша көзге көрінгенмен адамгершілігі мол, адал жауынгер. Ол армияға кетер алдында семьясымен қоштасып тұрып, поездан қалып қояды. Жазушы осы тұстағы Көжек басындағы қиналысты: “Адам деген қызық қой. Жаңа ғана Көжек баласы мен әйелінің қасынан кеткісі келмей, солардың қасында бір минут артық тұра тұруға барын берер еді, енді өз бөлімін қуып, осы арадан тезірек кетуге мал-жанын берердей халге түсті”, - деп береді.

Өз бөлімінің соңынан қуып жеткен Көжек жігіттер қанша қалжыңдап жатса да қиналмайды. Өзімен бірге болған, армияға бірге аттанып келе жатқан жолдастарын көргенде қатты қуанып кетеді. Әсіресе, қатты сыйлайтын Ержан алдында өзін кінәлі санайды. Батальон командирі Мұратпен, дивизия командирі генерал Панферовпен кездескенде де осы ісі үшін қатты қысылып жүреді.

Осындай момын, қарапайым адам жауға дегенде мейірімсіз де қатал. Ержан взводы қоршауда қалған кезде Қартбай екеуі жау күшін тоқтатып, үлкен ерлік көрсетеді. Жау машинасын мініп қашып, батальонға келіп қосылады. Әсіресе, Көжек ерлігі шешуші айқас кезінде айрықша көзге түседі. Оны жазушы Ержан мен Көжек арасындағы диалог арқылы береді.

Романдағы бұрынғы Талғар МТС-ының атақты тракторисі, әнші жігіт Кәкібай образы өте сәтті шыққан. Романның алғашқы беттерінде өзінің өткен өмірі туралы взвод командирі Ержанға әңгімелеп тұрған қапсағай ірі жігіт Кәкібайды көреміз. Ол да ет пен сүйектен жаралған адам баласы. Оның үстіне әсем әнге берілген сезімтал жан. Онда да қуаныш пен қайғы қатар келіп, қабаттасып жататын сәттер жиі кездесіп отырады. Оның да күйрек сезімге беріліп, егіліп кететін кездері болады. Жазушы ақын жанды, ақкөңіл Кәкібай басындағы осы бір жайларды романның өн бойына шеберлікпен суреттей отырып, шешуші айқас кезіндегі Кәкібай образын романтикалық дәрежеге дейін көтеріп бейнелеген. Ол өзінің шешуші айқас кезінде оң иықтан жараланып, қансырап қалғанына қатты өкінеді. Қалайда жау танкісін өткізбей тосқауыл болғысы келеді. Оған жауға деген қарсылық манағыдай емес, әлсіреп, сөніп бара жатқан сияқты болып көрінеді. Кәкібай жан-жағына қарады. Маңында ешкім көрінбеді. Енді ол осыны өзі ғана тоқтатуға тиіс екенін, өзінің бар міндеті де сол екенін сезді. Өйтпесе бүгінгі төгілген мол қан, бар қайрат босқа кетеді. Танк өтпеуге тиіс. Кәкібай сол қолына ұстап тұрған гранатын окоптың ернеуіне қойды. Еріксіз қимылмен шұқырдағы бума гранатын алып шандыған жіптің шетінен тістеді. Окоптың ернеуіндегі гранатын қайтадан сол қолына ұстады. Енді бері қарай тура бет түзеген танкке қадала қарады. Бір сәт қап-қара шыңырау құздың дәл ернеуіне келіп қалғандай, шалқалай беріп, арқасы окопқа тірелді. Туған жер, жақын достар, Марияш, күллі қызық өмір күн шұғыласына малынып көз алдына келіп тұрып алды. Қап-қараңғы түпсіз түнек пен жайнаған жарық дүниенің ортасында тұр. Кәкібай жауырынымен окоптың артқы қабырғасын ойып жіберердей шегіне шіреніп, ыңыранып қалды. Танк бері қарай тұп-тура келе жатыр. “Өте алмайсың, сұмырай” Кәкібай дене мен жүректегі ең соңғы күшін сығып алып қап-қараңғы шыңырауға қарай атылды. Ең соңғы рет арттағы айдын өмір бар шұғыласымен бір жарқ етті”. Осылайша бейнеленген Кәкібай образы көп жағынан Қ.Аманжоловтың “Ақын туралы аңыз” поэмасындағы Абдолла бейнесін еске түсіреді.

Романда тек жауынгерлерінің ғана емес, сонымен қатар оларды тәрбиелеп өсірген, белгілі дайындықтан өткізген командирлерінің де бейнесі жасалған. Олардың ішінде алдымен көзге түсетіні взвод командирі Ержан бейнесі. Жиырмадан жаңа ғана асқан жас жігіттің өмір тәжірибесі өте аз. Сонда да ел басына түскен ауыр жағдай оны тез есейтіп жібереді. Ол қарауындағы жауынгерлерге өз білгенін үйретуден жалықпайды. Жауынгерлердің көңіл-күйін көтеріп, үнемі олармен бірге болады. Поездан Көжек Шөжебаев қалып қойғанда жас командир қатты сасады. Ашу үстінде қыңыр мінезді бөлімше бастығы Добрушкинге де қатты айтып тастайды. Әсіресе, оған өзімен жөнді сөйлеспей қойған Мұрат қорлығы қатты батады. Неде болса кімнің кім екенін соғыс үстінде көрерміз деп ойлайды.

Жас жігіттің Раушанмен қарым-қатынасында да кемшілік көп. Ол Раушанмен күнде сөйлесіп, қыдырып жүрсе де өз көңілінің түбінде жатқан асыл ойын айтуға асықпайды. Таныспай жатып ой айтып, күйдім-сүйдім деп жатуды артық көреді. Өзінің бұл ісінің дұрыс еместігін Раушаннан айрылып қалғанда бір-ақ түсінеді. Соғысқа алғаш қатынасқан кезде Ержанды да қорқыныш сезімі билейді. Ол осы бір сезімін басқа біреулер біліп қалған жоқ па екен деп қуыстанып та жүреді. Жас жігіт соғыс үстінде есейіп, бірте-бірте жетіле түседі. Ержан взводын шабуылға шығарып арзан абырой-атаққа ие болғысы келген Уәлиге қарсы шығып, өз намысын қорғап қалады.

Әсіресе, Ержанның есейіп қалғаны взвод қоршауда қалған кезде айқынырақ көрінеді. Ол өз қарауындағы әрбір адам үшін жауаптымын деп есептейді. Оның әрқайсысының үйде қалған анасы мен баласы, сүйікті жары алдында өзін борышты санайды. Сондықтан да оларды жау қоршауынан аман алып шығу менің басты міндетім деп ойлайды. Ержан взводы Москва түбіндегі шешуші айқас кезінде де асқан ерлік көрсетеді. Жау әскерінің төрт рет жіберген танк шабуылына тойтарыс беріп, бекіністен өткізбей, тосқауыл жасайды.

Романдағы политрук Василий Кусков бейнесі барлық жауынгерлерге де үлгі, өнеге іспетті. Ол әр адаммен тіл тауып сөйлесе білетін шебер ұйымдастырушы. Оны Ержан мен Уәли арасындағы болған реніш те, Кәкібай мен Добрушкинде болған күйректік те қатты қинайды. Бір сөзбен түйіп айтқанда жауынгерлер арасында ол араласпайтын жұмыс жоқ. Жазушы Василий Кусков образы арқылы шабуылға шыққанда алда, тыныш кезде жауынгерлер арасындағы саяси басшы, взводтың ұйтқысы болған қызметкерінің бейнесін жасаған. Оның: “Шегінер жер жоқ! Артымызда Москва!” – деген жалынды сөзі әрбір жауынгерге күш-қуат беріп, күреске шақырып тұрғандай болады. Бұлардан басқа романда өзінің жаралы халін ұмытып, майдан шебінен кеткісі келмей жау танкісіне қарсы соғысты соза берген қарапайым жауынгер Земцов, взвод командирінің көмекшісі аға сержант Зеленин, взвод командирінің байланысшысы Бөрібай Еспаев пен батальон командирлері: Қонысбаев, Волошиннің, полк командирлері Егоров, Карпов, Купцианов, Арыстановтардың образдары жасалған. Осылардың ішінде біріне-бірі қарама-қарсы мүсіндерген екі образ айрықша көзге түседі. Оның бірі Мұрат Арыстанов та, екіншісі майор Купцианов бейнесі.

Мұрат Арыстанов – батальон командирі де, Купцианов полктың штаб бастығы. Екеуі де бұрын соғысқа қатынасып көрмегенмен әскери өмірмен жақсы таныс, тәжірибелі адамдар. Алайда осы екі адамның өмірге деген көзқарасы екі түрлі: бірі Отан басына төнген хауіпті жағдайды жан-тәнімен ұғып, жау бетін тез қайтарғысы келсе, екіншісі осы жағдайды пайдаланып өзінің абырой-атағының өсуін аңсайды. Бірақ өмір өз дегенін істейді. Батыл да жігерлі капитан Мұрат Арыстанов полк командирі дәрежесіне дейін көтеріліп, самарқау, сақ, есепқор майор Купцианов полк командирі дәрежесінен әрі аса алмайды. Романда екі полк командирінің өсу жолы, алған тәрбиесі, адамдармен қарым-қатынасы, ішкі психологиясы шеберлікпен берілген.

Романда сәтті шыққан образдардың бірі – генерал Панферов бейнесі. Ол бірнеше соғысты басынан кешірген тәжірибелі қолбасшы. Асығып саспайтын, әрбір ісін байыппен ойланып істейтін сабырлы адам. Өзінің абыройы мен даңқының буына пісіп әр нәрсеге қол соза беретін ұрыншақ та емес. Соғыста оның ең алдымен ойлайтыны жауынгердің көңіл-күйі.

Романда кейіпкер психологиясын тереңнен толғап, тебіренте түсетін ширығу сәттері аз емес.

Б.Соқпақбаевтың “Өлгендер қайтып келмейді” романы. Кітап үш бөлімнен тұрады: автор әрқайсысын бірінші дәптер, екінші дәптер, үшінші дәптер деп саралаған. Шығарманың композициясы жинақты, жұмыр. Әр дәптер өз ішінен шағын-шағын көріністерге бөлінген. Жалпы Б.Соқпақбаев стиліне тән ықшамдылық, жинақылық сипаттарын бұл туындыдан да айқын аңғаруға болады.

Романда кейіпкерлер саны көп емес. Қат-қабат қалың тартыс оқиғалар жүйесі де жоқ. Автор бір ауыл адамдарының тіршілігі, оның ішінде бір үйдің, тіпті бір адамның тағдыры арқылы ауыр кезеңдегі өмір шындығын танытуды мақсат еткен.

Дәстүр бойынша келер болсақ, шығарманың негізгі, басты қаһарманы – Еркін Мамырбаев дер едік. Онымен бірінші дәптерде 15-16 жасында танысамыз да, үшінші дәптердің соңында отызға шыққан кезінде қоштасамыз. Барлық оқиған Еркін атынан баяндалады. Жақсылық, жамандық атаулыға Еркін көзімен баға беріледі. Дәлірек айтқанда, роман өзегі – Еркіннің бастан кешкендері, қалыптасып жетілу жолдары. “Өлгендер қайтып келмейді” – жастық дәурені соғыс жылдарымен қабаттас болған ұрпақтың өмірі, тағдыры жайлы роман.

Алғашқы бөлімдегі Еркін – қазақтың көп қара домалақ ұлдарының бірі. Еті тірі, намысқой, пысық: шеше бауырында, аға аясында өсіп келе жатқан. Осы кезде соғыс оты лап етіп, ер-азаматты майданға ала бастайды. Еркіннің ағасы Сәрсебек енді ғана қосылған келіншегінің көзін жаудыратып, әскерге аттанды. Сол күннен бастап үй-ішінің ауыртпалығы, жеңгесін жат көзден, пәле-жаладан сақтау Еркін мойнына түскен салмақ.

Соғыс деген майдан шебіндегі қиян-кескі, ұрыс. өлім, өлтіру, окоп, мылтық, батырлық, жауыздық қана емес, бүкіл елдегі көп қарым-қатынастарды өзгерткен, неше түрлі қиыншылық, ауыртпалық тудырған алапат. Таршылық, тұрмыстағы жетіспеушілік үстіне сан алуан психологиялық проблемалар, моральдық қиын түйіндер пайда болған.

Өмірдегі осындай күрделі процестер Еркін секілді бала, жас өспірімнің жас тірлігіне ай-шайға қаратпастан, аяқ астынан килігеді. Бұл ұйпап-тұйпап келген соғыс жылдарының қаһарлы дауылы Жазушы Қазақстан жағдайында жиі кездескен келеңсіз көріністің біразын Нұралы бейнесі арқылы шенейді. Жас жігіттер, ортан қолдай азаматтардың майданға кеткенін пайдаланып, жетім-жесірлерге көз алартқан, оп-оңай төсек жаңғыртып, дәулет жинаған, тіпті байып алғандар болғаны бекер емес. Романшы өмірлік материалды сұрыптай отырып, қызықты көркем бейне жасаған. Нұралының дегеніне көніп, айдауына жүрмейтін, бетінен алып, беделін түсіретін Еркін секілді жігітті елден кетіріп, ФЗО-ға жіберуі – кейін осы екеуінің арасында ұзақ жылдарға созылған тартыстың басы.

Бұрын ауыл ішінен алысқа шығып көрмеген Еркін үшін енді ауыр, шырғалаңды жолдар басталады. Табиғатынан адал, ақ, шыншыл жігіттің әр түрлі қиын жағдайларға тап болуы соғыс кесірінен, ауыр кезең зардабынан екендігін жазушы сенімді бейнелейді. Соғыс кезеңіндегі ауыл тұрмысының көптеген қою суреттері Еркіннің көзімен беріледі. Майдан үшін күн-түн демей, жан аямай еңбек еткен жандардың ішінде Еркін де жүр.

Тағы да Нұралымен арадағы тартыс салдарынан Еркін жұмыстан шығып қалады.

Екінші дәптерде Еркін басынан бірқыдыру оқиғалар өтеді. Денсаулығына байланысты майданға жөнелтуге жарамаған Еркін енді шалғайдағы Сарыбел ауылына барып мұғалім болады. Бұл жерде де тіршіліктің, соғыс кезіндегі ауыр өмірдің бірталай тәлімін алған.

Жас көңіл, балалық тазалықпен сүйген қызы Ғалиямен арадағы қатынас үзілгендей кезде, Еркін – Алтын қарым-қатынастары пайда болады. Кейбір сипаттары жөнінен қоймашы Сегізбай колхоз бастығы Нұралымен ұқсас. Екеуі ауыр уақытта қара бастарының қамын ойлаған адамдар. Екеуі де ретін, есебін тауып, төсек жаңғыртқандар. Сегізбайда айла, есеп молырақ. Еркін – Сегізбай – Алтын араларындағы қатынаста реалистік дәлдік, психологиялық сенімділік жақсы ескерілген.

Дәмді тамақ, тәуір киім, жақсы тұрмыс үшін шалға тие салған жас, сұлу, қызулы келіншек пен басы бос бойдақ, сезімі бастықпаған жігіт драмасы – соғыс жылдарының драмасы болып суреттеледі.

“Өлгендер қайта келмейді” романының сюжеті, негізінен, Еркін Мамырбаевтың өмір жолының ізімен өрбіп отырады. Барлық әрекет Еркін төңірегінде жүріп жатады. Бұл жайлар шығармаға тізбектеме - өмірбаяндық сипат берген.

Үнемі осылай болу кейбір кемшіліктерді тудырып, роман композициясында бірсарындылық пайда болған.

Студент Еркіннің өмірі – соғыстан кейінгі ауыр жылдардағы студенттер өмірі. Оқуға қабылдауда, оқытуда, тұрмыс-тіршілікте күлкілі жайлар мол. Адамды ойлантатын, еріксіз күрсіндіретін халдерді жазушы көз алдыңызға әкеледі.

Жазушы пародия, гротеск, иронияны шебер пайдаланады. Астар, емеурін мол.

Елуінші жылдардағы мектеп тұрмысы романның үшінші дәптерінде жан-жақты суреттелген. Институт бітірген маман Еркін мен оның әйелі Зағипа Қазақстанның орталықтан шалғай аудандарының біріне мұғалімдік жұмысқа келген. Олар әр түрлі жағдайларға тап болады.

Автор негізгі оқиғаға қатысы жоқ жанама кейіпкерлердің бейнесін қызықты жасаған. Басқа жақтан келгендерді жақтырмайтын, поезда кездескен кемпір, ру сұрайтын мектеп директоры, ленинградтық Маша мен Саша – бұларды ұмытуыңыз қиын.

Аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің, оқу бөлімінің меңгерушілері Еркін мен Зағипаға барғаннан көмектессе, Жақыбаев, Ілиясовтар ертең білімді мамандар орнымызға тұрып алады деп қарсы болады.

Еркін мен Зағипаның ерлі-зайыпты өмірлерінің алғашқы қуаныш-күйініштері бар.

Тірліктен көп таяқ жеп, ерте есейген, өткен-кеткенге, ақ пен қараға ойлана қарайтын, өзінше таразыға салып баға беретін қабілетті, табиғатынан әңгімеге өлеңге құштар Еркіннің жазушылық өнерге ден қоюы – оқырман үшін сенімді нәрсе.

Үшінші бөлімнің бірталай беттері Еркіннің шығармашылық барлау кезеңіне, әдеби ортадағы алғашқы қадамдарына арналған. Редакцияның күнделікті жұмысына, киностудия қызметіне байланысты дәл табылған детальдар, қызықты суреттер, сәтті персонаждар бар.

Көркемдік заңдарын ескеріп жазған романда автор кейбір өмірде болған адамдардың аттарын өз қалпында алмай, өзгертіп бергені дұрыс болатын еді. Еркіннің жазушылар ортасында түскен соң ішуі, бос жүруі тым көбейіп кетеді.

Жазушы қиындық, ауыртпалықтарды жеңіп, тіршіліктің кең жолына түскен жағымды қаһарман бейнесін жасаған.

Қызықты бейнелері бар, тілі шебер, стилі ширақ роман жазушының қабырғалы қаламгер екендігін көрсетіп отыр: оның қаламынан туған көп қырлы, мол сырлы “Өлгендер қайтып келмейді” – қазақ прозасының елеулі туындысы.

Кітап стиліне зер салыңыз: ақ қағазға қара қарындашпен сызып түсірген суреттей айқын бейнелер көз алдыңызға келеді. Мағына тереңдігі, мазмұн тереңдігі бар. Шымыр тұжыру, нысананы дөп ату разы етеді. Соқпақбаев шындықтың қасықтай бояуын бір шелек суға тастап жіберіп, оқырманды алдарқататын жасандылықтан іргені аулақ салған. Кітаптағы негізгі қаһармандар – Еркін, Нұралы, Қайша, Ғалия, Дүйсен - әрқайсысы өз қалпында – біреуі тайша тулаған асау жүрегімен, біреуі өлімді жерде семірген қара жүрегімен, біреуі ерінен айрылған азалы жүрегімен, біреуі парықсыз жүрегімен, біреуі абзал жүрегімен сыр шертіп тұр. Ықшамдылық, төселген шеберлік бар.

Құрғақ фактілер дәлдігін, сырт сурет, жадағай көрініс сәйкестігін құнттайтын натурализм мен құбылыстың диалектикалық күрделілігін ашатын реализмді шатастырмау керек. Реализм – қат-қабат өмір қайшылықтарын көрсетуді, даму бағдарын айқындауды талап етеді. Жазушы осы биіктен табылуға күш салған. Еркіннің лагерьдегі өмірінің шолақ қайырылуы, Еркін мен Нұралы арасындағы тартыстың асқынып барып, жеңіл шешілуі – кітап кемшіліктері. Тұтастай алғанда, қазақ қырының соғыс кезіндегі қайғылы аспанын, азалы жерін, күрсінген адамдарын сенімді бейнелеген “Өлгендер қайтып келмейді” хикаятының арқалаған әлеуметтік салмағы, көркемдік-эстетикалық күші бұл шығарманың әдебиетіміздің соңғы жылдардағы бір олжасы екенін айғақтайды.

11-дәріс. Ә.Әлімжанов, С.Жүнісов, Ә.Кекілбаев,

М.Мағауин романдарының көркемдік әлемі

Мақсаты: Аталған қаламгерлердің стильдік ерекшеліктерін саралау. Кейіпкерлер жүйесі.

Сұрақтар:

1. «Ақан сері» романы.

2. «Үркер» романы.

3. «Аласапыран» романы.

Дәріс мәтіні (тезис)

Құпия сырларға бай халықтардың тарихи тәжірибесі болашақ ұрпақтар үшін үлкен ғибрат. Сондықтан да тарихты күнгейі мен көлеңкесін қоса алып, шын болмысты шынайы танытуға ұмтылу шарт. Қазақстан жазушыларының жеткілікті дәрежеде көркемдік шежіресі жасалмаған қайсыбір тарихи дәуірлерге жіті үңілуінде терең заңдылық жатыр, “Махамбеттің жебесі” романында Әнуар Әлімжанов ақын мен халықтың қайғылы тағдырына кездейсоқ тоқталмайды. Ақынды сол бір құлшыныс күреске шығарған нендей объективті және субъективті себептер? Бұдан бір жарым ғасырға жуық уақыт бұрын өмір сүрген ақын мен халық ерлігінің ақиқат мәні неде? Қаламгерді толғандырған негізгі жәйіттер осы екі мәселенің төңірегінен табылуға тиіс.

Біздің міндетіміз осынау қоғамдық-саяси маңызы зор проблеманың идеялық-эстетикалық шешімін табу жолында жазушы пайдаланған көркемдік құрал мен тәсілдердің дәуір тынысын толымды суреттеуге жұмсалған күш-қуатын, қыры-сырын ашу болмақшы.

Сонымен біздің көз алдымызға – ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Бөкей (ішкі) ордасының әлеуметтік шындығы келеді. Сол кезеңдегі қазақ даласы үшін феодализм деген не еді? Ол, біріншіден, патшалық Ресей тарапынан отаршылық саясаттың күшеюі, екіншіден, жергілікті феодалдардың еңбекші бұқараны аяусыз қанау нәтижесінде баю үстіне байи түсуі еді. Романда осы мезгілге тән тенденциялық сипаттарды жақсы аңғартатын сәтті эпизодтар мен детальдар баршылық. “Әскери азулы атамандар біздің жерімізді бейне қансоқталы қой өлімтігіне айналдырған: генералдар, офицерлер, хан мен қожаға сол жемтіктің майлы сүбесі мен кемік басты жілігі тиеді де; қара халыққа мүжілген қу сүйек қана қалған. Егіндік жер мен жайылым жұлмаланған терідей. Жәңгір хан қазақты ақсүйек пен қара деп екі жік, екі тапқа бөліп бітті”, - деп ашына айтқан ащы сөздерді біз Исатай батырдың аузынан естиміз. Жәбір көріп, жапа шеккен жарлылардың қайғысына күйінген Исатай хан сарайын тастап шығарда Бекмұхамет сұлтанмен егес сала сөйлейді. “Қан майданда бетпе-бет кездесетін, белдесетін күн бар алда!” – деп ашық ызасын білдіреді.

Әлеуметтік тұрғыдан теңсіз қоғамдағы өз орны туралы тұңғыш рет ой толғаған жас ақын жанындағы телегей тоқыныс сәттерін Ә.Әлімжанов нанымды көрсете білген. Халқының қасіретін сергек жүрегімен егіле сезінетін ақынның ояну, түлеу шақтары нағыз өмір шындығымен бетпе-бет келіп көз жеткізгенде басталды. Автор осы бір психологиялық нюансқа ерекше көңіл бөледі.

Исатай сөздерінің туралығын Махамбет өз көзімен көреді. Шекті ауылымен кездесу эпизодында кейіпкер тізе батып, қорланған жандардың адам аярлық аш өзек жүдеу жоқшылығын байқайды. “Көрініс сұмдық еді... Қалтыраумен күн кешкен жылаулар өңшең. Аттылы көрсе қаза шығарғаннан бетер шошынатын. Ешкіммен ұшыраспас үшін табан асты жолдан шыға босатын”.

Қай жерде болмасын, ақынның көретіні – еңіреу мен езілу, жылау мен жұтаң тіршілік.

Жәңгір мен оның одақтастарының қуғынан жасырынып, Махамбет досы Жантаспен бірге Кіші жүзді екіге бөлген шекарадан асып шықса да жанға сая тыныш өмірге жете алмайды.

“Ақын дәуір сырын жүрек түбіне тұндырып барып саф маржан сөзге айналдырады” – деген еді осы романның авторы. Әлімжанов шығармасында тарих толқынындағы творчество адамының айтылмыш табиғатын түсіну нышандары жарқын елес тастайды. Романда суреттелетін бар оқиға, құбылыс ақын қабылдауы арқылы немесе Махамбет өмірімен тығыз байланыста көрініс береді. Айналасындағы өзгерістер үшін өзін жауапты сезінетін қаһарман характеріне олар әрқашан тиімді әсер етіп отырады. Сондықтан да жазушы трактовкасы бойынша Махамбет мінезі күшті де шыңдалған боп, әрі ойлы-қырлы боп шығады. Қысқа өмірінде Махамбет көпті басынан кешірген: кезінде Бөкей Ордасының күміс көмей, жез таңдай ақыны атанды, хан жақын тартып, бауырына басты, бірақ, кейіннен “қарадан” туған өнерпаз өз орны мұңы бір, күйі бір, ұрандап соғар жалынды жырларын жүректерімен ұғатын қандас бауырлары – жұпыны, жүдеу еңбекші халық ортасында екенін білді. Махамбет поэзиясы хан, сұлтан мен байларға емес, қалың бұқараға керек еді. Өмірінің соңына дейін ақын таңдаған жолына, халқына адалдығын сақтап кетті.

Шығармаға ірі тарихи тұлғаны арқау қылған автор бірінші кезекте кейіпкердің біз оны, дәл мағынасымен айтқанда, тарихи тұлға деп санауымызға мүмкіндік беретін кесек әрекеттерін әсіресе бөліп көрсетеді. Жазушы үшін батыр азамат атқарған тарихи іс, ол жасаған ерекше екшеулі ерліктің терең мәнді сипаты бар.

Махамбет ең алдымен өмірде кешкен ірі-ірі оқиға, іс-қылығымен тартымды. Сондықтан да Ә.Әлімжанов кейіпкерінің тарихи қайраткерлікпен көп қырлы, өрісі кең байланысын “кең көлемде” алуға тырысады. Қаламгердің ақыл-ой, адамгершілік күш-жігерін тарихи мәні мейлінше толық әрі анық көрінетін жағдайларға бағыттап жұмылдыра білген азамат ақынды бейнелеуге ұмтылуы да осыдан.

Бөкей ордасының әлеуметтік шындығы еңбекші бұқараның Жәңгір хан бастаған бай, сұлтандарға жалынышты күйін күшейте түсті. Мұндай жер табандаған кіріптар тәуелділік көшпенділердің рухына сай емес еді. “Қазақ тым еркін ерке халық. Қойшысына дейін аш жүрсе де арын жоймаған. Маңдайымыздың бес батпан соры мен жылтырақ бақыты осыған орай болмасын”, - дейді Махамбет, 1825 жылы Даль-Луганскиймен бір әңгімесінде. Бұл – жәбір шеккен қанаудағы халық жорық шеруіне шығу керек деген сөз. Махамбеттің орыс ғалымымен кездесуі өмірде болғанын анық білмесек те, ақынның осылай ойлауы, осы түсінікпен араға он жыл салып, 1836-1838 жылдары халықтық қозғалысқа басшылық етуі әбден табиғи құбылыс екеніне иланамыз.

Роман – бас кейіпкерледің қайғылы өлімін суреттеумен аяқталады. Бірақ, жазушы үшін қаһарманның өмірі асқақ мұраттары маңызды. Өйткені сол бір ермінез азаматтарды басын оққа байлап, қатерлі күрес жолына түсуге шақырған өміршең өршіл мұраттардың алау жалыны текке кеткен жоқ. Гуманизм, патриотизм, интернационализм – адамына етене тән қасиеттер. Бұл қасиеттер қазіргі жағдайда өзгеше жаңа сипат алғандықтан да Ә.Әлімжанов өткен дәуір туралы сөз ете отырып, ол қасиеттердің, ең алдымен, өміршеңдік күшін көрсетуге тырысады.

Романдағы оқиғалар тарихи хронологиялық жүйе бойынша емес, өмірдегідей: бірде авторлық баяндауға сәйкестене, бірде қайталанбас оқшау дара сипатында суреттеледі.

“Махамбеттің жебесі” – көтеріліс жайлы, халық батырлары Исатай мен Махамбет жайлы роман. Елін зұлымдық пен зорлыққа қарсы бітіспес белдесуге бастай білген де солар. Бұқара қозғалысы сәтті аяқталмағанмен, қалың жұртты қасірет бұлты торлағанмен, бұл сияқты әрбір қимыл – азат өмірге қарай жасаған батыл қадам есебінде әрқашан қымбат.

“Махамбеттің жебесі” романында Әнуар Әлімжанов қазақ халқының тарихындағы айрықша әлеуметтік мәні бар оқиғаларды бейнелеген: сол себепті де өміріндегі осына ірі құбылыс жер шалғайлығына қарамастан басқа ұлт өкілдерінің тағдырына да ықпал етеді (Хиуа, Петербург, Орынбор, Нарынқұм). Көтеріліс әдепкіде шағын сипатта еді: қазақ кедейлерінің Бөкей ордасындағы қанқұйлы езгімен бетпе-бет тартысты. Бірақ жазушы бұл тартыстың тамыры терең, әрі зор көлемге ұлғайып кеткенін сенімді көрсетеді. Жергілікті қақтығыс сахарадағы антагонистік таптар арасындағы қоғамдық мәні зор тартыс дәрежесіне дейін өседі.

Әнуар Әлімжанов - әдебиеттегі тарихи тақырып саласында белсене еңбек етіп жүрген қаламгер. Тарихи дәуір оқиғаларының динамизмі мен трагизмін шебер жеткізетін “Махамбеттің жебесі” романы – жазушы үшін бір саты сәтті ізденіс жемісі.

«Ақан сері» романында Ақан Абай сияқты өмірге көзқарасы жаңа қалыптаса бастаған кезден емес, аз да болса, өмірдегі теңсіздік мәселесін аңғарып қалған күйде жүздеседі оқырманға. Әрине, екінші кітаптағыдай басына түскен ауыртпалықтан қысым көрген Ақан есейіп, өмірге көзқарасы байып, үлкен күреске әлі шыға қойған жоқ. Патша мұрагері – Цариевичке қазақ халқы атынан үлкен шағым айтатын дәрежеге ол әлі жеткен жоқ. Ақан - әдемілікке, әсемдікке ғашық, өмірдегі сұлулыққа, өнердегі пәк тазалыққа ғашық. Халқы оны сері атандырған.

Жалпы алғанда, шығармашылық адамдарында өзгеше бір ерекшелік бар: олар да өзге пенде сияқты кәдімгідей өмір сүреді, ал қиялдарында олар бейне екінші, басқа бір әлемнің адамдары сияқты күн кешеді. Ақын - өнер адамы. Ол өзін күнделікті күйкі тұрмыс-тіршіліктен аулақ, кербез, сырдаң ұстайды, өмірден сұлулық іздейді, әдемі өрнек, сымбаттылық көрсе, өмірдегі жоғалтқан жоғын тапқандай, балаша қуанады.

“Ақан сері” романында да демократтық көзқарастағы, жаны сұлулыққа ғашық, ізгі жүректі орыс әйелі Анна Ивановна – уезд начальнигі Измайловтың әйелі. Орыс жұртынан ең алғашқы боп, Ақандай ардагер ақынның өнеріне табынып, жалпы, қазақ өнеріне (әншілік өнеріне) тәнті болған да осы Анна Ивановна. Осынау орыс әйелінің мына бір сөзінен Ақанның жан дүниесіне үңіліп, оның қандай адам екенін болжауға болады. Анна Ивановнаның Ақанмен Сағынай асы кезіндегі серуен тұсында әңгімелесуі бас қаһарманның образын айқын ашып тұр.

“Өз басым композитор, ақын атаулы мұңсыз болады деп ойлаймын. Жаны нәзік жанның сезімі өрмекшінің өрмегіндей болмашы желдің өзін тез аңғарғыш қой. Мен де сіздің жаныңызды тереңірек түсінсем бе деймін” (“Ақан сері”, 313-б.).

Тарихтан білеміз, халық сөзін сөйлеген, халыққа бір табан жақын тұратын Ақан, Жаяу Мұса, Мәди сияқты өнер адамдары зұлмат заманда өктем күш иелерінен озбырлық көрді. Олай болуы заңды да еді. “Имеген иттерге бас сері, дархан” деп ақын жырлағандай, олар болыс-би, атқамінер байлардың шашбауын көтеріп өлең айтқан жоқ. Керісінше, сол озбырлардың халыққа істеп отырған қылығын аяусыз беттеріне басты.

Ақанда сұлу сөз, сырлы да әсем ән көп. “От тілді, орақ ауызды” ақын зұлмат заманның шүйделі мықтыларына өткір сөзі, удай ащы тілімен тойтарыс беріп, бүкіл жұртты аузына қаратады. Ал Мәдиде сөзден гөрі іс басым, әрекет басым. Туған өлкесінің халқы аштыққа ұшырап, қырылу қаупі туғанда Мәди еш ойланбастан халқын аштықтан құтқару қамына кірісіп кетеді. Жас кезінде сүйгенінен айырып, жас жүрегіне жазылмас қаяу салған Түнекбай, Төкеш шонжарлардың жылқысын шауып алып, Шомбал сияқты алпауыттан кек алады. Сонау жас кезінде жүрегіне түскен әділетсіздік жарасы Мәдиді үлкен күрестерге аттандырады.

“Ақан серінің” бірінші кітабында айтылғандай, Сырымбет саласындағы, Қаратал қойнауындағы, Ереймен баурайындағы сері басына түскен үш соққы жеңіл теперіш емес. Жаны нәзік, табиғатынан сезімтал, кірпияз, сұлу жанды Ақанға тағдыр Сырымбет саласында аяулы да адал махаббаты Ақтоқтыдан айырылу сыйын әзірледі. Әлібектің Қарабедеуімен Ақтоқтысын алып қашқан Ақан қолға түскен. Кеше ғана атын сырттай естіп, жүзін бір көруге іңкәр болған жастар енді Жалмұқанның атшабарлары болып, аяулы серіні қолға түсіріп, үнсіз қоршап тұр. Осы тұста Ақтоқты характері бар болмыс-бітімімен дараланып, оқырман алдында анық айқындала түседі. Ол қапылыста қаза табар Ақанның тағдырын ойлап, мына қара нөпірдің, қара күштің алдында амалсыз жуасып, бас иді. Жалмұқан соңына ергендер – “ертең өкіне білсе де, бүгінін ойлай білмейтін шел көздер тарпа бас салып, өз әнін, өз сәнін, қасқырша таламаққа даяр. Олар қазір өз жүрегі қалаған ғашығы үшін күйген Ақан сері дегенді ұмытқан. Ру, ата намысын лайлаған жау тұр деп қана түсінеді. Бөлтірікше баулынған жау жүректер қазір қыл арқанды жазықсыз жандардың мойнына бұғалық етіп тастап, қарауыл қотанында әулекіленіп, дырылдата сүйретуі де ықтимал” (“Ақан сері”, 136-б.).

Ақтоқты:

“- Ақан аға, кездігіңді маған беріңізші, - деді...

  • Ақан аға, хақ тағала сіз екеуімізді қосылуға жазбаған екен.

Мен үшін жүдеп, ессіздердің алдында қор болмаңыз. Ақтоқтылар көп. Ақан сері біреу қарауылда. Мен сізге татымайтын сол көп Ақтоқтылардан аса алмаған бір бейбақ екенмін. Сізбен бірге болу қолымнан келмеді. Бұғалыққа мойын ұсынар көп жасық қыздардың бірі ғанамын. Өмір бойы енді сіздің адал жүрегіңіздің, махаббат періштесінің қарғысы атсын мені. Мен енді сізбен еркін серуен құрар азат Тоқты емеспін, көгендегі басы байлы қара тоқтымын” (“Ақан сері”, 136-б.). Ақтоқты бұл жерде әйел теңсіздігі сияқты шынжыр-бұғаудан құтыла алмай, басқа түскеніне көніп, шерменде болғанның көз жасын көлдете мойындап та тұр. Ескі заманда қазақ қыздары мен әйелдерінің бәрі бірдей ескі салтқа мойын ұсына бермейді. Сондай-ақ ескі салт-дәстүрге еш қарсылықсыз мойын ұсынып кете бергендердің қатарына “Абай жолындағы” Тоғжан, Ділдә т.б. жатқызсақ, эпопеядағы Керімбала, Салтанат, Нұрғанымдар аз да болса бостандық, махаббат еркіндігі үшін қарсылық жасайды. Ал Үмітай мен Салихалар батыл күреске түседі. Әуезов романда әйелдердің әрекетсіздіктен қарсылық, наразылық білдіруге дейін барып және жай наразылықтан әрекет, қимылға көшкенін, сөйтіп, бостандық, еркіндік үшін күрестің эволюциялық дамуын көрсеткен, әйелдердің ертеңгі күні бостандық алатынына оқушының сенімін тудырған. Ақтоқты да Тоғжан мен Ділді сияқты ескі заңға мойын ұсынған, бағынған көп қазақ қызының бірі. Дәл осы тұста бір айтар жайт, осынау Жалмұқан тобының алдында Ақан неге үнсіз? Басынан сөз асырмайтын адуынды Ақан көп шәуілдектің ортасында неге үнсіз қалды? Ақан сынды ақынның болмыс-бітімін даралайтын тартыс осы жерде өзінен-өзі туып тұрған жоқ па? Автор өз кейіпкерін бұл жерде лайықты көрсете алмаған. Өнер адамының басынан өткен кез келген кездейсоқ биографиялық ұсақ-түйектерді жиып-теріп көрсетудің керегі аз.

Жүнісов те өз кейіпкерін әр оқиға сайын өсіріп, әр қырынан көрсете білуге ұмтылып, оның патша мұрагері атаман Николай Алексеевич алдында бүкіл қазақ халқы атынан халық мұңын, ел тілегін айтуы – жазушының ғана тамаша шеберлігі емес, роман қаһарманы Ақан тартысының ең шырқау биігі, ең шырқау шыңы. Ылғи шен-шекпен киген ел жуандары мен патша ұлықтары қоршаған мұрагер. Өріп жүрген әкімдер... Осындай тұста патша ұлына қарсы сөз сөйлеу үшін қандай жүрек, қандай батылдық керек десеңізші! Тек жүректілік қана емес, елім деп, халқым деп соғар ұлы жүрек керек қой ақын кеудесіне.

Ақан осынау қатерлі іске неліктен барды? Автор өз қаһарманын үнемі даму үстінде көрсетіп, ақыры, осынау үлкен күреске қосып тұр, және нақты дәлелдеме, психологиялық мотивировка арқылы. Халқының көзіндегі жасты, көкірегіндегі мұңды сезімтал ақын жан жүрегімен көре білді. Хадиша, Ақтоқтылар трагедиясы, серінің өз басына түскен Сырымбет саласы, Қаратал қойнауы мен Ереймен тауларындағы үш ауыр тағдыр соққысы, жылқысы барымталанған керей жуандарының момын елден жалғыз қарасын сыпырып алғандағы халық көзіндегі шерлі жас, Нұртаза, Науан, Нұрмағамбет, ояздардың қалың бұқараға жасап отырған әділетсіздігі, үстемдік қанауы – осының бәрі-бәрі Ақанды үлкен күреске шығарды. Осынау оқиғалар әділетсіздік атаулыға қарсы күреске Ақан бейнесін тұлғаландырып қана тұрған жоқ, сонымен қатар сол замандағы дәуір тынысын, заман лебін бар болмыс-бітімімен көрсетіп тұр десек – артық айтпағанымыз. Беу, дүние-ай десеңізші! Кешегі серілік құрып, халқына ардақты боп, елінің айызын сұлу әнімен қандыратын тамаша күндер қайда? Серісін ортаға алып, жүздері бал-бұл жанған думанды серіктері қайда? Қиыла, ұяла қараған бойжеткендер, әннің жетегінде түн ұйқысын қиып таң атқанын білмей қалатын қалың бұқара, еңбекші халқы қайда? Оралмасқа кеткені ме, шынымен? Ақан осылай мұңайып, осылай толғанды ғой, әрине, дау жоқ. Нұртазаның зымияндығына алданған көзсіз ер жігіттердің ісін қумақ болып Ақмолаға барғанында Жайынбек үйіндегі советник Тұрлыбек Күшенұлына ақын ашынған жүрекпен соқтыққанда дүниедегі әділеттік атаулының жоқтығына қынжылып, бар болмысымен қиналып, ашына сөйлейді ғой. Сол үйдегі отырған қауым алдына күрес құралы – ақындық өнерімен Күлнәзиядай қаріп жанның трагедиясын, үстері алым-жұлым, он екі мүшесінде сау-тамтық жоқ, дала бөрісіне де, ауыл төбеттеріне де таланған мүсәпірлер жайын айта келіп, олардың Тұрлыбекті іздеп жүргенін, ертеңгі ұрпақтың алдында осы Тұрлыбек, Жайынбектердің жауапты екенін қалай ғана тамылжытып айтып берді десеңізші!

Романда Құлагер қазасына байланысты Саққұлақ бидің айтқанымен Мәмбетәлі пікірінің өте ұқсас шығуы – “Құлагер” жырын бүгінгі ұрпаққа жеткізер жаңа буын қалыптасқанын дәлелдейтін ұтымды штрихтар. Сондай-ақ соңғы уақыттарда саяси тұтқындардың аузынан шығатын сөз бен Ақан сөзінің ұқсас шығуы да – автордың әр оқиға сайын өз кейіпкерін өсіріп, жаңа қырынан көрсетудің ұтымды тәсілі.

“- Е, оны өлтіргеннен тағы бір Ковзолов, тағы бір зұлым бас көтермей ме?.. Біреуінің басын құртқанмен жылан ордасы бұзылмайды ғой!..” (“Ақан сері”, 242-б.).

Патша мұрагерінің алдында сөйлеген сөзі – Ақан күресінің ең шырқау шыңы десек, елді сорып, өлшеусіз қиянат жасап отырған Нұртазаға қарсы күресі – қалың елді соңынан ертіп, Нұртазадан кек алмақ болып ұмтылуы – романның үлкен жетістігі. Ақанның Цесаревич алдындағы күресіндей болмаса да, ірі күрескерлік рухын танытып тұр. Абай да оязға өшігіп, қалың бұқараға жұртты соңынан ертіп, ояз үйін сойыл астына алып, Базаралыны босатып алуы бар еді ғой. Серінің қалың жұрт алдында халықты Нұртаза сияқтыларға қарсы бастап, сөз сөйлеуі өте ұтымды шебер шыққан.

Ақандай ел еркесінің күшті топ өкілдеріне отты тілін қару етіп, генерал Лосевскиймен көл жағалап жүргенде патша урядниктерін ителгіге, болыстарды көл үстінен күн көрер тұйғынға, билерді тышқаншылаған күйкентайға, ояз, генералдың өзін былапыт құладынға, ал ақ патшаны екі басты, бүкіл құстың, аң атаулының көз жасынан жиналған нөсермен ойнайтын жыртқыш – Самұрық құсқа теңеуі – бас кейіпкердің тұлғасын күрес үстінде даралап тұр.

Асылы, тарихи адамдар жайлы жазылған туындыларды сөз қылғанда: сол тарихи адам өмірде қандай, әдебиетте қандай боп шыққан, көркем шындық тарихи дәлдіктен ауытқымаған ба? – деген проблемаларға баса назар аудару орынды нәрсе. Және осы романдарды сөз ете отырып, дәстүр мен жаңашылдық проблемасын да естен шығармаған жөн. Прозаик Жүнісов өмірдегі Ақанның жүрген жолын, өмір сүрген ортасын ол туралы материал тапшы болса да, ерінбей ізденіп, қыруар нақты материал тауып, өмірдегі Ақанның әдебиеттегі Ақандай тамаша образын жасап шығарды. Тарихи дәлдіктен ауытқымай, әрбір оқиға, Ақан басындағы жәйтті өз мақсатына – серінің күрескерлік рухын танытуға жұмсаған.

Мұхтар Мұқанұлы Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда бұрынғы Семей облысының Шұбартау ауданында туған. 1962 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, 1965 жылы осы университеттегі қазақ әдебиеті кафедрасы бойынша аспирантураны бітірген. М.Мағауин – ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясын алғаш кең көлемде арнайы зерттеп, ғылыми айналымға енгізген білімді оқымысты, филология ғылымдарының кандидаты. Әр жылдары “Қазақ әдебиеті” газетінде бөлім меңгерушісі, “Жазушы” баспасында бас редактордың орынбасары, бас редактор, бұрынғы Қазақ КСР Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтында доцент қызметтерін атқарды. Қазір – республикалық әдеби, әлеуметтік “Жұлдыз” журналының бас редакторы. М.Мағауин – Қазақстан республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, халық жазушысы.

“Аласапыран” роман-дилогиясы 1980-1982 жылдары жарияланды. Шығарма архитектоникасы бір адам, нақты тарихи тұлға бас қаһарман Ораз-Мұхамед сұлтанның өмір жолы, бастан кешкен сергелдеңді тағдырына негізделген. Алайда Ораз-Мұхамед куә болған, қатысқан, ұғынған дүние шындығынан ХҮІ-ХҮІІ ғасырлардағы орыс, қазақ қоғамында орын алған қым-қуыт өзгерістер, күрт бұрылыстар сырын кең де айқын топшылау қиын емес.

Роман-дилогияның орталық тұлғасына Дәшті-Қыпшақтың падишаһы Тәуеккел ханның қалғаны (орнын басушы адам), Ұзын оқты Ондан сұлтанның баласы Ораз-Мұхамедтің алынуы орынды. Ораз-Мұхамед қазақ өлкесі мен Ресей жерін жалғастырушы буын, рухани, дипломатиялық жақындықтың жанды көрінісі. Бар саналы ғұмырын Россия патшалығында өткізгендіктен ол туралы ғылыми еңбектердегі нақты мәліметтер де сенімді.

Автор екі халық арасындағы тарихи достық, серттестік күйлерін жалған сүйіспеншілік, көлгір сый-сияпат, алдамшы күлкі арқылы аңғарылатын қалың ресми қатынастар немесе әй-шәйсіз ауыз жаласа кету сияқты кісі иланғысыз жағдайлар ауқымында шешіп, оңай “олжа” табуға тырыспайды. Көршілес жұрттар, бір халық, бір ру, бір ата тұрған, жекелеген адамдар арасындағы бірлік, ынтымақ жолдарының шынайы күрделілігі бұл тәрізді аса маңызды саяси-әлеуметтік мәселеге байланысты нағыз диалектикалық, барынша шыншыл суреткер көзқарасын талап етеді.

М.Мағауиннің ішкі дүниесіне бар назарын сала тұрып, сыртқы орта, әлем қайшылықтарына ең алдымен көңіл бөледі, ал Ораз-Мұхамед сезіміндегі, ой орманындағы тылсым пернелер шектеулі мөлшердегі интроспекция тәсілімен ашылады. Қаламгер атақты Г.Флобер, О.Бальзак, Ф. Достоевский үлгісіндегі аналитикалық психологизм дәстүрі емес, өзі аса жоғары бағалайтыны анық байқалатын Г.Мопассан, А.Чехов, Э.Хемингуэй тәріздес дара сипатты классиктерге ортақ қасиет – ықшам суреттеме, бір тұсқа көп айналсоқтай бермейтін жүрдек сезгірлік, түйіп айтар өткір түйсік айшықтарына бейім динамикалық, яки синтетикалық психологизм принциптерін ұтымды санаған. Бұл аз сөйлеп, көп ұқтыратын, әр алуан қалтарыс-қатпарларды бірдей ақтарып салмай, жұмбақтың шешімін көрер көз, естір құлаққа қалдыратын суреттеу амалдарын молырақ пайдалануға тиіс стильдік аңсар. Мәселен, “Аласапыранның” бірінші кітабында жан-дүние тартысын түбірлей бедерлеу екіншісімен салыстырғанда аз. Тұтас алғанда ол кейінгі Ораз-Мұхамедтің дүниетанымы, көңіл әуеніндегі қарама-қарсы мезеттерді дайындаушы алғышартың, кең тынысты эпикалық прологтың ролін атқарған.

Дәшті-Қыпшақтың 1588 жылы Созақ қаласында өткен Құрылтайынан басталатын бұл алғашқы үш бөлімде (“Қазақ даласы”, “Ібір-Сібір жұрты”, “Орыс елі”) негізінен сахара жұртындағы ұлттық дәстүр, тіршілік-ғұрып дағдылары, ел билеу рәсімі, аңшылық, саятшылық өнері, жауынгерлік ереже-салт, соғыс көріністері іспетті тұрмыстық-этнографиялық детальдар тарихи-көркем деректілікпен суреттеледі. Қалға сайлау, уәзір, би, бектерді тағайындау салтанатын, қыр өміріндегі ерекше дипломатия, айтыс, буынсыз тіл, ұшқыр сезім, ұтқыр ой сайысына айғақ құбылыстардың тамырын тап баса өрнектеу бар. Тәуекелдің хандық өлшемдегі әділеттігі мен парасаты, Томан, Сүтемген билердің жорамалға жүйрік сұңғыла жүрек, дәлескер ділмәрлігі, Қадырғали бектің салқын ақылы, Абалақ сұлтанның өршіл, тентек мінезі, кесек қылығы, тақтан үміткер бауырлардың мансап буына құныға тұрып, халық үні, хан үкімінен аса алмай, кішірейер әдеті сол кезеңде одақтасып, Бұхарадағы Абдолла ханның бүлікшіл ордасына қарсы бірге аттанбақ ниеттегі қазақ-қалмақ қауымының мәртебесі биік, мерейі үстем шағынан елес тастайды.

Жау іздеп, өлкемен қабынғандықтан емес, өз ұлысының дербестігін сақтау жолындағы аттаныс, баяғы ата-баба жерін қайтару, есе алу, кек қайыру арқылы еркіндікке, жомарттыққа, дәулет-баққа жету мұраты жас Ораз-Мұхамедтің де көңілін тербеген. Ол Ораз-Мұхамед ойлап тапқан заң емес, қадым замандар қағидасы, тіршілік дәстүрі, қоғамдық қажеттілік. Ол қанаудағы қараңғы халық өкілі, сол төменшік жұрттың жоқтаушысы немесе ұлт-азаттық шаруалар көтерілісінің басшысы болған жоқ. ХҮІ-ХҮІІ ғасырлардағы қазақ хандығында жеке бір мемлекет құру, жаңа этникалық, әскери-азаматтық бірлікті күшейтуден артық мүдде болмағаны хақ. Қалың еңбекқор, жауынгер халық тағдырдан ерекше жомарт талай күткен жоқ, кейінгі лықсыған бай-шоралар емес, қалыптасқан наным бойынша өзгеше туысы, генеалогиялық рәсімі соған сай ержүрек, ақылгөй жаратылысы арқылы өктем орынға иеленген қолбасшы, әкім, бек атаулыға ашық наразылық білдіре қоймаған. Осындай заманда Ораз-Мұхамед сияқты табиғи тәкаппарлығына батырлығы, зерек ұғымына әділдігі, турашыл, сенгіш, адал мінезі жарасқан сұлтанның қарапайым бұқара үшін де белгілі дәрежеде мұрат тұтып, жұмаққа жеткізер деп сенетін, жақсылыққа үміт артар жолбасшы кейпінде тарих сахнасына шығуы заңды еді. Тосын қайырым, дархан, батыл көңілімен жарқ етіп көрінген жас қалғаның кенет ғайып болуы қандай өкініш, арман болса, жат елде билікке қолы жетіп, жеңісті ұрыстарда өркениеттеніп, жарым патшалық құруы – соншалықты таңғаларлық ғажайып оқиға, аңызға бергісіз шындық. Ораз-Мұхамед Ресей жеріне өзі ғана кеткен жоқ, бүкіл ел аманатын, дос пейілін, бейбіт ықыласын ала кеткендей. Қазақ санасында Ораз-Мұхамед жайлы әр қилы жағымды естелік қиялдай әдемі, қиссадай мұңды сырдың ұзақ сақталуы да жоғарыдағыдай құбылыстың ұлттық шеңберден асып, жалпыхалықтық деңгейге ұласуына айғақ мән-мазмұнынан танылса керек. Сондықтан жазушы Ораз-Мұхамед бейнесін ұлттық қаһарман, орыс-қазақ халықтарының достық символы, екі ел көлеміндегі дипломатиялық алыс-берістің тұңғыш қарлығашы ретінде сомдауды көздеген. Алайда қаншалықты ізгі мақсат, ақыл, парасатына жеткен мансап, жеке тіршілікте көрген қуаныш, шаттығына қарамастан, ол – трагедиялық тұлға. Оның трагедиясы туған жерден алыстағы әйтпесе тіпті алмағайып кезеңдегі түңілу шақтарында ойға жиі келетін отансыздық туралы біршама рас, біршама жалған сенімі, күдіктену, күйреу сәттері. Бұған да кейіпкер кінәлі емес, аласапыран уақыт, қатігез замананың аумалы-төкпелі ахуалы.

Әрине, Ораз-Мұхамедтің өзі хандық құрған Хан-Кермен жұртын, тұтас Ресейді Отаны, туған ошағы санайтын мезеттері қаламгер тарапынан тапқыр психологиялық тарихтар нәтижесінде көрсетілген. Батырдың өлімі тұтқиылдан, жүзіқара жендеттен келуі де аянышты. Бір емес, екі рет ел-жұртынан, жар-жолдас, туыс-бауыр, бала-базардан айырылумен де ол адам ретінде өксікті, өкінішті шындыққа кепіл. Бірақ М.Мағауин тұғырнамасында Ораз-Мұхамед трагедиясы бүтін бір қазақ халқының қасіреті емес, орыс патшалығындағы аласапыран дүрбелеңнің салдары, Ресей зарымен сабақтас жағдай орайында суреттеледі. Шығарма оғзасынан айқын байқалатын ішкі драмалық кернеу, психологизм бастауы – Ораз-Мұхамедтің өткен күндеріне, қызықты, алаңсыз, сәнді, мағыналы тіршілігіне деген сағынышы. Барлық пен байлық, атақ, лауазымнан пенде емес Қасимов ханы, іргелі қолбасы, ақсүйек дворен атанған, әйтсе де қамаудағы орыс, күдікті саналатын кейінгі өміріне, бұлғақты жылдар талқысына наразылығы шынайы рухани атмосфера драматизмін кестелемек.

Өзі Тобыл воеводасы Данило Чулковтың айла-шарғысына оңай түсіп, орыс еліне еріксіз бодан болған, соңынан Россия патшасы Федор мен ақта?? Бояр Борис Годуновтың мол қамқорлығын көрген шағынан бастап Ораз-Мұхамед туған қазақ халқын достық пен одақтастық жағдайға қарай бейімдеуге күш салады. Оған кепіл – Тәуекел ханның атынан ресми түрде елшілікке келетін Құл-Мұхаммед бидің әрекеттері.

Келіссөз біршама нақты нәтижеге жетеді. Дәшті-Қыпшақ өлкесі Россия мемлекетімен анттас анда болуға уәделеседі.

Хан-Кермен (Қасимов хандығы) мен Ораз-Мұхамед тағдыры бірінші, екінші жалған. Дмитрийлердің, алаяқ князь Василий Шуйскийдің таққа таласқан күндерінде сансыз сергелдеңге түседі. Ораз-Мұхамед белгілі бір уақытта халық көтерілісіне ұйытқы болған Болатниковпен тізе қосып, Шуйский әскеріне қарсы соғысқа да барады. Әрине, Болатников пен Ораз-Мұхамедтің көзқарасы толық үйлесімге келуі қиын.

Ораз-Мұхамедтің өз басы сансыз дағдарысқа ұшырап, адалдығы опасыздыққа, құлығы зиянға, жігері құмға айналатындай дәркүмән күйде жүріп, Айданақ атты кішкене қызынан өзге жақын-туыстан, екінші отаны – Хан-Керменнен айрылған, тағы да рухани жетімдік жағдайға түскен кезінде балалық дәурені өткен ата-баба даласын аңсауы сенімді. Рахатынан азабы көп, соқтықпалы-соқпақсыз 39 жыл ғұмыр кешкен Ораз-Мұхамед Екінші жалған Дмитрий-Кәззаптың жендеттерінен қапыда қаза табады. Айнымас досы, мәрт мінезді князь Петр Урусов кегін қайырса да, соңындағы елі үшін қамырық жеген азамат арманы көкейде кеткендей.

Кездейсоқтық дауылына ұшыраған Россияның басы дауда қалған. Ораз-Мұхамед те аласапыран дауыл ұшырған тағдыр жаңқаларының бірі.

Романда ерлігі ересен жанкешті Қабан, Манақ батырлар, парасаты кең Қадырғали бек, өркеуде, өзімшіл, кекшіл, намысқой Есеней, адал сарбаз, қадірлі би Нұрұзақ, артын бағар айлакер Төбей мен Шәм сияқты қаһармандардың дара сипаттары бас кейіпкермен қақтығыс не келісім үстінде соның айқын бағасын ашық топшыламай, қиялай пайымдау сарынын бейнелейді.

Орыс қалаларының архитектуралық пішіні, жасақтар, ақсүйектердің киім, сәні, салт-жаралғысы, жауынгерлік эпизодтар соншалық нақты тарихи этнографиялық штрихтармен айшықталған.

Ораз-Мұхамед образындағы осы заманалық мән-маңыз, тартымдылық қасиет кейіпкердің тұтас халық өкілі, отан ұлы, рухани бостандық іздеуші қайраткер санатына өсуінде жатса керек.

Әдебиеттер:

1.Бердібаев Р. Қазақ тарихи романы. А.,1979.

2.Дәдебаев Ж.Өмірлік шындық және көркемдік шешім. А.,1991.

3.Нұрғали Р.Арқау. 2 томдық. А.,1991.

4. Алпысбаев Қ. Тарихи шығарма: таным және көркемдік. А., 1999.